Өмірде жұмса– ақ жақсы ғой, не нәрсе болса да… Қақиып қалған көңіл, «қақиып» қалған өмір Құрысыншы. Ол мықты шенеунік. Жүргенде бар ғой,
көздері ақиып, өзі қақиып жүреді Айына бір– ақ рет күледі. Онда да, саунаға барғанда, толып кеткен денесін айнадан көргенде…
Ол басқаратын комитетте үлкен іс– шара өтіп, жиын басталмас бұрын әнұран орындалып жатты. Жұрт жапа– тармағай орындарынан тұрып, оң қолдарын жүрек тұсына қойып жатты. Құдай қос қолдап ұрды ма, жо– жоқ, ол Құдайды ұратын адам, орнынан тұрғанымен, қақиып қалды… Оның бұл тұрысын «бір шпион» министрге жеткізіп қойыпты. Келесі күні көзін уқалап отырғанда, министр шақырды. Ол жаққа қақиып емес, тал шыбықтай йіліп барды.
– Сіз ән ұран басталғанда, қолыңызды неге жүрек тұсыңызға қоймайсыз?— деп сұрады министр.
– Кешіріңіз, менде жүрек жоқ…
– Жүрек жоғы қалай?
– Білмеймін…
– Жүрегіңіз ұшып кете салатындай, шымшық па не?
– Ала қарға…
– Жарқанат болмағанына шүкір…Ия, жүрегіңіз неге «ұшып» кетіп жүр?
– Сіз қашан қызметімнен қысқартып тастайды екен деп, қорқа– қорқа жүрегім ұшып кеткен…
– Сізді жұрт «Жарты құдай» деп жүр. Рас па?
– Рас… Неге?
– «Полный» құдай өзіңіз тұрғанда, маған «половина» құдай да жетеді…
– Доғарыңыз! Жұрт сізді «бүтін құдай» болады деп жүр!
– Өтірік, олар өсектің «салатын» жеп жүр…
– Қалай болғанда да, ән ұранымызды, рәміздерімізді қастерлеуіміз керек. Сіз өзі ән ұранның мәтінін білесіз бе?
– Білемін.
– Айтыңызшы.
– Ыңғайсыз емес пе?
Министр оның жанына келіп, сынай қарады.
– Құдай біледі, фонограммаға етіңіз үйреніп, әнұранның мәтінін де білмейтін шығарсыз?
Ол министрге иіліп, бел омыртқасы үзіліп кете жаздады. Ішінен: «Өзіңіз де қатырып білетін шығарсыз!» – деп қойды.
– О не дегеніңіз, қаласаңыз айтайын… Бірақ…
– Немене бірақ?
– Мен… Мен музыкасынсыз айта алмаушы едім…
– Сізге немене, духовый оркестр шақыруым керек пе еді?
– Жоға… Сонда да…
Министр столының астындағы түймені басып қалып еді, ішке хатшы қыз кірді.
– Шақырдыңыз ба?—деп сұрады хатшы қыз.
– Шақырмаса, келмейтін бе едіңіз?Көмекшімді шақырыңыз?
Кешікпей, жап– жас көмекші жігіт кірді кабинетке. Министр салған жерден:
– Сіз не тартасыз?—деп сұрады.
– Темекі…– деп қалды ол.
– Жоқ, не тартасыз деймін?
– Тағы да темекі…
– Темекіде басыңыз қалсын! Музыкалық аспаптарда ойнайсыз ба?
– Гитараның сыртынан сипалап, ойнаймын…
– Министрлікте домбыра бар ма?
– Жоқ.
– Гитара ше?
– Табамыз…
– Кешіріңіз,– деді «жарты құдай»,– бұл жігіт гитараға әуре болмай– ақ, ауызбен ыңылдап мөзика шығарса, ілесе беремін…
– Жарайды, сөйтіңіз,– деді министр.
«Жарты құдай» тамағын қолымен уқалап тұрып алды. Керіліп созылды. Екі қолын алға созып, тізесін бүгіп, отырып, тұрды. Министрдің көздері алақандай, комитет төрағасы балақандай көрініп кетті.
– Сіз не істеп жатырсыз?
– Ән айтуға жаттығып…
– Сіз менің кабинетімде спортпен айналысып жатырсыз ғой?!
– Бастайын ба?
– Бастаңыз!
Ол тамағын кенеп алып, көздерін тарс жұмды…
– Неге көздеріңізді жұмып алдыңыз?—деп сұрады аузы ашылып кеткен министр.
– Мен өмірге көз жұма қарайтын адаммын… Ал бастайын… Хім…
Ол екі қолын жүрек тұсына қойып, жатқанда, министрдің көмекшісі аузын ауаға толтырып алыпм «ыңғорс– қорс, ыңғорс– қорс…»деп жатты. Министр жалт қарап:
– Бұл немене пәле?—деп сұрады.
– Аккорд қой.
– Біреу ыңқылдап жатқандай естіледі екен.. Бастай беріңіз!
«Жарты құдай» тамағын кенеп алып, әндете кетті:
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы…
Лөла– лөла– лай,
Лөлалай, лөласы!
Лөлалай. Лөлалай,
Лөлалай, лөла– лай,
Лөла– лай, лө– лөлай,
Лөлалай, лөласы!
Министрдің көздері жыпылықтап кетті… Не деген масқара! Шетелдік шпиондар біліп қоймасын деңіз! Осыны ойлаған министр «Лөлалайдың» жанына жетіп келіп, оның бетіне бетін тақап:
– Тоқтатыңыз!—деді. Анау жуық арада тоқтай қояр ма, шабыты келіп, көздерін тарс жұмып алған:
Менің елім, менің елім,
Сенің елің, оның елі…
Олардың елі, бәрінің де елі,
Қытайдың да елі,
Қазақстаным!
Лөла– лай, лөлалай,
Лөла– лай, лөлалай…
Лө– лө– лө… лө…
– Сізге не болды? Ауырып тұрсыз ба? Шизофрения емессіз бе?—деп қалды министр. Сосын көмекшісіне қарап:
– Сіздің «ыңғорсқорсыңыз» қашан бітеді? Болды, жетер, жетер енді…– деді. Көмекшінің көздері жыпылықтап:
– Кешіріңіз, аузым қызып кетіпті…– деп төмен қарады. «Жарты құдай» да жұмса– ақ дауыспен:
– Әнұран орындалғанда оң қолыңызды жүрегіңізге қоймайсыз ба?—деп тіл қатты да, ары қарай шыңғыра жөнелді:
Лөла– лай, лөла лай.
Жерге дән шықты ғой,
Қонаевты ұмытқан,
Қазағым мықты ғой!
Лөла– лай, лө– лө…
Ол «ән шырқап» тұрып, бір көзін сығырайтып қараса, министр де екі қолын жүрек тұсына қойып, ол да «лөлалайлап» тұр екен. «Е—е, шамаңыз белгілі болды, шпиондар біліп қоймасын…» – деп ойлады ол ішінен. Сосын әннің қайырмасын барынша көтеріңкі дауыспен:
Менің елім, менің елім,
Секталар елі, иегова елі,
Казактар елі, Ивандардың елі,
Алқаштардың елі,
Қазақстаным!—деп барып тоқтады.
Бір көзін сығырайтып қараса, министрдің орынбасарлары да, тіпті, қазақша шүлдірлеп жүрген хатшы қыздар да «лө– ла– лайға» қосылып кетіпті. Қайран,
«лөлалайлар»…
Мұхтар Шерім