Түн. Үрей шақыратын қап-қара түн. Үй жанындағы «Тянь-Шань» мейрамханасының шаң-шұң музыкасына еліккен жастардың дырдуы ғана ояу. Көше бойымен ерсілі-қарсылы қайшыласып діңкелейтін машина атаулы саябыр тапқан. Тек төсегінен безініп, жаны қыдырып жүрген әлдекімнің жеңіл көлігі абажадай кең бөлмеге анда-санда алагеуім жарық түсіріп өтеді.
Академик Саламатиннің жесірі үстіне жамылған атлас көрпені емес, арқалап жатқан ойын ауырсынып терең күрсінді. Оң жамбасына аунап түсіп, жанындағы жар төсегін сипады. Сұп-суық. Денесі құсеттеніп тітіркенді.
– Өлгені шын болса, қара жер қойнын жылытып жатқан шығар жарықтығым, – деді күбірлеп. Жар төсегін сипаған сайын ішін алабөтен бір қыжыл кернейді. Жаймен жылжып, жүрегінің басына келіп түйіншек боп қадалады.
Өз көңілін өзі аулағысы кеп, қысқа қиылып, жас туған қозының жүніндей жиі бұйраланған шашын салалы саусақтарымен тарағыштады. Көзін жұмып мақтадай үлпілдеп тұрған алақанымен маңдайын сипаған, ойылыңқырап түскен екі әжімі құрғыр… Оты қайта бастаған көздің айналасындағы ұсақұсақ… Атақты әншілердікіндей бет терісін тарттырып, пластикалық операция жасатса қайтер еді? Опадалаптың да қауқары жетпей барады. Құртқа шапқан көңілі түскір-дағы. Жесір қатынның бетіне кім ас құйып ішкелі ынтығып жүр дейсің?..
Қасын баптағанды да қойды. Әншейінде айнаның алдынан шықпай, белі майысқан инеліктей темір қышқашпен талдап-талдап жұлып, сәуірдің жаңа туған бір тілім айындай ие қоятын.
– Жарқыным-ау, менің бала кезімнен бастап жұлып келе жатсың. Қас таусылған соң неңді жұласың? – дер еді академик Саламатин шаштан әлдеқашан ада болған шекесі жалтырап. Сосын әдемі жүзіне қызыл шырай жүгіріп, көзі емес, көзәйнегі күлетін. Онысы тұла бойына түгел шауып, ұзақ селкілдейтін.
Осыдан қырық жыл бұрын, сәмбі талдай ырғалып тұрған шағында көрген аспирант Саламатин. Жүні жұлынып, саудаға түскен тауықтар құсап мединституттың мәйітханасында тырайып жататын өліктердің ішек-қарынын ақтарып, қан-қан қандауырын жалма-жан қоя салып, қағаз-қаламына жармасып, мұрын астынан міңгірлеп, онысын жетекшісі тұрмақ өзі түсінбей қалатын бейнетқор қасқа еді. Жүдеу иінін ақсұр әдемі өңі ажарландырып тұратын. Сауық кешінде танысты. Жастық шіркінді қойсаңшы, Алматының тал-терегін жағалай санап жүріп сүйісті. Көктемге салымғы көп сүйістің соңы басына ақ байлап, шүңірек көзді орыс шалының қоржын тамына келіншек боп түсуімен тынған.
Төсек-орын, қос қасық пен кесе, жетім аққұманнан басқа дәнеңесі жоқ жалқы жігіт. Жалғыз қыздың жалаңаяқ аспирантқа шыққанына наразы боп үй іші шалқалап бақты. Құлдық ұрып шақырып, астарына таза көрпе жаяр, алдарына бас пен жамбас тартар құда-құдағидың жоқтығына қоңылтақсыды. Әкесі жарықтық қолындағы таяғын жерге, мұртын көкке шаншығанымен, келе-келе жібіді. Мүйізі шаңырақтай күрең қасқа сиырды енші ғып берген. Күйеуі кандидаттық қорғағанда мөңіретіп банкетке сойды емес пе?..
Төбесіне әтештің айдарындай қызыл шам байлаған милицияның машинасы қараңғы көшені азанқазан қып жанығып өте шықты. Алматы қаптаған рэкет. Біреу-міреуді қуған шығар деп ойлады естелік еміп жатқан жесір…
…Саламатиннің диссертациясының тақырыбы да қызық болатын. «Адам – маймылдың ұрпағы». Биология мен медицинаның ортасынан шыққан метис зерттеу еді өзі. Құлақ біткенге сіңісті боп кеткен Дарвиннің қағидасына қарсы дау айтып, бас шайқап жатқан пенде жоқ. Аспирантқа айтқызсаң, адамдар қазіргі маймылмен ет бауыр туыс емес. Алыстан қосылатын жұрағат. Біздің тікелей бабамыз – осылардың бір бұтағы. Ағашқа өрмелеп жүріп мертіккен бе, әлде таудан тайып құлаған ба – жаппай қырылып қалыпты жарықтықтарым. Соңдарына біздей есі бүтін ұрпақ тастап кеткеніне шексіз риза еді сол кездегі Саламатин.
– Оттап… Адам атаны қайда қоясың? Мұз үстінде жүкті боп, тоғыз айдан соң толғатқан Хауа ананың бейнеті әлгі нәжісін жеп қисақтаған маймылыңнан кем соғып па? – дейтін әкесі ашу қысқандағы дағдысымен түкірігіне шашалып. – Дүниені келістіріп жаратқан – Алла. Жасаған иемнің құдіретіне қол сұғайын деп пе ең? Хауа ананы Адам атаның қабырғасынан… «Қабырғаммен кеңесейін» деймін мен де анда-санда. Ол – әйеліммен ақылдасайын дегенім. Аяқ астынан алжиын десе ғалымға да оп-оңай-ау…
Бастырмалатып сөйлеген атасына қарсы келмей, ақырын бағатын иіні жүдеу Саламатин. Оның үнсіздігі кірпі шаш қиқар шалдың жынын қайта өршітетін:
– Ал айт, дүние неден жаралды?
– Жай көзге көрінбейтін суда өскен бір клеткалы балдырдан.
– Түһ! – Қиқар шал күйеу баласының бұл сөзін естігенде отырған орнынан ұшып кете жаздайды. Әттең, қанаты жоқ. Айналасын қарманады. Қарсы алдындағы меңіреу аспирантты жіберіп ұратын ештеңе таба алмай, қос қолы ауаны қармай береді.
– Не дедің?! – Сосын алақандай екі көзін ежірейтеді.
– Бір клеткалы…
– Клеткаңмен қоса құры, зәніңді!.. Ау, ит-ау, айтшы, көзге көрінбейтін пәлеңнен піл мен динозавр қалай өсіп шықты? Аузыңа су ұрттап алдың ба, жағың неге қарысып қалды? Мә, бір түйір топырақ, мықты екенсің, осыдан тау жасап берші маған!
– Енді миллиондаған жылғы даму эволюциясы…
– Революция болса да черт с ней. Ал миллион жыл күтейін…
– Қағынбай жайыңа отырсаңшы, – деп шешесі араша түсер еді. – Баланың миын су ғып жібердің ғой.
– Балдырдан – маймыл, одан адам шыққан деп… Қаралай жыныңды қоздырып… Бәлкім, адамнан маймыл туған шығар. Оның құлаққа қонады.
– Туса туған шығар, ауылдағы Қойшыбай құрдасыңның маймылдан несі артық?
– Сен кемпір де аяқ астынан прәпесір бола қалыпсың. Маймылға кіндіктерің мықтап байланып қалған екен, қидым сендерге. О несі-ай?!
Орындықта сүмірейіп отырған күйеуіне қарап өзара айтысып кеткен әке-шешенің ерке-тотай жалғыз қызы сылқ-сылқ күлер еді…
Жар төсегінде жалғыз жатқан жесір тағы бір аунап түсті. Қамаспай қойған кірпік ұшына дым білінді.
«Тянь-Шаньнан» тарқаған жастардың даурықпа әні естілгендей. Ұл-қызы бірдей мас шығар. Күндегісі осы. Еріксіз құлақ түрген. Ән дегені боғауыз екен. Түйдектүйдегімен ағытып жатыр. Орысша-қазақшасы аралас. Екі тілге де теңдік беріпті. Әй, сабазың, оқығаны қатты біреу-дағы. Қыз бажылдап жылап, жігіт сыбайды кеп. Беті аулақ! Өзімен кеткей!
…Саламатин қандидаттық қорғауға таяп қалғанда Мәскеуден ұшып жеткен жетекшісінің бірі «Қайткенде де тірі маймыл табу керек, соны мүшелеп сойып, өкпе-бауырын зерттейміз. Қорытынды соған қарап шығады…» деді ме-ау, өзімен бірге алашапқын ала келген. Онсыз да мұрнына су жетпей танаурап жүрген аспирант Алматының көшесінде талып жығыла жаздады. Құдай-ау, екі өркеші баладай бура союға болар. Тірі маймыл бұл күнде қолға түсе ме?
Ес-түстен айырылып, сенделіп жүрген байғұсқа өзіндей біреу ақыл беріпті. Содан тақасы қисайып ертеңді-кеш зоопаркті жағаласын. Ақыры әбден қартайып, жағы босап, көзі суалып, төсек тартып жатқан бір горилланы тауыпты. Майда-майда сөйлеп сұраса, мұның бағасы бәленбай мың деп директоры мұрнынан ақ құрт ыршып маңына жолатпайды дейді. Үйге ертіп әкеліп қазан көтертіп, жал-жая асатып, әке-көкелеп жүріп қалап алған өлексені. «Жедел жәрдеммен» апарып ғылым жолында құрбандыққа шалған сорлыны. Кейін құрдастары күлкі қылған:
– Ойбай, Саламатиннің сойған маймылы ұрпағының қорлығына төзбей төбелесіп, қазақша боқтады. Ата-бабамыз екені расқа шықты.
– Жо-жоқ, маймыл емес, ішіп-ішіп маскүнем боп кеткен біреу екен, – деп.
«Саламатиннің маймылынан» құтылдым-ау дегенде көргенінен жазбайтын жетім байғұс іле-шала докторлығына кіріскен. Мәскеулік жетекшісі табанын қыздырып кетсе керек.
– Ел секілді емін-еркін тынығу бізге бұйырмаған ғой, – деп ілкіде тортаңдағанмен іштей теріс көрмеді. Кандидаттың қатыны атанғаннан гөрі ғылым докторының бәйбішесі деген айтар ауызға сүйкімді емес пе?!
– Тақырыбың тағы да маймыл ма?
– Иә, мәкеңнің өзі.
– Екеуін пышаққа іліндірсең, докторлығың дайын.
– Бұл жолы соймаймын. Адамға айналу процесін зерттеймін.
– Қалпақпен қағып аласың, – дейді әзірше кандидаттың жұбайы іліп-қағып. – Өткендегі гориллаң қазаққа туыс боп шықты. Шимпанзені грузинге қия сал!
Сөзі де, тақымы да асау жұбайының әзіліне Саламатиннің көзәйнегі мәз боп күлетін.
Маймылдың арқасында астананың қақ ортасынан ойып тұрып үй алып, төбесіне чехтің люстрасын сыңғыр қақтырып ілген қандидат қозы көш жерден қылаң берген докторлығына көп қамшы салдырмады. Карл Маркстің коммунизм елесі ішінде адасып жүріп айтып кеткен белгілі уәжін сәл-пәл қырнап,
«Маймылды адам еткен – еңбек» деп ой түйді. Данышпанмен пікірлес ғалымның жолында тас жатсын ба, көзәйнегі аз-кем қалыңдағанмен жіліктің мыр за басын ұстап шыға келді. Биік дәреже тау етегінде баққа бөккен саяжай боп қол бұлғады. Көгілдір түсті жеңіл көлік боп көлденең тартылды. Сіліңгірдей Саламатинге қозы қарын байланып, қызметі өскен сайын жұмсақ-жұмсақ креслоларда жиі-жиі үйелейтінді шығарды.
Жер шарына даңқы жайылды. «Маймыл әулетінің асқан білгірі, Дарвиннің өзі аузына түкіріп, батасын беріп кеткен шәкірті», – деп табақтай-табақтай суретін басып, шетел баспасөзі түгелдей шуласқан…
Түн ортасы ауғалы не заман?! Әр жылдарға бір тоқтап, қылаң беріп қашқан ой қарасын көрсетер емес.
Құрып кетсін, көз шырымын алайын деп көрпесін бүркенген. Көз жұмғаныңмен астан-кестен боп жатқан көңіл шіркін мызғи қоя ма? Әлгі беймаза ой басынып, атлас көрпенің ішіне тығылған жесірді түрткілейді. Көшеден құтпан айғырдай азынап «Жедел жәрдем» өтті. Біреуді ажал аранынан алып қашып бара жатырдағы. Даусы неткен зарлы еді пәлекеттің?..
Академик атанып, алты айға Африкаға барып келуі мұң екен, маймылдармен ақылдасқандай, Саламатинді албасты басты. Басқаны емей немене, әлемді аузына қаратқан ғалым күндіз-түні үйге сыймай дөңбекшіді. Кішкене сәбиді әуелете көтеріп тұрған маймылдың мрамордан ойған бейнесін жазу столынан терезеден сыртқа жұлып алып ытқытты. Әр бетіне көз майын тамызып жазған қалыңдығы жарты қарыс оқулық кітаптарын жиып апарып саяжайда өртеді.
– Қарашы, тіпті жанбайды. Өңшең өтірік отқа күйетін бе еді? Шындық болмаса… – деп аласұрып құтырынды. – Өмірлік идеяларымды ұшырып жатырмын, – деп күлін көкке шашты. Бұл үнсіз егіліп, күйеуін ақылынан алжасты деп ойлаған.
Артынша Рио-де-Жанейрода өткен дүниежүзілік жиында ғалымдардың жағасына жармасып:
– Адам қанының құрамынан тың элемент таптым. Бұл маймыл тұрмақ, жер бетіндегі жан-жануар атаулының ешқайсысында кездеспейді. Демек, адам маймылдан өрбіген жоқ. Дарвинизм ғылымы жалған. Бізді теріс бағытқа салып жіберді, – деп ашық аспан астында найзағай ойнатпай ма?
Маймылды малданып шен-шекпен иеленген қасқа бас ғалымдар тек тұрсын ба, өре түрегеліпті. Тоқсан тоғыз тілде шуласыпты. Мініп тұрған мінберіне ұмтылысыпты.
– Әй, делқұлы академик, сенің ойыңша адам баласы қай ұрықтан жаралды?!
– Бұл не деп оттағаның, ғылымның садағасы кеткір!
– Дарвин мен маймылдың киесі ұрғыр!
– Айт дәлеліңді!
– Шекшиіп тұрысы жаман екен, желкелеп түсіріңдер! – дескен.
– Адам баласы космостан әкелінген, – дейді Саламатин аспай-саспай сұқ саусағымен аспанды түртіп. – Менің ойымша, бұл – өзіміз гуманоид деп айдар таққан жатжерліктердің әрекеті. Адам баласы олар үшін тәжірибе құралы ғана. Күн жүйесіндегі, өзге де жұлдыздар шоғырындағы планеталарда өте жоғары даму сатысында өмір сүріп жатқан тіршілік иелері бар. Біз – солардың ішіндегі ең ақымағымыз. Сондықтан да әлі күнге дейін өзімізді маймылдың ұрпағы санап жүрміз.
– Біздің авторымыз әлгі құбыжық гуманоид пе?!
– Тірі пенде естімеген сұмдық! – деген ызалы айқай сәулетті залды жарып жібере жаздаған.
– Дәл өзі! Әттең, сәтсіз жасалған тәжірибеміз, – дейді Саламатин мінбердің екі қапталын мықтап ұстаған күйі. – Өйткені миымызға абайсызда зиянды түйсік қосылып кеткен. Оның аты – жауыздық! Олар соған қатты өкінеді. Маған төрт-бес жыл мұрсат беріңіздер. Ғылыми жаңалығымды тайға таңба басқандай ғып дәлелдеп шығамын.
Шошынған ғалымдар тап сол жерде дауысқа салып:
– Бәріміз де маймылдың ұрпағымыз, – десіп қол көтереді де, жынды Саламатиннің әңкі-тәңкісін шығарып, абыройын ит құйрығына байлап жібереді. Алматыға оралысымен зиялы ортаны ала тайдай бүлдірген немені ғылыми-зерттеу институтының директорлығынан демде босата салды.
– Шоқ, шоқ, – деп табалаған күндестері. – Пайғамбар жасына келгенде қағынуын. Үндемей жүре берсе дәнеңе де жоқ қой.
Аспанмен тірескен үйдің төрт қабырғасына қамала-қамала зерігіп, басына тақия киіп, қолына піл сүйегінен жонылған таяғын ұстап көше кезген. Өзіне жақтастар іздеп, тізім жасап қол қойғызған. Миллионнан астам халқы бар қаладан жасаған тізімі жеті адамнан аспай діңкелеткен.
Көктемге салым:
– Өмір неткен ұзақ еді?! Ащы ішектей шұбатылып, таусылып бітпеді ғой, түге, – деп үйден налып шыққан. Содан ұшты-күйлі жоғалды. Біреулер Көктөбенің басынан көрдік десті. Ұшқыш тәрелкеге отырып кеткенін байқап қалдық десті. Қауесет көп, өзі жоқ.
Келесі көктемде жылын берген. Алғашқысында маймылдың нәсіліміз деп, кейінгісінде көктің перзентіміз деп мынау тәркі дүниені қайта-қайта есалаң қылған академиктің кәдесіне жиналған қалың нөпірдің есебіне жетпессің. Соның көбі қайғырып емес, көкіректегі көптен бергі армандарын оп-оңай орындап берген өлімге (өлгені рас болса) рахмет айтып келіп жатқан сынды көрінген…
Аш бүйірден шымшыған ой бірте-бірте жай тауып, қаралы жесір талықсып жатып көз ілді. Осы сәтті баққандай қабырғада ілулі тұрған суреті өз-өзінен ісініп, тірі Саламатинге айналып сала берді. Аяғының ұшымен бір басып, екі басып дыбыссыз келді де, атлас көрпені еппен ашып жұбайының қойнына кірді.
– Жаурап қалдым, – деді сосын сыбырлап.
– Кімсің?
– Көктің ұлы, Құдайдың құлы, Мұхамбеттің үмбеті, Шадиярдың сәруарымын.
– Біз кімбіз?
– Ешкім де емессіңдер!
Оқыс дауыстан шошып оянған жесір бауырына көпшігін қысқан қалпы алақтап жан-жағына қараған. Саламатин көзәйнегі жылтылдап тез-тез шегінді де, қабырғаға жетіп, жансыз бейнеге қайтадан сіңіп кетті.
– Пісімілдә, пісімілдә, – деп алқынып терезе ге ұмтылды. Жұлқып тартып пердені ысырды. Таң құланиектеніп қалған екен. Жаңбыр бүркіп тұр. Соңы ұзаққа созылмаса қайтсін?..