Заман талабынан туған жаңа сөздерді тіл ғылымында неологизм дейді. Ондай сөздер ерекше бай саналатын, дүниежүзі мойындаған, әбден қалыптасып болған тілдерде көптеп кездеседі. Неміс жұртшылығы бұл күнде зар жылайды: бей-берекет қолданылып жүрген ағылшындардың, американдықтардың кірме сөздерінен, жастардың жасанды сленгтерінен, көше жаргондарынан германдықтар аяқ алып жүре алмайтын халге жетті, бірін-бірі түсінуден қалды. Қазіргі неміс тілі ағылшын сөздерімен шұбарланғаны сондай, екі тілден құралған гибрид шықты. Бұрынғы Гете, Шиллер, ағайынды Манндардың (Генрих пен Томас) тілі таза Deutsch болса, енді оның орнына Denglisch деген тіл пайда болды (Deutsch, English деген сөздерден қосақталған). Германиядағы бүгінгі жарнамалардың дені ағылшын тілінде беріледі. Жастар екі сөздің бірін ағылшынша айтады және мұны өзінше сән көреді. Тіпті «мен сені сүйемін» дегенді ана тілінде емес, ағылшынша айтатын болды. Немістің байырғы, әуезді, сыпайы «Liebe» (махаббат) дегені анайы, тұрпайы «Sex»-ке айналғалы қашан! “Guten Tag!” деген сәлемі жастардың қолдануында «Hallo», «Hi», «Hey», «Eih», «Scha-Lom», «Не» сықылды одағайға айналды.
«Madchen» (қыз) ұғымы 370 рет құбылып, түрленіп «ALTE» (кемпір, кейуана), «Puppe» (қуыршақ), «Biene» (ара), «Fliege» (шыбын), «Kirche» (шие) сықылды теңеу- шендестіру атауларына көшті. «Schule» (мектеп) – «маймылдардың мекеніне» (Affenbude) айналды. «Наркотик» дегеннің адам түсінбес отыз-қырық шақты атауы бар. «Мен сені ұнатамын» деген қарапайым ғана тіркестің орнына бүгінгі неміс жастары: «Кел, бір Распутинді жасап жіберейік»; немесе «товарищ болайық»; немесе «қанымызды қыздырып алсақ қайтеді?» деген мағынада сөйлейтін болыпты. «Иә, шыбыным, торпағым, секске шабытың жоқ па?» дейді. Әлбетте, олар Гетенің шынайы махаббат лирикасын күні әлдеқашан өтіп кеткен архаизм деп қабылдайды.
Иоганн Варкентин (кеңестік неміс, бірақ отыз жылдан бері Германияда тұрады) қазіргі немістердің тіл қолданысын өткір сынап-мінеп, пародия жазған. Үш неміс футбол ойынын қызықтап, көргенін бір-біріне баяндайды. Біріншісі берлиндік диалектте сөйлейді. Екіншісі – мосқалдау келген неміс әңгімесін 30-40 жыл бұрынғы неміс мақамымен айтады. Бүгінгі германдық жас жігіт ағылшын сөздерін молынан араластырып, тілін шайнап, өзеурейді. Нәтижесінде, үш неміс бірін-бірі түсінбей, аңтарылып қалады.
Қазіргі орыс тілінде «деньги» ұғымының жүзден асқан жаргон атаулары бар екен (вашингтон, дед, карась, кусок, лимон, лебедь, лодырь, попугай, угол, бабки, черви, тағысын тағылар). Ал «проститутка» деген сөздің жүз қаралы баламасы қолданылады (камбала, кожа, королева, марха, мочалка, полундра, киса, канава, «марксистка», тағысын тағылар). Бұл мәліметті мен А.Н.Королевтің «Оскорбление сакральности» деген мақаласынан алып отырмын (ЛГ, 17.04.01).
Жаһандану дәуірінде бұл ауру бел алып барады. Тіл полициясы да қауқарсыз.
Әлбетте, бұл тақырыпта қазіргі орыс, неміс тілдерінен әлі де көптеген мысалдар келтіруіме болар еді, бірақ дәл қазір менің айтпағым басқа. Әңгіме бүгінгі қазақ тіліне селдей жайылып, жан-жақтан қаумалап, табиғи тілді шұбарландырып жүрген жаңа я кірме сөздер жайында болмақ. Әрине, мұны басқалар да аз айтып жүрген жоқ, бірақ бұл орайда көлденең көк атты, атасы басқа милләт өкілінің көзқарасын білдірмекпін.
«Ана тілі», «Парасат», «Қазақ әдебиеті», басқа да қазақ басылымдарында үзбей жарияланып жүрген жеке адамдардың ұсыныстарына, мемтерминкомның шешімдеріне мен әрдайым назар аударумен келемін. Көңілге қонатын, қазақ тілін байытуға ықпалы тиетін неологизмдер, әрине, аз емес, олардың біразы қазақтың сөздік қоры төрінен орын алып, халықтың санасына кіріп үлгерді. Ал кейбірлеулері өзінің жасандылығымен көзге ұрып, құлаққа түрпідей тиіп, көңілге тосын, жат болып келетіні де даусыз. Қазақ тілін жаңа сөздермен байытқан, олқылығын толтырған, қалың жұрт мойындаған «неологист» Ісләм Жарлығапов (оқырман, көрермен, суреткер, қаламгер, аялдама, қазанама, балмұздақ, ғаламшар, орынтақ, тағысын тағылар), Хайдолла Тілемісов (баспагер, қызанақ, сүріжер, дәмдеуіш, балұя, теңгерім, дыбысхана, тағысын тағылар), Сабыржан Шүкірұлы (хошиіс, қонақасы, қыстырма, алғықойылым, думан-кәсіп, арандатпа, үдемелі, мәртебелеу, шұрат, жалғас, сарапшы, құндақ – орысшасы издатель, тағысын тағылар), Бабақұмар Қиянатұлы (ғарышкер, хаттыс-конверт, ұранот – салют, қолдорба – сумка, бағдарғы – компас, құрылғы – аппарат, бітім — структура), Дәркембай Шоқпарұлы (желек – фата, жарғақ – замша, ведер –рельеф, ұнжелім –клейстер, қайысшы – шорник, сызбар – циркуль, мыскер – медник, қандауыр – скалпель, іскек – пинцет, майқалақ — мастерок) және Дәулет Қияшевтың (ұнтақ – порошок, қайнақ –экстракт, серпін – импульс, қапташа – драже, ақ зат — белок) тапқандары, сол сияқты дәлелдеме (аргумент), дәйектеме (обоснование), уәж (мотив), тәлігер (наставник), бәсіре стипендия (именная стипендия), бағдаршам (светофор), демеуші (спонсор), мерейтой (юбилей), дәйексөз (цитата), пікірсайыс (дискуссия) деген сөздер қазақ тілінің табиғатына сай, ұғынықты, көңілге қонымды, басылымдарда жиі кездесетін, қазақ лексикасына енген жаңа сөздер. Менің түсінігімде, бұл жаңа атаулардың қазақы жаны бар. Әлбетте, қазақ тіліне емін-еркін кірген жаңа сөздер жоғарыда келтірілген сөздермен шектелмейді. Тізе берсем, бірнеше бетке созылары хақ.
Жаңа сөз құрастыруға қазақ жазушылары да о бастан-ақ атсалысып жүр. Мысалы, С.Сейфуллиннің циркке тапқан баламасы «атойын үйі»; І.Жансүгіров демонстрацияны – «думанжүріс», рельсті «табантемір» деген; Ғ.Мүсірепов этикетканы «құлақша қағаз» десе, М.Мағауин будильникті «оятар» дейді; Ә.Кекілбайұлы снегурочканы «қар қаншайымы»; О.Сәрсенбаев глазокты «тесіккөз»; А.Нысаналин эпигонды «дәлдүріш», Ж.Бектұров некрологты «мұнақып» деп баламалайды. Бірақ мен білсем, осы неологизмдердің біреуі де қазақтың сөздік қорына еніп, тұрақтамады. Жоба, ұсыныс дәрежесінде қалып қойды.
