ЖЫЛАҒЫМ КЕЛЕДІ…

Ескі жылдың есігі жабылайын деп, Жаңа жылдың есігі «тоқ– тоқ!» етіп қағылайын деп тұрғанда, Астанада ҚАЗАҚ қоянын жыл тағына отырғызу рәсімі өтті. Бұл жыбыр– жыбыр жиынға дүние жүзінің аңдары қатысып, Қоянды қоян жылымен құттықтады. Әр елдің өз қояндары таққа отырса, сол елдің барыстары тақтан түсіп, Қоян мырзаларға тағзым етіп жатты… Ал біздің қазақтың барысы креслодан кеткісі келмей, «сау болыңызды» айтып, жетер жеріне жеткісі келмей, қиналып, қипақтап тұрып қалды, БАҰ– ның хатшысы (Біріккен аңдар ұйымы) УАҚЫТ мырза жұдырығымен стол үстін ұрып қалды…

– 2010– шы Барыс мырза! Жұрттың бәрі сізге ырза. Жұтқыншағыңыз жыбырлап, маған бірдеңе айтайын деп тұрсыз ба,сыбырлап?

– Уақыт мырза,– деді қазақы Барыс жөткірініп,– тағы бір жыл «Барыс жылы» болып дегендей…

– Мына сөзің таңертең тұра салып, топырақ жегендей! Қуасың ба не? Екі жар– жар болмайды деген сияқты екі Барыс жылы болмайды!

– Неге, ауқатты қазақтар төрт– бес жасырын жар– жарға қол жеткізіп отыр. Менің жылым жаман өткен жоқ. Жуырда ғана жер– жаһанның назарында болып, саммит өткіздік… Адамдар балаларының аттарын Саммитхан, Саммита қойды…

Қоянның құлақтары қалқайып,ауызы аңқайып отырған, айналасына жылы көзқарасымен жымиып, жүнін жылтырата тұрды.

– Барыс бауырым, сенің жылың жаман болған жоқ, азуың алты қарыс болды, министрлерді қамаудан «Азиялық жарыс» болды… Байлар мемлекет «мәмесін» сорып жатты, кедейлер мұны «келешекте біз бай болсақ, олар құрметті Құдай боладыға» жорып жатты…

– Қоянжан… Айналайын, «братишка»… Қатты кеттің– ау деймін?

– Мемлекеттік тілімізге тесірейіп қарайтын шала қазақтардан да сізге бірдеңе жұққан– ау деймін?

Қытай қояны ортаға шықты да:

– Ча чи чу, мачи чу… Неменеге сөз таластырып тұрсыңдар, ча– ча? Одан да бір– біріңді құшақтаңдар! Еңселеріңді есік мыжып кеткендей ғой?! Жаңа жылдарыңызбен, ханымдар мен мырзалар! Қоян жылы құтты болсын!– деді.

– Қояндар жасасын!– деп қалды америкадан келген қап– қара негр қоян қол шапалақтап,– Майн неймс Коянака. Бәріңізді «Қара жорға» биіне шақырамын!

– Неге «Қара жорға?» – деді Үндістаннан келген қоян сызылып,– «Қоянни, Джимми, ачо– ачо» әніне билейік!

– Менің түсім қара, сондықтан «Қара жорғаға билейік!– деп қоймады негр Қоян. Қанша дегенмен, тау басында жүретін арлы Барыс емес пе, Барекең ақырын жылжып келіп, Қоян мырзаның бетінен жалады да:

– Жаман үйреніп қалыппын… Бір түрлі қимаймын…Менің жылым кетіп барады… Жылағым келеді… – деді.

– Қой, жылама Барысжан,– деген Қоян оның шұбатылған құйрығын көтеріп қойып,– Қоян қыздар, қайдасыңдар? Аштан өлдіңдер ме, сәбіз жей бергенше, Барыс мырзаны биге шақырыңдар!

«Сәбіз»әні орындалып, Қоян қыздар Барысты бірінен соң бірі биге шақырды… Бір қоян шетелден келген барысбикені биге шақырып еді, анау» ноу, ноу!» деп жолатпады. Сол екен әлгі қоян: «о, шешең…» – деп қалды. БАҰ ұйымының хатшысы Уақыт:

– Кім– әй бұл балағат сөз айтқан?– деп сұрады. Қоян жігіттер әлгі қоянды желкелеп әкелді.

– Сен кімсің?– деп сұрады Уақыт.

– Қоянмын…

– Қайдан келдің?

– Шымкенттен…

– Шымкентшелеп боқтағандарыңды қашан қоясыңдар осы!

– Кешіріңіз, Жаңа жылдан бастап қазақшалап боқтамаймыз, Жаңа жылда би билеп, Наурызға дейін тоқтамаймыз!

– Жарайсың!– деді Уақыт. Сосын күбірлеп:»Осы Шымкенттік қояндардың жүрмейтін жері жоқ…» деп қойды.

– Қоян қорқақ келеді деуші еді…—деп қалды Ауғанстаннан келген пуштун қоян.

– Кешірерсіз,– деп үн қатты қазақ қояны,– Қазақтың қояны да қасқыр! «Қоянды қуа берсең батыр болады, еркекті қуа берсең, қатын болады…»– деген мақалым бар! Жаңа жылдарыңмен, адамдар!Жылдан жылға адам болып қалыңдар!!!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *