Мотивация

Қай кәсіппен айналысқан дұрыс?

Бір кісі жасөспірім ұлын ертіп, ғұлама, әулие ақсақалға барыпты.
-Уа, ақсақал, мына ұлыма жөн сілтесеңіз екен. Мен өзім кедейліктің азабын көп тарттым. Осы ұлым дұрыстау бір кәсіппен айналысып, ел қатарына қосылса екен деймін. Соған, қай кәсіп дұрыс болады бұ балаға, бағыт көрсетіп, ақылыңызды айтсаңыз, — деп сұрапты.
Ғұлама күлімсіреп баланың маңдайына көз салып тұрыпты да.
— Олай болса сен бұ баланы тігіншілікке бер, — деп қысқа ғана айтып, қоя салыпты.

Әулиеден ақыл сұрауын сұрап алып, бірақ әкенің көңілі толмай қалады. «Тігіншілік деген… тым ұсақ жұмыс емес пе? Онымен қайтып ел қатарына қосылар екен бұл? Аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін жігіт болайын деп тұрған бала ғой… Одан да мен мұны темір ұстасының қасына берейін» деп, баланы темір ұстасының жанына тәлімгер ғып орналастырады. Содан не керек, баланың қабілеті бар екен, жақсы шәкірт болады. Темір илеуді меңгере бастайды. Одан соң сол ұстаның көмекшісі боп жұмысқа араласа бастайды. Кейінірек өзі бөлініп шығып, жеке ұстаханасын ашып, ептеп дәулет қона бастайды. Осының бәрін жылдар бойы бақылап жүрген әкесі әулиенің айтқанымен емес, өз ақылымен баланы осы салаға бергеніне риза болады. Сол іштей мақтаныш сезімімен әлгі ақсақалға тағы барады, барып мақтанғысы келеді. Ғұламаға келіп:
-Уа, ақсақал, есіңізде болса, мен бәлен жылы келіп, өзіңізден ақыл сұрап едім. Бірақ, сіздің берген ақылыңызбен емес, өз ақылыммен амал етіп, баламды теміршілікке бердім. Сөйткенім дұрыс бопты, қазір, шүкір, адам болып, едәуір дәулет қонды…, — деп масаттана сөйлейді.
Ғұлама сол баяғы күлімсіреген қалпы ақырын ғана айтқан екен:
-Ее, қайырымен болғай, балам. Адам баласының өміріндегі алатын ырыздық-несібесі әуел бастан белгілі, маңдайында жазулы болады. Ұлыңның дәулетті боларын Алланың көрсеткенінше сол кезде көргем маңдайынан. Сол дәулетке қиналмай, оңай жетсін деп ең оңай кәсіпті айтқан едім. Сен баланы ең ауыр жұмысқа салған екенсің. Мейлі, берекесін берсін…

Рас, адамның алар несібесі белгілі боп тұрады, тағдырымен қоса жазылады. Ал, сол несібесін қалай табатынын, жүрер жолын өзі таңдайды. Бұйырып тұрған рызықты адал жолмен табуға да болады, арам жолмен алуға да болады. Сүйген ісіңмен айналысып жетуге де болады, сүймейтін ісіңді қиналып жүріп істеп те жетуге болады. Сондықтан, ақыры бұйырған несібені алады екенбіз — жаның қалап, болмысың сүйіп тұратын кәсіппен айналысқан ең абзалы емес пе? Біреу білім қуар, біреу кәсіп жасар, енді біреу жазу жазар…. Бірақ шынайы ықылас пен, табанды еңбек керек. «Бұйырған кетпейді қуған жетпейді» деген осы да…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *