Махаббат республикасы, Қос жүрек облысы,
Ерлі– зайыптылар ауданының тұрғыны, отағасының кластасы, әрі төсектесі
Сезімгүл Қуғанбаевадан.
Мекен– жайы: Жатын бөлмесі – мөлтек ауданы, солтүстік диван, атлас көрпе көшесі.
Менің түсінік беру себебім, сол түні кластасым әрі жұбайлық өмірде төсектес, көрпелесім, күйеуім Күтірлек Сықырлақұлыны ұзақ күттім. Пәтерімде отыра– отыра ішім пысты. Сосын сыртқа шығып, подьезд алдындағы сәкіде отырып келейін деп ойлап, есікті ашып қалып едім, бірдеңе ішке қарай гүрс етіп құлады. Қарасам, есікке арқасын беріп, сүйеніп отырған еркек екен. Қорқып кеттім де, оқтаймен басына бір ұрдым! Есікті жауып алып, мойнынан иіскеп көрдім. Тірі сияқты. Тек удай мас. Бұрын көрген еркектеріме ұқсамайды. Танымаймын. Сен келе қоймадың, сосын полицияға хабарлайын деп едім, «көңілдесін кіргізіп алыпты» деп айыптайды ма деп ойладым. Дегенмен, сақтық керек қой, ақшаларымызды қайта– қайта санап, салафанға салып, су өтпейтіндей етіп буып, оған ине– жіп баладым да, дәретханадағы унитазға салып жібердім, жіптің бір ұшын су кранына байлай салдым. Содан қолыма пышақ ұстап, төсегіме жата кеттім. Бір кезде ұйықтап кетсем керек, көзімді сығырайтып ашсам, қойнымда сен жатыр екенсің. Бөренедей аяғыңды менің беліме лақтыра салыпсың. Құшақтадым. Таң қалғаным, үйленгелі бері мені аймаламайтынсың. Ернімді жұлып алып, шайнап– шайнап жұтып қоярдай сүйдің келіп… Бір кезде «О, шешең…» деген дауыс шықты. Атып тұрсақ, сен екенсің, таңға жуық өз кілтіңмен есікті ашып кірген… Қасымда жатқан еркекті сен екен деп қалыппын… Атауыңды ішкір алқашпен бұрын саяси, көрпеси, секси қатынасымыз болған емес! Мен махаббат мемлекетінің ата заңын құрметтеймін, жаным!
Түсініктеме өз сынған қолыммен әрең жазылды.
Түсінік иесі: Көзі көгерген, мұрны сынған, иегі қисайған, шашы жұлынған жан– жарың:
Сезімгүл ҚУҒАНБАЕВА.
Мұхтар Шерім