Түн. Біз шешініп жатқанбыз. Шам сөндірілген, үй іші қара көлеңке. Шаңырақтың жабылмай қалған шетінен оң жақ босағада құрулы ақ шымылдыққа түсіп тұрған айдың сәулесі ақырын ғана дірілдейді. Шымылдырық дірілдеген-ді… жанымда қатар жатқан жігіт домбыраға… деген күйді тартып жатыр… Екеумізде де сөз жоқ… Жалғыз домбыраның ғана үні естіледі… Адамды қалың ойға батыратын, белгісіз қорқынышқа түсіретін жат, ауыр бір үн. Өзеннің қараңғы түнде салмақпен сылдыр қағып аққанындай жаздың желді түнінде, көлдің қамыстары қорыққан секілді, біріне-бірі тығылып сыбырласқанындай… Домбыра кейде ағаш жапырақтарының дірілдеп күбірлескендей, кейде ауру адамның ыңырсығанындай болады. Ол қайғырады… зарланады… Маған алыстан талып бір дауыс естіледі… Мұңды бір дауыс жақындап келеді. Нәзік, зарлы дауыспен біреу ақырын ғана өлең айтқандай… Әйел даусы… «бізден сорлы жалғанда жан бар ма екен?! Өзің рақым қыла көр бір, жасаған» – дейді әйел… Түнде сар далада зарын айтып күңіренеді әйел… Ауыр қасірет, қалың қайғыға амалы құрып, жалғыз жасағанға мұңын шағады, жалынады, зарланады әйел… Дауыс, тіпті, жақындады… Манағыдан да анығырақ, ащырақ, зарлырақ… «Бауыр етің балаңды отқа салдың! Не жазығым бар еді, жан ағеке?..». Әйел қарғайды. Өз қолымен отқа салған ата-анасына, аяу білмеген тасбауыр жақынына, жансыз ойыншық қылған, намыссыз күң қылған мұңдарларға қанды жас төгіп, лағынет айтады әйел…
Ақырын есік ашып, ол үйге кірді. Жас бір қыз, үстінде жұқа ақ көйлек, өрілмеген ұзын қою қара шашы екіге айырылып, кеудесіне түскен. Екі бетінде бір тамшы қан жоқ, құп-қу, жұқа ақ көйлектің астынан денесінің әр жерінде көгерген сықылды таңбалар қарайып білініп тұр. Зор қара көздерінде есесіз мұң, сансыз қасірет…
Маған жақындап келіп, менің көздеріме тура қарады. Көз қарауы әрі майда, әрі салқын. Кішкене күлімсіріп, қансыз ернін қозғап, сөйлейін деп ыңғайланып еді, жөтелді… Ұзақ жөтелді… Ақырын ауыр жөтел… Әлдене уақытта жөтелі тоқтады.
Бірақ әлі құрып, демін зорға алып тұрды. Сөйлеуге шамасы жоқ еді… Оның қара көздерінен мөлдіреп, домалап солған жақтардан парлап ағып тұрған жасты көрдім. Мен оны таныдым. Қарындасым! Сүйікті қарындасым! Періште жанды, хор жүзді сұлу қарындасым! Сұлу… қайғылы сұлу. Бейшара, бақытсыз қарындасым!.. Аз өміріңді у жұтып өткізген қарындасым! Жауыздар тірідей жерге көмген қарындасым!..
Денем күйді… Жүрегім аузыма тығылды. Көзімнен ыстық жас төгілді… Домбыра да күңіренді, зарлайды,.. ақырын жассыз жылайды, Жыла домбыра, жыла!
Мағжан Жұмабаев