ҚЫР МОЗАИКАЛАРЫ

Көптен бері кабинет сорып, қырға шықпаған Асекеңнің бүгінгі сапары үлкен мәніске ие еді. «Ойбай, райком хатшысы келе жатыр!..» десіп, аудандағы қаз-қатар қонған шаруашылық басшылары шаужайласа шауып, біраз шап терлетті. Несін айтасыз, қырықтың қырқасына енді ғана көтерілген ұзын бойлы, ат жақты, ақсары өңді азамат өз ортасының маңғазы ғой, шіркін! Жедел киіз үйлер тігіліп, дәм-тұз ұсынысып, үлгере алмай сан соғып қалғандары «Қысқы соғым да келер, сонда алдымен қам жасармыз…» десіп іштей шүкірлік қайырысқан.

Түс ауып, дем басқан шақта Асекең:

– Ай, осы «Көлсай» кеңшарында Қоңырбай деген шопан бар ма өзі? – деп айналасындағыларды таңтамаша етіп бір сұрақ қойсын.

Кеңшар басшысы райком хатшысымен қатарласып, қарнын сипалай қасып, май басып па, жел қағып па, қызарып кеткен бітік көздерін жыпылықтатып бір тоқмейіл райда тұрған. Мына оқыс сұрақ шаптан түрткендей етті.

– Жалпы бар. Көп қойшының бірі. Биылғы қозы көрсеткіші… – деп сылдырмақ қақтырып келе жатыр еді, қырықтың қырқасына енді көтерілген ұзын бойлы, ат жақты, ақсары өңді маңғаз азаматтың қабағында көктемнің бұлтындай бір көлеңке жүгіріп өтті.

– Жо-жоқ! Жүз саулықтан алған қозысы бізге мәлім. Соның әйелінің аты-жөні кім осы?

Май басып па, жел қағып па, қызарып кеткен бітік көздерін жыпылықтатып тұрған кеңшар басшысы селк ете түсті. Қарауындағы қай қойшының қатынын түгендеп, түстеп танып жүрсін? Жалт етіп жанында жарқанаттай жабысып тұрған перме меңгерушісіне қараған. Тәпелтек неме де анық білмейтін болып шықты.

– Сары әйел… Оша… Ошаған… Жо-жоқ, – деп қорыққанынан қалтаңдап майтопыраққа тобығына дейін кіріп кетті.

– Өй, иттің баласы! Алдымен малды емес, адамды тану керек, адамды! – деп зекіген кеңшар басшысы перме меңгерушісін дереу атқа қондырған.

– Асекең екеуіміз қазір Қоңырбай отырған жайлауға жетеміз. Хабар бер. Алдымен жеңгеміздің атын сұра.

Екі етегі делектеп, жау қуғаннан бетер шапқан перме меңгерушісі соңына уыс-уыс май топырақты лақтырып қыр асып кетті.

Асекеңдер мінген ГАЗ-24 «Волга» сай қуалай жүріп, қыр басында отырған Қоңырбайдың алты қанат қараша үйіне түскен. Отағасы қадірлі қонақтарды қарсы алып, төрдегі таза көрпеге енді жайғастыра бергенде бір бүйірден тасырлаған ат тұяғы мен әлем-тапырық дауыс естілді.

– Әй, Қоңырбай, қатыныңның аты кім, ойбай?!

Райком қырып барады, ойбай!

Қараша үйдің көлеңке бет іргесінде тұрған сүттей ақ «Волганы» байқамай, бақырып шапқан перме меңгерушісін кеңшар иесі ат арқасынан жұлып алып, көген басында желкелеп жатты.

Қоңырбай қойшы – алпысты алқымдаса да арыны басылмаған, қуатты жан. Қапсағай бойлы, қалқан құлақ, қырбық мұрт отағасы күнде қолға түсіп жатпайтын қадірлі қонақтарға жас құлын соям деп пышағы мен қайрағына қатар жүгірген. Көптен кабинет сорып, қырға шықпаған Асекең «қой-қойлап» жүріп ерте туған бағланды ғана қанағат тұтты.

– Жеңгеміз ауылда ма?

– Тезек тере кеткен. Келер, – дей салды отағасы ерте шөп тістеген семіз бағланды бабымен бұтарлап жатып.

– Қолғанат болған балалар баршылық қой дейм.

– Өсіп жатыр, – деді Қоңырбай енді сексеуілдің шоғына бағланның басын домалатып үйтіп.

– Нақты саны?

– Құдайға шүкір, баршылық.

– Он бес! – деді кеңшар басшысы осы тұста киіп кетіп. – Баланы топырлатып таптырып-таптырып, енді ырымшыл бола қалуын.

– Рас-ау, – деп отағасы қипақтан күлген болды.

– Жеңгеміздің аты-жөні?

– Әй, қатын… – деп айналасын сипалап еді, мана сәскеде тезек тере кеткеннен әлі келе қоймағаны есіне түсті.

– Ожанкүл Быжыбайқызы, – деп әкесіне көмекші шопан боп отырған сары собалақ ұл құтқарып кетті.

– Мәселе былай! – деді ақыры қызыл бауырсақтың шетін ғана тістеп, күрең шайды баппен ұрттап отырған райком хатшысы. – Одақ бойынша есеп жүргізсе, бір құрсақтан өрбіген он бес бала тек осы шаңырақта екен. Өзіңіз беделді шопансыз. Аулақта мал ішінде өсіп, жеңгеміз тиісті құрметтен де құралақан қалыпты. Алдағы аптада Ожанкүл Быжыбаевна екеуіміз Мәскеуге жүреміз. Бас хатшы Брежнев жеңгемізге «Батыр Ана» алтын белгісін өз қолымен табыстайды. Ал Ожекең рахмет айтып жауап сөз сөйлеуі тиіс. Бұл хаттама аса мәртебелі мекемеде бекітіліп кеткен.

Қоңырбай сасқалақтап, аузы кесесін таба алмай қалды.

– Ойбай, той жасаймыз. Ат шаптырамыз, – деп қомпылдап кеңшар басшысының құйрығы тіпті көрпеден шығып кетті.

Осы кезде көктемгі жас жапаның қызығына түсіп қанар қапты нығарлап, оны кендір жіппен екі қолтықтан қолтырмаштап алған Ожанкүл де ошақ басына жеткен. Үйде бұрын-соңды бас сұқпаған қадірлі қонақ барын сезіп, қанардан тездетіп босана қояйын десе, қолтықтағы жіп нығыздалып қалыпты, жіберер емес. Әрлі-берлі сілкініп тулап еді, қанар басып кетіп тура шалқасынан түссін. Етегі басына кептеліпті. Қонақ күтем деп сүрініп-жығылып жүрген келін-кепшік енесінің мына жатысын аңдамапты.

– Зәніңді!.. Ит жегір! Тірілей өлтіресіңдер ме? – деген маңқа дауысқа алдымен қадірлі қонақ елең етті. Артынша бала-шаға жүгірісті. Киіз үйдің алдына, қарсы бетке тігілген ошақ басынан әупірімнің күшімен босаған Мәскеудің болашақ делегаты қымсынған жоқ, бағланның былқылдап піскен етіне енді қол сала бастаған қонақтарға қарай төте тартты.

Етке онша сұғынбай, екі саусақ ұшымен шекіп қана отырған Асекең бір аптадан кейінгі сапарласының түр-түсіне сынай көз тастап өткен.

– Апырым… Мынау қалай өзі?.. – Мана кеңшар басшысынан естіген, жас кезінде жайлаудан қыстауға көшеміз деп жүргенде асау тайлаққа мініп, онысы түлкіден үркіп жеңгеміздің мойны майысып қалған деп. Қараса, жай майысу емес, бас оң иыққа біржола қонақтап жатып алыпты. Тұтам шаш жоқ, ұстарамен су салып сыпырып тастаған.

– Бұлар көктем шықса болды, бит пен кенеден қашып шаш қоймайды, – деп кеңшар басшысы оны да жағалап өткен.

Шаштан ада, мойыннан ұятты… Ескінің көзі, иықты жез самаурындай жеңгеміздің енді аяғына бір қырындап көз сүзген. Арасынан ала төбет алаңсыз жүгіріп өткендей.

Райком хатшысының көңілін оқып отырған кеңшар басшысы май басып па, жел қағып па, қызарып кеткен көздерімен, осының бәрін бүлдіріп жүрген сен ғой дегендей, дастарқан шетінде ілініп отырған Қоңырбайға оқшырая қарады.

Қоңырбай қысылғансып, барымыз осы енді дегендей, кереге көзін тінтіп, желкесін қасыды.

Мәскеу хабарын естігенде Ожанкүл Быжыбаевна:

– Мәш-шаған! – деп маңқ етіп күліп жіберді.

Мұрындағы моншақ төгіліп түсе жаздады.

– Орысшаңыз қалай еді?

– Үшінші класқа дейін үздік оқығам. Сосын…

– Оттапсың! Үшіншіде бес жыл отырып әріп ажырата алмаған соң әкең маған байға беріп тынған жоқ па?..

Өзіне қарсы домалап келе жатқан заңның бір тармағын көріп қалғандай баж ете түскен қалпы Қоңырбай орнынан ырғып кетті.

– Жолға дайындалыңыз, – деді Асекең аттанар алдында жеңгесіне. – Ал бәріне жауапты өзіңіз!

Кеңшар басшысының май басып па, жел қағып па, қызарып кеткен көздеріне райком хатшысы сұқ саусағын безеді.

«Көлсай» кеңшарында сол сұқ саусақтың пәрменімен күндіз-түні алашапқын басталды дерсіз.

Ожанкүлдің аузын аштырып көрсе, төменгі тістері жым-жылас, қызылиек. Жоғарғы жағында екі азу қылтияды. Оның арасының өзі ат шаптырым. Дереу ауданнан тіс салатын стоматолог жеткізілді.

Қас пен көздің арасында, орысша сауатын ашасың деп, орта мектептен мұғалім алдырылды.

Шашын ретке келтіресің деп шаштараз келтірілді.

Ұялмайтындай етіп соңғы модамен киім тігетін, бармағы майысқан шебер тігінші табылды.

Уақыт тығыз. Сағат санап қысып барады. Күн сайын істің нәтижесін Асекеңе хабарлап отыру ләзім. Жанын аузына тістеп шапқан кеңшар басшысы ақыры Қоңырбайдың төрінде бір жамбастап жатып алып, бар іске дирижерлік жасады да отырды. Жасағаны бар болсын!

– Екі азудың арасын екі күнде немен бітеймін? – деп стоматолог бажылдайды.

– Уақытша бірдеңе қыл енді. Еңбегіңе қозылы қой берем. Тіпті болмаса сол екі азудың арасын түйенің көн терісімен болса да бітеп, байлап бер. Сыртын сырлай сал. Давай, тез!

Тез іс оңа ма, күшпен тартам дегенде бір азуы жұлынып кетті. «Енді еш қайран жоқ» деген «қаралы» хабар райком хатшысын да кабинетінде тыныш отырғызар болмады.

– «Здрас…» дегеннің өзінде бетіңді түкірігі көміп кетеді. Тіпті ұшынып өлер болдым. Құтқара көріңіз, – деп мектепке биыл келген инеліктей жас қыз шыр-шыр етіп жылайды.

Шаштараз болса тұтам шаш жоқ, ұстарамен су салып қырып тастаған басты әрі домалатып көріп, бері домалатып көріп терең күрсінді.

– Парик жасап кигіземін. Әйтпесе жоқ!

Жалма-жан ауданнан қиылған шаш жинатқан. Түнімен тоқыған парикті алып-ұшып жеткізген. Кигізіп көрген. Түлкіден үркіп жығып кеткен асау тайлақтың кесірінен оң иыққа бауыр басып қалған бас парикті қабылдамады. Қалай кигізсе де жұлымжұлым боп, алды артына айналып кете береді. Тіпті сол парикті киюі мұң екен, күнде саудырып жүрген бұзау, ботаға дейін әзірейіл көргендей көген үзіп қашып, ауылға жоламай қойды.

Қозылы қойы тегін кетіп бара жатқан соң:

– Қалпақ бұйым емес. Жел лүп етсе бітті, төбеңді сипап қаласың. Мынау бір күн өткізбес оңды киім екен, әкел маған, – деп Қоңырбай ат үстінде қоқырайтып киді де алды.

Бармағы майысқан шебер ғана панбарқыт матадан жағасын жаялықтай етіп тобық қақтырып көйлек тікті. Асекеңе ол да ұнай қойған жоқ.

– Мынау не нәрсе? Аузын буған қанар құсаған… – деп біраз сұрланды.

– Осы Мәскеуге Қоңырбайдың өзін апарсаңыз қайтеді? – деді әбден діңкесі құрыған кеңшар басшысы.

– Не деп?

– Әйелі қатқыл науқас дерсіз. Қазақта «ана сүті, ата күші» деген бар…

– Жоғал, оңбаған! – деп райком хатшысының жан даусы шықты. – Еркекке бала таптырғаныңның байғазысы деп медаль бергенді қай атаңнан көрдің?! Айласының түрін!

Амал жоқ, жанына үшінші ғып он шақты жылдан бері қызметтес келіншек Гүләйімді ерте кеткен. Мәскеуге жетісімен райком хатшысы мен қызметтес келіншек ГУМ-ды асықпай аралап, Ожанкүл Быжыбаевнаға шалбар сатып алып кигізген. Оқсамады. Әлгі арасынан алаңсыз жүгіріп өтетін ала төбеттен айналып кеткендей екенсің…

Кремльдегі марапат көп күттірмеді. Бұл жолы Брежнев Одақ көлеміндегі тек әйгілі әйелдердің басын қосқан екен.

Екі келіншекті екі жағында қырағы ұстап тұрған Асекең «Қазақстаннан…» деген хабарды естіген бетте жаны қысылып, Гүләйімді алға ұмсындырып жіберді.

Леонид Ильич сұңғақ та сұлу, сәмбі талдай майысқан Гүләйімді көргенде нұрланып сала берді.

– Көрдіңдер ме? – деді мәз-мейрам болып айналасындағы орден-медалін ауырсынып тұрған шал-шауқанға қарап. – Жап-жас! Ал өзі он бес баланың анасы! Және қой өсіреді.

Сөйтті де, қаз-қатар тізіле қалған Сібірдің ақ қайыңдай аруларының, Балтық бойы бекбикелерінің, Шығыс гөзалдарының алдынан Гүләйімді қолтықтап мақтанышпен әрлі-берлі жүріп өтті.

– Неткен бақыт?! – деді сосын тоқтай қалып көңілшек жан. – Сіздердей еңбекқор келіншектеріміздің арқасында біздің еліміз өркендеп те, жасарып та барады емес пе? Есіміңіз?

Тосылыңқырап барып:

– Гүләйім, – деді бұл.

– Фамилияңыз?

– Желдербаева.

– Әкеліңдер құжатты! Мұндай аяулы жан үшін қазір өз қолыммен толтырамын.

Қырмызы қызыл дүние қолдан сусып бара жатқан соң оңай ма:

– Ошы… Ожан… – деп Быжыбаевна бірер мәрте алға ұмтылып еді, бірақ райком хатшысының қуатты қолы шынтағынан тас қып ұстап жіберер болмады.

Марапат бітісімен Сібірдің өңкей сылқым келіншектері мықындары былқылдап өздері дайындап келген орыстың бірер халық әнін сызылтты. Саяси Бюро мүшелері әрқайсысына көзін аударып-төңкеріп шатшадыман күйге енді.

Мына ду арқасын қоздырған жеңгеміз:

– Мен ендеше «Маусымжанды» айтамын, – деп өңмеңдеп баққан. Қай-дан…

– Әй, қатын, әкел алтынымды! – деді бұл қайтар жолда поезға отырар-отырмастан шаптығып. – Үлкен кісінің лебізіне қалай түсіп қалғанымды өзім де білмеймін… Бұл енді менікі.

– Байың жоқ! Екі шұнақ балаң бар, – деп соншама әуремен атақсыз қалған жеңгеміз, ендігі жерде тайынарым жоқ дегендей, шап беріп Гүләйімның өңіріне жармасқан.

– Мәселе былай, – деп райком хатшысы табан астында саяси шешім қабылдап жіберді. Алтын белгіні алды да, Ожанкүл Быжыбаевнаның аузын буған қанардай көйлегіне көтеріңкі ғып өз қолымен қадады.

– Ал құтты болсын! Құжат болса, Гүләйімжан, сенің атыңа толтырылып кетті. Сондықтан Орталықтан он бес балаға төленер көмекті өзің алып отырасың. Келістік пе?

– Мейлі. Шалым аман болсын, – деп жеңгеміз маңқ етіп күліп жіберді. – Шын алтын. Жылт-жылт етеді. Мәш-шаған!

– Ойбай, той жасаймыз! Ат шаптырамыз! – десіп кеңшарлықтар біраз жырғады.

Кремльді көріп қайтқан Ожанкүл жеңгеміздің

«Брежневке үй деп айттым, бүй деп айттым!» деген сөздері абысындары айтқызған сайын тіпті түрлене түсті.

Ол енді басқа әңгіме!

Рахымжан Отарбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *