Мыслями с Богом, а телом-то с людьми.
Григорий Распутин
Ақшаңдақ аспанды тағы бір қыдырып шыққан күн көк-жиекке аман-сау жеткенімен, мынау шыжбыж дүниені қимағандай талықсып тұрып алды. Сынық сүйемдеп етектен жоғары өрмелеген қарабарқын көлеңкені бойына қапелімде дарытқысы келмей Алатаудың іркес-тіркес шыңдары өндіршегін созғылайды. Таудың тар құрсағында бұлқынған Ыстықкөл ғана толқыннан толқын тулатып, қызыл бояқ сәулені қоймай құмарлана жұтады. Ауызбірлігі кем ақша бұлт біткен желге жағынып, пышырап, ақ айдын бетінде кержалқауланып сырғанайды.
Көлдің иесіндей боп арша таяғына сүйеніп жағалауда бір шал тұрды. Азу тістен ада екі ұртына тоқылдақтың басы сыйып кеткендей екен.
Ал пері көшетін намаздыгер мен ақшамның арасында қасиетті көлді елбең-елбең елес кезіп жүрді. Елес… Көлдің айна бетінде шағылып қалған қартамыс шақтың хикаясы. Астын әлдилеген ағын, бетін тербеткен толқынға сеніп елес-жады өмірге енеді де, сағым боп ойнап қас қағымда жоғалады. Ащы ішектей әрең таусылған кешкен ғұмырын емес, ішіндегі қарашықтай ғана қадірлі жылт дәуренін өздері де аңсайды екен-ау! Желкесінің шұңқырын көрсетіп қашқан зәрезабының өзін келе-келе таңдайын ойған тәттіге қимас…
Бір толқынды қолтықтап мәңгіліктің тұңғиығынан Манас көрінді. Бойындағы бес қаруын дірдек қақтырып, маңайына су бүркіп сілкінді. Бәйтеректі бауырына басып отырған қырық қарға атқан тастан бетер ұяларын тастай қашты. Аулақта жүрген сәйгүлік кісіней шапшыды.
…Кемпіршуақ көктемеде Алтайдан өкше көтерген қырғыз жұрты Кеген тауларын түйежарлап өтіп, Ыстықкөлге әупірімнің күшімен құлаған. Тізгінін Манасқа, ниетін Таласқа табыстап алға емініп баққанымен, жұмақтың төріндей мекенге жеткенше ат-түйенің арқасына ошақ орнындай жауыр түскен. Тер сіңген таралғы, тесілген тақым ше? Қырық күн шілденің құм қайнатар ыстығы жұлынған еркек, жыңғылдай қатынның өзінің қасын күйдіріп, кірпігін ақсіркелеп жіберген. Ұрттан ұртқа жүгірген сықпа құрты түскірдің дорба түбі қағылып, тіл қыдыртып жалай-жалай ерін жалағы – ол да азап. Көп азапты осылай үйірімен үш тоғызғып тырна мойнын созып келе жатқан елде бір шатақ шықпаса несі көш? Және ол шатақ сыбырдан басталып, сыбанған дауға айналмаса несі шатақ? Шапшып тұрар дауды саршұнақтай шақылдап қатын бастамаса несі қатын?
– Садағаң кетейін Көбеш ағам айтып еді-ау: «Келінжан, тау жағалап, тас басып кімге сеніп барасың? Омыртқадай байыңа ма, опал таудай Манасқа ма? Бірі – күйкі, бірі – даңғой. Елді апарып жарға жығады, көр де тұр! Қалмақтан көрген теперішіміз жоқ, алақанының ортасында отырмыз. Ас-тойынан қалдырмайды. Жайлауының шеті біздікі. Ақылың болса – барма… Бармыз ғой…» деп. Тақымымыз қажалды, тұяғымыз мұқалды. Жар емес пе мұнысы, жыққаны емес пе мұнысы?!
Басындағы қарқарадай күндігі күйелеш-күйелеш қара қатын көштің аяқ жағында келе жатып байғыздың даусына салып зарлап қоя берсін:
– Алтын тамырдай Алтайдан қара басып айырылдық!..
Өлігіңді көрейін, Манас!.. Апий, ой!..
Ұшып түскен жара құсап әр жерден шыққан қатын даусы бір-бірін іздеп тауып, айналаны әлемтапырық қып жіберді. Омыртқадай байы оңбайтын қатынын өңірден ала кетіп, қапелімде көлік үстінен аунатып түсіргенмен, жерге басып отыруға дәрмені құрғыры жетпеді. Аузында бұрқыраған сөзі, бойында кернеген ашуы бар ұрғашы жаралы жыртқышпен тең екен, омыртқадай бай оңбай омақасты. Жай құласа да кешірім, жон арқадан солқ еткізіп түйіп кеп жібергенде қозы көш жерге дедектеп жүгіріп барып омақасқанын айтсаңшы! Ала шаң бұрқ ете түссін.
«Шоқ, шоқ!» десті шап айылы мен шыдамы қатар үзілгелі тұрған үзеңгілестер.
Ұшы-қиыры жоқ көш-керуеннің маңдайында жүрген Манас астындағы ақкөбік болған Аққұласын ірікті. Қалың қырғызын жаттың жарқабағынан суырып алып еркіндіктің есер құшағына бастағанда естір алғысы осы болғаны ғой. Томпылдатып сабасаң қойқойлары таптырмас, белі мықты бестісі не тоқтам айтар естісі жоқ ел дегенің осы екен. Тұр, міне, бәрі артында, екі иінінен таяқ шаншыған қарақшыдай боп ербиіп. Айыр қалпақтың астынан аспанға қараған, буалдырланып, өз-өзінен тозып, түсі өңіп кетіпті. Оңнан да, солдан да үзік-үзік сағым ойнады. Керегедей қаз-қатар қаланған жақпар тастар балбалдарға айналып, шексіздіктің құшағында жүзіп бара жатты. Жанындағылардың бәрі серттесіп, тілдерін қырқа тістеп алғандай ләм-мимсіз. Тартып міне берген соң, ат жалы да сұйылып қалыпты. Қаныкейге көз тіккен. Айыр қалпағымен көш соңын нұсқаған. Байғыз даусын барып өшір деген ишараты.
Сонда кеш туған айдың сынығындай Қаныкейі, алысқа ат шаптырып некесін қиған, іңірде салып төсегін сәскеде жиған, ақ бетін соңғы идіріммен жуған, сәмбі белін алтын қаусырмамен буған Қаныкейі бұған ғұмыр дағдысы – назданып емес, назырқанып қарадыау! Бетіне тіктегенді бүккен, тау тасындай үлкен опал таудай Манастың сол сәт пәті қайтып сала берген…
Шарасыздықтың екі иіннен басқан салмағынан жаншылып тұрып, қолдан – сүйеніш, аяқтан – тіреуіш таппай тұрып, ең соңғы дәт – Алладан медет тілеп тұрып мұнар-мұнар батысқа көз тіккен. Өңіп кеткен аспанның, оңнан да, солдан да ойнаған үзікүзік сағымның нақ ортасынан зарықтырып, айнадай жарқырап, жанарыңды қарықтырып осы Ыстықкөл көрінген. Айбарланып, арыстан жалданып айқайын салып еді-ау сонда!
– Қағылайын, Ыстықкөл!
Іле қиқулай төбеден мың сан торы ала қаз ұшқан. Қарағайлы орман сыңсып шуласқан. Дауылпаз ойнаған. Қобыз шаңқылдаған. Шайыр саңқылдаған. Бақса, құмырс-қадай қарақұрым қырғызы екен аруағын көтеріп ұлы көлге жапа-тармағай ат қойысып бара жатқан.
Е-е, одан бері күңгір-күңгір не заман өтпеді?.. Жердің киесіндей боп жағалауда ер-тұрманы сайма-сай бір сәйгүлік жүрді. Шыққан шөп пен аққан судан басқаға жазығы жоқ бұл күлік Манастан тұл қалған Аққұланың тұқымы-ау, жарықтық…
…Абылай қонған ақ орда қаралай жұрттың мысын басқан. Баспай қайтсін, Арқадан ерткен аламан қолы, артынан ерткен шұбар ала шаңы жердің жүзін, күннің көзін алып ел шетіне келіп кірсе? Қырғыздың батыры мен бағланы тікірейгенмен, бай-манабы шікірейе алмай, өз етектеріне өздері сүрініп бір-біріне жаушы шаптырған. Ақыл тоздырып барып, ақыры Абылайдың алдына жетіп датқа жығылған. Сүйексіз қызыл тіл қызметке жүрген.
– Темір ноқта – қалың қытайға, қайыс ноқта – ормандай орысқа беліңді бермеген хан ием, хош келдің, – дескен.
– Қазақтың үш жүзіне ұран болған Абылай емес пе ең, ұрсаң жұдырығыңның қышуы қанбайтын бір уыс сарбағыш пен саяққа күш көрсету ұлық-дәрежеңе лайық па? – дескен.
– Мәлике жүзіңізді бір көруге зар боп отырғанда, Құдай қолдап, жолыңыз оңдап өзіңіз келдіңіз. Тартутаралғымыз әзір, хан ием, – дескен.
– Ақ орданы тігеміз, ақ бетіне шаң тимеген аршын төс аруды иісі қырғыздың атынан қойныңызға саламыз. Сүйек жаңартайық. Болашақ күйеу баламыз бен қызымыздың қолүздігі деп түрікменнің бір үйір көкмойнақ ақалтекесін дігірлетіп тау қуысына қамап отырмыз.
Қабағында қатқан теріскейдің тоңы жібімей сазарып отырған ханның қойны-қонышын бірте-бірте ыстық леп аралап бара жатты. Алқа-қотан жайғасып, екі шалғайын тізеге басып түнерген төрелеріне жорғалата қараған. Бір биінің бет терісі қыбырлап, ерні жыбырлап, сұйық сақалы пышырап қоя берді.
«Ақ орда мен аруға, арғымаққа хан ием зәру дейсіңдер ме, ей?!.» дегелі қомданды-ау кәрің. Қаншама емінсе де хан иесінің шүңгіл жанарында шыңыраудың суындай жылтыл оянғанын байқап аузын бақты.
– Туысқан құшақтасам десе, жоқ, пышақтасамын деп шалқаюымыз әбестік болар. Ендеше, өткенге салауат…
Абылайдың ықыласы қарсы жақтан лебіз аулап отырған қырғыздардың айыр қалпағын алшысынан кигізді.
– Әп, бәрекелді!
– Айналдым ақылыңнан, хан ием!
Көгілдір таудың етегін басып, сықырлауығын көл бетке беріп он алты қанат ақ орда еңсе көтерген. Қалың қарағайлы қыратта тұрған хан тобының алдынан кешқұрым құйрығын теуіп ойнаған бір үйір ақалтекені қиқу сап айдап өткен. Ақ бетіне шаң тимеген аруы түскірі ғана асығар емес. Кекірігін аздырған астау-астау ет пен саба-саба қымызын құшақтап табалдырықтан күнде сүрініп кіретін қайын жұртына «Әлгі атаған қыздарың қайда жүр өзі?..» дей алмай зар.
Ал қырғыздар сасулы еді. Абыр-сабырда Алайға дейін ат шаптырғанымен, бұты бітеу ару таптырмай, таптырғаны бай-манаптың сынынан өтпей дағдартқан. Аттылы еңкейіп, жаяу шалқайып қарайтын су перісіндей сұлу бар деп сонау Нарынға адым оздырған, сіңір создырған. Әттең, байлы, балалы-шағалы екен деп оралысты.
– Байы қандай екен?
– Можантопайлау. Әрі тышқан боғын тығып тастайтын сараң көрінеді.
– Баласы нешеу?
– Үйелмелі-сүйелмелі екі сәби…
– Әйелді ажыратып әкеліңдер! Байына бір табын топаз айдатып қытай бетке қуып салыңдар.
Он төртінде атастырылып, қалған үш жылда екі нәресте көрген сұлуды күндіз-түні шауып ерулі атпен жеткізгенде:
– Жасаған ием мұндай да мінсіз қып пенде баласын жаратады-ау, – десіп қатын-қалаш қамыс басындай шуласқан. Тек әлгі байының бүлдірген жері болмаса…
Сұлу табылды, бірақ оны мына қалпында Абылайдың қойнына қалай салмақ? Таң атар-атпаста айбарлы хан бүйі шаққандай атып тұрып, «Уа, бүтін дүниең қалмаған не қылған жұртсың? Көрсетейін мазақты, орнатайын тозақты!» деп атқа қонса ше? Оны да көріп алар, ал айтысқан серт, алысқан қол, жеген құйрық-бауыр ше?
Осылай әйел – жерге, еркек – көрге қарағандай боп тұрған өлара шақта:
– Ойбай, Тәшкенде бір лолы кемпір бар. Жалғыз қызын жеті мәрте байға берген. Бәрі де «сақинасы сау» деп алыпты. Несін айтасың, о кәрі мыстанның білмейтіні болсашы, – деп ауыл арасынан бір құлағы түрік білгіш табылған. Құтқарушыдай көрінген лолы кемпір сөйлегенде имек мұрны сүйір иегімен бір түйісіп өтетін мейіздей қатқан құзғынның өзі екен. Сауда сыбырмен бітіп, ұзатылатын қызға іс тігетіндей өңірінен алтын инені алып, қытайдың жібек жібіне сабақтап жатып бейшара әйелге қона түсті.
– Тылағыңның екі езуінен екі іліп алып байлаймын, шыда, – десін. Таппайтын тәсілі жер астында екен кәрі мыстанның…
– Құсың құтты болсын, хан ием, – дескен жеңгелері ине-жіптен жаңа өткен «қызды» қолтықтап шымылдыққа ендіріп жатып.
– Кимешек киген бе, құлағының ағарып қалғаны несі? – деп Абылайдың атқосшысы күңкілдеген. Алақызба шақта онысын өзінен басқа ешкім естімеді.
Түнімен қызыл жеміне тояттаған хан таң торғайы ілкі шырылдағанда шапанын желбегей жамылып сыртқа шыққан. Қол созым жерде тау жусап, Ыстықкөл бусап жатты. Теңіздің аңқаңды ашар қышқылтым ауасы алдан желпіп қоя берді.
…Алып адымдап тұрған тау қарағайынан оза шыққан екі міскін бір-бірін өкшелеп көлге маңдай тосты. Абылай-елес толқыннан береке таппай шалт қимылдап, тереңдеп, ағынға өтіп кете барды…
…Жарық айы тұрмақ жамыраған жұлдызын да біреу теріп әкеткендей тамыздың мөлттей қара түнітін. Алты қанат керегенің сыртында сайланған алты бірдей күзетші, сықырлауықтың көзінде жаланған жасақшы отырған. Төрде адалбақанға таяу ерін жастап, шапанын тарта жамылған Кене ханның кірпігі қамаспай қойды. Алакүлік ойды аулаққа қуғанмен өзекті өртеген өкініш жүрек басына шер боп ұйып тыншу бермес. Кешегі қырғында бауырын еркін жаза алмай шейіт кеткен қолын айтсаңшы! Өңшең саздауға біткен құба талдай солқылдап тұрған жас-ты. Артында – жау, алда – тау, қиялай кеп батпаққа қамалып шарасыз шабылмады ма? Арқадан алшаңдап кеп Алатаудың аңғарында ажал тапқандардың обалсауабы кімге?
– Имандарың салауат болғай-дағы!
Кене хан жасып күбірледі. Сыпатайдың сатылғыштығын, Байзақ датқаның опасыздығын кінәлағысы келді ме? Орысты ойрандаймын деп қолғанат іздеп келіп қырғызға бекер соқтыққаны ма, ақ алмасы майырылып тұтқынға түсіп тұқырғаны ма, әлде Тайлақ пен Жаманқара батырларың тірі деп алдап, Наурызбайды итергендей ғып босаттырып жібергені ме, әйтеуір, бір дауасыз дерт солқыл қақтырып әкетіп барады. Жамбасына тас батқандай тағы бір аунап түсті.
Ат тұяғының дүбірі естілді. Маңқа төбет дауыс берді. Іле:
– Көке, – деді Наурызбай. – Көке, бармысыз? Күзетшілер күбірлесті.
– Әттеген-ай, қара үзіп кетпегені-ай!
Кенесары астындағы қақпа алашаны білемдеп ұрды.
Наурызбай аяқ жағына сылқ етіп отыра кетті.
– Көке, өлсем сізбен бірге өлем! Соңыңызда қалып кімге тұтқа болмақпын?
Таң алдында кірпігі қамасқан. Маңқа төбет үрді. Төбет дегені қауқылдасқан қырғыздар екен. Күн сәскеге таяп қалыпты.
– Тайлақты өлтіргендері рас демедім бе? Түсімде көргем.
– Жаманқара батырдың да түбіне жетті.
– Бәрін қынадай қырған жауызды алшайтып жатқызып әспеттегені несі?
– Енді соқтықпаймыз деген ант алып босатайық.
Қалың қазақ көтерілсе, не жаныңды қояды?
– Атаңа нәлет, не деп тантып тұрсың, ей? Алжып тұрмасаң антың не? Көтерілмек тұрмақ ұшып кетсін бұ ит қазақ!
– Әй, екеуі де егіз туған ер екен, қойындарына қыз салып тұқым алсақ қайтеді?
– Сал өз қызыңды! Қасқырды қандас етейін десең!
– Біреуінің өті менікі, белімнің құяңына жағамын. Ақ сағымға бөккен өң мен түстей еді. Тайлақ пен Жаманқараның тұл қалған долы қатындары дауыс салып келіп тұщы етіне үш бұтақты айыр сұққылағанын біледі. Жылымшы бірдеңе алақанына құйылды. Меңірейіп отыра берді. Жанындағы Нау-
рызбайын қайда алып кеткен?
– Әй, елдеріңде мені дұрыстап өлтіретін еркектана табылмады ма? – деді-ау әлден уақытта.
– Өтімді қыздарыңның көтіне құйыңдар!
Науанжанының ащы айқайы ауаны найзағайдай осып өткен.
Көз алдында қалың қолын бастап Сыпатай мен Байзақ датқа қашып бара жатты. Өзі қою шаңның ортасында қалыпты. Төбе тірер аспаны, аяқ артар қара жері жоқ, батысы мен шығысы айырғысыз бұлдыр-бұлдыр бір сағым мұны шырмап алып босатпай қойды…
…Ыстықкөлдің аспа-түспе толқындарында Наурызбай-елес ағасын қолтықтап ағыс кезіп, бас іздеп жүрді. Хан Кененің басын.
Көлдің иесіндей боп арша таяғына сүйеніп жағалауда бір шал тұрды. Азу тістен ада екі ұртына тоқылдақтың басы сыйып кеткендей еді, бұлтиып, қызыл шырайы сыртқа теуіп тұр. Жел толтырып алған екен антұрған…
…Әуезовтің елесі жайбарақат малти жүзіп жағалауға таяғанда күн батуға сынық сүйемдей қалған.
Кең маңдайы жарқ етіп көрінді. Киіздей қою шашына күйе түскен шағы екен. Келісті жүзі ызаға бөккесін бе, күреңітіп, қарақошқыл тартыпты. Мұрнын бірер мәрте саумалап жіберіп, «Пәлі, қазаққа бар қадірім қатынға жоқ. Көрдім-ау осылардан көресіні!» дейтіндей. Десе дегендей-ақ болды. Түске салым Жазушылар одағынан келіп жазу столына құйрық басқаны сол еді, шар ете түскен шатақтың басталып жүре бергені. Есіктен ебедейсіздеу енген жұбайы екі мықынын таянып тұрып:
– Иә, ұлыңның бауы берік болсын! Фатиманы әрліберлі алып қашып жүріп ақыры Меркідегі туысқандарыңның қолына қатын қып түсіріпсің. Бітеу адам құсап тырсиып жүре бермей сүйінші сұрап біз пақырды да бір қуантып қойсаң нетті? – дегені. Түк естімеген жандай мойнын ішіне тартып, қаламын жүгірте түскен. Қайдан?.. Ойдағы-қырдағы жорға жүрісінің бәрін моншақ қып тізіп айтып, бел алып, өршіп кетті. Береке таппасын біліп, «Победасына» отырған қалпы Меркіні көздей тартқан. Аузынан түскен адал астай өзінен айнымай қалған Мұратын иіскеп, мейірін қандырып, пәруана тірліктің бітпес күйбеңін жеңбек болған. Аунап-қунап, тау басып, бұлаққа шомылып тыңайып қайтпақ-ты. Мұнда да нарттай қызарған даудың үстінен түссін. Төбесінен құс ұшырмаспын деген Фатимасы:
– Айдалаға әкелдің де тастадың. Битін сығып, қанын жалап күнін көрсін дейсің бе? Онымен қоймай, менің үстімнен тағы бір Ғалия деген қаншыққа көңіл артыпсың. Егіліп, еңіреп жазған хатың, міне, – деп, қолына қайдан түскенін, екі парақ оқушы дәптерін мұның бетіне тақап желпілдетті дейсің. Басындағы ақ кепкісі қонған төбесін сыйлағаннан ұшып кетпей аман қалған.
– Пәлі, қойшы енді соны! Болашақ шығармамның басты бір прототипі еді…
Даусы жіңішкеріп шыққан.
– Ә, біз жанама кейіпкерің екенбіз ғой. Көшір онда, кім көрінгенге телміртпей, Шолпан-Атадағы үйіңе! Сосын бұйдаңды басыңа түр де жүре бер!
– Валентина Николаевна хош көрсе…
– Оныңды да әспеттеме. Білеміз… Баяғыда өзің екі жыл қамақта отырғанда Ленинградына ойбайлап қашқан. Жанын аузына тістеп. Онда не бүлдіргенін өзің де естіген шығарсың?..
Сүйегін қаралай үңгіген сұңқылды одан әрмен тыңдауға шыдамы жетпеді. Қасиетті қаламымды ұстап қала ма деп ғазиз басын дауға берген қарғасы Мұратын бауырына қысып аз тұрды да «Победасына» қайта қонған. Ыстықкөлдің мейірімді құшағына асыққан. Шипалы суы бойыңды жеңілдетіп, ойыңды аршып, бар кір мен кінәратты қолмен сылып алғандай етеді-ау! Келе қазақы дамбалдан басқа лыпа біткенді сыпырып атып көгілжім тереңге құлаштай сүңгіген…
…Жердің киесіндей боп жағалауда ер-тұрманы сайма-сай бір сәйгүлік жүрді. Шыққан шөп пен аққан судан басқаға жазығы жоқ бұл күлік Абайдан тұл қалған тұлпардың тұқымы-ау жарықтық.
Иә, пері көшетін намаздыгер мен ақшамның арасында ақ айдын бетін елбең-елбең елес кезіп жүрді.
Арша таяғына сүйенген шал: «Өздеріне өмір берген әйел нәсілінен тірлігінде теперіш көрмеген, алданбаған еркек атаулы бар ма? Ұлы бол, ұры бол – бәрібір. Қаша-қаша ақыры пейіштің төріне тығылар», – деп кесім айтады. Беу, бәтуасыз дүние, беу!
Өзара өкшелей қуаласқан екі міскін шалдың жел жағын жанай өтіп көлге ұмтылған. Сасай бұқаның иісі аңқып қоя берді. Әйел сықылық атып сүңгиді, еркек көз жазып қалып қапелімде айналасына мекіреніп артылады. Толқын біткен күйлеп қашты.
– Баяғыда қашақ сиыр бұқаға шындап бір тоқтаған соң шалдар пышақпен сарпайының ұшынан қан шығарып тіліп жіберетін. Содан соң бұқа мүйізін шайқаса бітті, бел асып безіп беретін. Заң-әкені сыйлаймын, Заң-әкені. Әйтпесе… – деп шал енді сықылық шыққан тұсқа қарап жүзі жұқара-жұқара біздей боп қалған бәкісін жылтыңдатты.
Өн бойы өткен дәуреннің үзік-үзік елестерінен ғана тұратын қасиетті көл осыны айтып жырлайды, осыны айтып жылайды.
P.S. Кіресілі-шығасылы еспен біз де осы сөзді саған арнап жаздық-ау, Ыстықкөл!
Рахымжан Отарбаев