«Қазақ» газетіне қатысты енді бір зерттелініп, тиісті бағасын алуға тұрарлық тұлға – Жанұзақ Жəнібекұлы. Ол газеттің 1918 жылғы 261-263 сандарына редактор ретінде қол қойған. Осымен қоса газетте үзбей жарияланып тұрған туындыларына қарап, қаламы ұшқыр, ойы жүйрік журналист екендігінен сыр түйеміз. Солай бола тұрса да, қалам қайраткерінің шығармашылық мұрасы зерттеушілер назарынан тыс қалып келе жатқаны өкінішті-ақ жай.
Біз қаламгердің өмір жолы мен Қазан төңкерісінен кейінгі тағдыр-талайынан сыр тарқататын мəліметтерді кездестіре қойған жоқпыз. Сөйтсе де, оның «Қазаққа» сіңірген қызметіне, шығармашылық бай мұрасына қарап, қазақ журналистика тарихында аты аталынып, өзіндік орнын иемденуге тиісті тұлға екендігіне көзіміз жете түседі.
Ж.Жəнібекұлының «Қазаққа» жарияланған еңбектерінің тақырып аясы кең жəне мейлінше меңгерілген. Мəселен, алғашқы жарық көрген «Сыртқы хабарлар», «Ғұсмани түріктері» жəне «Кəріс мұсылмандары» деген еңбектерінде қазақты бодандыққа ұстаған Ресей мемлекетінің сыртқы саясатынан мəліметтер келтіріліп, талдау жасалынады. Алғашқы мақаласының арқауы Ресей мен шетел мемлекеттерінің арасында қарым-қатынасқа құрылса, кейінгі екі еңбегі Түркия мен Ресейдің жаулығына, түріктер мен қазақтар жəне жалпы мұсылмандардың саяси жағдайы туралы мəселелерге арналады. Бұл шығармаларының қайқайсысының да тілі жатық, ойы орамды əрі авторлық пікір, пайымдауларға бай.
Публицистің қаламына арқау еткен екінші бір тақырыбы ел ішіндегі тыңшылар мен бас пайдасын халқының қамынан жоғары қойған «жүзіқаралардың» бетпердесін түріп, кінəсін мойнына қоя айыптауға құрылған. Газеттің 1917 жылғы 228-нөмірінде жарық көрген «Қара жүз қажы» яки «Корганский» деген мақаланың авторлары – Тілеулин Жұмағали, Жəнібеков Жанұзақ, Турин Ысмайыл. Бұл еңбекте «Корганский» деген бүркеншік атты жамылып, жеке басының қамы үшін елін сатып, патша өкіметіне астыртын қызмет еткен Дүйсенбай қажының іс-əрекеті əшкереленді. Сонымен бірге, газеттің осы санында жарияланған «Тыңшылар» деген өзінің жеке мақаласында татардың кейбір газет тілшілерінің қазаққа істеп отырған келеңсіз қылықтарының сырын ашып, оны ауыздықтау жөнінде ой айтады. Қазақ пен татар арасындағы мəдени қарым-қатынас мəселелеріне тоқталады.
Ж.Жəнібеков қаламынан туған туындылардың бірсыпырасы түркі халықтардың ортақ тарихы мен тілін жəне оны зерттеуші ғалымдардың еңбектерімен таныстырып, талдай бағалауға арналады. Соның ішінде қомақтысы – «Түрік тілінің ұлық ғалымы В.В.Радлов» деген апталықтың 1917 жылғы 214-санында жарық көрген естелік мақаласы. Атының өзіақ айтып тұрғандай, бұл еңбекте ұлы ғалымның өмірбаяны мен мол шығармашылық мұрасы сөз болады. «Тегі, түсі бөлек» болғанмен, қазақ негіз боларлық көп қымбат бұйымдарды қойнына салып, бағып-қағып, ардақтаған баласын Алаш азаматы танып тұрғаны жөн», – деп ой қорытады.
Мақала атышулы ғалымның 80 жасқа толу мерейтойына орай жазылған. Көрнекті зерттеушінің көне түркі тілінің, соның ішінде, қазақ тілінің төркінін танытатын құны өлшеусіз, бай қазыналарымызды қағазға түсіріп, мəн-маңызын анықтап, бүгінгі күнге қаз-қалпында жетуге қосқан үлесі қомақты, орны орасан зор. Осыны қаламгер жан-жақты баяндай отырып, басты-басты еңбектерімен қалың қазақты таныстырады: «1812-жылы Монғол жеріне барып Орхон өлкесіндегі ескі түркі жазуларын тауып оқиды. Ол жазулар оқылған соң түркі жұртының тарихында көп көмескі нəрселердің беті ашылып, тарих ғылымдарының кейбір қате сөздері құнын жояды. …Қырғыздың «Манасы», қазақтың Шыңғыс, Көкше, Едіге, Тоқтамыс, Ертарғын, Орақ-Мамайлар туралы жазылған көп сөздері бар. Қазақ тіліне керек толық мағлұмат оның сөздерінен табылады», – деген жолдар сол жөнінде сыр шертеді. Еңбек ұлы ғалымның өмірі мен шығармашылық қызметін жалаң баяндау, құрғақ тізуге құрылмаған. Ол авторлық ой-толғаммен ұштасып, жанды бейне, тылсым дүниеге ұласа суреттелінеді. Бұл қырынан келгенде журналист қаламының əбден ұшталып, табаны қызған жүйріктей, төселе шапқанын көреміз. «Орхон жазулары осы күнгі қазақ тілімен жазылған екен десек, бұған өкпе айтушы елдер болар деп қоя тұрдым. Бірақ Радлов кітаптарын оқығанда түркі тілдерінің ішінде ең бай ел қазақ елі екені айқын көрінеді», – деген жолдардан қаламгердің биік өресін, білімділігі мен біліктілігін жəне көңілге түйгені мол, көкірек көзі ашық, ұлтжанды азамат екенін айнытпай танисыз.
Қалам қайраткерінің «Қазақ» газетінде жарық көрген шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі – «Алаш құрбандары» деп аталатын туындысы. Апталықтың 1918 жылғы 262-нөміріне жарияланған еңбекті тебіренбей оқу мүмкін емес. Баспасөз жанрларының бірнешеуінің жүгін бір өзі арқалап тұрған, əрі корреспонденция, əрі репортаж үлгісінде, публицистикалық сарында жазылған туынды оқырманның жандүниесін баурап, көңіл шіркінді мың түрлі құбылтады. Мақаланы оқи отырып, автормен бірге біресе жаныңыз шырқырай күйінеді, біресе халқының қамы үшін басын бəйгеге тіккен Алаш азаматтарының іс-əрекеттеріне қанығып, көңіліңізге жылылық ұялайды. Міне, журналист шеберлігінің тылсым күші, тəлім алар мол тəжірибесі.
Еңбек екі бөлімнен тұрады. Біріншісінде Алашорда үкіметін қорғайтын Семейде атты-жаяу милиция құрылғандығы баяндала келіп, соның басшысы Қазы Нұрмұхамедұлының большевиктер қолынан оққа ұшқандығы жария етіледі. «Алаш жолында құрбан болған жас бағланның» жантүршігерлік өлімі мақала авторының ғана емес, барша қазақтың ортақ қайғысына айналғаны əдемі өрнектеледі. Қаламгердің осы көріністі, жұрттың ішкі сезім, жан толқынысы иірімдерін айнытпай қағазға түсіріп, газеттің қалың оқырманына мөлдірете жеткізуі – хас шеберліктің белгісі. «Марқұмның жолдастары ботадай боздап, басын құшақтап шуласты. Көргенестіген жан қайғырды. Ертеңіне халық көп жиналып, жаназасы шығарылды.
…Қабірге қойып, құран оқылып болғаннан кейін Шəкəрім ақсақал халыққа қарап сөз сөйледі: «Əлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл – ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер. Бұл күнгі һəм мұнан соңғы «ұлтым!» деген азаматтар мына мен сияқты болып «ұлтым!» деңдер» – деп, өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Марқұмның аты да Қазы еді, қазы-би деген сөз, қазы билігін айтып кетті.
Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ! Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек. … Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті. Алпыс жасқа келгенде мұндай ұлт үшін құрбан болатын азаматты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім, енді бүгін өлсем де арманым жоқ…» – деді.
Жиылған жұрт еңіреп жылап жіберді», – деген жолдарды оқып отырған əр оқырман өзін оқиғаның ортасында тұрғандай сезінеді. Бұл – репортаж жанры арқалайтын жүк.
Мұнда ол шебер орындалған, əдемі өрнектелген.
«Қаралы жиында сөз алған ақын Міржақып Дулатов:
«Хош, бауырым, жолдасым!
Армансыз сенің өз басың.
Қабыл болып құрбаны
Алашты құдай оңдасын!» –
деп келетін өлең шумақтарын оқығанда жиналған халық қамығып, көңілі босап, көзіне жас алды, – деп жазады автор. – Бұлардан кейін Райымжан, Жанғали қажы, Мұстақым сөз сөйледі. Ақырында қазының бірге оқып жүрген жолдасы Жүсіпбек еңіреп тұрып: «Жан бауырым, жолдасым! Хош бол! Жасаған алдыңды өзіңе, артыңды бізге қайырлы қылсын! Талаптандың, талпындың, оқып қатарға кірдің. Бұл күнде мынадай мезгілсіз қазаға душар болдың. Өкінбе! Ұлтың үшін туып едің, ұлтың үшін өлдің. Кеудеңде бірақ арманың кетті, ешкімге оқ атып, қылыш суыра алмай, жазықсыз оққа ұштың. Тым болмаса ұлтыңның бақытының шетін көре алмай кеттің…» – деп көзінің жасын тыя алмай, сөзін əзер тоқтатты».
«Бұл жолдарды тебіренбей оқу əсте мүмкін емес». Автордың осынау қайғылы оқиғаны қағазға түсіргендегі мақсаты да осыған сайса керек. Яғни, Алаштың алғашқы құрбанының өнегелі ісін жастарға үлгі етіп, халықтың рухын көтеруге бағыштаған.
«Алаш аман болса, бұл тұңғыш құрбан ұмытылмас, тарихта аты қалар. Бірақ біздің бұдан үлгі алып, жүргенімізді соның жүргеніндей қылуымыз керек», – деген авторлық түйін сол жайынан сыр шертеді.
Туындының құнды бір тұсы – Қазы Нұрмұхамедұлының өмірбаянынан біраз мəліметтер келтірілуі. Бұл – тарихи дерек, өткенімізді танып-білу үшін таптырмайтын мəлімет.
Еңбектің екінші бөлімінде «Алаш туын көтеріп, ел жігітін бастайтын, соғыс ғылымын оқыған, бірнеше жыл соғыста болып, тəжірибе көріп ысылған … штабс-капитан Нұғыман Сарбөпеұлының «атты-казактар» қолынан тапқан жантүршігерлік қазасы» баяндалады. Жай ғана баяндалып қоймай, оқиға құдды бір көз алдыңызда өтіп жатқандай бейнелі көрініс табады. Оқырманға түсінікті болу үшін автор кейіпкерінің өткен өмірінен қысқаша мəліметтер келтірумен əңгіме бастайды. Александр атындағы кавалериялық училищеде əскери білім алған Нұғыман Сарбөпеұлы, əуелі, қытай шекарасында №553 жаяу полкта, кейіннен неміс фронтында қызмет етеді, бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Большевик лаңы басталған уақытта Мəскеуге келіп, ондағылардың үлкен қызмет ұсынғанына қарамастан бас тартып, Орынборға жетеді. Бұл шаһар большевиктер қолына қарап тұрғандықтан уақытша Ақтөбенің 1-Бөрте болысы, 3-ауылында бой жасыра тұруға мəжбүр болады. Оқиға осы жерде өрбиді. Алаш милициясына қызмет етуді ойлап, Семейге жетудің қамымен жүргенде атты-казактар «штабқа жүріңіз» дейді. Бұл «жарайды» деп, штаб деген жерлеріне барса, өзінің алданып қолға түскенін сезіп, бармағын шайнайды. Əлгі келгендер атты-казактар екендіктері анық болғанмен, азғырылып большевик болған, бұралқы атты казактар екен.
Сол арада Нұғыманды жалаңаштап, қамшымен сабап, мылтықтың дүмімен ұрып, ең соңында алты мылтықпен бір басып, өлді деп тастап кетеді. Бірақ ол кезде Нұғыман тірі екен. Соңынан жамағаты Зинаятта Рамазанованың ішкі киімінен басқасын, алтын-күміс нəрселерін – бəрін əлгі залымдар ауылға келіп, жұрдай қылып тонап алып кетіп бара жатқанда кеудесін сүйретіп, ауылға қарай жер бауырлап келе жатқан Нұғыманды көріп, тағы қылыштың астына алып, мылжа-мылжа қылып, қарнын тіліп, басын шауып, көзін шығарып, ит көрмеген қорлықты көрсетіп өлтіреді».
Қалың қазақтың қайғысына айналған қаза қаламгердің де қабырғасын қайыстырғаны анық. Бірақ, ол ашуын ақылға жеңдіреді:
«Қыршын жас, қаһарман сарбаз Нұғыман марқұмның өліміне шын жүрегімізбен қайғырып, жеңіл болсын айтып, құдайдан артында қалғандарына сабыр сұраймыз», – деп елді сабырлыққа, қазаның соңын күтуге шақырады. Өзі құр қол қалмай, Алаш құрбанының артында аңырап қалған жамағатына қаражат жағынан жəрдемін көрсетеді. «Нұғыман марқұмның опатын естіп қайғырып, бет сипап, дұға қылып қойғанмен, азаматтық борышымнан құтыла алмайтын ретті көріп, ауыр қайғы үстіне жұрдай болып бар мүлкінен айырылып қалған Зинаятта ханымға һəм емшек баласына өзімнен 100 сом, қарамағымдағы қазақ оқығандарға ашқан «Еркін деле» пұлынан 200 сом қаражат жібердім. «Аш қазақтарға жəрдем» комитетінен де біраз нəрсе бердім», – деп жазады бұл жөнінде автор.
Еңбектің, біріншіден, тарихи құжат ретінде құны жоғары.
Екіншіден, қалам қайраткерінің журналистік болмысын танытуымен бағалы. Осыған қоса қазақ журналистикасының репортаж жанрының қалыптасуына сүбелі үлес қосқан шығармалардың бірі деп қарауға əбден болады.
Қорыта айтқанда, Жанұзақ Жəнібекұлының «Қазақ» газетіндегі журналистік қызметі – зерттеушісін күткен тақырыптың бірі. Бұл қазақ баспасөзі тарихын зерттеушілерге ой тастауға тиіс.
Басқа да есімдерін əлі ел танып біле бермейтін, еңбектері зерттеу жүзін көрмей келе жатқан, газетке қаламымен де, қаржысымен де көмегін тигізген қаламгерлер қаншама.
Осы орайда, жоғарыда аты аталған Алаш азаматтарының қай-қайсысының да «Қазақ» газетіне қосқан үлестері қомақты екендігін тілге тиек етпей тұра алмаймыз. Олардың əрқайсысының осынау басылымға сіңірген еңбегіне жекежеке тоқталып, терең зерттеу жүргізетін болсақ, өз алдына бір-бір бұлақ бастауы алдымыздан тартылатынына ешбір шүбəміз жоқ. Ал бұлақтар қосылып, ол мұхитқа барып тоғысатыны белгілі жай. Мұны да солай қабылдағанымыз жөн шығар.