Мағжан ақынға арнау

 

Ел намысын ер көтерген заманда
Азаматтар жанын қылды садаға.
Халқы үшін шейіт болған жандарды
Еске аламыз жылдар салып араға.

Өлеңімен еді елін өрлетер,
Азаматты шейіт қылды жендеттер.
Еске алғанда көздің жасын ғана емес,
Көңіл-шіркін қайғы-шерін көлдетер.

Айырбасқа қызығына жалғанның
Қара басын, қыршын жасын салған кім?
Арысым деп мақтан тұтқан бесеудің
Бірі және бірегейі – Мағжаным.

Өмірімнің өшпейтұғын жарығы,
Тәуелсіздік тұғырының қазығы.
Халық жауы атандырса сұм жалған,
Ұлтын шексіз сүйгені ме жазығы?!

Еңбегінің ерен елі куәсі,
Жауыздарға жақпай қойды, сірә, ісі.
Марапатқа лайық ұлды мерт етті,
Еліне бас игені ме кінәсі?!

Өтті жылдар… егеменбіз, еркінбіз,
Көрмей өстік қилы заман өртін біз.
Мағжандайын өр тұлғалы жандардың
Арқасында бар халықпен тең тұрмыз.

Қайсар мінез ұлды теңеп қыранға,
Күй арнаға құйылады жыр арна.
Мерт болмаса Мағжан жастық шағында,
Біз қуатты ел болар едік бұдан да!

Жалған жота көрсетпесе жалт беріп,
Еңбектенуші еді еліне ант беріп.
Мерт болмаса Мағжан жауыз қолынан
Тілім таза болар еді-ау салт берік.

Ол аңсаған біздер жеттік арманға,
Күліп атқан куә болып таңдарға.
Уа, халайық, риза болсаң тірлікке,
Талмай-тыңбай табынып өт Мағжанға!

Құрметтелсін арыстарым, ардағым,
Ал аялай алмасақ біз арға мін.
Бақытты өмір кешіп жүрсек бүгінде
Рухына бас иейік Мағжанның!

Сәттерің жоқ ар жолында сүрінген,
Елдің сөзін сөйлейтұғын үнім ең.
Есіміңді шығармайтын есінен
Ұлы Мағжан, ұрпағыңның бірі – мен
Еркіндігім үшін айтар алғысым –
Түбі ескерткіш орнатамын жырыммен!


Сағынған Диана Алпысқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *