Құйрық жалы төгілген кіл қысырақ
өтті ойнақтап…
Күйкі сынақ!
Мұң аңқыған сезімнің шатқалынан
маңырайды таутеке ұйқысырап.
Қасиетті қалайша іздемейін,
қарашықтар қарауға түзге бейім.
Қара Өлөңім ұшады қазбен бірге,
қарып өтіп тұманды Күз көмейін.
Жаңбыр – жасыл яки көк пе боран,
жалғандықсыз жазирам – Хақ Тағалам!
Қиялыммен бұлттан да көйлек пішіп,
тырауымен тырнаның көктеп алам.
Көп ағайын мені, әттең, түсінбеді.
Қысым ба еді ол сонда, түсім бе еді?..
Өлөң үшін әбігер болды ма олар?
Бәрі де әлде өздері үшін бе еді?..
Кісінесе үміттің ақтангері,
ол да жақсы – дәнеме жоқтан гөрі.
Мейірімсіз көп ауыз көкіп-ақ жүр,
мені мұңайтқандарын мақтан көріп.
Құшып алып көңілмен Шар-тарапты,
байғыз үнін тілімнен сорғалаттым.
Мен мұңайсам – ішімде жатар бәрі:
Тау көгеріп, Көл сыздап, қанталап Түн!…
Түн арманын, Тау күшін, Көл талабын
жылтыраған сөздермен саудала, мұң.
Мен – бейшара, Даламның айтқан Сырын
пенделердің тіліне аударамын!
Жусан уыты тамшылап өзегімнен,
Өлөң екендігімді сеземін мен.
Ей, Уақыт, сен бар ғой, берсең маған,
ұлып шыққан Ойлардың кезегін бер!
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы