Күш кеміді, айбынды ту құлады,
Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат бақ, ардың-
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кең – тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,
Таралған түрік балаларын бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!
Мағжан Жұмабаев