Далалықтар немесе ежелгi қыпшақтар
Түрiк халықтары ғұмырнамасының бастауын, жоғарыда айтқандай, тым әрi ден, көне ғасырлардың беймәлiм қойнауынан шығарып, олардың өсiп-өнген ұрпақтарын iрi-iрi үш бiрлестiктiң аясына топтастыра қарап, соның бiр бөлегiн далалықтар, яғни ежелгi қыпшақтар едi деген пайымдауымызға жазба деректер мағлұматы негiзiнде жазылған ресми тарихты оқып, сонымен тарихи санасын қалыптастырған бүгiнгi оқырманның қай-қайсысының да бiрден келiсе қоюы, әрине, екiталай. Тiптi, келiсудi былай қойып, айтылғанның бәрiн негiзсiз бопса болжамға санап, оған сенiмсiздiкпен күдiктене қарауы да әбден мүмкiн. Ол заңды да. Өйткенi, жазба дереккөздерінде мұндай пайымдауға негiз болатын нақты дерек жоқ. Айта берсеңiз, тiптi, «қыпшақ» деген сөздiң өзi атау ретiнде жаңаша жыл санаудан бұрынғы ескi дәуiрдi былай қойғанда, одан бергi жаңа дәуiрдiң өзiнде алғашқы бiрнеше ғасыр бойына біз көрген жазба деректерде кездеспейдi. Ол тек жаңаша жыл санаудың бірінші мыңжылдығының аяғы мен екінші мыңжылдықтың басында ғана жазу-сызуы дамыған елдер дiң ортағасырлық жылнамашыларының, жиһанкез-саяхатшыларының, миссионерлерiнiң, елшiлерiнiң, тарихшы ғалымдарының жазбаларындағы мардымсыз деректер арқылы тарихтың әр кезеңiнде бой көрсете бастайды. Онда да осылардың бәрiнде бiрдей «қыпшақ» деп аталмайды, тек араб және парсы тiлдi авторлардың жазбаларында ғана осылай, ал, басқаларында, тiптi, басқаша. Мысалы, батысеуропалықтардың жазбасында олар – «коман», орыс жылнамаларында – «половцы», қытайдың әулеттiк шежiрелерiнде – «ди» («ху», «и», «лу») деп аталады. Әрi-берiден соң осы әр түрлi аталатын атаулардың бәрiн iң бiр мағынаны бiлдiретiнiн, белгiлi бiр халықтардың (тайпалардың) бiрлестiгiн танытатын қыпшақ атауына қандай қатысы бар-жоғын дәлелдеудiң өзi жеке бiр мәселе.
Мiне осындай жағдайда, айтқаныңды айғақтап, көнелiкке куәлiк берер, «мынау» деп көзге көрсетер, қолға ұстатар түріктік бiр жазба дерегiң болмай тұрып, түріктiң түпкi тегiн тереңге тартып, оның бастауы үш бiрлестiктен құралады, соның бiреуi «далалықтар», яғни «қыпшақтар» болған едi дегеніңе көне тарихынан бейхабар қалған бүгінгі оқырман қалай сене қалсын. Мұны түсiнбеу, мойындамау – тоңмойындық болар еді.
Бiрақ, солай дей тұрғанмен, осы арада жазба деректемелерде жоқ екен деп, өзiң ақиқатын iштей сезiнiп, соның дұрыстығына ұзақ уақыттар бойғы iзденiстер нәтижесiнде көзiңдi жеткiзгендей болған өмiр шындығын аяқ асты ету де, қай тұрғыдан алғанда, азаматтық қасиетке жатпаса керек. Сол себептi де, бұл мәселе төңiрегiнде патша көңіліміз өмiр шындығы деп таныған жайларды «әлдеқайтедi» деген дүдәмалға ерiк бермей, адал көңiлмен алдыға жайып салғанды жөн көрдiк. Төрелiгiн ел айтар, ел тарихын зерттеген өресi биiк ер айтар. Қалай болғанда да, шындықтың бiр айтылуы керек қой.
Еш нәрсе жоқтан бар болмайды, бар нәрсе iз-түзсiз жоғалып кетпейдi. Адам баласының замана ыңғайына қарай пендешiлiк жасап, белгiлi бiр мүмкiндiктердi пайдаланып, «жоқтан бар жасаймын», немесе «бар нәрсенi жоқ етемiн» деген әрекетi сол сәтiнде, сол кезеңiнде жүзеге асып, шындыққа айналғандай болғанымен, бәрiбiр ол күндердiң күнiнде өзiнiң жасандылығын танытып, әуелгі болмыстық ақиқатын айғақтамай қалмайды. Ұлы Дала көшкіншілерінің тарихына қатысты бар деректi жоқ ету арқылы оларды тағы, жабайы халықтарға айналдырып, адамзат өркениетiн жасауды бiрыңғай отырықшы елдерге еншiлеп бергендердiң қиянатты әрекеттерi қанша жерден кезiнде тарихи танымның негiзi болып қабылданып, орныққанымен, уақыттың әдiл қазылығына жүгiнген өмiр шындығының, ерте ме, кеш пе – бәрiбiр өз бейнесiн танытып, тарихқа өзiндiк түзетулерiн енгiзiп келе жатқаны осының дәлелi. Өмiр шындығы түрк халықтары тарихына қатысты өз түзетуiн алғаш Орхон-Енисей жазулары арқылы кiргiзгенi баршаға белгiлi.
Осы жазулардың бiрiнде (Моиән-чо ескерткiшiнде) қыпшақ атауының тасқа қашалып жазылып, оны және Екiншi Шығыс Түрiк қағанатын құраған халықтардың ортақ атауы ретiнде беруi – ресми тарих ғылымында қыпшақтар жа йындағы жазба деректер қалыптастырған терiс түсiнiкке өмiр шындығы енгiзген түзетудiң басы болатын.
Бiрақ мұны ғылыми орта бiрден қабылдай қойған жоқ. Қате түсiнiктi қалыптастырғандар мен оларды жақтаушылар барынша қарсыласып, «қыпшақ» сөзiнiң мағынасын этимологиялық тұрғыдан терiс түсiндiру арқылы жаңа деректiң шындыққа бастар жолын басқа бағытқа бұруға күш салып бақты. Бұған алда арнайы тоқталатын болғандықтан, ой қайталап жатпас үшiн, әрі зерделі оқырманды сөз болып отырған мәселеге ортақтастыру мақсатында, бұл арада қыпшақтар жайында тек жазба деректерге сүйену арқылы қорытылған тұжырымдардың дұрыстығына шәк келтiретiн бiрнеше сұрақтарды ғана алға тартпақпын. Осы сұрақтарға қайтарылар жауаптар, менiңше, қыпшақтар жөнiндегi шындықты жайып салатын секiлдi.
Жазба деректерде VIII ғасырдың екiншi жартысының соңын ала тарихқа алғаш «қыпшақ» деген төл атауымен танылған шығыстағы бiр тайпа атауының көп ұзамай сонау Алтай тауының қойнауынан басталып, Карпат тауының орманды беткейiне дейiнгi Еуразияның апайтөс алып даласын мекендеген түрлi халықтардың ортақ атауына айналып, осы өңiрдiң бәрi тек бiр-ақ атаумен: парсыша «Дашт-и қыпшақ», орысша – «Половецкое поле», түрiкше – «Қыпшақ даласы» аталуы нелiктен? Ғасырға толмайтын мерзiм iшiнде осынша ұланғайыр өңiрге иелiк ететiндей әрi бәрiн бiр атаудың аясына ендiрiп, қыпшақ атандыратындай соншама құдiреттi бұл тайпа қайдан пайда бола қалды? Жазба деректердiң көрсетуiнде олар осының алдында ғана Қимақ дейтiн мемлекеттiң құрамында жүрген кәдiмгi қатардағы далалық көп тайпаның бiрi ғана емес пе едi (Кумеков. Б.Е. Арабские и персидские источники по истории кипчаков VІІІ-ХІV вв. – А., 1987. – Стр. 3-39). Әлде олар қимақтардан бөлiне салып, соншама жердi жаулап алды ма? Жаулап алса, кiмдерден алды, ол жерлердiң бұрынғы тұрғындары кiмдер едi?
Мұндай жағдайда түрік тiлдес халықтардың Батыста пайда болуын әдетте ресми тарих ғылымы көшпелілердiң, дәлiрек айтқанда, Ғұн (Сиуңну), Түрiк, Мұң ғұл империяларының (қағанаттарының) жаулап алуымен түсiндiретіні белгілі. Ал бұл арада олай түсiндiруге тарихта «Қыпшақ қағанаты» деген далалық империяның болмағаны да, соған орай «қыпшақтар шапқыншылығы» делiнетiн Батысты жаулап алуға бағытталған, мысалы, моңғол шапқыншылығы сияқты, басқыншылықты шапқыншылықтың жасалмағаны да тарихтан хабары бар жұрттың баршасына аян. Қыпшақтар тарихының бiлгiрлерiнiң бiрi деп есептелiнетiн В.В. Бартольд, тiптi, олардың дәуiрлеп тұрған кезiнiң өзiнде тұтас бiр орталыққа бiрiкпегенiн айтады (Бартольд В.В. Двенацать лекций по истории турецких племен Средней Азии. – Соч. Т.5. 1968).
Жалпы, байыптай қарап отырсаңыз, мерзiм жағынан алғашқылардан бiраз кейiндеу жазылған көне жазба дереккөздерінің денi – қыпшақ атауын жеке бiр халықтың, не тайпаның атауы емес, этникалық жағынан тұтас бiрнеше ха лықтардың бiрлестiгiнiң аты есебiнде қолданатынын көруге болады. Бұл, әсiресе, қыпшақтардың оғыздарды Орта Азиядан ығыстырып шығаратын және атақты моңғол шапқыншылығы алдындағы кездердi баяндағанда ерекше байқалады. Осыдан келiп тағы мынандай сұрақтар туады: алдындағы Ғұн, Түрiк империялары сияқты далалық империя құрып, көшпелi тайпалардың басын бiрiктi рiп көрмеген, ең болмаса, «Қыпшақ мемлекетi» деп тарихқа ресми танылған жеке мемлекетi болмаған қыпшақтардың аяқ астынан жарты әлемдi жалпағынан басып жатқан көшпелі халықтардың (тайпалардың) басын бiрiктiрген үлкен күшке айналып шыға келуi мүмкін бе? Сондай-ақ сол бiрлестiктiң құрамында болған, бұл күнде түрлi халықтық атаумен аталатын халықтардың, мысалы, мадьярлардың, болғарлардың, құмықтардың, қырғыздардың, қарақалпақтардың, қазақтардың, башқұрттардың, қарашайлардың, балқарлардың, алтайлықтардың және басқалардың өздерiнiң ата тегiн қыпшақ деп танитыны, тiлдерiнiң қыпшақ диалектiсiне жататыны нелiктен?
Жазба дереккөздерінде көрсетiлгендей, қыпшақтар VIII ғасырдың екінші жартысында пайда болған халық болса, онда көшпелілердiң көне тарихын жазба деректер мен археологиялық қазба материалдардың берер айғағы негiзiнде зерттеп, бiрнеше құнды еңбек жазған Л.Н. Гумилевтiң бiздiң жыл санауымыз ға дейiнгi дәуiрде өмiр сүрген қытай жазба деректемелерiндегi «динлиң» (Гумилев Л.Н. Динлинская проблема. – ИВГО., 1959. Т. 91. вып. 1. – Стр. 19.), А.Н. Бернштамның «кюеше» (цзюешэ) (Бернштам А.Н. Н.Я. Бичурин и его труд «Собрание сведений о народах, обитавших в Ср.Азии в древние времена». В кн. «Собрание свеий о народах…» ХLVIII. – М.-Л. – Стр. 195), С.М. Ақынжановтың «сеяньто» және басқалардың осындай ежелгi халықтарды «қыпшақ» (Ахынжанов С.М. Кыпчаки в истории срелневекового Казахстана. – А., 1989. – Стр. 73) деп тануларын қалай түсiнуге болады? Тiптi, Бернштамның «кюеше – қыпшағының» дұрыстығына қазiр ғана күдiктене бастағанымызбен, бұған дейiн ресми тарих ғылымында ол ақиқаты анықталған ғылыми тұжырым есебiнде қолданылып келдi емес пе? Болмаса, бұлардың бәрiн, қалай дегенде де, қытай жазбаларындағы бұрмалауға ұшыраған атаулар ғой, оларды шендестiруде ғалымдар тарапынан кеткен қателiктер болар десек, онда Ұйғыр қағанатының екiншi қағаны – Елтемiш Бiлге қағанның (Мо-иәнчоның) қабiрiнiң басына 760 жылы қойылған ескерткiшке сол кезде қашап жазылған «түрiк-қыпшақ елу жыл (бiздi) биледi» деген жазу дерегiн қайда қоямыз? (Кляшторный С. М. Эпиграфическая исследования в Монголии В кн. Археологические открытия 1975 года. – М., 1976. – Стр. 580) Мұнда қыпшақ өз атымен аталған және бүкiл Екiншi Шығ ыс Түрiк қағанатын құрған халықтардың ортақ атауы ретiнде көрсетiлген ғой. Олай болса, қағанаттың атының «түрік» ал оны құраған халықтың «қыпшақ» аталуы неліктен?
Қайтарылар жауаптарын былай қойғанда, бiрiнен-бiрi туындап жатқан осынау сұрақтардың өздерi-ақ көшпелiлердiң көне тарихынан хабары бар жанға бiраз жайды аңғартып тұрғандай. Ал көшпелiлер тарихында түп мәнiсiн түгелдеудi керек ететiн мұндай сұрақтарды туғызатын мәселелердiң жетiп, артылатыны тағы белгiлi. Мұнда бар мәселе көне жазба авторларының көшпелі халықтардың тарихын кезiнде өз тұрғысынан жан-жақты танып-бiлудi мақсат етпей, олар жайында тек белгiлi бiр оқиғаға ғана қатысты сөз етіп, соған байланысты ақпараттық мәндегi дерек берумен шектелуiнде жатқаны даусыз. Осы шектелу – ескi замандардан жеткен сол жазба дереккөздерінің дерегiн ақиқатқа айналдырып, тарихи фактi ретiнде қабылдаған бүгiнгi зерттеушiлердiң өресiн тарылтып, олардың Ұлы Дала көшкіншiлері жөнiндегi өмiр шындығын өз мәнiнде танып, түсінуіне әлі күнге дейін мүмкiндiк бермей келедi.
Алайда, солай дей тұрғанмен, бар мағыналы өмiрiн Ұлы Дала көшкіншілерiнiң тарихын танып-бiлуге арнаған кейбiр ғалымдардың зерттеу барысында тарихи оқиғалардың өрбу заңдылықтарындағы тарихи шындықтан аттап өте алмай, ешбiр жазба деректе атап көрсетiлмесе де, «қыпшақтың» тым көне атау екенiн, қыпшақ бiрлестiгiнiң сонау есте жоқ ескi замандардан берi болғанын мойындауға мәжбүр болып жүргенiн де ашып айтқан жөн. Мысалы, түрік тiлдес халықтардың тарихын зерттеушi танымал шығыстанушылардың бiразының, әлгiнде айтқанымыздай, бiздiң жыл санауымызға дейiнгi дәуiрде өмiр сүрген кейбiр халықтардың атауын қыпшақ атауымен шендестiрiп жатуы – сол мәжбүрлiктiң белгiсi. Әйтпесе, олардың жазба деректерде «орта ғасырда пайда болды» деп анық көрсетiлiп отырған халықтың атауын антика заманының халқының атауымен шендестiрiп, соның баламасы ретiнде ұсынып әуре болатын несі бар?!
Асылы, осының бәрi – түрік тектес халықтардың негiзiн сонау ескi замандардан берi ғұз бiрлестiгi мен қыпшақ бiрлестiгi құрамына кiрген көшпелі халықтар (тайпалар) құрағандығын және олардың географиялық орналасу жағдайына қарай iштей өзара бөлiнiп, түрлi атаулармен аталғанын ажырата айырып, толық танып-бiлiп алмай тұрып, түрік тектес халықтардың тарихы жөнiнде әңгiме қозғаудың қандайы болса да, баяғы бiр шиырды қайталап, жасанды жаңсақ пiкiрлердi балалата беруден басқа ешқандай нәтиже бермесiн түсiнетiн уақыттың жеткенiн аңғартса керек.
Қыпшақ атауының Ұлы Даланы мекендеген ежелгі халықтардың белгілі бір бөлегіне ендік бойынша географиялық-аумақтық орналасуына қарай берілген атау екеніне мән бермей, жеке этностың атауы деп танудың салдарынан, басқаны айтпағанда, небiр бiлiктi деген ғалымдардың өзі елеулі қател іктерге ұрынуға мәжбүр болып жүр. Олар атаудың төркiнiн iздегенде «қыпшақ» сөзiн жеке этнос атауымен, мысалы, еуропалықтардың айтуындағы «коман», славяндардың «желтый», «бледный» деген мағынадағы «половцы» («plfvci», «plfwcy»), түріктердің «құба», «сары» атауларымен бiр мәндес деген ұғымда қарап, сол арқылы әрқайсысы өздерiнше этимологиялық тұжырым жасайды.
Бұл – мәселенiң түпкi байыбына толық жете алмаудың салдарын көрсетедi. Сондықтан кезiнде қыпшақ тарихына қатысты пiкiр айтқан И. Маркварт, В. Бартольд, В. Минорский, П. Пелльо және басқалардан басталған қыпшақ атауы жөнiндегi жаңсақ түсiнiк шиырына кейiнгi Л. Гумилев, С. Плетнева, Д. Савин, А. Әбдiрахманов, С. Ақынжанов секiлдi көптеген ғалымдар өзiндiк iз қосқаны болмаса, бiрде-бiрi жаңа өрiске шығар жаңалықты ештеме қоса алған жоқ. Олардың түсiндiрулерiнде азды-көптi ерекшелiктер болғанымен, бәрiбiр бәрiнiң ой сарқар түйiнiнiң бiр болып шығатыны да сондықтан-ды.
Айтылғанның шындығына Қазақстан этнотопонимикасымен тiкелей айналысып, бiрнеше зерттеу еңбек жазған ғалым А. Әбдiрахмановтың осы қыпшақ атауына қатысты пайымдауын талдау арқылы оңай көз жеткiзуге болады.
Мұнда ол «қыпшақ» этнонимiнiң этимологиясын өзiне дейiнгi ғалымдардың «құба», «сары» сөздерiнен шығаратынын негiзге алып, «қыпшақ» сөзi «құба сын есiмiне шақ жұрнағы жалғану арқылы жасалған» деп тұжырым жасап, онысын былай дәлелдейдi: «Бұл этноним құбашақ аталып жүрген кезiнде екiпiн шақ бөлiмiне түскендiктен, а дыбысы әлсiз естiлетiн болған, бара-бара бұл дыбыс мүлде жоғалып, құбшақ түрiне көшкен, онан кейiн қатаң ш дыбысының алдындағы б дыбысы кейiнгi ықпал (регриссивная ассимиляция) нәтижесiнде қатаң п дыбысына айналғанда, ұ дыбысы қысаң ы дыбысына өзгерген. Сөйтiп осы өзгерiстер нәтижесiнде бұл этноним қыпшақ түрiнде қалыптасқан» (Әбдірахманов А. Топонимика және этимология. – А., 1979).
А. Әбдiрахмановтың бұл пайымдауын, менiңше, ескi шиырдан шыға алмаудың әдемi үлгiсi деуге болады. Мұнда автор өзiне дейiнгi бiлiктi ғалымдардың қыпшақ атауын «құба» сөзiнен шығарып, «куман», «коман», «половцы» атауларын соның аудармасы дейтiн ежелгi шиырына түседi де, ендi өзiнше осы «құба» сын есiмiне «шақ» жұрнағын қосып, одан шыққан «құбашақ» сөзiнен қалайда «қыпшақ» сөзiн шығарудың қамына кiрiседi. Сөйтiп, а, ы, ұ, б, п дыбыстарын тiл ғылымының үндестiк заңының iлгерi-кейiндi ықпалының әсерiмен бiрiн түсiрiп, бiрiн екiншiсiне өзгертiп, ақыры «құба» сөзiнен «қып» сөзiн шығарып тынады. Алайда мұның бәрi «құба» сөзiне «шақ» жұрнағын зорлап жапсырып, содан қалайда қыпшақ этнонимiн шығаруды мақсат тұтқан автордың қисынсыз қиыстыруы ғана. Егер бұлай болмай, А. Әбдiрахмановтың дәлелдеуiн шын мәнiндегi тiлдiк заңдылық деп қабылдасақ, онда, басқаны айтпағанда, қазiргi сөздiк қорымызда бар осындай шақ, шек жұрнақтары қосылып жасалған болашақ, келешек, көрешек, туашақ, алашақ секiлдi толып жатқан жасалу жолы тектес сөздердегi а, е дыбыстары әлгiндегi автор айтқан заңдылықтармен түсiп қалып, бұл күнде болшақ, келшек, көршек, тушақ, алшақ болып аталып жүрген болар едi. Бiрақ бұл сөздер ондай өзгерiске түскен жоқ. Сондай-ақ бұлардың түбiрiндегi бол, кел, көр, ту, ал етiстiктерi де iлгерi-кейiндi ықпал әсерiмен құбаның қыпқа айналғаны секiлдi түр өзгертуден дiн аман.
Мұның сыртында А. Әбдiрахманов «құба» сөзiне «шақ» жұрнағы жалғанғанда не мағына беретiнiн де ашып айтпаған. Оның қыпшақ атауы жөнiндегi өзiнен бұрынғы айтылған пiкiрлерге талдау жасағанда қыпшақтың шақ компонентiне В. Бангтың есiм жұрнағы, ал А. Шербактың кiшiрейту жұрнағы деп қарайтындығын айтып, өзiнiң соның соңғысын құптайтындай емеурiн танытатын тұсы бар. Егер автордың сол емеурiнiн оның төл пiкiрi ретiнде қабылдасақ, онда құбашақ сөзi құбаша деген ұғымды бiлдiретiн болып шығады. Алайда автор тарих бедерiнде өзiндiк iз қалдарған әйгiлi жауынгер елдiң құба деген атауын өзгертiп, оны неге төменшiктететiн құбаша атауына айналдыруының себеп-салдарын айтпайды .
Әдетте шындық арқауының бiр ұшы салыстыра зерттеуде жатады. Қыпшақ этнонимi туралы сөз қозғағанда да осы заңдылықты аттап кетуге болмаса керек. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, түрк тiлдес халықтардың құрамына енетiн түстiк рең ерекшелiгiмен аталатын ру-тайпалардың бiр де бiреуiнiң, мысалы, қара, торы, сары, көк және тағы басқаларының арасында шақ компонентi жалғанып, қарашақ, торышақ, сарышақ, көкшақ аталғандары, болмаса олардың кiшiрейтiлiп қараша, торыша, сарыша, көкше ұғымдарын берiп жатқандары да арғы-бергi не жазбаша, не ауызша тарихта кездеспейдi. Демек, түр-түс реңiмен ерекшеленетiн түрік тайпаларының бiр де бiреуiнiң атауында қолданылмайтын, түрік тiлiнiң сөз жасау заңдылығында кездеспейтiн, мұндай үрдiстiң тек құба атауына келгенде пайда болуын – зерттеушiнiң жаңсақ ұғымнан туған жасанды әрекетi демеске амал жоқ. Соның үшiн де мұндай пайымдау ешқандай зерденi қанағаттандыра алмаса керек.
Мұның бәрi, сайып келгенде, көшкіншiлердiң төл болмысына үңiлмей, тек сырт елдердiң жазба деректерi берген мағлұматпен ғана шектелiп, қыпшақтың ежелден тайпалар бiрлестiгiнің географиялық-аумақтық атауы екенiн ескермей, оны жеке тайпаға еншiлеуден туып отырған қателiк екенi даусыз. Егер олай болмай, қыпшақты ежелден тайпалар бiрлестiгiнiң атауы деп қараған болсақ, онда iзденiс аясы кеңiп, қыпшақ бiрлестiгi құрамына кiрген халықтардың (тайпалардың) дүниенiң төрт құбыласына сай орналасуына қарай өзара төртке бөлiнiп, әрқайсысы өздерiн түстiк (реңдiк) атаумен, мысалы, шығыстағ ыларын – көк, батыстағыларын – құба (ақ), солтүстiктегiлерiн – қара, оңтүстiктегiлерiн – қызыл, ал осылардың ортасындағыларын – сары атайтындарына мән берілген болар едi. Ал мән берiлсе, осылардың бәрiне ортақ қыпшақ атауын, жоғарыда аталған ғалымдар секілді сол бiрлестiктiң құрамындағы халықтардың тек бiр бөлегiне ғана тән, жаңағы, құба атауымен ешқашан да шендестiрмес те, соған орай қыпшақ сөзiнiң төркiнiн құба сөзiнен iздеп әуре болмас та едi. Бiрақ, амал не, әлi күнге бұған мән берiп жатқан бiр де бiр шығыстанушы байқалмайды, сол баяғы ескi шиырды шиырлаумен келедi. Соның салдарынан қыпшақтардың өзiнен қалған ауызша деректердi ескермегендi былай қойып, ең болмаса осы орайда айтылған әлгi жазба деректердегi мағлұматтардың өзiне жан-жақты ғылыми талдау жасалынбай отырғаны, әрине, өкiнiштi.
Егер осы бағытта iлгерi қарай аз-мұз ұмтылыс жасалса, сөз жоқ, қыпшақ бiрлестiгiндегi тайпалардың өзара iштей осылай бiрнеше бөлiкке бөлiнетiнi жөнiнде, дәл бiр соқырға таяқ ұстатқандай болмаса да, сол жазба деректердiң өзiнде де айтылып қалып отыратынын аңғаруға болар едi. Мысалы ХII ғасырдың авторы әл-Идириси «Нузхат амуштак фи-хтирак ал-а-фак» («Ел кезуден шаршаған жанның ермегi») атты шығармасында қыпшақтардың екi үлкен бiрлестiкке бөлiнетiнiн жазады. Ал осыған жан-жақты талдау жасаған академик Б.А. Рыбаков «Орыс жерi – 1154 жылғы әл-Идириси картасы бойынша» деген еңбегiнде осы екi бiрлестiктiң батыстағыларының «құба қыпшақ», солтүстiктегiлерiнiң, яғни атақты «Игорь жасағы туралы жырдағы» «Земли незнаймой» деп аталатын жерлердi (Дон өзенiнiң екi жақ бетiн және Едiл бойын қамтыған кең өлкенi) мекендегендердiң «қара қыпшақ» деп аталғанын көрсетедi. Бiрақ, жаңағы айтқанымыздай, осындағы бiр өңiрде (қазiргi түсiнiкте «орыс жерiнде») бiр кезеңде (ХII ғасырда) қыпшақ аталатын тұтас жатқан бiр халықтың, тiптi, өң-түстерiнiң бiрдейлiгiне (бәрi қызғыл сары шашты, аққұба өңдi, көк көздi болғанына) қарамастан, неге бiрi «құба қыпшақ», екiншiсi «қара қыпшақ» аталатынына автор да, басқалар да жете мән бермейді. Сондай-ақ, ХI ғасырдың авторы армян тарихшысы Матвей Эдесский, болмаса жазба деректерге сүйенген кейiнгi кездiң авторлары (И. Маркварт, Г. ГруммГржимайло, В. Бартольд, Д. Расовский, А. Зайчиновский, И. Добродомов, М. Закиев, Н. Бахлина, т.б.) сол жазба деректерде қыпшақтың бiр бөлегiнiң «сары» деп аталатынын айтады. Негiзiн қыпшақтар қалаған атақты Түрік қағанатының халқын тарихшыларымыздың бұл күнде «көк түрік» деп атап жүргендерi тағы бар.
Бұған ерте замандарда қыпшақтар мекендеген өңiрдiң халықтарын көне қытайлықтардың «ди» деп атап, оларды өзара бей-ди (солтүстiк ди, яғни қара дилер), чы-ди (қызыл ди, яғни оңтүстiк дилер), бәй-ди (ақ ди, яғни батыс дилер), жан-ди (үлкен, немесе ұлы ди, яғни шығыс дилер) деп бөлетiнiн қосыңыз.
Осының бәрi – ауызша емес, жазба деректер мағлұматы . Және осының бәрi, көрiп отырғанымыздай, тарихпен айналысқан зерттеушiлердiң қай-қайсысының да назарын аударып, көкейiне: «Ау, жаратылыс тегi, сөйлеген тiлi ортақ, түртүсi де бiрдей халықтың бұлайша өзара ақ, қара, сары, көк, қызыл болып, түрлi түске бөлiнуi нелiктен?» деген сұрақты ұялатуға лайықты-ақ деректер. Бiрақ, амал не, көшпелiлер тарихын өз болмысына тән ерекшелiктер негiзiнде зерттеп, тануға жар бермес бiрмойындылықтың салдарынан мұның бәрi ескерусiз қалып, арнайы зерттеу нысанына айналмай келедi.
Бұл ретте кезiнде, тiптi, кейбiр ғалымдардың (И. Добродомов, А. Соболевский және т.б.) мұндай атаулардың белгiлi бiр халықтың түр-түсiне байланысты берiлмейтiнi жөнiнде айтқандары да да ескерiлмедi. Ал бұл қазiргi таңда жоқты iздеудi былай қойып, бардың өзiнiң байыбына жетiп, сол арқылы қалыптасар таным-түсiнiктiң дұрыс болуына зардабын тигiзiп отыр. Мұны VIII ғасырдың тас ескерткiшiне қашап жазылған «қыпшақ» этнонимiне этимологиялық талдау жасаған петроградтық түріктанушы ғалым С.Г. Кляшторныйдың басқа бiр қиырдан шығып, оның баламасын неудачный, злосчастный, злополучный деп түсiндiруiнен де көруге болады.
Бұл автор қыпшақтарды Қимақ қағанатын құрайтын көп тайпалардың бiрi деп танып, оның тарихын тек ж.ж.с. кейінгі VIII ғасырдан ғана бастайды. Алайда, бұл – қыпшақ халықтарының табиғатына үш қайнаса сорпасы бiр қосылмайтын, мақсаты терiс, талдауы қате тұжырым. Соған қарамастан, қазiргi таңда қыпшақ тақырыбына қалам тартқан кейбiр зерттеушiлер С. Кляшторныйдың осы пiкiрiн дұрыс деп тауып, өз еңбектерiнде соны негiзге алып жүр. Сондықтан оқырманға бәрi түсiнiктi болуы үшiн С.Г. Кляшторныйдың осы еңбегiне арнайы тоқтауды жөн көрдiк.
С. Кляшторный «Қыпшақтар руникалық ескерткiштерде» (Кляшторный С.Г. Кипчаки в рунических памятниках. В кн. TURCOLOCICA 1986. – Л., 1986. – Стр. 156.) деген зерттеу мақаласын, негiзiнен, Ұйғыр қағанатының екiншi қағаны – Гылы қаған Моиән-чоның (747-759 жж.) басына қойылған ескерткiштiң солтүстiк бетiндегi жазудың төртiншi жолындағы «түрік қыпшақ елiг жыл олурмыш» деген тiркестегi қыпшақ сөзiнiң төркіндік мағынасын ашуға арнаған . Г. Рамстедт бұл тiркестi «Түрік-қыпшақ (бiздi) елу жыл билегенде» деп аударады (Рамстедт Г.И. Как был найден Селенгинский камень. Труды Троицко-Кяхтинского отд. Приамурского отдел Имп. Русско геогр.обшеств. – С-Пб., Т.IV. вып. 1. – Стр. 34-49). Кейiнгi басқа аудармашылар да осыны құптайды. Кляшторный да мұны терiске шығармайды.
Ескерткiштегi жазу сол кездегi дәстүр бойынша ескерткiш иесiнiң атынан жазылған. Демек, Моиән-чоның мұндағы «бiз» деп отырғаны – ұйғырлар, «елу жыл биледi» деп отырған «түрік-қыпшақтары» – Екiншi Шығыс Түрiк Қағанатының негiзiн қалаушылар, яғни билеушi тайпасы.
Кляшторный осы тiркестi талдағанда, алдымен, түрiк-қыпшақ этнонимiн қазiргi ғалымдар қабылдап жүргенiндей бiр этноним емес, әрқайсысы өз алдына, яғни түрiк өзiнше, қыпшақ өзiнше жеке этноним деп таниды. Соны дәлелдеу үшiн ол түрiк-қыпшақ этнонимiн Тоңүкөк ескерткiшiнде кездесетін түрiксыр этнонимiмен салыстырып, соңғыны да түрiк және сир (Кляшторныйда осылай) этнонимi деп екiге бөлiп, осындағы қыпшақ пен сир атауларын екі ескерткіштегі бiр ғана тайпаның атауы дегенге қориды. Оның пайымдауында: үстемдiк етушi бiр тайпаны түрік ескерткiшi сир деп, ал ұйғыр ескерткiшi қыпшақ деп атаған, яғни Түрік қағанаты кезiнде сир аталып келген тайпаны қағанат құлағаннан кейiн, оның орнын басқан Ұйғыр қағанатындағылар қыпшақ деп атап кеткен, бар айырмашылық осы ғана.
Бұдан кейiн Кляшторный сир атауының қайдан шыққанын және оның қалай қыпшаққа айналғанын дәлелдеуге кiрiседi. Ол үшiн «Таң кiтабында» («Таңшуда») берiлген сеиәнто халқының тарихына жүгiнедi. Ол мұнда да бiр этнонимдi екiге бөлiп, се және иәнто (яньто) этнонимдерiн жасайды да, осындағы се этнонимiн түрiкше сир аталатын этнонимнiң қытайша берiлуi деп есептейдi. Бұл орайдағы ойын ол: «IV-VII ғасырларда өмiр сүрген тайпалар тобының атауын белгiлегенде, қытай тарихшылары екi этнонимдi «механически» бiрiктiрiп жiбергендiктен, үстемдiк етушi сир тайпасының атауы өзiне бағынышты тайпаның атауына сiңiсiп кеткен. Түрік ескерткiштерiнде көнетүрiк этнонимикасының заңдылығына сәйкес (ерекшелеген біз. Бұл – еш жерде жоқ қандай заңдылық? – Қ.С.) мұндай екi этнонимдi байқамай қосып жiберу кездеспейдi, оларда тек үстемдiк етушi тайпаның аты сир ғана аталған1», – деп түйедi.
Ендi С.Г. Кляшторныйдың осы пiкiрлерiнiң қателiгi неде, соған талдау жасап көрелiк. Алдымен, қыпшақ атауының сөздiк мағынасы жөнiнде.
Бұл ретте Кляшторный қыпшақ сөзiнiң түбiрiн қобы, қобуқ сөздерiнен шығарып, оның мағынасын жолы болмаған, сорлы, бейшара дегенге қориды. Онысына «Көнетүрiк сөздiгiнен» алынған қыпшақ қобы тiркесiн дәлел етiп, оның бос, түкке жарамайтын деген мағына бiлдiретiнiн алға тартады.
Бұл арада Кляшторныйдың «қыпшақ» сөзiне негiз етiп отырған қобы, қобуқ сөздерiнiң түбiрi бiр және екеуi де бос, жарамсыз деген ұғымды бiлдiредi дегенiне күдiкпен қарауға тура келедi. Өйткенi, қобы осы әңгiме болып отырған ескерткiштердiң өзiнде өсу, көтерiлу деген мағынада қолданылады. Мысалы, Күлтегiн ескерткiшiндегi «Үлкен жазуда» «Iлгерi-қурағару сүлеп термiш, қобартмыш» («Iлгерi-кейiн аттанып, терiптi (жинапты), көтерiптi»); Тоңыкөк ескерткiшiнде: Ыда ташда қалмусу қобурануп йетi йүз болту («Ағашта, таста қалғаны көтерiлiп (қобыранып, жиылып) жетi жүз болды») деген тiркестер бар (Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. – М., 1951. – Стр. 29, 56.). Осындағы қобартмыш, қобрануп сөздерiнiң түбiрi қобы, бiрақ
1 «Вобозначении названия племенной группировки, существовавшей с IV-VII вв., китайские историографы механически соединили два этнонима и название господствующего племени сиров слилось с названием подчиненного племени. В тюркских памятниках соответственно законам древнетюркской этнонимики это механическое соединение двух имен отсутствует, там названо лишь главенствующее племя – сиры». Кляшторный С.Г. Кипчаки в рунических памятниках. В кн.: TURCOLOCICA 1986. – Л. 1986. – стр. 157. Екеуiнде де ол бос, жарамсыз деген ұғымды бiлдiрiп тұрған жоқ. Қобы сөзi түрiк тiлдес халықтардың бiразында қазiр де сол өсу, көтерiлу ұғымында қолданылады. Мысалы, қарачайлар «ерте тұрдым» дегендi «ерте қобтым» дейдi, қазақтар орынсыз бөсiп, лепiрiп кеткен адамды «мынау, тiптi, қобып кеттi ғой» деп жаратпай отырады. Қазақ тiлiндегi қобу, қопсу, қобырау секiлдi бiраз сөздiң түбiрi де осы қобы. Мұнда да ол көтерiлу, көпсу, өсу мағынасында.
Сондай-ақ Кляшторныйдың қыпшақ сөзiнiң сорлы, жолы болмаған, бейшара деген ұғымды бiлдiретiнiне айғақ етiп қыпшақ қобы тiркесiн алып, оны «по значению второго компонента» (Кляшторный С.Г. Аталған еңбек. – 60-б.) бос, жарамсыз деген ұғымды бiлдiредi деп түсiндiруi де қисынсыз екенiн айта кеткен жөн. Себебi, мұнда қыпшақ қобы тiркесi автордың өзi айтқандай, екiншi компоненттiң мағынасы бойынша бос, жарамсыз деген ұғымды бiлдiрiп тұрған жоқ. Қобы сөзi бұл жерде де көтерiлу, өсу, бөсу мағынасында. Соған сай қыпшақ қобы тiркесi қыпшақы бөспелiк, қыпшақы өркөкiректiк, қыпшақы мақтаныс деген тәрiздес ұғымдары бiлдiрiп тұр. Мұның сыртында, автор айтқандай, қобы шынында да қыпшақ сөзiнiң түбiрi болса, онда бiр мағынадағы екi сөзден қыпшақ қобы (қобы-қобы) деген фразологиялық тiркес жасалмаған болар едi.
Менiң бұл пiкiрiме ХI ғасырдың аса көрнектi ақыны, бүкiл Шығыс елдерiне аты мәшһүр ойшыл ғалым Жүсiп Хас Хажиб Баласағұнидiң әйгiлi «Құтты бiлiк» атты дидактикалық шығармасында кездесетiн қыпшақ сөзiнiң мағынасы да дәлел бола алады. Мұнда Кляшторный мысалға келтiретiн жаңағы қыпшақ қобы тiркесi де бар.
«Құтты бiлiкте» қыпшақ сөзi үш рет кездеседi. Бiз соның екеуiне тоқталамыз. Алғашқысы – «Көңүл, тил кичик тут эй, ер қывчақы» деген тiркес (К. Каримовтың транскрипциясы, 2439-бәйiт. – Ташкент, 1972. – 402-б.). Осындағы ер қывчақы сөзiн өзбек, ұйғыр, қазақ тiлдерiне аударғандар қыпшақ ерi, яғни қыпшақ адамы, қыпшақтан шыққан ер деген мағынада аудар ған. Дұрысы да осы. Мұндағы «ер қывчақы» тiркесi қазiргi «қалмақы үй», «қазақы бала» тiркестерiмен мәндес, бәрi бiр заңдылықпен есiм сөзге ы тәуелдiк жалғауы жалғануы арқылы ердiң, үйдiң, баланың кiмдiкi екенiн көрсетiп тұр. Алайда ешқандай аудармасыз-ақ «көңiлiңдi тасытпай, тiлiңдi тартып ұста, ей, қыпшақтың ерi» деген мағынада ұғып, түсiнуге болатын осы көнетүрiктiк түпнұсқа мәтiндi «Құтты біліктің» аудармашысы С.Н. Иванов орыс тiлiне: «Будь скромен, злосчастный, и в речи, и в мысли» деп аударады (Баласағұн Ж. Құтты білік. 2477-бәйіт. – А., 1986. – 26, 27, 255-бб.). Түптеп келгенде, Кляшторный дың қыпшақты «злосчаcтный» деуiнiң де, оның ғылымға осы мағынада енуiнiң де негiзгi осында жатыр (Древнетюркский словарь. – Стр. 449, 451, 462.).
Осыдан кейiн, мамандарды былай қойғанда, түрік халықтарының тiлiн бiлетiн кез-келген адамға мағынасы былайша да түсiнiктi «Көңiл, тил кичик тут эй, ер қывчақы» деген өлең жолын Ивановтың «сөзiңмен де, ойыңмен де сыпайы бол, ей, сорлы» деп аударуымен қалай келiсуге болады? Осы сөйлемдегi түрік тiлдес халықтардың лексиконына еш өзгерiссiз кiрiп, күнi бүгiн де сол мағынасында қолданылып келе жатқан көне түрiктiң ер деген сөзi, тiптi, қай тұрғыдан алып қарасаңыз да, сорлы, бейшара деген ұғыммен қиыспайды, аудармашының (Ивановтың) осы тiркестегi ер сөзiн аудармай тастап кетуге мәжбүр болып отырғаны да сондықтан.
«Құтты бiлiктегi» екiншi қыпшақ сөзi «Иалавач йавуз болса қыпшақ қобы» деген тiркесте берiлген (Мағыналық сөзбе-сөз аудармасы: «Елшi жауыз болса, қыпшақтай өркөкiрек»). Осы сөйлем орыс тiлiне «А если посол неудачлив и худ…» деп аударылған (Кляшторныйдың қыпшақты «неудачный» деуi де осыдан). Осындағы қыпшақ сөзiнiң сөздiк мағынасының аудармашы тарапынан бұрмаланып алынғаны, бұл арада да қыпшақ қобы сөзi, тiптi де, жолы болмаған, нашар деген мағынада еместiгiн кез келген түрік тілін білетін адамның бірден байқай алатыны еш күдік тудырмайды.
Елшi – екi елдiң арасындағы дәнекер байланысшы. Екi елдiң бiр-бiрiмен жауығып, жауласуы да, ортақ тiл тауып, табысуы да көбiне елшiнiң саясатқа жүйрiк ептiлiгiне, сөзге шешен тапқырлығына, бiлiмi мен бiлiгiне тiкелей байланысты. Осыны жақсы бiлетiн Жүсiп Баласағұнидiң елшiнiң қадір-қасиетi жайлы толғанған осы тұста: «Елшi қыпшақтай өркөкiрек менмен болса, ол – жауыз, елiне қырсық әкеледi, ел басшысының беделiн түсiредi» дегендi айтып отырғаны кiм-кiмге болса да түсiнiктi болса керек. Мұны осы Иалавач йавуз болса қывчақ қобы тiркесiнiң екiншi сыңары Сәзгiсiз тугәр анда бегләр сувы деген сөйлем де құптайды.
Мiне, осы айтылғандардан кейiн қыпшақ сөзiнiң де, қыпшақ қобы тiркесiнiң де шын мағынасын түсiну онша қиындық туғызбайды. Сонымен бiрге көне түрiктердiң, оның iшiнде Кляшторный айтып отырған ұйғырлардың да сорлы, жолы болмаған, бейшара деген ұғымды ешқашанда қыпшақ деген сөзбен бермегенiн, ондайларды қыпшақ деп атамағанын тарихтан хабардар жанның өздерi де бiлсе керек. Өйткенi, сол заманның куәгерi көне түрiк ескерткiшiндегi жазулардың бiрiнен де ондай дерек кездеспейдi. Онда басқаша айтылады. Мысалы, Күлтегiн ескерткiшiндегi Үлкен жазуда Бiлге қағанның аузынан айтылған: Нең йылсығ бай будунқа олурмадым. Iчре ашсыз, ташра тонсыз, йабыз, йаблық будунта үзе олуртым дейтiн жолдар бар. Осыны бүгiнгi түсiнiкке сөзбе-сөз аударса: Ең болмаса бай халыққа отырмадым (билiк етпедiм). Iшерге ассыз, киерге тонсыз бейшара, нашар халыққа отырдым болып шығады. Бұдан көне түрiктердiң Кляшторный айтып отырған неудачный, злосчастный, злополучный деген сөздердi қыпшақ демей, йабыз, йаблақ дейтiнi анық көрiнедi.
Ендi Кляшторныйдың түрiкқыпшақты бiр этноним емес деп, екiге бөлiп, оларды түрiк және қыпшақ деп атайтын тұжырымы жөнiнде.
Бұл да «осылай болуы керек» дегенмен қиялдан туған, ешқандай дәлелдiк негiзi жоқ тұжырым. Мұны оның түрiкқыпшақ этнонимiнiң бiр этноним еместiгiн дәлелдеу үшiн өзi айғақ етiп алға тартып отырған Тоңүкөк ескерткiшiндегi түрiк-сыр этнонимiнiң, Кляшторный айтқандай, екi этноним емес, бiр этноним екенi де дәлелдей алады. Ол үшiн Тоңүкөк ескерткiшiндегi «Түрк бiлге қаған түрк-сыр будун, оғуз будун iгiдү олрор» («Түрiк-Бiлге қаған түрiксыр халқын, оғыз халқын асырап отырар») (Малов С.Е. Аталған еңбек. – 153154 жолдар) деген тiркестi оқу арқылы көз жеткiзу қиын емес. Егер осында Кляшторный айтқандай, түрiк өз алдына, сыр өз алдына жеке-жеке этноним болса, онда Тоңүкөк, ескерткiште жазылғандай, түрiк-сыр демей, оғыз халқын бөлгенi сияқты түрк будун, сыр будун деп саралап жазған болар едi. Бiрақ ол өйтпеген. Демек, ескерткіштегі сөзді жазушының түсiнiгiнде түрiк-сыр оғыз этнонимi секiлдi бiр ғана халықтың атауы.
Осы орайда түрік ескерткiштерiндегi қағанат қағандары есiмдерiнiң алдына, түрік сөзiнiң мысалы, Түрік-Бiлге қаған, Түрік-Богу қаған деген секiлдi болып тiркесiп жазылатынын да ескерген жөн. Мұндағы қағандардың атына түрк сөзiнiң тiркелуi – бұлардың Түрiк қағанатының негiзiн қалаған Бумын қаған мен Істімі (Естеми) қағанның тұқымынан екенiн ерекшелеу қажеттiгiнен туған. Сол сияқты сыр атауының алдына түрік сөзiнiң тiркелуi де түрк-сыр халқын Түрiк қағанатының құрамына енген басқа халықтардан ерекшелеп, олардың қағанат негiзiн қалаушы халық екенiн бөле-жара көрсету үшiн пайдаланылған. Көне түрiк ескерткiштерiнде оғыз будун, едiз будун және сол сияқты болып жазылғанымен, олардың еш жерiнде жеке сыр будун деп жазылмайтыны да сондықтан. Кляшторный айтқандай, түрік-сыр екi этноним болса, онда ол Тоңүкөк жазуының бiр жерiнде «оғыз будун» деген тәрiздi «сыр будун» болып жазылар едi. Бiрақ ол барлық жерде тек түрiк-сыр будун деп жазылады. Мұнда ешқандай «механически» жазылғандық жоқ.
Қашанда негiзгi жалғанның одан өрбіген кейінгі жалғасының да шындықтан өрілмесі хақ. Кляшторныйдың түрiк-сыр этнонимiнен сыр-ды бөлiп алып, оны се-иәнто (сеяньто) этнонимiнiң се-сiмен шендестiрiп, се-нi түрктiң сыр деген халқының қытайша атауы деген тұжырымы да түгелдей жалғандыққа құрылған. Мұның солай екенiне Н.Я. Бичуриннiң «Ерте замандарда Орта Азияны мекендеген халықтар туралы мәлiметтер жиынтығы» (т. І. – стр. 339-343.) және «Дунху. Гаучы» (109-113-бб.) атты жинақтардағы сеиәнто халқының тарихына қатысты деректердi оқу арқылы сауатты оқырманның өздерi-ақ көз жеткiзе алатынын ескерiп, бұл жерде тарихи оқиғаларды талдауға уақыт алмай, тек ой түйiнiн ғана ортаға салмақпыз.
Бiрiншiден, Кляшторныйдың «китайские историографы механически соединили два этнонима» (Кляшторный Г.С. Аталған еңбек. – 157-б.) деп бiр сеиәнто этнонимiн екiге бөлуi негiзсiз. Себебi, қытай тарихшылары ол айтқандай «механически» жазып отырған жоқ, се мен иәнто тайпаларының iрге ажыратпай үнемi бiрге қатар көшiп-қонып жүрген тектес дербес екi тайпа екенiн, кейiн се тайпасының иәнто тайпасын бағындырып алғанын ашып жазып, содан соң барып осындай жолмен бiрiккен екi тайпаның се-иәнто деп аталғанын әдейi мақсатты түрде анық көрсетiп отыр. Егер, Кляшторный айтқандай, екi этноним «механически» қосылып кеткен болса, онда ол бiр-ақ жерде немесе бiр оқиғаны баяндаған жерде ғана солай аталып, басқа жерде, жеке-жеке жазылған болар едi. Бiрақ Кляшторныйға қас қылғандай, барлық жерде, «Таң кiтабында» («Таңшуда») да, «Жаңа Таң кiтабында да» («Сиң Таңшуда») да се-иәнто деп жазылып, бiр этноним ретiнде көрсетiлген.
Екiншiден, Кляшторныйдың се тайпасын сир (сыр) тайпасына шендестiруi де, соған сай се-нi түрiктердiң билеушi тайпасы болды деуi де тарихи шындыққа келмейдi. Се-иәнто тайпасының Түрiк қағанатының құрамында болғаны да, олардан бөлiнiп, аз уақыт жеке дәуiрлеп тұрғаны да, артынан мемлекетi құлап, тоз-тоз болып кеткенi де рас. Бiрақ ешқашан се де, иәнто да, тiптi екеуi бiрiгiп те жалпы түрiктiң билеушi тайпасы болған емес. Се-иәнто – бар болғаны түрiктердiң боданы. Оның атауы барлық жерде де – түріктерге дейін де, оларға бағынғанда да, кейін жеке бөлініп шыққанда да – се-иәнто!
Тарихта «билеушi тайпа» деп белгiлi бiр мемлекеттi құруда жетекшiлiк рөл атқарған, сол мемлекеттiң билеушiлерi шыққан тайпаны айтады. Осы тұрғыдан келгенде, Бiрiншi Шығыс Түрiк қағанатының негiзiн қалаушылардың Пиңлиаңнан ауып келген хулар (қытай тарихында оларды «Ашина тайпасы» дейдi. Бұған кейiн арнайы тоқталамыз), ал Екiншi Шығыс Түрiк қағанатының шаңырағын көтерушiлердiң Шыли-иуәнин (Ханьли-Юаньин) тайпасы екенi тарихтан баршаға мәлiм. Түріктiң дана билеушiсi Бiлге қаған мен әйгiлi батыры Күлтегiннiң әкесi, Екiншi Шығыс Түрiк қағанатының негiзiн қалаушы Ел төресi аталған Құтылығ қаған осы шыли-иуәнин тайпасының билеушiсi болатын (Н.Я. Бичурин. Аталған еңбек. – 266-б.).
Ал се-иәнто тайпасының бұл екi тайпаға да түк қатысы жоқ. Түрік хандығы тарихқа түрік атымен танылып, Вей империясы оларды өзiне одақ етуге арнайы елшiсiн жiберiп жатқан кезде се-иәнто – ғұз тайпалар бiрлестiгiнiң (қытай деректерiнде бұл бiрлестiктi «теле», «телы» деп атайды) құрамында болатын. Ал теле тайпасын Бумын қаған кейiн, дәлiрек айтсақ, 546 жылы бағындырған. Мұның сыртында «Жаңа Таң кітабы» («Синьтаңшу»): «Иәнто түріктерден бұрын жеке ел болды» (Түріктер. Жыужандар. – А., 1999. – 67-б.) деген дерек береді. Осының бәрі Түрiк қағанатының негiзiн қалаушылар, Кляшторный айтқандай, се–иәнтоның се тайпасы емес екенін айқын көрсетеді.
Тарихқа ынтасы бар жұрттың бәріне бiрдей мәлiм осындай деректердi бiле тұрып, Кляшторныйдың «се-иәнто тайпасын түрiктердiң билеушi тайпасы» деп тұжырым жасап, ғылымға бұдан бұрын әрқайсысы жеке этноним ретiнде танылған этнонимдердi ешқандай дәлелдi негiзсiз өз қалауынша бөлшектеп, әуелi се-иәнтоның сесiн түрік-сыр этнонимiнiң сыр-ымен шендестiру арқылы се мен сыр екеуiн бiр халықтың қытайша және түрікше айтылған атауы деп алып, содан кейiн оларды, яғни се мен сырды түрік-қыпшақ этнонимiнiң екiншi компонентi қыпшаққа телiп, мұны, яғни қыпшақты ендi сол баяғы бiр халықтың ұйғырша аталуы едi деуiнде қандай қисын, қандай заңдылық барын түсiну қиын.
Осы орайда көшпелiлер тарихына қатысты белгiлi бiр мәселе төңiрегiнде айтқан өз пiкiрлерiн қалайда дұрыс етiп шығару үшiн тарихта бар белгiлi деректердi бiле тұрып (бiлмедi деуге ауыз бармайды), кейбiр ғалымдардың соны әдейi бұрмалайтын терiс қылықтары еске оралады. Шамасы, мына тiрлiгiне қарағанда, Кляшторный да солардың ауылынан сияқты. Себебi, Кляшторныйдың басқа бiр еңбегiндегi (Кляшторный С.Г. Древнетюркские рунические памятники как источник Ср. Азии. – М., 1964.) Күлтегiн ескерткiшiндегi «алты чуб соғдақ» тiркесiне жасаған талдауына байланысты айтқан белгiлi синолог А.Г. Малявкиннiң мына бiр пiкiрi бiздiң бұл күдiгiмiздi шындыққа шығарғандай. Автор ойына қиянат болмас үшiн дәйексөздi түпнұсқалық күйiнде келтiрелiк: «С.Г. Кляшторный, пытаясь разрешить сомнения, возникшие при знакомстве с существующими интерпретациями выражение «алты чуб соғдақ», реконструировал историческую обстановку и развитие событий в районе Ордоса в течение первого десятилетия правления Капаган-кагана. При этом им был допущен ряд серьезных неточностей при толковании сведений китайских источников. Эти неточности настолько существенны, что на них следует остановиться особо» (ерекшелеген біз – Қ.С.), – деп Кляшторныйдың бар деректi қалауына қарай бұрмалай беретiнiне қайран қалса, ендi бiр тұста: «С.Г.Кляшторный неоднократно подчеркивает, что Капаган-каган за помощь танскому правительству в разгроме киданей требовал передать ему шесть округов, где еще оставалось часть «подчинившихся родов» тюрк. Этот тезис повторяется им несколько раз со ссылкой на переводы Н.Я. Бичурина и Лю Маоцая. Однако ни в оригинальных текстах, ни в переводах, выполненных указанными синологами, нет требований о передаче «шести округов» (Малявкин А. М. Танские хроники о государствах Центальной Азии. – Н., 1989. – Стр. 259-260.), – деп, Кляшторныйдың өзiне қажет болғанда бәрiне көз жұмып қарап, өтiрiктi де қосып жiберетiнiне ренiш бiлдiредi.
Мұндай жағдайдың С. Кляшторный үшiн кездейсоқ жай еместiгiн көне түрiк жазуын танып-бiлуге тыңғылықты еңбек сiңiрiп жүрген қазақ ғалымы Алтай Аманжоловтың ол жөнiндегi мына пiкiрi де құптай түседi: «С. Кляшторный Кенгерес сөзiн халықтың атауы деп түсiнiп, (ойдан) тарихи болжамдар мен оқиға тудырып, болмаған халық туралы сәуегейлiк сөз қозғап былай деп жазады: «Из текста надписи очевидно, что кенгересы были союзниками тюрков, более того, только союз с ними обеспечивал Могиляну надежный тыл» (А. Аманжолов. Түрiк филологиясы және жазу тарихы. – А., 1996. – 82-б.) деп, Кляшторныйдың жер атауын халық атауына айналдырып, бұл жарық дүниеде болмаған халықты Бiлге қағанның (Могилянның) сыртын жауынан қорғар сенiмдi тiренiшi етiп шығаратынын айтады.
Ерiксiз ойға қаласыз. Неге бұлай? Бiлетiнiңдi екшеп, беймаза күй кешесiң. Сонда салыстырма ойдың түйiнi – мұндай солақай тiрлiктiң негiзi кешегi Совет заманында бұратана аталған халықтардың тарихын солардың өзiнен шыққан тарихшылардың тарата талдап жазуына тыйым салынып, оның есесiне үстем елдiң өкiлдерi олар жайында не жазса, сонысы қабыл болып, оны ғылыми зерттеудiң жемiсi ретiнде ұсынылып келген қиянатта жатқанын аңғартады. Қайыру көрмей, қалағанын iстеудiң аяғы осындайға ұрындырған тәрiздi.
Қалай дегенде де, осындай одағай жайлардың орын алып келгенi шындық. Кляшторный соның бiр мысалы ғана. Мұның бәрi, түптеп келгенде, жоғарыда айтылғандай, көшпелiлер тарихын жазуға әу баста көшпелi өмiр салты қалыптастырған заңдылықтар негiзiнде олардың төл болмысын тану арқылы бармай, жасандылығы мол жазба дереккөздерінің мағлұматын малданып, сонымен шектелудiң, дәлірегінде шектетудің қырсығы екенiн көрсетедi. Негiзi дұрыс қаланбаған құрылыстың қанша әдемі салынғанмен, ғұмыры ұзақ болмасы аян. Егер осы түріктер тарихын қазiргiдей тұтас бiр халықты бейне көктен салбырап түсе қалғандай тура Түрiк қағанатының пайда болу кезеңiнен бастамай, ә дегеннен сол қағанатты құрғандардың кiмдер болғанын, бұған дейiн олардың бастарынан қандай тарихи-әлеуметтiк жағдайларды өткiзгенiн iндете зерттеп, байыптай саралап, басын ашып, бәрi тарихи шындық тұрғысынан жазылған болса, онда олардың тағдыры, сөз жоқ, бүгiнгiдей әр ғалымның өз шамасына қарай жұлқа тартып, жұлмалар көкпарына айналмас едi.
Бiрақ, өкiнiшке қарай, бiз олай жасаған жоқпыз. Ең арғысы, қағанат шаңырағын көтерушiлердiң өздерiн өздері «сыр», «қыпшақ» деп атай отырып, нелiктен халқын және мемлекетiн түрік деп атағанын да анықтамадық. Ал бұл еркеше назар аударуды қажет ететiн түйiндi мәселенiң бiрi едi.
Ойласып көрiңiзшi, расында, елінің құрамында не түрік деген тайпасы, не сондай есімді билеушісі жоқтығына қарамастан, қағанатты құрушылар халқы мен мемлекетін басқа емес, неге түрік деп атайды?
Мұндайда жазба деректерден тиянақ таппаса, көшпелiлер тарихына қатыстының бәрiн жалған деп шыға келетiн отырықшы ел өкiлдерi неге бұған келгенде күдiктенбей, жазба деректерде олардың өздерiн осылай атауына ешқандай негiз жоқ болса да, олардың мемлекетiн де, халқын да «түрiк» деп атай бередi? Айталық, түріктi көшпелілердiң дәстүрi бойынша әдеттегiдей қағанатты құруға ұйытқы болған тайпаның атымен аталды деуге болмайды, өйткенi, оның аты белгiлi – қытай жазбаларында оны «Ашина», ал түріктiң тас жазуында – «Сыр» («түрік-сыр»), «қыпшақ» («түрік-қыпшақ») деп атайды. Сондай-ақ түрікті қағанатты құруға басшы болған тайпа көсемiнiң бiрiнiң аты деуге де болмайды, өйткенi тарихқа оның аты да белгiлi – Бумын қаған. Өмiрде не болмайды, мүмкiн оларға кейiн қосылған оғыздардың (телелердiң) әлдеқалай ықпалы болған шығар деуге, оған да қисын жоқ, өйткенi, біріншіден, олар түріктердің құрамына кіргеннен бұрын «түрік» атауы бар, екіншіден, олардың тайпаларының iшiнде де түрік аттас тайпа тағы кездеспейдi. Қағанаттың шаңырақ көтерген жерiнiң атымен аталған болар деуге, оның да аты белгiлi. Оны Алтын тау деп атайды. Сонда түрік атауы қайдан келдi? Сол секiлдi Түрiк қағанатының құрамында елу жыл бодан болып жүрген ұйғырлардың қағанының нелiктен оларды түрiктер демей, қыпшақтар (түрік-қыпшақтар) деп атайтындарының себеп-салдарын ашып, түсіндіріп берген ешкім және болмай тұр.
Ал мұндай түсiнiксiз жайларды түсiндiрер, бiрiнен-бiрi туындап, жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай әр тұстан бой көтерер көп сауалдарға жауап берер деректі қанша іздесеңіз де жазба деректемелерден таба алмайсыз. Сондықтан егер шындыққа жетемiз десек, қалаймыз ба, қаламаймыз ба, бүкiл ғұмырнамасы бiрiгулер мен ыдыраулардан тұратын көшпелiлердiң төл болмысына үңiлуге тура келедi. Сонда ғана ыдыраулар кезiнде Ұлы Далаға тарыдай шашылып, әрқайсысы өз атауларымен тiршiлiк кешетiн халықтардың (тайпалардың) бiрiккенде ескi замандарда ұжымдасуынының ұйытқы мәйегi болған ежелгi елдiк атауларын, «бiр кездегi солардай ынтымағы жарасқан құдiреттi ел болайық» деген мақсатпен қайта тiрiлтiп, мемлекетiнiң де, сол мемлекетке ұйысқан халықтарды да сол байырғы атаумен атағанын өз мәнiнде ұға аламыз. Құлаған Пиңлиаң патшалығынан қашып келiп, Алтын тауға орналасқан, одан Жыужән қағанатына бодан болып, соларға бiр жарым ғасыр бойы темiр өндiрiп, жартылай жатаққа айналған қыпшақ тайпаларынан құралған құранды жұрттың жетiлiп, нығайған кезiнде құрған хандығының атын басқаша атамай, Түрiк атап, өздерiн түрікпiз деуiнiң негiзiнде, мiне, осы көшпелi өмiр салты қалыптастарған ежелгi заңдылық жатыр, иен даласында еркiн жүрiп үйренген дала перзенттерiнiң өздерi бiлетiн ежелгi тәуелсiз Түрік мемлекетiндей ел болуды аңсаған арман-аңсарлары жатыр. Олардың тәуелсiздiкке қол жеткiзiсiмен өздерi құрған мемлекетiн «Мәңгiлiк ел», «Мәңгi ел» деп атауларында да осындай мән, сондай сенiм бар.
Осыны түсiну арқылы бiз ортағасырлық түрiктердiң VI ғасырда Түрік қағанатын құру үшiн ғарыштан келмегенiн, олардың ата-бабаларының да осынау Ұлы Далада кәдiмгiдей соқтықпалы, соқпақты жол басып, қилы-қилы замандарды бастан өткерiп барып, елдiк бiрлiкке, халықтық тұтастыққа қол жеткізгенiн анық ажырата аламыз.
Мұны түсiну арқылы бөлшектенемiз деп бөтен басқа бiр бөрi-жұртқа жем болып, езiлiп еңсесi түскен елдiң ес жинап қайта бiрiгуге бет бұрғанда Түрiк рухына жүгiнiп, оны қолдар киесiне, құтқарар иесiне айналдыруының себебiн танимыз. Сонда ғана осы таным-түсiнiк бiзге мынау Ұлы Далада сонау есте жоқ ескi замандарда бiр Түрік деген елдiң болғандығын, оны, жоғарыда айтқан үш бiрлестiктiң құрамына кiрген халықтардың (тайпалардың) құрағанын ұғынып, олардың тарихын жан-жақты танып-бiлуiмiзге жол ашады. Бiрақ, өкiнiшке қарай, қазiр бiз бұған қол жеткiзе алмай келемiз.
Қойшығара Салғара