ТӨБЕЛЕС

Қарауыл Есекеңнің сау аяғы астындағы аттың бүйірін тепкілеп, кем аяғы жирен қасқаның қабырғасында тыпырлап, дала қосына тақағанда күн намаздыгер мен ақшамның ортасында теңселіп тұрған. Басындағы бірбайлары ағараңдап шөпшілер аспазы Полина көрінгенде қалтасындағы шақшаға қол жүгіртеді. Ердің қасына түбін тықытып, кең танауға апарғанда ащы насыбайдың уытынан көзі жасаурап, әлгі бірбайлар тіпті аумыттанып кетеді. Кемпірі өлгелі осы әдетті тапты. Генералдың қалыңдығы болғанмын дейтін Полинасы түскір Есекеңнің көзі жасаурады екен деп иілер емес.

– Аяғыңды қай қақпанға шаптырғансың? Кеше сап-сау емес пе ең? – деп өңшең жастардың көзінше қағытатынын қайтерсің?! Есекең ол сөзді құлағының сыртынан жібереді.

Уақытында «халық жауы» атанғаны осы елге мәлім. Үй іші аштықтан топырақ жеп, көлдің көк суын ішуге айналғасын бағымындағы колхоздың бір шыбышын жасырып сойған. Сол мойынға құн боп мінді, айықпас пәле боп жармасты. Сот: «Шыбыш аман болса болашақта бір қора ешкі болғалы тұр еді, бұл – нағыз жаудың ісі!» – деп үкім айтты. «Қап, әттең, текесін соймаған екем, жазам жеңілдеу соғар еді», – деп Есекең бармақ тістеп Колымаға жөнелді. Барған бетте жүк тиеуге салып еді, бөрене құлап пәршелеп, оң аяғын қолына ұстатты. Содан арамен кестіртіп, жілік майдың орнына темір шыбық жүгірттіріп, дәкемен оратып, қайыспен шандытып кемтар боп оралды.

– Сен «халық жауы» емес, о бастан шыбыштың жауы болдың ғой, – дейді Полинасы антұрған қарап тұрмай.

– Ыш-ш… – деп Есекең әдетінше тұтығып қалады. – Ыш-ш… көрер ем… – Оңтайлы жауап таба алмаған Есекең ондайда мешел болған баладай құйрығымен жорғалап аспазға тақайды.

– Генералдың қалыңдығы болғанмын деп жұртты тапап кете жаздайсың. Ал, айт, ол қай заманның генералы? – Есекең енді бел ала бастайтынын сезіп, екі иығын қомдап-қомдап қояды. – Мына қиян далаға шөп шаба келді ме, мал баға келді ме? – Шөпшілерге қызық керек, бір-бірін түрткіштеп, екеуінің аузын алма-кезек бағады.

Полина әскерде генералдан жоғары шен болады деп әсте ойламайды. Әйтпесе қосыла алмай қалған адамының дәрежесін қолма-қол өсіріп жіберуден тайынар емес.

Ақ қашып, қызыл әскер өкшелеп қуып, жұрт қалай ауарын білмей қорғасындай балқып тұрған шақты. Селоға үсті-бастары сары ала, салтанаты асып, кернейлетіп-сырнайлатып бір топ әскер кірді. Жайғасып жатып, топ-топ боп жаттығу өткізді. Өзі он бестегі бойжеткен-тін. Күнде клубқа барған сайын үстіндегі біркиер көйлегінің етегін екі елі қысқарта беретін еді-ау. Бір кеште би басталсын. Өңшең апайтөс жігіттер. Көзің бірінен соң біріне құлайды. Ән деген ағытылып жатыр. Маңдайына түскен кекіл шашын демімен үркітіп тұрған бұған ешкім үйірілер емес. Әлден уақытта бұғағы текшеленіп кеткен генерал былғары етігін сықырлата мамырлай басып кеп қолын созсын. Есін бір жиғанда қурайдай боп генералдың құшағында қалқып жүр екен. Жігіттер де соны күтіп тұрғандай құтырынсын кеп. Шағын клубтың едені мен төбесі қоса селкілдейді. Есін бір жинағанда генералдың аузын айналып кеткен сояудай мұрты мен быршып терлеген жүзіне көзі түсті. Қозы қарны жоғары-төмен ойнайды. Өзі арбалып қалған торғайдай екі аяққа кезек секіреді. Сарт-сұрт шапалақ. Есін бір жиғанда…

– Доченька, – деді екі айдан соң, – біз аттанып барамыз. Қош бол!

– Мені ше?.. Алып кет… – деген жас қыз көз жасына тұншығып.

– Жо-жоқ! Алдымызда ауыр жорық тұр. Осында қаласың. Мә, бұл – еңбегің, – деген бір құшақ ақшаны алдына төгіп. Сол кеткеннен қарасын батырды.

– Кіпитан болса да аздық етіп пе? – дейді Есекең қаралай қызғанып.

– Иығында, жеңінде баданадай-баданадай әскер белгісі самсап тұратын.

– Онда сендей қатынды тастап жын ұрып па? – Шыбыштың кесірінен «халық жауы» атанып, соғыс көрмеген Есекең одан әрі таласуға батпайды.

– Ойбай-ау, сорлы басым…

Полина жастықтың желігімен… бірауық солдаттармен де билеп қойғанын, әлгінің ақтың генералы екенін соңынан естігенін бүгіп қап, «сорлы басым» деген сөзге ғана күш түсіреді.

Шөпшілердің дала қосына ерте жиналғанын Есекең енді байқады. Манадан бері Полинаның бірбайларынан басқаға көзі түспегенін астындағы жирен қасқадан көргендей, төрт өрме қамшысын көтерді. Шабан ат қымсынып, бүлкілге басты. Күнге күйіп тотыққан жігіттердің даусы жарқын-жарқын шығады. Сөздері анық естілер емес, әлсін-әлсін күлкі килігіп, көміп кетеді.

– Ыш-ш… ау, жігіттер, амансыңдар ма? – деді Есекең тізгінін тарта беріп шөпшілерді түгендегендей.

– О, Есеке, хош келдің!

– Жас жезде, түс аттан!

– Бәсе, Полина апамыз қазан жаққа жиі барып кеткен. Сізді қарап жүр екен ғой.

– Аман болсаңдар жарады, – деп Есекең қанша нығызданса да, жерге әупіріммен аяқ іліктірді. – Полинаның қолынан бір семіз шай ішіп кетейін деп бұрылдым.

– Нағыз семіз шайды бүгін ішесіз. Қазанда ет былқып тұр. – Тұрсын бригадир көзін күлмеңдетті.

Қостағы бөлмесінен етегін теуіп тастап асыға басып шыққан аспаз ортаға буын бұрқыратып қызыл қуырдақты қойды.

– Жігіттер, мен қай тойға тап болдым? Мәнісін

түсіндіріңдерші. – Төрге жайғасқан Есекең аяқ астынан ішпей масайып, жемей тоғайды. Түстен бері желденіп алған жігіттер көңілі түссе он шақты айыр шөпке иттігі жоқ қарауылға тым пейілді.

– Есеке, біздің бригада совхоз бойынша ең озат деп танылды. – Сөз бастаған Тұрсын маңдай терін сұқ саусағымен сыпырып төкті. – Мына отырған жолдастардың еңбегіне сенген соң, несіне сасайын, бәйгемізді шаппай бер деп директордың алдында отырып алдым. Аттай екі жүз сом сыйлық пен үздіктеріміздің тракторына байлайтын бес жалаушаны таңертең қос басына жеткіздім-ау…

– Ой, ерім-ай, жарадың! – Көптен жаңа трактор тақымына түспей жүрген Нұқ бригадирге деген өкпесін ұмытып, қопаңдап қалды.

– Ыш-ш… «Құтты қонақ келсе қой егіз табады» деген. Көрдіңдер ме, мен келгенде ақша мен жалаушаны қатар ұстадыңдар.

– Айтпа, оның енді рас! Сенің үлесің зор. – Полинаның әзіл-шыны қағытқаны ішіне жылу жүгірткен Есекең қайраттанып, алдындағы қалайы қасыққа жармасты. – Ал онда не отырыс бар? Бұ да бір дәурен!

Дәурені жүріп тұрғанда шөпшілер қуырдақ пен араққа қиянат жасаған жоқ. Бір-біріне басытқы ұсынып, қоймай арқадан қағысты. Есекеңнің өзі де Полинаның өңірінен тас қып ұстап тұрып, аузына екі-үш мәрте қуырдақ салды. Соған арқаланды, білем:

– Ыш-ш… бұл өмірдің әтесіне нәлет! Өтеді де кетеді, жігіттер! Қоныштан басып қалайық. Мен қарауыл боп тұрғанда ештеңеден саспаңдар. Қораларыңа түнделетіп бір-бір машинадан шөп түсіріп алыңдар, – деп салды. – Полинаға өзім жеткізіп беремін.

– О, азаматым!

– Солай десең керек-ті.

– Ыш-ш… денсаулық барда неден аянайын?! – деп Есекең екі аяғын жарыстырып жіберді.

Манадан бері араққа иелік жасап отырған Аманжол қызыңқырап қалып, үстінен шолақ жең көйлегін сыпырғанда, кеудесінде тушьпен салған бір адамның басы көрінді. Суретті жыға танымай, үкікөзденіп біраз отырған Есекең ақыры шыдай алмады:

– Ыш-ш… шырақ, анау омырауыңдағы алақандай кім? Совхоз бастықтың суреті ме? Жазда күнқағары бар кепкі киетін еді.

– Оу, ақсақал, көзіңізге қос көрінді ме? Бұл өзіміздің Сталин ғой.

– Сталин дейд! Ой, аузыңа!.. Мені Колымаға айдататынның өзі ме?! – Есекең ұзынды-қысқалы аяғын бауырына жинап, ата дұшпанын енді танып, кәрі бүркіттей қомданды. – Оны әспеттеп кеудесіне басып, кеудесін бригадамыз боп бәйге алған кеште маған қаратып…

Қолына алған кезекті шөлмегінің тығынын Аманжол ауызбен жұлып ап, шөп түйгіш Т-25 тракторы тұрған жаққа ашумен үкітіп жіберді.

– Ақсақал, сіз отырған жерде мен де болғанмын. Так, что… – Бәкене бойлы, шағыр көз, ақ кірпік, шымыр жігіт тізерлей кетті.

– Жанжалды доғарыңдар! Мен сендерді совхоз дирекциясы атынан тәртіпке шақырамын. – Тұрсын бригадирдің өктем шыққан даусы екеуінің дауын өшіріп тастады. – Қазір жалаушаларды тапсыру рәсімі болады. Сосын Полина апай ән салады.

Кеу-кеулесіп отырған жігіттер негізгі шараны ұмытқандықтарын еріксіз мойындасып, қасық пен стаканнан ауыздарын ажыратты. Тұрсын бригадир орақ мұрнын біраз саумалап, қабағын шытып отырды да, орнынан көтерілді. Бағанада ілулі тұрған бешпентін армансыз ақтарды. Ақыры қызыл жалаушаларды шалбарының қалтасынан тапты. Алақанымен үтіктегендей ғып бір-бірлеп қыртысын жазды. Мұндайда аспаз да тартына қоймайды. Иығына шәлісін жамылып кеп міндетті түрде ән бастайды. Әннің «Педменула ты меня педменула» деген жолына келгенде міндетті түрде көзінен екі тамшы үзеді. Ондайда маңдайының әжімдері батыңқырап, алқымы қызарады. Мұңданып, көкжиекке таяп қалған бұлттарды қуа қарайды.

– Соңғы жалауша – озат шабушымыз Нұқ жолдасқа! Бригадир қалыптасқан дәстүр бойынша қол басындай жалаушаны желбірете ұстап, салтанатты түрде иесіне табыс етіп, бетінен сүйгелі ыңғайланды. Өзінен бұрынғы төрт озаттың жалаушаны қалай қабылдағанын көрген Нұқ оң қолын алдына салып, жа-

уап ретінде өзі де сүйгелі аузын аша берген.

– Тоқта! Бұл жалауша маған тиесілі, – деп Аманжол ортаға баса-көктеді. Түрмеден шыққан, қаны қарайған бұзық немеге тоқтау болар емес. Тым арынды. Бара салып бригадирдің қолынан жалаушаны жұлып та алмады. Тек белуардан жалаңаш күйі шәниіп тұрды. – Әкел, әкел бері! – деп жалғыз саусағымен шақырды. Анталаған жұртқа жалауша ғана емес, қызық та керек.

Сасып қалған Тұрсын:

– Жалаушаны саған неге береміз? Бұл – шабушы Нұқ жолдастікі, – деп қолын артына жасырды.

– Ол шапса, мен шөпті жинаймын. Мен кімнен кеммін?! – Шақылдаған бәкене бойлы жігіт те берісер болмады.

– Жыртыл, қазақ, жыртыл! – деп батысқа қарай қонар ұясына дүркірей ұшқан ала қарға қарқылдасты.

– Қанаты бүтін қарға жоқ, – деп, Есекең осыны түсініп қалғандай жатып-тұрып ақсап ортаға шықты. – Мен – кемтар, Полина – жесір, мұның көңілі жетім. Үшеуміздің атымыздан бір қызыл матаны осы балаға қиыңдар.

Апыр-ай, солай екен-ау, қайтіп ескермегенбіз дегендей, көпшілік бір-біріне қарасып, бәсеңсіген.

– Өзіме тиесілі сыбағаны алмай қоймаймын! – Жалауша қолынан сырғып кеткелі тұрғанын енді анық сезген Нұқ көтерілсін. – Аманжол деген – Сталиннің жақтасы. Мен деген…

Сонымен мәңгі бірікпейтін екі платформаның шайқасы басталып кетсін. Өрістей келе Полинадан басқа шөпшілерді түгел қамтыды. Жалғыз өзі бір жақ Аманжолдың айбатына ешкім шақ келер емес.

–О,бәтшағар,біліпем,–депқалыңөрттіңортасынан басын аман алып шыққан Есекең Полинаның жанына жетіп, бейбіт топ құрады. Көп көптігін істеп, ақыры Аманжолды жеңе бастады. Шегіне соғыс салып жүрсе де, бәкене жігітке жолап кеткені баж етіп кері қашады.

– Соғуға қолы қысқа, тістеп жүр, – деп Есекең Полинаға дүмбіл-дүмбіл түсінік беріп қояды. Май құйрықтан не қыр арқадан ауыз салдырып «о» таңбасын алғандар қайтып беттемей ығысып кетеді. Еңсегей бойлы ебедейсіз Нұқ пен Аманжолдың шайқасы қысқақысқа жауаптасудан басталып, ұзаққа созылды. Лып етіп артына айналып кетіп, құйрықтың бой жетер жерінен тістеген бәкенеден Нұқ құтылар болмады. Шақалға алдырған өгіздей өкіріп, май топырақты бұрқыратып ілестіре қашты, тұра қап тепті, жата кеп боқтады. Жан алқымға тірелгесін төсқалтасында жүретін кішкене бәкіні бәкененің кеудесін ала сілтеп кеп жіберді…

– Бұл да аталардан қалған бір мұра, – десін Есекең мен Полинаның қасына жылысып жеткен алаңғасар Сейіт.

– Шөп шабуды айтасың ба?

– Жоқ, төбелес деймін.

– Ыш-ш… жағыңа жылан жұмыртқалағыр! – Ыза болған Есекең қос көзімен атып-атып алаңғасарды жыға алмағасын шарасызданып Полинаға қараған. Манадан бері төбелестен көз алмай тұрған аспаз шаян шағып алғандай:

– Ойбай, Есуша, Аманжол қолына мылтық алыпты. Қашайық! – десін.

– Ыш-ш… не дейд?! – деп бұрылып еді, жанында не аспаз, не алаңғасар жоқ. Зым-зия. Айғырдың тезегіндей боп топтанып тұрған шөпшілер қостың сыртын ала ұйтқытып барады. Бұл сұмдықты көріп тұрып шыбын жан шыдас берер ме?.. Сау аяқты алға, кем аяқты артқа тастап Есекең де орғыды. Артта – арыстандай ақырған Аманжол… Байбаламды салып, жантәсілім дегенде қостың есігіне қол іліктірген. Мылтық гүрс етті. Есекеңді белуардан кеп ұрды…

Айналаны оқтың көк түтіні көмген. Көз байланып қалған қараңғылық бар. Қос басына жолауға ешкімнің жүрегі дауалар емес. Бір басып, екі басып тақырға жасырынған шөпшілер жау дзотына беттегендей тұсалып қалды. Әрқайсысы баспалап кеп тракторына міне ауылға аттандап қашайын десе, қоста қанға бөгіп Есекең жатыр. Жараланса басын сүйеп, аузына су тамызу ләзім. Жазым боп кетсе оған не шара, орталықты «ой, бауырымдап» көтеру парыз. Өздері тастап қашқан қосқа салып-ұрып жетіп барайын десе, қаражүрек Аманжол қандыауызын туралап… Кәпірдің беті әрмен! Тек өзімен кетсін. Ақыры жаяу әскер болдым деп аяқтыға жол бермейтін Сапи:

– Есекеңнен жанымыз артық емес. Жүріңдер, жігіттер! – деп жер бауырлап жылжыды.

– Артық деп тұрған біз жоқ. Тек босқа тағы біреуіміз шығын боп кетеміз бе деп тұрмыз.

Айтуын айтса да, артта қалып қоюды намыс көріп, ұзыны тізерлеп, тапалы еңкейіп жалғыз аяқ жолға түскен керуендей шеру тартты. Әлсін-әлсін тың-тыңдап, қос басына да таяды. Иіс аулаған киіктің текесіндей танауларын желге тосты. Көк шөп пен ауаға тараған оқ-дәрі иісінен басқа ештеңе сезілер емес. Жым-жырт. Жарықтығым-ай, Есекең жантәсілім еткен екен, жараланса қиналған даусы естілер еді. Тіпті көмекке шақырмас па?

Қостың есігі сарт етіп ашылды да, әлдекім қараң етіп шыға келді. Есекеңді аяп, ой қуып, не істерін білмей, пұшайман боп жатқан Сапи бастаған шөпшілердің біреуі:

– Ойбай, Аманжол! – деп шыңғырып жіберді. Сол сол-ақ екен, бір-бірінің басынан қарғып, опыр-топыр маңып кеп берсін.

– Әй, қайда қаштыңдар? Келсеңдерші! – деген Полинаның ренішті даусы естілмегенде, сол екпінмен көрші бригаданың жеріне өтіп кетер ме еді, қайтер еді?..

– Айттым ғой аспаз шығар деп.

– Осы сенің сужүрегің-ай!

– Аманжол деп айқайлап, шырықты бұзып.

– Көріп алдық әуселесін, – десіп жүректерін бекітіп, тізенің дірілін басып, ес жиған шөпшілер қосқа қайта беттеді. Есік алдына кеп үйірілгенде, аспаз іште екен, қайта шықты.

– Полина апай, Есекең не халде?

– Жатыр… прямо белуардан… несіне бездіңдер?.. Свет жақсаңдаршы, – деп аспаз әр сөзін бөліп-бөліп айтты да, қазандыққа қарай асып жүре берді.

– Ойбай, белуардан қан дейді.

– Әл үстінде дейді.

– Тап-таза масқара болдық-ау!

– Осының боларын күні бұрын біліп ем.

– Қой, босқа тұрмай басын сүйейік, – десіп бір-бірлеп қосқа кірді. Ағаш нарға жетіп жығылған Есекең басын көтерер емес. Көзін тас жұмған. Тек желпілдеген кең танауы ғана кеудесінде пысы бар екенін білдіреді. Полина тұтатқан жалғыз шырақтың көлеңкесі терезеден келген самалмен билейді.

– Есеке-ау, қалайсыз?

– Біз сізбен қашанда біргеміз. – Тұрсын бригадир көзіне жас алды.

«Халдің несін сұрайсыңдар?» дегендей Есекең көзін болар-болмас ашып, уһілеп, майдан даласында құлаған жауынгердей сұлқ түсіп жата берді.

– Кәне, не тұрыс бар, шалбарын ептеп шешіп, жарасын таңайық. Қан көп кетіп қалмасын. Біреуің тездетіп дәрігерге шабыңдар, – деп бригадир билікті түбегейлі қолға алды. Білекті сыбанып кіріскелі тұрған жігіттерге Есекең ыңғай берер болмады. Тіпті шалбарын шешкелі белбеуіне жармасқан бірін қағып жіберіп, өзі қос қолдап ұстап жатты.

– Неғып тұрсыңдар свет жақпай? – деп ішке сөйлей кірген аспаз қостың есігін сарт жапты.

– Есекеңе көмек берейік деп.

– Жарасын таңайық деп.

– Қайдағы жара? Қорыққаннан іш киімін бүлдіріпті. Қараймын деп білегіме дейін былғап алдым. Міне, міне, – деп Полина жігіттерге қолын жағалай иіскетіп шықты.

– Ыш-ш… қой, қорыққаннан болмас, – деп енді жата берудің мәні жоқ екенін сезген Есекең үш ұмтылып басын зорға қалтитты. Шөпшілердің ішегі үзілуге айналды. – Тұз да болса оқ қой. Содан шығар… – деп Есекең енді орнынан тұрғысы кеп, бүк түсіп ішін басып жатқан екеуге қол созды.

– Құдай, қарға үркітетін жаман мылтық емес пе, – деп Полина қолына қарап әлсін-әлсін бас шайқады. – Иісінің жаманына не берерсің?

– Бұл қолмен пісірілген тамақты енді қайтіп ішеміз? – Сапи көпшіктен басын көтере бере кері құлады. – Ой, ішегім-ай! Генерал ұстаған қайран ақ саусақ!

– Топырақпен екі қайыра ысқылап жуса түк те етпейді. – Соған да ақылдарың жетпей ме дегендей, Есекең алара қарап сәл тұрды да, екі иығы селкілдеп өзі де қосылды.

Полина екі кір сабын мен бір орамалды Есекеңнің қолына ұстатты:

– Сау аяғыңнан суға салып таңға дейін байлап қоймаса қапелімде тазармассың.

Әншейінде айтыса кететін Есекең бұл жолы абыройы ит құйрығына байланған соң «ыш-ш…» деп кідіріп тұрды да, кібіжіктеп шығып кетті. Шөпшілер жарық жағып, етек-жеңдерін жинап, масахана құрды. Озат атанып, сыйлық ақша мен жалауша алудың өздеріне тым ауыр тигенін іштей мойындасып, енді қисая бергенде сырттан тосын айқай қайта көтерілді:

– Қайдан ғана келе қойып еді?!

– Зықымызды шығарды-ау!

– Енді сорлыны қамыс арасынан қабан жарып кетпесін, – десіп сыртқа атып-атып шығысты. Бұл кезде

«ойбайын» салып қашқан Есекең қосқа жетіп те қалған еді.

– Есеке-ау, сізге не көрінді? Бала болып кеткеннен саусыз ба? – десіп шөпшілер бәйгеден келе жатқан атты тосқандай алдынан тізіліп шықты. Екпінін әрең басқан қарауыл:

– Ыш-ш-ш… – деп жағы қарысып қалғандай көзін алақтатып, қамыс жаққа қолын сермей берді.

– Қабан ба?

– Ыш-ш… Аманжол! – деп тілін кәлимаға әрең келтірді.

– Аманжол?

– Ыш-ш… қамыстан өтіп, суға тақай бергенде бетпе-бет соқтығысып қала жаздадым. Сабын мен орамалды екі жаққа лақтырдым да… ыш-ш…

– Байғұс-ай, бүгін ішіңді әбден тазаладың-ау, – деп Полина қолтығынан демеді.


Біздің ауылда жел тұрмаса да шөп басы қимылдайды. Қимылдағаны емей немене, кеудесіндегі жараға киіз күйдіріп басып үйінде жатқан қырсық Аманжол мен айдаладағы шөпшілердің шәлем-шәлкес басталған айтысы уақыт өлтірмей екі жаққа да дер кезінде жетіп тұрды.

– Өңшең қырт! Шетінен қырам да жоям! – деп Аманжол жалғыз өзі іргеге қарап жатып жұдырығына түкіреді.

– Шауып аларсың! Жұмыстан айдап шығып, қараңды батырайық, – деседі бұлар шөп шауып жүріп. Тракторына газды екпіндете басады.

– Бұл ауылда енді тұрмаймын. Көшемін. Нағашыма кетем, – дейді келесі күні тоқал тамының төбесіне шыққан Аманжол алысқа көз тігіп.

– Қырым асып кетсе де өзі білсін. Бауырымыз шіріп бара жатыр еді, – дейді қарсы жақ та лезде.

– Дегенмен, ұят істедім. Өзім де итпін ғой, – деп тағы бір күн өткен соң Аманжол торығып, жасиды.

– Жалпы жаман жігіт емес. Тәрбиелеп жіберсек неғылсын?.. – деседі бригада мүшелері жұмыстан келе жатып.

– Айыбымды жуып-шаям. Кешірім сұраймын. Аяқтарына санап тұрып жығыламын, – деп төртінші күні айыпкер қолына тор сеткі ұстап дүкенге, пышақ ұстап ерте туған марқаға жүгіреді.

– Ер көңілді жігіт қой. Қайтып үйірін табатынын білгенбіз, – десті қос басы жайбарақаттанып.

Бесінші күн дегенде қара жолдың бойымен құйттай тракторын селкілдетіп, артына шумақ-шумақ шаң қалдырған Аманжол дала қосына маңдай тіреді. Т-25ті сөндіріп, жүгін жерге түсіріп, кешкі асын ішіп топтанып тұрған жігіттерге қарап, жүрексінгендей аз-кем бөгелді. Оның батпай, төменшіктегенін сезсе де, шөпшілер тырп етер емес. Тек анадай жерде ерімен жайылып жүрген қарауылдың жирен қасқасы оқыранып, тұсауымен екі-үш шапшып қойды. Ақыры келген соң не тұрыс бар деп он шөлмек арақ пен марқа қозының еті салынған жәшікті қолына алды. Қосқа тақағанда ұядағы сарыауыз балапандай шүпірлеп, мойын созып тұрған шөлмектің тығындары батар күннің бояқ сәулесіне шағылып, шөпшілерге қарап жымыңдады. Жігіттердің де жүзіне шырай жүгірді.

– Ассалау-мағалей-көм, – деп қолындағы жүкті жерге қоя беріп, Аманжол даусын құран оқығандай созды. – Қара басайын десе қиын ба, менен бір еркелік өтті. Ағайын-тума, кек сақтамай кешіріңдер!

Полинадан бастап қос қолын ұсынып жағалай амандасты. Кезек Есекеңе келгенде атам заманнан көрмей сағынысқан құдалардай төс түйістіріп, екі қайыра көрісті.

– Айып-айбанаммен келдім. Иілген бас, міне, алдарыңда, – деп желкесін оң қолының қырымен шапты.

– Сталиннің кесірі тимей жүре ме? Бәрі содан басталды. Сенің одан асқан жазығың жоқ, – деп иіп кеткен Есекең кірпігін шылады.

– Мені де кешір! Тістеп айырылмағасын, құрып кеткір қолыма ілігіп… Жараң жазылды ма? – деп Нұқ үйірсектеді. Төбелестің негізгі иелері жарасқасын, құр қашты-қудыға түскен өзгелерге не жоқ, қомақты қоржынға қарай берді.

– Ыш-ш… ой, Алла-ай, о да бір дәурен, бұ да бір дәурен, – деп сәлден соң Есекең дастарқан басында желдей есіп отырды.

– Екі дәуреннің ортасында бір ғұмыр өтіп барады. Келіңіз, Есеке, – десіп өзгелері қауқылдассын. – Алып жіберейік… – Аспаз құрал-жабдығын түгендеп кеп шай жүгіртті.

– Полина апайдың оң қолымен пісірілген тамақты ішіп жүрміз. Әзірге ұшынған кісі жоқ. Болашақта болмаса… – деп жаяу әскер Сапи жымыңдады. – Пайғамбар жасынан астыңыз, сонша сасқаныңыз не?

– Мылтықтың аузына мың адам сыйып кетеді екен.

– Жо-жоқ, екінші рет қамыс жақтан… Обалы не керек, атша шабады екенсіз.

– Қой, баланы ұялтпай тыныш отырыңдар, – деп Аманжолды нұсқап кеу-кеулескен шөпшілерге басу айтты.

Қырғынның арты қызыққа айналғасын жігіттер қоя ма:

– Апырым-ай, білсекші, Тұрсекеңнің жүйрігін-ай!

– Желге қарсы қашқанда қарасын көрсетпей кетті.

– Енді оңай дейсің бе, бригаданы бастап барады ғой.

– Қойыңдар, балалар! Ыш-ш… – деп Есекең марқаның кәрі жілігін қолға алды. – Кезінде бұрап сындыратын ем.

Полина мырс етіп орнынан көтеріле берді. Тентек су мен тентек қосылған соң шолақ жең көйлек тұра ма, Аманжол кәнігі дағдысымен үстінен сыпырып алып іргеге атты. Осыны тосқандай кеудеден сопаң етіп Иосиф Виссарионовичтің басы қайта көрінді. Бәкінің ұшы астыңғы ерніне тиген екен, ақжарғақтана бастапты. Көзі кілгіріңкіреп отырған Нұқ оған ұзақ тесіліп қарады да, далаға шыға жөнелді. Әлден уақытта қолына қызыл жалаушаны ұстап қайта оралды.

– Аманжол, – деді саңқ етіп. – Мына жалаушаны тракторымнан шешіп әкелдім. Мұның иесі – өзің. Келесі жолы мен алармын.

– Міне, азамат! Жарадың, – деп бір-біріне жалауша тапсырып, дастарқан басында құшақтасып қалған екеуіне сүйсінген Есекең құшыры қанып, аспаздың тақымынан мытып жіберді. – Қазір Полина ән салады.

– Осындай ауызбірліктен жазбағай! – деп Тұрсын бригадир көзіне қайта жас алды. – Не жетпейді осы бізге?..

Сталин ғана қоймай қауқылдасқан қазақтарға ернін шығарудан танар емес.

Рахымжан Отарбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *