Осы Асылбектің жетінші сыныпты бітіретін жылы ғой елге жекешелендіру келіп ұрынғаны. Апылғұпыл кеңшар тарап, әкесі Дүйсен кеңсеге пай дәметіп кеткен. Кешқұрым үйге ат жетектеп оралды. Мұны көрген көрші-көлем қарап қала ма:
– Қарапайым киномеханикке азынатып айғыр мінгізген қайран капитализм, – десіп бауырын тырнап күліскен. – Төрелігіңе құлдық!
Мектептің еденін жуатын шешесі Дәметкен:
– Күндіз-түні кино қойып селкілдеп жүргенде шыққан ұшпағың осы ма? Енді айғыр мініп ел кезіп кет. Тіпті оныңды піштірме, ойбай! Жұрт қысыр биесін көрсетіп алар. Берген орамалын олжала да отыр, – деп жатып кеп туласын. Капитализм қатын тулады екен деп алған бетінен қайта ма? Тұқымына туа билік бітпеген момынсоқ Дүйсен не десін?
Әкесі колхоздың ұста дүкенін ұстап жан баққанды. Тек сіңір мен сүйектен ғана тұратын тарамыс қара шалдың бар ғұмыры ауыл шетіндегі жеркепеде өтті. Нарттай қызыл темірді оттан суырып ап қамырдай илеп, қайыстай созып бір мүсін шығарады да, шор еткізіп суға сұға қоятын. Көрші-көлемнің түбі тесілген қазаны, шүмегі кеткен самаурыны, орағы мен қырықтығы түгелдей тарамыс шалдың мойнында. Қыңыр-қисықтың сауабын көрік пен оттан сұратып отыратын жарықтық.
Асылбек тегін киноны көре-көре қияли болды ма, немене, әйтеуір жастайынан радиоға әуес боп өскен. Өсетін де жөні бар. Дәметкен ертеңді-кеш еденін жууға кеткенде қарғадай баланы бағатын жан жоқ, жанына радионы қоя салатын. Онысы сөз айтса үндемей томсырайып қалып, ал ән шырқап, күй күмбірлесе қылдырықтай мойны былқылдап қоя беретін. Шаттанып шапалақ ұратын. Күндегісі осы.
Бесінші сыныпта радиоәуесқойлар үйірмесіне жазылдым деп келді. Бар ермегі сол. Қос жұдырықтай неменің іші-сыртын ақтарып шұқылайды да жатады. Кейде қолаң шаштай нәзік сымдарды бір-біріне жалғап сайратады да қояды.
– Өнерді үйрен де жирен, балам, – деп Дүйсен мәз.
– Сенің кинодан жиренген жеріңді көрмедік, – деп ызақорлау Дәметкен сөйлеп бағатын. – Тұқымынан асып қайда барсын?..
Дәметкеннің тек бер жағы. Іштей осы жалғызым ержетіп, дәулетті жерден келін түсіріп, дәу бастық боп біз де ес жияр ма екенбіз деген арманы алданыштын.
Сол алданышы су құйған оттай лап етіп сөнер деп пе? Сөнбесе айтар ауызға сыймас мұнысы не сұмдық? Армияға алынғаны күні кеше еді. Түскен жері үстіүстіне төпелеп жеделхат ұрып ерлі-зайыпты екеуін шақырсын. Содан қоржындарын сүйретіп өрмелеп пойызға отырған. Алып-ұшқан үркек көңілге пойызы
түскірдің жүрісі ілесе ала ма?
– Әскерде қазір тәртіп нашар деуші еді. Бір пәлеге кезікпесе қайтсін, – деп Дүйсен қаралай уайым құсады.
– Жағыңа, тап бар ғой, жылан жұмыртқаласын! Білімге күпті боп қалған бала екен, алысқа оқуға аттандырамыз деп күпініп жатқан шығар десеңші, – деп Дәметкен байын көзінің сұғымен атады.
– Қайтейін, қазірде бір-бірін атып тастап жатқандар аз ба?
– Нағашыларына тартқан жарығым сол! Алдымыздан айт-двалап аңқылдап шығар әлі.
Осы қаймал айтыспен отырып ақыры Атыраудан Қызылордаға да жеткен.
Күтіп алысты. Алды-артына қаратпай дедектетіп әскери бөлімге де әкелген. Кең ауланың ішінде әрліберлі жүгіріскен жауынгерлер арасында Асылбегі көрінбейді. Бәрі біртекті киінген. Жүзіне анықтап үңілмесең айыртпас. Байқамай басқа біреудің баласының бетін сілекейлеп жіберуің кәдік.
– Полат Аленович, – деді тай шаптырым кабинет иесі бұлар кірген бетте. Қайыс белбеу беліне әрең шақ кеп тұр. – Осы әскери бөлімнің бастығымын.
– Біз Асылбек Айдарбаевтың әке-шешесіміз, – деген бұлар қосамжарланып. Тай шаптырым кабинет иесінің жүзінен мысқыл жүгіріп өтті. – Шақырған соң…
– Ұлыңыз қамауда жатыр, – деді сәлден соң әскери бөлім бастығы. – Ант беруден бас тартты. Жағдай солай!
Дәметкеннің көз алдында дүние сақиналанып бара жатты. Дүйсеннің тамағы құрғап, буынынан әл кетіп, құйрығы ағаш орындықты әзер тапқан. Әй, жүрегі құрғыр бір жамандықты сезіп еді-ау. Осы баланың бітімі бөлек. Кішкентайынан көзі жалт-жұлт етіп, бір нәрсенің соңына түссе, із салып індетіп қоймайтын. Күнде кешке бұған ере кеп кино көріп, үйге келген соң рольдегі артистердің ойынын талдап, жіліктеп отырып алатын. Тіпті «Ана артист өтірік күліп, жалған жылады» дейтінін қайтерсің? Оны айтасың,
«Әке, адам баласына шындық көп қызмет ете ме, әлде өтірік пе?» деп састыратынын айтсаңшы!.. Қамауда дейді… Құдай-ау, анты несі? Оның несі қиын, бере салмай ма? Соңын кім тексеріп жатыр? Бұл күнде кім кімге уәде бермей жатыр? Түнде берген уәдеден күндіз тайғандардан қазірде аяқ алып жүре аласың ба? Қайта солар дәуірлеп тұр. Мұрындарынан ақ құрт ыршиды.
Есін бір жиғанда аңдады, тай шаптырым кабинет өңшең офицерлерге толыпты. Қарақшыға ілінген, қадірі қашқан киімдей боп тілден қалған екі мұңлықты қоршай отырыпты. Жан-жақтан тінте қарасады. Мүсіркегені не мұқатқаны айырғысыз. Әлден уақытта қос қолын артына ұстатып Асылбегін кабинетке айдап кіргізді. Жүзіне ой қонған орта бойлы еді, сылынып жүдепті.
– Ботам-ау!
– Жалғыз тұяғым-ау!
– Балаңызға дұрыс тәрбие бермегенсіз, – деді Полат Аленович даусы қоюланып. – Қатарластарының бәрі бір ауыздан «Сүйікті Отанымызға адал боламыз!» деп ант берді. Жалғыз өзі «Бұл менің елім емес!» деп сіресіп тұрып алды. Себебін сұрасақ тіл қатпайды. Әлде сіздер бұл баланы шет елде туып па едіңіздер?
– Шет елі құрсын! Әдірем қалсын! – деп Дәметкен өз даусын өзі естімей бажылдап жатты.
– Бер антты! Тап қазір бер! Ант бергеннен өлген адамды көрсем көзім шықсын! – деген Дүйсен екіленіп. – Тіпті, қаласаңыздар, оның орнына мен-ақ берейін.
Ду күлкі әуелеп барып әзер жай тапты.
– Кешірерсіздер, бере алмаймын! – деді Асылбек көзі кішкене кезіндегідей жалт-жұлт етіп. – Басқа айтарым жоқ.
– Ендеше сотталасың. Сонда бұлбұлша сайрарсың! – деген Полат Аленович қайыс белбеу беліне әрең шақ кеп тұрып. – Алып кетіңдер!
Қос мұңлық бәйіт айтып, шерленіп ауылына оралған. Оралғанына ай өтпей жатып жаманат та өкшелей жетті. Асылбекті ауылға әкеп соттаймыз депті. Анты жоқтың әскери трибунал ісін қарай алмаймыз депті. Бүгінгі жастар бұзылған, сондықтан ашық, өзгелерге өнеге болар жиын жасаймыз депті.
– Бар пәле сенің киноңда жатыр. Жастай еліктіріпсолықтырып. Өңшең сайқалдан тәлім алдырып. Сосын не оңсын?! – деген Дәметкен ертеңгі шай үстінде. Шынжау жүзі көгіс тартып, көз асты күлтеленген.
– Меніңше, кінәраттың үлкені әлгі радиода, – деп Дүйсен өз байламын айтты. Өзі де арық-ты. Енді қармаққа шаншыр еті қалмаған. Қоңқақ мұрынды қарауыл қып қойған мұртқа көптен қайшы тимей еркімен кеткен. Тіпті рабайсыз. – Анаған хабар бердім, мынадан жаңалық алдым деп желпілдеді де жүрді.
Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, көрші жесір Күлпаштың кіріп келгені. Ақкөңіл, аңқылдақ байғұс-ты.
Қызылордадан бетімен жер басып келгелі әншейінде судай сапырылысып отыратын ағайынның аяғы сиреген. Бәрі бірдей аңдап басып қалыпты. Сылтау көп. Бәрінің де қойы жоғалғыш, түйесі боталағыш, биесі құлын тастағыш боп алды. Тіпті табалдырыққа сүрініп кетіп белінен шойырылғандар, қара санды солқыл қақтырып сыздауық шыққандар, шиқан қаптап, шаншу тигендер қаншама?
– Кел, төрлет, – деп Дүйсен Күлпаштың келгеніне қопаңдап, кәдімгідей көңіл бірледі. – Дәметкен, шай демде.
– Әлгі әдірем қалғыр Қадірдің қатынымен ұрысып шыққан бетім осы, – деді аңқылдақ байғұс тізе бүгіп жатып. – Аузын керіп-созып жынымды мұндай қоздырмас.
– Не дейд?
– Не десін, «Дүйсеннің ұлы елден кетем, шпион болам депті. Сосын аясын ба, қамап тастапты. Шетелмен бұрыннан байланысы бар екен. Жасырып жүрген аппаратын іздеп ауыл-аймақты, тіпті тышқанның ініне дейін тінтетін көрінеді. Тапса болды, әке-шешесін ұстайды. Бүгін-ертеңнен қалмас» деп қарап тұр. Әй, салдақы дедім, тура солай, әй, салдақы, сен алдымен Асылбектей ұл туып ал дедім. Өңшең бұзаубас балаларың оның басқан ізіне тати ма дедім. Ағылшынша сайрап тұр. Саясатты сарнатып, радионы сайратып қояды. Ал шпион бола қойсын. Сенің қай қылшығың қисаяды дедім. Жыным мұндай қозбас!
– Күлпаш, шәйіңді ішші. Тірілей өлдім-ау, – деп онсыз да шынжау жүзі көгіс тартып, көз асты күлтеленіп кеткен Дәметкен отырған қалпы қос қолымен жер тірей кетті. – Табала, ағайын, табала!
Қаралай жер тіретіп кеткен мына хабардан соң ерлі-зайыпты қос мұңлықтан маза қашты. Шынымен тінте қалса, тінтіп жүріп әлі қос жұдырықтай радионы тапса, тауып алып шпион деп… Құрсын, айтпа, құрсын!
Үй ішін түгел ақтарып-төңкерген. Қора-қопсының қуыс-мүйісін қопарған. Үшті-күйлі жоқ. Әскерге аттанар алдында қолаң шаштай нәзік сымдарын бірбіріне жалғап отырған. Қайда қойып кеткенін…
– Шешемнен қалған көне сандықты қарайық, – деген Дүйсен әбден дымы құрып. – Шоланның есігін ашып-жауып жүргенін көріп ем. Өзге тінтер жер қалмады.
Көптен ұмыт қалған көне сандықтың кілтін Дәметкен іздей-іздей ақыры сиыр сәскеде тапқан. Ескі шолан ауланың ішінде аулақтау жерде еді. Жарамсыз көп қоқыр тұратын. Айда-жылда болмаса кіріп-шыға да бермейді. Жүрексіне беттеген. Бір көзі сынық терезесі тіпті үрей шақырғандай. Ішінде бұларды аңдып біреу отырғандай. Тәуекел деп тас жұтып ақыры есігін ашқан. Көп қоқырдың ішінен шешесінің көзі көне сандықты тапқан. Ұңғысына балта кілтті салғаны сол еді, көне сандық дызң-ң етіп сыңғырлап қоя берсін. Небір заманнан бері ашылмаған сандықтың әдемі әндей даусын ұмытқан момынсоқ Дүйсен:
– Ойбай, келді! – деп шыңғырып салды. – Ұстады!
«Өй, жазғаннан!» басқа сөз аузына түспеген Дәметкен амалсыз күліп жіберген…
Апта аралатпай сот басталған. Ауданнан шыққан заң қызметкерлері, жорға жүрісті екі-үш шенеунік айғыр үйір топ боп баяғы зобалаңнан ұмыт қалған
халық жауын әшкерелердей ертеңмен екпіндетіп жеткен. Сыптығыр, жүйрік аттай лыпылдап тұрған Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің уәкілі кең залға үйірілген халықты әлсін-әлсін көзбен санап, көңілмен түгендеп байыз табар емес. Үйелмелі-сүйелмелі Дүйсен мен Дәметкенді алдыңғы қатарға жұп жаздырмай отырғызды.
– Алдан Айымбетович, сіз қайдан жүрсіз? – деп жадау жүзіне аялы көзі мейірім төгіп тұрған ақсақалға аяқ асты шүйілді.
– Алматыдан келдім.
– Біліп тұрмын. Газетіңізді шығарып жүре бермейсіз бе?
Қазақтың қапы қалған шындығын айтам деп талай төренің қырына ілінген қайсар жан сөзін шығындамай мырс ете түскен.
Жұрттың абыр-сабыры басылған соң төрге судья мен прокурор кеп жайғасты. Екі полицияның бағымымен Асылбек те есіктен енген. Залдағы ел дүрлігіп, күбір-сыбыр көбейді.
– Жолдастар, тынышталыңыздар, – деген орнынан керенау көтерілген судья. – Қазір іс қараймыз. Алдарыңызда тұрған мына азамат Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартты. Ант бермей қойды. Бұл – егемен еліміздің еркін өскен жастарына жат қылық. Анттан өзге де қылмысы бар. Мұндай зиянкестіктің тамырын тереңге жібермей балта шабу – міндетіміз. Бұл сот өзгелерге де сабақ болуы керек. Алдымен сөз Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің уәкіліне беріледі.
Мінбеге көтерілген сыптығыр, жүйрік аттай лыпылдап тұрған жігіт тамағын кенеп:
– Асылбек Айдарбаев мектеп қабырғасынан бастап жат ұғымның жетегінде кеткен. Оған фактіміз жеткілікті. Радиоәуесқойлар үйірмесінің мүшесі боп жүріп әуеге былайша хабар таратқан: «SOS! Жер шарының барша ізгі ойлы азаматтарына! Менің Отаным аса қауіпті жағдайға тап болды. Құтқара көріңіздер». Бұл аз десеңіз тағы бар: «SOS! Менің Отаным келімсектерге сатылып кетті. Араша түсіңіздер!» Бұл деген – ел ішіне салынған іріткі. Берісі – бұзақылық, әрісі – ұлт араздығын қоздыру. Қылмыскер ретінде арнайы бабы бар.
– Жас қой бейшара бала.
– Бәрібір шындықты айтыпты.
– Жетпегірдің сөзін қарашы, – деген күбір-сыбыр бел ала бастаған соң судья ағаш балғасын тоқылдатып елді тыныштандырды. Сосын:
– Азамат сотталушы, SOS бергеніңді мойындайсың ба? – деп бұрышта екі полицияның ортасында тұрған Асылбекке үңілді.
– Мойындаймын, – деді жүзіне ой қонған орта бойлы бозбала. – Кешегі жекешелендірудің желеуімен кітапханаға дейін жоқ қылдық. Сауатсыз елдің ертеңі не болмақ?
– Ол сенің шаруаң емес! – Осылай деп сотталушыны бір тойтарып алды судья. – Мұның мұндай оғаш қылығы мына отырған ауылдастарының да ашу-ызасын тудыруда. Кәне, кім пікір айтады? – деп тарыдай ғана қарасы бар ала көзін аударып-төңкерді.
– Ағай, мен айтайын, – деген шыңылтыр дауысқа бәрі жалт қарасты. Асылбекпен он бір жыл бір сыныпта оқыған бозбала екен. Залдың ортасынан мойнын қылтыңдатып:
– Бұл мектепте жүргенде «Жас өркен» қозғалысына қатысып, коррупционерлерді әшкерелеуден бас тартқан.
– Менің Павлик Морозов болғым келмейді. Күресті басқаша бастау керек, – деп Асылбек көзі жалт-жұлт етіп алға ұмсынып-ұмсынып қойды.
– Мынау дайын оппозиционер. Тіпті одан да асып кеткен. Ленин атасының сөзін айтып тұрғанын қарашы.
– Уақапшы болар.
– Қазірде ауылдың шалдары сақал қоюға қорқып жүр.
– Кемпірлер ұзын етек көйлегін сандық түбіне салған.
– Ойбай-ау, коррупция деген алтын тұтқалы емен есіктің арғы жағында жатқан алты басты аждаһа емес пе? Оған жүрегі үлпілдеп тұрған айналайындардың әлі жете ме? – деп Алдан ақсақал әлгіндей күбір-сыбырды естіген соң тіпті шыр-пыры шықты.
– Тоқтатыңыз, сізге сөз берілген жоқ!
…Ит жылы ғой, әліне қарамай осы Дүйсен де Павлик Морозов бола қойғысы келген. Қызыл галстугі желбіреп батыр пионер атануды армандаған жалғыз бұл ма?..
Әйтпесе жатпай-тұрмай әкесін аңдыды деген не сұмдық? Аңдыған. Іңірде тысқа шығып кеткен ұста әкесі ұзақ айналды. Сол-ақ екен, мұның көңіліне күдік кірген. Колхоздың шөбін ұрлап жүрмесе қайтсін? Әйтпесе қолына неге жіп ұстап кетті? Демек, тектен-тек емес. Аңду керек. Комсомол жетекшісі солай демеп пе еді?
Әлден уақытта тықыр-тықыр аяқ дыбысы естілген. Бұқпантайлап қараса… әкесі. Бір қойды жетектеп алған. Күдігі рас болды. Бұл жалма-жан тасадан атып шығып:
– Колхоз малын неге ұрлайсыз? Ертең елге бәрін айтам! Әшкерелеймін! – деп бар даусымен айқай сап кеп жіберген. Қапелімде шошып кеткен әкесі шалқалап құлауға шақ қалды. Қолындағы қойы босанып қашты.
– Ә, әтеңе ғана нәлет! Сен бе едің?! Албасты десем! – деп әкесі сонда мұны үй айналдырып, іннен-інге қуып жүріп сабаған.
Бақса, қойды садақа шалам деп көршісінен қарызға сұрап әкеле жатыр екен ғой. Әй, саясаттың сандырағы, кімдерге шоқ бастырмадың?!
– Кәне, тағы кім сөйлейді? Ауылдың қариялары отыр ғой… Шешей, сіз айтыңыз ойыңызды, – деп судья алдыңғы қатарға жайғасып, кимешегінен оң құлағын шығарып отырған кейуанаға жымия қараған.
– Шырағым, қартым былтыр қайтқан. Шүкір, балалар бағып отыр. Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда. Үлкен келінім шайпаулау еді. Кіші келінім жақсы, әжелеп тұрады. Біраздан бері құлақтан қалғанмын. Әнеу күні көрші ауылдағы емші шалға барып үшкірткенмін. Қартайды ғой, демі жасық. Бұрынғыдай емес, – деп кейуана сайрап қоя берді.
Осы тұста залдан әлдекімдер:
– Бұлар бұзылған!.. – деп ереуілдеп жатты.
– Заманды айтасың ба? – деп кимешегінен оң құлағын шығарып отырған кейуана тағы даурықты.
Өзгеге өнеге болатын соттың ауылы алыстап бара жатқан соң судья билікті түбегейлі қолына алған.
– Сотталушы Айдарбаев! – деген ақырып. Ақырса болды көзінің тарыдай қарасы жоғалып кетеді екен. – Жасырмай айт, не себепті ант беруден үзілді-кесілді бас тарттың?
– Бұл менің елім емес!
– Жау шапса да қорғамайсың ба? – деп прокурор бір сұрақ қосты.
– Жоқ!
– Не себепті?
– Байлардың өзі қорғап алсын. Менің ортақ ештеңем жоқ.
– Сатқынсың! Сотталасың!
– Қазақстанға жаны күйетін осындай арлы азаматтар керек. Болашағымыз ғой… Балауса ғой… Бұларды ыстық құшақтарыңа алмаған өздерің кінәлі. Содан өгей ұрпақ өсті. Соттаймын дейсіңдер. Аз ба еді осы күнге дейін айдалған арыстарымыз? Адам қолымен жасалған зұлматтар? – деп жүйкесі тозған Алдан ақсақал жылап жіберген.
– Жалғыз тұяғым-ау, есіңді жисаңшы, – деп кемсең қаққан Дүйсеннің мұрны мұрттан көрінбей кетті.
– Менің балам сатқын емес! Сатқын сендер! Бәрін саттыңдар! Түгелімен! – деп шырқыраған Дәметкеннің шынжау жүзі көгіс тартып талып түсті.
Бейшара әйелдің даусын еститін заман ба бұл?
P.S. Оған қандай жаза қолданғанын келесі жолы айтармын.
Рахымжан Отарбаев