«Заманбекпін, ешкім де жоя алмайтын»

«Қазағымның бай тіліне

Тәңірімдей сыйындым!»

Мұны айтқан мен емес. Ол! Имандай, жүрекжарды сөзі. Жалғандығы, қоспасы жоқ, шынайы түйсігі. Әңгіме де автордың бітім-болмысы жайында емес. Аудармалары жайында болмақ. Шығармашылығы төңірегінде өрбімек.

Оппозициялық жиындарда қалың жұртты қыздыра сөйлейтін, тіпті ашықауыздыларды қорқыта, үркіте, шошыта білетін, сұм-сұрқия саясаттың түбін түсіретін бұл азаматтың Хафиз, Рудаки, Омар Хайам, Руми, Сағди жайында терең толғанып, орыс поэзиясының дүлдүлдерін қазақшаға тәржімалауы маған біртүрлі қиыспайтындай, сенімсіздеу, жұмбақтау болып елестейтін. Е-е… мазасыз жұмыстан алыстатылған, биліктің қаһарына ұшыраған, бірбеткей, қайсар жанның қамаудағы жаралы арыстанның жай әншейін ермегі, хоббиі, құмарлығы болар деген ой келетін. Өлеңмен ауырмаған қазақ, мен білерде, шамалы ғой.

Кейінірек, қаза болардан шамалы бұрын, маған арнайы жіберілген, дизайны, ою-өрнегі, өң-пішіні келіскен жыр кітабын парақтап отырып, алғашқы жаңсақ пікірімді күрт өзгертуге мәжбүр болдым.

Әрине, кәсіби ақын емес. Әдебиет деген ауылдан алыс қонғанын өзі де мойындайды. «Көркемдік деңгейі жағынан олқы соғып жатуы да мүмкін» дегенді оқырман қауымға алдын ала ескертеді. Дегенмен, поэзияда кездейсоқ жолаушы емес екен. Жаны да нәзік. Түйсік-түсінігі біршама. Ішкі дүниесі бай. Былай дейді: «Менің шығыс жырларына деген құмарлығым сонау балалық шақтың бал кезінде оянды. Кейін ержетіп, ат жалын тартып мінген азамат болсам да, әдебиетке деген құмарлығым еш суыған емес. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын басқа саланың адамы болсам да, қазақтың ақын-жазушыларының үздік шығармаларын тауып алып оқитын едім. Оның үстіне өзімнің де өлең жазуға ынтам бар-ды».

Шығыс адамдарына ол неліктен сонша әуес болды? Жауабын тыңдайық:

«Хафиз Ширазидің, Сағдидің, тағы басқа шайырлардың ғазалдары мен бәйіттерін қайталап оқи беретін болдым. Олардың жырларындағы құдіретті күшті тұла боыммен сезіндім. Бұл жырлардағы өмірге деген махаббат, аруларға деген мөп-мөлдір сүйіспеншілік, сол дәуірдегі халықтың тұрмыс-тіршілігі, ел билеген шахтардың әділетсіздігі, мұсылман дінінің құдірет күші, қым-қуыт өмір көріністері ХХІ ғасырда өмір сүріп отырған мені қатты толғандырып, әртүрлі ойға қалдыратын».

Иә, түсінікті. Бұл – себеп. Ал салдары ше?

«Қанша жүрексінсем де, қанша өзімді сабырға шақырсам да, менің еркімнен тыс сүрген ғаламат күш қолыма қалам алдырып тынды».

Поэзияның бұл ғаламат күшін мен екі жыл бұрын Алматыда шыққан «Шығыс жыры. Орыс жыры. Шындық жыры» деген кітаптан байқап отырмын. Енді осы кітап жайында нақтылау айтайын.


Кітаптың бірінші бетін автор қызыл сиямен өрнектепті. Жазуы тасқа басқандай: анық, ашық, айқын.

Аса құрметті, Герольд аға!

Хафизді оқып шығып, ұлы француз жазушысы Луи Арагон: «Воспевайте только любовь, остальное все преступление!» – депті. Мен оны:

Тек махаббат алғаным,

Қылмыс деймін қалғанын!» — деп айтқым келеді.

Шын жүректен және ізетпен

Заманбек Нұрқаділов.

25.05.05 ж. Үй тел.: 60 77 77

Алматы қаласы».

Бары осы. Мен бұл арнауды Зәкеңнің аманаты деп қабылдадым.


Қазіргі қазақ ақындарының көбін Зәкең біледі екен, қадағалап оқиды екен. Ерекше ілтипатпен Иран-Ғайыпты, Исраилды, Серік Тұрғынбековты атайтын. Біраз ақындардан көңілі қайтқан екен: анау үндемей кетті, мынау байып алып, тоқырады, тағы бірі өзін-өзі қайталаумен, күйіс қайырумен жүр, енді біреуі ода арбалап, саудаға көшкен, анасы сөз ойнатып, жаңылтпашпен айналысып кетті… «Бұл күнде сенетін адамың да қалмады. Ашық сөйлесуің де қиындады. Мына кітабымды да төрт-бес адамға беремін».

Кітабын сыйлайтын төрт-бес адамның атын атады.

Даусы әлсіз шықты. Өмірден түңілген, шаршаған адамның кейпі. Сөзінің бәрі жан сыры сияқтанды. Ойыма Абай орала кетті: «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным!» Бір таныс жазушының сөзі еске түсті: «Бәрі бар, бірақ ештеңе жоқ». Расул Гамзатов та үйіне телеграмма соққан екен: «Сижу в Президиуме, а счастья нет». Сол жалғыздық Зәкеңе де кісен-бұғау болған екен…


Заманбектің кітабы қалай құрастырылған? Мазмұнына сәл тоқтайық. Кітап үш бөлімнен тұрады: Шығыс жыры; Орыс жыры; Шындық жыры. Бірінші бөлім Хафиз, Омар Хайам, Жәләләддин Руми, Омар ибн Әбу Рабиа, Әбу-әл-Атахия, Әбу-әт-Тайиб әл-Мүтәннаби, Әбу Абдулла Рудаки, Сағдидің аудармалары құрайды. Екінші бөлімге Зәкең тәржімалаған А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, Н.Гумилевтің, И.Северяниннің, А.Феттің жиырмадан астам шығармасы енген. «Шындық жыры» бөлімінде автор өзінің отыз екі өлеңін берген. Кітаптың авторлық алғысөзі бар. Кітап жақсы безендірілген. Көлемі 25 баспа табаққа жуық. Таралымы – үш мың дана. Өлең кітабы үшін тәуір көрсеткіш.

Аудармашы өз шамасын білген. Шығыс пен орыстың ұлы ақындары Зәкеңе дейін де сан рет қазақ тіліне аударылған. Және де осы қандай ақындар аударған десеңізші! «Солай бола тұрса да, бұл жағынан да өз күшімді сынап көрмек болдым», – деп ағынан жарылады тәржімашы. Еркін аударғанын баса айтады. «Шығыс ақындарын мен орыс тілінен аудардым ғой. Араб, парсы тілдерін білмеймін. Шіркін, маған сол тілдерден біреу жолма-жол аударма жасап берсе! Мен сол адамды соавторлыққа алар едім», – деген еді маған Зәкең.

Қалай болғанда да, Зәкең аудармашылық өнерін асыра бағаламаған. Алғысөзінде былай дейді: «Сөз жоқ, Шығыс жыры, оның ұлы тұлғаларының әлем әдебиетінен алатын орны ерекше. Бұл жөнінде Гетеден бастап, Пушкин, Лермонтов қостап, аузы дуалы ұлы ақындар небір ғажайып сөздер жазып кеткен. Менің олардан асып ештеңе айта алмайтыным да рас. Өз басым керемет әдебиетші, ақын-жазушы болмасам да, әдебиет сүйетін қатардағы бір адам ретінде кез келген қаламгердің тісі бата бермейтін үлкен іске барғанымды қалай бағаларымды білмеймін. Оның төрешісі – өздеріңіз, қадірлі оқырман».


Мен де төреші бола алмаймын. Шын мағынадағы кәсіби төреші болу үшін мен ең алдымен жоғарыда аты аталған Шығыс ақындарының орысша тәржімаларын тауып алып (түпнұсқасын болса да оқи алмаймын ғой), әрбір ғазалын, рубаятын қазақша аудармасымен мұқият салыстырып, мазмұнын, философиялық мәнін, астарын, көркемдік ерекшеліктерін айқындап, синтаксистік, морфологиялық, фонетикалық талдау жасап (академик Л.В. Щербаның жүйесі бойынша), шығармашылық-өнериет деңгейінің анық-қанығына жетуім шарт. Ол дегенің – машақат шаруа. Онда менің мақалам ерен зерттеу еңбекке, трактат, диссертация, монографияға айналып, оқырманды әбден мезі қылар еді.

Менің алдымдағы мақсат басқа: Зәкеңің бізге қалдырып кеткен әдеби кітабына оқырманның назарын аудару, Зәкеңнің шығармашылық істеріне көңіл бөлу, қал-қадарымша аталмыш кітаптың есімін жаңғырту, талантты адамның ішкі иірім-құбылыстарына үңілу.

Сондықтан бірнеше нақты мысалмен шектелмекпін.


Зәкең еркіндеу аударған. Өзіне оңтайлы қалыпқа салған. Салыстырып қарағанда, көз жеткізгенім – Зәкең ғазал, рубаяттардың рет санын сақтамаған, оларды өзінше бөлшектеген, айталық, бір рубаяттың бір жолы аудармада екінші рубаятқа ауысқан, орысша нұсқасы мен қазақша аудармасы кейде сәйкес келіп, кейде қабыспай қалады. Кітапта төрт жолдық шумақтар бөлінбей, ажырамай, тұтас өлең ретінде беріледі. Кейде бір өлеңде төрт-бес, я тіпті сегіз-тоғыз рубаятты бір-ақ кездестіреміз. Рубаяттардың орысша-қазақша мазмұндас жақындығын, туыстығын іздеп әуреге түсесіз. «Осы ма? Осы емес пе?» деп таң қаласыз. Қазақшасын жеке-дара оқығаныңыз тәп-тәуір, жатық, әуені жақын, «теп-тегіс, жұмыр келген айналасы». Орысшасын іздейсіз – бірдемелер бөлектеу, өзгешелеу, басқашалау сияқты.

Омар Хайамның мына рубаятын тыңдап көріңізші:

Таңсәріде оянады – гүлім менің,

Самал желмен боянады – гүлім менің,

Жаңа ғана ашылды –гүлім менің…

Қаһар әрең басылды – зұлым ба едің?

Біз білетін Омар Хайамның таныс әуені, жағымды мақамы. Жүрекке жылы тиеді. Солай емес пе?

Бірақ, орысшасын қанша ақтарсам да таба алмадым. Дерегі маған бейтаныс. Сәл күмәнділеу болып тұрғаны – соңғы бесінші жол. Рубаяттың ежелгі түріне, табиғатына қиынсыздау келіп тұр. Әлде Зәкең белден басып, өзі қосты ма екен?

Шайхы ұрсыпты әйелге:

«Сені құдай атқан шын!

Сен тәніңді саудалап

Кіммен кеше жатқансың?!»

«Мен, – деп жауап беріпті,

  • Шынында да солаймын,

Сен бе сонда сатылмаған,

Шайхымысың өзің шын?»

Орысшасы О.Румердуң аудармасында былай екен:

Блуднице шейх сказал:

«Ты, что ни день, пьяна,

И что ни час,

То в сеть других завлечена!»

Ему на то: «Ты прав,

Но ты-то сам таков ли,

Каким всем кажешься?» — ответила она.

Зәкеңнің аудармасына нақ осы жолдар негіз болды деп айта алмаймын. Бірақ, «блудница» – «әйел» емес, әйел қауымының бір өкілі ғана. Оның қазақша өз атауы бар. «Кіммен кеше жатқансың?» дегенде «в сеть других завлечена» дегеннен гөрі тұрпайылау, дөрекілеу естіледі. Поэзия сиқыры жоғалып кеткен бе, қалай?

Енді Сағдиден бірер мысал:

Таңғы самал, Ширазға сәлемдеме алып бар,

Осы жолда шаршамай, қанатыңды қағып бар.

Сыбырлашы: жалғызбын, себебін біл қуатын?

Ауа жұтқан байлық па?

Толқын ба құм жуатын?

Орысшасы (В.Державиннің аудармасында):

О утренный ветер, когда долетишь до Шираза,

Друзьям передай этот свиток рыдающих срок.

Шепни им, что я одинок, что я гибну в изгнанье,

Как рыба, прибоем извергнутая на песок.

Шынымды айтсам, тек орысшасын оқып шыққаннан кейін ғана қазақшасын түсіндім. Қазақшасы тәп-тәуір сияқтанып еді, бірақ бір кілтипаны бар екен. Гәп неде? Таңғы самал Ширазға қандай, кімге сәлемдеме жеткізу керек? Сөйтсе, ақын достарынан айырылып, қуғынға ұшырап, жалғыздықтан құса болып жүр екен ғой. Шумақтың негізгі айтары, лирикалық кейіпкерлердің таңғы самалмен жіберген сәлемдемесі де – «я гибну в изгнанье» дегенге тіреліп тұр ғой. Әттең, аудармада осы жағы көмескілеу шыққан екен.

Енді мына шумаққа көңіл аударайық. Зәкеңнің аудармасында Сағди былай дейді:

Өлсем, сенсіз жұмақ жоқ, жұмақ берсе төрін де,

Сені көрмей бармаймын, қалам осы жерімде.

Сенсіз жұмақ тозақ қой, жұмақ маған тұрақ па?

Өкпелетпес мені Алла, кездесерміз, бірақ та.

В.Державин аудармасында орысшасы былай өріледі:

Если в рай после смерти меня поведут без тебя, —

Я закрою глаза, чтобы светлого рая не видеть.

Ведь в раю без тебя мне придется сгорать, как в аду.

Нет, Аллах не захочет меня так жестоко обидеть!

Қазақша аудармасына менің тағар кінәм жоқ.


Дегенмен Зәкеңнің жүрегінің түгі бар екен. Көз жұмып, тәуекел етіп, Пушкиннің сөзін тәржімалауға барды ғой. «Татьянаның Онегинге хатын» аударды емес пе?! Абайдан кейін! Қалай?! Батылы қалай жеткен?! Мұнысы ерлік емей, немене?! Оны аз десеңіз, Михаил Лермонтовтың «Ақын өлімін» және «Бородиносын» да қазақша сөйлетті. Әлбетте, бұл шығармалар егжей-тегжей талдауға сұранып-ақ тұр. Бұл – кем дегенде магистрлік зерттеудің тақырыбы. Шынында да орыс классиктерінің хрестоматиялық танымал шығармаларын қазақ ақындары қалай, қайтіп аударды? Оларға Заманбек Нұрқаділов үлес қоса алды ма, жоқ па? Аудармашылар додасында өзіндік таңба көрсетті ме, жоқ па? Жан-жақты талқыламай тұрып, мен бұл мәселеге төрелік етпей-ақ қояйын. Ал Пушкиннің екі ертегісін Зәкең қалай аударғаны жайында бірер мысал келтіргенім орынды болар.

Пушкиннің әйгілі ертегісі «Сказка о попе и о работнике его Балде» деп аталынады. Пушкин оны 1830 жылы Болдинода орыс фольклорының желісімен жазған. Орыс ертегілерінің қарапайым, еркін баяндау машығымен («раешный смтих») жазылған. Бір оқығаннан есте қалады. Саяси цензура бұл ертегіні попты келемеж етті деген сылтаумен бастырмай тастаған. Пушкин о дүниелік болғаннан кейін, 1840 жылы Жуковскийдің редакциясымен тұңғыш рет жарық көрген. Онда да поп өңі айналып, «Көпес Кузьма Остолоп» болып шыққан. Енді сол ертегінің Пушкин жазған нұсқасын естеріңізге салайын:

Жил-был поп,

Толоконный лоб.

Пошел поп по базару

Посмотреть кой-какого товару.

Навстречу ему Балда

Идет, сам не зная куда.

«Что, батька, так рано поднялся?

Чего ты взыскался?»

Поп ему в ответ: «Нужен мне работник:

Повар, контюх и плотник.

А где найти мне такого

Служителя не слишком дорогого?»

Сырт қарағанда қазақшалағанға қиын да емес сияқты. Попты амалсыздан поп дейсіз. Молда дей алмайсыз ғой. «Толоконный лоб» дегенді не десек екен? Бұл попқа керемет табылған мінездеме. Орыс поптарының көбі халық аузында «толоконный лоб». Ал, оның мағынасы не? Миғұла, ақымақ, жарымес, әйгүдік. Маған сенбесеңіз, Дальды, орыстың академиялық сөздігін қараңыз. «Дуракқа», мен білсем, қазақ тілінде де қара шегірткедей өріп жүр. Енді Балданы не істейміз? Балданың орысша мағынасы көп: дылда, болван, балбес, дурень, баламут, ебедейсіз, ұзынтұра, тупица, бестолковый, малоумный, тағы тағылар. Осының бәрін бір басқа жинасақ, тұп-тұтас Балданың өзі шыға келеді. Демек, қазақша Балданы өзгеше атаған жөн. Қазақ тілінде оған балама болуы дау туғызбайтын шығар.

Ал аудармашы Зәкең қандай амал тапты? Ертегінің атын «Поп пен қызметші Балда туралы» депті. Мұнда ойнамай тұрғаны, әлбетте, Балда.

Зейін аударыңыз:

Бет-аузы толған әжім бір поп өмір сүріпті.

Білу үшін базар жайын саудаласып жүріпті.

Дәл алдында жүрді Балда, барар жерін білмейтін,

«Не, қазірет, мына таңда едіңіз боп жүрмейтін?»

Поп айтады: «Іздегенім қызметші болады,

Аспазшы, атшы, бір балташы, іздегенім, сол әні.

Сондай жандар маған керек аз алатын ақыны».

Аударманың баяндау ырғағы түпнұсқадан өзгеше екені көзге бірден түседі. Тынысы басқа. Пушкин ауызекі әңгіменің әуенімен суреттейді.

«Бет аузы толған әжім» – Зәкеңнің ойдан шығарған мінездемесі. Ол «Толоконный лоб» бола алмайды. «Балдаға» да басқа балама сұранып тұр. Ал жалпы нобайы дұрыс деуге болады.

Енді ертегінің орта тұсынан бір мысал келтірейін:

Вот из моря вылез старый Бес:

«Зачем ты, Балда, к нам залез?»

  • Да вот веревкой хочу море морщить,

Да вас, проклятое племя, корчить

– Беса старого взяла тут унылость.

«Скажи, за что такая немилость?»

  • Как за что? Вы не плотите оброка,

Не помните положенного срока,

Вот уже будет вам потеха,

Вам, собакам, великая помеха. –

«Балдушка, погоди, ты морщить море,

Оброк сполна ты получишь вскоре,

Погоди, вышлю к тебе внука».

Бірауық қазақшасына үңіліп көріңіз:

Көк теңізден бір бақырып, кәрі сайтан көрінді:

«Балда, тұрсың сен шақырып, білмек пе едің жөнімді?»

«Мына арқан төзімді екен, теңізді мен төңкерем,

Байлап алып өзіңді мен ат артына өңгерем».

«Сонша қандай кінәм бар-ды, не бүлініп қалыпты?»

«Сенің үлкен кінәң бар-ды төлемепсің салықты»

«Сен тұра тұр, оу, жарқыным, мен төлеймін салықты,

Немереде, оу, жарқыным, затым ұмыт қалыпты,

Қазір келер ол немерем, сол төлейді салықты»…

Салыстырдыңыз ба? Не деуге болады? Түпнұсқаға жақындығы даусыз. Уақиғаның өрбуі қазақтың байырғы сөз саптауына келеді. «Балдушканың» «оу, жарқыным» болып шығуы – тапқырлық, орынды. «Ат артына өңгерем» дегені қазақтың құлағына дөп тиеді. Кәрі сайтан мен Балданың диалогы көңілге қонымды. Екі қазақ сөйлесіп тұрғандай. Ал «қалыпты», «салықты» ұйқысының әлденеше рет қайталануы көзге сүйел.


Зәкеңнің аудармаларынан «Ә, бәрекелді!» немесе «Қап, әттеген-ай!» дейтін тұстар көптеп табылады. Қазақша мәтінін оқысаңыз, көбіне-көп риза боласыз. Тұпнұсқасына үңілсеңіз – ойланып қаласыз. Ленин мұндай жағдайда айтады екен: «Түпнұсқасын әкеліңіз, сонсоң сөйлесейік», — деп. Бірден бір дұрыс ұстаным.

Иә, аударма дегеніміз құйтырқысы көп дүние ғой. Ұтылыс болмай қоймайды. «Перевод – прежде всего искажение» деген Белинскийдің сөзінде мән бар. Зәкеңнің аудармаларынан көзге ұрып тұрған өрескел «искажение» таба алмадым. Екі тілді бірдей жақсы түсінген, түйсінген азамат қой. Табиғат берген қабілетін, мүмкіншілігін көрсете алған. Олқылықтар да ұшырысады.

Енді Зәкең жоқ. Сонда бұл әңгіменің жөні қайсы? Жөні бар. Зәкеңнің өзі жоқ болса да, кітабы қалды. Көп кітаптың бірі емес, сөз етерлік кітап. Үндемей қалғанымыз жарамас, жараспас. «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» демеуші ме еді Абай? Үлгі үшін рахметімізді айтайық…

Герольд Бельгер

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *