Ата Заң
Еліне арналатын тілегі шын,
Ей, ұлым – Отанымның түлегісің!
Іргесін туған елдің тіреп тұрған
Қадірін Ата Заңның білемісің?!
Ешкім де мін таға алмас елдігіме!
Дауласып жармаспайды белдігіме.
Бойында Ата Заңның өріліп тұр
Даламның кеңдігі де, теңдігі де!
Бағынған өз заңына жұмыр ғалам,
Сондықтан Күннен Жерім суынбаған.
Қоғамның сан саласын реттейтін
Әрбір заң Ата Заңнан туындаған.
Бастайтын болашаққа бақ кемені,
Осы жол халықтың да нақ сенері!
«Халқыма адалмын!» деп Ата Заңға
Елбасы қолын қойып Ант береді.
Болғанмен бұл Өмірде айлаң күшті,
Ел үшін кім тындырар қайран істі?!
Еліңнің дамуы мен дағдарысы
Ол-дағы Ата Заңға байланысты!
Нұр шашқан жас ұрпақтың ұғымына,
Тікелей әсер еткен ғұмырына
Айналды Ата Заңым мызғымайтын
Тәуелсіз мемлекеттің тұғырына!
Әр бабы, әр тармағы жойылмайды,
Шектеу де және тегін қойылмайды!
Келісім-шарт жасасқан барлық шет ел
Қазақтың Ата Заңын мойындайды!
Өмірден әділдік пен бақ табатын,
Құқығым қорғалды деп шаттанатын,
Өзіңдей жас өркендер келеді өсіп
«Бұл біздің – Ата Заң» деп мақтанатын!
Өркендеп өз қолына алған ісі,
Биікке қазағымның самға, құсы!
Халық боп қадір тұтып, қастерлеген
Ата Заң – Азат елдің Ар-намысы!
Автор: Айбатыр Сейтақ
Басынан Қаратаудың көш келмейді,
Қаратау енді ешкімге дес бермейді,
Мөлтілдеп қара көзден жас келмейді,
Қара көз қарындасым сескенбейді.
Жатады жайнап, түлегі,Жамбылым да,
Ешкімнің жаншылмайды хандығында.
Қайғырмас енді қазақ «Елім-айлап»,
Жерлеген әлдеқашан зарды құмға.
Сардала дала дала сағым ұшқан,
Аумайды-ау, түпсіз терең сағыныштан.
О шеті мен бұ шетін айыра алмай,
Құстар да бағытынан жаңылысқан.
Жарты адым жатқа қимай, сүйем жерді,
Түйеге талай көштер тиелген-ді,
Болмайды миың жетіп, мұнша жерді,
Ата-қазақ қалайша иемденді?!
Білемін, ақын жортқан бұл өлкені,
Мәңгілік мекендеген жыр-ертегі.
Қарттары өлеңменен намаз оқып,
Жастары жыр жастанып күнелтеді.
Армысың, ардақ-мекен, асыл-мекен!
Айрықша топырағың, тасың бөтен,
Бабалар бақыт іздеп кезуші еді.
Білмепті, бақыттары қасында екен
……..
Жауыздар жасағанда қастандығын,
Бейбіт елге бір зұлмат басталды күн.
Сұм фашистің тарихтан білеміз ғой,
Қырық бірде соғысты ашқандығын.
Және біздер білеміз қырық бесте
Бас сауғалап олардың қашқандығын.
Жаулап алам деп келіп,
Бабамыздың
Жеңе алмаған рухының асқарлығын.
Отан үшін от кешкен батырлардың,
Ерліктері өшпейтін дастан бүгін.
Даңқтарын олардың тілеймін мен,
Ғасырлардан ғасырға асқандығын.
Байқап тұрсаң сол жылдар келісті кім?
Қазанынан қайғының ел ішті мұң.
Жарылған бомбалардың әсерінен,
Сорпасы қайнап жатты жер үстінің.
Батыс жақтан бір қауіп төніп келді,
Тарылтам деп Кеңестің кеңістігін.
Ақырында бабалар Берлинді алып,
Біржолата құлатты неміс туын.
Есепсіз ерліктердің арқасында,
Тойлап жүрміз біз бүгін ЖЕҢІС КҮНІН.
Сұм соғыстан аман сау қалған ерлер,
Отан үшін отқа да жанған ерлер,
Бәріңіз де біздерге қымбатсыздар,
Құрметті де қадірлі ардагерлер!!!
Борыштармын ерлігі ғой солардың
Жеңіс үні дүрсілдетіп жүректі,
Қуаныштан қатайтасың білекті.
«О ,халқым, құтты болсын мерекең!»
Деп сіздерге арнап тұрмын тілекті.
Көзді ашып- жұмғанша өтті уақыт,
70 жыл болды ғой, міне, бақыт.
Үлкен-кіші, балалар, ардагерлер,
Бәрінде де ашық көңіл,асқан шаттық..
Бағым жанып Тәуелсіздік ғасырда,
Мойындады бүкіл әлем қасымда
Борыштармын жемісі ғой бейбіт күн
Батырлардың құрбан болған жасында
Атты ,міне, азаттықтың ақ таңы,
Тарихымен байланысып жатқаны
Елім үшін шайқасқан ерлерімнің,
Ар намысы, кеудеге от жаққаны.
Тәуелсіздік туын қолға алғалы,
23 жыл ғой күткен бағы жанғалы,
Елбасымыз – Нұрсұлтандай елбасы,
Келер күнге нықтап ізін салғалы.
Махмұтбай Әміреұлы— Қызылорда
Қан майданның жүректе жарасы бар,
Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Ардагерлер азайып барасыңдар.
Қастерлейді халқымыз қаһарманын,
Жүр есінде сан жарық, сапарларың.
Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер,
Қалды-ау сиреп бұл күнде қатарларың.
Ерлік сүйген еліңе салтың ұнар,
Жүздеріңде жанған от жарқылы бар.
«Соғыс» деген салмағын жалғыз сөздің,
Бүгінгі ұрпақ өздерің арқылы ұғар.
Жасқанбаған жауынан жарақты ер,
Ерлігіңді аңыз ғып таратты ел.
Қаһармандық дегенді кейінгі ұрпақ,
Жүздеріңе сендердің қарап білер.
Дарқан мінез, дария ой, дара шыңдар,
Жарқын жүзді, жүрегі ақ, жаны асылдар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Майдангерлер азайып барасыңдар.
Көзінде отты жасын бар,
Сан жырлар оны жаңа ұрпақ.
Келешек, Ұлы ғасырлар
Баукеңе қарар таңырқап!
Жеңілден безіп әманда,
Үлесін алған ауырдан,
Күрделі біздің заманға
Ұқсайды Қайсар Бауыржан!
Аялап оны алыста
Тербеген дала бесігі.
Бауыржан болып Соғыста
Жарқ етті Қазақ есімі!
Өрт кешкен отты жылдарда
Шынығып өсті өр тұлға.
Сүйеу боп Сұрапылдарда
Даласы тұрды артында.
Аға боп майдан өрінде
Сан ұлттың ұлын баураған,
Жүргенде Ол туған жерінде э
Жеңілмес Антей – аумаған.
Жауына тізе бүккен бе,
Ел үшін шығып жекпе-жек,
Өмірді сүйгендіктен бе
Өлімге барған… Бетпе-бет!
Болса да бірі жалпының
Көрмеді оған дарып оқ!
Өзінің туған халқының
Қалды Ол – Аппақ ары боп!
Ақиқат естен танары –
Жүрегі жаудың шайлыққан.
Қадалса шоқты жанары
Ажал да… Одан қаймыққан.
Ыза-кек өртеп өзегін
Майданда жалын құшқанда,
Шын сүйгендіктен өз елін
Қаһарлы болды дұшпанға.
Жықпастан туын Елдіктің
Жеткіз деп келер таңдарға
Тапсырды: Өрлік, Ерлікті –
Болашақ Бауыржандарға!
Қаһарман
Мың құбылып тұрса-дағы бар маңы,
Адамзатты алға бастар Ар заңы!
Мір оғындай Момышұлы Бауыржан –
Туа біткен туралықтың тарланы.
Әрбір сөзі жас ұрпаққа – тағылым,
Бойға жиған ақылы мен сабырын,
Өмір бойы шындық үшін күресіп,
Жалғандықтың тіліп түскен тамырын!
Жауынгерді айналдырып құрышқа,
Тайсалмастан кірген талай ұрысқа.
Ұрпағына үлгі болған ғұмырын
Ұқсатамын жарқылдаған қылышқа!
Жүру үшін тура жолдан бұрылмай,
Ар мен Намыс бірге туған ұғымдай.
Біздер үшін рухы биік Бауыржан
Батырлық пен Ақиқаттың туындай!
Ұшқыр ойды от-қайраққа жаныған,
Туған елді өз үйім деп таныған,
Жалындаған жастар керек еліме
Батыр баба қасиеті дарыған!
Майдангерлер
Қан майданның жүректе жарасы бар,
Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Ардагерлер азайып барасыңдар.
Қастерлейді халқымыз қаһарманын,
Жүр есінде сан жарық, сапарларың.
Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер,
Қалды-ау сиреп бұл күнде қатарларың.
Ерлік сүйген еліңе салтың ұнар,
Жүздеріңде жанған от жарқылы бар.
«Соғыс» деген салмағын жалғыз сөздің,
Бүгінгі ұрпақ өздерің арқылы ұғар.
Жасқанбаған жауынан жарақты ер,
Ерлігіңді аңыз ғып таратты ел.
Қаһармандық дегенді кейінгі ұрпақ,
Жүздеріңе сендердің қарап білер.
Дарқан мінез, дария ой, дара шыңдар,
Жарқын жүзді, жүрегі ақ, жаны асылдар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Майдангерлер азайып барасыңдар.