Өмір – теңіз, жоқ оның түбі, шеті,
Сылық-сылық күлген сиқырлы толқын беті.
Осы өмірге кіргелі көп күн болды,
Енді бір ай – толады жиырма жеті.
Мен жоқ едім бар қылып анам тапты,
Содан бері күн талай шықты, батты.
Ес білгелі алыстым өмірменен,
Өмір – теңіз, толқыны тым көп қақты.
Мен туғалы ағарып, көп таң атты,
Қараңғылық жер бетін талай жапты.
Ес білгелі алыстым жүрекпенен,
Ырық бермеді, қаңғыды, ол не тапты?
Ессіз жүрек тулады ,бермеді ырық,
Ақыл сорлы ере алмай, қалды тұрып.
Ессыз жүрек,бөгелші бір азырақ,
Отыз тұр ғой үңіліп,арты – қырық.
Әміріңді екі қылмай орындадым,
Есімде отқа,суға ұрынғаным.
Өтті жылдар, жапанда жалғыз қаппын,
Өмірімді осынша улап, не қылғаның?!
«Жел бол!» – дедің, жел болып еспедім бе?
Уақыт талғап, ерте я кеш дедім бе?
Желдей жынды есалаң екпінді боп,
Заулап тұрған отқа өзім түспедім бе?!
«От бол!» – дедің, от болып жанбадым ба?
Күйдірмей, сірә, нәрсе талғадым ба?
Күлді де алдым құшаққа, гүлді де алдым.
Мынау «күл», мынау «гүл» деп таңдадым ба?!
«Су бол!» – дедің, сылдырап ақпадым ба?
Жыландай жүз бұралып жатпадым ба?
Ерікті-еріксіз суымнан татар жанды
Сиқырлап сылдырменен таппадым ба?
«Күн бол!» – дедің, мен күндей күлмедім бе?
Күннен де астым, мен күндіз-түн дедім бе?
Күн – тәкәппар. Мен көппен құшақтастым,
Бұл ісімді Күндікке мін дедім бе?
«Ай бол!» – дедің, Ай болып, жүзбедім бе?
«Әпсүн» оқып, жер жүзін кезбедім бе?
Анадайдан сиқырлы сәуле төгіп,
Талайлардың өзегін үзбедім бе?
Сен: «Сүй!» – дедің, талайды сүймедім бе?
Көбелек боп көп отқа күймедім бе?
Тірілгенім болмаса, өлгеннен соң,
Мен талай күлден кебін кимедім бе?
«Жыла!» – дедің, талай жас төкпедім бе?
Дария болды көз жасым, көп дедім бе?
Жасым бітсе, қып-қызыл қан жыладым,
«Жыламаймын, көзде жас жоқ», – дедім бе?
«Ата-анаңнан без!» – дедің, безбедім бе?
Қаңғырып, талай жалғыз кезбедім бе?
Басыма талай қара күндер туды,
Ата-ана, туысқан іздедім бе?
«Елің тастап кет!» – дедің, кетпедім бе?
Жер шетіне барсам да, шет дедім бе?
Жыландай бауырына кіріп алып,
Қалайда жатты жақын етпедім бе?
«Дәулеттен қаш!» – дедің сен, қашпадым ба?
Қойнымды жоқшылыққа ашпадым ба?
«Нәжісті– доңыз, сүйекті – ит жияды» – деп,
Барымды желге ұшырып, шашпадым ба?
«Жоқты іздеп тап!» – дедің сен, таппадым ба?
Сен: «Айға шап!» – дегенде, шаппадым ба?
Не керек! Бар бұйрығыңды орындадым,
Сұм жүрек,сол қызметімді ақтадың ба?
Ақтамадың, алдадың, енді білем,
Енді бір ай – жиырма жеті жасқа келем.
Отыз, қырық… Қартаям, сөнем, өлем…
Еліме есебімді не деп берем?!
Енді бір ай – жиырма жеті жас толады,
Отыз, қырық… Сарғаяды, жүз солады.
Жыл соңынан жүгіріп жыл озады,
Кеудеге күн-күн сайын шер толады.
Ессіз жүрек аспанға қол сермеді,
Ессіз жүрек ақылға жол бермеді.
Жастық – у ғой, айнымай, у ішіппін,
Бұл күндері кеудені ой кернеді.
Ақылға кеш айналдым, қараң күнім,
Бір күні құшағына алар өлім.
Қара жерді құшақтап мен жатармын,
Сол кезде не деп мені сынар елім?
«Жел еді, желді жыр ғып өтті!» – дер ме?
«Есалаң, сүйіп еді шоқты!» – дер ме?
«Ойы жоқ, ессіз отты Тәңірі көрген,
Тұншығып жат, есерім!» – деп күлер ме?!
Болмаса: «Қызыл гүл ед, солды!» – дер ме?
«Сермеп ед алтын Айға қолды!» – дер ме?
«Қажымай, Айға шапқан арыстан ед,
Сабаз-ай, сол жолда мерт болды!» – дер ме?!
«Күн еді – өмір бойы күлді!» – дер ме?
«Күн еді – сүймеуші еді түнді» – дер ме?
«Күн еді, Күндей айқын күле білді,
Сол күлумен ақырда өлді!» – дер ме?!
«Сұлулықтың асығы – жыршы!»– дер ме?
«Жүректің сырын шешер сыршы!» – дер ме?
Не қуаныш, не қайғы басқан күнде
Басыма келіп: «Ақын, тұршы!» – дер ме?
Болмаса басыма да бармас па екен?
Атымды аузына да алмас па екен?
Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған
Молама көз қырын да салмас па екен?
Дариға, сол күндерде күнім қараң,
Қазақ елім, бір ауыз сөзім саған:
Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,
Кінәні жүрекке қой, қойма маған!
Мені атама, бұл жүрек – жынды дерсің,
Ұмтылған аламын деп Күнді дерсің.
«Сүйіп, күліп, күйіп – көз жасын төгіп,
Жынды жүрек өлді де тынды!» – дерсің.
Мағжан Жұмабаев