КАРЛ МАРКС КӨКЕМ ҒОЙ…

– Кешiрiңiз, итi семiрген, бизнестi кемiрген крутой көкемiздi iздеп келiп едiм?

– Өлейiн деп тұрған өрмекшiдей болған өзiң кiмсiң?– деп сұрады Мыжбан.

– Мен бе?… Мен… Битiн сығып, қанын жалаған қайыршымын.

– Күте тұрыңыз,– деген Мыжбан есiгiн есiнетiп жапты да, сәлден кейiн кiсiнеттiп ашты.

– Мә,– дедi ол күлiп, сосын:

– Өзiмнiң кiтабым,– деп қосып қойды.

– Бұл не?

– “Ықы– ықы“ деген кiтабым. Кешелi берi “Ыштыр– р“ деген мемуар жазыр жатырмын,– деп мастанды Мыжбан,– мархабат, үйге кiр.

– Мына мен бе?

– Иә, қайыршы да адам ғой.

– Бәсе, мен де адам екенмiн– ау. Рахмет сiзге! Құдай тiлеуiңiздi берсiн! Бала– шағаңыздан, шыбын– маса, таракандарыңыздың қызығын көрiңiз,– деп қайыршыны ненi айтып, ненi қойғанын өзi де бiлмей қалды. Мыжбан оның алдында шұжық пен қойдың пiскен басын қойды.

– Атауыңызды жей берiңiз,– дедi. Сөйттi де, келесi бөлмеге кiрiп, қолына қалың кiтап алып шықты. Бармағн сорып отырған қайыршыға таң қалып:

—Немене сiз жалмауыз ба едiңiз?– деп сұрады,– Қойдың бас сүйегi қайда?

– Кемiрiп, шайнап жеп қойдым.

– Сiз немене, мына орындықты да шайнап тастағансыз ба?

– Қарным аш…

– Мен сенi неге үйге кiргiздiм? Бiлесiң бе? “Жиырма бiрiншi ғасырдағы қазақ қайыршылары“ деген ғылыми еңбек жазып, академик болғым келедi. Сенi зерттеуiм керек. Атың кiм?

– Көшебай.

– Фамилияң?

– Шарамыгаев.

– Көшебай, мына мен “Құлқынның құлы“ корпорациясының президентi боламын. Менiң бизнесiмде миллиондар бар. Ерiгiп, iшiм пысқанда ән шығарамын, “Лә,лә, ләләлай“ деген әнiмдi естiдiң бе? Оның үстiне ақынмын! Орыс тiлiнде “Ублюдок!“, “Подонок!“, “Шакал!“ деген жыр кiтаптарым жарық көрдi. Ендi қайыршылар өмiрiн зерттеп жүрмiн,– деп тоқтады ол.

– Менiң қарным резина сияқты созылып кеткен,– деп мiңгiрледi қайыршы.

– Мына тоңазытқышта бәрi бар. Жей бер, бейшара,– деп мысқылдады Мыжбан. Iшiнен: “Қайыршы деген осындай болады екен ғой“,– деп ойлады. Қайыршы тоңазытқыштың iшiн тазалап қойды да:

– “Дыпы“ бар ма?– деп сұрады.

– Ендi менi жемесең жым отыр,– дедi Мыжбан,– мына кiтапты көрдiң бе? “Қайыршылар қайдан келедi?“ деп аталады. Мен сенi зерттеуiм керек. Сен қашаннан берi қайыршысың?

– Елiмiз егемендiк алғалы берi. Өзiм инвалидпiн.

– Қай жерiң ауырады?

– Басымның жартысы.

– Қалай?

– Басымның жартысы: “Атасына нәлет бүйткен тiршiлiктiң!“ деп қайғырады да, қалған бөлiгi: “Шыда, Көшебай, жарқын болашақ алдымызда. Сен өлген соң басталады“,– дедi көңiлденiп.

– МЕн бұған дейiн кiтаптарыма ойдан– қырдан көшiрiп, сәл өзгертiп дегендей қоса беретiн едiм, ендi өз бетiммен тiрi қайыршыны жазамын,– дедi Мыжбан мамық креслоға шалқая түсiп, қолына виски ұстады, —Iшесiз бе?

– Бұл не?

– Виски.

– Винодан вискиге көшкен ыңғайсыз екен,– дедi қайыршы сiмiрiп салып,— кiтабыңызды көруге бола ма? Мәссаған, мына кiтабыңыздың iшкi бетiнде “Карл Маркс. Толық шығармалар жинағы. Капитал.“ деп жазып қойыпты ғой?

Мыжбан миығынан күлдi.

– Несiне таңданасың?– дедi ол, —дорбам долларға толы ма? Лениннiң шығармаларының да шырайын кiргiзiп, мұқабасына өзiнiң аты– жөнiңдi жаздыра қоясың.

– Сонда… Мына “Капиталдың“ сыртқы мұқабасы ғана аты– жөнiңiзге қызмет етедi ме?– деп сұрады қайыршы тойып алған соң күшейе түсiп,— ойбай– ау, Карл Маркстен ұялмайсыз ба?

– Карл МАркс өзiмiздiң көкемiз ғой. Ойыма не келедi, соны жасаймын.

– Сiз Карл Маркске қиянат жасап отырсыз!– деп салды қайыршы.

– Менiң одан қай жерiм кем? Мiне, сақал десең, сақал, қолымда бокал, үйiмде тоқал…– деп дауласа кеттi Мыжбан. Қайыршы орнынан тұрып, қолын белiне қойып, адымдай жүрiп:

– Уақыт бәрiне нүкте қояды,– дедi. Сонан соң, мамық креслоға бұл да шалқая отырып, тiзесiнiң үстiне аяғын қойды. Жыртық шалбарынан сирағы көрiнiп тұрған едi, жуылмаған шұлығынан жағымсыз иiс мүңкидi.

– Бүгiнде жазғыштардың ұрығы көбейдi,– деп сөзiн жалғастырды ол, шетiнен ақын, шетiнен сықақшы, шетiнен композитор! Ал менiң балам мектепке бармайды.

– Өй, неге айқайлайсың?– дедi Мыжбан,— өшiр үнiңдi.

– Өшiр дейтiн, мен свет емеспiн!

– Сен секiре бастадың ғой?– дедi Мыжбан қалшылдап.

– Тойып секiрген қандай болады екен?– деп жатқаным ғой. Мыжбан әйелiне айқайлады.

– Ойбике!– Менiң пистолетiм қайда?

Келесi бөлмеден Ойбикесi шықты, қабағы iсiп кеткен, ұйқыдан қазiр тұрса керек, есiнеп алды:

– Немене?– деп сұрады.

– Пистолетiм қайда деймiн?

– Пiсте майдың iшiнде.

– Оған неге салдың?

– Тот басып кетпесiн деп… Алғалы адам атқан жоқпыз. Мынау кiм?

– Ақылды ақымақ!– дедi Мыжбан,— менiң қолым тимейдi, өзiң ата салшы! —Сосын, күл– қоқысқа сүйреп тастай саламыз.

Қайыршы құлап қала жаздады. Мыжбанның аяғына жығылды:

– Кешiрiңiз, мен байғұс қызып кетiппiн! Сiздiң абыройыңызды сызып кетiппiн… Қаласаңыз, аяғыңыздың тырнағын алып берейiн, кiр болмаса өкшеңiздi жалайын.

– Ойбике! Бiр шелек су әкел!– деп әмiр еттi Мыжбан. Әйелi бiр шелек су әкелдi.

– Iш!– дедi Мыжбан.

– Рахмет, мен түйе сияқтымын, су iшпей жүре беремiн.

Мыжбан қайыршыға бiр шелек суды күштеп iшкiздi де, iшкен– жегенiн құстырып тастады. Сөйттi де, есiктi ашып аш қалпына келген қайыршыны бiр тептi. Қайыршы қалпағын алып, тағзым еттi:

– Кешiрiңiз КПСС, қош келдiңiз, Капитал!

Мұхтар Шерім

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *