ӘДЕМI ӨЛДIМ

Сiз әдемiлiктi қалай түсiнесiз? Әдемi әйел, әдемi табиғат! Солай ма? Ал мен керi көрiнiстерден, бiртүрлi оқиғалардың өзiнен әдемiлiктi iздеймiн. Мәселен, есектiң ақырғаны, ешкiнiң бақырғаны қндай әдемi! Немесе әйелiмнiң көгерiп, талып қалғаны қандай әдемi! Көгерiп, тiлi салақтап талып қалады ғой! Қайталанбайтын көрiнiс.

Бiр күнi досымның сандық фотоаппаратын бiр аптаға сұрап алдым.

Өмiрдiң “әдемi” көрiнiстерiн түсiргiм келдi.

Қандай ғажап! Неткен сұлу көрiнiс! Қала көшелерiнiң сәнi, бiздiң қоғамның мәнi – қаптаған қайыршыларды көрiп, көңiл сүйсiнедi! Шiркiн– ай, мен де осындай қайыршы болсам деп, ерiксiз армандайсың! Адамдарға мөлиiп қарағандарының өзi неге тұрады! Алақан жайғаны – табиғаттың ерекше бiр құбылысындай әсер етедi. Мен қайыршыларды шетiнен суретке түсiрiп алдым.

Көшеде кеңкiлдеп күлiп, келе жатыр едiм, қара сүлiктей “джип” қиылыстан өте берген әйелдi мыжып кеттi. Неткен ғажап көрiнiс! Қағып кеткенi өз алдына, миын шашып жiбердi. Қайталанбас көрiнiстi, “Джиптi” сарт еткiзiп, суретке түсiрдiм. Ал, “Джип” әлдеқашан қашып кеткен. Сол қашып кеткенiнiң өзi әдемi! Көңiлiң босап, жылағың келедi.

Бұл өмiр дегенiңiз, тұнып тұрған әдемiлiктерден тұрады екен. Отставкаға кеткiсi келмейтiн Премьер– министрдiң қабағына қар жауса, мұның өзi әдемiлiк! Депутаттар әлдеқашан қабылданған заңға толықтырулар мен түзетулер енгiзуден жалықпаса, мұның өзi әдемiлiк!

О, әдемiлiк! Жұмссыздықтан iшiңiз пысып кетсе, кетiк тiсiңiзбен көптен берi ет жемегендiктен, тiсiңiз қышып кетсе, күнi кеше үйленген сүйiктiңiз кәсiпкермен басқа жаққа ұшып кетсе, бiр алқаш алақаныңызға құсып кетсе, мұның өзi әдемi! Кей– кейде көңiлiңiз шенеунiктердiң әдiлетсiздiгiне нала болса, көшеде құлап қалып мұрныңыз жара болса, жас кезiңiзде қыдырыстап Семейде, Астанада, Анкарада, Шымкентте өзiңiзден туған бала болса, мұның өзi әдемi!

Подъездерде қыз бен жiгiт аймаласып “өлiп” тұрса, пәтер сұрап барғанда әкiмдер бiрден көнiп тұрса, электр жарығы жырқ– жырқ етiп сөнiп тұрса, мұның өзi әдемi!

Несiн айтайын, әдемiлiк туралы толғатып тұрғанымда, үйiмнiң алдына сүлiктей қара “джип” тоқтап, iшiнен екi оқ қағар түстi де, тапаншаларын таңдайыма тығып:

– Кеше бiз басып кеткен әйел ме, еркек пе?– деп сұрады.

– Өлiктен сұрамаппын.

– Сен неге суретке түсiрiп алдың?

– О, сiздер ме едiңiздер!

– Жоқ, шеф басып кеткен.

– Өте әдемi басып кеттi! Қалай болса солай қағып өте шыққан жоқ. “Гладко” басып, өте шықты. Байғұс әдемi жан тапсырды ғой деймiн! Жатысының өзi қандай әдемi! Бүк түсiп жатса қайтер едiңiз?! Ұзынынан сұлап түстi. Әдемi! Мен өзi осындай әдемi көрiнiстердi түсiрiп аламын! Хоббиiм едi!

– Фотоаппаратыңды әкел!

– Кешiрiңiз, бере алмаймын!

– Ақымақ!

– Осы сөзiңiздiң өзi неткен әдемi едi! Әдемi айқайлайсыз!

Олар мен сөзге келместен әдемi атып кеттi! Көзiм қарауытып, дүние дөңгеленiп құлап бара жатырмын. Сылқ етiп, өте әдемi құлап түстiм! Өлдiм… Әдемiлiк осымен бiттi!

Мұхтар Шерім

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *