«КОМПАНЬЕРО КОРОНЕЛ БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ»

Аэровокзалға ендік. Далада бітіп бара жатқан тынысымыз вокзалға кіре сала кеңи бастады. Ауасы салқын, бір жақтан самал жел соғып тұрғандай.

Осы жерде жарты сағаттай кідіруге тура келеді, жолдастар. Біздің документтерімізді тексеріп болған соң ғана қалаға аттануға рұқсат етіледі, — деп бізді басқарып барған Мария Ивановна Туркина документтерімізді жинап алып, барьердің аржағында отырған әскери адамдардың ортасына кетті.

Біз Лазарь екеуіміз темекі тартып, залдың ішінде әрі-бері жүрміз.

Кім болса сонымен қандары араласып, сүйек жаңарта берген шым-шытырық халық көрінеді ғой, — деді Лазарь.

Қараңызшы түрлеріне, ана біреулері шойындай қап-қара, мына біреулері қара торылау, ана біреулері аққұба келген. Бәрінің көздері алақандай, бұйра шаш…

— Жаңылмасам, мен бір кітаптан оқып едім. Бұларда түріне қарап ұлт айырмасы жоқ. Бұлар өздерін кубалықпыз деп қана айтады. Сол кітапта жаңылмасам, солай жазғаны есімде: «Біздің ұлтымыз төрт ататегінен құрылады: испандықтар мен африкалықтар, үнділер мен қытайлар». Сонысы рас екен ғой, бір адамның тұрпатында солардың әрқайсысының жұрнақтары бар, — дедім мен.

— Оныңыз рас. Мүлдем ғажайып гибриттер ғой мыналардың барлықтары. Қараңызшы, тіптен араласып кеткен. Өздері бір-бірлеріне өте мейірімді көрінеді. Манадан бері осынша топтың ішінде біреу даусын қатты шығарып көрген жоқ. Жайбарақат, ізетпен, бір-біріне жылы лебізбен қарап, өз шаруаларын өз беттерімен істеп жүрген халық. Мына негрлерінің көңілдері көтеріңкі, тайтаңдап еркелей ме өздері, — деп Лазарь тағы да сүйсіне күлді.

— Е, несі бар. Негрмін деп жүрген олар жоқ. Дәрежесі тең кубалық. Өз Отанында көкірегін көтеріп, қадамын кере басып жүргені дұрыс.

— Бұл революцияның бір үлкен әсерлі табысы екен… Біздің адамдарды терезеден атап шақырып, документтерін ұсына бастады. Лазарь екеуіміз жақындап барып кезек күтіп тұрмыз.

Терезенің ар жағында үш офицердің қасында Мария Ивановна тұр. Екі офицер бірінен кейін бірі тіркеп, үшіншісі үлкен печать басып, атап-атап шақырып, Мария Ивановна оның айтқан «Компаньеро Садорноф!» дегенін түзеп, орысшалап: «Товарищ Задорнов!» — деп дауыстап тұр…

— Компаньеро коронел Бауыржан Момышұлы! — деп дауыстады аға офицер.

— Сіз анкетада полковникпін деп жазып па едіңіз? — деп сұрады Лазарь.

— Жоқ. Тек жазушымын деп қана жазған болатынмын…

— Момышұлы жолдас! — деп дауыстап, Мария Ивановна сөзімізді бөлді. Мен терезенің алдына бардым.

Аға офицер маған жымия күліп қарап, испанша бірнеше сөз айта бастағанда, қасындағы екі офицер де әдеп сақтап, ізет көрсетіп, орындарынан тұрды.

— Офицер жолдас былай дейді: бұлар сізді куба жерінде көргеніне өте қуанышты. Бұлар сіздің жайды бұрын оқып әбден білген, сіздің жауынгерлік істеріңізге де қанық,— деді Мария Ивановна.

— Жолдастарға айтыңыз, мен де бұл кісілерді көргеніме қуаныштымын, көңіл бөлгендеріне көп рақмет.

Мария Ивановна испаншалап менің сөзімді айтып болғаннан кейін, аға офицер тағы да түсін жылытып, қолымен документтерді беріп, оң қолын ұсынды. Қолын алып тұрып:

— Ай эм глед ту си ю (мен сіздерді көргеніме қуаныштымын) — дедім мен ағылшынша.

— Жолдас Момышұлы, сіз ағылшынша да біледі екенсіз ғой? — деді маған біздің комиссар.

— Бар білетінім осы ғана, — дедім мен оған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *