Оралхан Бөкей
Қайдасың, қасқа құлыным?
Ер екеніңді білейін, құлаған
бәйтеректі тірілтіп көрші!
Қызара бөртіп, шығар күнді маңдайға ала қос жолаушы атқа қонды. Ауыл әлі уыз ұйқысынан ояна қойған жоқ, иттердің басын басып кетсе де мыңқ етпейтін өлі тыныштық ұйыған. Сиырлар да ертеңгі шақтың тірлігінен қаперсіз, сілекейін шұбыртып, жалмаң-жалмаң күйсеп жатыр, тек ала сиыр ғана орнынан үш ұмтылып созалаңдай тұрды да, керги керіліп, сонсоң тұяғын сыртылдатып өріске беттеді – жалғыз беттеді. Қорадан қора, бақшадан бақша қоймай бүлдіретін ашқарақ, қасгөй қу мүйіз қарасан сыңайлы, көзі тым алайыңқы екен. анау бір қорақопсысы шашыраңқы аласа ағаш үйдің бұрышында алқымына көбік қақтанған ат байлаулы тұр, кір-қоңын жудырып, темекі сатып алу ойға түскен жылқышының таң асырған аты. ал төрт бөлмелі аппақ шатырлы үйдің алдында жеңіл машина тұр. Кеше ауданнан келген өкіл түскен басқарманың үйі – сол. Үйлер осылайша – дәл адамдардың өздерінен айнымай үлкенкішіге, жаман-жақсыға бөлініп, иесінің кім екенін айқындай жыбырлап қоныс тепкен. Осыншалық мол үйдің ішінде бүгінгі таңды алғаш қарсы алып, бүгінгі күннің қыбыр-жыбыр тірлігін бастаған, түнде жабылған есігі тұңғыш ашылған, сөйтіп елден ерте оянып, ісімен озып келе жатқан қоңыр шаңырақ. Ол – біздің үй. ал таң шапағына шомылып, шығар күнді бетке алған қос жолаушы – әкем екеуміз.
Дүниедегі ең мықты, әрі ақылды, әрі мың жасайтын тек қана менің әкем екенін, менің әкемнен асқан адамды осы жасыма дейін көрмегенімді, талай ауылды, талай қаланы аралап сандалсам да таппағанымды, тіпті енді мың жылдан соң да таба алмайтынымды, өйткені әкем мені дүниеге әкелгенін, өйткені менің әкем…
– Биенің екі өкпесін тепкілеп, тебіне берме, қызбай келеді ғой, былай шыққан соң көсемсіп аяңына басар, – деді.
Өзі астындағы шабдар аттың тізгінін ердің қасына бос тастап, насыбайын атты.
Әкемнің иығындағы осынау бас маған ес білгеннен бермен таныс, көз алдымнан күн-күн сайын кетпейтін жұмыр жердің өзі сықылды: бірақ біз жұмыр жерді қаншалықты білеміз, сыралғымыз десек те, бәрін білмейміз, тіпті біле түскен сайын – білмейміз, өйткені ол (жер) – бәріміздің, бар тіршіліктің әкесі, жаратушы иеміз, тусақ та, өлсек те, қайта айналып өзін табамыз. Ендеше әкемнің басы, анау қысықтау келген өткір көз… осы көз баяғыда бір… тым ертеректе, менің бала кезімде болар, жұмыла жаздап, мәңгіге жарық дүниемен қоштаса жаздап, шиеттей бала-шағасының көз жасы сақтап қалған еді ғой; осы көз ол шақта әлдеқайда отты, әлдеқайда ойлы, ұшқын атқан жастықтың, өмірге деген іңкәрліктің жалынына толы болатын. Иә, ол кезде мен әкемнің көзінен қазіргіден әлдеқайда мол қуат көргем; бірақ сол қуаттың өзі бүгінгідей асау мінездің саябыр тапқан, салқын тартқан шағында ұлы ақылға ұласқандай емес, әлдеқайда, әлдеқайда тәкаппар да тәртіпсіз еді…
Таң өте сұлу кеспірде. Тау іші болған соң жұқалтаң шық түсіпті, күннің алғашқы сәулесінен-ақ көзі жаудырап, бу боп бусанып жатты. Бұта-бұтаның басынан бозторғай шырылдап, мәз өмірінің күйін шертті. Тау алып ұйқысынан енді-енді ғана серпіліп, ал дала кеудесін дүбірлетіп, алғаш қытықтаған біздерге жүз жасар ғұмыр тілегендей еді; өзіне деген айнымас махаббатын сыйлағандай еді. мен өзімді мәңгірген күйден тез арылып, сергек сезіндім. Ертеңгіліктің таза да дымқыл ауасын құштарлана жұтып, егер әкем болмаса, торы биені шықпыртып-шықпыртып, қиқулап шапқылап кеткім бар. мұндай пиғылымды аңғарған ол: «ақырын жүріп, анық бассаң ғана алысқа барарсың», – дейтін. Сонда ғана мен көңілдің де, көк дөненнің де тізгінін тартатынмын. Жас шақта шапқылапшапқылап алудың сөкеттігі жоқ, ол – балаға тән ерке қылық екенін әкем түсінбейді дейсіз бе? Жо-жоқ. Сондығынан да ессіз есіртпейтін шығар. Ол тағы да насыбайын атып үнсіз келеді. Білесіз бе, оған үнсіздік жарасатын. Білесіз бе, оған көсіле сөйлеу, көсемси сөйлеу жарасатын. Оған бәрі жарасатын. Ол көріп-білгенінің бәр-бәрін маған айта бермейтін, мүмкін жас жүрегін жаралап, ауыр әңгіме айтып қайтейін дейтін де шығар. Әйтеуір, әкемнің үлкен бір тірі кітапхана екенін сезінетінмін. Әйтеуір, осы кісі…
– Неғып кейіндеп келесің, қалмай, қатар жүрсеңші, – деді. Өзі тізгінін бос тастап, насыбайын атып, орнықты отыр. мен торы биені шаужайлап, қатарласа бердім. Үзеңгі үзеңгіге тиіп, шақыр-шұқыр ете қалды. Әкем мүйіз шақшасын етігінің қонышына тықты да, алақанын қағып, тізгінді алды. Сосын көзін сығырайта алға қарады-ай! Үндеген жоқ, Таудың алып өркешінен қып-қызыл табақтың шеті қылтиды да, бірте-бірте сытылып, бақилық әдетімен көтеріле берген. Күн бұл қалпында күнбағарға ұқсаған, шет-шетіндегі тарам-тарам шашағын шашыратып, әкем екеуміздің көз жанарымызды жібек нұрмен жалғады. Қысық көзі жылт-жылт етіп, қабағын көтерген сайын ғаламат жарқылды от тұтанып қалғандай болады. астындағы шабдар ат та күннің алғашқы қою алтын арайын қақ жарып келеді. Біз нұр толқынды таң теңізін кешіп, таңғажайып ертектегідей ертеңгі шақтың кәусар ауасына орандық, сол ауамен оразамызды аштық. Біздің әлі қанша жол жүретінімізді, қайсымыздың аяқ артар көлігіміз ерте шалдығып, қайсымыздың ерте бой алдыратынымызды әкем болмаса, мен білмеймін: әкеме ерсем ғана адам боламын, әкеме ерсем ғана адаспаймын. Әкем ғана мені ерте оятып, таңғажайып таңды жұрттан бұрын көрсете алар. Тек әкем ғана арайлы шақта аялап оята алады.
Сары таңды жамылып, үзеңгілес кетіп баратқан әкем екеумізді әлі ауыл-аймақтан өзге жұрт, мынау алтын жалқыны кілкіген туған жерден өзге білмейді. ал біз секілді өмірге белгісіз келіп, белгісіз кететін қоңырқай адамдар қаншалық….
Мен әсіресе, мынау жирен аттың үстінде мұртының ұшы насыбайланып, жалпиып отырған әкемді көп аяйтынмын. маған әкем: найзалы шың, жақпар-жақпар тас қоржындаған кәрі таудың – табиғаттың тағы құбылыстарының қалтарысында оқыстан туып қалған, жез топшылы қаршығаға тым ұқшасатын;
Маған әкем: алтайдың арда еркесі, бұғысы сықылданатын: тағы тірліктің көп-көп қым-қуыт қызығын талақ тастап кетуге қимаған хайуан ағаш қоршаудың ішіндегі сарсыған су, таптанды шөпті місе тұтпай жиіркеніп, ұзақты күнге өз еркіндігін аңсамаушы ма еді; білем, әкем аңсай қоятын еркіндік жоқ – бірақ, әкем армандаған асыл дүниелердің көкжиегін көре алмайтынмын; өйткені, осы кісі бала кезімде қаншалық алыс, тым биік зәулім, әрі қойнау-қойнау қорқынышты тылсым сыры бар шешілмес жұмбақтай еді ғой; ержеткен сайын әкеме жақындай түстім, ержеткен сайын сонау бір балаң шақтағы жұмбақтың түйіні шешіліп, оның да қуаныш-жұбанышы, сүйініш-күйініші бар адам екенін таныдым; бір менің қорқатыным мынау: мені дүниеге әкелуші, жарылқаушы ием баяғыдай алып емес, күн өткен сайын шау болып шөгіп, күн өткен сайын ұғымымдағы асқарлы тұлғасы мүжіліп, кішірейіп бара жатқандай еді; мүмкін, мен ержетіп әкеме теңестім бе, әлде балалықтың әрі тар, әрі таза қиялындағы әкем қазіргі салқар санамда қалқып қана қалды ма… Құдай-ай, мен әкемді неге, неге биіктен заңғардай зәулім биіктен көре алмаймын. Керемет деп жүргенім кетік қара шал ғой, аттың үстінде бүрісіп отырысы қандай аянышты еді, қарқарадай қасқайып отырмай, желқом қажаған түйенің өркешіндей боп мықыраюы қалай? Жо-жоқ, бұл түсім болар, менің әкем, менің әкем дүниедегі ең асыл, ең алып жігіттің марқасқасы болатын; бұл – менің көкейіме оралған бір ой, менің көкейіме оралған тағы бір ой: ол – бұғы секілді еді: ұзақты күнге еркіндікті аңсайтын, түн ұйқысын төрт бөліп, күресті сағынатын, күресті сағынатыны – өткендегі аймүйіз ерлігін көксегені, ал әкемнің өткені….
– Анау көрінген Таңатар тасы, – деді әкем қамшысымен алға қарай емініп тұрған ұшпа қара тасты нұсқап. – мен осы жерде тұңғыш рет өлген адамды көрдім. – Бұл сөзді аспайсаспай өте самарқау айтты да, атының басын тежеп, насыбайын атты. Көзін сығырайтып, Таңатар тасына тағы бір қарады, сонан соң созалаңдай аттан түсті. Бұл –әкемнің айылды төстей тартып, атты қайта ерттейік, алда алтайдың шапшыма асуы бар дегені.
Әкем аттың айылын тартып болған соң, қайтып мінбей, көпке дейін үнсіз отырып қалды. ал осынау оңаша ойға батқан әкемнің үнсіздігін бұзу өте қауіпті еді. Қатарласа мен де жайғастым. Шымқай таза аспанның меңіндей боп қарақұс қалқып жүрді. Біз алда асар асудың дәл алқымына ат басын тіреп, бел жазып отырмыз. Бұл әкемнің талай таптаған сүрлеуі, талай асқан асуы. мен болмасам, ол алқынбайтынын білемін. Өмірдің ащы-тұщысы әбден пісіріп, сүрлеп тастаған әкемнің әлі уыз езу бошалаң менен әлдеқайда сіңірлі де қажырлы екенін білем; менің тартар тауқыметімді қоса еншілеп, қара нардай қасқая тартып, ғұмыр кешкенін де білемін, дегенмен мен көп нәрсені білмеймін – әсіресе, әкемнің не ойлап ғұмыр кешкенін, әсіресе, әкемнің не себептен тым-тым бұйығы, тым-тым ерте қартайып бара жатқанын, дүниенің бәріне неге сын көзімен қарайтынын… мен тіпті бүгінгі биеден қарақасқа құлынның неге тумай кеткенін сұрағанда, алысқа қарап көзі боталап күрсінетінін білмеймін… Ол қазір де терең ойға шомулы. Бірақ маған айтпайды. меніңше, жетіскен ой оралмаған секілді санасына, өйткені қабағын кіреукелендіріп Таңатар тасына қараған.
Әкем: «мынау қара тастың құпиясын ұлыма айтудың керегі бола қояр ма екен? Дүниедегі ең жаман нәрсе – жүрегіңді жастай жаралау. Жүрегін жастай жаралаған адамның оңғанын көргенім жоқ. Бір бітеу жара жарылмай сыздап, еңсеңді еңсеріп басады да жүреді. Біз балалықты тым-тым ерте жоғалттық. ал қазіргі жас сол балалықтан арыла алмай дал. Біз балалықтың бар еншісін осыларға сыйладық па екен. Бәлкім, өмірімде қаншалықты ағат істер жіберіп, соншалықты сүрінсем, сүйеуіш болған да сол – ертеңіме деген сенім, ертең туар балаға деген зор үміт пе? Иә, ағаттық менің ғана еншім емес, барша қазақтың індеті еді ғой. Ендеше, Таңатар жазған да сол сор боп біткен аңғырттықтың құрбаны болған. Сіңірі шыққан қара сирақ кедей болса да, дүрмекке еріп, алтайды аса көшті. рас, ауа көшкен жалғыз Таңатар ғана емес, астында аяқ артары бар азаматтардың қай-қайсысы да арғы беттен кең сарайдай боз үй табардай, бір-ақ түнде көшіп кетіскен. Осы үкіметтің алғашқы ыстығы мен суығына шыдай алмады ма, әлде ертеңіне күдікпен қарады ма, әйтеуір жиырмасыншы жылдарда мынау алтай ары-бері сабылған елдің өткелі, ұры мен қарынын қанды қақпасы еді ғой. ырзық тергеннің қай-қайда да бірдей екенін, күні ертең-ақ Совет өкіметінің жасыл жайлау, кең төскей боп көктей қаулап, қауыз ашарын білмегені шығар; бәлкім, біреуді-біреу қанжығаға бөктерген айтақшыл уақытта ақылға жеңдіріп, алды-артын бағамдамай қалды ма? «аттан!» деген айқай естілсе, сарт-сұрт атқа қонып, айғұлақтана шабатын елдің сойыл соғары және кімді соғары қас қағымдай шапшаң болса, шілдің қиындай берекесіз де еді; тіпті тыз етпе ғана ашуы бар жұрттың қарбана созған қолы сол сойыл бойынан аспайтын да, әйтпесе, сол сойыл соғар жерде әмәнде өз туысы тұрар еді. ғұмырында аузы аққа жарып көрмеген біздің үй мен Таңатардың туған жер, өскен елін тастап тұра қашатынындай басына не күн туды; мен ойлаймын: мейлі, құмырсқа теріп жеп жүр, мейлі бір көзіңнен қан, бір көзіңнен жас ағып, теперіш көр, мейлі сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып жесін ата қазған жерошақты басқа жұрттың мәңгі сөнбес отына айырбастама, өйткені өзекті жанға қайда барса бір өлім, тойған да – біp, татқан да – бір, қара жердің қойнына кірген соң.
Кететін күні шешем аңырап көп жылады, әкем міз баққан жоқ, тас түйін мінезбен бар байлығын ала сиырға артты да, алға түсті. Жаяу-жалпылы соңынан шуап келеміз. Таңатар жалғыз басты жігіт еді, серілігі бар, өз тұстарының озығытын. астындағы қара жорға аты ақ тер, қара тер болып, күндізтүні жортуылдап келіп жүргені. Қазір де қанжығасындағы бөктергенін салпылдатып, ұмсына оза берді. Екі иығына екі кісі мінгендей, атан жілікті жартастай боп біткен сом тұлғасы елең-алаңда бұрынғысынан әлдеқайда абажадай боп көрінеді. Егер мынау Таңатардың арқасына алты сан алаштың бар байлығын, бар қайғысы мен қуанышын артып берсең де, тірсегі дірілдемей, демікпестен қиырдан қиырға, қиыннан қияға апарар азулы азамат-ау. Таңатар қатты жүріспен сытыла ұзап көзден ғайып болды. амал не, оны бұдан кейін тірі көруге жазбады. мынау қара тастың түбінде қанға бөгіп, мыж-мыж болып жатқан жерінде үстінен түстік. Бейшара, жан бермек оңай ма, қарсыласымен көп алысқанға ұқсайды. Жарақаттанбаған мүшесі, жыртылмаған киімі жоқ, дал-дұл. Таңатар кімдердің қолынан қаза тапқанын білмейміз, біздің білетініміз – арманы асау азаматтың қыршын өмірін қиған қандай ғана қара жүрек екен, қандай ғана қатыгез ит екен; кейін білдік, жол торыған қашқын қазақтар Таңатарды өлтіріп атын алыпты, сол түні әкем арманда кеткен арыстың сүйегін арулап қойып, өзі кері елге қайтты; сол күннен бастап мынау жер Таңатар тасы атанды, ал мен тұңғыш рет өлген адамды көрдім. ал әкем арғы бет десе ат-тонын ала қашатын болды. Күні бүгінге дейін ойлаймын. Таңатар жаңа заманның жақсылығын түсіне алмай ерте кетті арамыздан, ал ондай тіректі адамдарымыздың қаншасынан айрылдық, қаншасын оққа байлап бердік десеңізші, егер олар жер басып жүрсе… Иә, елім деп еңіреген, халқым деп қайысқан азаматтарды көлденең өткен көп аттының сауғасына қаншасын құрбан қылдық, қаншасының құйрығына шала байладық. Енді мынау, енді мынау заты емес, аты қалған әр құлпытастың түбіне бір келіп, аруағына табынып, өткенімізге өкініп отырғанымыз. Ұлыма, бүгінгі ұрпаққа тарихтың жықпыл-жықпылында жатқан, тарихтың қойнау-қойнауына өз қолымызбен тығып жіберген асылдарымызды көрсетуге бола ма, жоқ па? міне, бізді шаршатып жүрген – осы жай… атпай қалған таңдар қаншама… Таңатарды кім өлтіргенін марқұм әкем сезетін, бірақ, өне бойы аузынан шығармайтын еді де, тек жарық дүниемен қоштасар сәтінде ғана маған: «Ұлым, Сарқындыдан сақтан» – деп еді. – Бірақ мен Сарқындыны мынау жау еді деп, ұстап берген жоқпын. ана бір жылы, біздің бие егіз қара қасқа құлын туғанда қызғаныштан шыдай алмай, әлі шаранасы кеппеген жас құлынның біреуін: «мынау менің бабамның жылқысынан қалған тұяқ, сондықтан менің де малым. Бие егіз құлындаса жақсы ырым емес, аяқтанбай тұрғанда, бірін өлтіру керек», – деп, сары мойын кездігімен қара қасқа құлынның бірін алқымынан орып жіберіп еді. Бірақ келесі күні сол мезгілде екіншісі өлді, жарықтық, содан кейін боз бие қайтып құлындамай, бедеу қалды-ау. Е, сол құлындарды сен де көргенсің, сен онда бес жаста едің, мүмкін сондықтан да көксей берерсің, сол қара қасқа құлынды…»
Таңатар тасы дәл біздің үстімізде мінбелей сойдақталып тұр. Не шынар, не қына бітпеген қылтанақсыз көсе тастан, жақпарланған екен: түтін шалған ошақтың тасындай қап-қара боп мерез мелшиеді, сонан соң үстімізге құлап кетердей үрейлі ызғар шашады. Бала кезімізде бір-ақ рет көріп едім, мұншалық оқшау бітімі мен қорқынышты сұсын байқамаған екем, ие мен ол шақта сандаған кітап оқып, сан-сапалақ түс көргенмін, әкеме еріп, бармаған жер, баспаған тауым жоқ, есейген сайын көзіңнің еті қоса өсіп, көбін ұмытады екенсің.
– Алғаш рет кісі өлімін көргенде көзіме жас алмадым, – деді әкем маған қарамаған қалпы, мен селк ете түстім. – Бірақ оның есесін кейін, соғыста жүргенде қайтардым-ау. Ең қызығы, қанша айқайлап жылайын десем де, үнім шықпай іштен егілемін, ішім жылайды, бәлкім… бәлкім, осы тастың түбінде аса қатты оңбай қорыққанымның әсері шығар. Қатты шошыса, қандай мықты адамның үні алқымына кептеліп қалатыны рас, содан өне бойы ауруға ұшырауы мүмкін. ал атқа қонайық.
Мен әкемнің қалай қорыққанын, Таңатар асуының аузында өлген кісінің кім екенін сұрағаным жоқ. Өз ырқы болмаса, суыртпақтай сұрап еш нәрсе айтқызу мүмкін еместігін білемін. айылын қаттырақ тартып жіберсем керек, астымдағы бие ыңқылдап ауырсынып келеді. Біз алдымыздағы алып асуға тырмыстық.
Жіңішке жалғыз аяқ жол бір жерді сан орап қайталап, ирелеңдей созылып, қытығыңа тисе, самаладай сап түзеген егіз қайыңдар бас айналдырады. Тауға көтерілген сайын, қапталдай өскен аралас орман қалыңдап, аспаннан айырылдық. Бағанағыдай емес, алыпқашты ойды қойып, аттың сүрінбеуін тілеп отырмын. алғашында астымдағы биені шаужайлап, әкемнің алдын орап едіреңдеп-ақ едім, биікке көтерілген сайын, кейіндей бердім, ал әкем бағанағы жүрістен танбай, асықпай, аптықпай, соза аяңдатып келеді. маған көзінің қырымен қарап қана қойғаны болмаса, «мұның теріс» деп беттен қақпады. мұның бәрі де жастықтың желігі екенін, ондай айқұлақ ерке қылықтар өзінің де басынан өткенін түсінгендіктен шығар. Әкем менің көп ағаттықтарымды кешіретін, мүмкін ондай шайқы-бұрқы тентектік дүние жүзі балаларына ортақ қылықтар екенін зерделегені-ау. мен әкемнен сескенетінмін, ол оқымаған оқымысты еді.
Біз асудың үстіне шыққанда, арғы беттің бар бітімі алақандағыдай боп жарқырай көрінді. асудың дәл үсті жалпақ жазықты, тықыр күреңсе өсетін шым-ды. Таудың осындай тақтайлана бітетін үсті әдейі жонып жасағандай тегіс, әрі құланның терісі іспетті тақыр-таза, Кілем төсегендей түктеніп жатар жерді отыра қалып сипағың, жата қалып аунағың келеді армансыз. Бірақ осы тақыр текшеге әдейі өндіріп қойғандай қаз-қатар жайқалған ақшыл, ақсары гүлдер үлп етіп жел тұрса, биші қыздардай мың бұралып, тағзым ететін. Сонда осы елдің кәрі-жасы демей гүл дариясын кешіп, үкілі ботадай ойнақтап, көкжиекке сіңіп кетер еді. Жайлауға көшкен малшылар осы тұсқа жүгін түсіріп, ас пісіріп, түнеп аттанатын. анау ойдымойдым қарайғандар сол оттың орны. «менің жерім» деп салған белгісі іспетті. Әкем сиыр фермасының бастығы болып тұрған шақта осы жерге біз де бір түнеп аттанатынбыз. Сонда Бөкемнің бар арманы бес жүз қаралы сиырдың амандығы ғана болатын. рас, Бөкем төре болып жүрген шағында, маған бір түрлі бөтен, қорқынышты кейіпте көрінетін. Қорқынышты көрінетіні – түн қатып, түсі қашып үнемі ат үстінде жүретін, айғайласып әркіммен көп ұрсысатын, біздің өлі-тірі екенімізді елепескермейтін. ауырып, фермадан шығып, ауылға көшерде қатты қамықты. Жүк артқан ақ бас атанды осы жерге шөгеріп қойып, көзіне жас толып, ұзақ қарап еді анау алып таулы адырларға. Сонда мен әкемнің көзінен тұңғыш рет жас көрдім. Сонда мен әкемнің төрелік жұмысты емес, ат үстіндегі қиқулы жастығымен қоштасып тұрғанын білдім. Білдім де, өзім де өксіп жібердім. ал ол болса, он бес жыл бойы ыстығына күйіп, суығына тоңған қызметіне қош-қошын айтып, қабырғасы қайысты-ай. Бөкемнің атаққұмар, даңғой арамзалығын бұл жасыма дейін көргенім жоқ, әрі «сен сондайсың, сенің әкең сондай» деген алыпқашты қаңқу сөзді де естімедім. Бірақ, жұрт айтатын:
«Бөкеш тым-тым өкіметшіл». Бала кезімде осы сөз үшін шамданып, «сенің әкең өкіметшіл» деген сан қара сирақ баламен төбелестім де. Енді ойлаймын, ойлаймын да мақтаныш тұтамын. Әлдекімнің аяқтан шалатынын, әлдекімнің күндейтінін, әлдекімнің шабына от түсіп, шамданатынын білетін әкем қоғам мүлкіне қол сұққан талай сұғанақтың қатеріне ілікті. апыр-ау, сол бір кезде менің әкем ылғи да бір қарауылға алынып жүрген екен-ау. ал өзі он бес жылғы табан ет, маңдай теріне алған қозы қарын сары майды дәл осы жерде шығарып салуға келген жұртқа таратып беріп еді. мен таң-тамаша қалатыным: өкімет десе өзегін суырып беретін Бөкем тек қана бойындағысын сарқып беру үшін жаралғандай алпысында да ат үстінде арпалысып келеді. мүмкін бұл әкемнің табиғатына дарыған бітімі сойқан сенім атты – ақшоқының қуаты шығар.
Әкем ауырып, ауылға көшіп келген соң да дертінен айығып кете алған жоқ. аудандық ауруханада үш, облыстық ауруханада екі ай жатып, үйге оралды. Дәрігерлер айтыпты: асқазанындағы дертті жазу біздің қолымыздан келмейді, екі айдың ішінде не москва, не ленинградқа барып, операция жасатасың. Жазылған күннің өзінде баладай ғана тәбетің болады. Бұдан сұмдық суық хабарды осы күнге дейін естімеген шығармын. Ол шақта москваға бару біздерге ғана емес, бүкіл ауыл-аймаққа қол жетпес арман, мәңгі ұстатпайтын сағым сияқты болатын.
Москва! мен саған ғашық едім. Бақытым да, шаттығым да, тіпті болашағым да саған тәуелді деп еститінмін. Әкем айтып отыратын: «Бұл елдің көзін ашып, көкірегін оятқан, зіл боп басып жатқан қайғының, қасіреттің қара тұманын сейілткен – москва!» – деп. Сонда мен жаңа жылда газеттің бірінші бетіне шыққан Кремльдің суретін қиып алып, тұсыма жапсырып қойып едім. Не керек, әкем сырқаттанғанда саған алып барып, асқазаныңдағы жараны сылдырып тастататын жолсерік адам табылмады, оны былай қойғанда, қаражат жағы да тапшы еді ғой. Көк сиырды сатпақ болды, жетпеді, көк сиырдың бұзауын қосасатпақ болдық, жетпеді. Үйді сатпақ болдық – бесқыз, бірұл мен шешем далада қалатын болды. Бірақ сен мойыған жоқсың, өлсең ақы сұрамайтын қара жер бар екенін білдің, сонсоң ежелгі қайсарлығыңмен міз бақпастан көндің. Көнбейтін лажың жоқ еді. Сен дәл төр алдында еденге төсек салғызып жататынсың. Қарасу ұрттасаң, қайта құсатын легеніңді жастап, көрер таңды көзіңмен атқызатынсың. Жаның қысылғанда ыңқылыңды естіртпеймін деп тісіңді шақыр-шақыр қайрар едің; жаныңда көзі жаудырап біз отырғанда, үніңді шығармай, қатты демігер едің; сен түні бойы көз ілмейтінсің, сонда әпкелерім кезеккезек кітап оқып, аяғыңды сипап, олар да жарғақ құлақтары жастыққа тимейтін.
Түні бойы әкемнің жанында болып, таң сібірлей ұйықтап кеткенде, әжем оятып: «Күн шығып келеді, әкеңнің саулығын құдайдан тілеңдер», – деп мазалайтын. Жалғыз ұлы, артында қалар тұяғы болғандықтан ба, Бөкем мені алғаш ауырған күннен бастап ет бауыры елжірей жақсы көрді. «Ұлымды он беске толтырып кетсем, арманым не, кім-кімдерден таяқ жеп, кімнің босағасына телмірер екенсің», – деп әкем даусын шығарып, қатты солқылдап жылады-ай кеп, біз бәріміз, бүкіл үй-ішіміз боп еңіредік. Өйткені, біздің шаңырақтың іргесі берік еді. ал қазір біздің үйдің шаңырағы мен керегесі әкем ыңқылдаған сайын шайқалатын.
Дәрігерлер белгілеп берген екі айлық ғұмыр көмбеге жақындаған сайын, әкеммен бірге біздің де деміміз бітіп, дәмтұзымыз таусылардай күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылдық. Дүниедегі ең қорқынышты нәрсе өлетін сәтіңді күні бұрын білу және соған дайындалу болса керек. мен еститінмін, ерлізайыптылар бір-бірін алты-ақ күн шын жақсы көріп сүйеді, шын қанжылап жоқтайды; үйлену тойына үш күн қалғанда, бір-бірін өлімге аттандырғанға үш күн өткенше шын өтірігін қайдам, менің шешем әкемді о дүниеде де бар болмысымен жақсы көріп өтетін секілді. Бөкем бір ауырса, анам екі ауыратын.
Біз енді тек әкемнің қалған үш күн ғұмырын ғана шалдыққан көңілге медеу тұттық. Қазір ойлаймын, сонда москваны сарғайған санамен көксеген әкемнің жүрегіне қабырғада қағулы тұрған Кремльдің суретін неге ғана баспадым…
Бөкем бізбен қоштасқысы келмеді, бар айтқаны: елде бардың еріні қимылдайды, халқың аман болса, жетімдік пен жесірлік көрмессіңдер. аш жүріңдер, жалаңаш жүріңдер – адалдықтың ала жібін аттамаңдар.
Бөкемнің жарық дүниемен қоштасарына үш күн қалғанда біздің үйге Қаржау деген шал келді. Бұл кісі – атақты мақажан оташының немересі және бұл өңірде қалған аузының дуасы, үшкірігінің қасиеті бар жалғыз киелі емші – осы. Қаржаудың атасы мертіккен бір жігітке туғанына ай толған жас ботаның ортан жілігін жонып салыпты, сол жігіт кейін балуандыққа түсіпті деп еститінбіз. Әкем Қаржаудың келгеніне қатты қуанды. Бұрын өлім әкемнің бетіне үңіліп тұрған секілді еді, әмбе қоламтадағы шоқтай сөнуге айналған көзі шырадай жанып, болар-болмас үміт отын жылт-жылт еткізді.
– Ақсақал-ай, тілеуіңіз қандай оң еді, бір аяғым көрде, бір аяғым жерде тұрғанда көрген ең соңғы шалым сіз боларсыз. Дүниедегі дерт емес, өкінішті өрт қинайды. Әншейін босқа далақтап шаба беріппін ғой, жердің түбі емес, мынау тұрған мәскеуге жете алмаған соң, не лаж, не қайрат.
– Жасыма шырағым, – деді Қаржау Бөкемнің аппақ саусақтарын сипап, тамырын ұстады, – кәрі түйсік алжиын демесе, әлі де жиырма жылдық жан кешуің бар секілді, жанарыңның оты сөнбепті, тамырыңның соғысы да үлкен үміттің лүпілі ғой, шырағым. Иә, сен мәскеуге бармасаң, мәскеу саған келмес, Құнанбай пәуескемен меккеге барған екен, байлықтың буы да, сақтансаң, сақтайды құдайекең, ауырып-сырқамай отыра алмайсың, ырысты белшеден кешіп жүргенде, қор жинамаған да екенсің.
– Оныңыз рас, ақсақал! Ферманың он сиырын сатып, сомасын кассаға салып қойсам да, қолда тұрған, шауып алмас еді. Қайтейін, бәрі де қолдың кірі екен. Ер жігіттің бар байлығы – денсаулығы, бірақ басың ауырып, балтырың сыздаса, байлық құрғырың керек те екен. алқұлымдап, осы дерттен айығып кетсем, тапқан-таянғанымды құмырсқаша илеуіме таси берермін деп те ойлаймын. Бірақ. Бірақ мынау қара жерге екі аяқтың тұруы қайда енді.
– Қамықпа, қалқам, қолдан келген жақсылығымды мен де аямайын. арып-ашып марқакөлден жаяу келе жатқанымда астыңдағы атыңды түсіп беріп едің, ақылды азаматтың мәрттігінен айналып, сүйер ұлға сүйсінгенмін. Дертті боп жатыр деген сөз естіген соң, құстай ұшып жеткенім осы. Тек мынау совхозыңнан аяқ артар көлік сұрап бергіз, Таңатар тасының қыр желкесінде бір топ қанжапырақ өсуші еді, сол жерде құтты жылы тамыр дәрі көктейтін, мүмкін қыршынынан қиылған азаматтың адал қанына көктеген шығар, барып қайтайын, үмітсіз шайтан ғана, сауап болар.
Бөлімше басқарушысы бос тұрған көлік жоқ, астымдағы атымды бере алмаймын дегенде, Бөкем қатты кейіді.
– Тұрымтай тұсында, балапан басында ғана екен-ау, адамдардың бәрі өзімдей деп, арам өлерімді білмеппін.
– Жоқтан өзгеге жасыма, – деді Қаржау. – Сағиттың биесін сұрап мінейін.
Әкем Қаржау жасап берген дәріні қырық күн ішкенде ауруынан құлан таза айықты.
Ең ғажабы, қырық күннен соң Қаржаудың өзі қайтыс болды.
– Қалған ғұмырын маған сыйлаған екен-ау, жарықтық – деп, әкем шалды арулап, өз қолынан Таңатардың қыр желкесіндегі бір топ қанжапырақтың қасына жерледі. Ең ғажабы, сол Қаржау қайтқан күннен бері сандаған адам қолына күрек алып сандалса да, трактор әкеліп қопарса да, бір тал тамыр дәрі тапқан емес. Үлкендер айтады: «Дәретсіздерге дәрі болғанша, Қаржаумен бірге көшіп кеткен шығар» – деп. ал әкем айтады:
«Қаржау түсімде ылғи аян беріп жүретін еді», – деп. ал менің түсімнен москва шықпайтын, қара қасқа құлынға мініп, үстінен ұшып өтетінмін».
Бөкем менің ойымды бөлді.
– Сен москваға барып қайттым дедің-ау осы бір хатыңда:
– Иә.
– Е, қандай екен?
– Тамаша. Бірақ….
– Не? Бірақ?
– Бірақ, күзді күні болған соң ба, мен барғанда қалың тұман астында тұмшаланып жатты. Үлкен-үлкен үйлердің құр бейнесі ғана сүлделеніп, ашық ажарын жасырып қалады. Тұман алтайдағыдай ақ түбіт емес, қорғасындай сұрғылт та сұсты, әрі дымқыл, тынысқа тар, ал көшелерінде быжынаған машина – жердің астымен көбірек жүресің.
– Көңілің көріп алған соң, толмай тұр-ау, әйтпесе біздің әулеттен москваны көрген жалғыз өзіңсің ғой. менің жүрегім баяғыдай, бір барып қайтсам деген тілемсек тілек мазалай береді. Иә, түбі бір барып қайтармын…
– Бөкем көз алдында көгілжім тартқан жасыл жайлауға қарады-ай. Өзгеше ынтықтық, қанағатсыз құмарлықпен де емес, сыралғы кәрі досымен қайта ұшырасқандай, әрі таңырқай, әрі салқын сабырмен көз жүгіртті. Шыр айналып келгенде, шараналас тумасындай мынау қарт таулардан ардақты да ыстық жерді дүниенің төрт бұрышынан таппасын білген де шығар. Әкем дертінен ғана айықпай, осы Таңатар асуының үстінде көкірегін көбіктеген мансап желігі – пендешіліктің көп-көп ыртың-жыртыңымен де қоштасқан екен-ау. Қарапайым тірлігі бұрынғыдай емес, еліне де, бізге де жақындастыра түскен. Біздің шешемізден гөрі Бөкемді әлдеқайда жанымыздай жақсы көретініміз талай жұртты таң қалдыратын. Бірақ әкемді ғұмыр бойы сүйіп өтуді сол айналайын анамыздың өзі үйреткен еді. Көңілі қалып, сезімі суымайтын, қайта ерінің амандығын мойнына бұршақ салып тілейтін, ерінің алдында бұл дүниеден аттанып-ақ кетуін тілейтін, өз күйеуінің ғана ма, иісі ер адамның амандығын тілейтін. анам айтатын: еркектер болмаса, қай-қай дұшпанның күңі болып кетер едік, қай-қай елдің етегіне жабысып, етігін жалап кетер ек; ерлер болмаса, батқан күніңнен, атқан таңыңнан не пайда, ерлер болмаса, тар құрсағың кеңи ме, тас емшегің жіби ме… Біз анамның әкеме деген ұлы сүйіспеншілігімен дүниеге келдік, әкеме арқаланып, мәре-cәpe ғұмыр кештік, әлемдегі ең сұмдық сөз – жетімжесір деп ешкім табаламады. Біз сондықтан да бақытты едік, сондықтан да жер жаһанда бірде-бір баланың әкесіз аңырап қалмауын, қайыр сұрап, алақанын жайып ешкімге телмірмеуін мінәжаттар едік, әкелер рухы алдында басымызды иер едік.
Әрине, әкем бұл пәниден қателеспей, сүттен ақ, судан таза өмір кешуде десем, онда ол тіпті де адамнан гөрі періштеге ұқсар еді. ал менің әкем періште емес, қуана да, қайғыра да білетін, әрі қателіксіз жүрмейтін адам ғой! Ендеше, жығылды, сүрінді, бірақ түңілген жоқ.
– Анау шудалана көтерілген түтін Қаршығанікі, – деді әкем қамшысын кезеп, – шешесі, жүзге келген атасы үшеуі бірге тұрады, өзі әлі үйленген жоқ. Екеуің бала күнде дос едіңдер ғой, есендесе кетпесек, өкпелер. аналықта бұрынғы қуат пен көрік жоқ, қартайған…
Неге екені белгісіз, осы сөзді күрсінумен кілт аяқтады да, атқа қонды. артымызда жаңа ғана біз жаққан оттың орны сөнбей, жылтырап қалды.
Сыпыра ылдилап келеміз. мен мінген биенің құйысқаны берік, айылы мықты еді. Сонда да қыпылдап зәрем ұшып отыр. Әкем айылын аттың шабынан тартып алды да, шоқтықта шоқиған күйі тепең қағып, менен тағы да оза берді. Тау бөктерін жауып жатқан шақпақ-шақпақ қызыл тастар сусып, кейбір жұмыры етекке елпектей қашады.
Сонау түтін шыққан тау табанында мың бұралып, бүктетіліп ағар асау өзен арыны біз құлдаған сайын өктем естілсе, сол тентек өзеннің өзі телегейлі айна көлге тоқырап жатыр. Тұлан тұтқан ұлы шуылы да сол көлге құяр сағасынан шорт үзіледі екен, ал көбік түкірген көл аса сабырға толы, салмақпен шолпығаны болмаса, кеңпейіл, жайсаң жүректі адамдай жайбарақат. Бұл көл Әулиекөл деп аталатын. асау өзен Тентексу атанатын. Қаршығаның үйі тұрған қойнауды Қыз сүйегі дейді, ал сонау жылқылы ауыл отырған төбе – Бөкенбай.
Таңатар асуының үстінде сөнбей жылтырап қалған от әлі де есімнен шықпай келеді. рас, біз жаққан оттың орны қалды, бірақ жел тұрса өрт кетеді ғой, неге сөндірмеді екен.
– Бөке, – дедімменаттың басынанасыпкетердейоқшырайып отырған әкеме. Ол маған қарамаған қалпы: – ау, – деді.
– Отты неге сөндірмедік?
– Немен сөндіреміз. асудың үстінде өртеніп кетер ештеңе жоқ. Сонсоң өзі жаққан отқа өзі су құймас болар. Сонсоң, – деді сәл ойланып, бұл ретте жалт етіп шапшаң бұрылды. – Сонсоң… әке жаққан отты ұлы сөндірмес болар, қарт бабадан қалған талай салттың бықсып өшіп қалғаны, тапалап, таптап кеткені бір бұл емес шығар, ербимей, шаужайлай түс биені.
Қарағайдан қиып салған қос бөлмелі ағаш үйден шығып тұрған ақ жаулықты әйел бізді таңырқай тосып, бөтен біреу емес, өз елінің адамдары болған соң, жадырай күліп, жылы шыраймен қарсы алды. ал арсылдай ұмтылған ала мойнақ ит иесіне жалтақ-жалтақ қарап, оң қабақ танытқан соң, құйрығын бұлғап, бұраң қақты.
– Есенбісің, аналық, – деді әкем аттан түсе бере.
– Шүкір. Өздерің саумысыңдар? Гүлияның халі қалай? Үйбәй-ау, мынау әлгі қаладағы жалғыз ұлың ба? Танымай қалыппын-ау жазған басым. Қартайды деген осы, келші, айналайын, бетіңнен сүйейін.
Аналық екі бетімнен алма-кезек сүйіп, өн бойыма аналықтың бір қайталамас ғажап нұрын құйды. Жер ортасы жасқа жақындаса да; өңін бермеген, келбетті әрі қайратты әйел менің бала кезімде қандай болса, қазір де сол қалпынан таймағандай әсер қалдырды. Тана көзінің айналасын өрмекшінің торындай майда сызықтар торлағанмен, жанарының оты әлі сөнбеген, жарасымды қараспен сәуле шашады. Күлгенде шашау шықпай тізілген аппақ шағала тістері көрінеді де, екі бетінен лыпып қан жүгіріп, бармақ батырғандай пайда болған шұңқырға ұйи іркіледі. Кеудесі шалқақ, қаздиған тіп-тік денесін еркін игеріп қимылдайды да, текті жердің тентек қызындай өзгеше сылқым жүріспен былқ-сылқ адымдайды екен. Бала кезде байқамаппын, аналық ертектер мен халық жырларында суреттелетін қазаққыздарыныңеңақырғы, еңаяулы сарқыншағысекілді, осы әзірде ғана эпостарды бұзып шығып, бүгінгі өмірімізге, бүгінгі ұрпаққа жалт етіп бір көрінгелі, көңілдеріне қаяу салғалы, қазақ қыздарының ең асыл қылық мінездерін көрсеткелі келген сықылданды. мен енді ғана әкемнің осы кісіге не себептен қызыққанын білдім, әрі әке қылығын кешіре құптадым да.
– Үйбей-ау, неғып аңырып қалдың, үйге кір, жарығым, – деген қоңыр үнмен есімді жидым. Бұл үн тот басқан күміс қоңырауды әлдекім байқаусызда қағып қалғандай оқыс шықты. мүмкін, тек маған ғана солай сезілген шығар. ұмытылған, әбден ескіріп көнерген, заңсыз, күйсіз мазаланып, сағыныш сазын сыңғырлата-сыңғырлата үні талған да шығар. Heгe екені бимәлім, жүрегім сыздап, алқымыма өксік кептелді, бұл менің бар ғұмырын күйеусіз өткерген аналықты аяғаным шығар…
Біз үйге кіргенде, алғашқы сәтте қап-қараңғы болып еш нәрсе көрінбеді де, бірте-бірте сейіліп, қарапайым үйдің қоңырқай заттары айқындала бастады. Әкем, әдетінше төрге шығып, малдас құрып отырды да, етігінің қонышынан мүйіз шақшасын суырды. аналық маған кішкентай ағаш орындық ұсынды. Өзі әлденеге көншіген көңілмен мәз-мейрам қуанған кейіпте салдырлап ауыз жаппай сөйлеп жүр.
– Ұлыңның өңі жүдеу екен, Бөкеш. ауырмай ма?
– Кім біледі. Күн қақпағандікі шығар, ақсақал қайда, ауылға апарып тастаған жоқсыңдар ма?
– Атам ауылға барушы ма еді, жапандағы жалғыз үй боп отырғанымыз сол кісінің көңілін жықпағанымыз ғой. Осында, әзір төргі үйде жатыр, – деді аналық жез самаурынға су құйып, шоқ салып жүріп.
– Атам қартайды ғой, жүруден қалған, тоқсанның тоғызынан асты, оңай ма, алпысқа толған біз етегімізге сүрініп әрең кіріпшығамыз, қайта бұрынғының қарттары сүйегі асыл, қайраттыақ.
Әкем мені ертіп төргі үйге кірді. Төргі үйден жер иісі шығып, тынысқа өзгеше тарлау екен, сыланбаған ағаш қабырғаның әр тұсына түрлі аңның терісі қағылған, бұғының мүйізінен жасаған адалбақанға суыр ішік ілініпті. Суыр ішік күні өткен мынау қарттың өзіндей жаға-жеңі қырқылып, жүні тықырланып, тоза бастаған. Іргедегі ағаш төсекте бүк түсіп теріс қарап жатқан шал біздің келгенімізді аңғармаса керек, әкем «Ассалаумағалейкум» деп дабыстағанда ғана, бері бұрылмаған қалпы: «Бөкешпісің» – деді.
– Апыр-ай, ақсақал-ай, зердеңіз қандай зерек еді, әлі де тоқсан жыл жасасаңыз да ақылыңыздан алжаспапсыз-ау, – деп, әкем таң-тамаша болды.
– Ең бақытты өлім – ақылдан алжаспай өлу ғой, балам. ақылың бұрын өлсе – кірпігің қимылдап жатқаннан не пайда.
– Шал бері аунағанда, менің жүрегім біз сұғып алғандай дір ете қалды. аппақ боп сұлаған аруақ көргендей сезіндім. маған шал әлдеқашан өлген, тек рухы ғана жарық дүниені қимай, қиналып жатқандай еді. Әдемі, әрі таза аппақ сақал бүкіл өңірін жауып, ал көзі қартайған қыранның жанарындай тымтым шыңырау тереңнен жылтырайды. мынау көз, дәл осы қалпында, сарғайған сары даладағы жалғыз құдықтың әбден суалып, тек түбінде ғана бір ұрттам суына оқыстан нұр түсіп, жылтырағаны секілді еді. мүмкін мынау қаңсыған ақсақал алтайдағы ең кәрі адам ғана емес, жүзге шығар енді қалған ең ақырғы шал шығар.
– Кел-ей бері, маңдайыңнан иіскейін. – мен еңкейдім. Сарқынды жалбырап тұрған шашымды жоғары қайырды да, маңдайымнан иіскеді, демі мұздай екен.
– Менің тағдырымды, басымды емес, жасымды бергей.
– Ол не дегеніңіз, сіздің ақылыңызды берсе, кімнен қор болар еді.
– Ақылды адамның тынышты ғұмыр кешкенін көргенім жоқ, әр нәрсені бір ойлап, өз жанын өзі жей бермек. Әмбе көп істерінің қиюы келмей, жығылып сүріне бермек, әмбе тек ақымақтар ғана ешқашан қателеспейді, (сонсоң шал төсектің аяқ жағына тағып қойған қайыс белбеуден ұстап басын көтерді де, маған тесіле қарады) бұлар, тым аз, соғыста туған төл ғой, – деді.
– Ақсақал-ай, ендігі тілек осылардың амандығы ғой. Бір немере сізде де бар. Өзіңіз айтқан, соғыс жылдары өлім мен өмір белдесіп жатқанда дүниеге келіп, әкесінің қадірін ерте түсінді ме, тым бауырмал, әкежанды, – деді Бөкем шалдың жастығын биіктетіп. Шал енді тұғырдағы бүркіттей қомданып, еңселі отырды. абажадай асқар адам қартайғанда қонжия бүкірейіп, иір-иір болып кетеді білем.
Сарқынды ақсақал жатқан төсектің тұсында үлкен қоңыр аюдың терісі керіле қағылған да, қос ауыз мылтық ілінген, қос ауыз мылтықтың жанында салпыншақ қыны бар күмістеген былғары белдік пен сабына жез ораған дойыр қамшы ілулі тұр. Көптен шал атқа мінуден қалғаннан бері қол тимегенге ұқсайды. асыл заттардың қадірі асыл адамдар әжетіне жаратқанда ғана білінеді. анау күміс белдікті тағынып, дойыр қамшыны қолыма ұстап, көшеге шықсам, музейден қашып кеткендей күле қарар еді. Дегенмен мен үш дүниенің дәурені өткенін, енді қайтып бұрынғы қасиетін ешкімге дарыта алмай, қор болып құритынын білдім. Ол – аналықтың ару дидары, Сарқынды шалдың алып бітімі, анау тот басқан күміс белдік, жез мойын пышақ. Біз осы үш дүниені эпостық жырдан оқып, не болмаса кино мен сахнадан көреміз. Құнын жойып, күні өтпейтін зат пен тірлік жоғын біз диалектиканың заңы, табиғаттың жаратылысы деп қана білеміз. Біз кейде өзімізді «тек ертек қана тамаша аяқталады» деп жұбатар едік.
Ал шын ардақтының ақыры жоқ, оны мәңгі жасату адамдардың айнымас махаббатына саятынын парықтай бермейтін едік. мүмкін о дүние мен бұ дүниенің екі ортасында ары тарт, бері тартпен жатқан шалдың бар зар-запыраны күміс белдікті тағынатын ұлының – өз кіндігінен тараған ұрпағының жоқтығы шығар. рас, шалдың немересі бар, бірақ ол шын өз қанынан ба? Немересінің заңды әкесін таба алмағаны қашан… Бірақ іздеп әуре де болған емес.
Әкем сол ілулі тұрған ер жігіттің бес қаруына шаншыла қарап тұрып күрсінді: «мен бұл заттарды Таңатардан көріп едім».
– Қарындарың ашқан шығар, – деді дөңгелек жозыға дастарқан әзірлей бастаған аналық. – Қаршыға «бүгін мүйіз кесетін күн, бұғы қуысамын» деп кетіп еді, әлі жоқ, аты сүрініп, мертігіп қалмаса жарар. Әй, өзі де бір алды-артына қарамайтын алаңғасар.
– Қаршыға алаңғасар емес, жаужүрек, нағашы жұртына тартқан, – деді шал төсектен аяғын салбыратып, – көзсіз ерлік, күн мен түнді теңестіретін сартақым саяқтық осы Қаршығамен сарқылар.
Аналық жақтырмай, күңкілдеп қалды.
– Атам немересін орынсыз мақтайды, өйтпесе оқуды тастап, аң қуып кетер ме. Өзі секілді балалар алматыны аузына қаратып отыр.
Енді шал кіржіңдеп кейіді:
– Бұлар, – деді әкем екеумізді иегімен нұсқап, – бұлар о бастан төрелікке құштар еді, жаңа заманның жаңа салтын тізгінінің ұшымен қағып алып, қабылдаған да – осылардың тұқымы. Әркімнің мақтан етер тегі бар ғой. Біз өз тегімізге, құдайға шүкір, ризамыз, еншалла ризамыз. Туған жерді күзететін де адам керек қой, иә, керек.
Әкем ойланып төмен қарады. мен көзіммен жер шұқыдым. ал аналық болса: «атам әншейін өз тұқымын орынсыз мақтай береді, одан басқа не қауқар қалды дейсің», – деді.
Біз әкем екеуіміз Сарқындыны екі жақтан көтеріп, далаға шығардық. мынау аңғал-саңғал тау қойнауын жаңа көргендей, жанары тайған көзін жасауратып қарады-ай, сосын аспай-саспай өзгеше баппен дәреттеніп, асықпай шайынды. Сырбаз қимыл, тәкаппар да кербез қылықтарының жұрнағы-ақ шалдың жас шағында сал-сері болғанын аңғартса, әкем екеуміз әрең көтерген алпамсадай денесі атан жілік сіңірлі батыр болғанына куә іспетті. аналық «атамды Қаршыға дүзге жалғыз көтеріп шығарады» дегенде, сенбедім. Сарқынды да – шатақ шал, үйге әсте отырмай, еңбектесе де жарық дүниеге шығады екен.
Қызығы мол қызулы өмірінің сірнеленіп, жүрегінің басына беріш боп байланып қалғаны, беріш болып байланып қалса да, оқтын-оқтын лоқсытып, запыранша атылары немесе алапат бір долылық қысқанда, айқай дәуренінен қалып қойған намыс шоқтарының қызуына шыдай алмай шыңғырған өр кеуде жанның айғайы шығар – Сарқынды шал өз өзінен күркіреп, қатты қазымырланып, кектенетіні бар екен. Кейде арқасы құрыстанып, кеудесі көпіршігендей, қара шаңырақты дүр сілкінтіп ақырады, сосын торға түскен арыстандай көзіне шалынған заттың бәрін талқандап, шайнап, жынын шашып шамырқанады, сонда бұл шалды тек Қаршыға ғана тас қып құшақтап, тырп еткізбей ұстап отырады екен. Осы өңірде бұл шалдың жауырынын жерге тигізген тірі пенде жоқ, сондықтан да ашуланатын шығар-ау.
Сарқынды төрткөз, сары аяқ итін еркелетіп, басынан сипады: «Қарғыбауың да ескіріп қалған екен-ау, күшігім».
Шал Қаршығаны жанындай жақсы көреді. Шай үстінде ауық-ауық әңгімеге араластырып, сырттай мақтан тұтып отырды.
– Қаршыға менен де қайратты, әттең сол күшті жоқтан өзгеге қор етіп жүр. Қаршығаны емес, қарғаны қызықтап кетті ғой бұл жұрт, (сақалын саумалап, сәл ойланып отырды да, маған қарап) мен сендердей кезімде он кісіге бой бермейтін едім, – деді.
Сырттан Тентек өзеннің сарылдаған сарыны естіліп тұр еді. Күн көтеріліп қалса керек, ағаш үйдің сығырайған терезесінен сығалай бастады. Үйдің шайыр аңқыған иісіне үйрене бастадық па, манадағыдай емес, мүңкімейді. аналық шайды әлі де бір тізерлеп құяды, қос білегіндегі күміс білезіктері кесенің шетіне тиіп, сыңғырлап қалады. Шал мен әкем құла шайды сораптап ұзақ ішісті. Әсіресе, Сарқынды қасық басындай майды опырып алып, шайға ерітеді де құныға тартады-ай. Шайнама тамаққа тісі жоқ, қызыл иек қарт тек шаймен күн көріп отырғаны белгілі еді. Әйтсе де тамағы әлі сау, асқазаны бүлінбеген секілді.
– Қасқырды қасқыр қылатын қу өңеш емес пе, – деді бетін сипаған қолын сақалының ұшынан шығарып, – баяғыда осы өңірге кержақтар көшіп келгенде аузын аққа жарытып, етегін жапқан біз едік, кейін жетіліп алған соң, өз асыраған текешігіміз өз басымызға қарғыды емес пе. ақ патшаның атына арыз жазып, алтайдағы әкемнің ең құйқалы жерін кесіпкесіп алды да, ауласынан аттаған малымыз бен жанымызды бытырлатып атты-ай дейсің, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. аяғы, көп ел жалға тұрды. Осы Паркеде бұғы бағатын мәтібейдің әкесі менің немере ағайымды ұрып өлтірген түні мына мылтықты тартып алдым. Бірақ содан бері атылған жоқ, оқтаулы тұр… Ендігі тот басып қалған шығар. Ондағы ойым – енді қожаңдайтын болса, өз мылтығымен өздерін атып өлтіру. абырой болғанда кеңес өкіметі орнап, жанымыз қалды ғой. Тіпті қынадай қырып бара жатыр еді.
– Ақсақал, аңды немен аулап келдіңіз? – дедім.
– Өз мылтығым бар ғой. Қаршыға ұстап жүр.
Шал біз келген соң ба, қабағы ашылып, жадырай отырды. Сиырдың таңдайындай қыртыстанған бетінен бір тамшы қан шауып өте шыққандай болды. Дегенмен маған барлай, сынай қарайды.
– Бөкеш, ұлың қалаға жұмысқа қалды деп естіп едім, отынсумен алыспай, көшіп баратын шығарсың?
– Жоқ, ақсақал. Сіз жалғыз үйлі қыстағыңызды қимай отырғанда, бүкіл ауыл-аймақты, ата-баба жерін тастап, қайда қаңғырамын. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп.
Сарқынды әкемнің сөзін бөліп: «менің жөнім бір басқа.. менің жөнім бір басқа…»
– Көрмеген жердің ой-шұқыры көп дегендей, барсам да, жұртты сағынып, қайта көшіп келем бе, айғай-шуы көп қала тірлігіне көндіге алмай, құса болам ба деп қорқамын. ана жылы қатты қысылып ауырғанда көксегенім рас, бірақ қалаң таппаған шипаны даладан тауып едім, содан бері осы өңірдің топырағын бұйыртуды жатсам-тұрсам тілеймін. Онымен бірге мына жалғыз ұлым мен үшін жылында бір рет келіп қайтады алтайға, әкесін жанына көшіріп алса, ат ізін салмай, жатбауыр болып кетер деп және секемденемін. Басымыз қарайып осында отырсақ, бұлар қайда барар дейсің, бәрі бір айналып қазығын табар да.
– Оның рас, Бөкеш, оның рас. Әй, аналық, әперші домбыраны, саусағымды қарыстырып, домбырамды қаңсытпай, өтірік болса да сабалайын, – деді шаптығып. Сосын екі иығын қомдап, көкірегіндегі бір қыжылдан арылғысы келгендей, тамағын кенеп қойды. Қызық, шал өзгеше жұмбақ, оң бетін өлгенше тірі пендеге танытпас тым сақ адам секілді. Қазір өмір сахнасына лайықталған басқа, мүлдем басқа «Сарқындының» ролін ойнап отырғандай еді. мен еститінмін, Сарқындының жан сырын білу үшін анадан енді бір рет туу керек, ал тағдыр ешкімнің маңдайына қайта тууды жазған жоқ.
– Аналық әперген домбыраның тиегін бұрап, басын қисайтып, дыңылдатып отырып алып еді, мен тағаттанбай қипақтадым, ал әкем міз бақпай қадала қарайды. мен осы үйге кірген бетте әкем мен аналықтың арасындағы елден естіген өсек елес бере ме, бір сырдың ұшығы қылтия ма деп, қаншама аңдысын аңдасам да, пәлендей ынтықтықтың куәсі бола алмадым. мүмкін баяғыда суысып кеткен шығар, мүмкін ондай сүйіспеншіліктің болғаны жалған шығар…
– Шалдың даусы қырылдап нашар шықты. Бірақ заманында әжептәуір жағымды үні болғанға ұқсайды.
Көргім келмес тоқсанды, Келіндерге сынатпай.
Жүз, сірә, мені қоймассың,
Қараңғы көрге құлатпай, ей-ей, оу-оу, құлатпай-ай….
– Әкем «Оу деген» деп шалдың қолтығына су бүркіп, желіктіріп қояды. Шал шатаса бастады, бірді айтып бірге кетеді:
Тегімді менің сұрасаң, Қалың Найман нуынан, Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан, оу-оу, буынан, – дейді де, домбырасын оңды-солды сабалап, қайран заман аман бол, ер шөгіп, есер ер жетті, – деп менің жыныма тиді. мен ойладым: шал қырсық-ау, өзін шөккен ерге, ал бізді ержеткен есерге балап отыр, бірақ біз шал айтқандай тіпті де ессіз есер емес шығармыз, жо-жоқ есер емеспіз… Домбырасын қаңтара салған шал әкеме қарап:
– Сендер жолдарыңнан қалмаңдар, асықпасаңдар қонып, қонақасы жеп кетіңдер. Ұлың алыстан келген жолаушы ғой, аталы астың алдында батамды берейін, ендігі келгенінше біз бар боламыз ба, жоқ боламыз ба… (ал менің қайран қалғаным – шал осы сөзден кейін мырс етіп күлді.)
– Балама бұғының мүйізін кескенін көрсетіп қайтайын, кешке сіздің шаңыраққа тірерміз аттың басын.
– Ырықтарың білсін. Бірақ жас адамға судай боп аққан қанды көрсетпегенің жөн еді. (Іле осы ойынан қайта айныған шал) Көрсе көрсін, – деді.
– Ой, ата, мүйізден аққан қанда не тұр, – деді аналық. – Барсын, Қаршыға туғалы көріп келеді ғой сол қанды.
– Қаршығаның жөні бір басқа, ол менің тұқымым. мына неменің жүрегі жұқалтаң білем, – деп кергіді шал.
– Әй, ата-ай, жұрттың көңіліне қарамайсың-ау.
– Руының осал екенін Бөкештің өзі де біледі. Қаратайдың арғы-бергісінен жарыған – жалғыз өзі. Тегінде жоқ еді, мына жалғыз ұлы төре боп, ел басқарып қиратпас деп қорқамын. арпалысып атқа мінген азамат әкесіндей-ақ – Бөкештей ақ болар, енді міне, қойшы-қолаңға газет, журнал таратып жүргені. Беу, шырақтарым-ай, ертеңгі күндерің нендей болар екен… ертеңгі күндерің нендей болар екен (күрсінді).
Әкем басын шайқап күлді. мен қызарақтап кәдімгідей ашу шақырдым. Біз шалды төсекке қайта жатқыздық. Шалдың бір жақ қолтығынан көтеріп келе жатқан мен әлгі бір қаңқу сөзден кейін дүрс еткізіп жерге тастап-ақ жібергім келді.
Әкем атқа қона беріп:
– Аналық, ас-суыңа қамды бол, кешке осында қонамыз, көп болды дәм сағыныстық, – деп әзіл тастап еді:
– Сенен аяған малды қасқыр жесін де, кетік қара кемпірің қызғанып жүрмесе, қона бер, алды-арты бұл емес қой, – деді.
Мен бағанағы біз аттан түсердегі асқан сұлу аналықты қайта көрдім. ала көлеңке үйге кіргенде сондағы жақсы әсерімдіжоғалтып алғандай едім, ендіміне, эпостағы қартайған, шаршаған, мазаң тірлік қажытып, азып-тозған аруды қайта таптым, амал не, ол бірте-бірте алыстап, Әулиекөлге шым батып кеткендей көзден ғайып болды. Осындай керім адамның сезімін билеп, жүрегіне жазылмас жара тастаған әкемді мен тым-тым биіктен – ақшоқыдай асқақ кейіптен көріп келемін. Шал қателеседі – Бөкем тіпті де тексіз емес, асылдың сынығы. мен де, мен де… Өзіме тән әуестік, қазіргі жастарға тән ашықтықпен әкеме ұрымтал сауал қойдым:
– Әке.
– Ау.
– Аналық апаны жақсы көргеніңіз рас па? (Әкем кеңк-кеңк етіп күлді.)
– Жақсы көрсем, үйленер едім ғой. Бәлкім, мен емес, оның ұнатқаны рас шығар. Бәрі де баяғының садағасы, – деді де, желе жөнелді. Біз Әулиекөлді жағалап отырып, арғы белден асқанда, бұғының мүйізін кесетін қора көрінді.
Бәрі де – баяғының садағасы.
Біз Әулиекөлді жағалай жүріп, арғы бетке құлдағанда, менің оқу мүжіп, ақ жемін шығарып тастаған миым жаңа бір қуатты нұрға шомылғандай, баяғыша, елдегіше жұмыс істей бастаған еді. Әлбетте, менің миымдағы бықыған жүздеген фамилиялар мен шығармалар тізімі, сақалы сала құлаш данышпандар бейнесі, өзгенің қайғысы, өзгенің қайыршы халі, өзгенің байлығы мен әлемді әлдилеп тұрған даңқы – бәр-бәрі де анау сұлап жатқан сұлу табиғат, дүрия жонды көргенде, үрке қашып, өз құрлығына бас сауғалаған секілді. Енді менің санам туған жерімнің ағарып атар таңындай таза, жарықтық Әулиекөлдей майда ғана еркелей толқиды. Әулиекөлдің бетіне ұсақ толқыншалар төсеген жұп-жұмсақ қылықты желемік мүмкін менің де қоқыр-соқыр ұйықтай бастаған сезімімдегі ласты айдап әкетіп жатқандай да. Әне, басқаның жазғанын жаттаған қайран аңғалдық енді ғана өз болмысындағы балауса дарынның шын парқын жыға танып, осына жұмыр жерде қалар қансонарын аңсағандай еді; қанша оқыдым, асыл нақылдарды жаттадым, тыраштандым, ойлап қараса, кімкімдердің жазғандарын көз майын тауысып жаттағанымен, маңдайың тайқы, зердең қаңсық болса, пайдасы шамалы екен, мен бес жыл батыс-шығыс классиктерінің том-том еңбектерін парақтадым, бірақ бес бет жазған шығармам жоқ; рас, сан рет қолыма қалам алып, көрер таңды көзбен атқыздым-ақ, сан рет пайғамбар жазушылардың кітабын басыма жастап ұйықтадымақ, амал не, аян берген ешкімі жоқ, мүмкін өзімнен таланты асып кетер деп сескенген шығар, олай дейтінім – жайымен ақыл сұрасаң, ақылы асып кетер деп қызғанар «ағаларым» бар; енді міне, Әулиекөлді мыңдаған жыл жалғызсыратпаған саумал самал «ақыл» ыстап тастаған көңілімді тазартып, ал тордағы балапандай секемшіл сезімін өре түрегеліп сайрайдыай; алдымдағы бір-біріне иек артқан раушан жота-қыраттар – анау алып таулардың маңына топтастырған үбірлі-шүбірлі ұрпақтарындай. ақшоқы сол арқар ұранды дарқан семьяның ақсақал басалқасындай бар сырын ішіне бүгіп маңғаз маңқаяды; таңертеңгі шық әлдеқашан кеуіп, жасыл жазира хош иісті әтірін шаша бастаған; Әулиекөлді жағалай біткен самырсын осы киелі шалқар судың қалт етпес күзетші сарбаздары іспетті еді; құлаққа сұрапыл үн естілді, ол – Әулиекөлге сонау ақшоқы кіндігінен құлап құйылар сарқырама сарыны; сарқыраманың көлге құлаған тұсы бұрқырап аппақ болып шұрқ-шұрқ қайнап, аспанға қайта шапшиды; мына бір салқынтым леп сол сарқыраманың ентіккен демі дерсің; егер деймін, егер Әулиекөл тартылып, сазға, Тентек өзен суалып, қаңсыған сайға айналса, қайтер еді айналайын алтайым! Тәңірім оның бетін ары қылсын. Не екенін білмеймін, өз-өзімнен желігіп, ернім күбірлеп, өлең жазғым келеді. Кеудемде мың-миллион гүлсәрі тұлпар тасыр-тұсыр жарысып бара жатқандай. Кеудемде мың-миллион құс тамылжытып сайрап тұрғандай; кеудемде мың-миллион Әулиекөл тулай толқып ыңыранып жатқандай; ал жүрегім өрекпіп, көкірегімді жарып шығып, сонау… сонау шырқау биікке мені тастап ұшып кетердей; ал жүрегім көкірегімді жарып шығып, анау ақшоқының ұшар басына махаббатымның жалауы боп байланып, алауы боп жағылардай тыпыршиды; құдай-ау, көзім дәл осындай ашқарақ, қанағатсыз боп көріп пе еді, еш нәрсеге қадала қарамай, тау мен тасты жортып жүр; құлағым сыбдыр еткен дыбысты қағыс жібермей қағып алғысы келеді. мен ақынмын! ақылшым – туған жер, ұстазым – тәкаппар да қатал алтай! мен өзімді әменде жалғыз сезінетінмін, мен қайда барсам да, қайда жүрсем де біреумін, айталық маңымда быжынаған адамдар, бірақ тек өзім ғана соқайып жалғыз жүретін секілдімін. Неге? ал қазір мүлдем басқа… Тау мен дала ән салып тұрғандай; апыр-ау, құйын боп соққан қуаныштан басым айнала бастады ма? Бүкіл тіршілікті бауырыма алып, бес жылғы мауқымды басқым келеді; мен тұңғыш рет кіндік қаным тамған жердің не себептен ыстық боларын сезіп, алғаш рет әкемнің не себептен осынау қоңырқай шаруасы мен ата мекенін қимайтынын сездім. «Ұлым, – дер еді, – алматыңа барсаң өзің жүре бер, мені әурелеме, айында, жылында хабар-ошарыңды үзбесең, зарықтырмай, сағындырмай шешеңді келіп қуантып тұрсаң болғаны. Біздің шаңырақтан оқ бойы ұзап шыққан жалғыз сенсің. Қолдан жем берсем де, қолға ұстап қайтейін, мүмкін күндердің күні қайта ораларсың… ауыл құрымай біз құрыр дейсің бе».
Мен өзіме сұрақ қойдым: Әке ізімен келемін бе?
– Апырмай, аты сүрінер ме екен! – деген Бөкемнің санқ еткен даусы ойымды бөлді. Ол үзеңгіні шірете басып, ерден көтеріліп алға қадалған. мен сонда ғана қалың қарағайдың арасынан үйір-үйір бұғыны жосыта қуып, ылдиға тықсырған салт аттыларды көрдім. Шаңырақ мүйіз кербұғы жалт етіп жалтара қашқанда, ақ көйлекті жігіт ізінше қуа жөнеліп, құйрық тістесе оқшауланып барады екен. ақ көйлекті жігіт астындағы қаракер ат созыла шапқанда, алға қарай еміне шаншылған қалпы кербұғыны сойыл соғым алға сап, қораға қарай қайырды. Бірақ хайуан әккі екен, мұндай қуғын-сүргінді сан рет көріп, әбден жылпостанып алғанын бұл жолы да танытты. Өзіне қатарласып қақпайлай берген қаракерден құтыла алмасын білген соң, оқыс тоқтай қалды да, ақ көйлекті қуғыншыны алғашқы екпінімен оздырып жіберіп, жалт бұрылып кері қашты. Жылма-жыл бұғы қуып төселген ат қашағаннан осыншалық ұрымтал қулық күтпеген еді, екпінімен оза шауып кетіп қалды да, алданғанын енді ғана сезгендей табандап оқыс тоқтады. Тағасы жоқ төрт тұяқ күреңсенің үстімен шаңғыдай зырлады. Енді астындағы атынан мұндай мінез күтпеген ақ көйлекті жігіт қаракердің мойнынан асып түсіп қалды, бірақ тізгінінен айрылмаған қалпы атып тұрып, ердің қасынан ұстап, дік етіп қайта қонды.
Есі шыққан бұғы қапелімде бізге қарай тура тартып бет қойды. Осы көріністің бәрін көріп, көкейіне түйіп үлгірген әкем қиқуға басып, кербұғыға қарсы шапты. «Бас атыңа қамшыны!» – деп маған жекіді. менің де делебем қозайын деген. Биені сабалап бұғыға қарсы далбақтай жөнелдім. Хайуан үш адамның қыспағында қалды. Біздің екеу екенімізді сезді ме, жалт бұрылып, өкшелей келе жатқан қуғыншыға қарай қайта андыздады. мұндай перен болар ма, қуғыншыға қасқая қарсы шауып, бетпе-бет келе бере зу етіп жанынан өте жөнелген. Бірақ өте жөнелмепті, айлалы адам сала құлаш қайыс арқанын ыңғайлай келген екен, қарулы қолдан құлаштай лақтырылған шалма ысылдап барып кербұғының шаңырақ мүйізіне сақ ете қалды. Қыл арқанның темір шығыршығы мүйізге сарт соғылғаны бізге естілді. Жұлдызша аққан бұқадай бұғының екпіні қойсын ба, жігіт шалманың ұшын аттың омырауынан шалып алам дегенше шалқасынан түсірді. Ол арқаннан сонда да айрылған жоқ, ұшынан ұстаған күйі жер бауырлай сүйретіліп бара жатты.
– Қоя бер! – деді әкем саңқ етіп. – Қарныңа бұтақ кіреді!
Өлермен жігіт арқанды босатар емес, көк шөпті жапырып сүйретіліп барады. Сонсоң көзді ашып-жұмғанша атып тұрып, хайуанның соңынан жүгірді, жүгірген қалпы әбден шіреле керілген шалманы босатып, қарсысындағы қарағайды зыр айналып орамдап ұстай қалды. Кербұғының басы қайқаң етіп, мойыны кілт бұрылып, бөксесі ары айналып кетті. Бұл сәтте шапқылап әкем екеуіміз де жеткен едік.
Қарсы алдымда ақ тер, қара тер боп, ыржия күліп тұрған Қаршығаны көрдім. арқанның ұшын лезде күрмеп байлап жіберді де, сол ыржиған қалпы күректей алақанын жамбасына бір сүртіп маған ұсына берді. менің аппақ жіңішке бикеш саусақтарым досымның қолына шомылып шықты. Әкем бұланталан ұрсып жүр.
– Осынша есерсоқ болармысың, ат жығылып, жұлының үзілсе қайтесің. Ерлікке де еп керек емес пе. Қане, қарныңды көрсетші, шөгір сойып кетпесін. – Қаршыға шөптің нілі сіңген жұлым-жұлым ақ көйлегінің етегін көтергенде, әр жері тілінген ішінен қан шып-шып шығып тұр екен.
– Әне, айттым ғой, әй жастар-ай, шыбын жандарыңды жалау ғып байлап алып, қолды-аяққа тұрмай, шапқылайсыңдар кеп, бастарыңа тигенде болмаса, қазір «өзімнен» өзгені мойындамайсыңдар-ау. Қанжапырақтың сөлін жағайын, жат, – деді, бұдан соң өзі әр жерден қан жапырақ теріп әкелді де, сығып қып-қызыл нілін шығарып, Қаршығаның қарнына жаға бастады. Шалқасынан жатқан Қаршыға көкпеңбек болып үстінде төңкеріле тұрған аспанға қадала қарап: – Қашан келдің? – деді маған.
– Бес-алты күн болды.
– Содан бері дәтің шыдап, хабарсыз қалай жаттың? Ертерек келсең марқакөл жағына барып қайтар едік.
– Демалыстың реті солай болды…
– Бізге демалыс та жоқ, соның өзі жақсы. Демалыс алғанда қайда барамын.
– Қалаға, маған.
– Әй, сол, қалаңды қойшы. Сенренжіме, жайқалжыңдаймын, әйтпесеқалаға не жетсін. Қарай гөр, қанжапырағыңыз әжептеуір дуылдатады, – дейді Қаршыға аспанға қараған күйі… – Осы аспан деген түпсіз дейді, түпсіз дүние бола ма? Егер мына мен тура осы жерден тіке ұша берсем қайда барар едім, а?
– Білмеймін.
– Әй, сені де оқыған азамат дейді-ау. Осы жерге қайта оралар едім… ал, ақсақал, емдеп болсаңыз, тұрайын.
Шалқасынан жатқан Қаршығаның жанарынан аспанды және өзімді көрдім… мен Қаршыға арқылы өзімді, өзім арқылы Қаршығаны көрдім.
Шаңырақ мүйізінен қарағайға байланған түз тағысы қанша тулап, мөңкігенімен, қыл арқанды үзіп кете алмады. Өне бойы дір-дір етіп, әрқайсымызға жаутаңдап қараумен тұр. Қайда жүрсе де адамдардың тегеурінді құрық ұстаған қолынан құтылып кете алмасын, қайда барсын қарсы алдынан мылтығын кезеген екі аяқтылар ереуілдей шығарын білетін болуы керек, ендігі сәтте кербұғы көнбіс күйде көзін аларта қарап тұр еді. Осы сәтте бұғыхана жақтан далақтай шауып, қауға сақал шал жетті. Ол ат үстінен айқайлай келді:
– Бұғы жетекке жүрмейді, бұғы жетекке жүрмейді, мазаламаңдар!
Сақалы бар дегені болмаса, өңі әлі жас, бетінен қаны тамып тұрған кісінің матвей екенін таныдым. аттан домалап түсті де, кербұғыға ұмтылды. Жаңа ғана байыздап момақан тұрған бұты осқыра қарғып түсті де, қарағайды шыр айналып кетті. Насыбайын асықпай атып, томардың үстінде отырған әкем:
– Әй, аман жоқ, саулық жоқ, аш қасқырдай бұғыға атылғаның не? «Қартайсаң да балалығың қалмапты-ау, пәтшағар. аталақтама тәйірі, тағы емес пе, байырқаласын, – деді әкем әзілдей. матвей енді ғана бізді байқап, тісін ақсита күлді де, ең әуелі әкеме қолын ұсынды. Әкем матвей ұсынған қолды алған жоқ, жай есендесті де: – кержақ, сенің қолың әмәнда қан сасиды, – деді теріс айналып.
– Қан хайуандікі ғой, тамыр, – деді матвей мәз қалпында.
– Сен шал да талай малды бауыздап, обалына қалдың емес пе. Қаннан қанның өзгешелігі қайсы… Соғыста бес жыл кешкен қанды ұмытайын деген екенсің.
– Бәрекелді, ендеше адам бауыздауың ғана қалған шығар. Сен қудан оны да күтуге болар, бәтір, – әкем осы сөзді ешбір зілсіз қалжыңға шаптыра айтты, бірақ матвей кейіп қалған секілді, жүрегіндегі бұрқ еткен ашудың қыжылын әреңәрең басып, тағы да тісін ақсита күлгенсымақ болды. Сосын кербұғыға жақындай беріп:
– Іліп-шалуынды қоймайсың-ау, тамыр. Елу жыл бір жердің суын ішіп, бір жердің дәмін татып ғұмыр кешсек те, аңдысуымыз бен арбасуымыз қашан қалар екен, – деді таза қазақ тілінде. Әкем кеңкілдеп күлді.
– Ой, матвей-ай, өзің де баласың-ау, жоқтан өзгеге бұртия қаласың. Өзің айтқандайын елу жыл осы алтайдан от оттап, су ішсең де қазақта қалжың дегеннің болатынын ұқпай-ақ келесің, бәтір, – деп, өзі де кербұғыға қарай жүре берді.
– Мүйізін осы жерде кесіп алмасақ, бұғыханаға апара алмаймыз, – деді Қаршыға.
– Ие, ие, осы қарағайға таңып қойып, кеспесек апара алмаспыз, мен қолараны ала келдім, – деді матвей, сосын әкем үшеуі үш жақтап жүріп кербұғыны қарағайға тас қылып шандып байлады. Хайуан қанша жұлқынғанымен, қаңды қақпаннан құтылмайтын еді. матвей қоларасын қанжығасынан шешіп алып, жалақтатып бұғыға тақады. араны көрген бұғы ақырғы рет тағы бір тулады, бірақ бас сүйегінен бастап бүкіл кеудесінен, белі мен бөксесінен қарағайға қайыстырып байланған, қимылдаған сайын арқан қия түседі. арбиған аша мүйіздің түбінен дырылдатып кескенде, мүйізім жоқ менің төбе құйқам шымырлап кетті. Қазан қырса шиқылына шыдай алмай қарадай қашатын мен бұғының мүйізін кесуден қатыгездік жоқ болып сезілді. Екі құлағымды басып, сонадай жерге қашандай барып тұрдым. матвей үйреншікті харекетіне өзгеше шабытпен кірісті.
Кербұғының мүйізінен қан шапшығанда көзімді баса қойдым. Бірақ бәрі бір судай аққан қып-қызыл қанды көрдім. Көзімді қайта аштым, бәрі бір жанар тау боп атылып жатқан қып-қызыл қанды көрдім. Өне бойым мұздап, арқамнан сұпсуық тер шықты. матвейдің жүзі бал-бұл жайнап, әкем мен Қаршығаға әлденені айтады. мен еш нәрсе естіп отырғаным жоқ. аспан да, көк шөп те, матвейдің қолындағы ара да қып-қызыл. матвей бірдеңе деп мені шақырды, тағы да қол бұлғап шақырды… мен не дегенін естіп, неге шақырғанын білмесем де бір басып, екі басып жақындадым. Құлағым тарс етіп ашылып кеткендей болды. Ең әуелі естігенім: матвейдің тау-тасты жаңғырықтырған еркін де рақатты әрі дарақы зор күлкісі болды. Күлкісі мұндай қатты болар ма, мұқым алтай жаңғырығып қарқ-қарқ күліп тұр.
Мен мынаны көрдім: матвейдің саусақ-саусағының арасынан шыпылдап қан шығады; ең сұмдығы – кербұғының мүйізінен атқылаған қан әкемнің өңіріне, етігінің қоншына тиіп былғаған, ал Қаршыға мәз болып, ол да күліп тұр; оның да ақ көйлегі қан-қан; жаңа ғана қаулап өскен жап-жасыл тау шалғынына қан шашыраған; тіпті жаңа ғана гүл ата бастаған жалқы тал көкек гүліне де қан тиіпті; кербұғының бүкіл басы қан, ал көзінен, жаудыраған тұнық қара көзінен – аналықтың көзі іспетті өте әдемі жанарынан жас ағып тұр; және мен осынау жасқа толған аяулы да ардақты көздің аясынан өзімді, әкемді, Қаршығаны көрдім; үшеуіміздің де сүлдеміз жанарға түсіп, әмбе осынау жанардағы көріністенген орман, тоғай, таутас, мөлдір аспан кербұғы көзін жұмып қалса, мәңгіге ғайып болатындай қорқыныш биледі бойымды; мүмкін кербұғы біздің көз жанарымыздан өз бейнесін көрген шығар; мүмкін ештеңе көре алмай қор болып тұрған шығар. матвей маған шапшыған қанды көрсетіп: – Ұртта, бала, Сарқынды атаң секілді жүз жасайсың, – деді. мен басымды шайқадым, сонсоң, өзі сорғалаған қаннан ұрттап-ұрттап алды да, тісін ақсита күліп бізге қарады.
– Жылы екен, – деді, – жып-жылы екен, Сарқынды ішсе құдай біледі орнынан қарғып тұрып кетер еді…
– Әй, сойқан-ай, – деді әкем; – алпыстан асқанша ыңқ етіп ауырмай, қатыныңа он бес бала таптырып жүргенің осы жыпжылы, қып-қызыл қанның қуаты-ау.
– Баяғыда ауырғаныңда саған да іш дедім, тамыр, өмірден періште болып өтетіндей міз бақпадың, мына балалар болса жарайды, соғыстың сойқанын көрген саған қаннан сескенетін не жорық. Бұғы мүйізінің қаны – мың да бір ем мың да бір ауруға. мұны тапқан ішеді, – деді аузын, өңірін жауып кеткен қауға сақалын сүртіп тұрып. мүйізін кесіп алып, арқанды ағытқанда, Кербұғы атылып шықты да, танауын шүйіріп бізге одырая қарады, сосын басын кекжитіп мүйізін арқасына сала ойқастай жөнелмекке оқталды да, мүйізі жоқ мұқыр екені есіне түскендей, жер иіскелей желе жөнелді. Бойындағы бар асыл, бар байлығынан айрылған пұшайман бұғының обал-сауабы бізде қалды. Бағанағыдай емес, алтай жүдеу, құйрық-жалы күзелген байталдай-ды. Бағанағыдай емес көксеңгір аспанда шарбы бұлттар бар, қиып құрылысқа тартып әкеткен қарағайдың түбірі де үңірейіп-саңырайып молайып кеткен секілді. менің шарқ ұрып жыр, туған жерден сыбызғылы сыр іздеген көтеріңкі көңілім де пәс, тауы шағылып, тауаны қайтқандай, күйкі. Бәрі де баяғыдай емес, өзгеше, бөтен, бірте-бірте адам да өз жер, өз елін танымай кетер ме. ыртың-жыртың өзгере берсе, өзгерте берсе туған жерде қадір-қасиет қалар ма. Баяғы күй, баяғы тамылжыған табиғат, қырмызы гүлдер мен қолдан жем беретін аң, құсы таусылуға айналған ба. Біз сатының ішінде қамауда жүрген теңбіл терілі марал мен бұғыдан өзге емін-еркіндікте жүрген аң, ұшқан құс көре алмадық. Тіпті марал екеш марал да бізді кісі екен деп менсінген жоқ, өз жайында жайылып жүр. Жер жарықтық әбден титықтап шаршаған – біз, адамдар, шаршатқан секілдіміз. аса қажыспен мұңая мелшиеді. Өзі тудырып, өзі өсірген шолжаң баланың орынсыз тентектігі мазасын алып, қажытқандай. мен өзімді де, әкем мен Қаршығаны да, әсіресе… әсіресе айналайын алтайымды аядым.
Төртеуміз бұғыханаға қарай құлдап бара жаттық… Қарағайдың түбінде қан аңдыған қарғалар мен менің түз тағысына деген аяулы сезімім, қайтқан көңілім қалды…
Ымырт жабылып, қас қарая аналықтың үйіне қайтып оралдық. ай әлі туған жоқ еді. адырлы асу, алпамса таулар қара барқын тартып, жаңа басталған жаздың уыз шағына масайып жатқандай. алтайдың түнгі келбеті аса қорқынышты да, омырауын еміп өскен сыралғы жұрты болмаса, сырттан келген жолаушы түн баласында қарға адым ұзай алмас еді үйден. Бірақ алтайдың арамза мінезі жоқ, айбары ғана бар тәкаппар өлке. Бойындағы асылын бұлдаған да емес, жақсы мен жаманға қойнын тең ашып, тереңнен толғай тебіреніп кеп жатқаны. Бір кезде қойнауы толған жусаған қой, үйездеген жылқы еді. Бертін келе марал деген «мал» пайда болды. марал деген мал қайдан ғана қаптап кеткенін, тұяғымен арқа қышуын қандырар қыл құйрықтардың қайда ғана зым-зия болғанын біле бермейді. алтайдың білетіні бұрынғыдай емес, төскейінің, тілім-тілімі шығып, дүрілдеген бәлелердің жанын жаралап, бақты маңдайын тыртықтап жүргені. Оның білетіні бәлкім бұл да емес, бойындагы киімін екі аяқтылардың дал-дұлын шығарып жыртқаны, немесе қоп-қою шашының орманының таз тақырлана оталып бара жатқаны шығар. мейлі, дейтін кейде алтай, мейлі өздеріне жақса істей берсін, күндердің күні менің бүгінгі көркіме зар болар. Егер алтайға бара қалсаңыз, жеті қарақшы жанбасқа келе далаға шығыңыз, далаға шығыңыз да, түн тылсымына құлақ түріңіз. Сонда сіздің құлағыңызға (егер керең болмасаң) өксіген бір үн шалынады, ол үн алыстан немесе түпсіз тұңғиықтан талып, шалдығып қана жетеді; ол үн үш рет қайталанады – үш қайтара айтқан сәлеміндей; ол үн сіздің жүрегіңіздің басын алған май болса, сылып түсіріп, қаныңызды қарадай қарайтады, сонсоң, ұйқылы-ояу мәңгірген жүйке тамырларыңыз бен сары су алған сіңіріңізді дерттен құлан-таза айықтырады; ол өксіген үн өз сұлулығы, өз байлығы өзіне жау болып шапқан алтайдың өкініші, бүгінін ғана ойлайтын кейбір шолақ ақыл адамдарға деген өкпесі болар, әлде сонау сақ, маңғол, жоңғарлар мен күні кешегі ақтардың сойқан соғысы тағы да, құдай-ау, тағы да қайталанбаса екен деп тілеген жалбарынуы ма; мүмкін өз тәңірі – адамдар тек қана тыныштық тілеп, бір-біріңмен қырылыспасаңдаршы деп айтуға тілі жоқ жазғанның мақаудай ымдап, көз жасын төгіп қиналғаны шығар. Иә, алтайды асып, Шыңғысханның мың сан әскері өткен, әр төбенің басында қорымға айналып жатқан оба сол маңғол қолынан қаза болған адамдардың мүрдесі десек, құдай-ау қып-қызыл қан жауған замандардың адыра қалғаны, ал алып алтайдың ғасырдың өлі куәсіндей мелшигені бүгінге неге ой салмайды; иә, алтайды басып бір кезде Енесей қырғыздары өтті, қайтып өтті десеңізші: «Текті елден» теперіш көрген үркердей жұрттың үрке босуы, туған жерін сауғаға тастап, жұмақ жұрт іздеуі әншейін еріккені ме, жо-жоқ, тілім-тілімі шығып, тентіреп бара жатқан тозғынды елдің жан шошырлық аянышты сықпыты әлі есінде, сонда астына ат беріп, аузына асын тосқан тағы мынау пейлі дарқан айналайын алтай емес пе еді; айналайын алтай сонда енесейліктің кіндік жұртынан бездірген, тойымы жоқ алакөз пенделердің бір-біріне деген бақилық қастығы – сор соғыс екенін сезген…
Жетіқарақшы шөміштене сыртқа шықсаңыз, айналаңызды күрегейлей қоршап жатқан асқаралы таулардың жылағанын естисіз. Ол – әмісе тыныштық тілегені. Бірақ ол үнді есту әркімнің маңдайына жазылған жоқ.
Түн баласында жылаған алтайдың барша халқына тыныштық тілегені – барша еркекке амандық тілегені, тарихтың қыртыс-қыртыс парағында сан еркектің қайғысы, сан еркектің көз жасы, сан еркектің махаббаты тұмшаланып жатқанын, не бір азулы азаматтардың бір жұтым суға зар болып, құнсыз құрып кеткенін білетін, әмбе өз қойнында сондай есіл ерлердің сүйегі қуарып қалғанын білетін, егер осы өңірде ғана шейіт болған ерлердің қанын жинаса, Әулиекөлдей су пайда болатынын білетін. Сан ғасырдың тілсіз куәсі алтай түн баласында үнін шығарса, мүмкін ол сол қанды қырғын соғыста қаза болған ерлердің рухын сыздатып, арқасына аяздай қарығаны, мұң-зары, өкініш арманы шығар. Тайпалы елден тайға мінген баладан басқа еркек кіндікті қалмай қырылып қалғанда, жер қайыстырған қалың әйел қара жамылып келіп жоқтағанын, жоқтап тұрып: «Уә тәңірім, екі аяғымды ал, екі көзімді суалт, бетімді тілгіле, шашымды жұл, бірақ ер азаматтан айыра көрме», – деп зарлағанда, қара жер жарылардай болушы еді. Сонда кәрі алтай тіршіліктің өзі – ерлер екенін көкірегіне түйген, әрі осы қажырлы да қасіретті еркек деген жұртты аяған да. От пен суға түсіп, Отанды, ошағын қорғайтын, түн қатып, түсі қашып жүрсе де, елінің, жерінің, сүйген жары мен бесіктегі іңгәлаған баланың қамын ойлайтын, әттең, бірақ, сол елінің, жерінің, сүйген жарының өзіне деген ықыласынан жарықшақ саңылау таба беретін ерлердің жер құшып еңірегенін де көрді ғой бұл алтай. Сонда ойлайтын: тек ерлер ғана шын жылай алады; «өсіру де еліңнен, өшіру де еліңнен, көшіру де еліңнен», сонда ойлайтын әйелдер ерлерінің шын қадірін қара басып ылғи да кеш түсінер деп. Сонда ойлайтын арманда аттанған ерлерге арнап Сұлушоқыдай ескерткіш орнатар ма едім деп.
Тау ішінде жылтыраған отқа беттеп келе жатып мен ойладым: егер Отанға оқыстан жау шапса, осы үшеуміз де жұбымызды жазбай, қорғауға аттанар едік. Әрине, әкеме қорқынышты емес, фашистерді көрген, Қаршыға екеуміз қайтер едік? Тас түйін жауға аттанған біздің түсіміз суық, қабағымыз жауар бұлттай қатулы болмақ. анамыздың, апа-қарындас, сүйген қыздарымыздың көз жасын алақанымызбен сүртіп тұрып:
«Жыламаңдар, жаудыжеңіпаман-сауораламыз», – деп не батысқа, не шығысқа жосыламыз-ай! артымызда орамалдары ағараңдап әйелдер, топырағынан сүт аңқыған туған жер қалады.
Иә, сонда біз есен-сау оралатынымызды білсек те, сағынышты ерттеп мініп, осылайша түн жамылып жорытамыз-ай! мүмкін аттан түспей жортуылдап өту пешенемізге жазылғандықтан болар, мен кейде алыс жол, сұрапыл жүріс, жойқын ерлікті аңсайтынмын.
Ақшоқының үстіне шығып алып: «Уа, әйел заты! Сендер ерлер алдында мәңгі борыштысыңдар, ол борыштың өтеуі – тек қана, бір ғана адал махаббат!» – деп жар салғым келді.
Аналық ас дайындап қойған екен, мініп келген аттарды отқа жіберіп, үйге кіргенде, жас еттің иісі мұрынды жарған еді, буы бұрқыраған төре табақ ет алдымызға келгенде, бәріміз де сілекейімізді жұттық. Бағана, күндіз, бұғыханадан макарон көже ішкенбіз, күні бойғы солқылдақ жүріс, таудың ылдиы мен өрі соғып тастаса керек, жұмырымызда жүк қалмаған, ішімізде жылан бардай ашқарақтанып отырмыз. Қаршыға атасын жалғыз өзі көтеріп әкеліп, төр алдына отырғызды да, арқасына жастық тіреп, қолын шайдырды. Шал ұзын аппақ салалы саусақтарын құманнан аққан жылы сумен асықпай жуып, ықтияттап сүртті. Сосын аналық әкеліп берген сары мойын пышағын қынынан суырып, оны да сумен шайып сүртіп алды. Әкем тағы да қарттың қолындағы жез мойын мүйіз сап пышаққа қадала қарады. «мен бұл пышақты білемін». Шал бізге ләм деп үндеген жоқ, шал үндемеген соң, біз де тіл қышытпадық. Ac алдындағы жарасымды үнсіздік басты.
Шал ең әуелі бір кесіп, «бісмілдә» деп өз аузына салып, бір кесіп, Қаршығаға асатты, сонсоң ғана қолындағы пышағын әкеме ұсынды: – Ет кесіп бер балаларға, мендей емес қолыңның қаруы қайтпаған шығар, – деді де, өзі кейін сырылды.
– Қолыңды кесіп алма, пышақ өткір.
– Өткір екенін білемін, ақсақал, өткір екенін бұдан бұрын да білетінмін…
Әкем де қызық жасады. Шалдың қырсық қылығын қайталап, ең әуелі бісмілдә деп өзінің аузына бір жапырақ ет салды да, маған бір кесіп берді, сонсоң ғана лыпылдатып турай бастады. Шал ет жеген жоқ, табаққа телмірген қалпы әлі мелшиіп отыр. аналық әкеліп берген құрт қосқан шым-шым сорпаны сыңғыта ішті. Қаршыға екеуміз тураған етке жаудай тидік.
Ет желініп болғанша, ешқайсымыз сөз бастауға ықыласты бола қойған жоқ едік, аналықтың «жеңдер», «неге жемей отырсыңдар» деген бәйек сөзі ғана қоңыр отырыстың андасанда сыңғыр ете қалар қоңырауы секілді. Шал күпісін қымтана түсіп, мүлгиді. мен еститінмін: осы Сарқынды шал өзінің бір ғасырлық ғұмырында тышқан мұрынын қанатып, мал бауыздамаған адам екен. Қан шыққан жерден қарада бой, қарда ізі қалмай, березеп боп безеді екен. Осыншалық алып, батыр адамның мал бауыздағанды қойып, ет кесіп жемеуі тәлімсігені ме, олай дейін десем, тағы да осы шал кеңірдегін орып жіберген қара қасқа құлыным көз алдыма келеді… қайдасың, қара қасқа құлыным менің! Осылай ойлайын десем, анау әкемнің қолындағы жез сағақ, мүйіз сапты кездіктің керегі не. мүмкін әкем айтатын «ердің белгісі – пышақ» деген ырым бойынша еркектік үшін, әлде намыс үшін тағына ма? Күпісінің жағасына иегін тығып, бүк түсіп мүлгіп отырар шалдың көргені мен түйгенін сол кездігімен жарып жіберсе, сөз жоқ, ағыл-тегіл көл жайсаң болар еді. апыр-ай, осыншалық жұмбақты боп неге жаратылды екен?
Ондық шамның керосіні таусылды ма, әлде білтесі нашар ма, бықсып, қоздап жанбай тұр, қолқаны қабар сасық түтіні фузырдың шал жақ қабырғасын қап-қара қып ыстап тастаған. аналық шынысын алып, білтесін тебен инемен тазалап еді, болымсыз от ұшқындады, әрі-бері сумаңдай жанған болды да, бәрібір қайта бықсыды. Шал жұмулы көзін сығырайтып, боларболмас ашып еді, жетім шамның жасық жарығы көз жанарына шағылысты. Ендігі сәтте қабағын оқыс көтеріп, көзін бағжайта ашты да шамға қадалды. Қанталаған үлкен жанар жасаурағандай болымсыз сәуленің өзіне от болып жанады-ай. Ең ғажабы, осынау жарқыраған жалынды мен әкемнің де, Қаршығаның да көзінен көре алмадым, енді ғана есіме түскендей, аналыққа жалт қарап едім, тек сол кісінің жанары да шаммен бірге жанып, боздап тұр екен. Қазір Сарқынды шал да, аналық та жанарын жауып қалса, анау түтіндеп тұрған, сонда да қоңыр үйге нұр шашқан шам жалп етіп сөніп қалатындай сезілді. мен тағы, тағы да ауыз әдебиетіндегі қаһармандарды есіме алдым. Енді олардың бар болғаны кітапта ғана өмір сүретінін, тірідей тірлікте жолықтыра алмайтынымызды, өйткені олар енді қайтып тумайтынын, туса да құрлықта қалған балықтай біздің ортамызда ғұмыр кеше алмайтынын, өйткені біздің өз алпамыс, Ер Тарғын, Қамбар батырларымыз бен Құртқа, ақжүністей сұлуларымыз барын, әлгілер тарихи тұлға ретінде тек қана қиялымызда (әрине, бәріміздің емес) ғана жүретінін, аңсатып қана, армандатып қана баз кешкенін ұғамыз; сонсоң күнделікті күйбең шаруаның жетегінде жүріп ұмытып та кетерміз; ал олар мың жасайды, миллион жасайды, бірақ қайтадан әсте тумақ емес, мүмкін сондықтан да қайғылы да қасиетті асыл сүйек адамдар болған шығар. Неге екенін білмеймін, мен Сарқынды шал мен аналық шешейді аса аядым. мен өзімді тым әлжуаз санап көрген емес едім, қазір өзімді заңғарда, меңіреу таулардың ішіндегі, адасып қалған қасқа құлындай обал сезіндім. мен әдебиетте, сол ауыз әдебиетінде ғұмыр кешкен қаһармандар сияқты замандасымның алып бейнесін жасасам деп армандап отырмын. мен жер басып жүргендердің көбін аядым, өзін-өзі арыстанға балап, алдаумен, алданумен ғұмыр кешетіні үшін аяған шығармын; білемін, жер бетінде асыл адамдар көп, бірақ жер астында одан да мол-ay…
Үнсіздікті шал бұзды. Көзін ашып-жұмып отыра беруге дәті жетпеді білем, тамағын кенеп, қомданды да Қаршығаға қарап:
– Қуыс қурайды әперші, – деді.
Шалдың қуыс қурай деп отырғаны – сыбызғы. Осы өңірдегі ендігі қалған жалғыз сыбызғышы өзі болғаннан соң ба, «ақсақал сыбызғы тартып беріңізші» деп қанша қолқаласаң да, еркінен тыс бәлденіп тартпайтын, тек көңіл күйі қош күндері ғана жалықтыра, ұзақ сарнайтын. Бұл кісінің мен білетін елуге тарта күйі бар. Ең ғажабы – сол, өз өнерін тірі жанға үйретпей, өзімен бірге арғы дүниеге алып барады…
Қаршыға әкеліп берген сыбызғы қурайдан істелген жоқ, шәнгіш ағашының өзегін алып, ішін жұқарта ыңғырулап, ыстап тастаған қарақоңыр қатқан сыбызғы. Бұл да Сарқынды шалмен бірге жасасып келеді. Әкем бір сөзінде айтып еді: «Сарқынды шалдың сыбызғысы әкесінен мирасқа қалыпты, бұлар атабабасымен сыбызғышы болған көрінеді», – деп. Заманалар куәгері кәрі сыбызғы Сарқынды ақсақалдың ерніне тигенде, бебеулеп қоя берді. Шал қай күйді тартатынын айтқан жоқ, сол жақ үстіңгі ернін кере тісіне тіреді де, уілдете жөнелді. Сыбызғыдан ең әуелі қоңыр үн шығып, талайға дейін майда, алаңсыз, мамыра халден хабар беріп, өңештен болар-болмас гүжілдеп тұратын жуан үн сыбызғының өзінен шығатын әдемі әуенге қосылып, бейбіт те жомарт өмірдің жайсаң бейнесін алдымызға жайып салды. Осынау жанында жапырақ жарар сыбызғының сиқырлы музыкасы менің көз алдыма тау мінезінің күллісін: тәкаппар алтайдың түлеп түрленген жастық шағын елестетті: мен еститінмін, алтай тауы жермен жасты екен, бұдан мың жыл бұрын әбден қартайып барып, қайта жасарған екен, еңсесін қайта көтерген екен, содан бермен Шолпан туа сыбызғының үніндей сыңсыған өксікті үн шығарады, ол қайта жасарғанына өкінгені екен, ол үнді еститін – тек қана өмірде өз кіндігінен бала көрмеген әке мен ана, солар ғана – осы бір таңғажайып өкінішті дыбыстың куәгері; ал олар естісе де еш пендеге айтпауға тиіс екен. Өтірік-шынын қайдам, мен бір-ақ нәрсені білемін – Шолпан туа жаңғырығатын өксікті әкем естіген жоқ, өйткені мен бармын. ал әзірше мен де ести қойған жоқпын, Қаршыға да естімеуге тиіс. Тек Сарқынды шал еститін-міс.
Менің көз алдыма: қайта жасарған алтайдың әсем шағы келіп еді ғой, сол әсем таудың қойнау-қойнауы құжынаған жылқы еді ғой, қазір сол жылқыны қансойыл әлдекім бықбырт тигендей қуып, тау асып баратқандай. Әсем көрініс біртебірте сусып, санамды тақыр тастап бара жатты. Ендігі сәтте талақ қалған көкейімді ыңырсыған аянышты күй кеуектеді. Шал тартып отырған сыбызғы шаттықпен шалқымалап барып, еңсені езер ауыр азаға ұласты: айдалада иесін атып кетіп, иесін асып кетіп, иен қалған ақ отауды жел кеулеп, қаңырап уілдегені секілді аса ауыр екен; аспаннан ұшқан қос аққудың бірі оққа ұшып, екіншісінің зар жылап, сұңқылдағаны секілді екен; бір үйдің бір азаматы жау қолынан қаза тауып – оң жаққа сұлатып сап, жан жарының екі мықынын таянып алып, азалағаны сықылды екен; өз ұлынан өзі түңілген ардақ ананың емшек сүтін көкке сауып, қара жамылып қарғанғаны секілді екен; ақ ботасы құдыққа құлап, соны жоқтаған аруананың боздағаны сықылды екен; Сарқынды шалдың алтай іспетті енді қайтып жасара да, жасай да алмайтынын, күннен бұрын болжап, дәуренінің өткенін сезген соң, құрдымға құлар алдында айтқан ең алғашқы, уа, уа, ең ақырғы хош-хошы-ау, ие, хош-хошы екен. мен шалдың жұмылған жанарынан ыршып шыққан жас көрдім, әжім торлаған тоң бетті қуалап сақалына ағылды. мен бұл жасты аналықтың бота көзінен де көрдім. ал менің әкем шамға тесілген қалпы үнсіз тыңдап отыр. Дәл осы сәтте менің көз алдыма жаңа туған қара қасқа құлынымды бауыздап жібергенде, ұдайы үш күн азан-қазан кісінеген боз биенің тау айналып шапқылағаны көріністенді. Шыдай алмады білем, Қаршыға менің иығымнан тартып:
– Жүрші тысқа шығайық. Тынысым тарылып барады, – деді. Біз далаға шықтық. ал Сарқынды шал тартқан күй одан сайын зарлап, әйтеуір бір белгісіз мазаң үнімен өршелене бебеулеп, бейуақтың тынышын алып тұрды; бейуақыт бұл үнді өзгеше жөн қуанышпен қарсы алып, айызы қана құлақ түрді.
Алқара аспандағы сансыз жұлдыздарға шалқалай қарап тұрған Қаршығадан: – Бұл қандай күй? – деп сұрап едім:
– Білмеймін, ағайын, білмеймін. Ешқашан естімеген күйім, енді ешқашан естімейтін де күйім, – деп, екі құлағын тас қылып басып алды да, зыр жүгіре жөнелді Әулиекөлге қарай. мен де жүгіріп келемін. Сарқынды тартқан сұрапыл күй де қалмай қуып, ызыңдай естіліп келеді…
Аңсарлым, Әулиекөл десе, Әулиекөл-ау!
Бізді момақан қарсы алды. Құрлыққа шалқыған салқын самалы күйреуік күй улап дел-сал шаршатқан көңілімізді қытықтап, желпіп ойнады. Омырауымызды аша тастап, жұпар ауасынан жұттық-ай, жағалауындағы жар тасты сабалаған ерке толқындарының шөп-шөп сүйіскен үні алақанын шапалақтап, мәз бола қуанған алаңсыз күлкісі – қазіргі мамырстан өміріміздің шыншыл жаршысындай. Көл жиегіндегі жабайы үйректер адам келді-ау деп дүрліге үріккен жоқ, айдынды сызып самарқау жүзе жөнелді арғы бетке. Әулиекөлге төнген алпамса таулар ғана осынау айна көлдің бақилық сақшысындай салқын түнерді; сол таудың оңтүстік жиегін жұқалаң ақ сәулеге бөлеп туып келе жатқан айдың шабарман нұры бізге де келіп жетті.
Су беті қара барқын кеспірін тоздырып, ұсақ-ұсақ моншақ сәуледен алқа тағынды. ай тау тұтқынынан сытылып, бауыр жазып көтерілген сайын, әлгі көл бетіндегі шашау сәулелер топ құрып, бірыңғай аппақ нұрға шомылды да, жоталырақ толқындардың теріскей жағы ғана қара бауырланып жатты.
Жаңа ғана еркіндей бастаған қараңғылық үңгір-үңгір, жықпыл-жықпыл, қойнау-қойнауларға шошына тығылды. Жылқылы ауыл жақтан шұрқыраған үн, кісінескен дауыс естілсе, таудың арғы бетінен иттің саңқылдаған үрісі жағаласады. Әулиекөлдің беті жарқырап, ай астына қарай асыға ағылған сәулені еміп жатқан. ал алтай уылжыған қара көк мұнарға тұншыққан; ал зәулім де қайратты қарағайлар өз көлеңкесі өзінен оза ұзарып кеткеніне қапаланып, қорланады азамат; ал Қаршыға болса осы қарағайға маңдайын сүйеп қорс-қорс жылап тұр. мен оған «қой, жылама» деп айтуға бата алмадым, ай-шайға қарамайтын ноқ қой, «менде атаңның басы бар ма» деп жерге қағып жіберуден тайынбайды, мені жерге қағып жіберер қуат Қаршығада барына иланасыз да.
– Атам өледі, – деді ол танауын қорс-қорс тарта, көзінің жасын жас балаша қолының сыртымен сүртіп. – атам көп ұзамай өледі, мұндай қаралы күйді ол ешқашан тартқан емес, қорқатын…
– Ерлер ғана шын жылай алады дейтін менің әкем. атаңның күйі үш кісінің көз жасына себепкер болды. Әсіресе таза да таңғажайып жас аналық ананың бота көзіне қандай жарасушы еді…
мен ішімді алай-түлей еткен дүлей толқынды сезімімді ірке алмай, емірене сөйлей жөнелмек едім, Қаршыға қағып тастады:
– Әдемі көз – тек жылауға ғана жаралған, анамның көз жасын жия берсе, бұл жерден енді бір Әулиекөл жасауға болар, ал атам сөз жоқ өледі. Ол мұндай азалы күй тартуға қорқатын бұрын.
– Сынық арба көп көшер, қай-қайдағысы есіне түсіп, булыққаны шығар, әйтпесе атаң әлі тың секілді.
– Сен қызықсың, – деді дәу қара тастың үстіне отыра беріп, – сендер қызықсыңдар. Дүниенің бәріне алдаусыратып, болымсыз үмітпен қарайсыңдар. Әрине, үміт деген жақсыақ. Бірақ нағыз қапияда қалдырар алдамшы да – сол үміт. атам айтатын: «ең қасіретті өлім қаңғырып өлген өлім, ал қаңғыртатын – тентірек үміт. Жер ұйық іздесем, табар едім, қайтейін туған жердің бір уыс топырағына зар болып, көмусіз қалам ба деп қорықтым.» менің есімнен атамның осы сөздері кетпейді. Сондықтан да мен әлденеге үміттенбей, бойымдағы күш-қуатпен еңбек етіп келемін. Бәлкім, атам да осылайша баз кешкен шығар.
– Әйтсе де, үмітсіз шайтан ғана. Әлденеге үміттенбей, әлденеге сенбей, өмір сүру мүмкін бе? Сонсоң атаңның жолын тіпті де қайталаудың қажеті жоқ. Ол кісінің жүрегінің басына байланған қара тас – кек бар, кімге кектенеді, неге кектенеді – біздер үшін беймәлім, – дедім мен айға жүзін беріп қабағын қарс жауып отырған Қаршығаға. Бағанадағыдай емес, ай көтеріліп, төңірек сүттей жарық болып тұр. Қырдан ойға құлаған қалың жылқының пысқырынған дыбысы естіледі. Сандаған болат тұяқтың дүбірі біз отырған қара тасты солқылдатып, Әулиекөлді шайқап өткендей болады. Үйірге таласып, алакөз боп тебіскен, тістескен айғырлар да адамдар басындағы минут сайын қайталанатын араздықты еске түсіреді. Етекке дүркірей жосылған жылқылардың бар тынысы дәл жанымыздан естіліп, ендігі сәтте қалың қарасы болжанды. алды суға бас қойып, арты шуап сонау қарағай арасынан туындап жатты. Көл суын таңбалықтан кеше пырылдап, айнадай жарқыраған су бетіне сансыз әжім тастаған жылқылар жаңа ғана тыныштық тауып маужырай бастаған түн тірлігін беймазалап, гүрп-гүрп тарпиды суды. ай астында көлге жүзіп тұрған құлындардың жон арқасы түнгі сағымдай жылтылдап су періштесіне оқшасады. Әулиекөлден ескен түнгі самалдан саумалдың иісі аңқығандай; ал, айғырлар су ішінде де оқыранып, су ішінде де сарт-сұрт тебісіп қалады. Көз алдымдағы көрініске мен қаншалықты таңырқап, есім шыға қарағаныммен, Қаршыға айға қадалған қалпынан танбаған. Ойда жоқта пайда болған түс сынды таңғажайып сурет ішінен, ай астында сауыры жылтылдап көл кешіп тұрған жылқыдан мен өз арманым – қара қасқа құлынды іздедім, амал не, жоқ… мүмкін, кейінгі биелерден ондай қара қасқа құлын қайтып тумайтын шығар…
– Сен дүниенің төрт бұрышын білесің, ал мен анау толықсып жатқан алтайдың лүпілдеп соққан жүрегін тыңдаймын, бірақ қай-қайсымыз да қара жерге екі аяғымызбен нық басып тұруымыз керек. атамның арпалысып өмір кешуі – сол қара жерді басып тұрған табанын тайдырғысы келмегені шығар. Әйтпесе заманаға кектеніп, тісін қайраған күнін көргенім жоқ. Сонсын мен еліктей қоятындай, мен қайталай қоятындай күре жол жоқ ол кісіде. адамдық асқақ та ожар қасиеттерінен тәлім алғанмын, қартайса да қимайды екенсің өлімге. мына сен, мына өзің неге еліктейсің әкеңе.
– Менің әкемнің өмір жолы басқа еді ғой. Тіпті оның басып өткен ізінен садаға кетер едім. Ол жолды қайталау менің қолымнан келмейді де. Дегенмен, әркімнің дара, ешкімге ұқсамайтын өмірбаяны және бар, тек біздердікі әкелерімізге қарағанда әлдеқайда оңайырақ басталды, өйткені бүгінгі біздің қуанышымыз солардың қайғысынан, қанынан көктеген гүл секілді. мен сенің атаңды аяймын, жаңа заманның көп-көп жақсылығын ұға алмағаны үшін аяймын.
– Менің атам әлдеқашан өлген екен, сондықтан құлағын шулата бермейік. Қаршыға әлі де айға телмірген қалпынан танған жоқ. Күміс сағымға шомылған аса кірпияз тәкаппар жылқылар Әулиекөлдің тыныш күйін өзіне қалдырып, тауға қарай маңғыстап барады. айналамыздың бәрінде уыз мұнар кілкиді. Уыз мұнар бізді де сібірлеген шарбысымен ораған, осынау уыз мұнардың арасында менің қара қасқа құлыным қаңғырып өлген… Сондықтан да бәрі жақсы секілді, сондықтан да бәрі жаман секілді.
– Сенің әкеңе мен де ұқсағым келген, – деді Қаршыға.
– Аса қайратты, сіңірі берік кісі. Сенің өмірің менікінен гөрі бір мысқал бақыттырақ өтсе, ол сөз жоқ әкеңнің арқасы. Бұл қызғанышым емес, кейде ағалық алақанды сағынасың… ал ең қиыны – әкең іргеңде отырса да, соны «әкем» деп құшақтай алмау… (Қаршыға бұл сөзді булығып айтты). мектепте жүргенде мен сенен ылғи да ақ нан, кәмпит сұрап жейтінмін. Біз сендерге қарағанда бірде аш, бірде тоқ отыратынбыз, анамның табысы жете бермейтін. Сен әкеңнің барына мақтанатынсың, тамам балаларға қосылып «тірі жетім, тірі жетім» деп талай рет мазақтадың да. Бірақ сенің әкең – менің де әкем екенін екеуміз де білмейтін едік. Үлкендер сыры әмән жұмбақты, балаларды ылғи да аялаумен бірге алдап өмір сүруге әуес; мен ойлаймын: біз өтірік айтуды солардан үйрендік-ау. Қызық, бір рет сенің әкең, астында қара аты бар, ағызып кетіп бара жатты да, тізгінін кілт тартып, маған қадала қарады, қадала қарап тұрып:
«Шешең сау ма?» – деді. мен: «Сау» – дедім. Сонсоң: «менен сәлем айт» – деді де, атын сауырлай салып қалып боздақтата жөнелді. Қыр асып көрінбей кеткенше, артынан қарап тұрдым. Неге екенін білмеймін, соңынан қалмай «әкелеп» жүгіре бергім келді, балалардың «тірі жетім, шата» деген сөзінен құтқара көр деп, тізгініне оралып жалбарынғым келді, не істеуім керек, өмірімді қалай бастап, қалай аяқтауым керек деп, ақыл сұрағым келді, бірақ айтып-айтпай не, әлі сол сыртынан ғана сырласып, сыртынан ғана мұңдасып келемін. мен шешемді кінәлай алмаймын, «Бөкеш сенің әкең» деп әлі бір рет айтқан жоқ, өзің де сезетін шығарсың дегендей, мойындай, жасқана, кінәлана күрсінетін, ылғи күрсінетін, күрсінген сайын бір жылға қартаятын. Қателік кімнің басынан кетпеген…
– Бірақ, – дедім мен, – бірақ аналық ананыкі тіпті де қателік емес. Бұл оқиғаны менің де ішім сезетін, сан рет бас қатырып ойладым да, ол шақта бір-бірін сүйіп қосылуға, жар салып жар таңдауға қолдары тиді ме. Тіршілік құруға деген ортақ мақсат табыстыратын. айталық, екеуміздің шешеміз де бойжетпей, бірден әйел болған екен. Бірақ сол үшін жазғыра аламыз ба? Жоқ! Бәріне де уақыт кінәлі. Сенің маған туыс екеніңді…
– Туыс қана емес, туған ағаң екенімді… – деп түзету жасады.
– Солай-ақ болсын, туған ағайым екеніңді ішім сезетін.
Балалар екеумізді шатыстырып, ұқсастыра беруші еді ғой.
– Неге екенін білмеймін, осы кісінің мысы басады да тұрады. Көзіне тура қарауға қарадай жасқанамын. Сосын өзі айбарлы, әрі кешірімі мол кеңпейіл адам-ау. алдыңғы жылы Шабанбай жайлауында шөп шауып жүрдік. Бір күні түскі тамаққа отыра берген кезімізде, атқа теңдеген екі қоржын газет, журналы бар, сенің әкең келді ауылдан. алқа-қотан отырған жігіттер орындарынан өре түрегеліп, ол кісіні тамаққа шақырды. Сонда мен беттері тотыққан азаматтардың қайқайсысынан да сенің әкеңе деген зор құрмет, ризалы ықылас байқаған едім. Тек ет кесіп отырған Қатпа қара ғана ерін ұшын жыбырлатпастан мелшие қалды. Бөкешті көргенде мұның бір бұл емес, бұрын да қанын ішіне тартып, түтігіп шыға келетінін сезуші едім. Кеу-кеу құрметпен дастарқанға жақындай берген сенің әкеңе қарап: – Осы қара шал бәріңді жадылап қойған ба, қазірет көргендей бастарыңды шұлғисыңдар кеп. арқадан қаққан сайын аспандай беретін елірме шалдардың баяғы күні жоқ. Заман біздікі. – деді.
– Баяғы күнің – қай күн? Заманың – қай заман? – деді әкең жайбарақат жайғаса отырып.
Ішің сезбей отырған шығар-ау. Басымызға әңгір таяқ ойнатып, көзімізге көк шыбын үймелеткен қара таяқ төре жылдар сенің есіңнен кетсе де, менің арқамдағы табы кетпес. Туған әке-шешемнен жемеген таяқты сенен жегенмін.
Саған деген кек жазылмас жара салған жүрегіме, – деді де, атып тұрып, анандай жерде жатқан қамшыны ала салып, әкеңнің арқасынан тартып-ақ жіберді.
Әкең үндеген жоқ, үндемеген қалпы ойланып көп отырды. ауырсынбады да, сабырын сақтаған қалпы орнынан тұрды да, қолын артына ұстап, қырға аяңдап бара жатты. ал Қатпа қара болса, үлкен бір ерлік жасап, мұқатып-ақ тастаған тоят сыңайда бізге қарап ыржиды.
– Бәлемді сүмірейттім-ау. Күндердің күні дәл өзі құсап он екі өрім қамшымен жон арқасынан мықтап тұрып осып өтермін деп едім, сертімде тұрдым. Жігіттер ләм деген жоқ, тамақ ішпестен дастарқанның басына әлгіні жалғыз тастап орындарынан тұрысып кетті. Сол күні кешке Қатпа қараны итше сабадым. Неге, не үшін таяққа жықтым, оны білмеймін. Бұл секілді ел ішінде болмай тұрмайтын кикілжің оқиғадан сенің хабарың жоқ, ондай жамандықтарды саған әкең әсте айтпаса керек, сенің көкірегің кек, жалған намыс дегендерден таза болсын дегені шығар. Бірақ мен ойлаймын: осы біздерге кесепатты кек, тұлан тұтар намыс жетпейді-ау, сондықтан да ынжықпыз, иә, – деді Қаршыға күрсініп, – иә, жуас түйе жүндеуге жақсы…
Екеуміз де айға қарап үнсіз отырмыз? Үнсіз отырсақ та, бір-ақ адамды ойлап отырмыз. Біз әкемізді ойлап отырмыз. менің жылағым келді. Көзімнен жас шығара алмадым, бар болғаны қолқама өксік кептеліп булығамын-ай. Қайран қара шалым менің. Қатпаға неге ғана қол жұмсаған екенсің, сенен ондай содырлық күтпеп едім ғой; сен атасы басқа өзгені қойып, қаншама ағаттығым бола тұра, кіндігіңнен туған менің маңдайымнан шертпеуші едің; мүмкін мас болып есіңді білмей тұрғанда тіл тигізді ме; жо-жоқ, сенің мас болғаныңды естіген де, көрген де емеспін; ендеше не көрінді, неге ғана соқтықтың, әне жиырма жылдан соң қайта айналып өз басыңа тиіп отыр таяқтың екінші басы, әлде адамдардың бәрі өзің секілді ақжүрек, өзің секілді адал жан деп ойладың ба; әлде от пен суға, дау мен дамайға түсірген тағы да, тағы да өзіңнің мәңгі серігің колхоздың таусылмас шаруасы ма; мүмкін сол шығарау, ие, колхоз жұмысы үшін сен әлемдегі ең сұмдық, ең ұлы іске барасың. Балаңның баласына айтып кетер кегің жоқ кеңдігің – кемтарлығың да. Сондықтан да бұл дүниеге келіп-кеткеніңді еш аламан білмей өтетін шығар, ал сен ешқашан өкінбес едің… Сен өз өміріңе ризасың. Бірақ неге риза екеніңді білемісің?!
Екеуміз де айға қарап ойланып отырмыз. алтайдың бойы балқып, рахаттың, тыныштықтың алтын бесігіне тербеліп жатыр. Әулиекөл айнадай жарқыраса, бетінде бейбіт жүзген қаз-үйректер ақ арудың ақша жүзіндегі меңі іспетті. мен осынау тамылжыған тамаша өңірдің түлегі болғаныма қуанамын. Осынау таңғажайып сұлулықтың, таңғажайып таланттың бір мысқалы дарыса деп іштей тілек тілеймін. мейлі қайда жүрейін, менің көзімнен де, көкірегімнен де сиқырлы да сыбызғылы туған жерімнің асқақ, әрі әсем келбеті кетпеуін тіледім. Құс ұшса, ұясы қалар, ал менің ұям – туған жер, мен осынау туған жерге оралған сайын, қайта дүниеге келемін, қайта іңгәлап, қайта қаз тұрып, тәй-тәй басамын, менің туған жерім картаның бетіне сыймайтынын, менің туған жерімнің бүкіл байлығы мен сұлулығын сол картадан ғана көре алмайтынын, өйткені менің туған жерім бабаларымның қанына суарылғанын, оған ешкімнің, ешбір елдің көз алартуға қақысы жоқ екенін білемін. менің туған жерім дәл шекарада, ал осы жер бетіндегі шекаралар мен ала бағаналардың болмауын, дәл бүгінгідей тынышты түннің лайым мазасыз еңбекке қана ұласуын көксеймін-ау; дәл осындай айлы түннің сағат төртте быт-шыт болып бұзылғанын естігенмін, тәңірім-ау, сойқан соғыстың керегі не? Тәңірім-ау, алтай неге күрсінеді, Сарқынды шал неге қайғылы күй тартады, Әулиекөл неге тебіренеді? Әлде олар маған «адамдар неге кектенеді?» деп, қарсы сұрақ қойғысы келді ме; әлде олар табиғат өз тыныштығын өзі бұзбақ емес, айтысып тартыса беретін өздерің дегісі келді ме; әлде олар алтайдың ар жағындағы у-шудың бер жағына ауыспауын адамдардан сұрап жатыр ма? Ей, адамдар, қалың қарағайдың орнына қалың жауың қаптап кетпесін!
Екеуміз де айға қараған жүзімізді бір-бірімізге бұрдық.
– Сен мен секілдісің, Орал!
– Жоқ, сен мен секілдісің, Қаршыға!
– Өйткені туған жер, өскен ел – бір, әкеміз – бір! Шешең басқа бола берсін. Әкеңнің бір болғаны қандай жақсы, – деді Қаршыға.
Мен айттым: бәрінен де әкеңнің болғаны жақсы. Біз қол ұстасқан күйі тауға шығып барамыз…
Мен осы түні қайта тудым, уа, уа, қара қасқа құлынымды әйтеуір түбі таппай қоймайтыныма сендім де.
Шал бүк түсіп теріс қарап жатыр. Көкірегінің сырылдағаны ғана тірлігінің хабаршысы. аза қып аңыратқан кәpi сыбызғыны домбыраға қосақтап шандып, түс киізге іліп қойған. Бұл енді қайтып екеуін де қолға алмақ емеспін деген солақайшыл сотқар қылығы сықылды еді. Ол сыбызғы мен домбыраға қосып, жылдар бойы жан дүниесін улап, сыздауықтай сыздатып келген бар уайым өкінішін де соларға қосып таңып тастағандай, сонсоң ғана байыз тауып, жалқы сәт тыныс алғандай еді. Сарқынды шалдың қазіргі бүк түсіп жатысы дәурені өткен пенденің маңдайдан бағы өтіп, қолынан құсы ұшқанда жасар лажындай, ырымы – жаман. Тамам қайрансыз тіршілігінің соңы бұлаңдатып, түлкі құйрыққа салып, соңыра алдап кетерде жер тепкілеп, тісін қайраған толайым өкініш, толарсақтай шор боп қатқан ашу-кегі де осы жұдырықтай жұмылып жатысынан аңғарылады. Дегенмен, шал ешкімге зиянсыз болғанын ақтық рет айқайлап айта алмай, осылайша іштей іріген қалыпта көз жұматынына өкінумен бейшара еді. Жылдар бойы шырпы басын сындырмай, жалғыз қызы аналық пен немересі Қаршығаға масыл боп жатып алуы – заманаға көрсетер сесім деп ойлағаны шығар-ау; бірақ заман деген сұрапыл қуатты, әрі жан шошырлық көл-көсір дүние екенін, ал өзі сол көл-көсір дарияның бетінде қалқып жүрген тинамдай жаңқа ғана екенін, қаттырақ толқын туласа, ысырылып жағаға шығып, қаңсып, қаңырап қаларын, сөйтіп осынау мол дүниені мәңгі-бақи аңсап өтерін білмеген шығар-ау; бір рет өгейсіп, бір рет жалпақ жаһанның ию-қию дарқан тірлігінен қол үзіп, үйірінен адасып қалған соң, қашып үйіріңді тапсаң да, өз-өзіңнен қуыстанып, өз-өзіңнен елегізіп, әйтеуірде алқымға жармасар айып қолынан шошынарың және хақ, шал мүмкін осылайша ғұмыр кешкен шығар-ау. Бұл жалғандағы ең қорлықты өмір – бар мен жоқтың, жақсы мен жаманның екі ортасындағы көзден де, көңілден де шет ұмытылған ұрлық өмір. Сарқынды шал тағдыр отына күйген дерміз, әсте тағдыр деген ғайыптан пайда болмақ емес, тек бір-бірімізді алдап, иландырып, бейбіт тұрмыс құру үшін, өне бойғы қасқой жан жаралар жамандығымызды «тағдыр» деген әлденеге жамай саламыз, сөйтіп әлемдегі бар, бар қайғы-қасірет, обал-сауапты тағдыр мен құдайдан көреміз. ал тағдыр дегеніміз – адамдардың өзді-өзіне жасар қысастығынан пайда болар көзге көрінбейтін, әйтсе де минут сайын инедей қадалып, ыңырсытып отыратын індет екенін мойындайықшы. мынау шалдың осыншалық жұмбақты өмір жолы – әншейін тағдырдың тәлкегі емес.
Әйтсе де, мен Сарқынды шалды обалсындым.
– Атам ойда жоқта қолқа артып отыр сендерге, – деді аналық. Өзі өзгеше көңілсіз. Бағанадағыдай емес, бізге де соншалықты жалпақтап, құрақ ұша қойған жоқ. Үлкен қара көзі бір тостаған көздің жасы секілді екен. – Ең ақырғы қолқасы шығар, орындай салыңдар.
– Ие, ол қандай қолқа? – деп сұрады төр алдында бір шынтақтай газет оқып жатқан әкем. Әлгінде маған естіртпей, сенің құлағыңа сыбырлап жатқаны сол шығар. Өтініш айтып, орындамай қалған күніміз қайсы…
– Өтініш айтуды білмей өткен кісі ғой, өз бойынан әл кеткен соң, амалсыз көніп отыр да. Әйтпесе ақшоқының басына күніне бір емес, бес рет шыға беретін атам емес пе, «Бір-екі күннен қалмай, аттанамын, өлсем де, ақшоқының басына шығып өлейін, бар арманымды, бар қайғымды көмген жерім еді, сонда апарып жерлеңдер», – дейді. Ертең күн шыға зузаға салып аттанып кетіңдер, күн бата атамның да демі таусылар. мен ере алмаспын сендерге, үйден сүйек шыққанда, артынан дауыс қылып жоқтап қалар ақ жаулықты әйел – өзім ғана. Осыншалық ел-жұрттан аластанып, бір күрек топырақ бұйыртпаған тағдыр тәлкегі де. мен азғырып көрдім: ойдағы ауыл, қырдағы малшыларды шақыртайық дедім. Көнбеді, кайтейін, көнбеді.
– Мен жаназамды бұдан елу жыл бұрын, қылшылдаған қырқымда-ақ, меккеге барып келген қазіретке шығартып қойғанмын, осылай ит жемі болып, ұрпақсыз, ұрансыз өлерімді сезгенмін, – дейді.
– Атамды ақшоқының басына өзім жаяу арқалап шығамын, – деді Қаршыға қабағын түкситіп.
Пейілің дұрыс, бірақ ондай ерлікті үшеуміз боп жасай алсақ, соның өзі – шал үмітінің ақталғаны. ақшоқы ойнақтаған бота шыға келер төбешік емес, шал бекер көксеп жатқан жоқ. Кәрі жүрегі биікті аңсаған білем. алжыған қыран да өз биігінде өлгісі келеді екен, – деді әкем қолындағы газетті бүктеп отырып. – Орындайық шалдың тілегін. мұндай оқыс мінез, қыршаңқы қылықтар тау ұлына таңсық емес. Ертерек жатып дем алып, ертерек жолға шығайық. Төсек сал, аналық.
Үшеуміз далаға жаттық. Ортада әкем, оң жағында мен, сол жағында Қаршыға.
Біз үшеуміз, бір бөстекті төсеніп, бір көрпені жамылып, бір жерде, бір аспанның астында қатар жатырмыз. Біз үшін дүниеде екі нәрсе жоқ, бәрі біреу-ақ.
Біз бір бүтінбіз, екіге ешкім бөле алмайды. ал бөлінсек, қайта бірігу өте ауыр екенін білеміз. Сарқынды шал бөлініп еді, кәні біріккені…
Біздің шыққан жеріміз, уа, барар жеріміз, уа, жолымыз, арман, мақсатымыз – бір.
Біз әсте ойламай, ойланбай ғұмыр кешкен емеспіз, әсіресе, жылқының жусағанындай тынышты, айлы түнде ешкімнің мазаламауын, ұйқымыздың бұзылмауын тілейміз. Құс ұйқы болған – Сарқынды шал мен әкем ғана.
Біз жұлдыздан алқа тағынған алқара аспанға қарап, шалқамыздан жатырмыз. Осы жасқа дейінгі өміріңізде айлы түнде, ашық аспанның астында тау ішіне түнеп көргеніңіз бар ма?! Егер далаға түнеп көрмесеңіз – айналайын табиғаттың қадірін түсініп, айналайын табиғаттың бел баласы екеніңізді біле бермегеніңіз. менің сіздерден шыншыл пейіл, адамдық жүрекпен сұрарым: мейлі жас болыңыз, мейлі бір елге бас болыңыз, кіндік кесті жұртыңызда ашық аспанды жамылып жатып түнеңіз, сіз сонда ғана туған жердің неге ғана ыстық болатынын парықтайсыз; мүмкін табиғат анаға жасар мыңмиллион қиянатымыз бұдан әлдеқайда азаяр ма еді, азаяр еді, далаға түнеп көрсек біз.
Мен ойлаймын: ғашық болуды, тек табиғаттан ғана үйренуіміз керек-ау; жүз кітап окығаннан, жүздеген елді аралағаннан туған жердің топырағына аунап, далаға түнеген әлдеқайда озық-ау; бағанағы сазған жүрегімді әдемі мұң қабыздап баяу ғана соғады; айналаны қоршаған асқар таулар маужырап, маужыраса да менің бейбіт ұйқымның сақшысындай, ал сол тау қойнауынан ескен жібек самал жұмыр жердегі сандаған сұмдықтың бар иіс-қоңысын желпіп, бізге жолатпай аластап, маңдайдан сипап, уатады, шаршаған жігерімізді; жұмыр жердегі ыңырсыған, жылап-сықтаған үн де бір сәт адыра қалғандай; ұйқы мен ояудың, өң мен түстің екі ортасындағы мәңгі қайталанбас ең тәтті хал меңдеп, осындай жуас түн, оңаша ойдың тағы бірде қайталануын мінәжат айтып тілеп жатты. Біздің осыншалық бақытты шағымызға әлдене жетпейтін – біз әлденені елегізе іздеп едік, ол – «Желсіз түнде жарық айды» шырқап салған алтайдың әнші қызы Бибігүлдің әні еді; десем де, жүрегінде құлағы бар адам уылжыған сезімнің құшағында жатқан түн арудың өзі таң-тамаша ән салып тұрғанын сезер еді; ол ән өмір әні, ертеңгі атар таңның тазалығын көксеген табиғат ананың айтар иманы, «бұл әнді тыңдау – кез келген адамға жазбаған, осынау түн ару шырқап салған әнді уыстап, ұлы шайқастарымның дұғасы ретінде алып жүрсем, әмсе жеңіске жетерімді білдім; осынау туған жердің топырағын бой тұмар қылып тағып жүрсем, әмсе жұлдызым оңынан туып, халқыма, қаныма деген адалдығыма қылау түспейтінін білдім; осынау Әулиекөлдің суын ішірткі қып ішсем, алдағы басар асуымның аңызақ, шөлінен сусамай, кенезем кеппей, кең сарай ғұмыр кешерімді білдім; ал әкем мен бауырымның ыстық қойнына жылында, тым болмағанда, жалғыз рет жатып кетсем, бақида жалғызсырап, бақида жаурамайтынымды білдім; мен қалада жүріп жалғызсыраған, жабырқаған көп-көп күндерім мен түндерімнің қап-қара жамылғысын сілкіп тастап, тәкаппар тауымның аппақ сағымына, жаңа туған баланың дақ түспеген санасындай таза торғын нұрға шомылдым. Уа, уа, жәмиғат, мен тағы да қайта тудым, қайта туғызған тағы да табиғат, артық суреттедің деп жазғырма!
– Ұйықтадыңдар ма? – деді әкем басын көтеріп, насыбайын атып отырып. Қаршыға екеуміз жарыса: – Ұйқымыз келмей жатыр, – дедік. Әкем біраз үндемей отырды да: – менің де ұйқым қашып жатқаны, көптен бері далаға түнемегендікі ме?
– Әке, – дедім мен.
– Ау!
– Қатпа Қараны сабағаның рас па? – Әкем үндеген жоқ.
– Оны кім айтты?
– Ел құлағы елу емес пе…
– Осы күні ел құлағы елу емес, жүз болып жүр ғой. Сабасам сабаған шығармын. Есесін ол да жіберген жоқ. Осы күнгі жастар еш нәрседен, ешкімнен қорыққысы келмейді. Ұпайын жібермеуге тырысады. Бірақ қорықпаудың өзі – бақыт деседі. Жасқаншақтанып өткен біз-ақ болайық. Осы күні сендерге жаңаша ақыл, жаңаша сөз керек, егер сендерден ағаттық кетсе, бетімізден алсаңдар, онда біздің ортақ тіл таба алмағанымыз. мен үшін баланың бәрі бірдей, әттең құшағым тар, бәр-бәрі, сыя бермейді. анығы, баланың қадірін балалы болғанда ғана білесің… Әкем біразға дейін тағы да үнсіз жатты, ал мен болсам жүрегінің баяу соққанын, демалған бір қалыпты тынысын естіп, осы тірлік дүбірінің мәңгі толастамауын тілеймін.
– Қатпа Қара қазір бұрынғысындай емес, көп өзгерген, – деді сонсоң, – көп түзелген. Соғыссыз бейбітшілік бар ма тәйірі, мені де сыйлайды.
Әкем тағы да үндемей қалды.
Әкем: … «Соғыстан кейінгі жылдар қандай ауыр еді. Жаралы ел бірден құлан-таза жазылып кете алды ма? аққан қан мен төгілген тердің орны әлі де толып болған жоқ. Қара жаулығын әлі тастамай отырған ақ шашты әйелдер қаншама, бес жыл от пен оқтың ортасында жүріп, мамыр заман, бейбіт өмір, қарапайым еңбектің қадіріне қанымызды айырбастап келгенде, әттең туған жер, өскен ел де көзімізден бұлбұл ұшып келгенде, артымызда ағалап қалған қара домалақ ұлдарды көрер күн туар ма деп сағыныштың садағасы болып келгенде, көзге шыққан сүйелдей боп, қыңыратқып тұрған жетесіз ұлды көргенде ей, әкелер, қайсысың шыдап тұрар едің. мүмкін бұл менің ең ақырғы қателігім, ең алғашқы дұрыстығым шығар. рас, қамшы сілтенді, – қара бас, қара қазанның емес, қоғамның мүддесі үшін сілтенді, жиырма жылдан соң қайта қайырылып, өз арқама тиерін білдім бе. ақымақтық абайды да сабатқан, оның жанында мен кіммін. мені қинайтын – бір-бірімізге деген сүйекке сіңді жаулығымыз, міне, екі жағымда қос қанатым – екі ұлым жатыр, қай қазақтан кеммін. міне осыларға Қатпа Қарадан кегімді ал десем, тұра шаппай ма, жо-жоқ, ол сөзді айтпаймын, қазақты қазаққа айтақтау – маған дарымаған дерт, ендеше ұлдарым да таза өссін… Қаршыға, мені сен де кешір, құлыным! Соғыстан біздер оралғанда осы ауылда дені сау бес-ақ еркек, елу қыз-келіншек бар еді. Сен қытықшыл сезімнің құрбаны емессің, аналыққа деген адал махаббатымның айғағысың, құлыным! Сен бөтен елдің келімсегі емессің, қазақ деген халықтың төл ұлысың, құлыным! рас, ашыққан шығарсың, ашынған шығарсың, бірақ ыстық пен суыққа шыңдалып өстің де, арыстай азамат болып ержеттің, құлыным! Осы күні соғыс кезінде елге бас-көз боп қалғандар мен соғыстан шыбын жаны, қу сүйегін сүйретіп оралған еркектің бәрін қыз-келіншектерге қырындағаны үшін жаппай жазғырып жүр. Бірақ алпыс әйелге алты еркек жетпейтінін, егер табиғи тәбетің басса-ақ жалғызсыраған жар іздеген жанға нұр құйылғандай, көздерінен ұшқын атып, бақытқа кенелетінін көрсең ғой сол кезде. Иә, олар бізге рақмет, соғысқа лағнет айтатын, ендеше сен менің өз ұлымсың, құлыным! Қаншалық қателік жіберіп еркелесеңдер де, мен сендерді кешіремін, құлындарым. Көп болса бір адамның мұрны қанар, мың адамның, миллион адамның су боп аққан қанын көрмесеңдер игі еді. менің сендерден айлы түннің астында жатып, бір-ақ тілек тілеймін – татулықтарыңа жарықшақ түспесін!»
– Қаршыға, – дедім мен.
– Ау.
– Сен мектепте оқып жүрген кезіңде ойлап тапқан формулаң бар еді ғой, соны ешқайсымыз шеше алмаған едік, енді өзің айтсаң қайтеді.
– Е… Әлгі мынандай жұмбақ әріп пе… Қаршыға саулап тұрған ай сәулесіне сұқ саусағымен жазу жазды. Ол жазуды мен де қайталадым.
– Айтпаймын, – деді ол әкеме қарай аунап түсіп, жабыса жатты. – айтсам арманда қалармын, бұл сенің бұдан жиырма жыл бұрын өліп қалған қара қасқа құлынды жоқтаған жұмбақ сырың сықылды. Әркімнің бір ешкімге айтпайтын шешусіз сыры болуға керек, әйтпесе ол адам емес. Бәлкім, өзің шешіп көрерсің, мендей емес оқымыстысың ғой.
Мен ұйықтап жатсам керек, түс көріппін. Түсім өзгеше қызық, аппақ селеулі дала екен деймін, аппақ селеулі даланың дәл ортасын оя аппақ қозының жүнінен басқан киіз төселген, аппақ қозының жүнінен басқан киіздің дәл ортасында малдасын құрып аппақ сақалды шал отыр; шалдың қолында аппақ домбыра; ұйыған уыз нұрды дірілдеткен күй ақсақал қолындағы домбырадан суырылып шығып, аңқылдай ескенде, көңіліңе қанат бітіреді; ақсақалдың өңірі толған орден, медальдар, көкірегінен бұлақ боп аққан күй үшін берілген екен деймін; енді бір сәтте алпыс екі тамырыңды иітер сиқырлы күй тартып отырған адам Құрманғазыға айналады, біресе Сарқынды шалға айналады, тек қана қаралы күй шертіп, қара басып, адасып өткен Сарқынды шал осыншалық қуаты мол шуақты саздың тиегін қалайша ағытты, не гәп? Ойына не түсті? мүмкін жарты ғасыр саз балшықтай иленіп, санасын сасытып келген сары уайымы, баяғы дәуренін, он мың жылқылы болыс болған заманын, көксеген көңіл шынымен-ақ адаланғаны ма екен. Жоқ, бұл Сарқынды шал емес еді; аппақ дала, сол даланың жон-жотасына от орнындай із тастап, боз бие боздақтатып келеді; тұяғы тиген жерде бір-бір сөнбейтін шырақ лаулап қалады; аппақ биенің соңында қап-қара құлын еріп келеді. Боз биенің көмірдей қара құлынының сауырынан қан cayлап келеді, қасқыр тартқан екен деймін, боз биенің тұяғы жаққан отты сол құлынның жарасынан аққан қан өшіріп тастайды екен деймін…
Мен көзімді аштым, көзімді ашсам, әкем Қаршыға екеумізді қымтап жауып отыр екен. Сосын өзі шақшасын алып, әдетінше алақанына насыбай салды. Құшырлана иіскеді. Төңірегі аппақ, сарғайып таң атып келеді. Жер бетін жұқалаң боз қырау жапқан. Жазда түскен боз қырауды көргенім осы, сағатқа қарап едім, тұп-тура таңғы төрт екен. ал бүгін июнь айының жиырма екісі…
– Әке!
– Ау, құлыным! – дейді әкем.
– Неге ұйықтамай отырсың? – деймін мен.
– Сен неге ұйықтамай жатырсың? – дейді әкем.
– Түс көріп шошып оянып кеттім.
– Мен жиырма екінші июнь күнгі таңғы төртте отыз жылдан бері ұйықтамаймын. Көзім ілінсе болды, жау қаптап кетіп, қапысыз қалатын адамдаймын.
– Қызық екен, – дедім мен аңқаулана.
– Иә, сендер үшін бәрі қызық, ә, – деді де, әкем орнынан тұрды. Орнынан тұрды да, беймезгіл уақытта түскен жыпжылы боз қырауды жалаң аяқ табанымен басып, Әулиекөлге қарай құлдай жөнелді. мен, әкемнің артынан: «Суық өтеді ғой, киінсеңізші?» – деп айғайлағым келді, бірақ бұл ақылды оның өзі маған үйреткенін, ал қазір бұл кісілерге нендей бір ақылдың да, өмірдің де жүрмейтінін, болары болып, бояуы сіңген дәуренді кешіп бара жатқанын білдім. Балалық шағын тым ерте жоғалтқан әкемді анау боз қырау басқан таудан ешбір бөліп алуға болмайтын еді. Өйткені әкемнің жанын қойып, осы сәттегі сыртқы пошымы сол таудың өзіндейтін. Шашы аппақ, ішкиімдері аппақ… Жүз жылда жалқы рет қана қайталанатын июнь айындағы боз қырауда әкемнің жалаң аяғының ізі қалды, әттең-ай, ол із күн шыға сол таңғы шықпен қоса еріп, бу боп ұшып кетеді-ау. Білем, әкемнің түсіме кірген ақ боз жылқының от тұяғындай өмірге ойып қалдырған ізі жоқ, Қаршыға екеуміз ғана бармыз, бірақ әкем әсте өкінбек емес, ол қалдырған іс – қос ұлының, дүрия таудың алаңсыз ұйқысы. Білем, әкемді бүкіл әлем білмек емес, бірақ рухын мың жасататын тағы да біз, әкем де осы ойдың жетегінде бара жатқан шығар. Бәлкім боз қырау ерігенмен, табаны тиген жарықтық Жер қалатынын сезген әкем өзін сол боз қырауға балаған еді… Дүниеде ең таза зат – таң алдында түсер таңғы шық! Сондықтан да ғұмыры келте екен.
Осы түні сағат төртте Қаршыға да ояу жатыпты: ол ойлапты:
«Атам ертең өледі, бұған дейін өтірік өліп келген, енді шын өледі. атам өтірік өліп, Қытайға қашыпты, өтірік өліп, Сібірден қашыпты, өтірік өліп, соғысқа бармай қалыпты. атам сонда сан рет өліп, сан рет тірілген, ал өзі айтатын: «Ер бір-ақ рет туса, бір-ақ, рет өледі», – деп. Өзі Қаннан мың рет туғанша, Қарадан бір-ақ. рет тусамшы, Халықтың кегін қусамшы, – деп өкінер еді. Өзі көп айтатын, бірде-бірін орындағанын көргенім жоқ, атамның ең үлкен кемшілігі – хан ұрпағынан туғанына өкінуі. Жаман болса да шыққан тегі, ендеше:
«Өлсем, орным қара жер болар, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ, тегімнен жерір тентегің мен емес», – деп қасқая қарсы қарап тұрар қайда? Егер менен сұраса: «Әкем – анау пошташы шал, тегі – жалаң аяқ, жалаң төс кедей, заман менікі, сұраған сен – ақымақ па, сұратқан жан – ақымақ па?» – дер едім. атамның анама оң қабағын бермейтіні: «тегімізді қара суға жарымаған Қаратайдың қасиетсіз ұлына былғадың. Оны білгенде жер түбінен іздеп тапсам да, Шыңғыс тұқымына салар едім үйірге». атам мұнан жеті жүз елу жыл бұрынғы Шыңғысханның аруағына сиынып отырар еді. Екі туып бір қалғанындай құбылаға қарап қол жайып жалбарынатын. Не керек, Шыңғысхан атамды жарылқай қойған жоқ, қайта нәлет болып тиіп, күн өткен сайын шөгіп, күн өткен сайын бір жылға бір-ақ қартаятын. мен ол кісіден жеті атасын сан рет сұрасам да, айтпаған. Сары ала сандықтың түбінде сап-сары дәптері бар, атамның ғұмырнамасын амал жоқ, ескіше білмегендіктен оқи алмадым. Ол дәптерді тобан аяқ болып ауырғаннан бермен ышқырына тығып алатын еді. ата тірлігінің мәнін түсіне алмағанмен, өліге де, тіріге де септігі жоқ пенденің қалай ғана жер басып, от оттап, су ішкеніне қайранмын… ал маған: «Сенің өмірлік максатың мен тіршілігіңнің мәні не?» – деп сауал қойса, сөз жоқ: «Туған жерден түтінімізді сөндірмеу!» – деп жауап берер едім. мен енді оқымаймын да, ол бақытты Оралға сыйладым, мен оқымағаныма өкінбеймін де, өйткені менің денім сау, көкірегім ояу, осы Әулиекөлдің жағасынан кетпеймін де, өйткені туған жерді иесіз тастауға болмайды. Пошташы Бөкештің арманы жоқ – бір ұлы ойда, бір ұлы қырда. Оның екі-ақ арманы бар болатын. Әрі туған жерді күзету, әрі білім қуып алысқа аттану, ендеше сол екі арман екеумізге айналды, ендеше, пошташы Бөкештен бақытты адам бұл ғаламда жоқ!»
Осы түні сағат төртте Сарқынды шал да көз ілмепті. Ой ойлапты:
«Заман!
Кімді жарылқады, кімдердің төбесін көкке жеткізді? Кімдерді қуантты, кімдерді қуратты? Кімнің дәурені? Өлетініме көрінген шығар, түсіме кірмеді ғой. Жаңа заң, жаңа заманның бетіне «сен сондайсың» деп қарағаным жоқ, іштей арпалысып, ойша күрестім. Өйткені, мен жалғыз едім, заман да залым екен, қырық жылғы қырғында жақсысын да, жаманын да айдапбайлап жатқанда, менің қаныма ортақ болған жоқ, үкіметтің мынау қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған ырысын өз көзімен көріп, тірі куә болсын, арғы дүниедегі ата-бабасына айта барсын деген шығар-ау. Шын жыласа, соқыр көзден жас шығар болар, мен қамықсам, қызғаныштан қамықтым, мен қаралы күй тартып зарласам, ата-бабамның ақ бөкендей жосылған, жер қайыстырған жылқысын, қолында қаршыға, соңында құмай тазысы бар әкемді, сол әкемнің қырық нарға артқан зерін, қойдай өріп, жылқыдай жусайтын момақан елін елестетем. матвей кержақтың әкелеріндей қол қусырып, қорланып, құлдық ұрсам қайтер еді? Әне, сөйткен адамдар озып отыр, қағанағы қарқ, ханға сәлем бермек емес. Жер ортасы көктөбеде қалған мен екенмін, бар бұғысын өкіметке өткізе салған матвейдің әкелері озды, қайтейін, «құлыны өлген қулыққа тай телісе – зорлық-ты, ботасы өлген інгенге нар телice – зорлық-ты, ақсұңқар қонар тұғырға қарға қонса – зорлық-ты» деген емес пе бұрынғылар, ежелгі қырсық мінез, шәлкез қылық жаңа заманның сойылын соқтырмады, ең үлкен қателігім – осы шығар-ау. Таңбасыз жатқан тайымды таңбалағанда да екі көзімнен сорам ағып, тісімді қайрап тұра бергем. ал таңбаласқан тағы да матвейдің әкелері еді. мен болсам, мынау – іштей егесіп, сырттай ұғыспаймын деп, көзім көр, көңілім жер болып, қақпанға түскен арландай арсылгүрсіл жатқаным. мен болсам, мынау – басымдағы базарымды матвей кержақ пен жармаға жарымаған қалың Қаратайға беріп, қалыңға соққан қырандай қанатымнан айрылып жатқаным. мен болсам мынау, өз кіндігім кесіліп, жетесіз ұрпақты желкеме мінгізіп, санаменен сарғайып, қайғы жұтып қартайып жатқаным. Ертең өлем, талай жылғы сыздаған жараның аузы ашылады, сонда мен сарғайған санадағы қызғаныш, өкініш азабынан мәңгіге арылармын. Тек өзіммен бірге алты сан алаштың қадір-қасиетін көрге ала кетпесем, мерей еді… Ертең мен өлем, әкем аян берді: «Жарық дүниенің қорлығын тартқанша, о дүниенің баһарына шомып, жаныма кел», – деп шақырды. Өлі арыстаннан тірі тышқан артық екенін білмейді-ау жазған. Ертең мен өлемін! Сендер қаласыңдар, жарыған жалаң аяқтар. Сендердің кереметтерің сол – бас болдыңдар, сондықтан тілеймін тілеуіңді, ал айласын асырған кержақпен махшар сәтінде жекпе-жекке шығармын. Сонда менің астымда ақтабан ат, қолымда заһарға суарылған исфахан қылыш, үстімде бадана көзді кіреуке болар. Сонда мен қозы жауырын жебемен қырық жыл қырқысып, ақ патшаға арқа сүйеп, жайылымымды тартып алған кержақтың әкесін көздер едім. Ертең мен өлемін! Енді менен қорықпаңдар, өздеріңнен өздерің қорқыңдар, бастарыңа күн туса, құйрығын теріске салар жаттан қорқыңдар. Өлерімде жеті пірге емес, жетілген жетімдердің ақ балтамен қара тасты қақ жарған сұрапыл күшіне сиынамын. Құдай жолында жатырмын, ағынан жарылайыншы – тау суындай тасқынды қуатыңнан айналдым, жаңа заман! мені мақтамен бауыздадың, арман не, заманым озып, дәуренім тозған соң, қайда барар екен деп бағып ем, бағың заулап барады, тоқтататын күш қайда! Уа, тоқтататын күш қайда!»
Сол түні сағат төртте аналықтың да кірпігі кірпігіне айқаспапты. Ол әйелдік нәзік сезім, бос көңілмен таң атқанша жылаған, жар сүйе алмай, жаралы болған жүрек әкесінің өлімін себеп қылып, осы жасына дейінгі іркіле-іркіле шарасынан асқан өкініш, уайым тамшылары көзден арна тауып, жас болып төгілген екен. Сосын көздің жасын басындағы қара жаулығымен ақырғы рет сүртіпті де, енді қайтып жанарыма жас алсам, көзіме ақ түссін деп серт еткен.
Аналық сертінде тұрды: Сарқынды шалдың әлі тірі денесін серейтіп үйден шығара жөнелгенімізде, бекер дауыс қылып жоқтағаны болмаса, жанарынан жас көрмедік, бірақ дауысы әлдеқайда зарлы, әрі үнді де жарасымды, тыңдап тұрып, тек жырлауға жаратылған жан екен деп қаларсың.
Күн шашырай жолға жиналғанда, кешегі қырбай қабатын танытпай, шаруа қамды елгезек күйге көшті. Иесіне ерер деп төрт көз, сары аяқ итті тас қылып қарағайға байлап тастады.
Сарқынды шал да өзін бүгін сергек сезінді. Төсегінің тұсында ілулі тұрған кәрі домбырасы мен шәнгіш сыбызғысын және жез мойын мүйіз сап кездігін алды. ышқырына қыстырған теріс таңбалы сары дәптерін тексеріп бір көрді де, сырлы тостағанға құйылған Әулиекөлдің суымен аузын шайды. Шал ұлы дүбірлі киелі жорыққа аттанардай, салқын сазарып, бір дем отырды. Көзін шатынатып, анау беткейде қаптай өріп бара жатқан бұғы, маралдарға, үйір-үйір жылқы, табын-табын қойға қарап, одан көзін өте тез тайдырып әкетті де: «ал, ағайын, зузаңа сал мені», – деп әмір етті. Зузада шалқасынан сұлап жатқан шал маған дәл осы қалпында саздауға біткен сары қарағайдан жонып жасаған адам ескерткішке ұқсағандай, айырмашылығы сол – кірпігі қимылдап жатыр. Зузаның алдыңғы екі тертесін әкем үзеңгі баулап алса, артқы қос сапты Қаршыға атына артып келеді. мен қосақ арасында бос жүрдім. «Бисмилла» деп тарта жөнелгенде, жар үстіндегі жалғыз үйден сай сүйегіңді сырқыратар жалғыз әйелдің жалқы даусы, байлауда қалған төрт көз иттің қыңсылағаны естілді. Ол үнді алтайдың шалқайған, еңкейген мәңгі мылқау шың-құздары қағып алып, жосылта қайталағанда, мұқым зеңгір тау әулеті азан-қазан жаңғырықтыай жамырады-ай. Келмеске кетер жұмбақ шалды жоқтады-ай, амал не, тіл-жақсыз асқар заңғардың ең сорлылығы да сол – өз үні, өз әні жоқ, өзгенің үні мен әнін қайталауы еді…
– Жә, ботырама! Күлгені мен жылағанында айырма болсашы бұл елдің, – деп жалғыз қызға зекіп-ақ тастады Сарқынды. маңдайынан иіскеп бақылдасар деген ойымыз адыра қалған. Шал тым қатыгез қара тас екен, ең болмағанда басын көтеріп артына да қарамады; артына қайта қараса, қайта алмай қалатын дәруіштей, тым асығыс, тым безеріңкі.
Терең шатқалдарды қуалай өрлеп келеміз. Жарыса, жағаласа килігетін қапсағай қарағайлар мен жалбыр бас самырсындар қаз-қатар сап түзеп шығарып салады біздерді. Осы біз өрлеп келе жатқан аңғардың екі жағында екіге жарылған биік қара жартастармен тіл табысқысы, ұғысқысы келді ме, кәрі жүзін томсартып, көзін айырмай қарайды Сарқынды шал. Тілсіз түнеріп тұрар жартастардың ұйқысынан оянған таңғы кейпі аса көрікті, қып-қызыл шапаққа оранған тау тәңірісі іспеттес еді. Ертеңгілік ауадан да салқын тазалық, сарай ашар сусынды дәрмек сезіледі. аздап дымқылдау қоңыр самал жұмақтан ескендей, жаңа, өзгеше жайлы. Қазір табиғат жарықтықтың қайсы бір жай-күйі де қайтпас сапарға аттанар шалдың шау болған халімен үндесе алған жоқ, ерегіскендей, дүниенің бәрбәрі жайнап, жадырап тұрғандай.
Шал көзін жұмды. Көзін жұмса да осынау алтайдың ұзатылар қыздай жасанып жатқан кербез көркін көрді білем, ауыр күрсініп барып: «Уа, алланың азабын-ай», – деп аһ ұрып ашып жіберді. Бұдан соң көкпеңбек болып шарадай төңкеріліп тұрған аспанға қарашығын қадаған, тым биікте қалықтап жүрген қара құс ілікті-ау ашқарақтанған жанарына.
Енді Сарқынды сол қара құсты қарауылға алды.
Жалғыз аяқжолбарғансайынқиындай түсті. Бізақшоқының асқарына тырмыса өрлеп келеміз. Үйден шыққалы ешқайсымыз тіс жарып үндегеніміз жоқ, тек астымыздағы аттардың деміккен танау пырылы мен тағалы тұяқтың тасқа шақ-шұқ тиісі ғана осы жүрістің өсекшісіндей маңайға дабыралайды.
Мен өлген адамды өз өмірімде екінші рет көретін болдым. Біріншісі, оқыстан машинаның астына түсіп қалғанды көрсем, екіншісін өлімге өзіміз көтеріп барамыз. Біріншісі– уыздай жас, он екіде бір гүлі ашылмаған қазақтың қара торы қызы болатын. арманы қандай көп еді. Су жаңа «Волганың» астынан көтеріп алғанда дәл қазіргідей ашық аспанға ақырғы рет қарады да: «Ертең диплом қорғаушы едім, үлгіре алмадым-ау», – деді. мен ол қызды танымаймын, бірақ жерлеуге қатыстым. ауылдан аңырап келген қойшы әкесі жалғыз қызын жерлеп, жер боп еліне қайтты. Осы оқиға көпке дейін есімнен кетпей, көзім ілінсе түсіме кіріп жүрді. Әсіресе, менің көз алдымнан қара «Волгадағы» қара көзілдірікті адам ешқашан кетпейді: екі мықынын таянып шіренеді де тұрады.
Екіншісі болса, мынау – жүзге келсе де, арқардай асқар таудың басын көксеп жатқаны.
Аттар әбден көбігі шығып терледі. Сыпыра қалың қарағайлар таусылып, шоқының бірыңғай шоғыр-шоғыр қорымы басталғанда, аттарды қалдырып жаяу тарттық. Зузаның бір басын әкем екеуміз, ал екінші басын Қаршыға жалғыз ұстап жүр. Сарқынды сүйегі аса ауыр шал екен, есік пен төрдей жүрсек, екі қарымызды талдырып, шаршатып-ақ тастайды. Әмбесінде қойдай жусаған қыналы тастан-тасқа секіріп, сақтықпен баспасақ, мертіктірер қаупі және бар. Бүгін күн ашық еді. Осынысы көп себеп болды.
Ақшоқының басына күн екіндікке таянғанда ғана іліндік. ақшоқының басына біз ілінгенде, ойдағы ел табанымыздың астында қалды да, сол ойдағы барлық көрініс қызыл іңірдің жұқалтаң көлеңкесін құшты; ойдағы елге күн батып кеткенімен осы өлкенің ең бір биік тауына шығып тұрғандықтан, алтын нұрдың аясында едік; қай-қайсымыздың үстімізден де қыпкызыл жалын шығып, алыстан қарағанда өртеніп бара жатқандай едік; отқа ұстаған жез табақтай балқып, байып батар күн әулиеге жалт қарағанымызда, жанарымыз саулаған самала сәулеге шағылысып, өмірге деген өлердей құштарлықтың жалт етер оты тұтанады; жапалақ ұшпас асқардың құзарында тұрған біз мәңгі өлмес мақсұт, арманымыздың қара қасқа құлынын мініп, мәңгі сөнбес маздақты ғұмырдың ұлы жәңгір бәйгесіне түскендей едік.
Біз шалды жерге сұлатып салып, кешкі мезгілдің балқыған көрінісін қызықтап тұрғанда, қорым тастарды сыналап өскен аршалардың басы сыбдырлағандай болды да, көп кешікпей төрт көз, сары аяқ ит сумаң етіп шыға келді. Тілі салақтап солығын баса алмай, жалтақтай қарап тұрды да, анандай жерде батқан күнге бетін бұрып үнсіз жатқан иесіне ұмтылды. Құйрығын бұлғап тастап, қыңсылап аппақ саусақтарын жалады. мойнында қарғыбауға тағылған кендір жіптің үзігі жүр.
– Иттен иесіне адал не бар екен бұл жалғанда, жеті қазынаның бірі дейтіні рас та, – деді әкем. Бұл шақта баурына тығыла еркелеген иттің басынан сипап жатқан Сарқынды өз күйіне ортақтасқан ескі досын тауып, көзайым болған.
– Ал, ақсақал, қай жерді хош көресіз? Қасқарайғанша қазып тасталық, – деді әкем Сарқындының жанына барып. Шал басын көтерді де, жан-жағына барлай шолып қарады. Сонсоң үлкен жақпар тастың теріскей ығындағы терліктей сарғайған жерді нұсқады.
– Анау тастың түбін қазсаңдар жұмсақ, өзінен-өзі борпылдап жатыр. Жандарың қиналмас, – деді.
Біз теңдеп әкелген күрекпен шал көрсеткен жерді апайтұпай қаза бастадық. Ең ғажабы сол – осынау құзардың басында тек қып-қызыл тас қана болушы еді, ал мына жер болса қап-қара топырақ. Бірақ, ертеде, бізден бұрын әлдекім қазып, топырақпен толтырып тастағанға ұқсайды. Тұп-тура төрт бұрыштанып, ұзыны екі, ені бір кез жер ғана өзіне суырып тарта жөнелді. Кісі бойындай қазған соң, күрегіміздің басы әлденеге тигендей болды. Тас екен деп ойладық. Шақыр-шұқыр ете қалған сәтте, жым-жырт жатқан шал селк етіп, қақшайтып басын көтеріп алды да, бізге ақырып әмір берді.
– Байқаңдар, түге. Байлықтың қадірін білмейтін безгелдектер!
Әкем шұңқырға жалғыз өзі түсіп, дымқыл топырақты саусақтарымен арши бастады. Бұдан соң қатар-қатар төселген ұсақ қой тастарды біртіндеп сыртқа шығарды. мен алғашында Сарқынды айтып жатқан байлық осы шығар деп ойладым. Бірақ бұл ойым адыра қалды. Әкем шұнқырдың түбіндегі шіри бастаған тай теріні ашып қалғанда менің түсіме де кіре бермейтін қымбат жиһаз жайрады-ай. амал не, алтын, күміспен оқаланған шапан, ер-тоқым, әбзел, баяғының бағалы заттары: қалы кілем, ер жігіттің бес қаруы, тот басып тозып, шіріп-ақ қалған. Тек жарықтық алтын мен күміс қана көзі жаудырап аман жатыр. Қаршыға екеуміздің есіміз шығып, осынау байлыққа ұмтыла бергенімізде әкем тоқтатты.
– Дүние тезекті қайтесіңдер қызықтап, Сарқындының елу жыл бойы дәтке қуат еткені – осылардың буы да, – деді сабыр сақтап. Сонсоң шұңқырдың ішінде отырып дауыстады:
– Ақсақал, мына дүниені қайтеміз?
– Тимеңдер, одан әрі қазатын жер жоқ, қып-қызыл тас басталады.
Бұл шақта қас қарайып, түн басталған. Біз Сарқындыны жалғыз шынардың түбіне қымтап жатқыздық та, өзіміз де көз шырымын алуға ыңғайландық. Төрт көз, сары аяқ ит шалдың жанына сұлады. Әкем айтты:
– Қарияны таң ата жерлерміз, өзі де осыны тілейді білем. Қаршыға екеуміз біраз қалғып алған соң, ойдағы аттарды болжап келеміз, сен елегізбей деміңді ал. Теріскейден жел сезіледі, ертең күн жаумаса нетті…
Түннің бір уағына дейін Сарқынды шалдың күбірлеп әлденені сөйлегені, иттің қыңсылағаны құлағымнан кетпеді.
Бұл түні жұлдыздар ығы-жығы болып, өте жиі туды. Бүйірімнен біз сұғып алғандай қатты шошып ояна келсем, дүние алай-дүлей екен. Сұлушоқыны аса ысылдап, ысқырып, екпіндете жел соғып тұр. Кеше ғана тап-таза аспанды қапқара бұлт торлаған. Әкем мен Қаршыға жоқ, етекте қалған аттарды болжап келуге кеткен секілді. Таң сібірлеп әлдеқашан атқанымен, құрым киіздей тұтаса бұлт басып, азанғы аз жарықты далдалап тұр. менің есіме әуелгі түскені Сарқынды шал болды. Өліп қалды ма екен деп, шынардың түбіндегі зузаға қарап едім, бос жатыр… жүрегім тас төбеме шықты. Бірақ аппақ болып, кабықтан айрыла сидиған шыңылтыр ағаштың ығында сақалын жел жұлмалап, арбайып тұрған тірі аруақты көрдім. Жыл бойы тырп етпей, тобан аяқ болып төсек тартып жатқан шалдың жас сәбидей қаз басып кеткеніне қайран қалдым. Өз көзіме өзім сенбеймін, дегенмен, оның қаңсыған қарағайды қапсыра құшақтап қалқайып тұрғаны рас еді. ақ матадан тіккен аппақ көйлек-дамбалын жел кеулеп, енді бірер минуттан соң аспанға қаңбақ болып ұшып кетердей қалтырайды. Осы сәтте жер-көкті басына көтере күлген үн естілді. Өзі іспетті заманы озып, ажары тозған ағашты шөпілдетіп сүйеді, айналыптолғанады, сонсоң қарқылдап күледі. менде ес қалмады. Қазір анау алжыған шал пышағымен кеңірдегімді орып жіберіп, шүмектеп аққан қып-қызыл, жып-жылы қанды уыстап ұрттайтындай зәрем зәр түбіне кетті. Бірақ ол қолындағы пышақпен жел өті, күн көзінде тұра-тұра әбден кепкен молақ қарағайды сұққылады-ай кеп. Сарқынды біржола құтырды деп ойладым. мына ессіз күлкі – соның куәсі.
«Кәрі жүрек шерге толып, өмірден ешбір рахат көрмей, рахаттанып бір серги алмай, өз-өзінен тұншығып, өлі мен тірінің ешқайсысына пайдасы тимей, дүбәра баз кешкені енді ғана мәңгі оралмас қаралы сапарға аттанар алдында есіне түсіп, үміт қылған алласынан қайыр көрмей, мың мәртебе лағнаттаған шалдың сызылып, сыңсып өтіп-ақ кеткен артқы өміріне өкінбей, қара жер қойнына кірер шақтағы қояншық күлкіге дес бергені болар», – деп ойлап едім, қателесіппін, Сарқынды жан айқайын жасыра алмай, ағыл-тегіл егіліп жылап тұр екен. Дүниедегі барлық тіршілікті шынымен-ақ керексіз қылғанда, сол жазған бар тіршілік мұны да түкке керексіз қылып, шіріген жұмыртқадай лақтырып тастағалы тұр-ау. Заманамен арадағы жарты ғасырдай созылған текетіресте шал тізе бүкті де, қансырап, қалжырап барып суық жерді құшпақ. Талғамсыз қара жер бұған да құшағын ашпақ. Егер Сарқынды шал деп дағдылы пиғыл-мінезімен қайта туар болса қайтер еді деп те ойлайсың. «Бірақ, қайта туу – тек рухы ұлыларға ғана табиғат, сонсоң халық тартар сый; ей, еңіреген қу бас шал, осы өміріңе риза бол», – дегім келді. Дегенмен, осы сәтте анау шал сияқты ішінде ит өліп жатқан жандар біздің арамызда әлі де бары есіме түскен…
Мен шалды обалсындым: көзінен жас емес, қан ағып тұрғандай-тын. Жүз жасаған ғұмырында осыншалық қатты өксікпен – ішек-қарыны аузына тығыла еңкілдеп жыламаған да шығар, қапсыра құшақтап тұрған ағашқа сіңіртік-сіңіртік бес саусақ кіріп бара жатқандай еді. Жанында иесінің аяғына оралып, төрт көз ала аяқ ит қыңсылайды. Тек сол ғана оның қазіргі қансыраған халіне ортақтасқан.
Сарқынды шал жарық дүниені қимай, жылап тұрмаған. Шал: «Бұған дейін баз кешкен ғұмырым, құдай-ау, шынымен-ақ, көрген түстей, алыстан бұлдырайтын сағымдай алдамы мол өткінші дүние ме едің. Жарық әлеммен ақтық рет қоштасар сәтімде көз алдыма бір рет елестетіп, суыған жүректі жылытар көрген жақсылығым кәне? Қайғы қажаған өмірімнің ең соңғы түнін күнәмнан арылуға арнасам етті. Кешермісің, өз қолыммен жөнелткен Таңатар, кешермісіңдер, арманда кеткен адамдар, кеш, жас шарана жас құлын, кеш, кейінгі ұрпақ, кеш!» – деп еді.
Жел толастар емес. Дабырлаған дауыс естілді. Іле-шала әкем мен Қаршығаның қарасы көрінді. Осы сәтте аппақ сақалын жел желбіретіп, шынарды құшақтап жылап тұрған шал зузаға қайта жата қалды.
– Ұлым, қорыққан жоқсың ба? – деді әкем ентіге сөйлеп.
– Біз ойдағы аттарды болжап келдік. Әйтеуір, аман-есен екен. Жаңбыр жаумай тұрып ақсақалды жерлейік.
Жел барған сайын күшейе түсті. Біз Сарқындыны көтеpiп апарып, кеше қазған шұңқырға түсірдік. Шал ләм деп аузын ашқан жоқ, көзі ежірейіп қарақұрақтанған аспанға қарап жатты. мүмкін сенерсіз, мүмкін сенбессіз, дүниедегі ең қорқынышты да қорлық нәрсе адамды тірідей жерлеу екен. Дәтім шыдамай, теріс айналып кеттім.
– Ақсақал, – деді әкем, – мына шіріп қалған байлықтың ешбір керегі жоқ бізге. рұқсат етсеңіз, өзіңіздің мүлкіңіз ғой, өзіңізбен қоса көмелік.
Сарқынды басын изеді. Қаршыға қабірге секіріп түсіп, атасын құшақтап солқылдап жылады. Сосын лақат қуысына қарай итере берді де, еңіреген күйі қарғып қайта шығып кетті. Шал тілге келді:
– Оу, ағайын! Домбырам мен сыбызғымды ұмытып барады екенмін, әперіңдер, – деді. Әкем қарағайдың түбіндегі аспаптарды алып, қабірге өзі түсті.
– Мінекиіңіз, ақсақал.
Шал домбырасы мен сыбызғыны көкірегіне қойды да қолындағы тас қылып ұстаған пышағын сыртқа, бізге қарай лақтырып жіберді.
– Иә, пышақты сендерге қалдырдым. Не жауыңа, не бірбіріңе жаратарсың, – сонсоң, иманын айтып, бетін сипаған күйі алайған көзін жұма беріп, осы қалпымен мәңгі келмеске соншалық ғажап өліммен сапар шекті.
Қаршыға жер бауырлап жылап жатыр.
Менің көзімнен де жас шығып, бой-бойым босап кетті.
Әкем тізерлеп отырған қалпы Сарқынды шалды дұрыстап жатқызды да лақат қуысына қарай итерді.
Қаршыға екеуміздің дәтіміз жетпеген соң, әкем шалдың денесін дымқыл топырақпен жасырғанша, өзі көмді. Бұл шақта жел бәсеңдеп, бірсін-бірсін жаңбыр жауа бастаған. Жаңбыр жауа бастаған соң, барлық қорқынышты ұмыттық та, үшеуміз үш жақтап жүріп, Сарқындыны жерлеп те үлгердік. ал, сары аяқ төрт көз ит жас қабірге қарап қыңсылап, иесін жоқтайды.
Біз ең ақырғы бай-болысты осылайша жерледік. Бірақ біз шалды ғана көмдік пе?!.
Шелектеп жаңбыр жауды. Жалғыз қарағай шынарды паналап отырған үшеуміздің үсті-басымыз малмандай су. аспан жарықтық өлген шалды жоқтады ма, ағыл-тегіл жылады-ай.
Төрт көз ит сонда да қабірдің басынан кетпеді. Күркіреген көкке қарап, ұзақ ұлыды.
– Қазір толастайды, өткінші ғой, – деді әкем жарғақ сулығын Қаршыға екеуміздің басымызға жауып. «Сонсоң мен сендерге мұз тауын көрсетемін. Сұлушоқының үстінде тұрып, мұз тауын көрген адам лайым бақытты ғұмыр кешеді дейтін аңыз бар. ал киелі тау кез келген адамға кез келген күні көріне бермек емес».
Мұз тауы – алтай тауларының ең биік шыңы. Бала кезімнен бір рет көрсем деп көксеп жүрген едім.
Мұз тауы! Әлемдегі ең биік шыңдардың бірінен саналасың, бірақ көзге көрінбейсің, көзге көрінбейтінің сенің аппақ сом бітіміңді күндіз-түні шуда-шуда бұлттар тұмшалап жатады. Тек, айында-жылында бір рет қана үстіндегі шудаланған бұлтты сілкіп тастап, жарқ етіп дидарынды көрсетіп, сонсоң ақ отауға кіріп кеткен қас сұлудай көзден ғайып боласың. Көрген де арманда, көрмеген де арманда. Сондықтан да сені көрген жұрт мәңгі бақытты өмір сүреді екен. Жүз жасаған ғұмырында жазған Сарқынды шал бірде-бір рет көре алмай-ақ арманда аттанған екен… мүмкін, мен іздеген қара қасқа құлын сенің тұманыңда адасып жүр ме, әлде көк сұр мұзыңа тайғанап өлді ме?
Күн ашылды. Бұлттар көше бастады. Жарқырап күн шықты. Ойдағы орман бусанып, буы бұрқырап жатыр. Дүние дүр сілкінген жасанған, жасарған, еңсені басқан ауыр жүктен арылғандай еркін тыныстайды.
–Анау аппақ болып шоғырланып, тарамай жатқан бұлтты көрдіңдер ме? – деді әкем қамшысымен нұсқап. – Әне, сол бұлттың арасында мұз тауы бар. Көз алмай қарап тұрыңдар, қазір сол бұлт қақ жарылады да, көкті тіреген шың көрінеді. Қараңдар, кірпік қақпай қараңдар. Қазір көрінеді, қазір анау бұлт қақ айрылады да, әне… әне… айрылды… әне… жарықтық мұз тауы көрінді. Қараңдар, қарақтарым!
Көзімнің алды көкпеңбек буалдыр сағымға толды да, әлгі шоғыр-шоғыр бұлт баяу ғана екіге жарылды, сонсоң, бұрынсоңды көрмеген асқан сұлу шың қақтаған күмістей жалтырадыай. Қандай керемет құбылыс! Қандай таңғажайып жұмбақты табиғат! мен осы сәтте мұз тауын ғана емес, сол таудың ұшпа басында күнге қарап кісінеп тұрған қара қасқа құлынымды да көрдім, тіпті шырқырай кісінеген үні де құлаққа келгендей болды… аппақ бұлт қайта бүркеді де мұз тауы ғайып болды…
– Әке! – дедім мен, – әке, мен қара қасқа құлынымды көрдім!
Қаршыға көзі жасаурап әкеме қарады да, өзін-өзі тоқтата алмай: – Әке, әкетайым менің! – деп бас салып құшақтады.
Әке мен бала табысты.
Төрт көз сары аяқ ит жас қабірдің басында құбылаға қарап әлі ұлып отыр.
Бүгін мен Қаршығадан хат алдым. Әкемнің боз биесінен қара қасқа құлын туыпты. Бірақ жануар өз тумасынан өзі жеріп, тарпып өлтіріпті…