МАХАМБЕТ ПЕН ПУШКИН

Из Гурьева городка,

Протекла кровью река.

А. Пушкин

Көсіліп аққан ерке Жайықтың жанға жайлы, көргеннен көзақы алса тұрарлық тұсы. Көк желекке малынып, бір-бірінен үрікпей, үйірсектене қалған шоқ-шоқ тоғай мен бастаңғыға жиналған қыз-келіншектей ақ балтырлы қайың атаулы ерекше бір нұрсипатқа бөленген. Жардың ұшар басына өсіп, тамыр жайған сәмбі талдың қырық өрім бұтағы баяу ескен самалмен оңды-солды майысып, су бетін сызады. Өзенге шүйілгенде топшысына дейін дендеп еніп, тұмсығына ілінген сынық сүйем шабақты суырып алып, қуана қиқуласқан аппақ шағалалар ерсіліқарсылы тағат таппай сабылып жүр. Таң құланиектенгеннен бері ақсұр бешпентін иығына желбегей жамылып, өзенге қармақ тастап тұрған Пушкинге өзі тұңғыш табан тигізген өлкенің жаныңа жылу жүгіртетін әсем табиғаты ойын әлди сезімге бөлеп, көңілін көтергендей көрінді. Өзеннің қарсы жақ бетіне тізе сындырып, кір шайған мұжық әйелдерінің Малороссияның ұмыт бола бастаған ескі әуеніне салып әндеткені де көкейіне қонды. Петербургтің у-шуы мен жалқаяқ өсек-аяңынан қашып, Емельян Пугачев көтерілісін жазбаққа ниеттеніп, Оренбургке маңдай түзегелі өзін бүгінгідей жайлы сезініп көрмеген шығар. Ертеңгі күннің еншісін ойлап бас қатырмайтын, нәпақасын судан теріп отырған балықшылардың қосында түнеу не деген ғажап еді?! «Жарты Ресейді дүрліктірген жалған патша Пугачев қай жерден төсек жаңартып, қай өңірді бас сауға етерін білген», – деп іштей мырс ете түсті.

Ойдан ой қуып тұрғанда қармағының қалтқысы батып кеткенін аңғармапты. Жауынқұртты қапқан ашқарақ шортан алданғанын енді білгендей, сыңарезулеп тереңге тартып, қармақтың сабын дірілдетіп жіберді…

– Александр Сергеевич, олжалы көрінесіз.

Ту сыртынан тіл қатқан Дальге жалт бұрылып, құрсаулы шелекте тұрған қаракөзі мен шортаны аралас балықты нұсқап жымиды.

– Бүгін түсте балықтың үш қайнатқан сорпасын ішеміз. Дәмнің асылы, жанның рақаты деп соны айт!

– Ерте тұрып кетіпсіз. Тоңазып қалған шығарсыз? – Су жағасының сәл-пәл ызғарлы лебін енді байқағандай Александр Сергеевич бешпентінің өңірін қаусырып ілгектеді де, қармағын Дальге ұстатты. Өзі бір терең ойға шомып, қолын кеудесіне айқастырған күйі таң алдында түскен шығы кеуіп үлгермеген шалғынды кешіп, ботинка басын сулап, әрлі-берлі адымдап жүріп кетті.

– Владимир Иванович, кеше қазақтың бунтарь ақынымен кездестірем деп едіңіз. Аты қалай еді? Ма… Мах… – Пушкин тілінің ұшында тұрса да, есіне түсіре алмай қалт тоқтай қалып, Дальге назар тіктеді.

– Махамбет. Бөкей хандығынан. – Балық аулаудың қызығына түскен Даль сапарлас досының айнымас тілегін сезді де, көп тостырмады. – Урядниктен сәлем айтып, хабар жібергем. Ат-көлігі аман болса, бүгін түстен қалмас. Оның менде Калмыков түрмесінен шыққасын жазған хаты сақтаулы. Екі жақтан бірдей қысымға түскен елдің күнкөріс қамы қиындығын ашына баян етіпті.

– Тексеруге ниет еткем, кеше өзіңіз көрген Покотилов бұйрыққа қол қоймады.

– Бізбен бірге Пугачевтің нақсүйерінің үйіне еріп барған Покотилов пе?

– Жанынан қалмай қойған екі бүктетілген ұзын сары жігіт кім? Ойсыз суық жанарын көк желкеден қадап, басқан қадамды санап бедірейді де тұрды.

– Орал казачествосының мүшесі Пахоменко деген… – Даль сөзінің аяғын жұтып, қармақты өзен ортасына қарай құлаштай сермеді.

Пушкин досы айтпай қалған сөздің мәнісін ұқты да, қайтып қинамады. Петербургте жүргенде сыртынан қаншама сыпсың сөздер мен сұғанақ көздер қадалмады дейсің? Арқаңнан сипап, маңдайдан қағып, құлашын аштырмай, қадамын бастырмай қойғысы келген бақталас пиғылын әйгілеп, алдыңа кеп тұрса ғой, шіркін! Мойнынан жағасын, аузынан тобасын қағар еді. Жо-жоқ, олардың білегі түрулі, бармағы бүгулі. Көзге көрінбейді, зым-зия. Ілуде бір кезіксе де, алдыңда мүттәйім, сырт айналса құдайың секілді. «Евгений Онегиннің» соңғы тарауларын жазғанда мейманасы тасыған көптіктен қашып, меңіреу бір түкпірге тығылмады ма? Қалыңдық ойнап жүрген Наталья Николаевнасына да жұма сайын хат арқылы пейіл білдіріп жатты. Жақсылығы үшін де жазықты етеді екен-ау, Тәңірім! Пугачевтің тарихын жазуға аттанғанда өзі істеген министрліктің жанына ерткен Дудковының сиқын қарасаңшы. Оренбургке жетісімен Наталья Николаевнаға жазған хатының көшірмесін өзінен жасырып оқығанын білмейді деп ойлайды. Оралға келгенде мұның құрметіне өсімқор Рыков берген балда өзін аса инабатты ортадан шыққан жәдігер ретінде таныстырды. Сыр ақтарсаң – ақ жүрек, мақтасаң – ақымақ, үндемесең – қазымыр. Қалай-қалай ұсақталып барасың, орыс зиялысы?

– Ауасы қандай тұнық?! – Дудков оянған екен, сыбағасынан құр қалғандай қаздаңдай басып өзенге емініп келді де, қос қолын созып, иегін бір жағына қисайтып, тұра қап есінеді. – Петербургке тек осындай ауа жетпейді.

– Алексей Федорович, таза ауаны сағынғаныңыз сондай, есінегеніңізде көзіңізден жас та шығып кетті, – деді Даль қағытып. – Міне, міне, сіздің құрметіңізге қармаққа шортан ілінді. Өзі дәу екен. Піскесін басын сіздің алдыңызға қоям.

– Рахмет. Шортанға зәру емеспін. Ала таңмен қармаққа жүгініп неге азаптанып тұрсыздар? Балықшылар ау тартуға кетті. Қазір-ақ қайықтың кермесін

теңдеп келмей ме? Сосын бабымен піскен бекіренің шеміршегі мен қатты қабығын алып тастап, бір ет, бір май боп сарыжолақтанған… а, Александр Сергеевич, асаса… – Дудков мұным қалай дегендей көзі жайнақтап, екеуіне алма-кезек қарады. Ықылық атып күлуі мұң екен, секпіл беті қызылшырайланып, қозы қарны жоғары-төмен ойнап кетті.

Даль Алексей Федоровичке жауап қатқалы оқталды да, тез айнып, темекісін нығыздап, торғайбас қорқорын тұтатты.

– Қармақты теңізге салар ма еді? – деді Дудков онымен қоймай. Пушкин мырс ете түсіп теріс айналды. Іштей булыққанда істейтін әдетіне басып, толқындана бұйраланып, желкеге төгілген ұзын шашын салалы саусақтарымен тарақтап-тарақтап жіберді. – Пугачев тұрған қарағай үйді тағы бір көргім келгені, – деді сосын қармағын қолтығына қыстырып, балық салынған құрсаулы шелекті көтеріп жанына келген Дальге. – Күймемен барып қайтайық. Алексей Федорович осында қала тұрар.

Досының шалт қимылдап, аяқ асты шешім қабылдайтын қызба мінезіне қанық Даль тез келісім берді.

Көсем жеккен қоңыраулы күйме боз даланың ұлпа шаңын соңынан жіңішке қос із ғып шұбатып қалаға бет алғанда, Дальдің хабары жетісімен атқа қонған Махамбет ақын мен Жанкісі жырау балықшылардың мекеніне кеп тізгін қағысқан. Қарагер айғырға нық қонған Махамбет аттан сыпырылып түсе қалмай, ұзыннан-шұбақ жапсырмалап салып тастаған ағаш үйден кім шығар екен деп байқастады. Серігінің қабағын баққан жырау да шоқша сақалы өндіршегін қытықтап, көзімен айналаны тінтті.

– Ей, бұсырман, сендерге кім керек? – Жалт қараса, өзен жақтағы жалғыз аяқ жолмен жоғары өрлеген жез ілгекті екі су инспекторы таяп қалған екен. Арқасына іліп алған мылтықтарының ұңғысы иықтарынан сынық сүйемдей жоғары тұр.

– Махамбетжан-ай, осылар орыс досыңның атын жамылып, алдап шақырмаса нетті? Кәпірлердің сұсы жаман екен. Шарболатым ұсталып, істі болғалы жүрегі құрғыр ойнамалы. Қанжығаңнан екі елі тастамайтын күлдірмамайыңды1 бекер қалдырдыңау… – Кәрі жыраудың өңіне үрей жүгірді.

– Біздің бас қайда жарылмай жатыр? Енді жалт берудің жөні жоқ. Бұйырғанын тосып алайық. – Махамбет өзегіне қорғасын құйған бұзаутіс қамшысын білемдеді.

– Ей, бұсырман, кімге айтып тұрмын? Не іздеп жүрсіңдер?

Орта бойлы, төртпақ, жез мұрт сары танауын шуылдатып келе жыраудың тізгініне қол салды. Жанкісінің астындағы жирен қасқа басын кегжеңдетіп үркіп еді, жез ілгекті айырылар болмады.

– Тілге кел, мырза! Мені Владимир шақырған екен, жеткен бойымыз осы.

– Владимир Петрович – менмін. Рыковтың бес-алты атын түн жамылып кеп айдап кететін ұры екенсің ғой. Қолға өзің кеп түстің бе, конокрад?! Қозғалма

1 Күлдірмамай – жиналмалы мылтық.

орныңнан! – Жез мұрт иығындағы мылтығын шошаң еткізіп жұлып алды да, Махамбеттің кеудесін нысана қылды.

– Сабыр ет, мырза! Мен ат ұрлайтын ұры емеспін. Мұнда Орынборда тұратын Владимир Даль деген досым шақырған соң келдім. Бәлкім, біреумен шатастырған шығарсың? – Махамбет артық ерегістің пайда бермейтінін біліп, қаракер айғырдан түсті.

– Даль дегенің кім? Казак па, татар ма? – Қаншама мылтығын кезенсе де, маңдайы кере қарыс, қыр мұрынды келісті қазақтың қыңбайтынын сезіп, қолын төмен түсіріп, жанына таянды. Ұры атандырып, айыпты қылайын деп еді, онысы сәтсіз шықты. Енді жасыл көзін Жанкісіге қадап, жаңа бір қулық ойлап кетті.

– Оқымысты адам. Ұлты мен ататегінің қайдан екенін білмедім.

– Білмейтінің көп екен, бұсырман. Николай І патша ағзамның жергілікті көшпенділер үшін шығарған заңын да білмейтін шығарсың? – Енді жез ілгектің манадан бері үнсіз тұрған екіншісі кимеледі.

– Ол қандай заң?

– «Десятиверская полоса» деген заң.

– Оның бізге қандай қатысы бар? – Махамбет мына тәлкекке шыдамай, ашу қысып, тістеніп, шықшытын бүлкілдетті.

– Заң бойынша көшпелі бұсырмандар өзеннің екі жағынан бірдей он шақырым жерге аяқ басуға қақысы жоқ. Табаны тиді екен, статьясы бар. Солай, шал! – деп Жанкісіге сұқ саусағын безеді.

– Әрине, кешірім сұраса астындағы атын айыбына алып, өзіне үлкен қайырымдылық жасап, босатып жіберуге болады. – Жез мұрт жанындағының сөзін іліп әкетіп, қақпақыл қылды.

– Өз жерімізді өзімізге бастырмайтын ол қандай құдірет? Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылғанда алған қолүздігіміз осы ма?

– Шатаспа, бұсырман! Аспан асты, жер үстінің бәрі Құдай мен патшанікі.

– Махамбетжан-ай, кәпірмен кәпір боп қайтесің? Сөз ләмін түсінетін емес. Бас аман, мал түгелде ат басын кері бұрайық. Қарауылқожа екі күннің бірінде зікір салған бақсыдай ауыл үстін лаң қып бітті… Артың тиянақсыз қалды ғой, артың, – деп Жанкісі тілін түсінбесе де өршіп бара жатқан даудың соңы лаңға соғарын байқап, тоқтамға шақырды. Махамбеттің серт үстінде отқа түсетін ер мінезі өзіне аян. Айдың-күннің аманында Жәңгірге сәлемін бір берсе, бір бермейтін арқалы ақынға жез ілгектінің қоқан-лоқысы бұйым болып па? Әттең, тек қойнында заңы, қолында қаруы боп діңкелетіп тұр… Мыңтөбе жайлауын Исатай мен Махамбет әулетіне бермегенімен қоймай, хан қайын атасын айдап сап, елін без етіп, тілін кезетіп қойды. Қазір аяқ астынан бүлік шықса, қарға қарғаның көзін шұқымас. Екі жақ бірігіп өре түрегелсе, барар жер, басар тау қалдыра ма?

– Махамбетжан-ай, соңыңда көрінгеннен теперіш көріп, бетіңе қарап отырған елің бар. Сабыр қыл, жарқыным!

– Жәке, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ. Иісі қазақтың жерін өзіне зәру қып, қанымды қыздырғанын көрдің бе мыналардың! – Махамбеттің көзі шоқ шашып, қанталап, қолындағы қыл шылбырын ердің қасына бір іліп, бір алды. – Ел болса, елдігімді, жау болса, жаулығымды істеймін. Екіталай күн туса, қамсыз қалмаңыз!

– Ей, Сергей, мынаған қарағанда ұятың бар еді ғой. Үйге келген кісіге тал түсте мылтық кезеніп, бұл қай есіргенің? Бұлар жазықты болатындай өзеннен балық аулап па, ағаш кесіп пе? – Арадағы дауды есітсе керек, ағаш үйдің тасасынан қалың қасты, қаба сақал кәрі мұжық ақсаңдай басып қастарына таянды. Сергей именшектеп сәлем беріп еді, сөзің құрсын деп қолын сілтей салды.

– Бұған аяғындағы сарысуына ем болсын деп өзеннен сүлік теріп әкелсек те жақпаймыз, – деп Владимирмін дегені күңкілдеп, мылтығын арқасына қондырды.

– Микола, Даль деген кім еді?

– Петербургтен келген ақынның қасына ерген жолдасы. Олар қалаға жүріп кеткен. Түс ауа оралады. Сіздерге күтсін деді. – Микола Жанкісіге таяп, жирен қасқаның жалынан сипап, қазақша сайрап қоя берді. – Қария, аттан түсіп, үйге кіріңіз!

Манадан бері үрке соғып тұрған жыраудың жүзіне жылы шырай еніп, икемделе кетті.

– Алыстан сіңір создырып, сақалымды сүйреп келгенде… Рахмет, шырағым! – Жанкісі қолынан тастамайтын кішкене аққаптал домбырасын қыса ұстап,

жирен қасқаны анадай жерде өсіп тұрған терекке қазықбау шалып байлады.

– Ой-буй, белі құрғыр-ай, кезінде жараулы жүйрікпен қырық құдықтың арасын қоссақ та қыңқ демейтін ек…

Көңілін сап-сап тежеп, қабағындағы татау тарқаған Махамбет Миколамен шүйіркелесіп кетті. Бекіренің майлы етіне бөгіп, қатықсыз қара шайды армансыз сораптаған Дудков үйден шыға бере көлеңкеге құйрық басқан екі қазақты көріп, бір шекелеп, оқшырайып біраз тұрды.

– Алексей Федорович, Даль мен Пушкин мырзаның күткен кісілері келіп отыр, – деді Микола мынау да жағымсыз нәрсе айтып тастай ма деген оймен алдын алып. – Танысып қойыңыздар.

– Бұлар қалмақтар ма? – Дудков бұғағы қатпарланып, керенау ғана бас изеді.

– Жоқ, қазақтар. – Мұжық есіктен басын қылтитқан бақыршы балаға одырайып бір қарады. – Кісі көрмей жүрсіңдер ме, бар, қайтадан балық ас!

– Бәрібір емес пе… – Дудков қолапайсыздау жасалған орындыққа тізе сындырды.

– Бәрібір емес, мырза. Мен осында, балықшылардың қосына келгенге дейін Басқұншақ тұз өндірісінде қазақтармен бірге жұмыс істегем. О, бұлардың қонақжайлығын көрсең…

– Сонда қалай, бұратаналарда да жұмысшы табы болған ба? – Ол келіскісі келмейтіндей бас шайқады. – Мүмкін емес!

– Біз Еділде тұрған кемеге тұзды жеткізу үшін он сегіз топқа бөлініп, кіре тарттық. Соның он екісінде қазақтар жүрді.

– Ойланатын нәрсе екен. – Қойнынан алақандай сұр блокнотын суырып ап, қарындашының ұшын бір жалады да, жаза жөнелді…

Күн төбеден ауып, көлеңке басы ұзара көсем жеккен қоңыраулы күйменің тәтті сыңғыры да құлаққа шалынды. Ау тартқан балықшылардың табысын қызықтаған Махамбет пен Жанкісі жанына қазақуар ақсақ мұжықты ертіп жар басына көтерілді. Астарсыз, жеңіл шапанын желбегей жамылған ақын беліне ілген қайқы бас исфаһан қылышын жөндеп, еңсесін тіктеді. Үш-төрт мәрте кездесіп, ішегінің қырындысына дейін сыр ақтарысқан досының жүздесу сәтін көз алдына әкелгендей, жұмсақ жымиды. Бұрын атаған жолдастарының есімін ойша сүзгенмен, Пушкин деген атты есіне түсіре алмады. Ақ патшадан қуғын көрген біреу ме әлде ел ардақтаған саяхатшы ма?.. Даль сұхбаттасса болды, өзі білмеген сөздің мәнісін қадалып сұрай кететін. Орыс пен қазақ еркін тілдесетін кітап жазам деді ме-ау, бір-бірін түсінушілік, тамырлық содан басталады деді ме-ау, әйтеуір, жанын салып жүргені. Пиғылың қарау болмай, түзу болса, ыммен де түсінісерсің-ау, бар әкиет ниетте жатыр ғой, ниетте… Күймені жел айдағандай ғып шапалап келе жатқан аттар жапсарласа салынған балықшылардың қосына тақап қалды.

– Пау, шіркіннің құйрықты жұлдыздай ағуын! –

Қарт жырау жеккідегі көліктің аяқ алысы мен жыланбас өмілдірігіне риза болып, әдетінше сақалының ұшын қайырып, қызыл иегіне сап тістеледі. – Сән-салтанатын келістірген екен сабаздар! Қоян жылы сүмбіле айында елге келген күбірнатыр күймемен осылай екпіндетіп жүретін. Бізге жанына жолау қайдан болсын? Тек қозы көш жерден көзіміз шалып қалды… Енді, міне, ұлықтардың өзі шақыртыпты. Бәрі сенің арқаң, Махамбетжан. Тек жаныңа жамандық бермегей…

Жанкісі батасын алыстан қайырып, бетін сипаймын дегенше, күйменің сыртына қурайдай боп отырған форейтор бозбала ат басын үйге жетіп бір-ақ тартты.

Солығы басылмаған аттар құлағын қайшылап, тыпыршып, әрең тынышталды. Форейтор бозбала жерге қарғып түсті де, күйменің есігін ашып, торғай адым үш басқышты жазды. Еңкейме есіктен алдымен шыққан Даль күймеге беттеген Махамбетті көргесін ішкі қуанышын ірке алмай, күлімсіреп, қасын керіп:

– Здравожелаю, друг мой! Келетініңді білгенмін, – деп орысша-қазақша араластырып көрісті.

– Ә, бунтарь ақын ба? – Пушкин цилиндр қалпағын қолына алып, қағынып-сілкінді.

– Ассалаумағалейкүм, Александр Сергеевич! – Петербургтік қонақ маңғаз қалпын өзгертпей, сыпайы бас изеді. Махамбет пен Жанкісі қатарласып кеп қол берісті.

– Пугачевтің екі қыс тұрған үйін қайта барып көрдік. Шаған өзенінің бойында қару-жарақ соқтырған ұста дүкенінің орнын таптық. – Даль шамырқанып

жүрген Пушкин мен жаңа танысының пейілін тосып, араға дәнекерші әңгіме жүгіртті.

– Алыстан келген ұлық ақынға қадамың құтты болсын деп бір-екі ауыз шашбау сөз айтсам қайтеді? – Жырау домбырасының басын ырғап, Махамбетке емеурін білдіріп еді, ыңғай танытпады.

Пушкин мен Махамбет үй орнындай көлеңкесі бар алып бәйтеректің саясына жайғасқанда да сүйексіз тілге ерік беріп, шешіліп кете қоймады. Араларында сусыған жібек перде тұрғандай, бір-бірінің қалт еткенін көзбен оқып, көңілмен тоқысты.

«…Пугачевке қайдам, қазір Сібірден жер аударылып жүрген декабрист досым Иван Якушкинге қатты ұқсайды екен, – деп ойлады Пушкин іштей. – Кең иығы, еменнің иір бұтағынан ойғандай білеуленген шықшыты, сояудай қара мұрты мен сүйірлеу біткен иегіне жарасқан сынық сүйемдей сақалы өзгеше бет бітім-тұрпатты танытады. Дальдың мақтауы тегін емес екен, можантопай көп өлеңшінің, яки қапқаны мен шапқанын дәреже көрер одыраңның бірі болса, кездескеннен бері аяғыма оратылмай қалмас еді… Далалықтарға тән қоңырқай көзінде ойлылық пен өткірлік қатар шарпысады. Жүзінде қақпау көрмеген қағілездік емес, қорған бұзар қажырлылық жатыр. Тек қысқа алынған қайратты шашын еңбегіне қарай ысырған айқасқа маңдайы ғана терең батқан екі-үш әжімді еркін иеленіп, күн шалмағандығын байқатады. Жо-жоқ, мұның тегі басқа, тежемі мықты…»

«Шіркіннің жүзі көріктен жаңа суырылған болаттай жанып тұр ғой. – Махамбет қарсы алдында отырған Пушкиннің өн бойына елеусіздеу ғып көз қыдыртты. – Құлағын сырғалығына дейін көмген бұйра шашы, ауыздан дәметкендей төніп кеп, сәл солға тартқан сүйір мұрны өзіне қонған. Бәкене бойы мен жастайынан ат үстінде өскен жандай аз-кем қоғамдалып біткен аяғы оғаштық танытпайды. Сұлу біткен салалы саусақтарымен шашын әлсін-әлсін тарақтап, қопсытып байыз таппайды. Оң қолының ортан терегінің ақ тырнақтан өтіңкілеу тұсы қалам қысып, жаза-жаза мүйізделіп кеткен бе, қалай? Шалт қимыл, ауыздығын қарш-қарш шайнап, көптен оқ бойы озбаса қатарда жүре алмайтын шын жүйріктің алақызба арынын еске түсіреді. Беу, жалған дүниеай, қай халықтың да перісі мен періштесі қоса қабат қойындасып жүр екен-ау!..»

– Жанкісі жырау деген ақсақалымыз. – Махамбет алқа-қотан отырғандарға жанындағы домбыралы қарияны таныстырды. – Қазақтың батырлық, ғашықтық жырларын былай қойғанда, «Қырымның қырық батырын» алты ай бойы үзбей айтады.

– Алты ай! Неткен ғажап жады?! – Пушкин таң-тамаша қалды. – Өлеңдерімді түгел жатқа білем дейтін Вяземскийдің өзі жүзін күн қақтаған шынашақтай қарияның жанында ойнап қалатын болды. Астыңғы ернін қымқыра тістеп, басын шайқады. – Нағыз феномен!

– Александр Сергеевич, Оренбургке келгелі күміс көмей талай жырауды тыңдағам. Таңға дейін отырсаң да жалықтырмай, мақамнан мақамға көшіп, елітіп, айызыңды қандыратынын айтсайшы! – Даль сұхбаттың сәтті өрбігеніне насаттанып, алға емініп-емініп қойды.

– «Қырымның қырық батырында» не айтылады? – Александр Сергеевич астындағы орындығын бір қарыс алға жылжытты. Пушкиннің сауалын Махамбет жырауға тігісін жатқызып түсіндірді.

– Шырағым, баяғы өткен заманда, дін-мұсылман аманда, қырық сан Қырым жұрты, он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт деген өтіпті. Солардың арасындағы қақтығыс, ұрыс жайында айтылатын қайран көгентүп көнелерден келе жатқан сөз ғой. – Жыраудың кеудесін кере «уһ» дегені ысқырып шықты.

– Сонда авторы жоқ па?

– О баста болса болған шығар. Кейін ұмытылып, ауыздан-ауызға көшіп отырған. Сондықтан басыбайлы бір кісіге телінбей, халыққа ортақ қазына боп саналады. – Даль Александр Сергеевичке жырдың сырсипатын таратып әңгімелеп кетті.

Жыраудың оң жағында отырған Дудков домбыраны қолына алып, шанағын балаң үйрегімен тыңқылдатып, пернесін санады. Үстіңгі ішегіне саусақтарын қадап-қадап басып, шертіп көрді. Майдақоңыр үнге құлағын тосып:

– Ішегін неден істейсіңдер? – деді таңырқап.

– Ешкінің ащы ішегінен. Бабымен кептіре келе ширатып, иіреді.

– Құдайым-ау, ешкінің дейсің бе? – Дудков Махамбетке қарап үкікөзденіп, таңдайын тарс-тарс қақты. – Бұған балалайканың сым ішегін тағу керек. Сонда даусы күшейеді.

– Онда даңғырлап кетеді. – Манадан бері үнсіз отырған ақсақ мұжық шорт кесті.

– Ал ағашын қайдан аласыңдар?

– Ағаш көп емес пе, бірақ кез келгені жарамайды. Қызыл қайыңнан істелген домбыра былпылдап, жұмсақ әуезді келеді. Ал қарағайдан шапса, үні өткір, шешен шығады.

– Жайықтың бойынан ағаш кесуге рұқсат жоқ. Патша ағзамның өзі… – Жез ілгекті су инспекторы бұларды тосып тастар, жуан ұстар жерім осы шығар деп кимеледі.

– Бара-бара тіс шұқитын сынық шөңгеге де кіріптар ғып қояр ма екен? – Махамбет лықсып келіп қалған ызаны ірке алмай, жүзіне қан тепті.

– Мен су инспекторымен сұхбаттас болам деп келген жоқ ем. – Пушкин сыпайы айтса да жеріне жеткізді. Үйірімен үркітіп жіберсем сұрауы жоқ бұратана қазақ кім, мен кім деген астам көңілмен отырған инспектор Дальдің жағымсыз қабақ шытынғанын көргесін, астынан біреу жұдырықтап жатқандай, қипаң етіп атып тұрды да жөніне кетті.

– «Ұялмас бетке талмас жақ береді» деген. – Жыраудың ащы мысқылының мәнісін ұққан Александр Сергеевич тапқыр сөзге қанаттанып қалды.

– Бүгін бізбен кездесуге арнайы ат сабылтып келген мына Махамбеттің өзі өлеңді көзбе-көз түйдегімен тастайды. Батырлығы бір бөлек хикая…

– Біразына қанықпын. Владимир Иванович Оренбургтен Яицкіге жеткенше осы өлкенің тарихы мен тағдырын айтты…

– Рахмет, Пушкин, ә, кешіріңіз, Александр Сергеевич… – Махамбет аз отырып, бір-бірін көп сынаған петербургтік қонаққа қысылыс білдірді. Іштей рухани жақындықты екеуі де сезетін секілді. Назар тіктескенде шарпылысқан жанардың қуатты жарқылы бойларына жылу жүгіртіп, шым-шымдап тарап, беймәлім әсерге бөлегендей. Тіл жеткізе алмағанды ішкі тілек, ұмсыныс жеткізіп, оң иыққа қонған періште марқайды.

– Оқасы жоқ, ақынға ақындық таңсық емес. Жаныңда отырған дәрігер досым өзіңді көшпелілердің Пугачеві деді. Ел билеген ханмен екі арадағы наразылықтың аяғы насырға шапқанын, қуғын-сүргіннің сырын ұқтым. Осы текті қақтығыс қаптаған қалың халықтың да, селдір-секем жұрттың да тарихына енген. Олардың да өзіңмен иықтас басшысы, балапан тобыр қосшысы болған. Маған өз басыңнан кешкен ең елеулі деген соғыс эпизодын айтшы. Жырауды кешке тыңдаймыз. – Александр Сергеевич шетіне екі басты самұрықтың бейнесі басылған ақ қағазы мен қауырсын қаламын айқастырып отырған тізесінің үстіне қойды.

– Александр Сергеевич, мен Махамбетті Емельян Пугачевке ғана емес, «Евгений Онегиндегі» Ленскийге де балағам. Соны ұмытпағайсыз. – Даль Пушкинге Махамбеттің батырлығы мен ақындығының арасында жік жоқ, бір-бірін толықтырып тұрған толағай бітім деген ишара танытты.

Махамбет Исатай екеуінің бастауымен ішкі Бөкей ордасында соңғы екі жылда өткен ереуілдерді ойша шолды. Жүрегі жаудан қайтып көрмеген Исатай – басшы, мен – қосшы деп Аманқарадағы хан ұлымен болған соңғы шайқасты баян еткелі оқталды да, кері айнып қалды. Мыңға тарта қолмен келген қос батыр Шомай төренің жиын-терін жасағын көзді ашып-жұмғанша құйындай үйіріп, жерқазыққа бекітілмеген қараша үйдің сүйегіндей шашқан жоқ па? Бұлардың қарасын көрісімен төренің өзі ойдымойдым жыңғылды бассауға қып Бәйгекүреңімен безіп кетті. Ей, Тәңірі-ай, ұрандап қарсы шапқан кезде «Уау, атаңа нәлет, ұл тудым деп сенің шешең жеген қалжаны менің де шешем жеген. Келсең кел! Жекпе-жек, жекпе-жек!» деп тұра қап найзаласуға жарамаған жауыңмен болған шайқасты шайқас деу де қорлық екен. Қоянжүрек қорқақтарға кеткен есіл атаның күші, ананың сүті.

Жарбастауда өткен ұрыста екі жақ намаздыгер мен ақшамның арасында бетпе-бет кеп, қорамсаққа қол салысты. Қалың топқа дендеп енбей, шетке шыққанын қағып тастап жүрген Қалдыбайдың торғайкөз сауытын бұзып, тұщы етіне сұр жебенің үш елі бойлап енетіні сол жолы емес пе?.. Қараңғылық бел алып, көз байлана бір-бірін айқын басымдықпен жеңе алмаған екі топ амалсыз ірге ажыратты. Мұны айтудың жөні бола қоя ма екен? Астраханьнан көтерілісті басуға шыққан солдаттардың үшеуі сол шайқаста шейіт кеткен. «Әркімнің өз көйлегі денесіне жақын» деген, күнара ақ патшаның көзін көріп, алақан қысысып жүрген ұлық ақын мұны естісе бәрекелді дей қоймас.

«Алтын айдарлы, күміс кекілді Николай ағзамның әскеріне қол көтеріп, қанын судай шашатын көктен түскен Айсамысың, жерден шыққан Мәдімісің? Ортақ заңға бағынбайтын кімнен жаның артық, тегің әулие?» десе ше? Манадан бері өткел бермес өзендей боп тасып отырған Дальдің көңілі жасып қалмай ма?..

– Өткен жылдың сүмбіле айында Мешітқұмда Қарауылқожа бастаған қарулы топпен үш күн бойы қырғын ұрыс салдық. Ақтабанмен «Ағатайлап» кеп жауға тигенде Исатай батырға кім шақ келуші еді? Үбінің де ерекше қайрат қып, көзге түсетіні сол жолы тұғын. – Махамбет Пушкинге қараған, әңгімеге ұйып, қауырсын қаламын қозғамапты. Сәл үнсіздікті пайдаланып:

– Ағатай деген кім, батыр ма? – деді төгілген бұйра шашын артына бір сілкіп.

– «Ағатай» – ұранымыз, түпкі атамыздың аты. Жауға қарсы ұрандап шапсаң жасық жігерленеді, жігерлі от алады. Арқасызға жану, арқалыға қару болады.

– Қазақтың кейбір батырлары жауға шапқанда бетіне жылқының құйрық қылы байланған ай бедерлі жасыл туды көтеріп, ұрандап ат қойған. Бұл алдымен қаруластарын бірлікке шақырса, екіншіден, дұшпанның үрейін ұшырып, берекесін қашырған. Ғылымдағы психологиялық басымдық деген осы емес пе? – Дальдің сөзіне Пушкин мырс етіп күліп жіберді:

– Владимир Иванович, бұл айтқаныңыз медицинаға көбірек тән шығар. Бірақ психология деген – тым күрделі нәрсе. Сонымен?..

– Ысқырып ұшқан оқ, күнге шағылысып бір-бірінің жүзіне қайралған қылыш, ағаш сабы қол күшіне шыдамай морт сынған найза, үстінен құлап түскен дәрменсіз иесін тастап кетпей шылбыр-тізгінін сүйретіп, оқыранып айнала шапқан арғымақ – үш күн бойы көргеніміз осы.

– Жаралыны қалай емдейсіздер?

– Қолымыздан бар келгені – киіз күйдіріп басу.

– Сіздер жеңдіңіздер ме?

– Жеңдік, жеңілдік деуге болмас. Екі жақ та айтарлықтай шығынмен ірге ажыратты.

– Айтпақшы, Мұхаммед пайғамбар мен жасыл ту жайлы әкемнен көп естігем, оған атам айтса керек… – Пушкиннің қауырсын қаламы ақ қағаздың бетінде жүрдектеу қимылдады. Даль досына әлдене айтуға оқталғанымен, батып ештеңе демеді.

– Соғыстан қалжырап, сусын ішкелі Торғай көлінің жиегінде отырған Үбінің үйіне ат басын тіктедік, – деді Махамбет қабағын қарс түйіп, шықшытын бүлкілдетіп.

– Соны айтшы, маған жазған хатыңда баян қып ең. – Даль дегбірсізденіп, орнынан бір тұрып, бір отырды.

– Келсек, ауылдың үсті азалы үн. Атаның күңіреніп, ананың жоқтауынан төбе құйқаң шымырлайды. Бақсақ, көтерілісті басуға Астрахань жандаралы қаруланған әскер шығарыпты. Қақтығыстың екінші күні жеткен солдаттар Үбінің үйінің үстіне құламай ма? Беліне шоқпар ілуге жарайтын еркек кіндіктің бәрі Мешітқұмда жан берісіп, жан алысып жатыр.

Солдаттар ауылды жан-жағынан қоршап, оқ атып, түндік біткеннің пәрше-пәршесін шығарған. Сонда Үбінің бәйбішесі Ақсұқсыр емшектегі баласын бесігімен көтеріп алып, қол бастаған поручиктің атының алдына әкеп қойыпты.

– Вот, дура! – деді Дудков.

– Ол нені білдіреді? – Пушкин қаламын тежеп, басын жұлып алды.

– Ауылдағының бәрі осы сәби секілді дәрменсіз. Дәрменсіз елге қару жұмсап, оқ ату берісі – бейшараның ісі, әрісі – масқаралық. Қатын-баламен жауласқан – өздеріңе сын деген белгі.

– Е, шырағым-ай, ол іргесі сетінемей тұрғандағы атам қазақтың ғадеті ғой. Оны бұ күнде кім ескерген? – Жанкісі сақалын саумалап, басын шайқады.

– Ал поручик мұны қалай түсінген?

–Қалай түсінгенін кім білген, қынабынан қылышын суырып ап, бесікті қақ ортасынан бір тартыпты.

– Нәресте ше? – Пушкин орнынан атып тұрды.

– Кіндіктен екіге бөлінген.

– Какая дикость?! – Дудков отырған күйі қопаң ете түсті.

– Міне, біздің жеткен жеріміз! – Александр Сергеевич ышқынып әлдекімге саусағын безеді. – Міне, біздің обал-сауап, қанағат деген ұғымға көзқарасымыз. Міне, біздің бүгінгі аз ұлтқа деген саясатымыз. – Қолындағы қалпағын орындығына атып ұрды. – Міне, міне!.. Бұған қалай қарайсың, Владимир Иванович? Жә, айтпай-ақ қой, сені мен менің пікірімде тұрған не бар? Патша Ұлы Петр ағзамның тарихын жаз деп мені Петербургке алдырды. Жазам! Өйткені ол орыстардың орыс екендіктерін есіне қайта түсірді. Көзін ашты, тәрбиеледі. Сол үшін де рахмет! Ал Николай Бірінші мен оның айналасындағы жандайшаптар қарамағындағы елге, жерге қара тырнақтай ықырам қылып па? Жо-жоқ, қателесесіз. Ол жайлы кім жазады? Оны Аракчеев сынды малайлар құрметтеп, Долгорукий тәрізді француздың айына1 қызған ақындар қасида2 арнар. Ал менің жөнім бөлек, арым таза…

Жазсам, тек зұлымдығы мен бақай есебін… Басқаны былай қойғанда, декабрист достарымның дарға асылып, Сібірге айдалғанын өз көзіммен көргенмін. Лунин, Якушкин, Муравьев!..

Қайғылы, тұнжыр Якушкин,

Патшаның қанын тілейтін.

Қанжарын үнсіз білейтін,

Жан қиып орыс халқы үшін.

Ашу кернеп, буырқанған Пушкин «Евгений Онегиннің» соңғы тарауынан үзінді оқып кетті.

– Сабыр етіңіз, Александр Сергеевич! – Даль орындық ұсынып еді, ақын қолын бір сілтеп, ерсілі-қарсылы жүріп кетті. Бәйтеректі сырттап шыққан Дудков сұр блокнотына қайтадан қалам жүгіртті.

1 Ай – шарап түрі.

2 Қасида – мадақ өлең

…Қонақтардың келу құрметіне қаладан арнайы алдырған ондық шамын ақсақ мұжық тұтатып, маса кірер деген қуыс-мүйістің бәрін бітеді. Петербургтік ақын манағыдай емес, өзен бойына серуендеп келген соң көңілі сергіген. Пугачевтің Жайықтан соңғы аттанысын дәрігер досынан тәптіштеп сұрап, қағазға түсірді.

– Яицкідегі нақсүйерін «Менің Клеопатрам» деп атайды екен, – деп таңданып, бас шайқап қойды.

– Өзі жалған болса да Ресейдің патшасымын деген соң, нақсүйерінен айдалада жатқан Мысыр елін аясын ба?

Даль досын көтермелеп, дастарқан жиналғанша біраз жайттың басын шалды.

– Ендігі сөзді жырау алсын! – Микола жергілікті халықпен көп араласқандығын танытып, стол басында қатар отырған Жанкісі мен Махамбетке зейін аударды. – Баяғыда, Еділге тұз тасып жүргенде, арамызда домбырасын тастамайтын мына форейтор секілді жұқалтаң жас жігіт болды. Шаршап кеп қоналқыға тоқтағанда бөз көйлегінің жеңін шынтағынан асырып шиыршықтап жіберіп, кешкі тымық ауада, ой, әуелетеді дейсің! Әсіресе, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын айтсаңшы! Күн ұзақты шаршағаның зым-зия жоғалып, құйрығын теуіп ойнаған құлындай боп шыға келесің.

Миколаның сөзіне ризалық білдірген Махамбет жырауға қарап:

– Жәке, өнер шіркінді ортаға тастар сәт туған секілді. Қалай, бабыңыздасыз ба? – деп қалды.

– Балығы түскір ішіме жақпай қылпылдатып отырғаны… Жә, Қозы мен Баянды айтайын. Оның ғашықтық жайлы хикая екенін достарыңа өзің тігісін жатқызып берерсің, – деп жырау кішкене аққаптал домбырасын қолға алды. Үйдегілер бөгде әңгімеден тыйылып, бәрі қарияға ынта қойысты.

Жанкісі домбырасын жырдың мақамына лайықтап, құлақ күйге түсіріп, тамағын кенеп, аз-кем отырды да, «Ей-й!..» деп әуелетіп бір көтеріп, таудан тас домалатқандай барған сайын екпін алып, шумақты топ-тобымен тастады:

Сарыбай өзі мерген маралды атқан,

Маралға ит Қарабай дінін сатқан…

Қағаз-қаламын сайлап алған Пушкин жанында отырған Махамбеттің құлағына асыға сыбырлады:

– Маған осы жырдың мазмұнын айтып отырсаңыз…

– Мен де көмекке келейін, – деп Владимир Иванович Дудковпен орын алмастырып, жақындай түсті.

Маңдайы жіпсіп, қолтығы қызып арқаланған жыраудың жырға дендеп енген сайын даусы ашылып, саусағына көз ілеспей, перне бойлап жүгірді. Сарыбайдың алкеуде аңғалдықпен буаз маралды атып, қаһар оғы тиіп тұралап жатқан сәтіне келгенде бәсеңсіп, иіп кетіп, Қарабайдың дүниеқоңыздығын баян қылатын тұста үнінен ашу теуіп, кіжінуі тыңдағандарды еріксіз елітті, қапысыз құштар қылды.

Қареке-ау, бай екенсің сөзің шалыс,

Екеуміз жапан түзде болдық таныс.

Орнымнан үш ұмтылып тұра алмадым,

Мылтығың тиді маған алты қарыс.

– Уа, пәлі! – деп Махамбет даусын көтеріп, аттанға қиқу қосқандай дем берді. Алғашқысында саңқ етіп шыққан оқыс үннен селк ете түскен Дудков бойын тез жиып:

– Карабай – настоящий предатель, – деп салды.

– Сатқындар заман таңдамайды. Қай кезде де жаныңнан табылады, – деді Владимир Иванович елеусіз қып.

– Қарысты қалай түсінуге болады? – Пушкин қаламын тежеп, Махамбет пен Дальге алма-кезек қарады. Ақын қапелімде баламасын таба алмай мүдіріп, столдың үстіне оң қолымен қарыстады. – Міне, осының алтауы.

– Түсіндім. Сарыбайдың мылтығының ұзындығы бір метр жиырма сантиметр екен. Ұсталар қолдан соққан шығар?

– Қазақтар қолдан соққан мылтықты күлдірмамай деп атаған.

– Күлдірмамай? – Александр Сергеевич жауап тосып жатпады, жаңа парақ ауыстырып жаза берді.

Жанкісі жырдың өрмек жүзі ауғасын әбден бусанып, ақ шалмаған қалың қара қасын жар қабағының үстінде алма-кезек тулатып, домбыраны шиырып жіберіп, ойнатып қағып алып, құмар машығымен тәнті етті. Қарабайдың жетім ұлға қыз бермеймін деп жөңки ауып Шуға, одан тиянақ таппай Аягөзге асқанын, оған Қодардың киліккенін тізбелеп кетті.

Жас құлыным қырылды тамам, Қодар,

Бір су тауып бере гөр маған, Қодар.

Сен шөлдетпей малымды алып өтсең,

Аy Баянды беремін сағған, Қодар…

Баян сұлудың басына бәс тігілген тұста Даль Пушкинге сыбыр ете түсті:

– Александр Сергеевич, жырдың осы арасы «Евгений Онегиндегі» Татьянамен мұңдас. Ленский Қозы емес пе?

Татьяна қызыy тұс көрді,

Көрмеген тіпті еш бyрын.

Тyсінде зәрлі іс көрді,

Келеді түзде кешқyрым.

– Өзіңіз ойша салыстырыңызшы.

– Дәл солай! – Манадан бері жуасып отырған Дудков өлшемей бір-ақ кесті.

– «Евгений Онегиннен» гөрі өзге аңызға келеді. Кейін айтам. Әзірге аудара беріңдер. – Жырдың аса шебер өрбіген оқиғасы қиялын тербеп, шабыттандырып, құмарлығын оятқаны сондай, ақын сегіз парақты тез толтырып тастағанын сезбеді.

Жырау Қозы мен Баянның шаһит кететін жеріне келгенде өз-өзін ұмытып, әдетіне басып құйрықпен жылжимын дегенде астындағы орындығынан ауып

кетіп, қайта тіктелді. Сол екпінмен аяқтап шыққанда үй ішіндегілер біреу үн қатса тәтті ләззаттың шырқын бұзардай демдерін ішіне алған күйі тым-тырыс отырып қалды.

– Шығыстың қызуқандылығы мен қиялға бай ғажайып әлемін жаңа көргендей болдым, – деді Пушкин терең күрсініп. – Ғажап! Ғажап деу аз.

– Ешкінің ішегінің мықтысын көрдің бе? – Дудков күндізгі айыбын жуып-шайғысы кеп екі иығына басын тербеді.

– Александр Сергеевич, бұл жырды сіз қай аңызға теңедіңіз? – Дальдің есіне досының манағы сөзі түсті.

– «Ромео – Джульеттаға!» Тек қана соған! Жыр мен аңыздың өрбіген ортасы әр түрлі болғанымен, кейіпкерлері мен оларға жасалған бақастықтар мен қысастықтар өте ұқсас. Ал түйіндеуі ше? Нағыз халықтық мұра дегеніміз – осылар. Феодалдардың рухани кемтарлығы қандай шынайы суреттелген?!

– Сіз де «Евгений Онегинде» дворяндар ортасының құлдырау сырын ашпайтын ба едіңіз?

– Оған да келісуге болар. Мен Петербургке оралғасын осының желісімен жаңа өлең-роман жазамын. Ал сіздер осы жырдан маған қай кейіпкердің сомдалуы ұнағанын білесіздер ме?

– Баян, – деді Даль.

– Қозы. – Махамбет алға ұмсынып қалды.

– Сарыбай. – Дудков үстінен дөп түстім бе дегендей, бетіне қонған аш масаны үлбіреген алақанымен дыбыс шығармай ұрды.

– Жо-жоқ, таппадыңыздар. Ең ұнағаны – Қодар. Жауыздықтың бет-бейнесін осыншама терең аша білген халық жақсылықтың нарқын неге білмесін?! Еh!.. Таза ауамен тыныстағалы сыртқа шыққанда жаздың торғай шырылындай қысқа таңы құланиектенген екен. Суаяқ жел құлағынан басқа құны жоқ жапырақтарды аң-таң қалдырып, күндізгі көргенбаққанын баян етіп жатты. Түнімен балығы тайдай тулап, бақасы қойдай шулап шыққан Жайық батыстан ескен желді елемегендей бетіне толқын көтермей, бейжай қалыпқа түскен. Иесін танып, түнімен қаңтарулы шыққан қос ат басын шұлғып, оқыранып қоя берді. Балықшылар төсегінен ерте өрген екен, баркас қайықтарына отырып, кеше кеш құрып тастаған ау-құралына қарай су бетін ақырын сызып барады.

– Түскен балықты Рыковтың қабылдау пунктіне өткізіңдер, – деді Микола даусын көтеріп. Сосын менің міндетім осымен бітті дегендей, жатып-тұрып ақсап қыр басына көтерілген Махамбеттердің соңына ілесті.

– Өзен бойының түнгі ызғары шығар, бойымды салқын қармап қалыпты. – Дудков уысын толтырып бір сіңбіріп тастады. – Үйге барып бақыршы баланы оятып, шай қойғызайын…

Ертеңгі шайдан соң түнгі ұйқы петербургтік ақынды қыспаққа алды. Енді демалмаққа әркімнің ойы ауа бастауы сол екен, сыртта байлаулы тұрған қаракердің кісінеп қоя бергені. Артынша-ақ:

– Батыр аға, ақын аға! Сөйлесетін кім бар-ау? – деген балаң дауыс естілді.

Домбырасын жанына сүйеп үнсіз отырған Жанкісі жырау:

– Мынау Әділжанның даусы. Апырым-ай, тыныштық болса жарады, – деп дегбірсізденді. Түгел есік алдына шыққанда топ адамның ішінен Махамбетті көрген хабаршы бозбала әбден ақ тер болған атынан домалап түсті.

– Жүрісің жай емес қой, жарқыным? Ел-жұрт аман ба? – Махамбет жайсыз нәрсе естірдей қаңтарулы тұрған қаракердің шылбырын шешті.

– Қарауылқожа жандаралдың әскерін ертіп елге шығыпты. Көздегені өзіңіз бен Исатай көкем болса керек. Хабарды ести сала арттарыңыздан атқа қамшы бастым. – Таңдайы кеуіп қалған екен, ерніне қыстырған екі-үш тал қылды алып тастап, бақыраш толы суды басына көтерді. – Түнгі салқынмен жетейін деп асыққаным…

– Жәке, аттанбасақ болмас, – деді Махамбет серігіне қарап. – Александр Сергеевич, біздің тірлік осы. Суыт келіп, суыт кеткеніме ғафу етерсіз! Еркін сырласа да алмадық. Ат үстінде туып, халықтың қамын жеп ат үстінде жан беретін шығармыз. Басы қайырусыз, аяғы жиюсыз жатқан жұрт едік, қазір де қыспақтың түрі көбейді. Оны мына тұрған дәрігер досыңыз жақсы біледі. Қолыңыз ұзын ғой, құлағында кетсін деп жатқаным. Владимир Иванович, біздің жаққа оң көзіңізді сала жүрерсіз! Ал, қош!

– Дегеніңе жет, шырағым! – Жырау атын қамшылап жіберді.

– Қош болыңдар, – деді үш аттының соңынан көз алмаған Пушкин терең ойға шомып. – Қош бол, Махамбет!

Өзен жақтан балықшылардың:

– Раз, два, взяли! – деп ау тартып дауыстағаны ойын бөле бергесін, жанына Дальді ертіп, ертең мен шыққан қыр басына қайта көтерілді. Көз ұшында қаракер айғырымен сар желіп бара жатқан Махамбеттің бойында өзіне де беймәлім бір қасиеттің кетіп бара жатқанын сезіп, ұзақ телмірді. Қоңылтақсып қалған көңіліне дәру іздегендей жан-жағын қарманды.

– Ол – халқының ақыны әрі қамқоры, – деді Даль басын изеп.

– Иә, мен де ақынмын, бірақ халықтың қамқоры бола алдым ба? – Сосын Петербургте өткен сонау жылғы дүрбелең есіне түсіп, аузына өлең ілінді:

Мы вольные птицы, пора, брат, пора!..

Рахымжан Отарбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *