Қазақ тілін тереңдетіп оқыту, мемлекеттік тілді жаппай игеру, ұлттық сананы оятып, жаңа сатыға көтеру – бүгінгі күннің көкейтесті талабы. Оны айтуда, жазуда кемшілік жоқ. 15-17 жылдан бері әләуләтіп келеміз. Халәуләйіміз тағы бар. Кемшілік осы бір мемлекеттік мәні бар тұғырнаманы нақты іске асырауда екені бәрімізге аян. Сөзіміз ұзын, ісіміз қысқа. Қазақ тілін мектепте оқытуда неше түрлі келеңсіздіктер мен сорақылықтар бастан асып жатыр. Мамандар аз, оқулықтар жетіспейді, әдіснаманың деңгейі төмен, ынта, зейін, жігер, ниеттің жоқтың қасы, қазақ мектебінің шәкірттері (әсіресе, қалаларда) тек сабақ кезінде қазақша сөйлеген болады, ал үзілісте, көшеде, тіпті отбасында әке-шеше, ата-әжесімен жаппай орысша шүлдірлейді. Нәтижесінде қазақша сөз саптауы сараң, жұтаң, қасаң, сөздік қоры мардымсыз, кедей, тілі шұбар, мақамы, сөйлем құрылымы орысша болып шығады. Біздің халық қалаулылары, билік басындағы «дөкейлер» қазақшалап: ««Мен ойлаймын, что біздің халық коленнен тұрады, – деп қымсынбай, қысылмай теледидар, радиодан төпей береді. Орысша ойлап, қазақша міңгірлеген түрі. Атасы басқа базбір әкім сөз басын: «Кхадырли кхаум», – деп бастаса, қазақтар соған мәз болып, «әй, мынауың қазақшаға судай ғой, ағып тұр ғой, төбесі тесік екен ғой» деп көтермелеп, мақтап қояды.
Орыс мектептеріндегі қазақ тілінің сабақтары да осы деңгейде. Аптасына екі сағаттан қазақ тілін он жыл оқыса да, әр ұлттың балалары (ішінде, әрине, қазағы да бар) қазақша екі сөздің басын да құрай алмайды. Орыс мектептеріндегі қазақ әдебиетінің халі тіптен мүшкіл. Қазақ әдебиетінен сабақты кеше ғана орыс әдебиеті пәнінің оқытушылары жүргізетін. Олардың қазақ әдебиетінен аз да болса мағлұматы болатын. М.Сильченко мен Н.Смирнованың ескіріп қалған оқулықтарының орнына Ш.Сәтбаева мен Х.Әбдібаевтың оқулығы, хрестоматиясы келді. Ол оқулықтар заман талабына сай болатын, ғылыми, әдіснамалық деңгейі жоғары еді. Орыс әдебиетінің оқытушылары сүйтіп қазақ әдебиетінен де әжептәуір қаруланып, сауаттанған-ды.
Енді соңғы бір-екі жылдан бері орыс мектептерінде қазақ әдебиетінен сабақты қазақ тілінің мамандары қазақша жүргізетін болады. Құптарлық жай! Ешкімнің таласы жоқ! Әрине, қазақ әдебиетін қазақ мұғалімдері қазақша оқытса, ғажап емес пе?
Бірақ, нәтижесі қандай?
Сабақта қазақ мұғалім қазақша сөйлейді. Орыс мектебінде бір сыныпта орыс, қазақ, ұйғыр, дүнген, кәріс, неміс, еврей балалры аралас оқиды. Орта есеппен, бір сыныптағы отыз баланың көп болса бес-алтауы ғана қазақша еміс-еміс бірдеме түсінеді, я түсінген болады. Қалғандарының мұрнына иісі де бармайды. Аузын ашып, көзі жасаурап, есінеп отырады. Ал, не ұқтық?
Орыс мұғалімдерінде тым болмаса, тәп-тәуір бағдарлама, оқулық, хрестоматия, әдіснамалық қосалқы әдебиет-құралдар болатын, ал қазақ оқытушыларында орыс мектебінде арнайы қазақ тілінде жазылған бірде-бір оқу құралы жоқ. Сонда бұл маман не істейді? Орысша жазылған оқулықтарды шама-шарқынша қазақшаға аударып, бірдемені құрастырып айтқандай болады. Оның айтқанын сыныптың 90 пайызы құлағына да ілмейді. «О чем апашка говорит?» деп бір-біріне жаутаңдап қарайды.
Міне, біздің «рипормамыздың» түрі осындай. Идея дұрыс, ісіміз бұрыс. Дайындықсыз басталған істің пәтуасы жоқ. Нәтижесінде орыс мектептерінде оқып жүрген милләті әртүрлі шәкірттер мағлұмат алуы былай тұрсын, қазақ әдебиетін тілімен қоса жатырқай, жақтырмай, менсінбей, келемеждей қабылдайды.
Біздің көздегеніміз осы ма еді? Мемлекеттік тілдің қадірін, абыройын, беделін мынадай жолмен қайтып көтереміз? Жоғарыдан түскен жөн-жосықсыз қаулыдан жібі түзу іс шығушы ма еді? Сүйтіп жүріп, алқақотан жиналыстар өткіземіз, құлаш-құлаш мақала жазамыз, саны көп, сапасы аз конференцияларда өңшемізді жырта сөз сөйлейміз, бір-бірімізді қайрап, үгіттеп, жағадан алып, атой саламыз, елді дүрліктіреміз, мемлекеттік тілдің көсегесін көгертеміз дейміз, тіліміз құрыды, ұлтсыздандық, тамырымыздан қол үздік, мәңгүрт болдық…ой-бой, көз жасымызды көлдей қыламыз. Ал одан мүйіз шыға ма? Нақты жұмысты отбасынан, балабақша, мектептерден бастап, өзін қазақ деп жүрген терісі қалың «жуандарды» сілкілейміз бе? Германияда ана тілін білмейтін қай неміс лауазымды қызметте жүріп, халықтың қалаулысы болып, парламентте отыр? Қай неміс, қай француз орысша сөйлеп, жазып дана болып жүр? Осы жағдайға да бірауық назар аударып көрейікші…
Герольд Бельгер