Тіл және жазу

Жаратушы Құдірет жан-жануарлар мен аң-құстардан бастап, бақа-шаян, құрт-құмырсқаға дейінгі барлық қыбырлаған жан иелеріне күнін көріп, тіршілік етулеріне сай әрқайсысына лайықтап қарым-қабілет, ақыл-ес берген. Бұлардың ішінде тек жалғыз адамды ғана ерекшелеп, оларға осылардың сыртында бірбірімен пікір алысып, өзара сөйлесуге және сол арқылы өзгелер істей алмайтын ғажайыптарды жасауына мүмкіндік туғызатын Тіл берген. Тіл – адамзат баласына ғана тән, жаратылысымен бірге берілген қасиет. Ал осы туа бітті қасиетті белгілі бір заңдылық аясында дамыта жетілдіріп, түрлі топтарға бөліп, түрлендіруші адамдардың өзі, олардың ақыл-ойы. Ф. Энгельстің пайымдауына жүгінсек: «Сначала труд, а затем и вместе с ним членораздельная речь явились двумя самыми главными стимулами развития мышления» (Энгельс Ф. Диалектика природы. – М., 1952. – Стр. 135).

Қалай болғанда да, тілдің адам баласымен бірге жасасып, бірге жетіліп, дамып келе жатқаны шындық. Тіл – адамзат тарихының басты куәгері, жанды айғақшысы. Біздің «тіл тарихы – халық тарихы» дейтініміз де содан. Өйткені әр сөз белгілі бір ұғымды иеленіп, адамдардың, халықтардың өзара қарымқатынастағы, іс-әрекеттегі өмірге ендірген жаңалығының мән-мағынасын айқындай алады.

Шартты түрде тілді «ауызша тіл» немесе «дыбыстық тіл» және «жазбаша тіл» немесе «жазба тіл» деп екіге бөледі. Бұлардың пайда болу мерзімі жайында сөз болғанда біріншілік «ауызша тілдің» еншісіне тиеді. Адамзат баласымен бірге жасасып, бірге дамып келе жатқаны да осы ауызша тіл. Уақыт озған сайын адамзат қоғамының ілгерлеп алға дамуына қарай адамдардың өзара қарым-қатынастағы күрделі қажеттілігін өтеуге ауызша тілдің мүмкіндігінің шектеулілігі кейін жазбаша тілді тудырған. Өйткені ауызша тіл, яғни дыбыстық тіл алысқа жетпейді. Сондай-ақ «айтылған сөз – атылған оқ» қайтып оралмайды, өзгеге берілмейді.

Ауызша тілдің осындай кемістігінің орынын толтыру үшін адамдар кеңістік кедергісін кесіп өтіп, төрт құбылаға түгел тарауға, уақыт тосқауылына тосылмай, өткендегіні бүгінге, бүгінгіні ертеңге жеткізуге мүмкіндігі бар жазба тілді, яғни жазуды ойлап тапқан. Жаратылыстың сыйы тілден жазудың (жазбаша тілдің) айырмашылығы да осында, оны адамдардың өздерінің ойлап табуында. Жазу табылғаннан бері де сан мыңдаған жылдар өткен. Осы уақыттар ішінде алғашқы жазудың өзі жетіліп, қалыптасу барысында сан түрлі өзгерістерге ұшыраған. Соған орай жазу тарихын зерттеуші ғалымдар осы өзгерістерді салыстыра зерттеу нәтижесінде бүкіл жазу жүйесін үш түрге бөледі. Оларды ғылым тілінде:. «пиктографиялық», «идеографиялық (басқаша айтқанда: иероглифтік) және «фонетикалық» жазулар деп атайды.

Осының пиктографиялық жазуы көне замандардан бүгінге жеткен жазулардың ішіндегі ең ескі түрі, жазу атаулының бастауы деп есептелінеді. Мысал ретінде амарикалық үндістердің суретті жазуы алға тартылады. Бұл термин: латынша «суретті» және грекше «жазу» дегенді білдіретін екі сөздің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы «сурет арқылы жазылған жазу», «суретті жазу» дегенге саяды.

«Идеографиялық» атауы – латынның «идея» және гректің «жазу» дегенді білдіретін сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы – «түсінікті, ойды білдіретін жазу» («письмо понятий»). Бұл жазу пиктографиялық жазудың заңды жалғасы, соның жетілген түрі деп есептелінеді. Бұған көне қытай, көне шумер жазуларын жатқызады.

Үшінші түрі – фонетикалық жазу. Мұны кейде «буындық жазу» және «әріптік-дыбыстық жазу» деп екіге бөледі. Мұның соңғысын көбіне «алфавиттік жазу» деп те атайды. Біздің бүгінгі қолданып жүрген жазуымыз да жазудың осы түріне жатады.

Арасына белгілі бір уақыттар салып барып, бірінен кейін бірі пайда болған жазудың осы дәстүрлі үш түрінен тарап, тармақтала жетіліп, бұл күнде сан алуан халықтардың атымен аталып кеткен түрлі жазулар баршылық. Осы жазулар арқылы сонау есте жоқ ескі замандардан бастап бүгінге дейінгі жер бетінде өмір сүрген халықтар тарихын оқып, білуге мүмкіндік туды. Жалпы жазулар арқылы жеткен деректерді ғылымда «жазба дерек» деп атайды. Бүгінгі біздің тарихи санамызды қалыптастырған ресми тарихтар осы жазба деректер негізінде жазылған. Өйткені ғылымда ауызша дерекке қарағанда жазба дерекке ерекше мән беріледі. Бұрын да солай болған, қазір де солай.

Мұнда ауызша деректің белгілі бір дәрежеде азды-көпті ауыс-түйіс жаңсақтығы болатынын ескерудің сыртында санада қалыптасқан жазуды кие тұтқан ежелгі түсініктің ықпалы да аз емес. Өйткені ежелгі заман адамдары жазуға тәңірілік сипат беріп, оны «құдайдың ісі» деп ерекше қасиет тұтқан. Мысалы, ежелгі египеттіктер өздерінің жазуын mdw-nir – «құдайдың тілі» деп атап, жазуды ойлап табушыны мәдениет атаулының бәрін өмірге келтіруші құдай – Тоту деп білген. Ал вавилондықтар болса, өз жазуларының авто рын адам тағдырының құдайы – Мардук баласы Набу деп түсінген. Сол секілді ежелгі еврейлер жазуды жарық дүниеге әкелген Мойсей десе, грек мифі бұл игі істі Гермес құдайға телиді. Ежелгі қытайлықтар мен үнділерде де және басқа халықтарда да осындай түсінік болған. Қалай болғанда да, осындай таным-түсініктен бастау алып, кейін болмыстың шындығымен нақтыланып, қалып тасқан таным бойынша жазудың (жазба тілдің) тарихтан белгілі болған халықтардың қай-қайсысы үшін де мәдениеттің, ғылымның және білімнің бастаушысы болғаны талас тудырмайды. Өркениет бар жерде – жазу мен оқу бар. Бұл да шындыққа айналған ақиқат.

Осындай баршаға аян ақиқатты мойындай отырып, адамзат баласымен бірге жасасып келе жатқан ауызша тілдің, соның негізінде өмірге келген әр халықтың өзінің ауызша тарихының дерегі де маңызды екенін естен шығармаған жөн. Бұл, әсіресе, өздерінің байырғы ататілін ардақтап сақтай білген, айтылғанды жадында тұтып, естігенін ұрпағына қаймағын бұзбай, бар мән-мазмұнымен дәл жеткізуді дәстүрге айналдырған, жазу-сызуы кеш дамыған немесе болмаған (болса да кейін түрлі тарихи-әлеуметтік жағдайларға байланысты ұмыт болған, жоғалған) халықтар тарихын танып-білу үшін ерекше мәнге ие.

Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі ресми тарих ғылымы бұл маңыздылықты «көшкінші» деп танылған халықтардың тарихын тануда әлі күнге мансұқ етіп келеді. Бұған дүниежүзі халықтарының ортақ тарихының тек еуропалық танымтүсінікте ғана жазылуы, осы таным-түсінік негізінде бір тектен жаратылған адамзат баласын әуелі «тарихи және тарихи емес халықтар» деп, содан кейін бұл терминдерді өзгертіп, оларға «отырықшы және көшкінші халықтар» деген ат беріп, айдар тағу арқылы екіге бөліп тастап, бірін мәдениетті, өркениетті, ал екіншісін жабайы, тағы халықтар санатында көрсетулері де себепші болғаны анық. Кезінде ғылымға еркін араласқан еуропалық менмендіктің жаратылысы бір адамзат баласы туралы осындай көзқарасты қалыптастыруы салдарынан ежелгі заманда өмір сүрген халықтардың нақты кімдер екенін, олардың қай тілде сөйлегенін танып-білуге мүмкіндік болмай қалды, ізденіс сабақтастығының жолы кесілді. Сол себепті тарихқа дейінгі ежелгі өркениет ошағына от жаққан халықтардың төл тарихы егжей-тегжейлі зерттеліп, басы ашылмады. Ең өкініштісі – тануға талпыныста жасалынбады. Өркениеттік өркөкіректік зерттеушілерді еуропалық таным-түсінік шеңбері аясынан шығармай, ескі замандардан жеткен жазба деректерді, егер ол өздері айтатын «үндіеуропа» болмаса «семит» тілдерінде тануға келмесе болды, «белгісіз халықтікі» деген «үкіммен» біржола жауып тастап, назардан мүлде тыс қалдырды. Соның салдарынан ол халықтардың шыққан тегі, сөйлеген тілі әлі күнге белгісіз күйінде қалып келеді. Бүгінгі ғылымның жетілген, техниканың мейлінше дамыған заманында да оны зерттеп білсек, шындықты анықтасақ, бір кезде кеткен кемшіліктің орнын толтырсақ деп ізденіп жатқан жан тағы жоқ. Қалыптасқан танымтүсінік бойынша: бәрі анықталған, одан әрі бірдеме білу мүмкін емес секілді. Алайда жетілген ғылым жетістіктері басқа жайды аңғартады. Бұған генетик ғалымдардың соңғы табыстары айғақ.

Айтылғандардың анықтығын айқындай түсу үшін бүгінгі ресми тарих деректеріне ой көзімен үңіліп, сондағы ой тұжырымдарды зерделей шолып шыққанымыз жөн болмақ. Сонда, ең алдымен, ресми тарихтың ұсынған тұжырымдары бойынша «ежелгі өркениеттің ошағы» деп танылған Оңтүстік Еуропа, Таяу Шығыс және Африка жерлеріндегі әлгі көне өркениетті тудырған, жазусызуды өздері ойлап тапқаны үшін жазу түрін әрқайсысына еншілеген (мысалы, «шумер жазуы» деген сияқты) ежелгі халықтардың бәрінің бірдей бұл өңірлерге сырттан келгенін және олардың бірде-біреуінің бастау тарихының жоқтығын, сол тәрізді қайдан келіп, қай тілде сөйлегенінің белгісіздігін аңғаруға болады. Сөз жалаң болмас үшін мысалға бірер тарихи деректер келтіре кетелік және оны осы деректердің бәрі жазу арқылы жеткендіктен жазу мәдениетіне алғашқылардың бірі болып қол жеткізген шумерлерден басталық.

Тарих дерегі бойынша сынажазуды (клинопись) бірінші болып қолданған шумерлер делінеді. Аккадтар, яғни вавилондықтар мен ассириялықтар сынажазуды осы шумерлерден қабылдаған. Бұл ретте зерттеушілер жазудың алғашқы түрі – пиктографиялық жазудан орындалуы жеңіл сынажазуға көшудің себебін де шумерлер мекендеген жердің қыш тақтайшалар жасауға аса қолайлы сазбалшыққа ерекше бай болуымен байланыстырады. Осылай делінгенмен, шумерлердің сынажазуды алғашқы ойлап табушылар екені әлі нақты анықталмаған. Бұған кейбір зерттеушілер кәдімгідей күмән келтіреді. Сондай-ақ шумерлердің өзі туралы оларды Месопотамияның байырғы тұрғындары ма, жоқ әлде басқа жақтан қоныс аударып ауып келгендер ме деген мәселе де басы ашық күйінде қалған. Көптеген зерттеушілер шумерлерді х.э. дейінгі IV мыңжылдықтың ортасына таман Месопотамияға сырттан келген болар деп шамалайды. Ресми тарих та осы тұжырымды теріске шығармайды. Бірақ та шумерлер мұнда қайдан келді, шыққан тегі кім, қай тілде сөйлеген деген мәселелер зерттеусіз қалған.

Жазу тарихының ғылым әлемінде, ғалымның өз сөзімен айтқанда, Золушканың кейпінде жүргенін ескеріп, оны ғылым саласына айналдыру мақсатында жан-жақты зерттеп, арнайы «Алфавит» атты көлемді монография жазған, онысы ғылыми ортадан үлкен қолдау тауып, бірнеше қайта басылған ағылшынның белгілі тілтанушы ғалымы Давид Дирингер адамзат баласы ойлап тапқан жазулардың тарихын зерделей келіп, шумердің сынажазуы жөнінде: «…Это великое изобрентение было сделано шумерийцами – народом, который говарил не семитском или индоевропейском, а на особом агглютинативном языке (қарайтқан біз – Қ.С.); этническая и лингвистическая принадлежность шумерийцев до сих пор не подается определению. Впрочем, некоторые ученые начинают задумываться над тем, справдливо ли приписы это достижение шумерийцам. Мы также не можем решать, где было изобретена клинописная система – в Месопотами или каком-либо другом месте; последние предположение кажется нам даже более вероятным» (Дирингер Д. Алфавит. Издание третье. – М., 2008. – Стр. 59), – деген ой айтады. Бұл – қатардағы көп зерттеушінің бірі емес, бүкіл жазу атаулының тарихын зерттеп, жазып отырған маман, тілші ғалымның сөзі. Осыдан-ақ жоғарыда айтқанымыздың, яғни ежелгі замандарда өмір сүрген байырғы халықтардың тарихы мен тілін танып-білуге тек еуропалық таным-түсінік тұрғысынан қарап, оған сай келмесе әлгіндей «говарил не семитском или индоевропейском» деп тарта беретінін анық көруге болады. Әйтпесе, дүниежүзі халықтарының тілі мен жазуын арнайы зерттеген, өмірде семит тілінен басқа тілдердің де бар екеніне көзі жеткен, тіпті, шумерлердің ерекше бір агглютинативтік тілде сөйлейтінін нақты біліп отырған зерттеушінің осы халықтың этникалық, лингвистикалық тегін анықтауды әрі жалғастырмай, ғылыми қорытынды жасауын қалай түсінуге болады? Егер зерттеуші еуропалық таным-түсінік аясынан шығып, шумерлерден қалған мифтердің, гимндердің, эпостардың тілін тек семит тілімен салыстырып қана қоймай, әлемнің агглютинавтік тілді мұра еткен басқа халықтарының тілімен салыстырып зерттесе, олардың шыққан тегін, Месопотамияға қайдан келгенін мүмкіндігінше біраз анықтауға болмас па еді. Осындай зерттеулердің болмауы салдарынан қазіргі таңда шумерлерді «түрік халқы» деп танып, діни танымы, тілдік бірлігі тұрғысынан дәлелдеп жүрген жекелеген зерттеушілердің еңбегі ғылыми ортаның ілтипатына ілікпей, назардан тыс қалып келеді. Мысалы, қазақстандық зерттеуші О. Сүлейменов шумер тілі мен түрік тілінің түбірі ортақ, дыбысталуы ұқсас, мағынасы бірдей сөздерінің сөздігін жасап, екі тілдің жазу таңбаларын салыстыра зерделеуі (Сулейменов. О.О. Аз и Я. – А., 1975. – Стр. 191-192 және Тюрки до истории. – А, 2002. – Стр. 186-210).

Бұларға тікелей қатысы болмаса да, кезінде пиктографиялық жазуға ие болған Американың ежелгі тұрғандары: Майя, Астек (Ацтек) халықтарының тілін зерттеп, оларды «түрік тілдерінің тобына қосуға болады, морфологиялары тым ұқсас, екеуі де жалғамалы (агглютинативтік) тіл» деген америкалық Отто Риригтің, уругвайлық Б. Ферейроның пайымдауларын әрі жалғастырған ке йінгі зерттеушілер: ресейлік Ю. Кнорозовтың, татарстандық А. Карамулиннің, қазақстандық Ә. Ахметовтың еңбектерін қосуға болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, бұлардың ешқайсысы не тіл, не тарих ғылымы тарапынан қолдау таппай, әлі күнге ескерусіз келеді. Бар үміт генетик ғалымдардың ДНК зерттеулерінің нәтижелеріне сүйеніп, Америка үндістерін кезінде Алтайдан Беринг бұғазы арқылы өтіп, мұхиттың арғы жағына қоныс аударған түрік халықтары деп тапқан жаңалығында. Егер осы ақиқат шындық болса, онда ізденіске жаңа өріс ашылып, тіл және тарих ғылымдары салаларында ірі өзгерістер болары анық.

Осындай жайларды ежелгі арийлер туралы да айтуға болады. Ресми тарих арийлердің үнді жеріне басқа жақтан ауып келгеніне де, Үнді жазығындағы теңдессіз ғажайып мәдениетті осы сырттан келгендердің жасағанына да күмән тудырмайды. Бірақ бұлар неғылған халық, қайдан келген, қай тілде сөйлеген дегенге келгенде әдеттегідей нақтылық жоқ. Әркім әр түрлі пікір айтады.

Жазба дерекке жадыланып, еуропалық таным-түсінік шеңберінен шыға алмаған зерттеушілер, әдеттегісінше, бұларды «батыстан келгендер» деп өте шығады. Дәйекті дерек келтіріп жатпайды. Мұндағы олардың «батыс» деп отырғандары – Оңтүстік Еуропа. Бірақ бұлар жалғыз емес, олармен келіспейтін зерттеушілер де бар. Олар арийлерді үнді жеріне терістік батыстан, яғни Орта Азиядан шыққандар деп пайымдайды. Алайда бұл пайымдаудың да әзірге нақты айғақты дәлелі жоқ.

Қалай болғанда да, ескі заманнан жеткен көне жазбалар дерегі арқылы ой түйген зерттеушілердің қай-қайсысы болса да арийлердің үнді жеріне келуі жөнінде әуелде сол кездегі табылған археологиялық материалдар негізінде «х.э. дейінгі ІІ мыңжылдықтың ортасы» деген пікірге қорып, осы тұжырымды ғылымға енгізген болатын. Алайда үнді жерінде ширек ғасыр бойы үзбей жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде табылған кейінгі айғақтар бұл пікірді теріске шығарып, аталған мерзімді бір жарым мың жылға ұзартқан-ды. Нақтырақ айтқанда, бұлайша мерзімдік өзгеріс жасауға байырғы Үндістан жерінің терістік-батысынан ежелгі қалалардың орны табылып, соны жан-жақты зерттеу нәтижесінде олардың х.э. дейінгі ІІІ мыңжылдықта салынғаны анықталғаннан кейін барып қол жеткен. Ғылымға «харапп мәдениеті» деген атпен енген бұл мәдениеттің болған мерзімін кейіннен табылған, архитектуралық тұрғыдан алғанда Хараппа қаласына қарағанда әлдеқайда күрделі Мохенджо-даро қаласынан табылған материалдық айғақтар да одан әрі нақтылай түскен.

Ғалымдар осы қалалардан табылған дүниелердің Месопотамиядан табылған заттарға ұқсастығына қарап, харапп мәдениетін шумерлер тарихымен байланыстырады. Осыған орай зерттеушілер тарихқа дейінгі өркениеттер тамырластығын тілге тиек ете отырып, үнді жеріндегі осынау ғажайып мәдениетті жасаушылар мұнда Терістік Месопотамия мен Оңтүстік Ираннан келген болар деген болжам айтады. Бірақ бұлар да харапп мәдениетін жасаушылардың кімдер екенін, қай тілде сөйлегенін нақтылай алмайды. Болжамнан басқа, көңіл тояттар нақты деректер келтірмейді.

Осы орайда айтылған жайларды ой елегінен өткізу арқылы жалпы жазба деректерде кездесетін ежелгі халықтардың тарихын зерделегенде олардың тегін, тілін анықтауда өктем естілетін «үндіеуропалық тіл» («индоевропейский язык») немесе «үндіеуропалық тіл емес» («не индоевропейский язык») деген терминнің қалай өмірге келгенін және оның себептерін топшылауға болатын секілді. Біздің пайымдауымыша, мәдениет зерттеушісі С.Н. Артоновскийдің әділ атап көрсеткеніндей: «Феодалдық Еуропаның тар шеңберінде пайда болып, кейін еуропалық жұрт өздерінің ғылыми-техникалық деңгейі бойынша адамзаттың өзге бөлегін артта қалдырып, әлемдік өркениет сахнасына шыққан кезде ерекше өріс алған еуроцентризмнің» (Артоновский С.Н. Историческое единство человечество и взаимное вляние культур. – Л., 1967. – Стр. 19) сойылын соққан еуропалық ғылым өкілдері тарихқа дейінгі көне өркениетті де еуропалық халықтардың аталары жасаған деген тұжырымды қалыптастыру мақсатында бір-біріне жалғаса жатқан, ежелгі өркениет ошағы болған Оңтүстік Еуропа, Таяу Шығыс, Африка және Үнді жерін мекендеген байырғы халықтардың тегін анықтап, қай тілде сөйлегенін саралауға онша құлықты болмаған тәрізді. Сол себепті де олар байырғы өркениетті жасаушы ежелгі халықтардың протоеуропалықтар екеніне күдік тудырмас үшін семит тілінде сөйлемейтіндердің бәрін бір бөріктің астына тығып, «үндіеуропалық емес» («не индоевропейский») халықтар деп, белгісіздік құрдымына ысырып тастап отырғандай көрінеді. «Үндіеуропалық тіл» деген негізі бұлдыр жасанды лингвистикалық терминнің ғылымға еніп, орнығуы да осыдан, Үндістан жеріндегі ежелгі өркениетке ортақтасу мақсатынан туғаны айқын аңғарылады. Әйтпесе, тарихқа дейінгі, тарихтан кейінгі кезеңдердегі оқиғаларды тұтас алып қарағанда да, Үндістан жерінен шығып Еуропаға барып, өз өркениетін орнатып, жергілікті халықтарға мәдени ықпалын тигізген бірдебір халық, не бірде-бір тайпа болған емес. Оны анықтайтын не ауызша, не жазбаша ешқандай дерек те кездеспейді. Олай болса, «үндіеуропалық тіл» дегеннің болуына да не тарихи, не лингвистикалық негіз жоқ.

Тағы бір мысал. Зерттеушілер ежелгі Крит өркениетін Еуропа елдерінің Египет пен Месопотамия мәдениетімен өрелесер бірден-бір жалғыз мәдениеті деп есептейді. Оны көп жағдайда «эгейлік өркениет» немесе «минойлық өркениет» деп те атай береді. Мұның алғашқысы Эгей теңізіндегі басқа аралдардың Крит мәдениетімен тектес болуына орай ортақ мәдениетті тұтас қамту мақсатында аталса, кейінгісі Эгей патшалығының патшасы Миностың есіміне байланысты берілген. Бұл термин қазба жұмыстар жүргізу арқылы осы Крит және Кипр аралдарындағы ежелгі өркениеттің ғылымға танылуына айтарлықтай үлес қосқан ағылшынның атақты археологы Артур Эванстың ұсынысымен енген.

Осы А. Эвансы бар, басқа мамандары бар, бәрі Криттің ежелгі тұрғындарының сонау есте жоқ ескі заманның өзінде өте жоғары деңгейдегі мәдениетке қол жеткізгенін бір ауыздан мойындайды. Оның солай екенін Криттен табылған архитектуралық құрылыс қалдықтары мен олардың қабырғаларына және қыш бұйымдарға салынған суреттері ғана емес, сондай-ақ Криттің өзіне тән төл жазуы болғаны да, оның бүкіл Греция өркениетіне жасаған ықпалы да негіздей түседі. Грек дәстүрінің Крит аралын үлкен мәдениет орталығы ретінде қабылдайтыны да, өз тарихтарын осы мәдениетпен байланыстыратыны да содан болса керек. Мұның сыртында Критте дамыған «сызықты А жазуының», оның кейінгі жетілген түрі «сызықты Б жазуының» негізінде грек алфавитінің өмірге келгені де тарихтан мәлім.

Крит өркениетін зерттеп, танып-білуге ағылшындар мен итальялықтардың және кейіннен қосылған америкалықтардың қосқан үлесі ерекше. Осы елдің археологтарының табанды еңбегінің арқасында Критте неолит кезеңінің ұзаққа созылғаны, оның 5000 жылды қамтитыны, одан кейін қола дәуірінің, ғалымдар тарапынан «минойлық» деп аталған өркениеттің, басталғаны анықталды. Алайда ежелгі ұлы мәдениеттің болғанын айғақтар керемет сарайлар мен көптеген өнер туындыларының табылғанына қарамастан, Крит өркениетін жасаушылардың кімдер екені баяғы анықталмаған күйі қала берді. «Криттің ежелгі тұрғындары кімдер?»; «олар қай нәсілге жатады?»; «қай тілде сөйлеген?»; «олардың тарихы қандай?» деген тәріздес толып жатқан сұрақтар жауапсыз қалды. Неге бұлай?..

Крит өркениетіне қатысты деректер мен зерттеулерді қарап отырсаңыз, бұлай болмауға тиісті сияқты. Өйткені есте жоқ ескі замандардағы ежелгі мәдениеттің қашан, қайда пайда болғанын кезінде соны жасаған адамдардан қалған заттық айғақтар, ал олардың кімдер екенін, қай тілде сөйлегенін жазба дерек мәліметтері арқылы анықтауға болады десек, осының бәрі де Крит аралынан табылып отыр. Материалдық айғақтарды былай қойғанда, түрлі заттарға жазылған жазулардың өзі де жетерлік. Олардың ішінде жазудың дәстүрлі үш түрімен: пиктографилық, идеографиялық (иероглифтік), фонетикалық жазумен жазылғандары бар және олар біреу емес, бірнешеу. Бір ғажабы, осы жазулардың бәрі дерлік танылып, оқылған. Бірақ, соған қарамастан, жазу иесі халықтың кімдер екені анықталмайды. Былай қарасаң: суретті жазу құпиясы ашылады, иероглифі танылады, әрібі оқылады, тек осы жазуларды сөйлетер тілі түсініксіз, қай халықтың тілі екені белгісіз. Өйткені, ол тіл – «үндіеуропалық емес». Солай болғандықтан, ол одан әрі зерттелмеген, әлемнің басқа тілдік топтағы ха лықтарының тілімен салыстыра, сабақтастыра тексерілмеген. Сондықтан да оның бәрі тарихқа кім екені белгісіз халықтар жасаған өркениет болып қалған.

Жасыратыны жоқ, ғылымдағы осындай сыңаржақтылық қазір де сол күйінде қайталанып келеді. Осы жағдайларды зерделей келгенде, ежелгі дүние тарихындағы отырықшы емес байырғы халықтардың аттары белгілі болғанымен, бірде-біреуінің заттарының белгісіз болып қала беретіні де осыдан ба деген ой келеді.

Дегенмен, қоғам дамып, ғылым жетіліп, адамның ой-санасы арытқан сайын еуропалық емес халықтардың білімді өкілдері кейінгі кезде ресми тарих қалыптастырған қағидаларға қанағаттанбай, өз халқының шыққан тегін өздері танып-білу мақсатында көне дәуірлерден жеткен жазба дереккөздерін өздерінше зерттеп, содан түйген өз тұжырымдарын алға тарта бастады. Олардың ішінде кәсіби мамандар да, әуесқой ізденушілер де баршылық. Ресми тарих ғылымы мойындап, ғылыми айналымға енбегенімен, олардың пайымдаулары баспасөз беттерінде ара-тұра жарияланып та жатады. Жеке зерттеу еңбек ретінде баспадан кітап болып, басылып шыққандары да бар. Соларды зерделей оқып, салыстырып қарағанда, ресми тарих ғылымы «белгісіз халық» деп келген кейбір халықтардың кімдер екенін, олардың сөйлеген тілінің бүгінгі ғылым анықтаған тілдік топтардың қайсысына жататындығын пайымдауға болатын секілді. Бұл ретте, мысалы, осы біз әңгімелеп отырған тақырыппен үндес Жерорта теңізі аралдарында дамыған ежелгі өркениет жөнінде бұрын-соңды ешкім айтпаған, тосын да жаңалықты ой-пікірлері бар қазақстандық жас зерттеуші Амантай Айзахметовтың «Рождение тюркского мира» (2004) атты еңбегін айтуға болар еді. Бұл – осы кітаптың жаңадан толықтырулар енгізілген екінші басылымы. Бұрын ол әуелі «Колыбель царей человечества» (2001), кейін «Рождение тюрксого мира» (2002) деген атпен жарық көріпті. Амантай – кәсіби маман емес, әуесқой зерттеуші, мамандығы журналист. Соңғы кітабы жарық көргеннен кейін, көп ұзамай қайтыс болған. Тарихтың үлкен жанашыры осы азамат Жерорта теңізінің төңірегі мен аралдарынан табылған қазба мұраларға қатысты ерекше бір жаңалықты алға тартады.

Өткен ғасырдың ортасында археологтар Кипр аралының (бұл аралдың ежелгі аты – «Алаш» – Қ.С.) шығыс жағалауындағы Энкоми деген жерден миной өркениетіне қатысты жазулардың бір түріне жататын жазуы бар қыш тақтайшалар табады. Ғалымдар бұл жазудың жазылған уақытын х.э. дейінгі ХV ғасырға жатқызады. «Сызықты А жазуы» («линейное письмо А») түрімен жазылған бұл жазуды ғалымдар танып, оқығанымен, ондағы сөздердің мағынасын түсіне алмай, оның тілін «гректерге дейінгі тіл» деп табады. Ғылымда ол жазу қазір «этеокипр» («Шынайы кипрлік») деп аталады.

Сол этеокипрлік жазудың бір қыш тақтайшасындағы сөздің де, сөйлемнің де арасын ашатын ешқандай тыныс белгісі қойылмай, тек буын-буын күйінде тіркестіріп жазылған жазуының транскрипциясы мынандай:

«anamatoriumiesaimukulailasanaarisitonosearatovanakasokoosekerakeretulosetakanaku»

Сызықты А жазуымен жазылған мәтіндерді оқумен айналысып жүрген маман ғалымдар қыш тақтайшадағы осы жазуды оқып, оны латын әрпіне түсі ріп, мүмкіндігіне қарай буындар тіркесін жеке сөздерге бөлгенімен, жазылғанның мағынасын толық танып ажырата алмаған. Бар болғаны өздерінің жанынан әріптер қосып, гректің бір қаласы мен адамының атын шығарған. Міне, осы мәтінді қазақстандық (тараздық) жас зерттеуші Амантай Айзахметов өз тарапынан өзгелер құсап ештеме қоспай, ештемесін алмай, сол күйінде жеке сөздерге бөліп оқиды. Ол мынау:

«a-na-ma // to-ri // u-mi-e-sa-i // mu-ku-la-i // la-s // a-na // a-ri-si // to-n // o-se // а-r // a-to // va-na // ka-so // ko-o-se // ke-ra-k / /e-r // e-t // u-l // o-se // ta-k // a-na // ku».

Буын-буынға бөлінген мәтінді А. Айзахметов осылайша өзінше жеке сөздерге бөледі де, оны:

«анама төри емес-ай, макул лайлас ана ариси тон ессе, ар ата пана қасы оқ ессе, керак ер ет ұл өссе, тақ ана қу», – деп оқиды және оның мағынасын орыс тілінде:

«матери моей не царь, а глупый раб достоин, если ее мать шубу кроит, а если в убежище праотца стрелы строгаются, сын в мускулах мужчиной растет, трон, гоняйся за матерью» (Айзахметов А. Рождение тюркского мира. – Тараз, 2004. – Стр. 278), – деп түсіндіреді.

Зерттеу бағытында жаңсақтық болдырмауға септігі тиер деген мақсатпен осы жазуды біз де өз тарапымыздан оқып, мәтінді жеке-жеке сөздерге өзімізше бөліп көрдік. Сонда ол мынандай болып шықты:

«anama\ tor\ iumi \ es \ aimu\ kul\ ailas\ ana \arisi \ton\ ose \ar\ ato \vana \kas \ ok \oose\ kerak\ er\ et\ \ul \ose \tak \ ana \ ku»

Енді осыны оқығанда:

«Анама тор иумі ес айму, құл айлас, ана әрісі тон өссе, әр ата пана қас оқ өссе, керек ер ет ұл өссе, ана тақ қу» деген сөз тіркестеріне айналды. Мағынасы:

«Анама билік таласы ақылдылық емес, ол құлмен бірдей болу. Ана әрісі тон шығарса (тіксе), әр пана болар ата нағыз оқ шығарса (жонса), (ел). керек етер ұл өсірсе, тақ ананы өзі қуады».

Осындағы көне түркілік «тор», «иумі», «айму» деген үш сөз болмаса, басқасы түгелдей бүгінгі қазақ тілі қорында бар сөздер, кез келген тіл білетін адам ешқандай аудармасыз мәтіннің мағынасын толық түсініп, ұғына алады.

Ал сонда бұны не дейміз? Христиан эрасынан он бес ғасыр бұрын жазылған этеокипрлік жазудың түрік тілінде, оның ішінде таза қазақ тілінде сөйлеуі қалай? Осыдан 3500 жыл бұрын Жерорта теңізінің Кипр аралында болып, тақтайшаға өз тілінде жазу қалдырып жүрген бұл қай түрік, қай қазақ? Өмірде не болмайды, әлде бұл басқа тілде жазылған мәтінді қазақ авторының жеке сөздерге бөлуінен пайда болған сөздердің кездейсоқ ұқсас жиынтығы ма? Онда жүйелі мазмұнды қайда қоямыз? Мәтіндегі «әр ана тон өссе, пана ата оқ өссе» деген тіркесті қазіргі қазақ тіліндегі «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалдың ежелгі нұсқасы десек, кім қисынсыз дей алар. Зерделеп көріңізші!?

Дегенмен, қалайда, кездейсоқтыққа көңілде күдік қалмасын, басқа қалақшадағы басқа жазу мәтініне кезек берелік. Кездейсоқтық ешқашанда жүйелі қайталанбайды, олай қайталанса, ол – заңдылыққа жатпақ.

А. Айзахметовтың жеке сөздерге бөлуіндегі этеокипрлік екінші қыш тақтайшадағы жазудың мәтіні мынандай:

«v/itile r/an/u t/ana mun/o ti/ailo/ eki/ jan/oti/ mana ko/toup/ara (или ki, или la)m/i r/an/u t/ana mun/oti».

Оқылуы: «беу, иттер, ан ит анамен өті, әуелі екі қоян өті, манағы тауп аралам ірі ан ит анамен өті».

Мағынасы: «Ей, иттер, аң-ит анамен (ана жермен) өтті, әуелі екі қоян өтті, манағы тауып аламын деген ірі аң-ит, анамен өтті» (сонда. 280-б.)

Бұл аздық етсе, осының жалғасы ретінде берілген тағы басқа бір жазуды оқып көрелік.

«an/a tasi/ tusa/ eki/ vi/ja/ki ma/naa/poi/ eki/ mari m/ana/ tumirai/mikani/ pue/nemina/ panamo/kani/ot/ara/vi/ kavali/ja/ mana mi?»

Мұны да А. Айзахметовтің жеке сөзге бөлуі бойынша беріп отырмыз. Оқылуы: «аң атасы туса екі боп иа қойма, наса бол, екі марым ана тумырай, мекені боп немене пана ма, қаны от ара боп қапалы иа мана ма?»

Мағынасы: «аң атасы туса, садағыңды бөлек (екі боп) қойма. Сақ бол. Анаң екі қайыра тумайды. Немене, мекенің пана бола ма, ара қанды от қапалы болғанда, садағың қорғай ма?». Бұл – біздің түсіндіруіміз. А. Айзахметовте сәл басқашалау. Ол былай дейді:

«Если родится царь зверей, не ставь на пару с ним жилище свое рядом, будь осторожен. Мать не родить тебя дважды. Или земля твоя – тебе убежище? Если кровавый очаг рядом, не опасное ли это соседство?»

Қалай болғанда да, нақтылық үшін демесек, бұл арада этеокипрлік мәтіннің сөздерін ешқандай түсіндірмесіз-ақ кез келген қазақ тілін білетін адам еш қиналмай-ақ түсінері анық. Тіпті, жасыратыны жоқ, сөздің түсініктілігіне, айтылған ойдың жүйелілігіне қарап бұл жазуды бұдан үш жарым мың жыл бұрын өмір сүрген кипрлік аңшылар емес, ХVІХVІІ ғасырдағы Қазақ хандығының қазақтары жазды десе, ешкімнің де күдіктенбесі хақ. Таңданарлық та, ойланарлық та дүние!

Бұған не дейсіз? Сонда бір тілде сөйлеп, бір жазумен жазу жазған; гректерден де бұрын Кипрді мекендеп жүрген этеокипрліктер кімдер? Х.э. дейінгі ХV ғасырда «сызықты А жазуымен» жазған елдің жазуларында бүгінгі ХХІ ғасырдың қазақтары түсінбейтін бір сөздің болмауы қалай? Біреу емес, екеу емес, жүзден астам (124) осыншама көп сөздің бәрінің дыбысталуының да, берер мағынасының да, бүгінгі қазақ тілінің сөздік қорындағы сөздермен бірдейлігін көз көріп тұрып, әдеттегідей мүмкін емес деп, қолды бір сілтеп, қоя салуға бола ма? Ой жүйесі, мазмұн, мағынасы ше?! Басқаны қойғанда, кездейсоқ ұқсас сөздердің жоғарыдағыдай: «Ана әрі кетсе, тон тігеді, пана болар әр ата оқ жонады», болмаса «аң атасы туса, садағыңды бөлек қойма. Сақ бол, анаң екі қайыра тумайды» секілді мағыналы тұтас тіркестерді құрауы мүмкін бе?

Осының бәрі қазіргі таңда еуропалық таным-түсінік қалыптастырған қағиданың ізімен салпақтай бермей, бүгінгі жетілген ғылым жетістіктері нәтижелеріне сүйене отырып, есте жоқ ескі замандарда өмір сүрген ортақ ата-баларымыз жасап кеткен ежелгі өркениет тарихын жаңаша пайымдаудың уақыты туғанын дәлелдесе керек. Бұл ретте ежелгі өркениет тарихын еуропалық емес халықтардың да өз таным-түсініктері негізінде зерделеп, төл болмысын өздерінше танып-білуі – ерекше маңызды қажеттілік.

Осы қажеттілік тұрғысынан алғанда, түрік тектес халықтардан шыққан зерттеушілердің өз халықтарының түпкі тегін бергі кезеңнен таратқан ресми тарихтың тоғышар өзімшілдігімен келіспей, көне замандардың тұңғиық тереңінен іздестіруін заңдылық деп таныған және оған барынша қолдау көрсеткен жөн. Біздің пайымдауымызша, олардың бұл бағыттағы қазіргі таңдағы ізденістері нәтижесіз де емес. Көпшілікке белгілі ортақ деректер арқыл ы жасалған жоғарыдағы өз ой топшылауларымызды да осыған айғақ деп білеміз.

Қалай болғанда да, ресми тарихтың ежелгі өркениет ошағы болған өңірлерге сырттан келген халықтардың (тайпалардың) бірдебіреуінің не шыққан тегін, не сөйлеген тілін анықтамай, бәрін бірдей терістіктен жаугершілікпен келген белгісіз халықтар қатарына қоса салуы шындыққа да, ғылымға да қиянат секілді. Өйткені кезінде болған, болып қана қоймай, айтарлықтай үлкен өркениетке қол жеткізіп, ұлы мәдениет тудырған халықтардың бәрінің бірдей артында мұрагер ұрпақ қалдырмай із-түзсіз жоғалып, «белгісіз халықтарға» айналып, жер бетінен ғайып болуы мүмкін емес қой. Оның үстіне ресми тарихтан сол ежелгі өркениет ошағы болған өңірлердің байырғы тұрғындарының із-түзсіз ғайып болып, ел-жұртсыз қаңырап бос қалғаны жөнінде ешқандай дерек тағы кездестірмейміз. Есесіне қайнаған тірлікті, бір-бірімен сабақтаса жалғасып, өсіп жатқан өркениетті, көркейіп жатқан мәдениетті көреміз.

Мысалы, ресми тарих дерегі бойынша жоғарыда сөз болған шумерлер Месопотамияға (Ефрат пен Тигрдің аралығына) х.э. дейінгі төртінші мыңжылдықтың ортасында келіп, бұл жерлерді семиттерден жаулап алды делінеді. Содан 1500 жыл бойына осы өңірде шумер мәдениеті үстемдік етеді. Тіпті, бұдан кейін де шумер тілінің халықаралық қатынаста қолданыстан шығып қалмағанын айғақтар деректер бар. Бұл ретте әлем халықтарының жазу тарихын жан-жақты зерттеген белгілі тілтанушы ғалым Д. Дирингер: «Шумерский язык, выйдя из употребления как язык разговорный еще в ХVIII в. до н.э., продолжал существовать на протяжения еще многих столетий как язык культа и литературы. Более того, на протяжении всего времени сущестовования клинописной системы шумерский язык продолжал оставаться обязательным элементом образовании вавилонян, ассирийцев, хеттов и других народов» (Дирингер Д. Алфавит. – М., 2008. – Стр. 68), – деген дерек береді.

Міне, осындай халықтың (шумерлердің) халық ретінде із-түзсіз өшуі, тіпті дәурені өткеннен кейін де бірнеше ғасыр бойына аккад тілімен бір өңірде жарыса қатар өмір сүрген оның тілінің «белгісіз халықтың» тіліне айналуы мүмкін бе? Сол есте жоқ ескі заманның өзінде мифтерден, гимндерден, эпостардан құралатын дамыған әдебиеті болған халықтың тілін жалғасын таппай, біржола жойылып кеткен деу үшін де бір негіз керек қой. Сондай-ақ зерттеуші тілші ғалымдардың бәрі бірдей шумер тілін агглютинативтік тіл тобына жатқыза тұрып, оның қазіргі заманда бар халықтардың агглютинативтік тілділерімен салыстыра зерттелмей, «үндіеуропалық тіл емес» деген жалаң тұжырыммен жылы жауып қою да ғылым талабына жатпаса керек.

Себепсіз салдар болмайтыны шындық болса, мұның себебін де, салдарын да, алдымен, кезінде еуропалық емес халықтардың тарихы мен тіліне тиісті мән бермей, оларды зерттеу аясынан тыс қалдырған еуропалық әсіре менмендіктен іздеген жөн. Бірнеше ғасыр бойына ғылымға үстемдік еткен еуроцентристік көзқарас адамзат тарихына бірдей тең дәрежеде еншілес болуға тиісті халықтарды жікке бөліп, оның бір бөлігіне «көшкіншілер» деп ат қойып, айдар тағып, жабайы, тағылардың қатарына жатқызу арқылы оларды түгелдей бастау тарихсыз қалдырды. Соның салдарынан әрқайсысы өз алдына жеке-жеке халық болып жүрген олардың кейінгі ұрпақтарының ешқайсысының қайдан шыққаны, қазіргі тарихқа танылған мекендеріне қайдан келгені, қай нәсілге жататыны, қай тілде сөйлегені анықталмай, жұмбақ күйінде қала берді. Сол себепті бүгінгі ұрпаққа олардың тек жазу-сызуы ертерек дамыған ежелгі көршілерінің тарихы арқылы жеткен аттары ғана белгілі. Бірақ олардың бірде-біреуінің оған дейінгі бастау тарихы белгісіз. Өйткені олардың бүкіл тарихы сол жазба дерекке аты іліккен күннен ғана басталады. Мысалы, жоғарыда айтқанымыздай, бастау тарихы бүкіл адамзат баласының бастау тарихынан тамыр тартып, бері қарай тарқатылуға тиісті түрік халықтарының тарихының артық-кемі жоқ, тұп-тура х.э. кейінгі 545 жылдан (VI ғасырдан) басталуы осы айтылғандардың нақты айғағы. Өйткені 545 жыл – түрік атауының қытайдың Вей (Вій) патшалығының жылнамасына тұңғыш іліккен жылы.

Кезінде ғылымда орын алған осындай сыңаржақтық ежелгі өркениет ошағына от жаққан байырғы халықтардың бәрін бірдей «белгісіз халықтарға» айналдырып жібертіп отыр. Егер олай болмай, бұрынғының өзіндей, көненің көзіндей болып кейінгіге жеткен әр дерекке шынайы ғылым талабы тұрғысынан келіп, жан-жақты зерттеу жүргізілгенде, әлем тарихы бұл күнде басқаша жазылып, бүгінгі жер бетінде өмір сүріп жатқан әр халық өздерінің қайдан шыққанын, қазіргі мекендеріне қалай келгенін, ата-бабаларының кім болғанын өз мәнінде танып-білген болар еді. Олай дейтініміз, мысалы, зерттеуші ғалымдар ресми тарих қалыптастырған түсінік бойынша қытай жылнамаларында аты алғаш аталғанына қарап, түрік халықтарын «VI ғасырда Алтайда пайда болған жас халық» демей, ежелден бар көне халықтардың бірі деп ұққан болса, онда, сөз жоқ, ежелгі мәдениетті жасаушылардың прототүріктер болу мүмкіндігін де ескермей қалмас еді. Бірақ ресми тарих қалыптастырған сана оған мүмкіндік бермеді. Тарихшыларда да, тілшілерде де «ол заманда түрік тектес, түрік тілдес халықтар болды» деген ұғым болған жоқ. Ондай ұғым болғанда, көнеден жеткен дереккөздерін былай қойғанда, сол көне замандардан аты белгілі болған халықтардың халықтық атауларының (этнонимдерінің,) шыққан төркінін (этимологиясын) анықтау арқылы да біраз шындыққа қол жеткізер ме едік, қайтер едік?!.

Осы орайда, сөзге салмақ ретінде, қазіргі таңда біраз түріктанушылар түріктің су және ер (суб-ер) немесе су және жер (суб-йер) деген сөздерінің бірігуінен шыққан деп таныған шумер атауынан басқа осы атаумен өрелес ежелгі халықтық кейбір атаулардың байырғы түрік тілі тұрғысынан төркіндетіп көрелік.

Арамей. Ғылымда бұл атаудың қай тілде не мағына беретіні де, осы атаумен аталған халықтың мекендеген әуелгі ата қонысы да белгісіз. Тек әдеттегідей терістіктен келген ежелгі халықтардың бірі делінеді. Ресми тарихта бұл атаудың х.э. дейінгі ІІІ мыңжылдықтың екінші жартысындағы аккад жазбаларында халықтық атау ретінде A-ra-am түрінде ұшырасатыны айтылады. Зерттеуші ғалымдар мұның да атау ретінде де, жеке сөз ретінде де не мағына беретінін біле алмаған.

Тауратта бұл атау белгілі бір этникалық топтың және солар мекендеген өңірдің аты ретінде «Арам» деп аталады (Кн. Бытия., гл. Х). Мұндағы халықтар тізбесінде «Арам – арамейлердің атасы Симнің баласы» деп көрсетілген.

Ал ежелгі гректер «Арам» және «арамей» ұғымдарын беру үшін олардың орынына «сирия» және «сириялық» деген терминдерді қолданған. Ежелгі еврейлерде де осы түсінік. «В раввинистической литературе, где термин «арамейский» означает «языческий», так как языческое окружение евреев говарили по-арамейски, евреи предпочитали назвать арамейский язык, на котором они говарили сами, греческим названием – «сирийский» (Дирингер Д. Алфавит. – М., 2008. – Стр. 302) Зерттеушілер мұндағы «сирия», «сириялық» терминін «Ассирия» және «ассириялық» деген байырғы атаулардың қысқарған түрі деп есептейді.

Осы айтылғандарды ой таразысына салып, пайымдап көрсек, арамейлердің тегі анық танылмағанымен, осы «арам», «A-ra-am», «арамей», «сирия», «ассирия» ұғымдарының негізінде бір ортақтық барын аңғару онша қиындық туғызбайды. Олай болса, бұл олардың түпкі жаратылыс тегі бір ортақ діңнен өнген бұтақтар екенін және ол діңнің басқа емес, ежелгі түріктер болуы мүмкіндігін осы халықтық атауларды этимологиялық тұрғыдан талдау арқылы көз жеткізуге болатын да секілді.

Мұндағы «арам» мен «A-ra-am» – жаратылыс тегі бір сөз. Айырмашылық тек – аккад жазбасындағы буынға бөлініп жазылғанды Тауратта біріктіріп жазғандық қана. Бұл атау ежелгі түріктің «ара» және «ам» деген екі сөзінің бірігуінен құралып, «аралық аңғар», «аралық қуыс» деген ұғымға ие. Мұндағы: «Ара» – түрік тілінде аралық, екі заттың ортасы, ал «ам» – қуыс, үңгір, аңғар деген ұғымдарды білдіреді. Сонда «Арам» – әуелде белгілі екі елдің арасында жатқан аңғардың (жердің) атауы ретінде танылып, кейін халықық атауға, яғни топонимнен этнонимге айналған атау болып шығады.

Арамей – «A-ra-am» сөзінің семит тілінде айтылуы, «арамдық» деген мағынада қолданылады. Осы орайда тектестік жағынан ұқсас «Элам» халықтық атауының да «аңғардағы ел», «қуыстағы ел» деген мағынаны білдіретін ежелгі түрік сөзі екенін де айта кетсек артық болмас.

Ассирия – ежелгі түрік тілінде «Ас тайпалар бірлестігінен шыққан сыр халқының мекені» деген мағынаны білдіреді. Мұндағы:

Ас – Жерорта теңізі төңірегін мекендеген, осында пайда болған ежелгі өркениеттің негізін қалаушы байырғы халықтың атауы (Ас халықтары жөнінде кейін арнайы сөз болады – Қ.С.). Әлемге әйгілі «Азия» құрлығы да осы ас халқының атымен аталады, Асұя – «астың мекені», «ас елі» деген мағынада.

Сыр (сир) – ежелгі түрік тілінде: мыс, қорғасын, алтын, темір деген ұғымдарды білдірген. Бұл сөз көне түрік тілінен коми, мокша-мордва, чуваш тілдеріне енген, қазір де осы мағынада қолданылады (Советская тюркология. №100). Сырдария гидрониміндегі сыр да осы мағынада. Бұл дария бұрын түрік-сыр халқы жаулап алғанға дейін «Інжу дария» аталған.

Ия – ежелгі түріктің «ұя» деген сөзінің өзге тілдегі өзгеріске түскен түрі. Ежелгі түріктердің «отырықшылар мекені» дегенді білдіретін осы «ұя» сөзі қазір барлық елдің атына «ия» түрінде тіркеліп, «ел, страна» деген ұғымда қолданылады. Испания, Англия, Германия, т.б. Бұл да өз тарапынан түрік халықтарының ежелден бар, көне халық екеніне бір айғақ.

Жалпы тек бұлар ғана емес, ресми тарихта шыққан тегі «белгісіз халықтар» тобына жатқызылған ежелгі ел-жұрттардың бәрінің бірдей болмағанымен, басым көпшілігінің халықтық атауларын осылайша түрік тілдері негізінде тарқата талдап түсіндіруге болады. Мұның солай екеніне осы бағытта арнайы зерттеулер жасап, жан-жақты дәлелдеген татар ғалымы М.З. Закиевтің (Происхождение тюрков и татар. 2003), қазақ А. Айзахметовтың (Рождение тюркского мира. – 2004), орыс Ю.Н. Дроздовтың (Тюркская этнонимика древнеевропейских народов. – 2008) және т.б. осылар секілді ғалымдардың еңбектері арқылы көз жеткізуге әркімнің де мүмкіндігі бар. Біздің негізгі мақсатымыз түрік халықтарының ресми тарих ғылымы қалыптастырғанындай, беріде пайда болған жас халық емес, сан мыңжылдықтарды құрайтын бай тарихы бар, ежелден келе жатқан көне халықтардың бірі екеніне зерттеушілер назарын аударып, ой бөлісу болғандықтан, әңгімені әрі созбай, жоғарыда келтірілген мысалдармен ғана шектелуді жөн көрдік. Төл тарихымызды шынайы төл болмысында тануға ынталы жандар үшін осы айтылғандардың өзі де біраз ойға азық, ізденіске бағыт берер деген үміттеміз.

Қойшығара Салғарин

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *