Жұрттың жүйкелері жүн, мінездері «түн» болып кеткен бе, әйтеуір сұрақтары секіріп тұр. Автобус қозғала бергенде, терезеге телміріп қарап тұрған қызға жігіт жақындап, тіл қатты:
– Қарындас, Наурыз мерекеңізбен! Жігітіңіз жүкті, жүрегі түкті болсын!
– Қандай адамсыз? «Қуып» тұрсыз ба не? Еркек деген екі этаж болушы ма еді?
– Түсінбедіңіз… Кәсіпкер болса, миллиондар тауып, жүгі ауырласын, салықтан жалтарса, жүрегінің түгі болсын деп жатқаным ғой… Айтпақшы, есіміңіз кім?
– Есімнен шығып кетіпті…
– Қайда жұмыс істейсіз?
– Айлық беретін жерде.
– Осы қалада тұрасыз ба?
– Жоқ. Үйдің ішінде.
– Мектепті қай жылы бітірдіңіз?
– ҰБТ басталған жылы.
– Өзіңіз қисық қыз екенсіз…
– Немене, төске салып, түзейін деп пе едіңіз?
– Жәй, әдемі екенсіз дегенім ғой…
– Сұмырайдан құдай сақтасын!
– Қатты кеттіңіз– ау?
– Жігіт болсаңыз, жұмсартыңыз!
– Айтпақшы, сіз осы автобуста келесіз ғой?
– Автобус менімен келе жатыр.
– Сағыз шайнап тұрсыз ба?
– Тілімді шайнап тұрмын…
– Қайда оқисыз?
– Кітапханада.
– Жоқ, қай универде дегенім ғой…
– Жер бетіндегі.
– Кешіріңіз, жасыңыз нешеде?
– Басым қаншада болса, жасым соншада.
– Темекі тартасыз ба?
– Жоқ, домбыра тартамын.
– Ішімдік ішпейсіз бе?
– Ішсем, ішегім шұрылдайды…
– Әкеңіз депутат шығар?
– Сұрамаппын.
– Әкеңіздің аты кім?
– Шешем біледі.
– Әкеңіздің машинасы бар шығар?
– Біздің үйде екі машина бар.
– Қойыңызшы…
– Ия. Бірі—кір жуатын, екіншісі—тігін машинасы.
– Тұрмысқа шыққан шығарсыз?
– Биік екен, өрмелеп келемін…
– Оқып жүріп жұмыс істесеңіз, айлығыңыз қанша?
– Бұхгалтер біледі.
– Мына орындық босады, келіңіз, қасыма отырыңыз…
– Адамның қасы үстіне отырып көрмеппін…
– Осылай қақиып тұра бересіз бе?
– Немене, жата қалуым керек пе?
– Сізге дауа жоқ екен…
– Бар еді, жоғалтып алдым.
– Болды енді, қойыңыз…
– Қай жерге қояйын?
– Жетер енді…
– Жетпесе жалғаймыз…
– Мен тойдым.
– Тоймасаңыз, тоныңызды пісіріп жеңіз…
Автобус аялдамаға тоқтады. Бойжеткен түсуге ыңғайланып еді, бойдақ жібермеді.
– Кешіріңіз, түсуім керек еді.
– Түсіп қалатын теңге емессіз ғой.
– Бұл менің аялдамам!—деді бойжеткен.
– Кешіріңіз, бұл көпшіліктің аялдамасы.
– Бетіңізді тістеп алайын ба?
– Итсіз бе не?
– Жіберіңзші… Туу, сіздің кесіріңізден автобус жүріп кетті…
– Менің кесірімнен емес, жүргізуші газды басқанда жүріп кетті…
– Әлгінде мені тергеп болар емес едіңіз,– деген бойжеткен жымиды,– атыңыз кім?
– Әке– шешем біледі.
– Бойдақсыз ба?
– Бойымда дақ жоқ…
– Ноқалайсыз ба?
– Николай емеспін…
– Бетіңіз неге тыртық?
– Тауық тырнап алған.
– Сауап болыпты!
– Құдайдан қайтсын!
– Мұртыңыз өзіңіздікі ме?
– Жоқ, әкемдікі.
– Бетіңіз қалың екен…
– Қыста бетім жаурамайды…
– Оқисыз ба?
– Ия, дұға оқимын.
– Мен осы аялдамадан түсемін. Сау болыңыз!
– Сау болмағанда, өліп қалмайтын шығармыз…
– Көріскенше!—деп жымиды бойжеткен.
– Көріспейтіндей, көрге кірмеспіз…
– Сіз неге түстіңіз? Теңге емессіз ғой?
– Сізді шығарып салайын деп…
– Қалтаңыздан бірдеңе шығарып, аузыма салмақшысыз ба? Айтпақшы, мереке ғой, балмұздақ әпермейсіз бе?
Бойдақта ес болған ба, қуанғанынан бойжеткенді қолтықтай жөнелді:
– Кеттік! Балмұздақ бізден, теңгесі сізден!
Мұхтар Шерім