Жалпы, қазақ тілінің жанашырлары аз емес. Ниет, түзу, талпыныс орынды. «Өлеңге әркімнің бар таласы» дегендей, екі қазақтың бірі жаңа сөз жасауға шебер-ақ. Негізгі мақсат, әрине, айқын: қазақ тілін мүмкіндігінше байыту, жаңартып отыру, заманауи ағымға сәйкестендіру, өрісін кеңейту, функционалдық, динамикалық қасиеттерін жетілдіру, нәрлендіру, көп мағыналы, әр түбірлі, бай, табиғи морфологиялық, негізінде ақылға қонымды, әуезді, тілге жатық жаңа ұғымдар туғызу.
Жаңа сөз тудыру (словообразование) барлық тілдерге тән қасиет. Ондай мүмкіншіліктер неғұрлым көп болса, солғұрлым тілдің өміршеңдігі анықтала түседі. Мәселен, немістер еш қиналмастан етістіктен зат есім жасай береді (я керісінше). Ол үшін сөзді бас әріппен жазып, алдына үш артикльдің (der, die, das) біреуін қосса – бәрі ұғынықты болып шығады (Leben – жить, das Leben — жизнь). Орыстарда етістікті оп-оңай зат есімге ауыстырады (будить – будильник, играть – игра, звать – зов деген сияқты). Қазаққа да бұл тәсіл жат емес (ойнау – ойын, ой — ойлау).
Жаңа сөз жасауда қазақ тілінің мүмкіндігі тіптен көп пе деймін. Зат есім мен сын есімді, зат есім мен сан есімді немесе мағынасы алшақ екі зат есімді, көне түбірге жаңа жұрнақты я жалғауды оп-оңай, жып-жылмағай қосарлап, қосақтап, жақындастырып, буындастырып, байлап-матап, жаңа мағынадағы сөзді тудыра салады. Және бұған тек жазушы, тілші емес, студент те, жорналшы да, зейнеткер де, отбасындағы әйелдер де шетінен оңтайлы келеді. Бірінен бірі асып түседі. Бірінен бірі өткен маман. Сөзді ойната, құбылта, өрнектей біледі. Маяковскийше айтсақ, бәрі де «языкотворцы». «Былай десек…» деп алып, жаңа атауларды қанар-қабымен, қоржын-дорбасымен тоғыта салады.
Достоевский орыс тілін «скукожить» деген жалғыз сөзбен байытқанын мақтан етуші еді, қазақтар жаңа сөздерді қосақ-қосағымен, үйір-үйірімен қорасына айдап кіргізіп жатыр. Нақты мысалға жүгінейік:
Дача – жайлаужай, робот – құлтемір, медбрат – қайыр, медсестра – хайрия, профилакторий – сақтықжай, меню – тағамат, орбита – шарай.
Қателеспесем, бұл – І.Жарлығаповтың ұсынған неологизмдері. Бұлардың біреуі де әдеби тілге сіңісе қоймады-ау деймін. Немесе:
Аттестация – сараптау, задор – қышыл, импотенция – саспақ (Жетісу өңірінде, жаңылмасам, импотентті сасай дейтін сияқты), недоросль – шәргілдік, шалтай –шәлдүріш (Ж. Нұрмахан); портфель – қолсандық, салют – отжебе, рюкзак – арқақап, зоопарк – хайуанбақ, энциклопедия – мағлұматнама (Б. Қинаятұлы); кювет – бүйірарна, коронка – құралтәж, маневр – шырәрекет, маршрут – жолтәртіп, линза – өтпекөз (М. Түсіппбек); воронка –қуысқұлақ, мининг – дабыра, тротуар – жаяулама, турник – тартылмақ, насморк – сіңбірік, аллея – саялық, имидж – бедел, импульс – күштеме, киносценарий – киномәтіндік, кредо – мұрат, пульс – лүпіл, элемент – титім, эпизод – жылтетпе, этап – саты (С.Шүкірұлы); программа – низам, газета – жариядат, сорт – сұрып, прогресс –алағаят, мэр – уәли, директор – мүдір, публицистика – ғақлия, минерал – арасан (Қ.Жүкеш); лаборант – зертханашы, столяр – ағаш шебері, токарь – төкір, слесарь – сілесір, станция – станса (Мемтерминком).
Сөзімді тоқтатайын айта бермей… Мұндай мысал, ұсыныстар көп. Менің қоржынымда да жетерлік.
Бұл сықылды сөздердің қалай жасалғаны, қандай мақсат көздегені, дәлдігі, көркемдігі, табиғилығы қай шама-дәрежеде екені маған да, оқырман қауымға да түсінікті деп ойлаймын. Бұларды сәтті шыққан балама деп айту қиын шығар. Жұрттың бұл сөздерді тосырқап, қабылдамауына қарағанда, жаппай қолданысқа түспегенін ескерсек, күмәндәніп жүрген жалғыз мен болмасам керек. Бұл балама сөздердің барлығын тек ұсыныс, жоба, вариант деп қабылдаған жөн. Меніңше, барлық орыс, шетел атауларын, әсіресе интернационалдық лексиканы міндетті түрде қазақшалаудың жөні де жоқ (ол пікірді қазақтың мықты азаматтары 70-75 жылбұрын айтқан). «Лүпілің қанша?» деп ешбір қазақ емші-дірігері сұрамайды. Бәрібір «пульс» дейді. «Мен саған бір жылтетпе айтып берейін» деп қазақ және де айтпайды. Бұрынғыша «эпизод» дейді. «У него изменился имидж» дегенді «оның беделі өзгеріп кетті» деп қазақшалай алмайсың (өйтіп тек біздің депутаттар ғана сөйлеуі мүмкін). Энциклопедияны «мағлұматнама» деп айтқан қазақты әлі күнге кездестіргем жоқ. «Медбике» дегенді естуім бар, ал «хайрияға» жол болсын. Сол сияқты қазақ налығанда «импульс жоқ» деу мүмкін, бірақ «күштемем жоқ» деп, әй, айта қоймас-ау. «Мейрамханаға» құлақ үйреніп келе жатыр еді, бірде Мұз-ағаң (Әлімбаев) маған қоңырау шалды. «Әй, Гера, – деді. – Екеуіміз ресторанға барып, тамақ іштік делік. Сонда оның несі мейрам? Сондықтан мен ресторанды «думанхана» деп аудардым. Онымды Қадыр қостады. Ол да «думанхана» деп жазды. «Ендеше мен де «думанхана» деп жазайын». «Иә, жазып ал». Дәптеріме жазып алдым, бірақ іле-шала ойланып қалдым. Тамақ ішеміз деп, Мұз-ағаң екеуіміз ресторанға бардық делік. Сонда несі думан? Мейрамдатпай-ақ, думандатпай-ақ ресторанға басымызды сұқсақ болмас па?
Сөз атаулының бәріне балама іздеу қазаққа сор болды. Ойпырмай, стюардесса, компьютер, балкон, эшелон, тангенс, функция, хлорофил сынды сөздерге ұлттық балама іздеудің не қажеті бар? Олар қазақта болмаған қой. Тұрмыс-салтында, әдет-ғұрпында, түйсік-түсінігінде, күнделікті қолданыста болмаған сөзге я ұғымға қазақша атау іздеп, бас қатыру керек пе? Жоқ, байқаймын, бұл мәселеде қазаққа уәж жүрмейді. Ол дүниежүзі мойындаған «паспортқа» бір емес, үш балама табады: төлқұжат, төлтұмар, төлайғақ. Үшеуі де ақылға сыяды. Бірақ солардың қайсысын қалың қазақ қолданып жүр? Паспорт деп жүре береді.
«Семья» ұғымында да үш сөзді пайдаланып жүрміз: жанұя, отбасы, жаран. Қайсысы орынды? Бір кездері аузына да алмаған «капустаға» бүгінгі қазақ екі балама ұсынады: қырыққабат, орамжапырақ. Жұмағұл Көшербаевтың 1906 жылы Омбыда шыққан «Краткий русско-киргизский дрожнтк со словарем» деген кітабында капуста «керем» деп аударылған. 1978 жылы шыққан екі томдық «Орысша-қазақша сөздікке» үңіліп едім, онда капуста — капуста делініпті. Бір дүкенде қырыққабат дегенді кездестірдім, ал орамжапырақ дегенді естіген емен. Базарда орысы да, қазағы да, кәрісі де, шүршіті де баяғыша «капуста» деп жүре береді.
«Паспорт» пен «капустаның» жөні бөлек дейік, ал СПИД-ке, жұқпалы ауруға қарсы, я жыныстық қарым-қатынаста қолданылатын, қазіргі жастарға кеңінен танымал, белгілі резеңкелік құралды қазақшалаудың не керегі болды екен? Оның атам заманнан үйреншікті, ортақ аты — презерватив. Латынның «сақтану» мағынасындағы сөзінен шыққан. Күні кешеге дейін қазақтардың түсіне кірмеген зат. Сондықтан ол ұғымды білдіретін сөз қазақта болмаған. Бірақ «болмаған» деп қазақ қол қусырып отырған ба? Екі тілші академик «тағы да тақасып келіп, тағы да таласып келіп», үш жыл бойында қызылкеңірдек болып айтысып, бірі – «қ… қап», екіншісі – «х… қап» деп езеурепті. Айтыс-тартыстан кейін «қ»-ны да, «х»-ны да қойып, «мүшеқап» деген баламаға тоқтапты. Онысын сөздікке де енгізді. Расында да, «член-корр» бар жерде «мүшеқап» неге болмасқа? Марқұм ұста-шебер, этнограф Дәркембай Шоқпарұлы он ойланып, жүз толғанып, ақыры «қапты» қойып, «қалтаға» тоқтапты. Оның ұсынысы – «күйекқалта». Осы дұрыс деп менің таныстарым бір жасап қалды. Өзіме жақындау қазақ келіншектеріне осы төрт баламаны айтып едім, олар қызарақтап, ернін жымқырып: «Господи! Какая глупость! Кому это нужно?» — деп бірауыздан таңқалысты. Сол келіншектердікі ақыл ма қалдым. Шынында да басқа мәселелердің бәрі құрып қалғандай, я ақи-тақи шешілгендей.
Осы айтқандарымнан қандай қорытынды шығады?
а) Шетелден кірген сөздердің бәріне бірдей ретті-ретсіз неологизм, балама іздеп әуре болудың еш жөні жоқ. Ол тек тілді шұбарлайды, лайлайды, көмескілендіреді, анекдот, мазаққа айналдырады. Мүсірепов айтқан «тілбұзаризмге» әкеледі. Жаңа сөз жасаймыз деп, барымыздан айырыламыз, жұрттың әрі-сәрі қылып, ана тілінен бездіреміз.
б) Әсіресе дүниежүзі мойындаған, әлімсақтан қолдануға түскен терминдермен түбі латын, көне Грекиядан шыққан сөздерге қазақы баламаның мүлде қажеті жоқ. Ондай қолдан жасаған құрама «баламалар» тілді дамытпайды, көпшілігі тек ұсыныс, вариант есебінде қалып, тумай жатып өледі, жанбай жатып сөнеді, қолданысқа түспейді. Бір ғажабы: осы жайды терең түсінген қазақ арыстарының бірі – Мағжан Жұмабаев. Сонау 1922 жылы шыққан «Педагогика» деген еңбегінде Мағжан интернационалдық сөздердің ешқайсысын қазақшаламайды, оған күмәнді балама іздеп, әуре болмайды, өзінің байырғы, төл түрінде қолданады; нерв системасы, перцепция, апперцепция, иллюзия, галлюцинация, жақындық ассоциациясы, фантастика (қиялмен қосақтап), дедукция, силлогизм, аналогия, гипотеза, аффект, темперамент, импульс, рефлекс, инстинкт.
Осы тақылеттес сөздердің біразын Мағжан қиналмай-ақ қазақтың сөздік қорынан үндес балама тапқан болар еді. Бірақ оған саналы түрде бармады. Ғылыми ұстанымын аманат есебінде қабылдағанымыз дұрыс.
Күнделікті қарым-қатынас тілі де, көркем әдеби тіл де, ғылым тілі де барынша дәлдікті, айқындықты, нақтылықты, ойлау жүйесінің тұрақтылығын сүйеді. Әрбір тілдің табиғи, шынайы мәдениетіне орынсыз килігіп, оны беделден басып, әлдекімдердің субъективті қалыбында икемдеп, зорлауға болмайды.
Бұл – бұлжымас қағида.
Герольд Бельгер