Әппақ гүлім,
күңгірт кеш өтті-ау сені таптап бүгін.
Дәл сендей әуелдегі ақ болмысын
Аялап сол қалпымен сақтапты кім…
Кеудемнен көктеп шыққан өскінім ең,
Қабарып, көгіңнен мұң көшті күрең.
Желегің менен гөрі төзімдірек,
Сабағың менен гөрі есті, білем…
Жүректі жарып өскен дарам менің,
Өзіңсіз ешкім болмай қалар да едім…
Бір күні… адастырып кетем десең
Тұрағың — менің аңсап барар жерім.
Әппақ гүл —
әппақ сезім, әппақ мұңым,
Жанымды жалғандыққа таптатты кім?!
…Кетпек ем қараңғыға батып сол күн
Жолымда жаутаң қағып жатты ақ гүлім…
Жанат Әскербек