Әр тілдің заңы басқа, мақамы бөлек

Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы «Жас Алаш» газетінде (25 сәуір, 2006 жыл) «Қазақ тілінің негізгі заңы» атты көлемді мақала жариялады. Негізгі заң дегені тіл ғылымына көне заманнан белгілі кәдуілгі сингармонизм екен.

Өте дұрыс! Қазақ тілінің табиғаты да сайып келгенде сол сингармонизмге саяды. Ол заң бойынша, қазақ сөзі біріңғай я жуан дауысты (ба-ла-лар-дың), я жіңішке дауысты (нә-рес-те-лер-дің) дыбыстардан құралып, тізбектеліп үндесетіні анық.

Әлбетте, оған ешкімнің таласы да, күмәні де жоқ. Ол түркі тілдеріне ортақ, ежелгі заң. Ол бұлжымас заңға қазақша оқыған мен де бағынамын.

Оны айтасыз, қазақ ауылында тәрбиеленіп, қазақ мектебін тәмамдаған менің тіпті көмейім де, бүкіл дыбыстау жүйем (артикуляционная база) қазақша қалыптасқан. Ауыл балаларына еліктеп, тракторды – трақтыр, бригадирді – біргәдір, школды – үшкөл, сволочьты – сүбөліш, подпецті – пәділес деп сөйлейтінмін. Отбасындағы немісшем қазақтың мақамымен шығатын. Институтта («үнстөтте») орыс бөлімінде оқып жүріп, қазақша сіресіп, қатып қалған тілімді бұрап, орысшаға лайықтап әзір икемдедім-ау…

Айтпақшы, сингармонизм түсіме де енбей жүрген балдәурен шақта бұл тілдік заңдылықпен алғаш рет соғыс жылдарында таныстым. Біздің ауылда пионер-комсомолдар жиылып, ұрандатып сол кезде мынадай бір өлең айтатын:

Ахау, сатсиализм,

коммунизм.

Жасасын, Карыл Маркыс

Іленинизм!

Әкем екеуіміз «бұл қай қазақ?» деп әсіресе «Карыл Маркысқа» таң қалушы едік. Сүйтсек, ол сақалды Карл Маркс екен.

  • Неге Карыл Маркыс?
  • Қазақша аталуы солай.
  • Сонда мен де Карыл боламын ба? – дейтін Карыл әкем.
  • Иә.
  • Ал Фридрих Энгельс қазақша қалай болады?
  • Пырыдырық Иенгеліс.
  • Ғажап! Странно!

Сингармонизм жайында түсінігіміз жоқ әкем екеуіміз аузымызды ашып қалатынбыз. Ленин біздің ауылда Бләдимір Іленін екен де, Сталин болса да Өсіп Ысталин екен.

Әріптесім Бексұлтанның қазақ тілінің негізгі заңы деп отырғаны осы.

Мақалада қазақтың байырғы, етене жақын сөздері осы заңға сәйкес теріліпті: «йағни», «зыйалы», «байағы», «сыйақты», «міністір», «қыйанат», «кәмпүтір», «ықтыйар», «айан», тағысын тағылар.

Демек, орфография (жазу ережесі) түгелдей орфоэпияға (сөйлеу ережесі) бағыну керек екен. Сүйтсек қана қазақ тілінің қаймағы бұзылмайды, бөркі қисаймайды, табиғи қалпында қалады-мыс. «Міністір» деп айтып жүрміз, енді «міністір» деп жаза қояйық, жетіп жатыр», -дейді Бексұлтан.

Ниет жақсы, мақсат айқын, бірақ…

Мақаланың аяғында (Бексұлтанша «айағында» десем бе екен?) редакциядан сілтеме бар: «Мақалада автордың үндестік заңы бойынша жазылған сөздерді өзгертпей беру жөніндегі өтініші ескерілді».

Ойланып қалдым. Апыр-ай, сонда қалай болады? Құлаққа бағынамыз ба, ақылға, қалыптасқан жүйеге жүгінеміз бе?

Байқауымша, Бексұлтанның теориялық тұғыры Ахмет Байтұрсынұлының лингвистикалық һәм педагогикалық қағидаларына негізделген. Қазақтың данышпан ағартушысы, ғалымы, ғаламат азаматы, білуімше, орфографиялық мәселелерде негізінен фонетикалық принципті ұстанған. Шетелдік сөздердің барлығын қазақтың табиғи сөйлеу машығына лайықтап, қазақтың құлағына жағымды етіп жазуды уағыздаған. Ахаң мақалаларынан бірер мысал келтірейін: шисла (число), жалоуаниа (жалованье), переуод (перевод), иіуіріст (юрист), утшител (учитель), шерезуытшайный сиез (черезвычайный съезд), Колпакопыский (Колпаковский), міністір (министр), октиабір (октябрь), ғинуар (январь), апірел (апрель), иіун (июнь) слоуо (слово), Раждестуа (рождество), шіуед нобелл (швед нобель), селіскоқозиайынстуенный ышкола (сельскохозяйственная школа), слауианша (словянша), уитсе=губірнатір (вице=губернатор), Пырантсиа (Франция), Анғылиа (Англия) т.с.с. 80-90 жыл бұрын қазақтың дауыс ырғағына, қабылдануына, есту мүмкіншілігіне сәйкестендіріп сөйлеу және жазу әбден орынды болған шығар, бірақ қазіргі сауатты қазақ сол белестерден өтіп кеткен жоқ па, орыс тілін, шетел тілдерін меңгердік емес пе, фонетикалық, орфографиялық деңгейіміз өсті ғой, сондықтан қазақтың ежелгі сингармонизм (үндестік) заңына бағынып, сол кездің мақамына қайта оралуымыз маған күмәнді болып көрінеді. Бірақ Бексұлтанның бұл мәселедегі ұстанымын жақсы түсінемін. Дегенмен нақты мысалдарға жүгінейік.

Орыстың «Сибирь» дегені қазақтың құлағына «Сібір» болып естіледі. (Әбдіжәмилдің бір кейіпкері тіпті «Сімір» дейтін), ал ағылшын оны «Эссибирэй» деп қабылдайды. Мен өзім туғаннан «Бельгермін», ал қазақ «Белгір», француз «Бельжэр» (я «Бельгиэр»), германдық неміс «Белгә» деп айтуға оңтайлы. Ғабеке (Мүсірепов) мені ««Бэлгэр, ал Мәке (Ғабдуллин) «Балгер» дейтін.

Байқайсыз ба, кез келген сөз өзге тілдің айтылуында өңі айналып, түр-түсі өзгеріп, тосын естіледі. Қытайдың айтуында туған шешеңнің атын танымай қалуың бек мүмкін. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяқ кезінде Байқадамда (Сарысу ауданы) мұғалім болып жүргенімде бұрын-соңды естімеген «сеңгүрөшке» деген сөзге тап болдым. Аң-таң болып жүріп, оның «снегурочка» деген атаудың қазақ қалыбынан шыққан түрі екеніне көзім жетті. Сол үндестік заңына сәйкес «Фонвизин» — «Пәнбизін», «Митрофан» — «Митіропан», «Лермонтов» -«Ілермәнтіп», «Михаил Шолохов» — «Мекәйіл Шолақып», «Хрущев» — «Құрышып» болды да қалды (20-жылдарда Лев Давыдович Троцкий – Арыстан Дәуітұлы Тыротскай болып еді).

Дүниежүзі Уинстон Черчилль деп айтады, ал ағылшынша жазылуы Winston Churchill. Жалпы, ағылшын тілінде орфография мені орфоэпияның арасы жер мен көктей. Сондықтан ағылшындардың өздері «Вашингтон деп жазып, Ливерпуль деп оқимыз» дейді. Қазақшаласақ, «Ит деп жазып, шошқа деп оқимыз» деген сияқты. Менің әрдайым ызамды келтіретіні – ағылшындардың орысша «культура», немісше «kultur», испанша «cultura» дегенді дәл солай деп жазып, «кальча» деп айтуы. Тілін шайнап, сөзді бұрмалау жағына келгенде ағылшындар алдына кісі салмайды. Сөздің жазылуы мен айтылуы, мен білсем, итальян және испан тілдерінде көбірек жақын.

Сонда деймін-ау, әр тілдің өзіндік заңына бағынып, сөздерді естуімізше жазар болсақ, әбден шатасып, бір-бірімізді түсінуден қалмаймыз ба? Әлде барлық тілдер жаппай сингармонизмге сүйенуі керек пе?

Фонетикалық жазу мен морфологиялық, я дәстүрлі жазу ережелеріне бағыну мәселесі со-на-у көне заманнан келе жатқан дау. Дүниежүзінің тіл мамандары фонетикалық жазу қағидасының өрескел қате екенін, тұйыққа әкелетінін әлдеқашан дәлелдеген де мойындаған. Үйтпеген жағдайда, айталық, орыс пен неміс тіліндегі неше түрлі диалекттердің көптігінен біріңғай орфография ережелерін ерекшелеу тіпті де мүмкін болмас еді.

Сол себептен де сингармонизм заңына сүйене отырып, ол заңдылықты басқа тілдерден енген, табиғаты өзге сөздерді күштеп, зорлап, белден басып, қайткен күнде қазақы қалыпқа бейімдеуіміз дұрыс бола қояр ма екен? Біздер ол кезеңнен ХХ ғасырдың бірінші жартысында-ақ аман-есен өткен жоқ па едік?

Бірер мысал келтірелік. «Евгений Онегинді» тұңғыш қазақшалаған Ілияс Жансүгіров байырғы орыс, я шетел сөздерін біраз бұрмалап, қазақтың үндестік заңына икемденген. Сонда былай болып шыққын: «Зебіс-алла (Зевс), катлет (котлета), пилосоп (философ), шөткі (щетка), кабалерд (кавалергард), пырант (франт), нәне (няня), будке (будка), панар (фонарь), кәләске (коляска), Аполон (Апполон), шепшік (чепчик), болибордан (боливар), банна (ванна), әлбем (альбом), жерапа (жираф), Іленсей (Ленский), Побылас (Фоблас), Керторы (Гертруда), Клеопатыр (Клеопатра), Бертер (Вертер), Кінәжін (Княжнин), Шаадайып (Чаадаев), Нимпа (Нимфа), бампир (Вампир), романтизім (романтизм), егамизім (эгоизм), Роз-беп (ростбиф), трупли (трюфли), Плора (Флора). Осылай тізе берсем, үш-төрт бетке созылар еді. Пушкин:

«Но пантолоны, фрак, жилет,

Всех этих слов на русском нет»

  • десе, Ілияс ақын қағып алғандай:

«Ал, панталон, прак, жилет,

Тіпті орыс тілінен шет,

  • деп аударады.

Ж.Аймауытов та орыс сөздерін қазақтың үндестік заңына бейімдеген: пәуеске (повозка), атбешайыт (отвечает), вопраз (папироса), спесек (список), пырауа (право), мелитсе (милиция), зайым помаш (взаимпомощь), көшір (кучер), тройкелету (ехать на тройке), тағысын тағылар. Ал Б.Маилиннің прозасында мұндай өңі айналып, танымастай болған сөздер қаншама: нәшәндәк (начальник), пристоп (пристав), песір (писарь), кандиләт (кандидат), пүртөкел (протокол), селсөбет (сельсовет), тыбая –мая, мая-тыбая (твое-мое, мое-твое), гүбірне (губерния), жалонжа (жалованье), езбозшік (извозчик), әтірет (отряд), пірігуер (приговор), бығыбыр (выговор), емение (мнение), пірешкі (бричка), кәлек (коллектив), сиса (ситец)…

Бір томдық «Шұғаның белгісі» («Жазушы», 1974) кітабында мұндай сөздердің екі жүзге таяуын кездестірдім.

Ғабит Мүсіреповтің 1930 жылы латын әрпінде шыққан «Қызыл әскер» деген оқу құралы бар. Сонда орыстың сөздері қазақы қалпында келтірілген: белесепет, матасекіл, аптамабіл, аптобус, тырамбай, ыстанса, парабоз, пойыз, тырақтыр, геріп (герб), пурлетариат, сатсиалдық… Тіпті кәменес көсемдердің өздері кең етек шапан жамылып, қазақтың бөркін оқшырайтып киген: Өсіп Бессарионұлы Ысталин, Мыйқайыл Епіремұлы Барашилуп.

Есімде, Жамбылдың «Өстепкеде» дегені де маған бірауық түсініксіз болған.

Мұндай мысалдарды кеңестіру (советизация) кезеңінде жазылған қазақ шығармаларынан қап-қабымен кездестіресіз. Солай жазу сол кезде рухани, мәдени қажеттілігінен туған принцип болған сыңайлы. Әрине, оны түсінуге болады.

Содан бері талай жылдар өтті, заман өзгерді, бұрынғы қазақ жоқ. Бәрі сауаттанған. Орысшаны орыстан бетер сайрайды. Орыс, шетел сөздерін еш бұрмаламай сөйлейді. Қайта, керісінше, қазақшаны орыс акцентімен айтады. Көмейінен «Көкшетау» «Кокчетав» болып шығады. «Дунияда сенен артык маган джан джок» деп шырқайды. Демек, қазіргі қазаққа қай тілді болса да қазақыландырудың еш қисыны жоқ. Оны байырғы үндестік заңына, қазақтың фонетикалық мақамына еріксіз матап, байлап көндіру де бекер.

Шетелдік сөздерді естілуінше жазу тек әдеби тәсіл есебінде кейіпкерге тілдік мінездеме (речевая характеристика) беру үшін бүгінгі қаламгерлерде оқта-текте кездеседі. Әлбетте, ретті жерінде, әдеби контексте ғана.

Шерхан Мұртаза: пәуеске, қожайын, полицай, кафедраль собор, бандит.

Сайын Мұратбеков: жемпір, маладес, гәрмоным, мәнделин, пашис, қазит, жүншөлки.

Мұхтар Мағауин: қалқоз, дүкімет (документ), біргәдір, кәмәндір.

Тынымбай Нұрмағанбетов: бәтеңке, кереует, мәгәзін, пәпке, үнстет, кәстөм, пәмілі (фамилия), перуай (первый), бұғалтір, шкүл (школа), әбізатілні.

Әлқисса, сөзімнің түйіні: қазақ тілінің үндестік заңын ешкім күн тәртібінен түсіре алмайды. Бексұлтанның қазақ тіліне жанашырлығын қал-қадірімше мен де құптаймын. Қазақ тіліне жан-жағынан қауіп төніп келе жатқанын мен де бір қазақтай аңғарамын. Қазақ тілі қаймағының бұзылмауын мен де армандаймын. Бірақ бұл заманда, аждаһадай төніп тұрған жаһандану дәуірінде кірме сөздердің барлығын еріксіз түрде сингармонизмге («сінгәрмәнізімге») бағындыруды құп көрмеймін. Ол менің пайымдауымда шегіншектеу болады, шөп басып, көмескіленіп қалған ескі сүрлеуге түсумен бірдей. Ондай жетекке бүгінгі қазақ тілі көне қоймас. Бала кезімізде ауылдың шетінде ойынымызды бастағанда, біздер өзара санақ жүргізетінбіз. Біріміз «перуай» дегенде, екіншіміз ілешала «ыптарай!» дейтінбіз. Үшіншіміз топтан қалмай «тіретай» дейтін, сонсоң орысшаға жетік екенін білдіріп, тағы бір боқмұрын өңешін жырта «шабдартай!» деуші еді. Сол ауыл балалары бұл күнде шал болды. Ал олардың немере-шөберелері «первый, второй, третий, четвертый» деп таза сөйлейді. Олар «шабдартайыңызды» тіпті түсінбеуі де мүмкін.

Бексұлтан өз мақаласында қазақ тілінің фонетикасын да әңгіме қылған. Ол орыстың «я», «ю», «е» дауысты дыбыстарын «ч», «щ», «ф», «ц» дауыссыз дыбыстарын ь, ъ жіңішкелік пен жуандық белгілерін жақтырмайды екен. Қазақ тілінің орфоэпиялық заңына сәйкес оларды «йа», «йу», «йо», «тш», «шш», «п», «тс» деп жазайық, ал жіңішкелік және жуандық белгілерін аластатайық деп ұсынады. «Егер жоғарыда аталған тоғыз әріпті әліпбиімізден алып тастасақ, 42-нің орнына 33 әріп қалады», — дейді. Бұл ұсыныстың да сақалы, мен білсем, сала құлаш. Ұмытпасам, бұл мәселе сонау 1956 жылдан (одан бұрын да болуы мүмкін) бері қойылып келе жатыр. Өз басым бұл ұсынысты әлдеқашан қабылдар едім. Тек байырғы қазақ сөздеріне қатысты! Ал орыс я басқа тілден кірген сөздерге бұл ереже томпақ келетін сияқты. Мәселен, «Бельгерді» қазақша «Белгер» деп жаза беруге әбден болады, үйткені сингармонизм заңына сәйкес жіңішкелік белгісіз-ақ «Белгер» болып қала береді. (Айтпақшы, анабір жылы Ташкентке бір топ жазушымен барғанымда, өзбектер мені жарнамаларында «Белгер» деп жазды. Қыршаңқы тілді Қадыр Мырза Әли «өзбек ағайындар Бельгерден бір әріп болса да үнемдеп қаламыз деген ғой» деп әзілдеген).

Неміс тілінде де жіңішкелік белгі жоқ: Belger болып жазылады. Еуропа тілдерінің бәрінде «л» жұмсақ айтылады (лингвистикада «среднеевропейское л» деген термин бар). Ал орысшасында «л»-ден кейін жіңішкелік белгісін қоймасақ, «Бэлгэр» болып дөрекіленіп, тосын, құлаққа жат болып естіледі.

Сол сияқты элеватор, интонация, фабрика, Щедрин, Чайльд-Гарольд, Чапаев, Эндикот Джеймс деген сықылды сөз бен атауларды қазақшалап, «иелебатыр», «интәнәтсийа», «пәбірікә», «Шшедрін», «Тшайылды-кәрөлт», «Тшапайып», «Ендікөт Жейміз» деп жазуға үзілді-кесілді қарсымын.

Жалпы, емле жазуында фонетикалық принцип («пірінтсіп») арқау бола алмайды. Оған жүгінсек, тіл атаулының барлығы диалекттің кебін киіп, ботқа болады да, өзіміз біржола батпаққа батамыз.

Қазақ тілінің заңдылықтарымен есептеспей, оларды қарабайырландыруды да жөн көрмеймін. Мәселен, Олжас (Сүлейменов) трифтонгке (үш дауысты дыбыстың қосылып келуі) қазақ тілінің соры деп қарайды. Оның түсінігінше , «ауылды» — аул, «бауырды» — баур, «дауылды» — даул, «ауырды» — аур деп «жеңілдетіп» жазсақ (демек, трифтонгтың орнына дифтонгке көшсек), қазақ тілі орфографиясының көсегесі көгерер еді. Байқадыңыз ғой, ол жеке басының мақамына қазақ тілін бағындырмақ. Оған қазақ түгілі мен де неміс басыммен қосыла алмаймын.

Сондай-ақ, әліпбиіміздегі әріптердің санын азайту – негізгі мақсат емес. 42 әріптен ат-тонымызды ала қашпай-ақ қояйық. Қалекең (Қалтай Мұхамеджанов) айтатын: «Біздің Әлжекең «биесаларын» 20 әріппен-ақ жаза береді», — деп. Ондай жазушылардың кейбіреулерін мен де білемін. Қытайлар 42 әріп түгіл, мыңдаған қиыр-шиыр иероглифтерден де қорықпай-ақ жүр ғой.

Қысқасы, әр тілдің заңы басқа, мақамы бөлек. Бұл басы ашық ақиқатпен есептеспесек, болмас, сірә, істің сәті.

Герольд Бельгер

Алматы.

25 маусым, 2006 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *