Мұңғұлдардың Қытай шекарасына келуі
Егер жоғарыда айтылғандарды шындық деп қабылдасақ, онда осы арада осы деректер мәлімдейтін тағы бiр шындықты, бұл күнге дейiн ешкiмнiң назарына iлiкпей, қағаберiсте қалыс қалып келген тарихи шындықты да мойындауға тура келедi. Ақиқатын айтсақ, бiздiң көне тарихи жазбалардан ұзын сонар үзiндi келтiрiп, оны ежiктей талдап жатқанымыздың да түпкi мақсаты – осы шындыққа көз жеткiзу, соған жұрт назарын аударудан туған мәжбүрлік болатын.
Сонымен ол неғылған шындық? Ендi соған келелiк.
Ол – осы кезге дейiн, яғни х.э. дейінгі ХХI ғасырдан III ғасырға дейiнгi аралықтағы екі мың жылға жуық мерзiмнiң тарихи оқиғаларын хронологиялық дәлдiкпен шола баяндап отырған ежелгi заманның екi бiрдей бiлiктi тарихшысының – Сы-ма Чиән мен Бан Гудiң, жаңа айтқанымыздай, еш жерде сиуңну атауын атап көрсетпейтінінің себебін анықтаудан туындайды.
Ең ғажабы, екi тарихшы да өз еңбектерiндегі «Сиуңну баяны» деп арнайы жеке ат қойып, сол халықтың тарихын жазуға арнаған тарауларында сиуңну атауын христианша жыл санауға дейінгі ІІІ ғасырға дейін еш жерде бір рет те атамайды, тіпті қытай кінәздіктерімен шекараласып жатқан барлық көшкінші лерді саралап санағанда да сиуңну атауын ауызға алмайды. Неге?
Бұған жауап, біздің пайымдауымызша, біреу ғана: көне қытайлықтар бұл кезге дейін сиуңнуларды білмеген, олар бұл кезде қытай шекарасына келіп жетпеген, қытай кінәздіктерінің ешқайсысымен қарымқатынас жасап үлгермеген. Сол себепті көне Қытайдың байырғы тарихшылары сиуңнулар туралы нақты ештеме білмеген. Өйткені, олар өз шығармаларына өзек еткен Сарайда жинақталған материалдарда сиуңнулар жөнінде, яғни «сиуңнулар өйтті, сиуңнулар бүйтті» деген ешқандай дерек болмаған. Әйтпесе, өздерi арнайы сиуңну халықтары туралы жазып, оған жеке тарау арнап отырып, осынша мерзім iшiнде Сы-ма Чиән мен Бан Гудің, ең болмағанда, сиуңнудың атын бiр рет атамауын қалайша түсіндіруге болады?!
Ал, бұған керiсiнше, христианша жыл санауға дейінгі үшінші ғасырдан кейін, әсiресе оның аяғына қарай тақағанда екi тарихшы да, бейне баяғыдан берi ұмытып қалып, естерiне ендi түсiргендей, сиуңну атауын жарыса қайталап, ауыздарынан тастамайды, тiптi әр сөйлем сайын аталып отырады деуге болады. Ең ғажабы, оны бұрыннан бар халық ретінде емес, жаңадан пайда болған халық секілді атап, оның үш патшалықпен шектесетінін айтады. Неге бұлай? Кездейсоқтық па, әлде мұнда белгiлi бiр заңдылық бар ма?
Сиуңну халықтарының кiмдер екенiн және олар жөнiндегi қытай жазбалары берер деректердiң тарихи шындығын анықтауда бұл сауалдарға жауап берудiң ерекше мәнi бар. Себебi бұл сауалдардың жауабы, біздің пайымдауымызша, сиуңну халықтарының тегi жөнiндегi осы кезге дейiнгi қалыптасқан пiкiрлердiң бәрiн жоққа шығарып, жаңа ізденіске жол ашады.
Бiрақ, амал не, сиуңну халықтарының шығу тегi жөнiнде сөз қозғаған шығыстанушы ғалымдар бұл сауалдарға жауап бермек түгiлi, олардың көбi осы сауалдарды тудырған көне жазба дереккөздерінің берер осы мағлұматтарының өзiне де назар аударған емес. Соның салдарынан күнi бүгiнге дейiн сол баяғыда бiреулердің айтып, қалыптастырған пiкiрі тарихи шындық ретiнде алынып, қайталанумен ғана келедi.
Қалай дегенде де, бұл арада ескi заманның екi бiрдей бiлiктi тарихшысының өздерi арнайы сиуңну халықтары туралы жазып отырып, өткен екі мың жыл ішінде олардың атын ауыздарына бір рет болса да алмауын, ең болмағанда, «бүгінгі сиуңну деп атап отырғанымыз осының алдындағы мына тайпа еді» деп атүсті болса да ескертпеуін кездейсоқтық демесек керек. Мұнда тарихи бір заңдылық барлығын мойындаған жөн.
Ол заңдылық, менің пайымдауымша, қозғап отырған тақырыбы жөнiнде өз тарапынан ұсынар нақты фактiсi болмаса, «осылай болар» деген бопсаға бармайтын, өздерiнен бұрынғылардың дерегiн сол қалпы өзгерiссiз берудi мұрат тұтатын көне қытайдың байырғы тарихшыларының дәстүрiн жалғастырған Сы-ма Чиән мен Бан Гудiң өз кәсiптерiне деген адалдықтан туған заңдылық. Осы заңдылық бiзге көне қытайлықтардың христианша жыл санаудан бұрынғы III ғасырға дейiн сиуңну халықтары жөнiнде жалпы ештеме бiлмегендiгiн, соған орай жазба деректемелерде олар жөнiнде бұрын ештеме жазылмағанын түсiнуге мүмкiндiк бередi. Екi бiрдей бiлiктi тарихшының үшiншi ғасырға дейiнгі көшкіншілердің ұсақ тайпаларына дейін саралап атап көрсете отырып, әйгілі сиуңну халқының атауын ауыздарына бір рет те алмауының басты себебi де сол білмегендіктерінде, олар туралы нақты деректің жоқтығында жатқанын аңғартады.
Көне қытайлықтардың, шынында да, х.э. дейінгі ІV ғасырдың аяғына дейiн сиуңну халықтарынан ешқандай хабары болмаған . Олар сиуңну халықтарымен алғаш рет тек Орталық өңiрде өзара жауласқан жетi патшалықтың кейінгі кезеңінде ғана ұшырасқан, яғни сиуңнулар осы кезде ғана Қытай шекарасына жеткен. Бұған екi тарихшының да «Осы кезде Қытай өзара жауласып жатқ ан жетi патшалыққа бөлiндi. Соның үшеуi сиуңнулармен шектестi» деп, жалпыламалық мағынада сиуңну атауын тұңғыш рет елеусiз ғана атап өтiп, одан әрi олар жайында ой өрбiтпеулерi соның айғағы. Олай болмаған күнде Сиуңну империясының дәуiрлеп тұрған кезiнде өмiр сүрген, соларға қатысты оқиғаларға өздерi тiкелей араласқан ескi заманның екi тарихшысының солар туралы арнайы жазып отырып, сиуңну атауын бұған дейін ауыздарына бiрде-бiр рет алмауының себебін ұғыну қиын. Егер басқаша болса, яғни көне қытайлықтар сиуңнулар туралы бұған дейiн бiлген болса, онда тiптi Сы-ма Чиән жазбаған күнде де, сиуңнулардан жеңiлiс тауып, оларға көп мөлшерде салық төлеуге мәжбүр болған, қашан келiп шауып кетедi деп үреймен таңын атырып, күнiн батырған ауыр кездi бастарынан кешiрген Хән патшалығының тарихын жазып отырған Бан Гу қалайда сиуңну атауын бұлайша ескерусiз қалдырмаған болар едi. Бұл – бiр.
Екiншiден, осы арада өздерiнен бұрын жазылған жазба деректердi пайдаланғанда бiздегiдей өз атынан мазмұндап баяндамай, оларды тiкелей жолма-жол көшiрiп қайталайтын, жоғарыда айтқан көне қытай тарихшыларының дәстүрiн де ескермеске болмайды. Бұған сиуңну халықтары жөнiндегi өзiне дейiнгi деректердi Бан Гудiң Сы-ма Чиәннан сөзбе-сөз қайталауы да дәлел. Осыдан бiр Бан Гудiң ғана емес, тарих атасы деп танылған Сы-ма Чиәннiң де өзiнен бұрынғылардың дерегiн осылай пайдаланғанын және ол жазбаларда да оған дейiн сиуңну атауының еш жерде жазылмағанын аңғаруға болады. Өйткенi, егер сиуңну атауы бұрын бiр жерде жазылған болса, сөз жоқ, оны Сы-ма Чиән қалдырмас едi, сонда жаңаша жыл санаудан бұрынғы ІV ғасырдың аяғына дейiнгi баяндалған оқиғалардың бiр жерiнде сиуңну атауы да мiндеттi түрде айтылған болар едi.
Бiрақ ол жоқ.
Демек, бұл да өз тарапынан бiздiң «көне қытайлықтар х.э. дейінгі ІV ғасырдың аяғына дейін сиуңну халқы туралы ештеме бiлмеген» деген ойым ыздың дұрыстығын қуаттай түседi.
Осы арада түсiнiктiң нақты болуы үшiн, көпшiлiк көңiлiнде тұрған: «Ау, Сы-ма Чиән мен Бан Гудiң еңбектерiнiң «Сиуңну баяны» деген тараулары «Сиуңнулардың атасы Шүн-вiй деген кiсi Шиа-хыу-шы әулетiнiң ұрпағы болатын» деген сөйлеммен басталады ғой. Ендеше мұның «Екi тарихшы да III ға сырға дейiн сиуңну атауын бiр рет атамайды» дейтiнi несi?» деген заңды сауалға да жауап бере кету қажет сияқты.
Бұл ретте, алдымен айтарымыз, аталған екi еңбектiң де осындай дерекпен басталатыны рас. Бiрақ бұл жерде Сы-ма Чиәннiң Шүн-вiйдi «сиуңнулардың атасы» дегендi сол кездегі ел аузындағы аңызға орай өз тарапынан қосқаны болмаса, белгiлi бiр тарихи дерекке сүйенiп, нақты шындық солай болғандықтан жазып отырмағаны белгiлi. Оның сиуңну атауын осыдан кейiнгі баяндалатын х.э. дейінгі ХХІ-ІІІ ғасырлар аралығындағы оқиғалардың бірінде ауызға алмауының себебi де содан.
Ал Бан Гудiкi бар-жоғы Сы-ма Чиәндi қайталау ғана. Бұлай жазудың, яғни Шүн-вiйдi сиуңнулардың атасы етiп көрсетудiң қажеттiлiгi жөнiнде қытай тарихшысы Уаң Зуң Вiй: «Алдыңғы Чин патшалығы дәуiрiнде атамзаманнан бергi көршiлес ұлттардың қарым-қатынасын аңыз арқылы байланыстыру, бiр жағынан ұлы бiрлiк талабының қажеттiлiгi болса, екiншi жағынан, Орталық жазықтық патшалығы шартараптан келген кейбiр хан тұқымын, тәуелдi қарашысын әр тұсқа кезектестiре көшiрiп, маңайындағы ұлттар арасына қоныстандырғаннан кейiн, олардың өзара араласуына жол ашуға қажет болған едi», – дейдi (Уаң Зуң Вiй. Чин, Хән патшалықтары дәуiрiндегi және олардан бұрынғы Қытайдың батыс солтүстiгiндегi ұлтардың ерекшелiгi. «Батыс өңiрдi зерттеу журналы». №3. 1995 // Қытай оқымыстыларының қазақтың көне тарихына қатысты пайымдаулары).
Екiншiден, «сиуңнулардың атасы» деп отырған Шүн-вiй (Шунь-вэй) Қытайдың Шиа әулетiнiң соңғы билеушiсi Зы Хұйдың (Цзе-кхойдың) баласы. Тегі – қытай. Оның, яғни Шүн-війдің әкесi айдауда өлгеннен кейiн (х.э. дейінгі 1764 ж.) үй-iшiмен және соңына ерген адамдарымен батыс жұңдарға қашып барып, соларды паналап, біраз уақыт көшпелi өмiр кешкенi болмаса, тектiк тұрғыдан алғанда жалпы көшкіншiлерге, оның iшiнде сиуңнуларға да түк қатысы жоқ. Сондықтан ол қай тұрғыдан қарағанда да сиуңнулардың арғы түп атасы бола алмайды.
Бұл, былайша айтқанда, Хән дәуірінде сиуңнулардың қолына тұтқын болып түсіп, кейін қырғыздардың арасына барып ғұмыр кешкен қытай генералы Ли Линді қытай тарихшыларының қырғыз халқының атасы деп жазып жүргені сияқты ғана дүние. Ал Ли Линнің қырғыздардың арасында тұрып, сонда өлгені болмаса, тектік тұрғыдан алғанда қырғыз халқына түк қатысы жоғы қазір баршаға белгілі.
Үшiншiден, көне қытайлықтардың Шиа әулеті кезіндегi «жұң» деп атап жүргендерi тек қана ежелгi тибеттiктер болатын. Шүн-вiй осы тибеттiктерге қашып барып паналаған. Шиа әулетi ол кезде жұңдардан, яғни тибеттiктерден басқаны бiлмейдi.
Тек осыдан кейiн арада үш ғасыр, яғни 300 жыл өткеннен соң барып көне қытайлықтар жұңдардың (тибеттiктердiң) солтүстiгiндегi халықтарды бiлiп, оларды «жұң-ди» деп атай бастады. Қосарланған «жұң-ди» атауы көне жазбаларға осыдан кейiн барып ендi. Бұл атау, жоғарыда атап көрсеткенiмiздей, жұңдар емес, бірақ солар секілді жабайы басқа халықтар деген ұғымды бiлдiредi. Бұл кездегi «жұңның» да, «жұң-дидiң» де сиуңну халқы мен оның халықтық атауына түк қатысы жоқ. Жұң-дилер – Орталық өңiрмен шекаралас аймақтарға жаңадан келiп, қытайлықтармен қарым-қатынас (шабуыл) жасай бастаған түрік тектес өзге халықтар (Олар жөнiнде кейiн айтылады). Олардың сиуңнуға қандай да бір қатысы барлығы еш жерде айтылмайды. Демек, Шүн-вiйдiң де сиуңнуларға еш қатысы жоқ.
Сондықтан «Шүн-вій – сиуңнулардың атасы» дегенді, бар болғаны, өркениетке өзгелерден бұрынырақ қол жеткiзген көне халықтардың бәрінің адамзат бастауын тек өздерiнен шығаруға ұмтылатын өзiмшiл менмендiгiнiң «қытайлық нұсқасы» деп қана қабылдаған жөн секілді.
