Қашқандар мен қуғандар

МАХАББАТ “ИIСI”

Бизнесмен Мыжбанның “Шымкент– Алматы” рейсi бойынша ұшатын ұшаққа отырғаны сол, салон iшiндегi репродуктор саңқ ете қалды:

– Құрметтi жалпиып, құлақтары қалқиып, ерiндерi салпиып отырған жолаушы мырзалар мен ханымдар! “Шымкент– Алматы” әуе лайнерiнiң экипаж мүшелерiмен таныстырамыз! “АН– 24” ұшағының командирi – Анау ғой! Борт инженерi – бұрынғы қайнағам, атын атауға болмайды, бiрiншi класты ұшқыш – Мынау ғой! стюардессалар – қазiргi қақшаңдап жүрген енем және сiңлiм Ойбике Ойбайқызы.

Сонымен… Тыпырламай тыныш, жыбырламай жым– жырт отырыңыздар! Қазiр енем ұршық иiрiп болғанша, қайын сiңлiм сiздерге қызмет көрсетедi. Айтпақшы, таза ауаға шығамын деп, самолеттiң қанатына отыруға, моторынан ұстауға болмайды!

Салон iшi жым– жырт. Мыжбан иллюменаторға қарап отыр едi, жанына келген стюардессаны көрiп жымиды.

– Сәлеместсiз бе, стюардесса қарындасым? Жағдайыңыз қалай?

– Қалай болса, солай…

– Соратын құртыңыз бар ма?

– Мұнда жоқ, үйде бар.

– Кешiрiңiз, “үйiңiздегi шәйi көйлегiңiздiң керегi жоқ” деп әзiлдесем көтересiз бе?

– Әрине, күйеуге тиген соң бала көтеремiз, бала – бақыт, балалы үй барахолка!

– Аулыңыз қайда?

– Жерде.

– Жұмысыңыз?

– Аспанда.

– Кешiрiңiз, стюардесса екенiңiздi ұмытып кетiппiн, бұған дейiн не iстедiңiз?

– Кеше картөшке қуырдым.

– Жо– жоқ, бұған дейiн не iстедiңiз?

– Кiр жудым.

– Сiзге қарным ашты. Дұрыс жауап берсеңiз қайтедi?

– Қарныңыз ашса, қаймақ жалаңыз!

– Рахмет, тойдым.

– Тоймасаңыз тоныңызды пiрiсiп жеңiз!

– Масқара– а…

– Мас адамға қарамаймын.

– Қасқыр қарындас екенсiз!

– Қоян қарындас болғым келмейдi!

– Кешiрiңiз, құсқым келiп отыр… Қағаз қалта бересiз бе?

– Темiр қапшық берейiн…

– Тiл мен жаққа сүйенiп, болар емессiз ғой тегi!

– Немене, сүйкiмсiз сiзге сүйенуiм керек пе едi?

– Жоға, сiз маған ұнап барасыз. Құмырсқа белiңiз әсем екен.

– Е, сиырдың белi деп ойладыңыз ба?

– Сiздей сұлу қызды тапқан анаңыздан айналайын!

– Шешемдi айналып жүгiретiндей, бақсы емес шығарсыз?

– Кешiрiңiз, жiгiтпен жүресiз бе?

– Немене, жүрмегенде, еңбектеуiм керек пе?

– Басыңыз бос па дегенiм ғой…

– Бос болса, ботқа салып қоймақшысыз ба?

– Туу, тақылдап тұрсыз ғой…

– Ендi ше? Ыңқылдап тұруым керек пе?

– Жарайды ендi…

– Менi “жарамайды” деп кiм айтты?

– Шамасы, иегiңiз қышып тұр –ау!

– Қышыса, қасып берейiн деп пе едiңiз?

– Туу, миым ашып кеттi…

– Миыңыз ашыса, тұз себiңiз!

– Қарындас, тоқтаңыз? Қайда барасыз?

– Айға.

– Менi де ала кетiңiз!– деп Мыжбан орнынан тұрып, қыздың алдына тұра қалды.

– Аға, ұшақта серуендеуге болмайды!

– О, жаратқан ием! Аспандағы махаббат деген осы шығар? Мен сiзге ғашық болып қалдым. Сiз үшiн парашютпен секiрiп кетуге даярмын!

– Парашюттi қайтпекпiн? Одан да гүл ұстап секiрiп кетiңiз!

– Е, бәсе, осылай жiбiсеңiз қайтедi?

– Жiбiсем, жеп қоясыз ба?

– Жалмауыз емес едiм. Айтпақшы, атыңыз кiм?

– Атым жоқ, бием бар.

– Танысқанның айыбы жоқ, әжеңiз сiздi кiм деп атайды?

– Ботақаным, құлыншағым дейдi.

– Шешеңiз ше?

– Әкесiнiң қызы дейдi.

– Әкеңiз ше?

– Шешесiнiң қызы дейдi.

– Көршiңiз кiм деп атайды?

– Көршiнiң қызы дейдi.

– Сiзбен танысу қиын екен.

– Иә, математика, химиямын…

– Кешiрiңiз, ыңғайсыз болса да сұрайын. Сүйiктi тамағыңыз қандай?

– Быламық.

– Быламығы құрысын! маған тұрмысқа шықсаңыз бутерброд жейсiз! Мен атақты бизнесмен Мыжбан Мәндiрбаевпын. Мен сiздi мойныма отырғызып бағар едiм!

– Ой, аға, мойынға отырып тамақ iшiп көрген емеспiн!

– Оны айтасыз, үлде мен бүлдеге орар едiм– ау!

– Орайтындай, бесiктегi бала емеспiн.

– Адресiңiздi айтпайсыз ба, iздеп барар едiм!

– Қотыр көше, кiрпiштi үй, ағаш есiк, бiрiншi диван.

– Қарындас, ескерткiш болсын. Фотоаппаратыммен сырт еткiзiп түсiрiп алайыншы!

– Мейлi, осылай қимылдамай тұрыңыз! Жымиыңыз!

– Езуiм кеуiп қалған…

– Сәл күлiмсiреңiз…

– Күлсем, кеңiрдегiм қышиды.

– Былқ– сық етпей, кәдiмгiдей тұрыңызшы!

– Буындарымның болттары босап, белiмнiң пружинасы созылып кеткен.

– О– ой, қарындас, сiз робот емессiз ғой, стюардессасыз! Оппа түсiрдiм!

– Ненi түсiрдiңiз? Салон iшiне қоқыс тастамаңыз!

– Мен сiзге бiр көргеннен ғашық болдым!

– Қай жерiмдi көрдiңiз?

– О не дегенiңiз, мойныңызға ала, бiлегiңiзге жара жоқ, шынымды айтсам, құшақта– ап, қысып, ай– ма– ла– ап құшып (жiгiт көзiн жұмып, қолдарын созып, алапат махаббат отына күйiп– жанып тұрғанда, қыз кетiп қалады). Махаббат отына күйiп, гүл ернiңiзден сүйiп, шiркiн– ай, ақ тамақтан тыңқиып тойғанша иiскеп, ес– түссiз дөңбекшiп, тұншыға жаздап…

Мыжекең көзiн ашып қалып едi, екi қолын бүйiрiне таяп, стюардесса қарындастың шешесi тұр екен. Жiгiт жалп ете қалмаса да, ыржиып, кәдiмгiдей қипақтап қалды.

– Иә, тұншығатындай басыңа банкi кигiзiп қойып па едi?

– Ке– кешiрiңiз, а– армандауға да болмайды ма? Сiз– сiз кiм боласыз?

– Сен армандаған қыздың әкесiмен ЗАГС– ке барған баяғы бойжеткенмiн!

– Шешесi екенсiз ғой! Амансыз ба?

– Немене, өлiп қалды деп пе едiң?

– Iм– м… кешiрiңiз…

– кешiрмеймiн! Қызымның қасында жарбиып тұрғаның қалай? Самолеттен лақтырып жiберйiн бе?

– Лақтыра салатындай бомба емеспiн…

– Қызымның басын айналдырған алаяқ емессiң бе?

Мыжекең шалбарының балағын тiзесiне дейiн түрiп қойды.

– Бұл не?– деп сұрады қыздың шешесi.

– Көрiп тұрсыз ғой, алаяқ емес, жүн аяқ, тоқ балтыр дегендей…

– Әй, шырағым, жер жетпегендей, аспандағы қызыма қырындағаның үшiн айыппұл төлейсiң!

– Аэропортқа жеткен соң төлеймiн, апатай! Ойбай, самолет аспанда неге тоқтап тұр?

– Бензин таусылды.

– ендi қайттiк? Қазiр құлайтын шығармыз?

– Қайдағы? Шымкент аэропортынан әлi ұшқан жоқпыз.

– Мәссаған! Аспандағы махаббатымды маздаттым ба десем, аэропортымдағы махаббатымнан май тамып тұр екен ғой.

– Майың тамбақ түгiлi сорғалап кетсе де, қане тұр, бұл самолет бүгiн ұшпайды. Басқа рейске тiркелесiңдер!– деген қыз шешесi кетiп қалды. Кенет репредуктордан дауыс шықты:

– Құрметтi қыңқылдаған, ыңқылдаған жолаушы мырзалар мен ханымдар! Ұшағымыз от алғанша бензинi таусылып қалды. Жалынып– жалпайып кешiрiм өтiнемiз!

Мыжекең орнынан сүметiле тұрып, жанынан өте берген стюардессаға ұмтылды:

– Қарындас, сiзге француз духиiн сыйлағым келедi.

– Маған қазақ жiгiтiнiң иiсi француз духиiнен артық! Жiгiт болсаңыз, менi қуып жетiңiз!– деген қыз сықылықтай күлiп, қаша жөнелдi.

– Ойбай, не дейдi? Менде қандай иiс бар едi? Темекiнiң иiсi, шетел шараптарының иiсi, доллардың иiсi… О, махаббат иiсi бар екен ғой! Мiне, жүрегiмнен хош иiс шығады! Ароматный! Қой, сасып кетпей тұрғанда, қуып жетейiн!

Ол қыз соңынан тұра жүгiрдi. Қайтсiн– ай!

Мұхтар Шерім

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *