Географиялықаумақтық бөлініс
Жалпы ежелгі түрік жұрты көбейе келе (бұған табиғи өсiп-өнуiн де, төңiрегiндегi көршiлерiн жаулап алып, құрамына енгiзуiн де жатқызуға болады) Ұлы Далада географиялық-аумақтық орналасуына қарай, өзара «өзенсу бойындағылар», «далалықтар» және «орман адамдары» болып, үшке бөлiнгенін айтқанбыз. Тым арғы заман ғалымдарының ұғым-түсiнiгiне бақсақ, осы үштiктiң құрамында ежелгi түрiктермен бiрге олардың көршiлерi славян, угро-финн, тiптi шын-машын халықтары да қоса қамтылатын тәрiздi. Мұны ұлан-байтақ скиф-сақ даласын тек түрік халықтары ғана мекендеген екен деген жаңсақ пікір тумауы үшiн ескертпе ретiнде айтып отырмыз.
Ерте заманда үлкен өзен-су бойын мекендегендердi, яғни теңiз, көл, дария жағалауларындағыларды «ғұздар» деп атаған. «Ғұз» атауы байырғы түріктердің өзен-су мағынасын білдіретін «үгүз» деген сөзiнен шыққан. Атаудың мағынасы «су бойындағылар» дегенді бiлдiредi. Ғұздар да, жоғарыда айтқанымыздай, өз тарапынан өзара: «Iш ғұздар» немесе «Ішкі ғұздар» және «Тыс ғұздар» немесе «Тысқы ғұздар» (кей дереккөздерінде «Сырт ғұздар» немесе «Сыртқы ғұздар» деп те айтылады) болып, екiге бөлiнген. Мұндай бөлiнiстiң кейiн ғұздардың орнын басқан оғыздар дәуiрiнде де сақталғаны «Қорқыт ата кiтабында» да айтылады. Онда оғыз елiнiң ханы – Дерсе халқын жинауға әмiр бергенде: «Iшкi оғыздарды, сыртқы оғыздарды жый» деп анық көрсетіледi (Қорқыт ата кітабы // «Ежелгі дәуір әдебиеті». – А., 1991. – 50-б).
Iшкi ғұздар кейiн iргесiн батысқа қарай кеңейтiп, Қара теңiздiң солтүстiк жағалауын түгелдей иелендi. Олардың бiр бөлегi ата мекендерiнен өздерi ығыстырып айдап шыққан көшпелi жұрт – киммерлердi қуып, Кап тауы (Кавказ тауы) арқылы Кiшi Азияға өттi. Х.э. дейінгі 670-674 жылғы Ассириямен болған соғыста қаза табатын, тарихқа белгiлi скифтiң патшасы Ишпақай – осы iш ғұз, яғни ішкі ғұз елiнiң перзентi. Тарихшылар қазiр осы «Iш ғұз» атауын сырт елдiң бұзып жазғанына қарап, «иш-гуз», «иш-куз», «ич-гуз», «аш-гуз» деп оны әр түрлi оқылуында алып жүр. Еуропалықтардың грек деректеріне сүйе ніп, «скифтер» деп атап жүргендері осы ішкі ғұздар.
Ишпақайдың немересi Мәдидiң тұсында осы iшкi ғұздар атақты Мидия империясының негiзiн қаласты. Кейiн Мидия империясы құлаған кезде ғұздардың «Мәди елi» атанған бөлегi (ішінде матай, манаш тайпалары бар) Орта Азияға келiп, одан соң бүгінгі қазақ жері арқылы Едiл-Жайық жағалауларына қарай ойысқан. Олардың «Мәди-ар» деген атауға ие болған кездерi де осы тұста. ХIII ғасырдың орта шенiнде Плано Карпини мен Гильом Рубруктың Жайық бойынан көретiн, «башқұрттармен бiр тiлде сөйлейдi» дейтiн венгрлерi осы мәдиарлар (мадиярлар) (Путешествие в восточные страны. – А., 1993. – Стр. 42 и 107). Сондай-ақ мадиярлардың угро-финндермен араласқан бiр бөлегiнiң қазiргi Венгрия жерiне ауып барғандары да тарихтан жұртқа белгiлi. Бiрақ мұның бәрi өз алдына жеке әңгiме.
Ғұздардың Каспий теңiзiнiң оңтүстік және оңтүстік шығыс жағалауларын мекендегендерi «Сыртқы ғұздар» деп аталған. Бiрақ олардың төл атауын сақтаған өздерiнен қалған жазба мұра болмағандықтан, парсы деректерiне сүйенген еуропалықтар сыртқы ғұздарды парсылар берген «сақ» деген лақап атымен ресми тарихқа енгізді. Сол себепті олар ресми тарих ғылымында әлі күнге осы парсылар берген атауымен аталып келеді. Осы орайда өздерiнен қалған нақты жазба деректер болмаған соң, кезiнде төл атауы ұмытылып, отырықшы көршiлерiнiң берген лақап атауымен аталып жүрген халықтардың жалғыз осы сыртқы ғұздар емес екенiн де ескерген жөн.
Ежелгi түріктердiң су бойындағыларды «ғұздар» деп атайтынына кейiн Шығысқа қоныс аударып барған далалықтардың да «ғұздар» деп аталуы толық куәлік береді. Олар аумақтық (территориялық) орналасуына қарай өзара үшке бөлінеді: Селенгi (Орхон, Тола), Байкөл, Енесай, Аңғар бойын мекендеген далалықтардың солтүстік шалғайдағы бөлегiн – «қырғыз» (қырдағы ғұз, яғни шеттегі, шалғайдағы ғұз), оңтүстіктегі отырықшы бөлегін – «ойғыз» (ойғыз, яғни отырықшы ғұз) және осылардың ортасындағысын «ойғыр» (ой-қыр, яғни жартылай отырықшы, жартылай көшкінші ғұз) деп атайды (Салғараұлы Қ. Алтын тамыр. – Алматы, 1986. – 247-259-бб.).
Ұлы Даланы мекендеген ежелгi түріктердiң қыр жайлаған далалық бөлегiн – әуелі далалықтар, кейін «Қыпшақтар» деп атаған. Олар өзара беске бөлiнедi: шығыстағыларын – «көк қыпшақтар», батыстағыларын – «құба қып шақтар», солтүстiктегiлерiн – «қара қыпшақтар», оңтүстiктегiлерiн – «қызыл қыпшақтар», ал ортасын – «сары қыпшақтар» деген (Салғараұлы Қ. Көмбе. – А., 1989. – 51-56-бб.).
Зерттеу барысында бұлай бөлінудің Ұлы Даланы ендей мекендеген қыпшақтардың батыстағыларына да, шығыстағыларына да бірдей ортақ екені анық аңғарылады. Мұндағы «көк», «ақ (құба)», «қара», «қызыл», «сары» атаулары әдеттегi түстiк белгiнi бiлдiрмейдi. Ежелгi түріктерде төрт құбыланы: шығысты «көк», батысты «ақ (құба)», солтүстiктi «қара», оңтүстiктi «қызыл», ал осы төрт құбыланың ортасын «сары» деп атайтын дәстүр болған.
Шығыстағы ежелгі қыпшақтардың осылайша өзара беске бөлiнгенінің ізі қытайдың көне жазбаларында да сайрап жатыр. Әрине, көнеқытайлықтар оларды дәл осылай атамайды, өздерiнше: «бей ди» (солтүстiк далалықтар), «бәй ди» (ақ (құба) далалықтар), «чи ди» (қызыл далалықтар), «чаң ди» (ұлы, яғни көк далалықтар), «со» (сары) деп бередi . Ал осылардың iшiнен көк қыпшақтар ұрпағының атақты Түрiк қағанатының шаңырағын көтеруге қатысқанын, кейiн олардың тарихқа «түрiк-қыпшақ», «көк түрiк», «түрік-сыр» деген атаулармен белгiлi болғаны тарихтан хабары барлардың баршасына мәлім.
Бір ғажабы, ресми тарихта қыпшақтар туралы VIII ғасырдың екiншi жартысына дейiн ештеме айтылмай келеді де, тек содан кейiн ғана сөз бола бастайды. Және бұл әңгімелер бiр сәтте бүкiл дала «Қыпшақ даласы» («ДештіҚыпшақ») аталып, жер бетiн түгел қыпшақтар басып, қаптап кеткендей әсер қалдырады. Мұның бәрі зерттеушілерді, әсіресе өздерін байырғы қыпшақтардың мұрагеріміз деп сезінетін қазақ тарихшыларын ойлантуға тиiс едi. Өйткенi, халық бiр жазда өнiп, қаптап кететiн шегiртке емес қой. Бiрақ, амал не, бұл жай ешкімді ойлантпады, ескi iзбен ескi әуендi қайталап, «қыпшақ тайпасы ІХ ғасырда Қимақ мемлекетінен бөлінгеннен кейін белгілі болды» деуден таймай келеміз.
Бiз өз тарапымыздан бұлардың бәрiне алда, ортағасырлық түріктер туралы сөз болғанда, арнайы тоқталамыз. Әзiрге айтарымыз, ортағасырлық түріктер, яғни алтайлық түріктер, қазiргi тарихшыларымыз жазып жүргендей, түріктердiң арғы тегi емес, олар, жоғарыда айтқанымыздай, шығысқа қоныс аударып барған ежелгi түріктердiң бiр бұтағы – қыпшақтардың бiр тармағы – көк қыпшақтар ғана.
Ежелгі түріктердiң «орман адамдары» деп аталатын тармағы жөнiнде нақты тарихи дерек жоқтың қасы, көбiне аңыз-әңгiмелерде айтылады. Сондай-ақ олар туралы «Оғыз-нама», Рашид ад-Диннiң «Жылнамалар жинағы» тәрiздес еңбектерден де кездестiруге болады. Мұнда оларды «ағаш ері» деп атайды. Ал орыстың жазба деректерiнде оларды «лесные люди» («орман адамдары») дейді. Олар негiзiнен аң шаруашылығымен айналысып, бағалы аң терiлерiн көршiлерiне апарып, өздерiне қажеттi заттарға айырбастап алып отырған. «Орман адамдары» деген атау түрік тектес халықтармен бiрге славян, угро-фин халықтарын да қамтиды. Шамасы осылардың түріктерге жататыны – «Ағаш ерi» деп аталғандары болса керек. Бұлардың ұрпақтары түрк халықтарының құрамында қазiр де кездеседi. Мысалы, ғалымдардың башқұрт халқын этникалық жағынан топтастырғанда, оларды «орман адамдары» және «далалықтар, яғни қыпшақтар» деп екiге бөлетiнi – соның айғағы.
Осылардың ғұздар мен далалықтарын, негiзiнен, түрiк халықтары, ал орман адамдарын славян және угро-финн халықтары құрайтын сияқты және ежелгі халықтардың тiл ерекшелiктерiне қарай көне жазба дереккөздерінде әр түрлi аталып, әр түрлi жазылып келгенiмен, бәрi бiр ғана мағынаны бiлдiретiн: «агад-ир(ос)» («агаф-ир»), «акац-ир», «ағаш ерi» атауымен аталғандар кезiнде түрлi жағдайға байланысты түрік халықтары құрамына енiп, уақыт өте келе түріктенiп кеткен осы славяндар мен угро-финдердiң жекелеген тайпалары болса керек. Өйткенi, атаудың этимологиялық тұрғыдан қарағандағы түріктiк болмысы (ағаш ері, ағаш адамы) осындай ойға жетелейдi. «Акацир»-дің төркінін «ақъ ичер» («ақ ішер, сүт ішер») деген мағынаға телитіндер де бар. Ол бірақ жеке әңгіме (Мизиев И.М. Аталған еңбек. – 52-б.).
Бұл орайда алда айтылар ойды өз мәнiнде дұрыс, толық түсiну үшiн мынандай мәселелердi ерекше назарда ұстау қажет секiлдi.
Оның бiрiншiсi – осы түп бастаудағы үш бiрлестiктiң (ғұздар, далалықтар, орман адамдары) құрамындағы халықтардың түрлi тарихи әлеуметтiк жағдайларға байланысты бастан өткерген бiрiгулер мен ыдыраулардың, бiрiн-бiрi жаулап алулардың әсерімен өзара бiр-бiрiмен сапырылысып жататындығы, былайша айтқанда, бiр ғасырдың басында ғұздардың құрамында «ғұз» аталып жүрген тайпалардың сол ғасырдың ортасында не аяғында далалықтардың құ рамына енiп, «далалық» аталып, болмаса далалықтардың ғұздардың құрамына енiп, «ғұз» аталып жүре беретiндiгi. Сондықтан зерттеу барысында далалықтардың арасында далалық, яғни қыпшақ тайпасы атанып жүрген бiр кездегi ғұз тайпасы, болмаса ғұздардың арасында ғұз атанып жүрген бұрынғы қыпшақ тайпасы кездессе, оны сол жайында мағлұмат берiп отырған дереккөзiнiң шатастыруы деп түсiнбей, мәселенiң мәнiсiне тереңiрек бойлап, мүмкiндiгiнше әлгi аталмыш тайпаның мұнда келуiнiң, яғни жаңа құрамға енуiнiң себеп-салдарын анықтау қажет.
Екiншiсi – көшкіншiлердiң қоныс аударуларына байланысты жаңадан бар ған жерлерiнде далалық алқаптарды, немесе үлкен су бойларын мекендеуiне қарай бұрынғы бiрлестiк атауының, былайша айтқанда, бұрынғы далалықтардың ендi үлкен су бойын мекендеуiне байланысты «ғұздар», немесе бұрынғы ғұздардың далалық алқаптарды мекендеуiне байланысты «далалықтар» аталып кете баратындығы. Қазіргі тарихта «оғыз» деп атап жүрген халықтардың құрамы бір кезде шығысқа қоныс аударып барып, өзен-су бойларына қоныстануына байланысты жаңа атауға ие болған байырғы далалықтар мен ғұздардан тұратынын есте ұстаған жөн.
Үшiншiсi – түрлi тарихи-әлеуметтiк жағдайларға байланысты әлгi бiрлестiктер (бұл арада әңгiме негiзiнен ғұздар мен далалықтар жайында) ыдырағанда сол бiрлестiктердiң құрамындағы халықтардың (тайпалардың) бәрi бiрдей төл бiрлестiгiнiң атауын сақтап қалмайтындығы. Мұндайда бұрынғы бiрлестiк атауын әдетте жетекшi рөл атқарып жүрген негiзгi бiр халық (тайпа) қана сақтап қалады да, басқаларының бәрi өздерiнiң бұрынғы халықтық (тайпалық) атауларын қайта жаңғыртып, болмаса басқа бiр жаңа атауға ие болып, тарихқа сол атауымен танылып кете барады. Осыны жете танып, ажырата бiлмеген, бiлсе де қажеттi мән бермеген отырықшы елдердiң көшкіншілер жайында қалам тартқан өкiлдерi көп жағдайда атауға қарап, бiрлестiк пен жеке тайпаны шатастырып, түйiндiк пайымдауларында елеулi қателiкке ұрынып жататынын байқауға болады.
Бұл айтылғандар, бiрiншiден, аталмыш бiрлестiктер атауының сол бiрлестiктер құрамына енген халықтардың этникалық тұстастығынан гөрi, географиялық ортақтастығын бiлдiрер жалпылық мағынадағы шартты атау екенiн аңғартса, екiншiден, көшкіншілер тарихының отырықшы елдер тарихына ұқсамайтын өзiндiк ерекшелiгiн көрсетедi. Менің Ұлы Дала көшкіншiлерінің тарихын отырықшы елдердiң тарих жазу қалыбына салып жазуға болмайды, оны сол көшкіншiлердiң өзiнiң көшiнiң iзiмен жүрiп, бiрiгулер кезiнде кiмнiң кiмге барып қосылғанын, керiсiнше ыдырағанда кiмнiң қайда кеткенiн ажырата бiлiп, көшпелi өмiр салты тудырған заңдылықтарға сай жазу керек дегендi үнемi қайталай қадап айтатыным да осыдан.
Бұдан әрi айтарымыздың жалпыламалықтан нақтылыққа қарай ойысуы және сөз болар мәселеге қатысты ортақ ойды қайталап жатпас үшiн түрк халықтарын құрайтын жоғарыдағы үш топтың (бiрлестiктiң) әр қайсысына жекелей тоқтап, қазiргi таңда зерттеушiлер назарынан қалыс қалып келген әлгі халықтардың өздерiне тән ерекшелiктерiне ден қоюды жөн көрдiк.
Қойшығара Салғарин