Мұны дұрыс түсiну үшiн қазақ шежiрешiлерiнiң ел бiрлiгiн, халық тұтастығын сақтау мақсатында кiрме рулардың аталығын алып келiп, iргелi тайпаның түп атасынан туғызатынын, мысалы, Абылай ханның 1757 жылғы кезекті бір шабуылында қолға түскен қырғыздарды кейін қазақ шежірешілерінің арғын тайпасының атығай руының аталығы Дәуіттің 12 баласының бірі етіп көрсететінін (Ш. Уәлиханов. І т. 1961. – 207-б.), болмаса қожалардың бүкiл қазақтың түп атасын араб Әнес сахаба деп көрсететiнiн, немесе одан арғыны айтсақ, гректердiң скифтердi грек Гераклдың, еврейлердiң түріктердi еврей Нойдың балалары етiп шығаратынын еске алсақ та жеткiлiктi ғой деймiз.
Мiне, осындай жайларды талдап сараламай, сиуңнулардың шыққан тегін зерттеп анықтап алмай, тарихшылардың тек Сы-ма Чиәннiң осы «Шун-вiй сиуңнулардың арғы атасы еді» деген бiр сөзiн малданып, сонау х.э. дейінгі ХХI ғасырдағы Шиа әулетiнiң билiгiнен ІІІ ғасырдағы Чин империясы құрылғанға дейiнгi аралықтағы Қытаймен байланыста болған көшкінші әр түрлі халықтарға қатысты тарихтың бәрiн сиуңну халықтарына апарып жапсыра беруі біліктілікке жатпаса керек. Басқаны былай қойғанда, көшкіншiлер тарихының аса бiлгiрi деп есептелiнетiн Л. Гумилевтiң өзi «Хотя история древних хуннов с 1200 до 214 до н.э. (за малыми исключениями) не освещена письменными источниками» (Гумилев Л.Н. Хунну. – С-Пб., 1993. – Стр. 27) деп мойындап отырып, осы дерегi жоқ аралықтағы Сы-ма Чиән мен Бан Гу баяндаған жұң, жұң-ди халықтарына қатысты оқиғалардың бәрін әкеп сиуңну халықтарына тели салатыны өкінішті-ақ.
Осындай негiзсiз тели салудың салдарынан қытайдың көне дереккөздерін аударған көптеген синологтар көне жазбаларда кездесетiн «ху» («жабайылар») деген сөзді көп жағдайда өз түсiнiктерi бойынша «сиуңну» деп аударып берiп жүр. Ал көне қытайлықтар болса, ерте заманда тек сиуңнуларды ғана емес, өздерiнiң елiнiң батыс және батыс-терiстiк жағын мекендеген бүкiл көшпелi халықтардың бәрiн жалпылама «ху» деп атаған. Кейiн олар осы ху атауының ұғымдық аумағына түркістандықтар мен парсыларды да енгiзген. Осындай ерекшелiкке, тек кейбiр нақты жағдайларда ғана болмаса, ху атауы сиуңну атауының баламасы бола алмайтынына қарамастан, аудармашылар түпнұсқада жоқ сиуңну атауын қолдан жасап, оны сонау Шиа әулетiнiң билiк құрған кезiнен бар ежелгi көне атау етiп шығаруға өз үлестерін қосып келді.
Осыған орай жазба дереккөздерінің түпнұсқасымен өздерi тiкелей танысуға мүмкiндiгi жоқ көптеген зерттеушiлер оны осындай аудармалар арқылы ғана танып-бiлгендiктен, сиуңну халықтарын Қытайдың ежелгi замандардан бергi көршiсi деп қабылдап, тарихи қате тұжырымдар жасауға мәжбүр болып жүргендері де жасырын сыр емес.
Мiне, осындай жайлардың бәрiн ескере келiп, ой қорытсақ, көне қытайлықтардың х.э. дейінгі IV ғасырдың соңына дейін сиуңну халықтары жөнiнде нақты ештеме бiлмегенiн, соған орай тарихшыларымыздың бұған дейiнгi көне жазба деректемелердегi «жұң», «жұң-ди» аталып келген халықтарды сиуңнулардың ататегi деп келгендерiнiң негiзсiз екенiн түсiну онша қиындық туғызбайды. Қытайдың «Батыс өңiрi» тарихының бiлгiрлерiнiң бiрi Г. ГруммГржимайлоның, тiптi, сиуңнулардың тiкелей тегi деп жүрген ертедегi хяньюнь (бiздiң оқуымызда: «шиәниүн») және хуньюй (бізше: «шиунжу») халықтарын «Ни те ни другие не были хуннами» (Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. Т. II. – Л., 1926. – Стр. 80) деуi де айтқанымыздың шындық екенiн айғақтай түседi. Ал мұның бәрi өз тарапынан сиуңну халықтары тарихының iргетасының әу бастан дұрыс қаланбағанын көрсетсе керек.
Сиуңну халқының шыққан тегiне қатысты қалыптасқан тұжырымдар төңірегінде Бiр сиуңну халықтарының ғана емес, хәнзулықтардың (қытайлықтардың) өздерiнен басқа кез келген байырғы халықтардың қай-қайсысының да көне қытай жазбаларында кездесетiн атауларына қарап, олардың затын айырудың аса қиын екені қазір баршаға аян. Оның себебі, жоғарыда айт қанымыздай, көне қытайлықтардың кезiнде өздерiне көршi болған ежелгi халықтардың бәрiн «жабайылар» деп есептеп, олардың кiсi есiмдерi мен ел-жұрт атауларын әдейі бұзып, кемсiту мағынасындағы түрлi қорлық атаулармен атап, кейін соны халықтық атау ретінде тарихқа енгізуінде. Бiрақ солай болғанына қарамастан, күнi бүгiнге дейiн зерттеушi мамандар аталмыш халықтардың тегiн анықтауда қытайлықтар берген әлгi қорлық атауларды зерттеу нысаны етiп, кiмнiң кiм екенiн сол атаудың дыбыстық үндестiгiне ұқсас сөздер арқылы iздеуден де бас тартқан емес.
Еуразия көшкіншілерінің, оның ішінде шығыстағы түрік тектес ха лықтардың тарихын қытай деректері негізінде зерттеуге әлем ғалымдарының бірнеше ғасыр бойына бірлесе үлес қосып келе жатқаны белгілі. Жалпы Еуропаның шығыстағы көшкінші халықтармен алғашқы таныстығы иезуит миссионерлерінің солар жөнінде естігендерін, көрген-білгендерін тіркеп жазған материалдарынан басталады деуге болады. Соған орай олардың есімдері шығыстану тарихында алдымен еске алынады. Бұл ретте, мысалы, Малья, Амио, Сибо, Гобиль, Грозье және басқалардың берген азды-көпті деректерін кейінгі зерттеушілер өз еңбектерінде мүмкіндігінше кеңінен пайдаланды.
Бұл кездегі әңгіменің арқауы негізінен батыс гунндар (сиуңнулар) тақырыбы еді. Мұнда әуелі басты назар Еуропаға жеткен гунндардың шыққан тегі кімдер дегенге аударылды да, кейін ол қытайдың жазба деректеріндегі ежелгі хуннулар (сиуңнулар) мен Еуропа гунндарының арасындағы байланысты анықтауға қарай ойысты. Осы орайда жоғарыда айтылған миссионерлер арасынан Гобильдің: «Еуропалықтардың «гунны» деп жүргендерінің хунну екені даусыз» (Gaubil. Traite de la Chronologie Chinoise, ed. Sylvestre de-Sacy., 1814. – p. 58) деген тұжырымы зерттеушілер ілтипатына ілігіп, ғылыми айналымға енді.
Бірақ бұл тұжырымға қарсылар да аз емес еді. Бұл кезде Еуропа зерттеушілері үшін гунндардың арасында тікелей өздері болған грек Аммиан Марцеллин мен Аттила тарихына қатысты материал берген византиялық грек Приск пен гот Иорданның еңбектері құнды дереккөзіне айналды. Солардың гунндар жөніндегі айтқандары шындық айғағы ретінде қабылданды. Соған байланысты гунндарды жолындағысының бәрін қиратушы, жаулаушы, тонаушы деген пікір үстемдік құрды. Кейін қытай деректеріне қол жеткеннен соң ғана оларға сыни тұрғыдан қарау біртіндеп қалыптаса бастады. Бірақ, қалай дегенде де, алғашқы кездегі зерттеу ауқымы қытайдың терістік батысын мекендеген әр кезеңде әр түрлі аталып келген ежелгі көшкінші халықтардың кімдер екенін анықтаудан әріге барған жоқ. Нақтылық үшін қайталап айтсақ, негізгі күш «хунну» және «гунн» деп аталатын халықтардың шығу тегін анықтауға арналды.
Бұл тақырып шығыстанушы ғалымдар арасында үлкен пікірталас тудырып, ол ХVІІІ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың басына дейін жалғасты. Қайымдасқан түрлі пікірлер айтылды. Олардың бірі – сиуңну мен гунны екеуін бір халық десе, екіншісі, оларды бір-бірінен алшақтатып, екеуін екі басқа халық деп таласты. Мысалы, сиуңну халқының тегін ғалымдардың бір тобы – түрік, екіншісі – моңғол, үшіншісі – финн, төртіншісі – славян деп тауып, бірінікін бірі теріске шығарып бақты. Сондай-ақ, кезінде екіге бөлінген бір сиуңну халқының Солтүстік сиуңнуларын – түріктер, ал Оңтүстік сиуңнуларын – моңғолдар дейтіндер де табылды.
Айтылған тұжырымдарды ой ортақтығына қарай топтастырып, осылардың бастыларын төрт топқа бөлуге болады. Оның біріншісі – сиуңну халқының тегі түрік дейтіндер. Бұл тұжырымды алғаш ХVІІІ ғасырдың ортасында алға тарт қан, миссионерлердің еңбектерін қытай жылнамаларының деректерімен өзінше толықтырып, Қытайдың теріскейіндегі ежелгі көшкіншілердің тегін анықтау бағытындағы алғашқы шынайы ғылыми зерттеу еңбек жазған француз ғалымы Дегинь (Deguignes) болды. Ол этникалық жіктеуден бас тартып, саяси классификациялау негізінде «Қытайдың терістігінде көршісі болған көшпелі халықтардың ортақ атауы – хунну (сиуңну) және хунну мен гунны екеуінің тегі бір түрік халықтары» деген тұжырымды алға тартты (Deguignes. Memoire sur Lorigine des Huns et de Turks. – Paris, 1748. – p. 117). Сонымен бірге ол: «Раздел ение империи Хунну на северных и южных (48 г. по Р.Х.), кажется, имеет большое отношение к разделению турецкого государства на Монголов и Татар. Первые – Хунну северные, вторые – южные» (сонда. – 114-б.) деген жаңа пайымдауға жол ашар болжамын да ұсынды. Дегиньнің осы пікірін француз ғалымдары Л. Каен (L. Cahun), одан сәл кейінірек Абель Ремюз қолдады. А. Ремюздің Дегиньнен ерекшелігі: ол Солтүстік сиуңнуды түріктер, Оңтүстік сиуңнуларды моңғолдар дейді (Ремюз А. Recherches sur les langues tartars. – Paris, 1820. – р. 243).
Сиуңнудың тегінің түрік екенін дәлелдеп көп еңбек жазған ғалым – Юлиус Клапрот. Ол өзінен бұрынғы ғалымдардың сиуңнуларды түріктер деген пікірлерімен келісе отырып, қытай тарихнамаларында сақталған түріктің 20 сөзі арқылы сиуңнуларды «түрік халқы» деп дәлелдейді (Ю. Клапрот. Asia polyglotta. – Pаris. 1895. – p. 23). Бұлардың пікірін кейін атақты географ Карл Риттер де қолдады. Ол Ремюз бен Клапроттың айтқандарын қайталай келіп, өз ойын: «Они принадлежали к родам многочисленного туркского племени», – деп түйіндейді (Риттер К. Землеведения Азии. – С-Пб., 1850. – Стр. 44). Оны екінші бір белгілі географ Рихтхофен де құптайды. Дәлелдеуі талассыз айғақтармен негізделмесе де, бұлардың ой топшылауларында шындықтың жаңғырығы бар еді. Содан да болар, кейін бұлардың тобын атақты синолог Ф. Хирт, шығыстанушылар И. Маркварт, В. Радлов, Н. Аристов, Ар. Вамбери және басқалар толықтырды. Осылардың және осыларды қолдаған кейінгі зерттеулердің негізінде қазіргі тарих ғылымында «сиуңнулар түрік тектес халық» деген тұжырым толық орныққандай болды.
Екінші топ – сиуңну халқының шыққан тегін «моңғол» деп танушылар. Дегиньнің еңбегі жарық көргеннен кейін жиырма жылдан кейін оның «сиуңну халқының тегі – түріктер» деген тұжырымына қарсы алғаш пікір айтқан академик Г. Паллас болды. Ол сиуңнуларды «моңғолдар» деп дәлелдеді (Паллас Г. Sammlungen histjrischer Nachrichten uber die mongolichen Volkschaf ten. I. 1776. – р. 451).
Кейін оның пікірін Бергман мен Нейман қолдады. Нейман Г. Паллас келтірген аңызға сүйене отырып, гунндарды Шығыстан Батысқа қоныс аударып, Кавказ бен Кіші Азияға орныққан моңғол халқының бір бұтағы деп есептейді (Нейман. Dіе Volker des sudlichen Russkfyls. – Leipzig, 1847. – р. 16). Француз та рихшысы Амедей Тьерри гунндардың құрамында финндердің де болғанын мойындай отырып, «господствующее племя было монголское, более резко выражающее физический тип азиатов, чем финны» (Амедей Тьерри. Histoire d, Attila et de ses successeurs. – Paris, 1856. – p. 11) деген қорытындыға келеді. Кейін бұлардың қатарына Я. Шмидт, Н. Бичурин, П. Семенов және басқалар қосылды. Осылардың арасында сиуңну халқының тегін тілдік негізден іздеген жапон ғалымы К. Шираторидың (Сираторидың) еңбегін ерекшелей кеткен жөн. Ол ғалымдар жинаған сиуңнулардыкі деп есептелінетін 23 сөздің ішіндегі түріктікі делінетін төрт сөздің екеуін моңғол-тунгус сөзі, ал моңғол сөзі делінетін 14 сөздің тек біреуі ғана түрік сөзі дегенді айтады (Ширатори К. Sur Porigine des Hiong-nu Journal Asictique. CII. I, 1923. – р. 71-82). Бірақ ол бұл сөздерге талдау жасамайды. (Кейін ол да бұрынғы пікірін өзгертіп, сиуңнуларды түріктер деген пікірді қостаған).
Үшінші топ – сиуңну халқының тегі – «финндер» деп есептейтіндер. Бұл пікірді алғаш айтқан – француз ғалымы Сен-Мартен (Saint-Martin). Ол Дегиньнің сиуңнулардың тегі түріктер деген тұжырымын сынға алып, өзі «финндердің арғы тегі – гунндар» деген тұжырымын алға тартты. Ол бұл ретте «хунн», «гунн», «финн» дегеннің бәрі бір-ақ ұғымды білдіретін бір сөз деп есептеп, «гунны или финны распространяли свое владычество гораздо далее на Восток и доходили даже до границ Китая, подчинив себе турецкие, монгольские и маньжурские племена, которые, делаясь их поддаными, получили их имя»
(Сен-Мартен (Saint-Martin). Histoire du Bas-Empire, Lebeau. T. IV. – Paris, 1824. – p. 62) деген ой айтты. Сен-Мартеннің бұл тұжырымын кейін Вивьен-де-СенМартен толықтыра түсті. Ол Клапроттың тұжырымын теріске шығару қиын емес, «если признать, что первобытные Турки и уральские Финны суть две ветви одного ствола, первоначально бывшего единым» деген тұжырымға келеді (Вивьен-де-Сен-Мартен. Etudes ethnographiques et historques sur les peoples nomads, que se sont succeed au nord du Caucase dans les dix premiers siecles de notre ere // Nouvelles annals des voyages et des sciences geographiques. – 1848, декабрь. – р. 257-306).
Гунндардың тегі финндер деген тұжырымды финн ғалымдары Кастрен мен Коскинендер де қолдады. Кастрен «Гунны были по всей верятности предкам финнов» (Кастрен. Reiseberichte ubed Briefe. 1856. – р. 9) деп ой қорытса, Коскинен «Мы понимаем под именем гуннских народов тех, которые обыкновенно называются финскими и которые русскими называются чудскими, также угорскими народами, но лучше всего могли бы вообще назваться уральскими, хотя это наименование имеет более географический, чем историко-этнографический характер» (Коскинен. Finnische Geschichte. – Leipzig, – р.4) дейді. Бұл топқа сондай-ақ белгілі ғалым П. К. Усларды да жатқызуға болады. Ол өз зерттеуінде гунндарды финндер дегенді мақұлдай отырып, хуннуларды түрік-финн тектес бірнеше көшпелі халықтардың қоспасы деп таниды (Услар П.К. Древнейших известиях о Кавказе // Записки Кавказского отд. географ. общества. ХІІ. – Тифлис, 1881. – Стр. 48).
Финдердің арғы тегін ғұндар (хунну) – гунндар деп танитындардың өз ойларын дәлелдеуі әр түрлі болғанымен, түйіндеулері негізінен: «Көне заман жазушыларының деректері бойынша, гунндар қазіргі Ресейдің еуропалық бөлегінде өмір сүрген. Олардың қазіргі таңда сол жерде тұрып жатқан ұрпақтары сөйлейтін тіл түрік тіліне келмейді. Олардың тілі, есімдері финндерге келеді. Сондықтан қазіргі финндердің арғы тегі гунндар» (Иностранцев К. Хунну и гунны. – Л., 1926. – Стр. 74) дегенге саяды.
Төртінші топ – хунну, гунны халықтарын славян тектестер деп білетіндер. Бұл теорияның негізін қалаушы болгар ғалымы Ю. Венелин болды. Оның ерекшелігі – өз зерттеуін лингвистикалық негізге құрды. Оның пікірінше гунндардың есімі славянша сөйлейді. Мысалы, гунның Каратоны болгардың Карданына, Баламері Владимирге, Аттиласы Тилланға, Бледасы Владқа дәл келеді деп есептейді (Венелин Ю. Древние и нынешние болгаре. Т. І. – 1829. – Стр. 94). Оның осы пікірін К. Вельтман да құптады. Ол Hunni есімін Kwane формасы арқылы беріп, одан Кыяндар, яғни киевляндар дегенді шығарып, Аттиланы бүкіл Русьтің билеушісі деген тұжырым жасады (Вельтман. Аттила и Русь в ІV-V веках. – М., 1858. – Стр. 131). Бірақ оның бұл тұжырымын Д.И. Иловайский «мистикалық сандырақ» деп бағалады (Ивайловский Д.И. Вопрос о народности Руссов, Болгар и Гуннов // журнал Министерства Народного Просвещения. – 1881, май. – Стр. 19). Гунндарды славяндар деушілердің қатарына И.Е. Забелин, В.М. Флоринскийді де қосуға болады. Забелин «Гунндар шығыстан емес, Мұзды мұхит жағынан келді. Меотий батпағының сыртында жатқан ел Шығысқа емес, солтүстікке жатады. Гунндар – хунндар солтүстіктегі славян тайпаларынан» (Забелин И.Е. Истории русской жизни. Ч. І. – М., 1876. – Стр. 218-360) деген ой айтса, Флоринский «Вопрос не в имени Гуннов, а в силе, которою Славяне оттеснили Готов, сплотившись в одно политическое тело, а сплочившим элементом не могла быть финнская или монголо-татарская орда» (Флоринский В.М. Первобытные славяне по памятникам их доисторической жизни // Изв. Томского универ., 1895. Книга VІІ. – Стр. 53-54) деген тұжырым жасайды. Кезінде бұларды қолдаушылар да аз болмаған.
Тақырыптың зерттелу деңгейін нақтылай түсу мақсатында осы төрт топтағы зерттеушілерді өздерінің таным-түсініктеріне қарай өзара екіге бөліп қарауға болады.
Оның біріншісі – сиуңнудың (хуннудың) да, гунның (гунны) да шыққан тегін бір халық деп тұжырымдайтындар. Оларға, негізінен, сиуңну халқының тегін түріктер мен моңғолдар деп танитындар жатады.
Екіншісі – сиуңну мен гунның негізі бір емес, екеуінің шыққан тегі екі басқа халық деп есептейтіндер. Бұған, негізінен, сиуңну халқының тегін финндер мен славяндардан шығаратындар жатады. Бірақ, қалай болғанда да, олардың Еуразия көшкіншілерін танып-білудегі методологиялық тәсілдері бір-бірінен алшақ кетпейді. Бәрі де көшкіншілердің шыққан тегін халықтық атаулар мен кісі есімдерінің тұлғалық ұқсастығынан, әдет-ғұрыптарының ортақтастығынан іздейді және оны әрқайсысы өздері тегі осы болар-ау деген халқына, яғни түрік, моңғол, финн, славян халықтарының біріне қарай мүмкіндігінше бейімдеп бағады.
Көшкіншілер тарихын саяси-әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеп, олар құрған мемлекеттің қалыптасуы, дәуірлеуі және ыдыр ауы жайында пікір айту ХХ ғасырдың басынан, Орхон тас жазулары мәтінінің игерілуінен кейін жүзеге аса бастады. Бұл орайда тындырымды зерттеу еңбектер жазған Бахаддин Өгел, Рене Груссе, Г. Грумм-Гржимайло, Н. Кюнер, Л. Гумилев, А. Бернштам, В. Таскин, А. Хазанов тәріздес біраз ғалымдардың есімдерін атауға болады. Осындай көп зерттеулерге қарамастан, сиуңну халықтарының тарихы да, оның халықтық атауы да әлі күнге бір нақтылыққа ие болды дей алмасақ керек.
ХХ ғасырдың екiншi жартысына дейiн сиуңну атауын шет елдiк синологтардың бәрi «хунну, хунны, гунны» деп оқып келгеніне байланысты Дегинь, Ховрос, Нейман, К. Иностранцев, Н. Кюнер, В. Бартольд, Л.Гумилев, А. Бернштам секілді тағы басқа ғалымдар сиуңну атауының мағынасы моңғолдың «адам», «кiсi» деген ұғымды бiлдiретiн «ғұн» деген сөзiнен шыққан дегенге саяды.
Қазақ тарихшылары да осы пiкiрде. Олардың тiптi өз байламдарына сенiмдiлiгi сондай, өзге тарихшылардай «хунну», «сиуңну», «гунны» деп жатпай, өз болжамдарын тарихи шындыққа айналдырып, «ғұн» дегендi нақты бiр халықтың төл атауы ретiнде тарихқа енгізiп жiбердi. Олардың кейбiреулерiнiң қытай жазбаларындағы атауларды дыбыс үндестiгi мен сөз ұқсастығынан шығарып алуға «маманданғаны» сондай, қазiр сиуңну, усұн халықтарының елжұрт атауларын, кiсi есiмдерiн түгел дерлiк қазақтандырып үлгердi. (Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі осы орайдағы зерттеулерді қарап көріңіз).
Алайда, мұның бәрi ғылыми негiзi жоқ, ақиқаттан аулақ, бопса болжамдар едi. Қытай жылнамаларындағы атаулардың мәнiн ашуда сөз ұқсастығын, дыбыс үндестiгiн бiрыңғай негiзге алып, белгiлi бiр ғылыми тұжырым жасаудың қателiгiн орыстың әйгiлi шығыстанушысы, чуваш халқының перзентi Никита Яковлевич Бичурин (Йакинф әкей) кезiнде ашып-ақ айтып, анық көрсеткен болатын. Бiрақ соған қарамастан, көшкінші көне халықтардың шығу тегiн анықтауда қытай жазбаларындағы атаулардың мән-мағынасын тек дыбыс үндестiгi мен сөз ұқсастығы арқылы ашуға негiзделген болжам мен сол болжам иелерiнiң асу бермес беделiнiң ғылымда екi жүз жыл бойы жолбасшы болып келе жатқаны, әрине, өте өкiнiштi жағдай. Осының салдарынан атаулардың мағынасын бiрыңғай сөз ұқсастығынан, дыбыс үндестiгiнен iздеудiң ешқандай нәтиже бермегенiне де, керiсiнше, бiр жаңсақтықтан екiншiсi туындап, қате түсiнiктердiң молайып кеткенiне де көңiл аударған жан болған жоқ. Ешкiмн iң таптаурын жолдан шығып, соныға түсiп, бас ауыртқысы келмедi. Осыдан келiп, сиуңну халықтарының тарихын зерттеуге үлес қосқан әлем тарихшыларының атау сырын ашуға бағытталған пайымдаулары бiр арнада тоғыспай, бiр-бiрiне кереғар пiкiрлер күйiнде қала бердi.
Алдағы айтылар ойдың жаңсақсыз, өз мәнiнде дұрыс ұғынылуы үшiн, осы арада, соңғы зерттеулерден көрiнгенiндей, көне қытайлықтардың ежелгi көршiлерiнiң төл атауларын оларды кемсiту үшiн бiрыңғай, үнемi бұрмалап, бұза бермейтiндiгiне, кей жағдайда олардың да көршi халықтардың ел-жұрт атауларын, адамдарының есiмдерiн мүмкiндiгiнше дәл беруге ұмтылатын тұстарының болатындығына ерекше назар аудара кетудi қажет деп бiлемiз. Ондайда олар әлгi атаудың дыбыстық естiлуiн алып, оны өздерiнiң тiл ерекшелiгiне қарай транскрипциялайды. Мысалы, Бумынды «Тумән», қағанды «кыхан», Онгiн суын «Ыгын шүй» (шүй-хәнзуша су) т.б. деген тәрiздi.
Бiрақ бұл жоғарыда айтылған атау мәнiн бiрыңғай дыбыс үндестiгi мен сөз ұқсастығы арқылы анықтау тәсiлiнiң дұрыстығына кепiлдiк бере алмайды. Мұнда мәселе атаудың аталу кезеңiне, яғни уақытына, қандай жағдайда өмiрге келгенiне, ұғымдық мағынасына тiкелей байланысты. Сондықтан осыған орай қытайдың көне жазбаларындағы атаулардың берiлуiн шартты түрде үш кезеңге бөлiп қарау қажет секiлдi.
Бiрiншi кезең – өте көне замандар дәуiрiнен қытайдың өзара қырқысқан көп кiнәздiктерінiң басын бiрiктiрген жетi патшалыққа бөлiнiп, олардың бiрбiрiмен соғысқан кезiне дейiнгi аралық. Бұл кезеңдегi қытай жазбаларында кездесетiн көшкінші халықтарға байланысты берілген атаулардың бәрi – олардың төл атауларына қатысы жоқ, бiрыңғай кемсiту мағынасындағы қорлық атаулар.
Екiншi кезең – қытайдың өзара қырқысқан көп кiнәздiктерінiң басын бiрiктiрген жетi патшалыққа бөлiнiп, олардың бiр-бiрiмен соғыса бастаған кезiнен орта ғасырға дейiнгi аралық. Бұл кезеңдегi қытай жазбаларында кездесетiн көшкіншi халықтарға байланысты берілген атаулардан бұрынғы қалыптасқан дәстүрдiң сақталуымен бiрге, көне қытайлықтардың өздерi жете танып, бiле бастаған кейбiр жекелеген рулардың, тайпалардың, халықтардың атауларының дыбысталуын дәл беруге ұмтылысын байқауға болады. Әрине, олары ойдағыдай бола бермейді, бірақ ниет түзулігі анық.
Үшiншi кезең – орта ғасырдан кешегi соңғы Чин әулетiнiң билiгi құлағанға (1909 ж.) дейiнгi аралық. Бұл кезеңдегi қытай жазбаларында кездесетiн көш кінші халықтарға байланысты атаулардың бұрынғылары, мысалы, жұң, ди, ху, лу сияқты жалпылық мәндегілері сақталғанымен, тарихқа жаңадан, осы көрсетілген кезеңде белгiлi болған ел-жұрт атауларының, кiсi есiмдерiнiң төл қалпын өздерінің тiл ерекшелiгiнiң мүмкiндiгiне қарай дұрыс беруге тырысушылығы анық байқалады. Мұнда ел-жұрт атаулары мен кiсi есiмдерiнiң төл қалпының, тiптi, құрығанда алғашқы буынын (мысалы, түріктi – тужиө, түр гештi – тучишы, Бiлгенi – Бижиа, т.б.) дәл беру бар.
Сондай-ақ, ретi келгенде айта кеткен жөн, көне қытайлықтардың кейбiр атаулар мен есiмдердiң мағынасын өз тiлдерiне сөзбе-сөз аударып беретiн жағдайлары да болған. Бұл, негiзiнен, екiншi кезеңнiң аяғы мен үшiншi кезеңге тән. Мысалы, Аққас қағанды «Бәй-мей» («бәй – ақ, мей – қас»), Алтын тауды «Жиң-шән» («жиң – алтын, шән – тау»), болмаса Ыстықкөлдi «Жы-хәй» («жы – ыстық, хәй – көл») деген сияқты.
Мiне, қытаймен байланыста болған ежелгі көшкіншілер тарихын зерттеушiлер осы айтылған жайларға ерекше мән берiп, көне жазбалардағы атаулар мен есiмдердiң шын болмысын тануда олардың қандай жолмен (әдейi бұрмаланып па, әлде дыбыстық естiлуi бойынша ма, болмаса мағынасын аудару арқылы ма?) берiлiп отырғанын тап басып ажырата алулары керек-ақ. Онсыз қытай жылнамаларындағы кiсi есiмдерi мен ел-жұрт атауларының мағынасын дәл табамын деушiлiктiң кiм-кiмдi болса да қателiкке ұрындыруы кәдiк. Оның солай екенiн осы сиуңну тарихын зерттеушiлердiң тәжiрибесi де көрсетiп отыр.
Сондықтан осы орайда ақиқатқа ақау түсiрмей, шындықты өз болмысында дәл көрсету үшiн зерттеушiнiң, жаңа айтқанымыздай, бұл мәселеге ерекше мән беруiмен бiрге, оның көне иероглифтердi жетiк меңгерген және тiлдердiң (мысалы, бұл арада қытай мен түрік тiлдерiнiң) табиғатын таймай танитын, сондайақ көне қытай мен оның ежелгi көшкіншi көршiлерiнiң тарихтарын жете бiлу арқылы оларды өзара салыстыра қарап, зерделей алатын үлкен бiлiмдарлығы да қажет.
Осы қажеттiлiкке лайық болу тұрғысынан алғанда өз басымдағы жетiспейтiн елеулi кемшiн тұстардың барлығын мойындай отырып, Бейжің қаласында екi жылға жуық тұрып, үнемi iздену барысында қытайдың бiлiктi тарихшылары мен тiл мамандары арасында жүрiп, олардан көне жазбалардағы ежелгi көшкіншi халықтардың ел-жұрт атауларына, кiсi есiмдерiне, жалпы тарихына қатысты жекелеген сөздер мен иероглифттердiң мәнiн ежiктей сұрап, таныпбiлуiмнiң және оларды бiздегi бар түпнұсқа, аударма дереккөздерiмен, зерттеулермен салыстыруымның нәтижесiнде сиуңну халықтарының тегi мен халықтық атауы төңiрегiнде жасаған өзiмдiк пайымдауымды көпшiлiктiң ой таразысына тартпақпын.
Сиуңну халықтарының шығу тегi жөнiнде кезiнде, жоғарыда талдап көрсеткеніміздей, алуан түрлi пайымдаулар айтылып, пiкiрталастар көп болғанымен, бiрақ содан ортақ бiр тұжырымға қорыған түйiндi нәтиже болмай, әркiм өз пiкiрiн әспеттеп келгенi мәлiм. Алайда, соңғы кезде ресми тарих ғылымында «сиуңну халықтарының тегi – байырғы түріктер (прототүріктер), дун ху халықтарының тегi – байырғы мұңғұлдар (протомоңғолдар)» деген тұжырым үстемдiк ала бастағаны байқалады (Б. Өгел. Ұлы ғұн империясы. I кiт ап. – Алматы, 1998). Оған Орхон-Енесей тас жазуларының кiлтi табылып, соның нәтижесiнде адамзат тарихына «Түрік әлемi» атты тарау енгiзiлуiне орай ор тағасырлық түріктердiң тарихын жан-жақты зерттеу барысында анықталған «түріктердiң арғы тегi – сиуңнулар» деген болжамның ғылымда орнығуы негiз болғанын аңғару онша қиындық туғызбайды. Бұл өз тарапынан зерттеушiлердiң, әсiресе, КСРО тарағаннан кейiн тәуелсiздiк алып, өзiн-өзi тануға, шыққан тегiн бiлуге ерекше ұмтылыс жасаған түрік тектес халықтардың зерттеушiлерiнiң сиуңну халықтарының басқа емес, түріктер екенiне деген сенiмiн арттыр а түстi. Сөйтiп нақты дерекке сүйенген арнайы зерттеу қорытындылары болмаса да, сиуңну атауын түрік атауы, дунху атауын моңғол атауы ығыстырып шығарып, бiрте-бiрте орныға бастаған жайы бар. Алайда бұл, бiздiң пайымдауымызша, әлде де болса мәселенiң байыбына бара алмаған, бар дерекке бағзы заманның емес, кейiнгi заман оқиғаларының өрбу заңдылықтары тұрғысынан қарап, барлы-жоғы «шамасы осылай болуы тиiс» деген бопсадан туған болжам деңгейiндегi тұжырым ба дейміз. Бұған, жоғарыда атап көрсеткенiмiздей, көптеген зерттеушiлердiң қытайдың көне жазбаларының берер дерегi мен соған қатысты кейінгі ғалымдар еңбегіне бойлай енiп, әр сөздiң айтпағына ден қойып, түйiнделер ойдың шындығына өздерiнiң көздерiн жеткiзу орнына, бiреулердiң осы орайда бұрын айтқан жаңсақ пiкiрiнiң жетегiнде кетiп, соны ақиқатқа айналдыруы себеп болғанын ашық айту керек. Олай болмаған күнде, мұндай тұжырымды жасаушылар өздерi бiлетiн жалпы жұртқа мағлұм тарихи деректерге көз жұмып қарамас едi.
Көшкіншілік өмiрдiң тар жол, тайғақ кешулерiн сан ғасырлар бойы бастарынан бiрге өткiзiп, жұптары жазылмай, бiрде табысып, бiрде шабысып, табысқанда төскейде малы, төсекте басы қосылып бағатын, шабысқанда ата жаудай айқасып, қызыл қаны жосылып ағатын, тiлдерi ортақ, тағдырлары да ұқсас халықтардың болғанына қарт тарих куә. Бiрi жөнiнде жоқ деректi екiншiсi толықтырып жататын ондай халықтардың тарихын бiр-бiрiнен бөлiп қарау шындық жолынан өз еркiңмен бас тартумен тең. Осындай егiз халықтардың бiрi – Шығыс тарихшыларының, атап айтқанда, Рашид ад-Дин, Хондемир, Әбiлғазы және басқалардың еңбектерiнде айтылатын татар-мұңғұл мен көне қытай жазбаларында, мысалы, Сы-ма Чиәннiң «Тарихи жазбалары» мен Бан Гудiң «Хән кiтабында» және басқаларда кездесетiн дунху-сиуңну халықтары.
Бұл халықтар – тарихқа танылған кезеңдерiнiң бәрiнде жұптары жазылмай, тағдыр тауқыметiн бiрге көрiп келе жатқан тегi жағынан туыстас, тiлi жағынан ортақтас халықтар. Содан да болар, кезiнде орыстың әйгiлi шығыстанушы ғалымы Н.Я. Бичурин бастаған бiраз зерттеушiлер ХIХ ғасырда-ақ осы «татар-моңғол» параллелi мен «дунху-сиуңну» параллелiн бiр-бiрiмен салыстырып, осылай аталатын халықтардың бастан кешiрген тарихи оқиғаларын тыңғылықты зерттеу барысында бұлардың арасындағы бiрлiктi ашып көрсетiп, ежелгi қытайлықтардың «сиуңну» деп жүргендерi «байырғы мұңғұлдар», ал «дунху» дегендерi «байырғы татарлар» деп қорытынды жасаған-ды.
Сиуңну-дунху халықтарының шығу тегiне қатысты проблемаларды түгелдей шешiп тастамағанымен, менiмше, бұл тұжырым негiзi шындықтан онша алыс та емес сияқты-тын. Кезiнде «Алтын тамыр», «Қазақ қазақ болғанға дейін» атты кiтаптарымызда бұл мәселеге бiз де бiраз тоқтап, осы тұжырымды қолдайтынымызды бiлдiргенбiз (Қ. Салғараұлы. Қазақ қазақ болғанға дейiн. – А., 1998. – 25-33, 155-160-бб.).
Алайда, кейiнгi зерттеушiлер не бұл тұжырымның қатесiн, не өз пайымдауларының нелiктен дұрыстығын негiздi дәлелмен талдап көрсетпей, жоғарыда айтылған, «сиуңну деген – байырғы түрік, ал дунху деген – байырғы моңғол» деген болжамдарын ғылымға енгiздi де жiбердi . Сөйтiп осының нәтижесiнде түріктер мен мұңғұлдар қытайдың көне жазбаларындағы «тегiн» тапты да, байырғы халықтардың бiрi – татарлар жетiмдер үйiнiң баласындай атасының кiм екенiн бiлмеген күйi қала бердi. Бiр қызығы, бұған қарсылық бiлдiрiп, күдiк келтiрген де ешкiм болған жоқ.
Ал, шындығына келсек, бұл тұжырымның көңiлге күдiк ұялататын, соған орай заңды жауабын берудi тiлейтiн сұрақтарды тудыратын тұстары баршылық едi. Мысалы, аңыз-тарихта бiр кiсiнiң (Аланша ханның) егiз баласының бiрi ретiнде танылған, жазба тарихта, жоғарыда айтқанымыздай, сан ғасырлар бойы жұбы жазылмай көршi қоныстанып, бiрде шабысып, бiрде табысып, алма-кезек жеңiске жетiп, бiрiн-бiрi бағындырумен ғұмыр кешкен екi халықтың тұрақты тiркеске айналып кеткен «татар-моңғол» деген атауының бiр сыңарының, яғни моңғолдың қытайдың көне жазбаларындағы дунхуға телiнiп, ал екiншi сыңарының, яғни татардың сол көне жазудағы атауының қалай екенiнiң белгiсiз болып, далада қалуы нелiктен? Жалпы бiр дiңнен өсiп-өнген екi бұтақ секiлдi сиуңну-дунху халықтарының бiреуiн моңғол, екiншiсiн түрк деп алуға негiз болар қандай дерек бар?
Көптеген зерттеушiлердiң пайымдауларынан байырғы татар халықтарын бүгiнгi тунгус халықтарының арғы тегi деп қабылдау аңғарылады. Олай болса, моңғол-татар халықтарының ғылым дәлелдеген, мойындаған туыстас, тiлдес халықтар екендiгi қайда қалады? Тiлшi ғалымдар тунгустарды түрік тiлiне де, моңғол тiлiне де жатқызбай, тунгус-мәнжүр тiлдер тобына жатқызып жүрген жоқ па?
Осылайша бiрiнен-бiрi туындап жалғасып кете берер сұрақтар көп-ақ. Бiрақ олардың бiрде-бiреуiне нақты жауап жоқ.
Мiне, осы жоқтық бұл мәселеге ерекше назар аударып, көне қытайлықтардың «сиуңну» деп атаған халықтарының кiмдер екенiн және олардың әуелдегi төл атауларының қалай аталғанын анықтауды қажет етедi. Осы қажеттiлiк талабын өтеу тұрғысынан қолымызда бар дереккөздерiн өзара сабақтастыра, салыстыра қайта бiр қарап, ой елегiнен өткiзе екшегенде, жоғарыда айтқан, х.э. дейінгі IV ғасырдың соңына дейiн көне қытайлықтар сиуңну халықтары туралы нақты ештеме бiлмеген деген тұжырымды дұрыс деп бiлемiз.
Сондықтан олардың бұған дейiнгi, яғни IV ғасырдың соңына дейiнгi «жұң-ди», кейiнiрек «ди» деп атап келген халықтарын, қазiргi қалыптасқан түсiнiктегiдей, сиуңнулардың ататегi деу де шындыққа келмейдi деп санаймыз. Олар да түрік тектес халықтар. Бiрақ сиуңнулар емес. Сиуңнулар Орталық өңiрдiң шекарасына Қытайдың өзара жетi патшалыққа бөлiнiп, бiр-бiрiмен жауласып жатқан кезiнде жетiп, олардың иеленген жерлері тек Чин, Иән және Жау мемлекеттерiмен ғана шектескен. Сы-ма Чиәннiң «Осы кезде Қытай өзара жауласып жатқан жетi патшалыққа бөлiндi. Соның үшеуi сиуңнулармен шектестi» дегендегi айтып отырған сиуңнулармен шектескен үш патшалығы – осы үшеуi.
«Батыс өлке» жайында бірер сөз
Бұл арада айтылғанды дұрыс түсiну үшiн көне қытайлықтар ұғымындағы «Батыс өлке» атауының мән-мағынасына қысқаша тоқтала кеткеннiң артықтығы жоқ. Өйткенi бұл – көне жазбалардан жиi кездесетiн және тым ескi замандардан бар атау. Байырғы қытайлықтар осы географиялық атау аясына өздерiнiң елiнiң батыс және солтүстiк батыс жағын мекендейтiн қытайлық емес халықтардың бәрiнiң иелiгiн енгiзiп жiбередi. Соған орай көп ретте белгiлi бiр өңiрдiң аумағын бiлдiретiн осы «Батыс өлке» деген географиялық атау мен сол өңiрдi мекендейтiн тұрғындарға қаратылған «ху» деген халықтық атау өзара астасып, бiр-ақ ұғымды – қытайлық емес, жабайы халықтар, солардың мекенi дегендi бiлдiрiп жатады.
Алайда, солай дей тұрғанмен, ұғымның дұрыс қалыптасуы үшiн көне қытайлықтардың «Батыс өлке» жөнiндегi таным-түсiнiктерiнiң әр кезде әр түрлi болғанын да ашып көрсете кеткен жөн. Мысалы, әр әулеттiң кезiндегi әр түрлi қалыптасқан ұғымдарды топтастыра қарасақ, олардың Хән дәуiрiне дейiнгi «Батыс өңiр» жөнiндегi түсiнiгi жалпы алғанда Орталық жазықтыққа ендей кiрiп, көршi отырып, күнделiктi барыс-келiс жасап жүрген өздерiнiң батыс жағындағы көшкінші тайпалардың жерiмен ғана шектеледi.
Ал Хән дәуiрiнен бастап кейiнгi кезде «Батыс өлке» аумағы батысқа қарай кеңейiп, осы ұғым аясына бүкiл түркстандықтар мен парсылардың да жерiн енгiзедi. Бұл ретте, мысалы, «Соңғы Хән кiтабы. Батыс өлке баянында»: «Батыс өлкедегi мемлекеттер шығыстан батысқа қарай алты мың лиден астам аумақ ты, оңтүстiктен солтүстiкке қарай мың лиден астам жердi алып жатыр… Солтүстiгi мен шығыста олар сиуңнулармен және усұндармен шектеседi, оңтүстiгi мен шығысында биiк таулар қоршаған, орталығынан өзен ағады», – деп жазылған (Крюков М.В., Переломов Л.С., Софронов М.В., Чебоксаров Н.Н. Древние китайцы в эпоху централизованных империй. – М., 1983. – Стр. 125).
Мұндай таным-түсiнiктiң көне қытайлықтар үшiн Хән патшалығының жыу-жыларға (юечжиге) жiберген елшiсi Жаң Чиәннiң сиуңнулардың қолында ұзақ жыл тұтқында болып, содан қашып шығып, елiне оралған соң, батыстағы толып жатқан қалашық-мемлекеттер туралы өзiнiң көргенi мен естiп бiлгенiн мәлiм еткеннен кейiн барып қалыптасқаны белгiлi. Бұл ретте Жаң Чиәндi «Батыс өңiрдi» ашқан қытайдың Колумбы десе де болғандай. Оған дейiн көне қытайлықтар өздерiне таяу жатқан көшкінші көршiлерiнен басқа батыс жақтағы елдерден таза хабарсыз болған тәрізді.
Қойшығара Салғараұлы