ТОРШАҚЫЗ БЕН ТОТЫҚҰС

Алматының кержалқау торғайлары шырылдағалы не заман?! Таңның қызыл арайы еркін тарап, күн Көктөбеге тырмысып қалса да, Торшақыздың төсектен тұрғысы жоқ. Қаланың тау беткейінде орналасқан екі бөлмелі жиһазды пәтерде қартайып қалған мылжың тотықұстан өзге басыңды сүйер, сеніп сыр айтар тірі пенде болса ше?.. Титтей ғұмырында көрінгенге көзтүрткі боп жүрсе де, қам көңіліне медеу тұтары – жалғыз қарашығы. Оның өзі де осындай алмағайып сәтте ит аяғы қиян алыста. Әкесіне тартқан оқымысты неме «кіші мистер Айсарин» атанамын деп Чикаго университетінің табалдырығын аттағанына екі жыл толған. Жазғы демалысында жылт етіп бір көрінеді де жоғалады. Әкесі академик Айсаринге түгестірмей діңкелетіп кеткен телепатия ғылымы сары ауыз балапанға оңайлықпен бел бере қойса жақсы.

Қой, бұл не жатыс, тездетіп зират басына жетейін деп ойы асыққанымен, тұла бойы езіліп ұйып, орнынан қозғала қоймады. Бір әумесер ақын мінбеге жармасып тұрып: «Жер тартатын секілді…» – деп күңіреніп өлең оқитын. Тап сол! Сол тозақ өзекті пендесінің шыбын жанын шырқырата бермей, қара жер қойнына тартса тартып кетпей ме? Өзім өле кетсем айдалада көмусіз қалармын деп қорықпайды, тек бота тірсек жалғызын мына жүгенсіз кеткен ел-жұрт ашулы арадай талап тастай ма деп қаймығады. Әсіресе, қанағатшыл көңілінің астан-кестенін шығарған сот шешімін, бәйбішенің сойқаны мен шынжыр табанды трактордың гүрілін айтсайшы! Ғұмыры мұндай азап пен мазаққа душар боларын білсе, бұл фәниден байсыз өтер, баласыз кетер.

Тәубе, тәубе, не деп кетті? Осы бергеніңе де шүкір, Алла! Қария басыңмен өзің айттың деген бір тәмсіл бар ғой… «Мен адамдарға басы артық ештеңе бергенім жоқ. Тек бірінікін алып, екіншісіне ауыстырып отырамын» деп. Рас-дағы. Байлығың мен бақытыңды басқалар өзара қақпақыл ғып жүрген шығар. Ал екі қатынға қиғаның бір академик еді, оның өзінің басы тіріде даудан, өлген соң моласы соттан кетпеді.

Көкірегі толы шер мен запыранды жеңілдеткісі келіп «Уһ!» деп үрлесе, баланың ойын шарын толтыратын дем шығарған. Торшақыздың оқыс шыққан даусынан шошынған күміс тордағы тотықұс қапелімде саңғып салды.

«Дудаевты атып өлтірді!»

«Шешендер әлі соғысып жатыр!»

«Коммунистер оңбай омақасты!»

Бойы жеңілдеп қалған тотықұс жаттап алған тіркесін бірер мәрте қайталады да тыншыды.

Алла, байғұсым-ай, саясат сенің не теңің?

Осының өзінің жасы нешеге келді? Баяғы қыз дәуренінде, аспирант боп бойы бұлғақтап жүрген шақта ғылыми жетекшісі Айсарин екі бірдей тотықұсты сыйға тартқан.

Туған күніне жиналған қонақтардың әкелген тарту-таралғысының ішінде осы екеуінен өткені жоқ еді.

– Жаңадан үйленген жас жұбайлар. Бір-біріне кереметтей ғашық, – деп, сол кездің өзінде атағы аспанды жарып тұрған жас академик дастарқан басындағыларды қыран-топан күлкіге батырған. Тордың ішіндегі екі мұңлық Айсариннің әлгі әзілін шындыққа жанастырғысы кеп, добалдау келген тұмсықтарымен тістесіп сүйісе ме, қанаттарымен сипаса ма, иіскесе ме – өз қызықтары өздерінде болып жатты. Кейін жападан-жалғыз өзі шошайып қалған сәттерінде ойдан ой қуып отырса, сол кеште-ақ ұстазы бұған көңілі барын емеурінімен білдіріп баққан екен…

Ой шіркінде тиянақ бар ма, құбыладан ескен желдей жөңки береді-ау… Өзі онжылдықты аяқтасымен көк шамаданына арзанқол екі көйлегін, бір құшақ кітап-дәптерін басып осы Алматыға жеткен. Жаратқан иемнің жетім көңілге иігені шығар, жоғары оқу орнына қаптап жүрген бармақ басты, көз қыстының арасынан сыналап өтіп кетті. Күн сіңген қос өрім бұрымы құйрығын қаққан, қасы-көзі қиылып, бетінің сүт шұңқыры ойылған ауылдың әдемі қараторы қызы оқуға келгенде де артық қамшы салдырмады. Асфальтта ойнап өскен қаланың небір жігіт-желеңінің аузының суын ағызып, ындынын құртқан. Еркек атаулының мұны көрсе қапияда жаңа туған айға көздері түскендей жәудіреп, аңтарылып қалатынын байқаған сайын Торшақыздың көңіліне тоқтық па, паңдық па, әйтеуір бір астамдық біткен. Бұл аспирантураға өткенде соңынан үйір-үйірімен еріп, сүмеңдеп жүретін көп жігіттің қарасы азайып,

«тең – теңімен, тезек – қабымен» үйлесім тауып жатты. Сонда да болса «…бүйтіп кекірейе берсем, түбі ақ жайманың үстінде ақ тамақтан еркелете иіскейтін қауқары үстем азаматқа зар болып жалғыз қаламау…» деген кісәпір ой басына кіріп-шықса ше?.. Түгесіліп болмастай көрінетін өмірдің бар қызығы ғылым мен көкжиектің ар жағында жатқан болашақ күндерде тұрғандай алды-артына бағамдап бір қарады ма?

«Мистер академик Айсарин!»

«Солженицын сандырақтай береді!»

«Жириновский жынды!»

Жап аузыңды, алжасқан неме! Аяқ астынан бажылдап, енді мұның өзін шошытқанын көрдің бе? Мәскеудің ортекедей орғып, таудан тасқа секірген көкезу саясатшыларын жергілікті баспасөз бетінде сыбап жататын біздің можантопай зиялыларымыз сынды қақсамай. Шүңкиіп отырған жерінде бізөкше төплиді жіберіп ұрар ма еді?! Жемсауы жайрасын да қалсын…

Иә, иә, Торшақыз адамдардың, қаласа, жер шарының екі түкпірінде тұрып-ақ өзара ойша әсер ету, тілдесу құпиясы барлығын зерттеген, телепат ғалым Айсаринге аспирант боп қалған. Ұзын бойлы, әжімі терең батқан кере қарыс маңдайы, ашаң жүзі, мысқыл мен мейірімділіктің қоспасынан жаратылған баяу күлкісі бетінің сүт шұңқыры ойылып тұрған аспирантын сиқырлап, қол-аяғын көзге көрінбес, қолға ұстатпас жібек жіптермен байлап-матап тастаған. Бұйдасы мығым қолға тиген сүт өркеш тайлақтай ұзап кетпей, айналсоқтай берген. Келе-келе шәкіртінің бойында ғылымға, ұстазының ойында махаббатқа деген құштарлық күн өткен сайын өршіп бара жатты. Қыздай қосылған бәйбішесі мен жалғыз қызы бар академик ең талантты шәкіртім деп мұны отбасына алып барып та таныстырған. Үлде мен бүлдеге оранып отырған қаракер бәйбіше салқын сыпайылықтан аспай, бір шайын құйып берді. Обалы қанша, қызы әкесіне тартқан ақкөңіл, ашық көрінген. Аққудың көгілдіріндей қалқып жүріп қасынан шықпай қойды. Е, нені көрмеген бұл ғазиз бастан қызықты да, шыжықты да дәурен өткен жоқ дейсің.

Шет елдерде өткен мәртебелі ғылыми жиындарда, алқалы топта, айқасы мен шайқасы мол даулы айтыстарда ұстазынан ірге ажыратпай қатар жүрген. Соның арқасында кандидаттығын да, бұ қалай дегізбей, бір дауыстан жақтады. Алладан жасырғанмен бұ күнде адамнан сыр бүге аласың ба?

Сөйтіп жүріп…

Академик пен аспирантының ортасындағы ыстық шарпысу ауыздан-ауызға, құлақтан-құлаққа өтіп, қала аралап, дала кезіп, түгесілмес «Мың бір түннің» хикаясындай тараған. Атақты Айсарин мен толықсыған Торшақыздың қылығын қылмысқа балап, онсыз да сүріндіруге сеп таба алмай жүрген небір сығыр, ай, несін айтасың, құшырын қандырған.

– Қай бетімді шымшиын, екеуі үйленіп алыпты, – дескен.

– Ұстазымыз телепатияны ғылымнан гөрі махаббатта дәлелдеді, – дескен.

– Жеңгеміз ұл таппаған соң қайтсін? – дескен.

Дескен жұрттың тілегіне періште әумин деп, араға жыл салмай жатып Торшақыз екі шекесі торсықтай ұл тапқан. Айсарин байғұс қуанғаннан абдырап, екі аяғын баса алмай қалған.

– Бәрі осы жалғыздың жолында садақа, – деген. Көз шарасына сыймай мөлтілдеп жас тұрды. Көрдемше туған ұлын алдына алып әлдилеп отырған кәрі әкені көрген сайын жас келіншектің бойын беймәлім бір ыстық бу шарпып өтетін. Бәйбіше күндесі айдыңкүннің аманында бұрқ ете түскен өсекке алғашқыда сазарып сыр бермесе де, байының баяғы өзі жетелеп әкеліп таныстыратын шөпжелке қыздан ұлды болғанын естігенде кәріне мініпті. Қаланың тікбақай тәрі мен тәртібіне бойсынғанымен, ауылдың ұяң тәрбиесі жастай қанына сіңіп қалған Торшақыз бәйбіше қанша жерден сазарғанмен, түбі сабасына түсіп, үйге бас сұғар, «Балаңның бауы берік болсын» деген екі ауыз сөзін қияр, біле білсе, жаттығы жоқ, жалғыз қызының соңынан ерген қара емес пе деп өз білігімен пішіп-кескен. Келер деген үміт жіңішкере бастағанда телефон шалды:

– Әй, бай күндіз – ғылымдікі, түнде – менікі. Қай кезде бала тауып үлгеріп жүрсің? Көргенінен жазбайтын жетім қаншық! Жер басып жүрсем, екі қолым жағаңнан кетпес, аузың тобадан кеппес!..

Қарғыстың алуан атасын тыңдай-тыңдай қос құлағы шыңылдады. Ақ қағазға жазып алып оқып тұрған шығар, әйтпесе мұның бәрін түйдек-түйдегімен жаңылмай жатқа айту… Соны ойласа, әлі күнге аза бойы қаза болады. Бұл да «жөргек иісін иіскетіп ұлды еттім, енді бір жағына анық шық» деп академиктің алдында кердеңдеп баққан жоқ. Жарыла алмай, екі жаққа кезек жаутаңдап жүргенін көріп, іштей тынатын. Киім-кешегін көтеріп келмесе де, заңды некеге отырмаса да, аузынан түсе қалғандай айнымай тартқан ұлына өз фамилиясын берді. Таңертеңмен өз үйінен шығып келіп, жалғызын балалар бақшасына, кейіннен мектепке жетелеп апарды. Тосып алып, ұзынды-қысқалы боп көше бойлап шүйіркелесіп келе жатады. Тек көрші келіншектердің басы байлаулы, аяғы тұсаулы еркектерін көргенде мұның бойында әйелдік қызғаныш па, кемдікүн өкініш пе – бірде сөніп, бірде маздап жататын. Соның бәрі бір күнгідей болған жоқ. Айсарин аяқ астынан төсек тартып құлады. Мидан түскен қатерлі ісік ақмылтық ажал боп келді де, бірер айдың ішінде көрер жарық, татар дәмін сарқып берді. Жарықтық қайтыс болар күні таң алдында түсіне енген. Тіл қатқан жоқ, бұлдыр елес пе, қалың тұманның ішінен бе – жылт етіп бір көрініп, қол бұлғап шақырғандай болды. Үшінші сыныпта оқып жүрген тұяғын жетелеп баруға қайта-қайта оқталса да, әттең, қаракер бәйбішенің үстінен баса-көктеуге дәті жетпеді.

Ажалмен арпалысып ашынып отырған сәтіне дөп келсе бетін тырнап, шашын жұлып қолына беруден жүзі жанбас. Иманжүзді еді, бәлкім, қызымен тілдесермін деп, бесін мезгілінде тәуекел етіп телефон шалған, үй-іші азан-қазан боп жатыр екен. Мұның ботадай боздаған даусына жалғыз ұлдың шырқыраған үні қосылды…

Ертеңіне газет бетіне суретімен қоса табақтай-табақтай көңіл айтулар, арнау сөздер өріп шыға келді. Алдын ала қамданып жазып қоймаса, мұның бәрін қай уақытта даярлап үлгерген?

Қара жамылып қабір басына барды. Әкесін соңғы рет көрсін, көңілі суысын деп жетімегін де ертіп алған. Ташкент көшесінің бойындағы ескі қорым ығыжығы халықтан аяқ алып жүргісіз. Құшақ-құшақ гүлмен көмкерілген табыт жанына тұмсық сұқтырып, сығалатар емес. Екі көзі бұлаудай болған адуын бәйбіше мен қызы, марқұмның бұл танымас ағайынтумасы, қырғын тамыр-танысы, есепсіз көп шәкірті дүкеннің кезегіндей кеуделесіп, иықтарынан тістесіп тұр. Топқа сіңе алмай, сырт орай қалған бұған бірге оқыған курстас екі-үш жігіт көпшіліктен жырылып шығып, көңіл айтқан болды. Қай ортада да бұзыпжарып жүретін тентексоқтау және бірі келді де, әйшәйға қаратпады.

– Торшақыз қалқам, бұл не тұрыс? Сенің қайғыңның қасында бұлардікі түк те емес. Көздерінің жасы, ағамыздың топырағы құрғамай жатып ұмытады да кетеді. Біле білсек, сенікі есебі жоқ ерлік! Жақсының көзі, тұлпардың тұяғы сенде қалды, – деп алдын тарпып, омыраулап-омыраулап келді де, қос мұңлықты марқұмның қасынан бір-ақ шығарды.

Енді кешіксе табыттың қақпағын жабуға қалған екен. Өзіне ашқарақтана сұғын қадаған сан мың көзді тәрк етіп, Торшақыз екі бүктетіле еңкейіп келіп, Айсариннің құп-қу ернінен сүйді. Үлпілдеген мамықтай алақанымен кере қарыс кең маңдайын тірі кезіндегідей аялап сипады. Кеудесін жапқан мақпалдың үстіне үш тал қызыл гүлді жаймен қойды. Көк желкеден қаракер бәйбішенің:

– Жетті енді! – деп тістене сыбырлай үн қатқаны естілді. Осы әмірді тосқандай баяу ойнап тұрған азалы музыка ішін тарта күңіренді ме, әлде қаралы ел дауыс салып теңселіп кетті ме, өзі есін жоғалтып алды ма – арғы жағы көрген түсі секілді бұлдыр-бұлдыр бір елес…

«Қазақ, қайда барасың?»

«Капитализм қалай екен?»

«Қарның ашты ма?»

Тордағы кәрі мыстан-ай, көресіні сенен-ақ көрдім осы! Қойдан қоңыр қазақтың жағдайын ойламаған енді жалғыз сен қалып едің!..

Қайтсін, мұның да еркегі өліп қалған. Содан бері күйік қақты ма, тіпті беймаза боп кетті. Ақыры, қой болмас деп, құс базарынан бір жас тотықұсты сатып әкеліп қасына қамаған. Әлгінің құр еркектана деген аты болмаса, қауқары кем, ынжық немене екен. Тұмсығымен айнала қуып жүріп шұқып, кәрі қақбас күн берді ме, көз көре өлтірер болған соң, обалына қалмайын деп көршісіне беріп құтылды. Кейде бір үйдегі екі ұрғашының шәлкем-шәлкес келіп қалатыны бар. Бар пәле, аты құс демесең, тақылдап тұрған сөйлейтін неменің таусылмас мылжыңынан шығады. Әлгі сөздердің бәрін теледидардан естіп алған. Бір қызығы, әйел диктор шықса қыржиып, теріс айналып, құйрығын беріп отырады. Экраннан еркек көрінсе бітті, басын әнтек қисайтып, бір көзін сығырайта қысып, тыңдайды кеп. Көңілі құртқа шапқан ұрғашысы түскір-ай! Дәмесінің зорын көрдің бе? Ендігі қалғаны сенің көңіліңе жағатын бай іздеп кету еді.

Тағы да ойын бөліп кеткенін қарашы.

Жарықтығымның соңынан істелер кәдесі бірдей мезгілде, бір-бірін танығысы келмеген екі шаңырақта қатар өтіп жатты. Сол жылы күз түсе бәйбіше мен қыз сыртын мәрмәрлап күмбезді зират көтерді. Адам аяғы басыла күнара барып, гүл шоғын қоятын. Мынау жалған дүниеде жастай жесір қалған келіншектің ішкі шері таусылушы ма еді? Жүрек басында кілкілдеп тұрған қайғыны ақтарып, кәдімгідей жеңілдеп қайтатын. Басқан ізін аңдып жүргендей әлдекім апарған гүлін қыста қар үстіне, жазда қара топырақты құштырып құлаштап лақтырады да тастайды. Бір жылы өз көзімен көрді… Тұла бойы түршігіп сала берген. Жеті қат жер астында жатқан өлі аруақ пен тірінің қалған қамшы сап ғұмырдағы аз-кем сыйластығын көпсінбесе нетті жазғаның? Шындап келсе, бір шаңырақтың астында шүйіркелесіп отыратын апалы-інілі екеуінің осы кезге дейін танымай жат боп жүргені сол көңіл түскірдің тарлығы ғой.

Әйтпесе, әке ортақ емес пе, шеше бөлек болса қайтеді екен?

Жұма күні шелпек пісіріп, иіс шығарып, ержетіп қалған ұлын ертіп барған. Бәйбіше мен қыз бейітті айналсоқтап жүріп алды. Қарашаның аяғы лайсаң, желкем еді, күн кешкірген сайын қара суық бел алып, тасада тұрған бұлар кәдімгідей жаурауға айналды. Тісі-тісіне тимей кеткен ұл:

– Ұрлық істеген кісідей боп… Бермесе тұрсын… Өзіміз үшін неге зират салып алмаймыз? – деп қыстыға жылаған. Жаутаңдаған жалғыздың сөзі қамшы болды ма, өзінің қаракер бәйбішеге деген ашу-ызасы шектен шықты ма – ақыры кеңсе жағалап жүріп Кеңсайдан екі кісіге еркін жетерлік орын алған. Исі мұсылманда, мұсылман дейді-ау, адамзат баласында жоқ дәстүрді өмірге әкеліп, Айсариннің екінші зиратын тұрғызған. Сыртын мәрмәрлауға қалтасы көтермеді, бірақ Маңғыстаудың ұлутасы әсемдік жағынан одан кем соқпады. Құлпытасына академиктің суретін ойып салдырып, марқұмға жүрек тебірентерлік сөздерін арнаған. Ең соңына ұлы екеуінің аты-жөнін жаздыртқан. Бір парызын өтеп, жаны жайлауға шыққандай еркінсіп қалғанымен таныстарына тіс жарып, сыр ашуға қорықты.

Содан бері де мысықтабандап жылжып бес-алты жылдың жүзі ауыпты. Күтусіз жерден қолына тиген соттың шақырту қағазы төбесінен тоқпақпен ұрғандай етті. Сот қазысы мұның қарсы алдынан заңның тармақ-тармағын өргізіп, таңдайы құрғап қалған мұны олай да таптады, былай да таптады. Екі зираттың суретін қос қолына ұстап алған қаракер бәйбіше қазыдан бетер ақтүтек боран боп ұйтқыды:

– Тірлігінде ортамызға түсіп, шаңырағымызды шайқап еді жүзіқара!.. Құтырғаннан құтылдым ба деп жүр ем!.. Ел-жұртқа масқаралап, өлгенде де көрге тыныш жатқызбауға айналды!.. Соншама жылдан бері естімей келгенімді айтсаңшы… Әлгі кімді көмуге барғанда… Талып құладым, тура талып… Өзін соттап, салдырған зиратын түп орнымен құрту керек! Оның өзі аз!

Жанында тұрған қызы көзімен жер шұқып, «Ну, мамнан» әрі асар емес. Жылағалы тұрған баладай беті шандыр-шандыр тәпелтек қазы сөзді ұзаққа созып жатпады, тоқетеріне бір-ақ көшті:

– Сот шешіміне сәйкес академик Айсариннің заңсыз салынған екінші зираты құлатылсын! Орны тегістелсін!

Қорлық-ай, тасын бұзып алуға рұқсат беріледі дей ме, бұзып алмаса шыққан шығыны өтелмейді дей ме, қайта салуға әрекеттенсе жазаланады дей ме, құрысын, құрысын…

Кеше сәскеде орнынан зорға сүйретіліп тұрып, теледидарды тоққа қосып, тотықұсқа жем шашқан. Аузы кермек татып, асқа зауқы шаппады. Енді нені алданыш етерін білмей тізе бүгіп отыра бергені сол еді, Айсариннің ширек ғасырдан бері құлағына сіңісті боп қалған майдақоңыр даусы саңқ ете түскені:

– Діңкемді құртқан Торшақыз-ай, жетсеңші тез!

Табандарына салып таптағалы тұр ғой мені!

Иманы ұшқаны сондай, әдемі мұрны өз-өзінен қусырылып, бойы безгек қысқаннан бетер қалшылдап кетті. Жалма-жан жағы сембейтін тотықұсына қараған, қаннен-қаперсіз құйрығы шошаң қағып, тесік тамағының қамын ойлап кеткен. Сонда жатқан жері жарық болғыр академиктің әлгі даусы қай қуыстан шыққан? Есеңгіреп отырған қалпы кенет бөлменің бұрышындажабысыптұрғантеледидарғакөзітүскен… Қара қобдишаның ішінде кесер басы қылқиып отырған еркек диктор масашағым мезгілде академик Айсаринге айналып сала беріпті. Аумаған өзі! Әжімі терең батқан кере қарыс кең маңдайы, ашаң жүзі, мысқыл мен мейірімділіктің қоспасынан жаратылған баяу күлкісі. Жо-жоқ, күлкісі өшіп, күреңітіп алған. Қалай пайда болса, лезде солай көзден ғайып ұшты. Елес пе, жын ба, айырып көр. Әлде өзін шалық иектей бастаған ба?

– Жарықтық кісі-ай, не дедің?

Айтқандай, қаракер бәйбіше шынжыр табан трактор мен мұрны қолағаштай еркекті жетелеп келіпті. Аяушылық сезімнен мақұрым қалған көк темір топырағы тегістеліп, қолмен жайғандай боп жатқан зираттың жан-жағын қазып, қорыс етіп тастаған. Кәпірдің түтін сасып ажылдаған даусы неткен сүйкімсіз еді?! Қастарына салып-ұрып жетіп баруға шайлығып қалған жүрегі атқақтап, аузына тығылып аттап бастырар емес. Қатар түзеп тұрған бірер зираттың тасасына келіп, жүресінен отырды.

«Көрген қызықтың бәрі тәрк. Бар жазығы марқұмның көзі жұмылысымен өз теңімен ойнап-күліп, байға қарық, балаға мәз боп қыт-қыттап отырмағаны ма? Аруақты – ес, көлеңкені дос қып жүрген жесір қатынға Жаратқан ием неге сонша өшігеді? Ертең оқуда жүрген жалғызы елге өндіршек созып жетіп, әкем басына барайық, дұға қайырайық десе, бұ жазғанға қара жердің тесігі табылмас. Табылса, басы бүтін түсіп кетер… Әдірем қалсын, қазір мына ажылдаған неме бейітті түйе бастағанда ортасына барып түсіп өлем!» деп көзсіз тәуекелге тас түйін боп бекінді.

Әлден уақытта трактордың үні өшті. Сонда ғана қаракер бәйбішенің даусы анық естілді. Шамасы, мұрны қолағаштай дәумен саудаласып жатса керек.

– Енді түсіндің ғой? – дейді өктемсіп. Байқауынша, болған оқиғаны тұздықтап тұрып құлағына құйған.

– Түсіне алмай тұрмын, – дейді күпәйке киген әлгісі. – Сонда қызғанып тұрғаныңыз қабірі жоқ қара жер ме?

– Жер емес! Ойбай, соттан бетер шалқайып біттіңау! – деп бәйбіше қол сөмкесінен бір бума ақша алып шықты.

– Мә, манадан бері көкейіңді тесіп тұрған осы шығар. Ал да, айтқандай ғып қызметіңді тындыр! Анау сайға бір-ақ төңкер…

– Мұны білгенде келмейтін едім. Мә, ақшаң өзіңе!

– Әй, қайыршы, мен сені жалдап алып тұрған жоқпын ба? Жалдап! Бәрі заңды демедім бе? Міне, кешегі соттың шешімі.

– Жалдап алып… Адам көңілінің алтынға да сатылмайтын кездері бар. Көзіңнің еті өскен қатын екенсің. Ендеше сол сотыңа айт, өз көтенімен түйіп құлатсын.

Жүрелеп отырған қалпы көзі бұлдырап, құлағы тұнып сала берді. Екеуінің өжеңдескен сөздері құмығып естілер емес. Қанша отырғаны белгісіз, есіріп айқайға басқан тракторшының әлем-тапырық даусы есін жиғызды.

– Тірлігінде бөлісіпсіңдер! Енді аруағына таласқандай не көрінді?! Ол әйел бар болғаны өзіне арнап символдық белгі соққан екен. Соны талқандағанда дүниедегі бар кем-кетігің тола ма? Қарқарадай боп мүйіз шыға ма? Беттерің жылтырап жүріп неткен шексіз жауызсыңдар! Өй, өңшең әкең аузын ұрайындар!..

Еркек ашуын тізгіндей алмай тұтығып, күректей қолын бір сілтеп жүре берді. «Құдай-ай, жер бетінен жақсылық көшпеген екен ғой. Жүр екен ғой әлі арамызда». Мұрны қолағаштай тракторшыдан тап осындай азаматтық күтті ме? Жер ортасына келгенше мұндай ірілікті галстугі қисаймайтын, бәтеңкесінің басы майдан кеппеген зиялы топтан іздеп келгені несі?!.

Ерте көктеммен еріп кемпіршуақ та жеткен екен.

Бойын еппен қыздырған шағырмақ күннің нұры самсап тұрған қымбат құлпытастардың бетінде ойнап жүрді.

…Бұл оянғалы не заман?!.

Рахымжан Отарбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *