Сөз, сөздік, аударма

Тіл мәселесіне орай қысқаша болса да, аударма тақырыбын қозғамай өтуге тағы да болмайды. Әлбетте, аударма өнерінің құйтырқысы көп. Ол жайында жазылған кітап, зерттеу, монография, диссертация, мақала, рецензиялар тау-тау. Аударматануға байланысты менің де бірнеше кітабым жарық көрген. Соңғысы (ең көлемдісі – 30б.т.) «Ожа переводу» деген атпен 2005 жылы «Дайк-пресс» баспасынан шыққан. Қазақша-орысша, орысша-қазақша, орысша-немісше, немісше-орысша, немісше-қазақша аударманың құпиялары сол кітапта көрініс тапқан сияқты. Мұның барлығын мына мақалада қайталау мүмкін де емес, қажеті де жоқ. Бұл жерде екі мәселеге ғана қысқаша тоқталмақпын.

Біріншісі – қазақшадан орысшаға (я басқа тілдерге) аударма жасаған кезде қазақ тілінің ежелгі күш-қуатына, көркемдігіне, бейнелілігіне, сөз саптауына, синтаксистік құрылымына айрықша мән беріп, оның табиғи ерекшеліктерін (лексика, морфологиялық жүйе, синтаксис) ашып көрсетудің қажеттілігі.

Екіншісі – орыс тілінен (я басқа тілдерден) қазақшаға аудару кезінде қазақ тілінің шешендік мәдениетіне, қазақ ұлтының түсінік-ұғымына, дүниетанымына, сезім үндестігіне сәйкес балама іздеу жолдары.

Сайып келгенде, аударма өнерінің негізгі мақсат-талабы да, көркемдік нысана, қасиеті де осы екі қағидаға саяды.

Қазақ тілінің байлығын, көркемдік өресін мойындай отырып, орысша аудармаға келгенде көбінесе үстірт, немқұрайды қарайтынымыз бар. Мен өзім керек аудармамен (басында жолма-жол тәржімамен) қырық жылдан бері айналысып келемін. Негізінен қазақ прозасын орысшалаймын. Менің пайымдағаным: кейбір жазушылар шығармаларының аудармасына мүлде көңіл бөлмейді, мән бермейді. Екінші тобы барды қанағат тұтады, я орысша шыққанына мәз болады. Есімде, Әбу Сәрсенбаевтың Мәскеуде орысшаланған бір повесін таңырқай оқып: «Апыр-ай, анау жағымсыз кейіпкерім өңі айналып, жағымды болды, мына бір кейіпкер көктен түсті ме, менде тіпті жоқ болатын», — дегені бар. Ғабекең (Мүсірепов) аудармаларына өзінше көңіл бөлетін, бірақ салғырттау ғана «мына жерді тереңдет», «ана жерді күшейт», «басқа бір сөз сұранып тұр» дегендей жалпылама ескертпелермен шектелетін. Бірде Ғабең маған «Жат өлкенің» жолма-жол аудармасын жасап беруді өтінген еді. «Романыңыздың, мен білсем, кейбір жерлері орысша шығуы неғайбыл» дегенімде, Ғабең жымиып, қасын керіп, әдеттегідей дауысын кербездене созып, қолын жай ғана сілтеп: «Он-да-ай жерді хе-хе… та-а-астап кетерсің» деп жайбарақат жауап берген-ді. Классиктен мұндай жауапты күтпеген мен таң қалғанмын.

Дүкенбай досым (Досжанов) қолжазбасын ұсынып отыр, «қанатын жайыңқырап аудар» деп ескертетін.

Ал Әбдіжәмил Нұрпейісовтың аудармаға қөзқарасы да, талабы да түбірімен өзгеше, ерекше қатаң. Әрбір сөзіне шұқшиып, нұсқамен салыстырып қарап, тың балама іздеп, сұрланып алып, қағаздың бетін айғыздап, қиыр-шиыр белгілер соғып, өзі де қара тер, көк терге малынып, қасында отырған аудармашылардың да зықысын алып, әуреге салып, басына әңгіртаяқты ойнатады, шыбын жанын шырқыратады. Оның мұндай талабына шыдаған аудармашы бірден-саран ғана. Көбісі мұндай екі-үш күндік азаптан соң, концлагерьден шыққандай басы ауған жаққа қашып құтылатын. Қырық жылдан астам Әбеңнің қасында жылан арбаған көжектей отырып, бір сөйлем, бір абзацты жүз құбылтып, жиырма көшіріп,кейде есеңгіреп қалып, кейде авторды есеңгіретов, осы күнге дейін аман жүргеніме өзім қайран қаламын. Бірақ бұл бірден-бір дұрыс талап екеніне, онсыз бас-аяғы түзу аударманың шықпайтынына көзім жеткен. Бір сөзге, бір сөйлемге бола күніне қырық қырқысып, дауысымыз қарлығып, құлақ қызырғанша таласып, бір-бірімізден ат-тонымызды ала қашқан кездер аз болмаған. Ертеңіне қайтадан табысып, иық тіресіп, үстелдің қасында терлеп, аһылап-үһілеп, қағаздың бетін екі жақтан сызғылап, қиыр-шиыр ететінбіз. «Әй, осы сұрланып алған қазақ менің қанымды ішпей тыншымас» деп мен қапаланамын, «оу, осы бір неміс неге тұтанбайды, неге ышқынбайды?» деп Әбең іштей ренжиді. Кейде мен өзімді құлдықта жүргендей сезінетінмін. Сүйтіп қиқалақтап отырып, трилогияның да, очерк-мақалалардың да түбіне жеттік-ау! Жетпіске тақағанда уф-ф деп есімді әрең жинадым. Ой, несін айтасыз, Әбеңмен бірлесіп істеген кездерім тұмақтың ар жақ-бер жағы еді ғой. Бірақ қуанған шақтарымыз да болды, азапты ісіміз нәтижесіз, абыройсыз болған жоқ. «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» демеуші ме еді қазақ? Мен үшін бұл қаһарлы күндер ұлағатты мектеп болғанын жасыра алмаймын.

Юрий Казаков пен Анатолий Ким де аянған жоқ. Біздің аудармамызды жөндеді, қырнады, түзеді, көркемдеді, ойнатты, орыс тіліне әбден бейімдеп, икемдеп-ақ бақты. Әбең оларды да біраз алқымдады, жанын сықты. Бірақ еңбектерін бағалады, жақсылығын аяған жоқ.

Иә, «тіл өнері дертпен тең» деген бекер айтылмаған. Ал жазушылықтың зейнетінен бейнеті көп болатыны маған көптен аян.

Бірер мысал келтіре кеткенім жөн болар: «… Ортада кірпік қақпай қаздиып қалған қайқы төс қара шал…» Бұл бір сөйлемнің ішіндегі бір тіркес қана. Бірақ жанды сурет, мінездеме. Бір «шалға» төрт түрлі мінездеме бар. Орысшалап көріңіз, қанеки! «Кірпік қақпай», «қайқы төс» дегенге балама табасыз-ау, ал «қаздиып алғанды» не дейсіз? Ең аяғы «қараны» қайтып бересіз? «Черный» дейсіз бе, «чернявый», «смуглый» деп жазасыз ба? Біреуі де лайық емес! Ойланасың, әрі-беріден соң бірдемені, соң бірдемені құрбандыққа шаласың, тастап кетесің. Міне, сөз сайын бір кедергіге тап боласың да отырасың. Жолма-жол аудармашы сен шешімін таппасаң, көркем аудармашы, басқа тілге тәржімашы да, сарапшы редактор да жаңылысады, төл мәтіндегі шынайы ұғымды тап баспайды, «опщым ғаторый» қылып, үфит-сүфитпен шығады, төл нұсқаның мәнін жоғалтады.

«Аңғал-саңғал адыра дүниенің түбіне жете алмай, пұшайым болып өткен ата-бабалар сияқты бүгінгі ұрпақтың да қарық қылмасы белгілі болды».

Сырттай қарағанда қарапайым ғана, құйтырқы астары жоқ сөйлем. Ал орысшалайық. «Аңғал-саңғал» қос сөзіне нендей балама бар? «Адыра, дүниені» — проклятый, лживый, фальшивый, вздыбленный, ощетинившийся, расползший, опоркинутый, перевернувшийся мир дейміз бе? «Пұшайманды» не десек екен? «Қарық қылмысы» орысша қалай болады? Бұл жеке-жеке тіркестерді бірдеме қылып, орысшалағаннан кейін бас-аяғы бүтін сөйлемді қалай қиыстырамыз?

Сөз сайын, сөйлем сайын аудармашыны аяқтан шалатын жұмбақтар осындай.

«Қан мен тердің» жолма-жол аудармасының «шорнабайы» қайда қалғанын білмей, өкініп жүрмін. Әбең екеуіміздің сонау 1963-68 жылдары қатар отырып қиямет ісіміздің нобайы көп нәрсеге көз жеткізген болар еді. Ісіміз көбінесе қиын жүретін. Он-он екі сағат тапжылмай отырып, кей күндері бір абзацпен шектелетінбіз. Мен жасаған аударманы екеулеп түпнұсқамен салыстырамыз, жөндейміз. Шым-шытырық, әбден умаждалып, быт-шыты шыққан сөйлемді Әбең ерінбей-жалықпай әдемілеп көшіреді. Әбеңнің орысша сауаты мықты деп айта алмаймын. Орысша, Қазақша грамматикадан тіпті мақұрым. Жұрнақты жалғаудан айыра алмайды. Сабақтас, салалас, аралас сөйлем дегенді өмірі естіген емес. Жазу ережелерінің бәрін белден басып жүре береді. Бірақ біраз нәрсені сезеді, аңғарады. Жат, бөтен сөзге жаны қас. Көшіріп отырып күрсінеді, күңіренеді. Бір сөзге екінші сөзді мінгестіріп, оны іле-шала сызып, тың сөз іздеп, сызғылайды келіп, өзін де, басқаны да әуре етеді. Шыдамдылығында шек жоқ. «Адамдар маймылдан жаралған деуші еді. Сіз, Құдай біледі, түйеден жаралғансыз. Кәдімгі Аралдың көнбіс түйесінен», деп ара-арасында қырсығып, қитығына тиемін. Сонсоң Әбеңнің әдемілеп, тәптіштеп көшіргенін мен одан бетер әдемілеп, тасқа басқандай қылып көшіремін. Ертеңіне тағы шимай-шимай етеміз. Енді бітті-ау, бір қалыпқа келген шығар деп мәз болып отырғанда, Әбең дәу қызыл қарындашпен өші бардай әлгі машақатты абзацты өршелене сызып, «согласись, бала, осының өзі түкке керегі жоқ» дейді. Сол кезде мен жарылып кете жаздаймын. «Апыр-ай, керегі жоқ болса, пәлен күннен бері несіне ақ тер, көк тер болдық?! Қайран еңбегім-ай!..»

1964 жылдың жазында Арал теңізінде, Тұщыбастың жағасында бір жарым айдай жатып, аудармамызды қарадық. Сонда Әбең орысша баламасы анықталмаған ұғымдардың сөзтізбесін жасады. Соның бір парағы таяуда қағаздарымның арасынан шықты. Біз сол кезде төмендегі сөздерге балама таба алмай қиналған екенбіз: қосүрей, қыпылықтау, безеріп, безбүйрек, босаңсу, дініне берік, құяң, шімірікпеді, желігу, кіжініп, заңғар, зығырданы қайнап, мауқын басты, мүләйімсіп, елеңдеп, езіліп отырды, түтігіп, томсырап, сазарып, солқылдатып сорды, жөңкіп, сығып, тағысын тағылар. Кейбір сөздерге жақшаның ішінде я менің, я Әбеңнің қолымен жазылған орысша түсініктемелер бар, бірақ біздер оларға сол кезде қанағаттанбаған болуымыз керек болар-ау деген пиғылмен орыс жазушылары Лесковтан, Астафьевтен, Беловтан, Распутиннен, неше түрлі сөздіктерден көшіріліп алынған сөздер мен сөз тіркестері жүр. Солардың біразын аударма мәтініне кіргізген де шығармыз.

Біздің шығармашылық лабораториямыздың көрінісі, міне, осындай. Әрине, бұл аударма саласындағы бірден-бір дұрыс жол деп ақи-тақи қорытынды шығармаймын.

Ал одан көп жылдар бұрын (50-жылдардың басы болу керек), Әбең Мәскеуде оқып жүргенде профессор Машановтың «Русско-киргизский словарь» (Орынбор, 1899 ж.) деген еңбегін қолға түсірген екен. Ленин атындағы Мемлекеттік кітапханадан ба, әлде Орталық кітап палатасынан ба, білмеймін. Машановтың сөздігі Әбекеңе қатты әсер еткен болу керек. Өз қолымен бірде қарындашпен, бірде қаламмен он бес беттейін көшіріп алыпты. Онысын дәптер қылып, сыртына көзілдірік киген бір адамның суретін салып (Машанов па, әлде көшірушінің өзі ме?), ұзақ жылдар бойы парақтаған сияқты. 1964 жылы сол дәптер менің қолыма тиген. Содан бері менде сақтаулы. Түбінде Әбеңнің мұражайына табыстармын.

Машановтың кітабын өз басым көргем жоқ. Білетінім – Әбеңнің көшірмесі. 107 жыл бұрын жарық көрген сол сөздіктен бірер мысал келтірейін.

Слямзить, стибрить – жымқыру

Монтаны, жәдігей – притвора, лицедкй, ханжа, лицемер

Провал – жар, нұра, ойылған жер

Бедовый – пәлекет, пәле

Сальник – шарбымай

Сословие – сой

Доморошенный – қолтума

Жеманный – көлгір

Испловедание – тоба қылу

Кила – (у баранов) – қортық (у людей) – жорық

Сочельник – шек

Блуд – зина

Тютюшки — әлди

Тетива — керіс

Болото – қопа

Топь – батпақ

Отава – шөжік

Пигалица – тарғақ

Пирог – бүрменан

Червячка заморил – жүрек жалғап алды

Разругали на все корки – ит терісін басына қаптады

Челобитие – аяққа бас ұру

Акация – шепіршін, шығыршын

Типун тебе не язык – тіліңе түйме шыққыр

Удод – бәбісек

Геенна – тамұқ оты

Мыслитель – ойшыл, ойгер, білімпаз, білгір, зиялы, оқымысты, ғалым, дана, данышпан, кемеңгер, ақылман

Гриф – күшіген

Кобчик – жағалтай, тұйғын

Откладывать в долгий ящик – сыйырқұйымшақтату

Благоволение – марқаматы түсу

Вид – түр, кескін, сиық, сымбат, тұрпат, келбет, нобай, нұсқа, көрік, әлпет, шырай, рең, тұлға, ұсқын, айбар, пыс, кейіп, сұрық, ажар, мүсін, пішін, бейне, сын, өң, көрініс, тағысын тағылар

Тоқтатайын. Байқадыңыздар ғой, бүгінде беймәлім профессор Машанов осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын орыс пен қазақ сөздік қорын терең меңгеріп, небір сирек кездесетін сөздерді маржандай теріп, тізіп, соларға балама іздеген. Сол қасиеті, сол ерекшелігі, тілге деген ыждаһаттылығы жазушылықты армандаған жас Әбеңді (Нұрпейісовты) де тәнті еткен. Тіл өнерін игерем деген адамның талабын, ұлағатты, үлгілі әрекетін осыдан-ақ байқаймыз ба?


Қазақ тілінің өркендеп, өсіп, дамып, ішкі қуатының мейлінше ашылып, табиғаты айқындала түскен тұсы әсіресе орыстың классикалық прозасын аударуда көрінеді. Қазақтың бұл саладағы көрнекті шеберлері оқырман қауымға кеңінен танымал. Мысалы, біздің заманға жақындап айтсақ, еске ең алдымен майталман аудармашылар – М.Жанғалин, Н.Сыздықов, Х.Сыздықов, Ж.Ысмағұлов, Ә.Жұмабаев, К.Юсупов, Н.Шәкеев түседі. Бұл азаматтардың аудармашылық өнері арнаулы зерттеу, диссертацияларға азық бола алады.

Толстой, Достоевский, Тургенев, Чехов, Шолохов, Леонов, Паустовский шығармаларын қазақша сөйлеткен аудармашылардың еңбегі ерен. Табиғаты, құрылымы, сөз саптауы бөлек, бай, құнарлы тілге бояуы қанық. Дәлме-дәл я сәйкес балама табу – сирек өнер. Соған қазақ тілінің байлығы, күш-құдіреті, бояу-өрнегі, бейнелілігі, өресі әбден жетіп жатыр екен. Біздің кәсіби аудармашыларымыз осыған көзімізді жеткізді. Бұл, сайып келгенде, ұлттық мәдениеттің шынайы деңгейін айғақтап, паш етпей ме?

Былтыр қолыма Исай Калашниковтың көлемі 74 (!) баспа табақ «Жестокий век» деген романының қазақшасы тиіп еді. Қазақша атауы «Сұм заман», тәржімасын жасаған Нұрғазы Шөкеев. Баяғыда романның түпнұсқасын оқығанда, мен оны конспектілеп, аударуға қиындау деген сөз бен сөз тіркестерін көшіріп алып едім. Енді сол үзінділер қазақшасында қалай шықты екен деп қалыңдығы бір қарыс екі томды парақтағанда байқағаным: аударма жатық, кейіпкерлері шынайы қазақ тілінде сөйлейді, оралымдары, теңеулері, ырғақ-мақамы, баяндау тәсілі түпнұсқадан бір де кем емес, тіпті ең қиын деген жерден кәнігі аудармашы мүдірмей, сүрінбей өтіп, әдемілеп қиыстырып, нанымды, ақылға, қонымды, жүрекке жылы тиетіндей қылып аударған. Әр жерін оқып сүйсіндім, аудармашының тапқырлығына иландым, салыстыра отырып, нақты мысалдар келтірейін десем, онсыз да аш ішектей шұбатылған мақалам тым жайылып, ұзарып кететін түрі бар. Ойыма келгені: осындай ерен еңбекті тілші студент, әдебиетші магистрант, аспирант, диссертанттар егжей-тегжейлі талқылап, тереңдеп зерттеп, зерделесе, нақты мәні бар, ұлағатты шаруа болар еді-ау…

Герольд Бельгер

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *