«ҚАЗАҚ» – ӨЗІН-ӨЗІ ҚАРЖЫЛАНДЫРҒАН ГАЗЕТ


Апталықтың зерттеу жүзін көрмей, көлеңкеде қалып келе жатқан мəселелері баршылық. Соның бірі – «Қазақтың» қаржылық көзі. Бұл турасында біріне-бірі кереғар əртүрлі пікірлер ғылыми айналымда жүр. Біз соларды сын тезінен өткізіп, өз ой-толғамдарымызды ортаға салғанды жөн көріп отырмыз.

Кешегі кеңес заманында жарық көрген еңбектерде «Қазақ» газеті, ең алдымен, «байшылдығымен» айыпталып келгендігі баршамызға белгілі. Ондай пайымдауға сенсек, бұл басылымды қазақтың жекелеген қалталы байлары қаражат шығындап, жарық дүниеге əкелген болып шығады. Осы пікірді алғаш қоздатқан белгілі жазушы Сəбит Мұқанов екенін қолымыздағы дерек алдымызға жайып салады. Ол 1932 жылы жарық көрген «XX ғасырдағы қазақ əдебиеті» деген кітабында: «1913 жылы февральдан бастап Орынборда «Қазақ» газеті шықты. Бұл газетті шығару үшін қазақ байлары 7 жыл даярлық жасады. Оған мынадай дерек бар», – деп «Айқап» журналының 1911 жылғы 11-санында жарияланған басылым басқармасының ашық хатына жүгінеді. Бұл хатта 1906 жылы 28-мамырда бірінші мемлекеттік думаға депутат сайлау үшін Ақтөбе шаһарында Торғай облысының сайлаушылары мəслихат құрғандығы, осы жиында газет шығару үшін қаржы жинау туралы келісім болып, бұл іс Смайыл қажы Жаманшаловқа тапсырылғандығы жөнінде мəлімет бар. Осыған арқа сүйеген жазушы сонда жиналған қаржы (ол аз да емес, 5000 сом мөлшерінде) осы «Қазақ» газетін шығаруға жұмсалынды дегенге əкеп тірейді.

Осы пікірді белгілі қоғам қайраткері, тарихшы С.Асфендияровтың 1936 жылы жарық көрген «Национально-освободительное восстание 1916 года в Казахстане» деген еңбегінен кездестіреміз. Ол жоғарыдағы деректі қайталай отырып: «Узнав об этом, а также о том, что Жаманшаловым (известный казахский миллионер гор. Троицк) собрано несколько тысяч рублей, Сералин обратился к нему с просьбой отпустить ему эти деньги на издание журнала. Жаманшалов не дает определенного ответа и наконец, после долгих проволочек, объясняет, что решено издать газету не в Троицке, а в Оренбурге, а потому он денег Сералину дать не может (с.55)», – деп жазды. Рас, мұнда осы қаржы анық «Қазақ» газетін шығару үшін жұмсалынды деген сөз жоқ. Бірақ солай болуы ғажап емес деген автор емеурінін тану қиын емес.

Бір көңіл аударарлығы – осы деректер біздің алдымыздағы зерттеушілердің назарынан тыс қалып келгендігі. Ал оның анық-қанығына жетуді ғылым талап етеді. Онсыз «Қазақ» газетінің дүниеге келу тарихы мен оның сан-салалы қызметінің мəн-мазмұны ашылып, ақиқаттың салтанат құруы қиын. Осы себептен де жоғарыдағы пікірдің, яғни бұл басылымды шығаруға «Троицк қаласында тұратын қазақтың атақты миллионері С.Жаманшалов жинаған қаражат жұмсалынды» деген болжамды ойдың қаншалықты шындық екендігіне тоқталмай кетуте болмайды.

Олай десек, алдымен, ол еңбектердің жазылған уақытын еске түсіре өткенді артық көрмейміз. 1932 жəне 1936 жылдары жарық көрген бұл кітаптардың 1928 жылдан басталатын бай-кулактарға қарсы күрестің қаулап тұрған мезгілінде баспаға дайындалғаны бекерден-бекер болмаса керек. Бұдан осы бір саяси науқанның идеология саласында да өрт болып, жалын құшып тұрғанын байқауға болады. Осындай «күйіп» тұрған уақытта жоғарыдағы зерттеушілердің партия сойылын соғудан басқа амалдары да қалмаған. Осы себептен де өздерінің зерттеу еңбектерін 1929 жылғы Қазақстан өлкелік партия комитеті V пленумның шешімдеріне сəйкес жазып шыққандары көзге ұрып тұр. Жазушы С.Мұқановтың жоғарыдағы кітабында жазылғандай, онда: «Қазіргі қазақ əдебиеті – негізін де ескі байшыл, ұлтшылдардың, алашордашылардың əдебиеті. Сондықтан байшыл, ұлтшыл əдебиеттің сырын ашып, əдебиеттегі, жалпы көркем өнердегі оның ықпалымен қатты күресу керек» – деген нақты нұсқау берілген-ді. Оны орындау үшін, əуелі, Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ баспасөзіне тағылған нақақ жала, кінəларды (байшыл, ұлтшыл деген) дəлелдеп, жұрттың көзін жеткізу керек емес пе? Осы мақсаттарын орнына келтіру үшін қолдарына түскен деректердің анық-қанығын айқындамай жатып, оңды-солды қажеттеріне жаратуға асыққандары байқалады. Соның нəтижесінде «Қазақ» байлардың қаражатымен жарық көргендіктен солардың сөзін сөйледі, сондықтан байшыл басылым болды деген қорытынды келіп шығады. Оның соңы «байлар, байшыл оқығандар кеңес өкіметіне қарсы шыққанда таптық мақсаты қайшы келген соң қарсы шықты» деген пікір туғызбай қоймайды. «Қазақ» газетінің жарты ғасырдан астам уақыт қараңғы қапаста үні туған халқының құлағына жетпей «құлыпталынып» ұсталып келген деп тағылған айыптаудың бірі, міне, осы «кінəсі».

Бүгінгі күні де арамызда осындай пікірді, яғни «Қазақ» қалталылардың қаражаты негізінде шығып тұрған деген ойды қолдап қана қоймай, оны тірілтуді мақсат тұтқан зерттеушілер жоқ емес. Мəселен, 1993 жылы қайта тірілген «Қазақтың» 266-санында жарық көрген, Оразайдың Ахметінің Мұхамедрахымы қол қойған «Газеттің шығу тарихынан» атты мақалаға сенетін болсақ, «Қазақ» газеті «…жеке кісілердің жиған қаржы-қаражаты есебінен шығып тұрған. Газеттің шығуына өзге ел игі жақсылары да өз шама-шарқынша үлес қосқан болар, бірақ оның мөлшерін нақты айта қою қиын. Ахмет ишан Оразайұлы берген қаржы бір мың сомның көлемінде», – болып шығады. Бұл – бұл ма, осы ой одан əрі өрбіп, екінші бір автордың айтуы бойынша, «Қазақ» газетін шығару идеясы Ахмет Оразаевтікі болғанын, сол Ахмет ауылында Міржақып Дулатов болғанда осы кісі тарапынан идеяның мақұл тапқанын жəне Оразаев Ахметтің газетті шығаруға қаржы беріп, құрылтайшылық еткенін газет тігіндісі де, Орынбор генерал губернаторлығының құжаттары да дəлелдеп отырғанға» ұқсайды. Бір əттегенайы, мұны газеттің қайсы тігіндісіне жəне қандай құжатқа сүйеніп жазып отырғандығын автор нақты ашып айтпайды.

Нəтижесінде өзге зерттеушілерді де шатастырып, тура жолдан адастырмай қалмайды. Осыдан келіп «… негізінен «Қазақ» газетінің тікелей дайындығының ауыртпалығын көтергендер Мұстафа Оразаев пен Ахмет Байтұрсынов. Газеттің шығаруына алғашқы дайындықтар басталып, жұмыс қызған шақта Əлихан Бөкейханов Самараға жер аударылған болатын (1909), ал Міржақып Дулатов Семей түрмесінде жатқанды», – деген күмəнді қорытынды келіп шығады.

Осы пікірлер шындыққа жанаса ма? Жоқ. Қолымыздағы мəліметтер оларды құптай қоймайды. Əсіресе, газеттің қаржы көздері туралы мүлде бөлек тұжырым жасауға негіз береді. Бір əттеген-айы, əлгіндегідей «Қазақ» қазақ қалталыларының қаражатымен жарық көріп тұрды деген пікір қазанын қайнатушылар, тым болмаса, басылым тігінділерінің өзі бұған не дейтініне мəн бермеген. Соның салдарынан газет тігінділерінің материалдары мен оны зерттеушілердің (жоғарыдағы) пікірлері, бірінің сөзін бірі қолдамай тұрғандығын байқау көп қиындыққа соқпайды. Бұған көз жеткізу үшін енді деректерге жүгіне отырып əңгіме өрбітейік: «Қазақ» газеті – əуелі, тез ойланып, тез дүниеге шыққан істің бірі. Шығаруға бел байлағанда қолдағы пұлымыз небəрі 750 сом еді», – деп жазады А.Байтұрсынов «газеттің бірге толып, екіге аяқ басқан күні» басылым басқармасының атынан оқырманға арнау сөзінде. Мұнда, яғни апталықтың 1914 жылғы 2-ақпанындағы санында жарық көрген бас мақалада жоғарыдағы қалталылар қосты деген қаражат туралы бір ауыз сөз жоқ. Газетке көмек берушілердің əрдайым есімдерін атап, алғыс сезімдерін білдіріп, қолдағы қаржының бір тиынына дейін есеп беріп отырған Алаш азаматтарының оларды ұмыт қалдыруы мүмкін емес қой. Олай деуге ешқандай негіз жоқ. Мұны архив деректері де растайды. 1916 жылы Ресей ішкі істер министрлігі рухани істер департаментінің вице-директоры ерекше тапсырмалар чиновнигі Тарановский құпия қатынас хатында «Каспий» газетінің хабарлауына сүйеніп, қазақтар «Қазақ» газетіне өткен жылы 1600 сом ақша жинап беріп, материалдық қолдау жасаған көрінеді деп, бұл деректің қаншалықты шындыққа сəйкес екендігін анықтап, департаментке баяндауын өтінеді. Осы қатынасқа жауап ретінде жазылған құжатта: «Уведомляю Ваше превосходительство, что редактор газеты «Казах» Ахмет Байтұрсынов начал издавать свою газету 2-го февраля 1913 года имея в своем распоряжении капитал лишь в сумму 750 рублей», – деп көрсетіледі.

Бұдан «Қазақ» байлардың қолдауымен, солар бөлген қаражат есебімен шығып тұрды деудің ешқандай қисынсыз екендігі көрінеді. Осы пікірді газет тігінділерінің материалдары да тірілте түседі. Мəселен, басылым жанынан ашылған «Азамат» серіктігінің мақсаттарын түсіндіріп, апталықтың 1913 жылғы 42-нөмірінде оқырмандарға газет басқармасының үндеуі ретінде жарияланған «Алаш азаматтарына» деген мақаладан біраз жайдың сырына қанамыз. «Баспасөздің əуелі керектігін түсініп, білу қажет. Екінші, білгеннен кейін баспасөзбен жұрттың пайдалану жағын ойлап іс қылу керек. Басқа жұрттарға қарасақ, олар мұндай істерді екі түрлі жолмен жүргізіп жатыр. Бір жолы – пұл міндетін пұлы барлар алып, жазу міндетін қалам ұстаушылар алып, істеп жатқан жол. Екінші жолы – баспасөзбен халықтың пайдалануын ойлаған адамдар көп сомалы болмаған соң, аз сомаларын құрастырып, жиып, біріктіріп, күштерін қосып, серіктесіп іс қылып жатыр, – деп бір қайырып алып, мақала соңынан «Ашушылар» деп қол қойған Ахаң мен Жақаң одан əрмен қарай өздерінің жанына батқан біраз шындықтың шымылдығын түреді. – Əуелгі жолмен іс жүргізуге: пұл міндетін көтерерлік қазақтан байлар шықпады. Байлар жомарттық қылмады деп қарап отыруға бола ма? Екінші жолмен іс жүргізуге ойлап тұрмыз. Қазақтың кесек сома шығарарлық байлары аз болғанмен, аз сомасымен, адамгершілігімен серіктікке жарайтын азаматтары аз емес».

Осы жолдарды оқи отырып, «Қазақ» қазақ байларының қолдауымен, солардың қаржысымен шықты, сондықтан да солардың сойылын соқты дейтін пікірсымақтардың да қате екендігін көреміз. Сонымен бірге: «А.Оразаев газет шығаруға қажетті қаржының басым көпшілігін жинап берген соң, медресе «Ғалияда» оқып жүрген баласы Мұстафаны «Қазақ» газетінің бастырушысы етіп тағайындады, газет барлық жағынан түгелдей сол кісінің жауапкершілігіне тапсырылады. Газеттің ірге теуіп орнығуына А.Оразаев кейінірек қаржысымен де, мақалаларымен де көмек көрсетіп отырған», – деген пікірдің бас-аяғы түгел шындыққа жанаса бермейтіндігін айтуды ғылым талап етеді.

Осы ойымызды «газеттің аяғын нық бастырып, жүргізіп жібермек» мақсатында ашылған сол «Азамат» серіктігіне кірген алғашқылардың тізімі негізінде жандандыра түскіміз келеді. Осынау абыройлы да азаматтық іске қолдау көрсеткендер кімдер еді? «Қазақтың» 1914 жылғы 56-санында жарияланған тізім бойынша, олардың ішінен бүкіл қазаққа таныс есімдерді тағы да кездестіреміз. Олар: «М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Бадрисафа Байтұрсынова, Арғынғазы Боштаев, Ғабдолла Нүсіпбаев, Əлихан Бөкейханов, Мұхаметжан Тынышбаев, Əубəкір Алдияров, Бірмұхамбет Алдияров, Медеу Оразбаев, Қаражан Үкібаев, Шəкəрім Құдайбердиев, Ғабдікен Құнанбаев, Тұрағұл Құнанбаев, Жəмила Бөленова, т.б.». Бұл қатардан жоғарыда аты аталған, қаржылай көмек беріп, газеттің құрылтайшысы болды деген қазақ байларының есімдерін кездестіре алмайсыз. «Азамат» серіктігі қиналған кезде, қаржы тапшылығынан «Қазақтың» жабылып қалу қаупі артқан тұста, оны аман алып қалу үмітімен қолға алынған соңғы амал болғаны дəлелдеуді қажет етпейді. Осындай қиын сəтте, газеттің өмірі саудаға түсіп тұрған кезде қолұшын бермеген байлардан не үміт, не қайыр? «Серіктікке кіретін азаматтарға лайықталғаны бір басына жүз сом» екен. Осыны ауырсынған ауқаттыларды əкеліп басылымның бас демеушісі, жарылқаушысы етіп көрсеткіміз келеді. Бұл əдеп, əділеттіліктің ауылына топырақ шашқандық болып шықпай ма?! Оның үстіне, газеттің шығарушысы осы мезгілден бастап «Азамат» серіктігі деп жазылады да, Мұстафа Оразаевтың есімі аталмайды. Оның «Азамат» серіктігіне мүше болып кірмеуі де ойландырады. Бұл болашақ зерттеушілердің назарында болуға тиісті жай.

Осы орайда, газеттің қаржыландыру көздері туралы өз ой-толғамдарымызды ортаға сала кеткенді артық көрмейміз. Бұлай дегенде, алдымен, «Қазақтың» өзін-өзі қаржыландырған басылым болғандығын айтқан лəзім. Біздіңше, газеттің қаржыландырылу көзі – екеу. Біріншісі əрі негізгісі – басылымды жаздырып алушылардан түскен қаражат. Екіншісі – газетте жарияланып тұрған жарнамалардың төлемақысы. Осы ойымызды газеттің 1915 жылғы 139-санында жарық көрген мына материал да растай түседі. «Газета сомасы екі түрлі ақшадан құралатын еді: бірі – алушылар төлейтін ақша, екіншісі – ығлан (жарнама – С.Қ.) берушілер төлейтін ақша».

Газетке жазылу бағасы «бір жылға – 3 сом, жарты жылға – 1 сом 75 тиын, үш айға – 1 сом» болған. Одан басқа əр саны көтерме сауда бағасымен 5 тиыннан сатылып отырған. Ал ығлан (жарнама) бағасы: «Бір рет басуға – 1-бетте петит жолы 20 тиын, 4-бетте – 15 тиын. Бір реттен артық бағасы келісуінше» болғандығын газеттің əр нөмірінің маңдайшасынан тұрақты орын тепкен хабарландырудан оқып білеміз. Осыған қарап та газет шығынын қандай қаражат көзі толықтырып отырғанын анықтауға болатындай. Қосыпалуды білетін кісіге таралымы 3 мыңнан 8 мыңға дейін жететін басылымның қаражат жағынан өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатындай жағдайда болғандығын есептеп шығару көп қиындыққа түспесе керек.

Рас, газетті қаржыландырудың басқа да жолдары қарастырылып отырған. Бірақ, олардан ауыз толтырып айтарлықтай жəрдем болмаған. Бұл жөнінде газеттің 139-санында жарияланған мəлімет былайша сыр шертеді: «Бұл екеуінен басқасы (жоғарыдағы екі қаржыландыру көзінен – С.Қ.) əлдеқалай түсетін, болар-болмасы неғайбыл ақша еді. Біздің газетіміздің жоғарғы айтылғаннан басқа «Азамат жарналарынан құралған сомасы бар. Ол – газеттің «алды – дария, арты – жар болған кезінде керек болар деген қосардағы ат сықылды сома». Демек, бұл да – əлгіндегідей газетке жəрдем қолын созып, қаражат шығынын өтеуге пəлен пұл көмек берді деп жүрген жарылқаушылардың шын мəнінде болмағандығын, ерен жомарттық жасамағандығын айғақтайтын дəлел. Олай болса, ондай ойдың жетегіне ерген зерттеушілер өзі бір шатасып, жұртты екі адастырып, ақиқат алдында қиянат жасап жүргенін ауызға алмай тұра алмаймыз.

Осы жерде мына мəселені де оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Газет о бастан-ақ жаздырып алушылар қаражаты есебінен жарық көре бастаған деуге толық негіз бар. Бұл жөнінде мынадай дəлел келтіруге болады. «Қазақтың» 1913 жылғы 28-санында М.Дулатовтың «Қай жерде қалай?» деген мақаласы жарияланған. Сонда Жақаң: «Өткен январь жұлдызының ақырында, «Қазақ» шықпай тұрып, шығады деген хабар болған соң, Павлодар дуанында жатып «Қазаққа» алушы қарастырдым; 4-5 күннен соң хабарды есіткен Павлодар қазақтары өздері келіп жаздыра бастап, аз күннің ішінде 150-дей алушы болды», – деп хабарлайды. Осыдан екі мəселенің шындығына қануға болады. Əуелі, жарық көрмей тұрып-ақ газеттің жаздырып алушылары болғандығын, яғни «Қазақ» солардан жиналған қаражат негізінде басылып шыққандығын айғақтайды. Екіншіден, жоғарыда келтірілген газеттің алғашқы дайындық жұмысына бірі айдауда, екіншісі абақтыда жатқандықтан Ə.Бөкейханов пен М.Дулатов қатыса алмады деген пікірдің шындыққа жанаса бермейтіндігін аңдатады.

Əуелгі мəселені талдағанда алты жылдық ғұмырында «Қазақтың» əрқилы кезеңдерді бастан өткергенін ұмытуға болмайды. Алғашқы екі жылында, яғни 1913-1914 жылдары жаздырып алушыларының молдығынан (3 мың дана – ол кездің көрсеткішімен жоғары таралым) газет өз шығынын өзі ақтап, қаржы тапшылығына душар болмағандығын байқаймыз. Басылымның басына мұндай қиыншылықтың үйірілуі 1915 жылдың еншісіне тиеді. Осы жылдың басынан газет аптасына екі мəрте шығуға көшеді. «Газетаны жетісіне екі рет шығарғандағы мақсат жұртпен жиірек тілдесу, көбірек кеңесу, тезірек хабар беру еді», – деп сыр тарқатады бұл жөнінен апталықтың 1915 жылғы 139-нөмірінде басылым басқармасы. Осы игі қадам басылым қызметінің өрісін кеңейтіп, жұмысын жандандыра түседі деп күтілген екен. Алайда, өкінішке орай, ол керісінше көрініс табады. Қиындықтың үлкені газетті жаздырып алушылар қатарының күрт кемуінен туындайды. Жоғарыдағы апталық жарияланымынан: «Бастапқы жылдары газета алушылардың саны үш мыңға жеткен соң, сол шамалы алушылар болып тұрар, бірер мың сом ығланнан түсер, екі мəрте шығаруға тəуекел етіп көрейік деген бір талап еді. Іс орайы ойлағандай болмады. Алушылар һəм ығлан берушілер саны ойлаған шамадан табылмады», я болмаса «Газет алғашқы шыққан жылы алушылар 3 мыңнан астам болды. Келесі жылы 3 мыңға таяу болды. Биыл мың алты жүзге түсіп қалды», – деген жолдарды оқып, соны ұғамыз. Осыған қоса, бұл мəліметтерден мынадай ой қорытындылауға да болатындай, газет алғашқы екі жылында өз шығынын өзі, сырттың көмегінсіз өтеп тұрған болуы керек. Əйтпесе, екі рет шығаруға тəуекел етпес те еді ғой.

Қолдағы деректерге сүйенсек, газетке жəрдем етушілердің пайда бола бастауы да осы 1915 жылдың еншісінде. «Қазақтың» сол жылғы 30-қыркүйектегі 151-санында алғаш рет газетке көмек берушілердің тізімі жарияланған. Оның алғы сөзінде: «Ойламаған жерден «Қазақ» төтенше шығынға ұшырап, халі ауырлағанын байқаған азаматтар азды-көпті көмек берісті. Бұлар көмектерін əрқайсысы айрықша əр уақытта жіберген еді. Біз бəрін жиып, бір-ақ жариялап отырмыз», – деген түсініктеме берілген. Ендеше, газетке кім, қанша жəрдем берді деген даулы сұрақтың жауабын осы тізімнен іздеген жөн болар. Оның осындай құндылығын ескеріп, оқырманға қаз-қалпында, толық ұсынғанды жөн көреміз: «Есенқұл қажы Маманов – 100 сом, Ғайнижамал Есенқұл қажы жамағаты – 100 сом; Тəңірберген қажы Тұрысбеков – 429 сом; Айтмұхамбет Тұрысбеков – 100 сом; Хожа Ахмет Маманов – 50 сом; Баймұхамет Тұрысбеков – 50 сом; Құдайберген Тұрысбеков – 20 сом; Егеубек Жиенбаев – 10 сом; Ғ.Əлібеков – 150 сом; Хұсайын Үкенов – 25 сом 50 тиын; Жолымбет Тұрымбетов – 25 сом; Ерназар Жауқашаров – 20 сом; мұғалім Нығметолла Күзебаев – 15 сом; Нұғман Қанатбаев – 5 сом; Өмірұлы Патешов – 5 сом; Тілеген Бадырақов – 5 сом… Барлығы – 1274 сом 40 тиын».

Осы тізім газеттің бұдан кейінгі 152, 153-сандарында жалғасын тауып, барлығы 255 адамның аты-жөні басылымның қамқоршылары ретінде тарих болып хатталады. Олардың əлеуметтік құрамы əртүрлі. Бұл тізімнің ішінен байды да, қажыны да, орта шаруа мен кедейді де, ақыр соңы студенттерді де кездестіреміз. Демек, «Қазақ» белгілі бір əлеуметтік таптың немесе топтың құзырындағы емес, жалпыұлттық басылым болды деуге толық негіз бар. Сонымен бірге бұл дерек те жоғарыдағы басылым белгілі бір байлардың қаражатымен жарық көріп тұрды деген пікірлердің қисынсыздығын одан сайын дəлелдей түседі, өйтпесе, ол кісілердің де аты-жөні осы тізімнен орын табар еді ғой.

Қайрат Сақ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *