Туған жеріме

 

Сағындым сені қатты өскен жерім,
Шырылдап тар құсақтан түскен жерім.
Кеткелі біраз заман болса дағы,
Қалмайсың ұмытылып естен жерім.
Сөйлесем ішімдегі шерім тарқар,
Жігітке еткен талап өнер артар.
Ұмытпай ішкен суын, жеген отын,
Үйренген хайуан мал да жерге тартар.
Қайран ел! Ұмытыам ба сені өлмей,
Қалмайсың ешбір күні ойға келмей.
Айғайын елде қалған еске түссе,
Боламын мен қайғылы ойнап-күлмей.
Туған ел ыстық болдың мұнша неге?
Білмеймін осылай ма бар кісіге.
Ойымнан жатсам, тұрсам бір кетпейсің,
Көңіліме қағылыпсың болып шеге.
Жасымнан жүрмін мен де өнер қуып,
Қайран ел есті білдім сенде туып,
Төрт-бес жыл кеткеніме болса дағы,
Көңілім кете алмайды сенен суып.
Бұл дүние жұтпайынша кімді тастар,
Кәрі мене кетіп жатыр қыршын жастар.
Бірге өскен, бірге жүрген балалықта
Ойына ала ма екен замандастар.
Қор болмас тәуекелге бел байлаған,
Ел қадірін кетпей тұрып кім ойлаған.
Бойында Есіл, Нұра сайран етіп,
Сағынам құрбыларды күнде ойнаған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *