ТҮЗ ТАҒЫСЫ


Ауылдың тіршілігін бақылаңыз,
әр күні – шешен-ертек, ақын-аңыз…
Ащы-ащы шай ішіп кешкілікте,
тәтті-тәтті Ой ойлап отырамыз.
Ондайда әңгіме көп, түн – көңілді,
тыңдайсың кішің менен үлкеніңді.
Әзілқой, әпенділеу қойшымыз бар,
қойкөзді, текетанау, жылқыерінді.
Қиын-ақ таудағы бір қыстақ үшін:
қасқырлар жазда – қысым, қыста – қысым.
Қойшымыз теперішті көп көрген-ау,
әйтеуір, көп айтады түз тағысын:
«…Тағдыр-ай, кей жылдары кекесін ең,..
кездестік қиындықтың көкесімен…
Сол жылы Күн де жиі қызарақтап,
ал, түнде Ай қарайтын шекесінен.
Онда да сары ала қаз ерте келді,
құтырған түлкі-желді ерте келді.
Түлкі-жел түлей қалса – қар борайды!..
(әрине, соның бәрі ертек енді)
Онда да, дәл осындай… қойымыз арық,
сұрғылт-сұрғылт Ойлардан бой мұзданып…
Жиі-жиі ұлитын иттеріңіз,
жиі-жиі сұңқылдап байғыздарың!..
Қарекет те ұлғайып бірер есе,
уайымнан шұбылтпа шідер есем…
Енді қайтем, ілмиген көтерем бұлт
өрісте жиі-жиі үйелесе?!
Онда да, дәл осындай төл кезінде,
ауылдың қасқыр ұлып желкесінде!..
Бір жақсы төбет бар ед,
сол төбеттің
құйрығын ғана таптым ертесінде!..

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *