Ауылым, болушы еді күнде боран…
Өзгеріп кетті қазір мүлде балаң.
Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап,
Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам.
Мендегі сөз – құлынды, көз – боталы.
Бұл дәурен қайталанса жазда тағы!..
Мамырдың майын бұлттар бүркіп өтіп,
топырақ жапырағын маздатады.
Бір білсе жер қадірін, тау қадірін,
білер ме жусан емген марқа түлік…
Қыз – Көктем көл басына асығады,
бұрымы бұлт ішінде тарқатылып.
«Сезімнің сынықтарын құрсар күйді
Сен маған осы қазір қисаң қидың!» –
деп түнгі құрбым отыр…
Омырауынан
бүр жарған жұлдыздардың иісі аңқиды…
Тыныштықбек Әбдікәкімов