Ғұздар немесе өзенсу бойындағылар
Ұлы Даланың ежелгі тұрғындарын ендік бойынша географиялық-аумақтық орналасуына қарай үш топқа бөлгенде, соның оңтүстік жағын жиектеген алып тау тізбектерінің далалық бетін ала өзен-су бойларын қуалай мекендеген халықтардың ортақ бір атаумен «ғұздар» деп аталатынын айтқанбыз. Ғұздар өзара іштей екіге бөлінеді. Көне дереккөздерінде оларды: «ішғұз» («ішкі ғұз») және «тысғұз» («тысқы ғұз», «сыртғұз», «сыртқы ғұз») деп атайды.
Ежелгі заман тарихшылары Ұлы Дала тұрғындарын өз таным-түсініктеріне орай, мысалы, гректер «скиф», парсылар «сақ» деп атап, бәрін бір ортақ атау аясына біріктіріп, жалпылама атағандықтан, олар да «ғұз» атауы саралана бермейді. Соған орай ғұздардың өзара іштей екіге бөлінетіні жөнінде басын ашып айтқан нақты дерек те кездеспейді. Тек ежелгі дүние тарихынан іш ғұздардың Ассириямен соғысқаны жөніндегі дерек арқылы ғұздардың өзара екіге бөлінгенін байқауға болады. Өйткені сол кезде ғұздар өзара екіге бөлінбесе, «іш ғұз», яғни «ішкі ғұз» деген атау да болмас еді ғой. «Іш ғұз» атауының болуы «тыс ғұз» атауының да болғанына айғақ болса керек.
Жалпы ғұздардың, кейін олардың орнын басқан оғыздардың өзара іштей екіге бөлінгені тек далалықтардың ауызша тарихы қағаз бетіне түскен кезден бергі шығармаларда нақты айтыла бастайды. Мысалы, XV ғасырда хатқа түскен «Қорқыт ата» кітабында: «Оғыздың Дерсе ханы тойға шақырып, іш оғыз, тыс оғыз бектерін жиып, сауын айтты», Қаңлы-қожа баласы Төрәліге қалыңдық іздеп: «Іш оғызды аралап көрді, қыз болмады. Тыс оғызға келді, қыз болмады» деген тәріздес оғыздардың өзара іштей екіге бөлінетін әйгілейтін деректер берілген (Қорқыт ата. – Алматы, 1999. – 131 және 171-бб.).
Қорқыт ата – VII ғасырдың алғашқы жартысының соңы VIIІ ғасырдың алғашқы ширегі арасында өмір сүрген адам (кейін бұл жөнінде арнайы әңгіме болады). Демек, оғыздардың өзара іштей екіге бөлінетіні Қорқыт атадан да бұрын болған. Дерсе ханның тойына бір халықты «іш оғызды және тыс оғызды» деп арнайы бөліп атап шақыруы, болмаса хан Төрәлінің іш оғыз елі мен тыс оғыз елін аралап қалыңдық таңдауы – осының айқын айғағы. Осындай айқын деректің арқасында зерттеушілерге ассириялық құжаттарда айтылатын, бұл күнге дейін әркім өзінше жорып: «асғұз», «исғұз», «ашғұз», «ішғұз» деп атап келген скиф халқының кімдер екенін білу мүмкіндігі туады. Жаңаша жыл санауға дейінгі VII ғасырдың жетпісінші жылдарында ассириялықтардың алғаш рет скиф-ішғұздармен соғысқанын, сол соғыста ішғұздардың атақты көсемі Ишпақайдың мерт болғанын да осы құжаттан білеміз (Ельницкий Л.А. Скифия Евразийских степей. (Историко-археологический очерк). – Новосибирск, 1977. – Стр. 25.; Всемирная история в десяти томах. Т. І. 1956. – Стр. 531).
Жоғарыда біз көшпелілердің бүкіл тарихы бірігулер мен ыдыраулардан тұратынын және осы үрдістер нәтижесінде сондағы халықтардың халықтық атауларының да өзгеріске ұшырайтынын айтқан болатынбыз. Аталмыш мәселеге осы тұрғыдан келгенде, ғұздардың өзара іштей «іш ғұз және тыс ғұз» болып бөлінуі ерте замандардан бар болғанымен, осы бөлініс әр кезде әр түрлі болған сияқты.
Біздің пайымдауымызша, Ишпақайдың кезіндегі бөлініс Ұлы Дала тұрғындарының ендік бойынша географиялық-аумақтық орналасуына қарай бөлінудегі даланың таулар жиектеген күнгей бетін мекендеп, «ғұздар» деген ортақ атаумен аталған халықтардың бәрін қамтиды. Бұлардың батыс бөлегі «іш ғұздар» деп аталады. Олар Каспий теңізінің солтүстік батыс жағасынан Карпатқа дейінгі аралықты иеленеді.
Ал шығыс бөлегі «тыс ғұздар» деп аталады. Бұлар Каспий теңізінің солтүстік шығыс жағалауынан қазіргі Шығыс Түркістан жеріне дейінгі өңірді мекендеген.
Қорқыт заманындағы бөліну де ғұздардың осы бөлінуінің негізінде қалыптасқанымен, оның халықтық құрамы, тіпті, бөлек. Бұлар – шығысқа қоныс аударып барған түрік халықтарының кейінгі барған жерлерінде орналасуына қарай құрылған жаңа бірлестіктің құрамына енген халықтар. Бастауын биік тау жоталарынан алып, атақты Байкөл (Байкал) көлін көктей өтіп, терістікке бет алған арналы ірі дарияларға жалғасып, желісі үзілмей қантамырындай таралып жатқан өзен-су бойына орналасқан халықтарды да түріктер мұнда да бір-ақ атаумен «ғұздар» деген.
Міне, осы ғұздар орналасуына қарай кейін өзара үшке бөлінген. Оның шалғай сырттағы бөлігін «қыр-ғұздар», ішкі бөлігін – «ой-ғұздар», ал орта бөлегін «ой-қыр» деп атаған. Қорқыт заманындағы ғұздар осының ой-ғұздары, яғни оғыздар. Оғыздар Түрік қағанаты құлағаннан кейін батысқа қарай жылжып, ежелгі атажұртқа келгенде жергілікті тектес халықтың бұрынғы дәстүрі ықпалымен екіге бөлінеді. Бірақ олар енді бұрынғыдай «іш ғұз» және «тыс ғұз» емес, өздерінің жаңа атауымен «іш оғыз», «тыс оғыз» болып аталады.
Осы орайда айтылар ойдың түсінікті болуы үшін шығысқа қоныс аударып барып, өзен-су бойларын қуалай орналасуларына қарай жаңадан ғұздар аталған халықтардың «қырғұз», «ойғұз» және «ойқыр» болып үшке бөлінуіне және осы атаулардың мәніне қысқаша болса да тоқтала кетелік.
Бұлайша бөлінуде де бұл халықтар бүкіл түрік халқына тән әкімшілік-географиялық жағдайға қарай бөлінудің ішкі заңдылықтарының аясынан тысқары кетпейді және бұлардан өзімізге үйреншікті, тарихқа танымал, күнде айтылып жүрген «қырғыз», «оғыз», «ұйғыр» этнонимдерінің өмірге келуінің негізі де айқындала бастайды. Өзен-су бойын мекендегендердің бұлайша үшке бөлінуінің болғандығын сол бөлінгендердің ұрпағын көрген, солармен тілдескен Х ғасырдың географы әл-Масғудидің жазғандары да растай түседі. Ол өзінің «Алтын шаю орны мен асыл тастар кен орны» атты шығармасында: «Ғұз мемлекетінің – бір бөлігі көшпелілер, бір бөлігі қала тұрғындары – бәрі ғұз тайпалары. Олар өзара жоғары, төмен, орта болып үшке бөлінеді», – деп атап жазған (al-Masudi. Les prairies d`or. – Paris, 1851. – p. 212). Сырдария бойындағы ғұздардың кейінгі осы бөлінісін шығыстағы ғұздарға орайластырсақ, мұндағы жоғары бөлік – қырғұздарға, орта бөлік – «ойқырларға», төменгі бөлік «ойғұздарға» дәл келеді, яғни ежелгі ғұз жеріне келген оғыздар шығыста қалыптасқан бөлініс дәчтүрін сол күйі Сыр бойына әкеліп отырғанын көреміз. Енді шығыста қалыптасқан осы этнонимдердің әрқайсысына қысқаша болса да жеке-жеке тоқталып, оларды бүгінгі ғылымда қалыптасқан немесе ауызша тарихта айтылып жүрген «қырғыз», «ұйғыр», «оғыз» этнонимдерінің этимологиясымен шендестіре салыстырып көрсек, сонда тосын жанға жаңылтпаш сияқты көрінген ойдың мәні біршама ашылып, ізденіс бағытын бағдарлауға мүмкіндік туады ғой дейміз.
Ғылымда қырғыз этнонимінің этимологиясын өзінше екшеген сан алуан пікірлер бар. Олардың біразы халық аңыздарынан арна тартса, енді біразы осы бағытта еңбектеніп жүрген ғалымдардың ой-тұжырымдарына табан тірейді. Солардың жүйеленген нұсқалары «Қырғыз тарихының» бірінші томында (1963) толық келтірілген. Онда «Қырқыз» (қырқ – қырық, ыз – көптік жалғауы) – қырық тайпа», «Қырқ юз – қырық жүз, яғни жүз қырқыншы халық», – деп түйіндейтін болжамдардың мағыналық жағынан қырғыз аталатын халықтың өзінің төл тарихымен ешқандай байланыспайтындықтан, бұлардың ақиқаттан алыс екенін дәделдеп жатудың қажеті жоқ сияқты. Сондай-ақ осы «Қырғыз тарихында» қырғыз этнонимінің этимологиясын «Қыр – қыз», «Қырық – қыз» деп алатын аңыз дерегіне сүйеніп айтылған нұсқаға да талдау жасалынып, бұл екі түсіндірменің де тілдік көзқарас тұрғысынан негізсіз екені көрсетіледі. Сөйтіп тарих авторлары тілдік және тарихи заңдылықтар жағынан алып қарағанда, кейінгі ғалымдардың атау төркінін «қарығ-ыз», «қырғу-н» деген ұғымдардан шығаратын болжамдар нұқсқасының біршама дұрыстығын мақұлдайды.
«Қырыт», «қырғу» – көне түрікше «қызылдар», яғни «қызыл тайпалар» деп түсіндіріледі де, бұл реттегі пікірді «Көне және орта ғасырларда жер мен тайпа атауларын қызыл және сары деген түрмен анықтау әдет болған, ол күні бүгінге дейін Оңтүстік Сібірде, әсіресе, қырғыздардың ата тегі шыққан Енисей, Обь өзендерінің аралығында сақталып келеді», – деп түйіндейді. Айтыл ған тұжырымның дұрыстығының дәлелі ретінде «қу-ман», «ку-кижи» немесе «ку-киши» деп аталатын халықтардың халықтық атауының мәнін «сарылар, сары халықтар» деп түсіндірілетінін алға тартады.
Бірақ бұл, біздің пайымдауымызша, дұрыс мысал емес. Себебі, мұндағы «қу-ман» да, «қу-кижи» де, «қу-киши» де бір-ақ ұғымды «қу адамы», «қу кісіс і» дегенді білдіреді. Және мұндағы «қу» сары түсті емес, аққу құсты білдіреді (Лашын салып, қу ілген). «Қу адамы» аталатындар – «Жыу кітабында» («Жыушуда») айтылатын түріктердің шығу тегіне қатысты аңыздағы Нишыдудың сиқырмен аққу құсқа айналатын бірі баласының тұқымы. Мұның солай екенін Н. Аристов өзінің «Түрік тайпалары мен халықтарының этникалық құрамы және олардың саны жөніндегі мәлімет» деп аталатын еңбегінде осы және жергілікті аңыздарға сүйене отырып дәлелдеген болатын. Оның бұл пікірін кезінде Г.Е. Грумм-Гржимайло, М.И. Артомонов, С. Аманжолов және осылар секілді басқа да ғалымдар мақұлдаған.
Сондай-ақ, түспен атау – тарих авторлары айтқандай, тек Оңтүстік Сібір, Енесей мен Обь өзендерінің арасында ғана емес, жалпы Шығыс халықтарына тән құбылыс. Бірақ олар түспен атағанда халықтың түсін емес, тектес бір халықтардың, жоғарыда айтқанымыздай, аумақтық-территориялық орналасуына байланысты оларды дүниенің төрт құбыласына қарай: «шығыс жақ бөле- гін – көк, батыстағыларын – құба, терістігін – қара, күнгейін – қызыл, орта бөлегін – сары» деп атаған. Бұл – тым ертеректегі бөлініс. Бұдан бергірек кезеңдерде әр елдің өзіне тән ортақ киімінің, мекен еткен жерінің, баспаналарының түсіне қарай бөліп атау да болған. Бұған мысал ретінде Шыңғыс ханның өлер алдындағы: «Тыңдаңдар мені, төрт қабырғам секілді төрт інім, бас білетін аттай икемді төрт ұлым, бес түсті халқым, төрт бөгде жұртым», – деген арнау сөзін еске салғанның еш артықтығы болмас (Салғараұлы Қ. Алтын тамыр. – Алматы, 1986. – 252-б.). Мұндағы Шыңғыстың бес түсті халқым деп отырғ аны – моңғолдар, түркістандықтар, корейлер, қытайлар, таңғұттар. Бұл ха лық тарға түстік атау олардың түр-түсінің реңкіне қарап емес, моңғолдарды – көк аспанды тәңір тұтқаны үшін – көк, түрікстандықтарды тұрғын үйлерінің (қалаларының) балшығы сары болғаны үшін – сары, корейлер бірыңғай ақ киім киіп жүретіндігі үшін – ақ, қызы матаны көп пайдаланатындығы үшін қытайларды – қызыл, иактың жүнінен жасалған қара туырлықты киіз үйлері үшін таңғұттар – қара аталғаны баршаға мәлім. Бұл және осы халықтарды бір-бірінен ажырату мақсатында болмаса, еш жерде халықтық атау (этноним) ретінде қолданылмаған. Демек, бұл арада қырғыздарды «қызыл халықтар» дегенді білдіретін «қырыг-ыз» болмаса «қыргу-н» деген сөздерден шықты деу тарихи шындықпен онша қабыса бермейтін секілді.
Ретіне орай, осы арада мына жайға назар ауда кеткіміз келеді. Түпнұсқа дереккөзімен айналысып, белгілі бір мәселені індете зерттеген зерттеуші, әдетте, екі бірдей шындықтың куәгері болады. Мұның біреуі – ашық шындық, екіншісі – жасырын шындық. Ашық шындық – дереккөздерінде бар нақты де рек термен куәландыруға болатын, талас тудырмайтын шындық. Жасырын шын дық – айғақ етіп алға тартар нақты дерегің жоқ, бірақ болғандығын әлгі нақты дерек куәландырған тарихи оқиғалардың өзінің ішкі даму барысы айтатын шындық. Зерттеп отырған нысаны (объектісі) жайында мағлұматы мол зерттеуші бұл шындықты көбіне өзінің түйсігі арқылы сезіп, біліп отырады. Ал мағ лұматы аздар мұны аңғара бермейді.
Қырғыз этнонимінің этимологиясын тануға ұмтылған зерттеушілердің атауды «қызыл» сөзінен шығаруы, міне, осы жасырын шындықты жан-жақты зерттеу барысында ішкі түйсігі арқылы тани білудің нәтижесі. Олар оқиға барысынан, яғни қоныс аударған тайпалардың орналасуы кезеңінде осыларға ұйтқы болғанындардың бір кезде «қызыл» аталғанын сезеді, бірақ соны дәлелдер, айғақтар фактісі жоқ. Сондықтан олар «қырғыздан» қалайда «қызылды» шығарудың жолын іздеп, әр түрлі божамға бой алдырады. Жоғарыда «қырғызды» «қызыл халықтар» деушілер – осының дәлелі.
Бұл арада шындыққа көз жеткізудің, біздіңше, бір-ақ жолы бар секілді. Ол – зерттеушінің қоныс аударушылардың көшінің ізімен жүріп, оның өкше көтерген жерінде қалай аталғанын, ал барған жерінде қандай атауға ие болғанын тап басып танып, дәл ажырата білуі. «Қырғыз» атауының төркінін іздеушілердің де осы атауға ие болған халықтардың Енесей бойына барудан бұрын қалай аталғанын білуі керек. Сонда Енесей бойына барып орналасқандардың ұйтқысы болғандардың ерте замандағы төрт құбыла бойынша түстік атаумен аталған қыпшақтардың «қызылдар» деп аталған күнгей бөлегіндегілері екенін және олардың жаңадан барған жерінде де біразға дейін «қызылдар» аталып жүргенін білуі онша қиындыққа түспес еді. Бірақ, өкінішке қарай, көшпелілер тарихын осылай өз болмысына тән ерекшелігіне сай зерттеу әлі қолға алынбай отыр. Бұл өз алдына жеке тақырып болғандықтан, әңгімені бұдан әрі созбай, осы арадан күрт қайырып, негізгі ойымызды жалғастырамыз.
Міне, осындай жайларды ой елегінен өткізіп, екшей келіп, қырғыз этнонимінің этимологиясын «қыр» және «өзен» деген мағына беретін көне түріктің «үгүз» сөзінің қосылып, бірігуінен шықты деуімізге, қай жағынан алғанда да, негіз бар ғой деп ойлаймыз. Тарихшы Петраштың «Қырғыздарды қырда тұратын ғұздар» деп түсіндіруі де біздің осы пікірімізді толықтыра түседі. Ал қырғыз тарихының мәселелері жөнінде елеулі зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалым С.М. Абрамзон «Қырғыздар және олардың этногенетикалық, тарихи-мәдени байланысы» атты монографиясында ертерек кезде, әсіресе, қырғыздардың аса дәуірлеп тұрған шағында «қырғыз» атауының этникалықтан гөрі саяси мәнінің басым болғанын айтады. Оның пайымдауынша, бұл және тек Минусинск шұңқыры мен Саян-Алтай төңірегіндегілерге ғана емес, сонымен бірге Жоңғар аумағын және оның оңтүстігі мен оңтүстік батысын, сондай-ақ Шығыс Түрікстан жерін ішінара мекендеген, шығу тегі әр түрлі тайпалар тобын қамтыған атау болған. «Қырғыз атауын ешкім сырттан әкелмеген, ол тарихтың даму барысында қырғыз этносының өзінің қалыптасу процесінде біртіндеп этникалық атау болып бекіген. Күні кеше ғана адамдар өзі құрамына енетін тайпаның атын міндетті түрде «қырғыз» атауына тіркестіріп атайтын, – дей келіп, С. Абрамзон өз ойын одан әрі былайша дамытады: – Зерттеушілердің қолында бар материалдар қазіргі Қырғызстанның территориясына келгендердің дені енесейлік қырғыздар емес, негізінен Шығыс Тиән-шән бөктерін, Ертіс бойын және Алтайды ертеректе мекендеген түрік тілдес тайпалар деп ойлауға мүмкіндік береді. Бұлардың біразы үшін қырғыз атауы алғашқыда этноним емес, олардың өздері құрамына енген саяси одақтың аты болды» (Абрамзон С.М.).
Зерттеуші осылай дейді. Бұл және осылай болуы мүмкін-ау деген сырт долбар, жай болжам емес, өзінен бұрынғы зерттеушілердің көптеген зерттеулері мен тарихи деректерді салыстыра зерделеген ғалымның ғылыми тұжырымы. Демек, бұл да этноним этимологиясын іздегенде біздің өз бетімізше ауа жайылмағанымыздың куәсі. Ғалым тұжырымы біздің әкімшілік-географиялық орналасу жағдайына қарай тектес, тілдес тайпалардың (халықтардың) ішкі бөліну заңдылықтарына сәйкес үшке бөлінгенде соның бірінің аты «қырғұздар» («қырдағы өзендіктер») аталған, кейінірек барып бұл атау этнонимге айналған деген болжамымыздың дұрыстығын дәлелдейді. Олай болса, бүгінгі қырғыз этнонимінің этимологиясын көне түріктің «қыр» және «ғұз» деген екі сөзінің бірігуінен шыққан деуіміз тарихи шындықпен ағайындас болып шығады.
Осы арада мына бір жайды да ескерген жөн. Түрік халықтарында «қыр» деген сөз биіктік, дөңес, белес ұғымымен бірге «дала», «шет аймақ», «шалғай», «алыс» деген мағыналарды да білдіреді. Бұған, тіпті, алысқа бармай-ақ, қазақтар арасында жиі қолданылатын «қыр қазағы» деген тіркесті алуға болады. Мұндағы қазақтың анықтауышы болып тұрған «қыр» сөзін біз биіктік мағынасында түсінбейміз, керісінше, әлгі «қыр қазағы» аталған адамымыздың қалалық емес, алыста, ауылда тұратынын білеміз. Сондай-ақ бұған тауда отырған елдің малы жайлауға, еңіске, етекке түссе де, олардың «мал қырға шықты» деп жататыны да мысал бола алады. Мұның негізде, әрине, мал баққан елдің қыс қыспағынан босап, қары ерте ойылған қыраттың күнгей бетіне малын шығарған әу бастағы өмірлік тәжірбиесі қалыптастырған түсініктің жатқаны сөзсіз. Осыдан келіп, «қыр-ғұз»-ды «қырдағы (биіктіктегі) ғұздар» дегеннен гөрі, «шалғайдағы, сырттағы, алыстағы ғұздар» деген мағынада түсінген абзал.
Сол секілді «ой» деген ұғымға да осы тұрғыдан қараған жөн. Түрік халықтары, оның ішінде қазақтар да, «ой» деген сөзді еңістік, ойыс деген ұғыммен бірге «отырықшылар», «қалалықтар» деген түсінікте қолдана берді. Бұл көшпелі далалықтардың ең алғашқы баспаналарының мал-жанға ықтасы ны мол тау-қыраттардың, өзен-көлдердің аңғарларындағы ояң жерлерге салынып, сол ұғымның санада қалыптасып қалуынан болса керек.
Бұл ретте Қазақстан аумағында қола дәуірі қоныстары мен тұрғын үйлері жөніндегі тарих дерегі де біздің ойымызды құптайды. «Әдетте, – делінген «Қазақ ССР тарихында», – қоныстар өзендердің жалпақ жағасында, кең жайылымда, мүйісте, кейде көл маңында орналасты, бірақ мұнда да олар ойпаң жерлерде жылғалар мен дала өзендерінің құяр жерінде жайғасты» (Қазақ ССР тарихы. – Алматы, 1980. – 126-б.). Міне, тұрғын үйлердің осындай ықтасын панасы көп ойп аңға салуынан санада «ой» сөзінің ұғымы «тұрақ», «елді мекен», «қала», «отырықшылық» деген ауыспалы мағынасында қалыптасқаны анық. Мысалы, Арқа елінің малшыларын аралағанда, олардың аудан, совхоз орталықтарына барғысы келсе, күні бүгінге дейін, «ойға барып қайту керек еді» деп отыратынын жиі естуге болады. Сондықтанда ғұздарды «ой-ғұз» деп бөлгенде, оларды «ойдағы ғұздар» деген мағынада емес, «отырықшы ғұздар» деп түсінген дұрыс болмақ. Сонда бұл атаудың аясы кеңіп, мәні де айқындала түседі.
«Ойғұз» атауын оғыз этнонимімен шендестергенде, түрік тілінің заңдылықтарына сүйенген жөн. Түрік тілінде сөз дыбыс үндестігінің ықпалына бағынып өзгеріске түседі. Ал көне түрік тіліндегі «й» дыбысының тұрақсыздығы – тіл білімі ғалымдары дәлелдеген шындық. Демек, «ойғұз» сөзі ауыздан ауызға көшкен кезде өзгеріске ұшырып, «оғыз» түріне айналуы әбден мүмкін. Бұған «опырмай» (ой, пірім-ай), «Қараған» (Қарайған), Шөмеле (шөмелей) тәріздес тағы басқа көптеген сөздердің өзгерісі толық дәлел.
Бұл тұжырым жөніндегі ойымызды осымен ірке тұрып, бүгінгі ғалымдардың ғылымда қалыптасқан оғыз этнонимінің этимологиясы туралы пікірлері қандай – енді соған келейік.
Түрік тілі мамандарының бұл реттегі пікірлері сан алуан. Өзара қайшы келіп, бір-бірін жоққа шығаратыны да баршылық. Дегенмен, солар дың ішінде ғылымда орныққаны, біздің пайымдауымызша, белгілі совет түркологі А. Кононовтың пікірі сияқты. Оның «слово оғ (род, племя) получило оформление аффиксом множественного числа-уз» – … Таким оброзом, слово оғуз первоначально могло значить просто «племена» «объединение племен» деген пікірінің соңғы сөйлемінің Қазақ Совет Энциклопедиясында сол күйі аударылып, ешқандай өзгеріссіз, нақты тұжырым ретінде ұсынылуы біздің жоғарыдағы пайымдауымыздың дұрыстығын дәлелдей түседі.
А. Кононов мұнда оғуз этнонимінің түбірі «оғ» (ру, тайпа) зат есіміне «уз» көптік жалғауының қосылу арқылы «тайпалар», «тайпалар бірлестігі» деген ұғымды білдіріп, кейін ол сол бірлестіктің атына айналған деген тұжырым жасайды. Алайда бұл пікір, біздің ойымызша, тарихи шындыққа келмейтін сияқты. Оған себеп, біріншіден, тілдес рулар тобы алғашқыда «тайпалар» болып аталды деп болжам жасарлықтай «оғуз» көшпелілер тарихындағы тұңғыш құрылған бірлестік емес. Одан бұрын сан алуан тайпалар бірлестігінің сыртында, тұтас далалық империяның да болғаны тарихтан белгілі. Олай болса, түріктердің бұрын басы қосылып көрмегендей, бірнеше тайпалардың бірігуін «тайпалар» деп атауы ешқандай қисынға келмейді. Біздің бұл пікірімізді «Қазақ ССР тарихының» бірінші томындағы: «Оғуздардың рулары мен тайпалары неғұрлым ірі тайпалық одақтардың құрамына енген. Мұндай бірлестік терді әдетте «ел» деп атаған, бұл «халық», «мемлекет» деген ұғымды білдіре ді» (Қазақ ССР тарихы. – Алматы, 1980. – 368-б.), – деген түйіндеу де құптай түседі. Мұның сыртында ел басқарудың рулық-тайпалық жүйесін ежелденақ енш ілеген көшпелілер өмірінде ру тайпалардың бірігуі де, ыдырауы да, жиі болып тұрған және олар (ру- тайпалар) бірігу барысында жетекші үстем тайпаның атын алып, ал ыдырағанда өз руларының, не сол жеке бөлінуде басшы болған көсемдерінің атымен шығып отырғаны баршаға тарихтан танымал шындық. Ендеше, этноним этимологиясы туралы сөз қозғалғанда, бұл тарихи ақиқатты ескермеуге әсте болмайды.
Екіншіден, алғашқы буыны көне түрік тілінде мағына бертін сөз келетін этнонимдердің соңғы буынының бәрін ешқандай негізсіз, дәлелсіз «көптік жалғауы» деп түсіндіре беру де көңілге қона бермейді. Мысалы, қыргун, оғуз, үйсін этнонимдерінің этимологиясы ғалымдардың түсіндіруінде көне түрік тілінде («Қыргу-н – қызылдар», «Оғ-уз – тайпалар», «Үй-сін – үйлер» (мұндағы «н», «уз», «сін» көптік жалғаулары) болып шығады (бір бұларға ғана емес, арғын, алшын, табын, т.б. осылай талданады). Мұның ғылыми жағын былай қойғанда, жер-суға, ел-жұртқа қойған аттарының соншалық дәлдігімен, тапқырлығымен, образдылығымен талай ұрпақтың аузын аштырып, көзін жұмдырған ата-бабаларымыздың халық болып қалыптасып, ел болып еленген тайпаларды бейне бір алғашқы қауымдық құрылыстың өкілдеріндей түк таппай «тайпалар», «үйлер» деп атай берген деу ақылға сыймайтындай, тіпті, қиянаттай көрінеді. Өйткені сол бабалардың көшпелілік тірлігін, салт-дәстүрін біздің заманымызға дейін айнытпай жеткізген мұрагерлері – қазақ, қырғыз, башқұрт халықтарының күні кешеге дейін ру-тайпа былай тұрсын, бір жерде бірігіп отырған екі-үш үйдің өзін «үйлер» демей, оны сол үйлердің өздерінің арасындағы сөз ұстар сыйлы біреуінің атымен «пәленшенің ауылы» (тек қырғыздар «айыл» дейді) деп атайтын қанға сіңді дәстүріне біздің өзіміз куәміз ғой. Ендеше, көре, біле тұрып шындыққа қиянат жасауға бола ма?
Осындай пайымдаулардан кейін, біздің оғызды «ойғұз» атауымен шендестіруіміз ақиқаттан алыс еместей көрінеді. Өйткені оғұздың ғұзға жататын ын және олар іштей өзара үшке бөлінгенде ойдағы ғуздар (отырықшылар) деп аталатын бөлігіне бүгінгі өзіміз «оғыз» деген атпен танып жүрген көне халықтың енетінін ескі тарих деректері бұлтарыссыз дәлелдейді.
Енді «Ойқыр» атауы төңірегінде бірер сөз. Әл-Мас’уди ғұздардың үшке бөлінетін айтқанда, жоғарғы және төменгі ғұздардың арасындағысын «орта (ортадағы) ғуз» деп көрсетеді. Бірақ ол сонымен бірге осы үшке бөлінетін ғұздардың бәрі тектес, тілдес бір халық болғанымен, олардың бір бөлігінің көшпелі тірлік, ал екіншісінің қалаларда тұратынын ашып көрсеткен. Демек, орта ғұздар қыр ғұздарындай бірыңғай көшпелі де, ой ғұздарындай бірыңғай отырықшылар да емес, аралас. Былайша айтқанда отырықшысы да, көшпелісі де бар, яғни, ойдан да, қырдан да бар. Сондықтан да оларды бір атаумен «Ойқыр» деп атаған, яғни мұнда ойлықтар да, қырлықтар да бар. Ал «ой-қыр» атауы түрік тілінің үндестік заңдылығына байланысты келе-келе «ұйғырға» айналып, жеке халықтық атауға ие болған. Біздің бұл пікіріміздің дұрыстығын байырғы ұйғырлардың көршісі болған, кейін ІХ ғасырда олар Тиән-шән мен Іле бойына қарай ығысқанда, солардың мекенін иеленген бүгінгі монғолдардың солтүстіктегілерінің ұйғырларды «ойхор», ал оңтүстіктегілерінің «хойхор» деп атайтындығы да дәлелдей түседі. Мұнда ұйғырларға сол кезден етене жақын тұрған көрші халықтың олардың әуелгідегі атауын өзгеріссіз сақтап қалғаны дау тудырмаса керек. Осы «ойхор»-дың «ұйғырға» қалай өзгергені жөніндегі Н.Я. Бичуриннің: «Тюркстанцы правильно пишет это слово; но как буква их вав произносится, как о и у, то слово Ойхор, по свойству их языка, изменилось в Уйгур», – деген түсініктемесі де дәлелдей түседі (Бичурин Н.Я. Собрание сведений. – Стр. 213.). Осыдан келіп, әулеттік шежірелерде көне қытайлықтардың ұйғырларды неге «хойху» деп атағанының сыры да ашылады. Өйткені қытайлықтар көрші басқа халықтардың атын жазғанда, қашан да басқы буынын алып, оған өз тілдеріндегі екінші сөзді қосып отыратыны тарихтан белгілі (Кан-гюй – қаңлы, Ту-кюе – түрік, т.б.). Сондықтан қытайлықтардың бұл жолы да өздерімен көрші Оңтүстік Моңғолия тұрғындары арқылы жеткен хойхор атауының алғашқы буынын алып, оған «ху» деген өз сөзін қосып, хойху этнонимінін тудырғаны көрініп тұр. Мұндағы «ху» (жабайы) сөзін көне қытайлықтардың тек ұйғырларға ғана емес, бүкіл көшпелілерге телитіні Сы-ма Чиәннің әйгілі «Тарихи жазбаларынан» баршаға аян.
Міне, осындай нақты деректерден кейін бүгінгі ұйғыр этнонимінің бүкіл түрік халқына түсінікті кәдімгі «ой» мен «қыр» деген екі сөздің бірігуінен шыққаны онша күдік тудырмайтын тәрізді. Дегенмен, айтылған пікірді салыстыра қарау мақсатында енді ұйғыр этнонимінің этимологиясы туралы қазіргі ғылымда бар түсініктемелерге тоқталып көрелік.
Көне түрік тілінің сөздігін жасаған Махмуд Қашқари: «…Ұйғыр дегеніміз бес қаладан тұратын елдің аты», – дейді. Бірақ ұйғыр атауының не мағына беретінін айтпайды. Көне түркше бес – беш, қала – балық, демек, бес қаланың ұйғыр этнониміне сөздік тұрғыда қатысы болмағанымен, мағыналық жағынан, біз айтқандай, отырықшылыққа, яғни ой-ға қатысы барлығы бірден байқалады.
Моңғол тарихын жазған тарихшы Рашид ад-Диннің шығармасынан бұл ретте мынандай жолдарды оқуға болады: «Бұл ел Оғыз ханға бағынып тұрған кезде, бар билік соның қолында болды. Ол өзінің туғандары мен әскербасыла рын еске алып, солардың құрметіне шатыр тігіп, үлкен той жасады, әскердің көңіл ін көтерді. Өзіне келіп қосылған туыстары мен тайпаластарын «ұйғыр» деп атады. Ұйғыр түрікше «бірігу», «көмектесу» дегенді білдіреді. Ұйғыр сөзінің мәнін «ұйысу», «бірігу» мағынасында алған Рашид ад-Диннің бұл пікірін түрік шежіресін жазған Хиуа ханы Әбілғазы Баһадұр өзінше дамытады. Әбілғазының жазуында Қарахан басқа дінді қабылдағаны үшін баласын өлтірмек болып, Оғыз ханды аңда жүрген жерінде көп әскермен келіп қоршайды. Бірақ әскердің дені Оғыз жағына шығып кетеді. Осыны көрген Қарахан ызаланып: «Ұйғырлар, ұйи қалған екенсіңдер», – деп қарғайды. Содан Оғыз ханның төңірегінде топтасқандар «ұйғыр» атаныпты-мыс. Мұнда автор ұйғыр сөзінің мәнін «сүт ұйыды», «намазда имамға қосылып ұйыды» деген мағынадағы ұю, қосылуды білдіреді дейді.
Аталған бұл екі пікір де, түптеп келгенде, «ұйғыр» сөзінің естілу, айтылу мәнінің бірігу, бір адамға бағыну мағынасына ұқсауына орай өмірге келген аңыздың ықпалынан туғаны даусыз. Мұндайды ғалымдар «халықтық этимология» деп атайды. Ал аңыздың әлгі дерегінің ақиқаттан алыс екенін Оғыз ханның түріктер мұсылман дінін қабылдаудан, егер Мөде (Маудун) мен Оғызды бір адам деген рас болса, табаны күректей алты ғасыр бұрын өмір сүргенін айтсақ та жеткілікті ғой дейміз. Сондықтан да тарихи деректермен негізделмейтін аңыз дерегіне сын көзбен қараған абзал.
Қазіргі жағдайда ұйғыр этнонимінің этимологиясын ашуға жоғарыда айтылған аңыз дерегі дәйекті түсініктеме бере алмайды. Ал біздің ұйғыр этнонимінің тегін түріктің «ой» және «қыр» деген екі сөзінен құралған деуіміз тарихи жағынан да, лингвистикалық тұрғыдан да ұйғыр халқының тарихи өмірінің шындығымен үндесетін секілді.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, ғұз атауы сыртқы елдің берген аты емес, түріктің өз сөзінен алынған, өздерінің төл атауы және бұл атаумен алғашқыда Ұлы Даланың биік таулар жиектеген беткейіндегі жалғасқан өзен-су бойларын қуалай мекендегендер аталған. Ал «қырғыз», «ұйғыр», «оғыз» деген солардың шығысқа қоныс аударып барған бөлегіне жаңа жердегі орналасуына қарай берілген атаулар. Түсінік нақтылығы үшін бұлардың соңғыларын «кейінгі ғұздар», бұрынғыларын «ежелгі ғұздар» деп бөліп атағанымыз жөн болмақ.
Қытай тарихнамаларында осы ғұз халықтарының шығыс жақ бөлегіндегілер, яғни өздері танып-білгендері жөнінде біраз деректер берілген. Бұларды олар ортақ бір атаумен «гаучылар» деп атайды. Бұлайша аталуы олардың көбіне биік доңғалақты арбалармен жүретініне байланысты болса керек. Гаучы – көне қытай тілінде «биік доңғалақты арбалылар» деген ұғымды білдіреді.
Тарихнамалар деректерін салыстыра қарағанда, оларда «гаучы» атауы жөнінде де, осы атаумен аталатын халықтардың құрамы жөнінде де бірізділіктің жоқтығы анық байқалады. Бірақ мұның бәрі мәселенің ішіне енбей сырт қарағанда ғана солай. Ал тарихи оқиғалардың ішіне еніп, атаулардың мәнін, аталу мерзімін зердейлей салыстырған зерттеуші мұндай өзгешіліктердің заңдылығын, тарихнамалар өз кезеңіндегі өзіне таныс мағлұматтарды бергенін бірден аңғарады. Салыстырып көрелік:
«Солтүстік тарихы» немесе «Солтүстік патшалықтар тарихы» («Бейшы»): «Гаучылар негізінен ежелгі чи-ди тайпаларының ұрпақтары. Басында олар өздерін «дили» деп атады. Ал солтүстік жақта оларды «гаучылық диңлиндер» дейді (Солтүстік тарихы. 98-бума. 87-баян // Дунху. Гаучы. – Алматы. 1999. – 78-б.).
«Вей кітабы» («Вейшу»): «Солтүстік жақта оларды «чылы» деп атаған. Шиалар (Сялар, яғни қытайлықтар) оларды «гаучы» немесе «диңлиндер» деп атайды», – делінген (сонда. 78-б.).
«Жаңа Таң кітабы» («Сиңтаңшу»): «Хойхылардың (Хұйхылардың) ататегі сиуңнулардан шыққан. Өздерінің салты бойынша олар көбінде биік доңғалақты арбалармен жүреді. Сол себепті оларды Иуән-вей әулетінің кезінде (386 жылдан бастап) «гаучы» немесе «чылы» деп атаған. Осының «чылысы» кейін қате айтылудан «телыға», «телеге» айналып кеткен», – деп жазады (Жаңа Таң кітабы. (Сиңтаңшу) 217-бума. 142-баян // Дунху. Гаучы. – Алматы, 1999. – 83-б.)
Бұдан, ең алдымен, тарихнама авторларының түсінігінде солтүстік шығыстағы диңлиндерден батыстағы кешегі түріктің Бумыны тосыннан тиісіп өз еліне қосып алатын теле тайпаларына дейінгілердің бәрі – гаучыларға жататынын білеміз. Бірақ «Солтүстік тарихының» оларды чи-дидің ұрпағы, әу баста «дили» аталған деуіне қарағанда, гаучылардың арғы тегі ғұздар емес, чи-дилер, яғни қызыл далалықтар болып шығады. Өйткені бізге «Жин кітабынан» («Жиншудан») далалықтарды Иң дәуірінің кезінде қытайлықтардың «Гүйфаң» («Жын-шайтандар жағы») деп бір ортақ атаумен атағаны және сол гүйфаңдардың өзара іштей: бей-ди, чи-ди, бәй-ди, жан-ди болып бөлінетіні тарихтан мәлім (Сиуңну. – Алматы, 1998. – 158-б.). Демек, мұнда гаучылардың тегі – ғұздар емес, далалықтар.
«Вей кітабының» дерегі де, егер осы бір иероглифтің «чи», «чы» деп оқылып, «чы-лы» мен «чи-ди» ортақ бір атаудың мағынасын беретінін ескерсек, гаучылардың арғы тегі Чи-ди, яғни қызыл далалықтар болғанын теріске шығармайды. Сондай-ақ «Шиалар (Сялар, яғни қытайлықтар) оларды «гаучы» немесе «диңлиндер» деп атайды» деуіне қарап, мұнда да гаучы атауының, қалай дегенде де, Хән дәуірінен бұрын бар көне атау екенін және ол кезде шиалықтардың «гаучы» деп тек «диңлиндерді» ғана түсінетінін аңғарамыз. Өйткені қытайлықтар Хән империясының кезінен бастап өздерін «хәнзу» деп атай бастады. Ал оған дейін олар өздерін «шиалықпыз» дейтін. «Вейшудың»: «шиалықтар оларды «гаучы» немесе «диңлиндер» деп атайды» деуінде осындай мән бар.
«Жаңа Таң кітабы» хойхыларды гаучыларға жатқызығанымен, олардың тегін сиуңнулардан шығарады және оның «гаучы» немесе «чылы» деп аталуы Иуән-вей империясының кезінен, яғни 386 жылдан басталғанын айтады. Бұл деректен Таң әулетінің тарихын жазушылардың хойхылардың арғы тарихынан хабарсыз екенін, тек олардың Сиуңну империясының құрамында болып, кейін содан өз алдына ел болып бөлініп шыққанын ғана білетінін байқау қиын емес. Өйткені көне қытайлықтардың бір хойхыларды ғана емес, кезінде Сиуңну империясының құрамында болған, бірақ шыққан тегі қайдан екенін өздері білмейтін далалықтардың бәрін «бұлардың арғы тегі – сиуңнулардан шыққан» деп тарта беретіні тарихтан белгілі (Салғараұлы Қ. Түрік әлемі. – Астана. 2000. – 203-204-бб.). Бұл арада да сол дәстүр жалғасқан.
Қытай тарихнамаларының бұл деректері де, жоғарыда айтқан, Ұлы Дала тұрғындарының қоныс аудару кезіндегі орналасуына қарай, бір кезде далалықтардың құрамында жүрген тайпалардың кейін ғұздардың құрамына еніп, «ғұздар» аталып, сондайақ бұрын ғұздардың құрамында жүрген тайпалардың далалықтардың құрамына еніп, «далалық» аталып кете береді деген тұжырымымызды дәлелдей түседі. Мұның солай екенін жаңағы «Жаңа Таң кітабы» мен «Солтүстік тарихы» деректерінен де көруге болады. Осы екі тарихта екі кезеңдегі гаучылардың құрамы берілген. Сонда «Солтүстік тарих» ерте кездегі гаучылардың құрамын: «Чифули, Тулу, Ижән, Далиән, Кухы, Дабо, Алун, Мойүн, Сыфың, Фуфуло, Чиүйән, Иушупый тайпалары» деп атап көрсетсе, «Жаңа Таң кітабында» кейінгі кезде гаучының құрамында 15 тайпа болғанын айтады. Атап айтсақ, олар: Иуәнхы, Шиө-иәнто (сэ-яньто), Чибиүй, Дубо, Гулигән, Доләнгі, Пугу, Байегу, Тунло, Хун, Сыжие, Хушие, Сижие, Әдие, Бәйси (Дуңху. Гаучы. – Алматы, 1999. – 80 және 83-бб.).
Қарап отырсаңыз, ертедегі гаучылардың құрамында кейінгі «Жаңа Таң кітабында» аталған тайпалардың бірі де жоқ. Осыған құрағанда соңғылардың құрамы жаңадан кейін қалыптасқан секілді. Оны «Жаңа Таң кітабының»: «Оларды Иуән-вей әулетінің кезінде, яғни 386 жылдан бастап Гаучы немесе Чылы деп атаған» деуі де растай түседі. Және бір қызығы – соңғылардың ішінде кейінгі зерттеушілер «қыпшақ тайпалары» деп тапқан бірнеше тайпа жүр. Осының бәрі көшпелі тайпалар (халықтар) бірлестігінің құрамы үнемі тұрақты болмайтынын, олардың түрлі тарихи жағдайларға байланысты көшіп барған жерлерінде бір-бірімен араласып, ғұздардың далалықтармен, далалықтардың ғұздармен араласа беретіндігінің айғағы болса керек.
Орайына қарай, осы ретте айта кетуді қажетсінетін бір мәселе – далалық тайпалар бірлестігіне енетін тайпалар жөнінде. Біз байырғы отырықшы елдерден қалған дереккөздеріндегі мәліметтерге қарап, олардың қай-қайсысын да тайпалар деп көрсетеміз. Алайда сол кездің оқиғалары отырықшы елдердің бәрін бірдей «тайпа» дей беруі – көңілге олардың көшпелілер болмысын жетік білмейтіндігінен бе деген күдікті ұялата береді. Біздің пайымдауымызша, жоғарыда айтылған тайпалардың бәрі – жеке-жеке үлкенді-кішілі хандық құрған бір-бір халықтың атауы секілді. Бұл ойдың негізсіз еместігін жаңағы айтылған бұрынғы және кейінгі гаучылар өмірінен екі мысал келтіру арқылы дәлелдеуге болатын тәрізді.
Алдымен, бұрынғы гаучылар жөнінде. Бұлардың 12 тайпадан тұратынын. Осы 12 тайпаның бәрі де кезінде атақты Жыужән қағанатына тәуелді, соның ұзақ жыл боданы болады. Осылай жүргенде фуфуло тайпасының басшысы Афужыло қытай шекарасын бұзуға қарсы шыққаны үшін Жыужән қағаны Фугудуынмен келісе алмай қалып, одан бөлініп кетеді. Бөліне қашқан боданын қайырып, қағанатқа қайта қосу үшін соңынан қуған Фугудуын бар әскерін екіге бөліп, бірін ағасы Ноғайға, бірін өзі бастап барып, қашқандарға екі жақтан тиіседі. Бірақ күйрей жеңіледі. Қаған әскерін күйрете жеңген Афужыло бір бегін қытай императорына жіберіп: «Фугудуын – Көк Ұлының бұзық ойлы боданы. Мен оған шабуыл жасамау жөнінде ақыл бердім. Бірақ ол тыңдамады. Сол себепті мен одан бөлініп, осында келіп, өзімді өзім билеуші етіп жарияладым», – деп сәлем жолдайды (Аталған еңбек. – 80-б.).
Міне, осындағы бөлініп кеткен бір тайпа көсемінің бүкіл қағанаттың әскерін талқандауы және оның өзін-өзі «билеушімін, яғни қағанмын» деп жариялауы бір тайпаның маңдайына сыймайтын тірлік сияқты. Оның үстіне тарихта осындай бөліне көшкен тайпалардың барған жерінде басқаларды жаулап алу арқылы күшейген де барып, елін «хандық» өзін «хан» деп жариялайтыны кездескенімен, жеке тайпаның бөлініп кетіп өзін «ханмын» немесе «қағанмын» деп жариялау фактісі кездеспейді. Мұндайлар бұрын жеке хандық құрып, кейін біреуге бодан болғандар тарапынан ғана байқалады.
Енді соңғы гаучылар жөнінде. Олардың 15 тайпадан тұратын айттық. Осы 15 тайпаның бәрі де Түрік қағанатының боданы. Осының Иуәнхысы бізге белгілі ұйғырлар. Бұл атауға олар пугу, тунло және байегу тайпаларын жаулап алғаннан кейін ие болады. Содан кейін түрктерден бөлініп, жеке мемлекетін құрады. Олардың мемлекетінің атын көне қытайлықтар «Иаулогышы» деп атайды.
Алайда ұйғырлардың осындай жеке мемлекет болғанына қарамастан, қытай тарихнамаларында қашан олар Түрік қағанатын құлатып, өз қағанатының шаңырағын көтергенше оларды «хойхы» тайпасы дейді. Мұның сыртында, ұйғырлардың өзі іштей тоғыз тайпадан құрылатыны, біраз дереккөздерінде оларды «тоғыз оғыз» деп атайтыны тағы бар.
Міне, осының бәрі, сайып келгенде, көне жазба дереккөздерінде кездесетін деректердің бәріне бірдей шындықтың айғағы деп қарай бермей, оларды жете талдап, сол кездің тарихи оқиғалары жөніндегі басқа мәліметтермен салыстыра зерттеудің қажеттігін көрсетсе керек.
Қойшығара Салғара