ТӨПЛИІМ ҚАШЫП КЕТТІ…

(Ересектерге арналған саяси мультфильм)

Сыртқы істер министірі екенмін деймін… Түсім екен деймін… Я Алла, түсім бола гөр! Шырт ұйқыда жатырмын. Бір кезде есік сықырлап ашылғандай болды. Мен де көздерімді «сықырлатпай» ашып, жастығымның астында жатқан пистолетімді суырып алдым. Балаларым ойнап жүрген ойыншық пистолетті… Бір кезде қарасам… Қап– қара, майы жылтыраған, өкшесі әлі желіне қоймаған отаны германиялық туфлиім кәдімгідей жүріп келе жатыр! О парламент! О, Ақорда! (О, жаратқан ием! деген сияқты ғой…) Сіздер балалар көрмесе, көздерінен жас шелектеп сорғалайтын «Тәшкелер» деген мултьфильмді көрген шығарсыздар? Көшелерде тірі жан жоқ, бірақ, ауыз– бастарын қисаңдатып, ызғып жүрген сан түрлі мәшинелер ше? Менің төплиім де дәл сондай, қасы– көзі қиылып, қасыма келді де:

– Министр мырзам! Мұсылман елдеріне Америка бүйідей тиіп жатыр! Көшеге шығыңыз, біздің елде халықаралық туфлилер саммиті өтіп жатыр! Бірақ есіңізде болсын, Қазақстанның бұл мәселеде бейтарап болғаны жөн!. Тұрыңызшы! — деп сөйлеп бергені… Ұстап алып, аяғыма кие қояйын деп едім, тілін шығарып, мазақтап, қашып кетті! Киініп алып, қуып кеп берейін.

Көшеге шықсам, Құдай– ау, кешіріңіз, о, парламент, о, конституция… тірі пенде жоқ! Жүгіріп бара жатқан, жүгіріп келе жатқан, ызғып жүрген мыңдаған төплилер! Менің төплиім қайда? Министрмін ғой, осылай жалаң аяқ тұра бермекпін бе? Бір кезде қарасам, екі төплиім– тұмсығында гүлі бар, біздей биік өкшелі екі туфлиді құшақтап, әңгімелесіп тұр! Масқара! Ақырын құлақ түрдім.

– Жаным, жарық туплишкам!—дейді сол аяққа киетін төплиім.

– Мына қасыңдағы кім?—деп сұрады «женский төплидің» бірі.

– Оң аяққа киілетін досым ғой. Менің атым Сол аяқ… Айтпақшы, Отаның қайдан еді өзі?

– Өткенде айтып едім…

– Ә– ә, Сириядан екенсің ғой…

– Ия, Сириялық мұсылман туфлимін…

– Туфли қарындас… Тұрмысқа шыққансыз ба?

– Жоға… Біздің елде төплилер мен кебістер, әр түрлі діндегі ағымдар көтерілісі болып жатыр… Мұндай кезде байға тию деген қайда– а– а…

– Қарапайым бәтеңкелер мен, резина етіктерге, сандалдарға, тәпішкелерге президент Башар Асадтың төплиі химиялық қару қолданып, қырып салған дейді ме…

– Кім білген? Оппозицияға Америка берген химиялық заттар ма, кім білсін…Әлде, Ресей қару жарақтары…

– Америка президенті Обаманы айтамын да! Нобель сыйлығын оған неге берген? Сендерге, Сирияға соғыс ашу үшін бе? Иракты түтіп жеді. Ливияны тістеді, Ауғанстанды аузына салды. Ендігісі Сирия ма?

– Анаң қара! Обама туфлиі келе жатыр!—деп қалды бойжеткен төпли. Енді ұмтылып, төплиімді ұстай бергенімде, екеуі де қашып кетті! Бір қарасам, Обама туплиін Қытай басшысы Си Цзиньпин туфлиі мен Ресей президенті Путиннің туфлиі тепкілеп жатыр! Қып– қызыл халықаралық төбелес! Жүгіріп барып, ажырата беріп едім, Путиннің төплиі тұмсығыма сарт ете қалып, артынша:

– Извини, братан… Байқамай қалдым…—деді.

– Нешауа, нешауа…—деп жалпақтап, иіліп жатырмын. Бір кезде, сұмдық– ай, бір кезде өзіміздің түбі бір түріктеріміз, Түркия президенті мен Сауд Арабиясы королінің төплилері Обама төплиін қолтықтап әкетті… І– мм, олар Сирияға қарсы екен ғой… Менің германдық төплиім анадай жерде темекі тартып тұр! Бәсе, кейінгі кезде аяғым неге сасып жүр десем… Әсіресе, Путин төплиі… Ішіп алған ба, айқайлап болар емес:

– Мен сендерге көрсетемін! Тарт қолыңды Сириядан! Ол елде біздің де үлесіміз бар!—дейді. Бір қарасам, Елбасымыздың туфлиі келіп, Путин төплиін сабырға шақырып, арқадан қағып, алысқа алып кетті…

Жалаң аяқ жүгіріп отырып, халықаралық төплилер саммиті өтіп жатқан Конгресс– Холға кірдім. Іші толған төплилер. Әр елден келген. Біздің қазақы кебістер мен бәтеңкелер де келіпті. Қолдарында плакаттар.

– Әлемге тыныштық керек!

– Мұсылмандар, бірігіңдер!

– Египет, есіңді жи…

– Башар, халқыңа оқ атпа!—деп жазылған. Беделді Төплилер жарыса сөйлеп жатты. «Бізді ауызбіршілікке шақырған Қазақ елі жасасын!» деп дауыстаған негр, араб, үндістан, пәкістан, герман, америка төплилерін көргенде, қуаныштан шыңғырып жіберіппін…

Шыңғырып жатып, оянып кетіппін… Министр де емес екенмін, есік алдына жүгіріп шықсам, өкшесі қисайған, тұмсығы ақ жем, әбден тозып, «қартайған» қара төплиім бұрышта жатыр! Жасасын, халық төплилері!

Мұхтар Шерім

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *