Қайғылы қыс қар боранмен қорқытып,
Жанға рақат жайнаған жаз бітпесе,
Сылаңдаған алтын күнім тез өтіп,
Қайғы-мұңмен жас төгер шақ жетпесе.
Жасыл шешек, қызарған гүл солмаса,
Қаны қашып, көркі бітіп, қуарып,
Періштедей жас қыз қатын болмаса,
Алмадайын қызыл беті суалып.
Алмаспаса, өзгермесе бұл дүние,
Жақсы-жаман тұрса өзінің қалпында!
Бірақ білген, солай қылған тәңірі ие,
Мен де көндім, басымды идім алдында.
Берсін атам, малға сатпай, теңіме,
Маған жолдас ол мал болмас, ер болар!
Құр қызықсаң ата заты, тегіне,
Көзің нұры балаң өмірі шер болар.
Мейірімді ием, таза, нәзік әйелді
Қара жүрек қазаққа неге жараттың?
Аһ, зар қылдым, құлағына кім ілді?
Сорлыларды жауыздарға қараттың…
Мағжан Жұмабаев