Түн. Көшеде мен аяқ басып келемін.
Табиғаттан шабытымды теремін.
Абылай хан орда құрған Көкшені,
Сұлу қыздың бейнесіне теңедім.
Жібек шашы анау тұрған ну орман,
Қырлы мұрны тауларменен құрылған.
Қастары ше, ал қастары сұлудың,
Анау жатқан егіндер ғой жығылған.
Анау мөлдір Қопа оның көздері,
Мөлдіреп тұр жылағандай өздері.
Ал көлдегі Оқжетпес ол жүрегі,
Қанша батыр талай ғасыр көздеді,
Қатпар-қатпар қарағайлар кірпігі,
Ол да бітер қорғамаса бір күні.
Ал қызара батқан күн ол ерні,
Сұлу Көкше сұлулықтың төркіні.
Жұмбақтас ол сұлу қыздың сырлары,
Аша алмаған ақындардың жырлары.
Тоғайларда құйқылжыта ән салған,
Құстар оның музыкалық ырғағы.
Сұлу Көкше сұлулықтың нышаны,
Қырандай боп көкке қарай ұшамын.
Сұлу қыздың бейнесіне талықсып,
Оны қатты құшағыма қысамын.
Күн шыққанын күтем тағы батқанын,
Көз тартады сұлу әсем бақтарың.
Сан ғасырлар қиындықтар болса да,
Сұлу Көкше,
Сұлу қыздың бейнесін сен сақтадың.
Ермахан Арман