СТИМУЛ МЕН РЕАКЦИЯ АРПАЛЫСЫ

 

Жоғарыдағы сауалдарға жауап беру үшін, Виктор Франклдың өнегелі өмір
жолымен таныстыра кеткенді жөн көріп отырмын. Франкл Фрейдтің психологиялық теориясының ықпалымен қалыптасқан детерминист еді. Фрейдтің пайымдауынша, бала кезде басыңнан өткергеннің бәрі мінезіңіз бен тұлғаңызды қалыптап, бүкіл өміріңізді анықтайды. Басқаша айтқанда, өміріңіздің параметрлері мен шектеулері белгіленгендіктен, сіз ештеңе өзгерте алмайсыз.
Оның үстіне Франкл психиатр еді. Ұлты еврей. Нацистердің лагерінде отырған. Ауыр күндерді бастан өткерген, адамгершілікке жат, тітіркенбей айту мүмкін емес жантүршігерлік оқиғалардың куәсі болған. Оның ата-анасы, ағасы мен әйелі газ камерасында қаза болды. Тұтас бір әулеттен әпкесі ғана тірі калган. Франклдың өзі жан төзгісіз азап пен қорлықты бастан кешірді. Келер күн не әкелерін білген жоқ: пешке салып өртеп жібере ме, әлде аман қалғандардың арасында өлгендердің мәйітін теріп, боздақтардың күлін тазалап жүре ме – ол жағы белгісіз еді. Жалғыз адамдық камерада тыр жалаңаш отырған азапты күндері Франкл өзінде ешбір қаныпезер-нацист тартып ала алмайтын еркіндік бар екенін түсінді. Ол кейін мұны «Адамның соңғы еркіндігі» деп атады. Нацистер оны қоршаған дүниенің бәріне билік жүргізді, тәніне жарақат салды, алайда Виктор Франкл өз жан дүниесінің терең қатпарына үңіле білген, басынан өтіп жатқан жағдайдың бәрін сырттай бақылай алатын саналы тіршілік иесі болды. Оның ішкі дүниесі тас қамалдай берік еді. Ол айналасының оған қалай ықпал ететінін өзі шешті. Оның шамына тиетін тітіркендіргіш, яғни стимул мен оған Франклдың реакциясы ортасында сол реакцияны таңдау еркіндігі жатты. Франкл қиялында өзін әртүрлі жағдайда, әртүрлі ортада елестеуді үйренді, мысалы, концлагерьден босап шыққан соң, студенттерге лекция оқып тұрған сәтін… Аудаторияға ойша еніп, студенттерге лагерьдегі өмірдің ащы сабақтары туралы айтып жатқанын сырттай бақылайтын. Қиялы мен жадына ерік беріп, осындай менталдық, эмоциялық, моральдық жаттығуларды қайта-қайта жасаған сайын, Франкл жүрек түкпірінде аңсаған еркіндігін әлпештеп, үміт отын үрлей берді. Ол өзін күзеткен қарауылдардан толық азат сезінбейінше, ішкі күресін тоқтатпады. Рас, олардың сыртқы еркіндігі — еркін қимылдау, таңдау мүмкіндігі бар еді, ал Франкл өз мүмкіндіктерін шексіз пайдалана алатын ішкі күшке — ішкі еркіндікке ие болды. Франкл айналасындагы адамдарды, тіпті кейбір қарауылды да рухтандыратын, жігерлендіретін жанға айналды. Ол адамдарға өмірдің мәнін үғынуға, абақтыдағы қапас өмірге қарамастан, өз абыройын биік сақтап қалуға көмектесті. Азап шегіп жүрсе де, Франкл өз жан-дүниесін жете түсінудің амалын тауып, адам болмысының іргелі принципін ашты: стимул мен оған реакцияның арасында адамның таңдау еркіндігі бар. Адамды адам ететін бірегей қасиеттерінің бірі таңдау еркіндігінде жатыр. Өзін жете түсінуден белек, адам баласы қиялдай алады, яки санасында қоршаған болмыстан тыс бір нәрсені сомдай алатын қабілеті бар. Адамның ар-ужданы — не дұрыс, не бұрыс екенін анықтап отыратын, сөзіміз бен әрекетіміз жалпыга бірдей адами қалыпқа қаншалықты сыятынын екшеп отыратын ішкі түйсік. Оған қоса, ерік-жігеріміз бар — қандай да бір сыртқы әсерге қарамастан, саналы түрде әрекет жасай аламыз. Тіпті ең ақылды деген жануарда да мұндай қабілет жоқ. Компьютер тілімен айтсам, олардың мінез-құлқы жануарлық түйсігі арқылы немесе қолға үйретумен жадыланған. Оларды жауап беруге үйретуің мүмкін, бірақ олар сол үйренгеніне жауапкершілік жүктей алмайды. Басқаша айтканда, олар үйренгенін басқара алмайды, бағдарламаны өзгерте алмайды. Олар не үйреніп жатқанын да сезінбейді. Ал біз өзіміздің бірегей адами қасиеттеріміздің арқасында түйсігімізден тыс, үйренгеніміздің мазмұнынан бөлек жаңа бағдарлама жасап шығаруға қабілет-қарымымыз жетеді. Міне, сондықтан жануарлардың мүмкіндігі шектеулі, ал адамның мүмкіндігі шексіз. Алайда жануарлар сияқты тек түйсікпен, шарттылыққа және ұжымдық тәжірибеге сүйеніп әрекет етсек, өз мүмкіндігімізді өзіміз тежейміз. Детерминизм теориясы түрлі мақұлықтарға: егеуқұйрық, маймыл, кептер, ит және жүйке-психикалық ауытқуы бар адамдарға жасалған тәжірибелер нәтижесінде қалыптасты. Бұл болжамды әрі өлшемді әдіс ретінде кейбір зерттеушілердің талап үдесінен шыққанмен, аталған теория жалпы адамзат тарихы мен адамның сана-сезімі тұрғысынан өз зерттеу нысанына алған аумақты толык қамти алмайды. Адамға тән айрықша қабілетіміз бізді жануарлар әлемінен жоғары қояды. Осы қасиеттеріміздің жетілуі бірегей адами әлеуетімізге сай болуға мүмкіндік береді. Стимул мен оған реакция арасында ұлы күшіміз — таңдау еркіндігі бар.

Стивен Кови
Жасампаз жандардың 7 дағдысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *