Көрнекті мемлекет қайраткері Д.А.Қонаевтың көсемсөз мұрасын зерттеу – тіленіп тұрған тақырып. Алатаудай алып тұлғаның ғылыми публицистикалық еңбектерінің библиографиясын түзіп, ғылыми айналымға енгізу өз алдына жеке зерттеуді қажет етеді. Ал көпшілік алдында сөйлеген сөздері мен съезд, пленум, конференцияларда жасаған баяндамалары, шетелдерде жоғары деңгейдегі дипломатиялық іссапар барысында ортаға салған ойлары мен оқыған дəрістері, отандық жəне шетел БАҚ-тарына берген сұхбаттары мен сараптамалық-талдамалы жанрларда жарияланған еңбектері, қарапайым еңбекшіден бастап, əлемдік деңгейдегі ірі тұлғалармен жазысқан хаттары, күнделіктері мен естеліктері жинастырылып, ғылыми зерттеу объектісіне айналса, тарихи тұлғаның табиғи болмысын терең танумен қатар еліміздің бір дəуірінің шынайы шежіресіне қануға айқара жол ашылар еді.
Бүгініміз кешегіміздің баласы десек, осы күніміз болашақтың атасы екенін ұмытпайық. Бұдан түйетін ой ертеңімізді болжап білу өткенімізді терең тану арқылы бүгінгі бағындырған биігімізді бағалаумен байланысты дегім келеді.
Шындықтың бетіне тура қарап айтсақ, біз өткенімізді, əсіресе, қазақ тарихының ең бір күрделі тұсы Кеңсе өкіметі үстемдік құрған кезеңді ел тəуелсіздігі елең-алаңында азаттың дүрбісімен қарап, мейілінше əділ бағасын беріп, жетістіктерінен тəжірибе жинақтап, кемшіліктерін қайталамау үшін тарихи сабақ алуға тиісті едік, өкінішке қарай, оны жүзеге асырмадық. Халқымызда ештен, кеш жақсы деген дана сөз бар. Кеш те болса, соны қолға алуымызға тура келеді. Өйткені өткеннен сабақ алмай, болашаққа адаспай қадам басу қиын екенін ұғынатын мезгіл болды.
Осы орайда, өткенді танып білу мен бүгінді бағамдауда сөз өнерінің алдыңғы шептен табынатын жауынгер саласы – көсемсөздің атқарар рөлі айрықша екенін қадап айту парызымыз. Өйткені көсемсөз тек шындықты арқау етеді.
Ол дерекке құрылады. Ақиқаттан ауытқымау оның басты қағидасы. Əлем публицистика деп биік бағалайтын өнерге көсемсөз деп ғажап балама тапқан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан асырып айта алмаймыз: Көсем сөз шешен сөз сияқты əлеуметке айтқанын істету мақсатпен шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айырылатын жері – шешен сөз ауызша айтылады, көсемсөз жазумен айтылады. Көсем сөз əлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін болғандықтан да көсемсөз деп аталады. Көсемсөз кезіндегі əлеуметке керек іске мұрындық болып істеу ыждағатымен айтылады».
Теңіздің дəмі тамшысынан білінеді дейді атам қазақ. Алатаудай асқар азамат Дінмұхамед Қонаев көсемсөзінің құндылығын сезіну үшін «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабына тіл бітірсек жеткілікті. Естелік-эссе жанрында жазылған еңбек құндылығынан сыр тарқатып, мейлінше мол мағлұмат алу мақсатында кітап аңдатпасын (аннотация) толық келтіргенді жөн көрдік: Халқымыздың аяулы перзенті, аса ірі мемлекет қайраткері, үш мəрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1992 жылы шыққан «Өтті дəурен осылай» деп аталатын естелік-эссесін көзі тірісінде түгелдей қайта қарап, оқырман талап-тілегіне сай толықтырулар жасай келіп, кітаптың атын «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп өзгертіп еді. Мұнда өз өмірінің беймəлім беттерін ғана емес, өз заманының ірі тұлғалары Сталиннің, Маленковтың, Булганиннің, Хрущевтің, Косыгиннің, Брежневтің, Андроповтың, тіпті Горбачевтің көпшілікке жұмбақ сырларын ашып, Қазақстанның елу жылдық экономикалық, мəдени жəне əлеуметтік тыныс-тіршілігін жан-жақты əңгімелеп береді. Оның игі жақсылары туралы да шет қалмайды. Кезінде жылы жауып қойылған Теміртау оқиғасын, Семей полигонын, Арал мəселесін, Желтоқсан зардаптарын, сондай-ақ, тілге, дінге, ділге қатысты көкейтесті сұрақтардың жауабын алға тартады. Ұлттық сана, əдетғұрып, салт-дəстүр туралы ой-толғамдарын ортаға салады. Кешегі Кеңес өкіметінің күйреу себептерін талдап, қазіргі экономикалық дағдарыстан шығу жолдарына барлау жасайды.
Аңдатпаны кітаптың «Автордан» деп аталатын алғы сөзінде көрнекті мемлекет қайраткері Д.А.Қонаев мынадай ақпараттармен толықтырады: «Өтті дəурен осылай» деп аталған кітабымда, жасыратыны жоқ, көбірек електен өтіп, апыр-ай, ашып айтпапты-ау, сонша неге тартынды екен деп, оқырманды екіұшты ойға қалдыратын тұс аз кездеспейді. Бұ жолғы басылымда соны ескердім. Қолдау көрсеткен ағайынның қозғау сала білетініне көз жетті. Саясат деген алды тұман, арты жар əлемнің азу тісі алты қарыс алпауыттарының талайын көзіммен көргем, аралас-құралас болған адаммын. Қағыс естідім бе деп тайсақтамай бар білгенімді, бар көргенімді əсіре қызылсыз алдарыңызға жайып салып отырмын. Ондай шытырман оқиға, қым-қуыт мəселе аз емес. Ақиқатын, əділдігін арға аманат деп, тəуекелге бел байладым».
Осы жерде автордың «Өтті дəурен осылай» атты кітабына байланысты исі қазақты былай қойғанда, іргелес қырғыз туғандар, өзбек ағайындар, қарақалпақ бауырлар үсті-үстіне хат жазып жатса, Ресей, Татарстан, Башқұрт жерінен, тіпті сонау Түркия, Алмания, Иран, Қытай, Монғолия жеріндегі қандастар үн қатып, тілек қосады. …Менің көмешімді оқыған баспагерлер ал кеп қолқа салсын. Аударып басайық дейді. Ондай тілекті кешегі Кеңес Одағының құрамындағы болған елдер ғана айтып қойған жоқ, азуы ай білеген АҚШ, ақырын жүріп, анық басатын Корея, жаңалыққа құлағын түрік ұстайтын Италия, айтпайтын, айтса екі сөйлеу қанында жоқ Алмания өз тілдерінде шығарып та үлгерді», – деген көңіл қуанышын сыртқа тоғытқан жан сыры біз тілге тиек етіп отырған көсемсөз туындысының құндылығын айшықтай түсері анық.
Аса көрнекті мемлекет қайтаркері көсемсөзінің айрықша құндылығы – көпшіліктің қолы жете бермейтін тарихи маңызы орасан зор деректерді алдыңызға жайып салатындығы. Бір-екі нақты мысал келтірейік.
Тілге тиек етіп отырған кітапта қазақтың қос алыбы – Қаныш Сəтбаев пен Мұхтар Əуезовтің қалай қуғын-сүргін зардабына ұшырағанын нақтылайтын құнды дерек бар. Дінмұхамед Ахметұлы былай деп жазады: 1950 жылдың 26-желтоқсанында «Правда» газеті «Қазақстан тарихи мəселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан көрсетейік» деген тақырыппен мақала жариялап, онда тарих ғылымындағы, соның ішінде Кенесары Қасымов қозғалысын бағалауда жіберген елеулі қателік атап көрсетілген-ді. Шаяхметов соны мегзеп отыр. Жұмекең аз-кем үнсіздіктен соң былай деді: …Сəтбаев кезінде Алашорда үкіметінің сөзін сөйлеп, намысын жыртқан адам. Қызметіндегі, міне, осындай елеулі кемшілігі үшін Сəтбаевты орнынан алу жөнінде бюро шешім қабылдады.
Мұны неге тəптіштеп жазып отырғанын автор кітаптың кейінгі бір беттерінде былай нақтылайды: «Соңғы жылдардың көлемінде кейбір газеттер мен журналдарда жарияланған мақалаларда менің Қ.Сəтбаевқа деген көзқарасым онша дұрыс болмапты-мыс деген пікір ара-тұра шаң беріп қалады. Бұл түбірімен қате. Адам аласынан сөз аласы жаман. Сөз шаласынан ұпай түгендеп жүретін кейбіреулердің қаңқуы бұл. Мен Қаныш Имантайұлына əрқашан құрметпен қараған жанмын, соңынан шырақ алып түсетіндей ол кісінің жақсылығынан басқа, жаманшылығын көрген емен. Қаншама жылдар бойы биік мінберден сөз сөйледім, соның бірде-бірінде ол кісі туралы артық сөз айтқан емеспін. Сəтбаев орнынан алынып, Ғылым академиясының президенттігіне кімді сайлаймыз деген кезде, менің атымды атап, ақ батасын берген сол кісі».
Сөйтеді де, 1955 жылы ҚазССР Министрлер кеңесінің төрағалығына тағайындалысымен Қанекеңнің екінші рет ҰҒА президенті болып сайлануына республика басшыларын дегеніне қалай көндіргенін былай келтіреді: «Хрущевтің қабылдауынан кейін Қазақ өкілеттігіне қайтып келдік. Басқа жұмысқа ауысуыма байланысты Ғылым академиясының президенттігіне кімді сайлаған жөн? Осы мəселе төңірегінде ұзақ отырдық. Брежнев жас физиктің есімін атады. Мен оған келісім бермей, Қаныш Имантайұлы Сəтбаевтың кандидатурасын ұсындым. – Халық таныған адам. Ел жағдайын біледі. Ғалымдар зор құрметпен карайды. Жəне осы академияның іргесін қалап, шаңырағын көтерген тұңғыш прези дент. Іскер.
Ойшыл, – деп өз ұсынысымнан қайтпай отырып алдым.
Пономаренко мен жағына шығып: Леонид Ильич райдан қайтып, ұсынған кандидатураңызды қайтып алғаныңыз жөн бе деймін. Дінмұхамед Ахметұлы бізден гөрі ол кісіні көбірек біледі. Жақсылығын асырмай, жамандығын жасырмай айтып отыр. Осы тоқтамға келіссек қайтеді, – деді. Леонид Ильич: Бұл мəселе жөнінде Орталық Комитеттің бюросы не дейді. Бюро қалай шешеді, солай болсын, – деді.
Бюро менің ұсынысымды мақұлдады, Қаныш Имантайұлы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенттігіне қайта сайланды».
Осыған ұқсас М.Əуезовтің 1950 жылдары саяси қуғынсүргінге ұшырауының себеп-салдары туралы мынадай тың деректер де ел тарихын түгендеуде маңызды болып саналады: «М.Сужиков Қазақстан Компариясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы боп тұрған 1951-1954 жылдары басқасын былай қойғанда, халықтың өзі тудырып, өзімен бірге жасасқан озық үлгідегі эпостық жырлары ақыры өзіне сор боп шықты. Орталық Комитет ауыр мін тағып, түкке алғысыз етерліктей қаулы қабылданды. Онда осыған тікелей қатысы бар көптеген ғалымдардың, тарихшылардың, филологтардың, тіпті тұтас бір ғылыми ұйымдардың зерттеу жұмыстары жоққа шығарылды. Оның бер жағында көркем əдебиетіміздің беткеұстар қаламгерлері мен олардың таңдаулы туындыларын соққыға жықты. Мəселен, Мұхтар Əуезовтің Абай жайлы романы тас-талқан болды, 1953 жылы маусым айындағы бір нөмірінде «Казахстанская правда» газеті өзінің салақұлаш редакциялық мақаласында оны адам төзбес ащы тілдеулерге барды. Газеттер мен журналдар тырнақ астынан кір іздеп, түймедейді түйедей ғып көрсетуге тырысса, көпшілік бас қосқан жиындарда жөн-жосықсыз беттен алып, төске шапқандар, шаужайдан алып, аяқтан шалғандар жетіп артылатын. Артынан, жоғарыда аталған халық жаулары табан астынан тұтқындалып, абақтыға айдалып жатты. Бұлтсыз күнгі найзағайдың зəре-құтты кетіргені сонша, М.Əуезов, А.Жұбанов жəне басқа да аяулы азаматтар туған елін тастай қашып, орталықтағы дос-жарандарын паналай тұруға мəжбүр болды.
Сонымен ғана шектелмей, Мəскеуде жан сауғалап жүрген М.Əуезовтің үстінен арыз-шағым үдей түскенін автор кітабында егжей-тегжейлі толық баяндайды. «Бірде мені Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Шаяхметов шақыртты, – деп бір қайырып алып, екеуара болған əңгімені қазқалпында есіне түсіреді: Əуезов не істеп жүр қазір? – деп сұрады. – Қандай шаруамен айналысып жүргенін біле алмадым, сірə, жаңа роман жазып жатқан шығар, – деп шынымды айттым. Хатшы əңгімені əріден бастады. – Профессор Бекмахановтың жайын, əрине, жақсы білесіз. Қазақ КСР-інің тарихын бұрмалап, елді адастыруға тырысты. Кенесары Қасымұлының қозғалысын дəріптеуге дейін барды. Міне, осындай əрекеттері үшін Кеңестің əділ соты ұзақ жылға бас бостандығынан айырды. Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Жұмалиев жəне басқалар соның кебін киіп, жазасын алды. Сырт естуімше, Əуезов те бүйректен сирақ шығарып, бір басына ие бола алмай жүрген көрінеді. Баяғы əуенге басып, бұрынғы қателіктерін қайталай бастапты. Қазақстаннан іргесін аулақ салып, біржола Мəсеуге көшіпті, – деді. Ол бұған енді не айтар екенсің дегендей қабақ асты түйіле қарап алды да, сөзін сабақтады. – Əуезовті академиктер құрамынан аластау керек, – деп берік байламын айтты».
Ер басына алмағайып күн туғанда қол қусырып, қарап отыру азаматтыққа жараспайтынын ұққан Дінмұхамед Ахметұлының мына ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртуға тиіспіз: «Орталық Комитеттен салым суға кетіп шықтым. Не істеу керек? Жазықсыз жандар жөн-жосықсыз жапа шегe бермек пе? Оларға қорған болар жан табылмағаны ма?
Қайда барып, кімге барып шағынарсың? Тыңдай қояр құлақ бар ма?
Осындай ой жетегімен үйге келдім де, жолға жиналдым. Ертеңіне əй-шайға қарамастан Мəскеуге ұштым. Шешінген судан тайынбайды. Шаяхметовпен ақыры бетті ашып алдық. Жарылар бас жарылды. Мекіре балықтың басы тасқа тимей қайтпайды. Не де болса, жығылсам нардан жығылайын. Орталыққа барып, өз ойымды айтайын. Тым құрыса, қазақтың бір өр тұлғасы үшін кеудені оққа тоссам өкінбен. Мəскеуге барған бетте КОКП Орталық Комитетінің ғылым бөлімінен бір-ақ шықтым, болған жайды түгел баяндадым. Жəне өз пікірімді бүкпесіз алға тарттым. Əуезов жайлы позициямды ақыры қорғап шықтым. Осы əңгіме кейін, 1954 жылы Қазақстан Жазушыларының съезінде сөз болды. П.К.Пономаренко өз сөзінде арнайы тоқталып, менің аты-жөнімді атаған тұста, Орталық Комитеттің нұсқауын орындаудан бас тартып, Əуезовті қалай қорғап қалғанымды айтқанда жəне бұл істе зор принциптілік əрі табандылық танытты деген кезде, жасыратыны жоқ, кайран қалдым. Бұл əңгімені Пономаренко қайдан естіп жүр деген сұрақ қашан анық-қанығын білгенше мазалады. Əуезов жайында Пантелеймон Кондратьевичке тіс жарғаным жоқ. Кейін білдім, ол кісі бар жайды КОКП Орталық Комитетінің ғылым бөлімінде істейтін жауапты қызметкерлерден біліпті».
Қонаев көсемсөзінің құндылығына қану үшін, əрине, бір ғылыми мақала аздық етеді. Ол үшін толымды зерттеу қажет. Бір ғана естелік-эссесімен терең танысу барысында қаншама маңызды мəлімет, ой олжалағанымызды тұжырымдап жеткізсек, кітаптың мына құндылықтары ұлт тарихы мен мəдени мұра қазынасы бола алатынына иманымыз кəміл:
Біріншіден, бір дəуірдің айнасы болумен құнды. Кітап тарихи тұлғаның жеке өмір жолын ғана баяндамайды, Д.А.Қонаев билік құрған кезеңнің шынайы шежіресін алдыңызға жайып салады.
Екіншіден, естелік-эсседе кешегі КСРО атты алып мемлекеттің билік эшелонында қолтаңбасы бар қаншама тарихи тұлғалардың портреттері сомдалған. Олар туралы бұған дейін білетінімізден бір артықшылығы, портретті очерктер қазақ мүддесі тұрғысынан нақты деректерге жүгіне отырып, көркем өрнектеледі.
Үшіншіден, сөз жоқ, қалайық-қаламайық, қазақ тарихының бір кезеңі болып қалатын кеңес заманының жетістіктері мен кемшін тұстарын қатар өрген кітап тарихи тəжірибе, сабақ алу үшін құнды мұра болып табылады.
Төртіншіден, аузы дуалы, сөзі уəлі көсем тұлғаның өмірден түйіп айтқан ақыл-кеңес, ой-тұжырымдары бүгінгі жəне болашақ ұрпақтың игілігіне жаратса, ұтарымыз көп болатынына еш шүбəміз жоқ.
Бесіншіден, көсемсөз өнерін мықтап игеріп, шоқтығы биік ұйымдастырушылық қарымын бұл салада да тайға таңба басқандай анық танытқан тума таланттың толағай тəжірибесі бүгінгі шенді-шекпенділерге үлгі-өнеге болуымен құнды. Кешегі Алаш арыстары мəртебесі биік лауазымдарда жүріп те қаламнан қол жазбай, қоғамдық келелі мəселелерге ой тастап, халыққа шыр-пыр боп түсіндіру жұмыстарымен айналысқанын бүгінгі биліктегілер ұмытпауға тиіс.
Алтыншыдан, өтіріктің арты бір тұтам, шындықтың түбінде жеңіске жететінін дəлелдеумен бұл кітаптың құны артық. Алты Алаштың арысы Д.Қонаевтың өз сөзімен айтсақ, «Ақиқаттан аттауға болмайды».
Қайрат Сақ