ЖАС ТҰЛПАРДЫ БАПТАП КЕТСЕМ ДЕП ЕДІМ


(Эссе)

Ақ қалпақты қырғыз елінің рухани патриархы Түгелбай Сыдықбековке сәлем бере барып отырып:

– Сіз ұлы адамсыз, – дегенбіз. Кең креслода тұла бойы билеп (паркинсон ауруы) отырған алып денелі, ақселеу шашын қызыл зерлі тақиясы әрең көмкеріп тұрған қара шал:

– Бір қызығы, осы сөзді кезінде Жамбыл тәтеме мен де айтқанмын, – деп бізге мейірлене қараған. – Сонда тоқсан бес жасқа бой бермей тұрған қасиетті қария «Ұлы дейді! Ұлы десең, ақыннан Сүйінбайды, батырдан Саурық пен Сұраншыны айт! Мырзадан хан Шәбденді айт! Осы жұртта ес жоқ. Аузына келгенді танти береді. Тұф!» деп қиқар тәтем ұртын осыртқан. Жон арқасын жыбырлатып, сусар бөркінің астында жатқан кәрі құйқасын билеткен. – Түкем өткен дәуреннің елесіне арбалғандай мәз боп күлді. – Мен де Жәкемнің сөзін қайталасам өкпелемеңдер. Е, балаларым, ұлы деп жазушыдан Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовты, манасшыдан Саяқбай Қаралаевты, балуаннан Бөлтірік Чормановты айтыңдар. Біз деген… Бір хикаяны баяндап берейін. Жүректе қалған жыр еді. Өзім жаза алам ба, жоқ па… Аманат сендерге…


1960 жылдың тамыз айы. Ыстықкөлдің жанды еріткен, сүйекті балқытқан еспе самалына кеуде тосып, жағалауды тынымсыз жалап-жұқтап жат қан майда толқынына еріп Мұхаң, Саяқбай мен Бөлтірік, Түгелбай, Шыңғыс – бесеуі серуендеп жүрді. Қарсы беттен етегі қарағай мен қайыңның жасыл жапырағына малынған аша шыңдары арсаарса Алатау ғана маңғаз төніп тұр. Ұясына құлаған күннің қызыл бояқ нұры көл бетін тегіс жапқан. Әрәр жерден айнаның сынығындай шашыранды сәуле толқынмен құмары қанбағандай ойнап қойсайшы. Пейіш бағындай осы суретке көз мейірімін аямай суарып келе жатқан Мұхаң сәл кідірістеп:

– Пәлі, осы Ыстықкөлдің не құдіреті бар екен? Қаланың күрең ысы мен ақ қағаз сорып, ащы көлдің шабағындай бозарып келгеніңде қолма-қол тыңайып, қаның тазарып, жілік майың толығып шығады, – деп рақаттана еркін тыныс алды. Кең маңдайын алақан өрлете сипап, қос самайындағы бұрқырап тұрған ақшулан бұйра шашын мәпелеп кері қайырды. Желбегей жамылған көкшіл сұр костюмі етжеңді пішініне ерекше сән үстейді.

– Мәскеуде көбірек жүріп қажыңқырап қалыппын. Астана жақсы-ау, бірақ жасыл желегі кем, тас көшесінде тағалы аттай діңкелеп бітесің.

Айтқандай, бұл Мұхаңның Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комитеттің мүшесі ретінде Мәскеуде екі айдан астам болып, Шолпан-Атадағы саяжайына оралған беті еді. Астанадан шығар алдында Фрунзеге телефон шалып:

– Түгелбай, ауылыңа маған наразы боп оралдыңау деймін… Пәлі, жақсының өкпесі жібек орамал кепкенше. Саяжайыма жетіп екі-үш күн ес жияйын. Жаныңа Саяқбайды алып, келе қал! Бөлтірік жездем мен Шыңғыс қасымда болар. Арқа-жарқа кең толғап, сұхбат құралық. Арнап айтар әңгімем бар, – деген.

Бұл хабар құлағына тиісімен Түкеңнің қол-аяғы жеңілдеп, жан-жаққа кісі шаптырып, Нарыннан бапты қымыз, Тоқпақтан құйрығы тегенедей тоқты алдырып, сары ала қазы, сүрленген жал-жаяны қоржынына басып жеткен беті-тін. Басына татар тақиясын киіп, сүре шегедей ұзын мұртының екі шалғайын қайшылап, ұлы манасшы Саяқбай да мұнымен бірге қозғалған.

Мұхаңның «ауылыңа наразы боп оралдың-ау» дегенінде де терең сыр жатыр. Лениндік сыйлыққа қырғыз әдебиетінен екі жазушы қатар ұсынылған-ды. Бірі жалпақ жұрт мойындаған майталман шебер Түгелбай Сыдықбеков те, екіншісі бір ғана «Жәмила» повесімен Мәскеу тұрмақ сонау Еуропа жұртын да елеңдетіп, Луи Арагон сынды аузы дуалыны тәнті еткен жас дарын Шыңғыс Айтматов еді. Түкеңнің «Тау арасында» атты дилогиясы ұлы бәйгеге қосылғанда соңындағы тілектес ел: «Гогольдің «Шинелі» сынды бәріміз де «Тау арасынан» шықтық. Алуан тілдерге аударылған зор еңбек. Әрі сыйлық жөніндегі мәртебелі комитеттің Орта Азия мен Қазақстаннан енген жалғыз мүшесі Әуезов өзіңіздің сілекей алысқан, құшақ ажыраспаған досыңыз. Шыңғыстың болашағы әлі алда, жол – сіздікі. Бұйырса, Лениндік сыйлық сізге еншіленгелі тұр. Костюміңіздің омырауын дайындай беріңіз», – деп қолды-аяққа тұрғызбап еді. Комитеттің кезекті отырысына шығармалары ұсынылған авторлар да шақырылған. Әр секция өз бетінше жұмыс жасап келіп, соңғы пікір айтылар жемежемге келгенде талапкерлердің сыртқа шыға тұруы өтінілді. Дәлізде тұрған Түкеңе сәл ашық қалған есіктен кімнің қалай сөйлегені, қай туындыны қолдағаны нақпа-нақ естіліп тұрған. Орыстың екі-үш көрнекті қаламгері дилогияны көтере мақтап, ұлттық бояу қанықтығын әрі интернационализм айрықша шабытпен жазылғанын айтып, таразы басын біршама басып еді, төрағалық етуші Константин Симонов манадан бері үнсіз отырған Мұхаңа: «Таласқа түскен осы екі шығарманы да түпнұсқадан оқыдыңыз ғой. Кесімді сөзді сіз айтыңыз», – деп қалды. «Я предпочитаю «Джамилю»» – деген Әуезовтің қоңыр даусы Түкеңді қалмақтың шәугім бас шоқпарымен ұрғандай теңселтіп жіберген… Содан жүздесіп тұрғаны осы.

– Ғазиз ғұмырымның тең жарымын арнаған «Абай жолын» ізгілік сапарына ұзатып, енді жаңа заманның бірегей бейнесін жасаймын ба деп «Өскен өркенді» бастағанмын. Дайындығым кем соқты ма әлде оң жамбасыма келмей жүр ме, кібіртіктей беремін. Манас хақында, көмейіне құт дарыған Саяқбай мен сүйегі қырғыз болса да еті қазақ, Абайдың «өкіл баласы» атанған Бөлтірік жездем жайында кең тынысты шығарма көптен бері көңілімді түрткілейді. Ішкі күш-дәрмен сарқылмай тұрғанда қолға алсам деймін. Бүгінгі рәуішті жүздесуіміз сол іргелі мақсаттың беташары іспеттес болсын.

Қазақтың аймаңдай алыбын орталарында ұстап келе жатқан төрт азаматқа Мұхаңның ағынан жарылып айтқан мына хабары ат шаптырып сүйінші сұрарлықтай боп естілді. Бұлардың қуанышты абырсабырына көл бетін қақ айырып ұшқан алма мойын тырна тізбегінің үні қосылып, бейжай балбырап тұрған маңайға сіңіп, жұтылып жатты. Алдымен ес жиған Саяқбай:

– Оу, бөрінің еркесі Бөлтірігім, біз сені иісі қырғызда жауырыны жер иіскеп көрмеген балуан, айбатына арыстан шақ келмес батыр деп жүрсек, өзің Абай атамыздың да «өкіл баласы» екенсің ғой. Оны неге жасырып келгенсің? Мұхаңның өз аузынан естігенде құлағым мұндай сүйсінбес, – деп құрдасының шаужайына жармасты.

– Тобықтыдан қыз алғанның бәрі бірдей данышпанның «өкіл баласы» бола бермес. Мұның бір ерекше құпиясы бар шығар. Оны балуанның өз аузынан естиік, – деп Түкең бірі Тянь-Шаньның мыңжылдық қарағайындай алып, екіншісі аулада өскен қолбала шыбықтай боп әзіл-шынды көзбен арбасып тұрған екі құрдасты риясыз күліп мәмілеге шақырды.

– Бұл сырды шашпай-төкпей Мұхтаржан айтсын. Мен қиюын таба алмаспын, – деп Бөлтірік балдызына базына тастады.

Саяжайда бірер мәрте көтерген күрең жорға коньяк пен Нарынның шалжығар қымызы қанында ойнап, екі беті нарттай қызарған ұлы манасшы балуанға:

– Е, бүлдіретін мен де, баяндайтын басқа десеңші, – деп келе жатыр еді, жүзінен нұр төгіліп тұрған Мұхаң:

– Жездем рас айтады. Бұл оқиғаны қысқа қайырыммен әңгімелейін, өзі демеп, қостап отырар, – деп айналасын бітімге шақырды. – Мұсекем (Бөлтірікті Абай ұрпақтары Мұса батыр деп атаған) Бірінші дүниежүзілік соғысқа осы Ыстықкөлден алынып, майданның қара жұмысына жегіліпті, – деп ұлы қаламгер сөз төркінін әріден алды. – Қазан төңкерісін Питерде орыс жұмысшы достарымен бірге қарсы алыты. Ұрынарға тау, соғысарға жау таппай тұрған жас батыр бірден большевиктер жағына шығып, атты әскер корпусына жазылады. Колчак қолының қызыл ізіне түсіп, Сібір ормандарын сүзіп соғысып, Самара мен Иваново-Вознесенск қалаларын жаудан тазартысып, Семейге дейін өкшелескен. Жаны жаннатта болғыр даңқты генералымыз Панфилов пен Мұсекем бір полкта қоян-қолтық жүрген. Екеуі темір кәтөлектен бірге ас ішкен…

Осы сенейік пе, сенбейік пе деп айран-асыры шыққан Саяқбай мен Түкеңе қарап Бөлтірік:

– Тура кітаптың сөзіндей. Мұхтаржан жалған сөйлеуші ме еді… – деп жаймен қостап қойды.

– Өрісі тарылып, жан-жағынан бірдей темір қақпанға тап болған ақгвардияшылар Қытай шекарасына ұмтылады. Сөйтіп, қалың қол өткел бермес қара Ертіске кеп килікпей ме… Қарасуық бел алған қараша айы еді деседі көзбен көргендер. Ертіс үстінде қаштықуды екі жақ қырғын майдан салған. Қытайға өтіп кетуді көздегендер өзен үстіндегі ағаш паромға ұмтылып жанталасқан. Қаланың жай жүргінші жатағын, кемпір-шал, келін-кепшікті жайпап өтіп паромды ілгері қозғайды. Сонда батыр мүсін, қаба сақал, қара мұрт бір жауынгер паром үстінде қылышын оңды-солды сілтеп қалың орысты бет қаратпайды. Ақыры паромның екі жандама арқанын кесіп жіберіп, желдің бағытымен ықтырып әкеткен. Жағада үйіріліп тұрған ақ әскері мылтық атайын десе, өздерінің адамдарына тиеді. Атпайын десе, үміт артып, аяқлау еткелі тұрған паромының үсті қан жоса… «Апырай, дүниеде мұндай да көзсіз батырлық болады екенау!» деп ауыл адамдары таңғалып, таңдай қағысып келді. Сондағы елдің көзіне Әзірет Әлідей көрінген осы балуан екен. Дәм тартқан шығар, артынша Абай ауылының азаматтары Мұсакемді қонаққа шақырып, мейлінше сыйлады. Бөлтірік деуге ғазиз жанның көңіліне келер деп, үлкені-кішісі «Мұса батыр» деген ат берді. Тобықтының қаракөзайым сұлуы Фатимамен табысып отасқан соң, өзіне арнап оңаша отау тігіп, алдына ірілі-ұсақты мал салды. Қырғыздан тапқан күйеу баласының ақберен азаматтығына, мол пішілген мәрттігіне разы ел келе-келе «Мұса батыр» дегенді де қойып, «Абай атамның өкіл баласы» деп атауға көшкен.

Мұсакеммен бозбала күннен бірге өстік десем артықтық етпес. Алғашқы сүйген жардан қапияда айырылған кезімде текті атаның ұрпақтары кәрін тігіп, басымды қияметке байлағанда мені берісі азаптан, әрісі өлімнен арашалап қалған осы жездем еді. Өміріммен қарыздармын…

– Мұхтаржан, ескі жараны қозғап қайтесің?.. Жастық желік, пенделік шіркінің кімнің басынан өтпеген? Сәл тыныс ал, қалғанын мына шайқы құрдас пен жазушы ініме өзім жеткізейін, – деп Бөлтекең сөзін сабақтады.

– 1925 жылы, Абай ағамның кейінгі ұрпақтарын феодалдың, болыстың тұқымы деп қудалау басталғанда, менің де туған жерге қайтуға ниетім ауды. Жаныма сая болып, көңілімді көкке әуелеткен етек-жеңі, пейілі кең ағайындармен қош айтысу оңай соқпады. Баяғы ояздың күймесіндей етіп төрт ат жеккен көшелі арбаға сүйген жарым Фатиманы, тұңғыш қызым Мариямды отырғызып, «шу» дедім. Мұхтаржан онда Ленинградтаоқуда.Қалғанкөрші-қолаңАбайағамның «Айттым сәлем, қаламқасын» шырқаған қалпы қозы көш жерге дейін ұзатып салған. О да бір дәурен екен. Қызымыз бен «өкіл баламызға», жиенімізге деп берген еншілерінің жанына қара өріктің жуан уыс жас өскін талын салып ем. Күні бүгіндері сол ұрығы бөлек, жемісі баданадай өріктің өскіндерін әркімдер тәбәрік қып әкете-әкете күллі қырғыз еліне тарады.

Ауылыма қазақша сөйлеп қайтқан мені жерлестерім «чоң қазақ» деп атаған.

– Жездеміз туып-өскен Оттық ауылына келген соң Абайдың Қарауылдағы үйінің өлшемімен қыштан қыстау салған. Кейіннен оны мектепке беріп, Фатима апамыз бала оқытқан. Ақын ағаның өлеңі мен әндерін, «Татьянаның хаты» мен «Онегиннің жауабы» сынды сырлы саздарды қырғыз арасына алғаш рет ерлі-зайыпты екеуі таратқан.

– Мұхтаржан, 1928 жылы көктемде осы Ыстықкөлге апаң екеумізді арнайы іздеп келгенің есіңде ме? Артымнан інім келді, өлгенім тірілді, өшкенім жанды деп Фатиманың сондағы жүрекжарды қуанышын көрсең ғой.

– Пәлі, есімде, жезде. САГУ-де қызмет істеп жүргенімде, Ғылыми кеңес үстінде бір бәлсінген мықтымен текетірес кеп қалып, «Саған бас қалпақ кигенде ғана керек» деп ем, тиісерге кінәрат таппай жүр екен, сары ізіме шөп салып, қожаның тұқымы, байдың күйеу баласы, шетелдің тыңшысы деп дабыл қағып жіберсін. Сонда басымды алып қашып, сіздерді пана тұтқанмын. Екі ай бойы төріңізде аунап-қунап, қырғызымның қызығына кенелгем. Жадау тартқан көңілді осы Ыстықкөл мен «Манастай» аруақты жырдәру боп сылап-сипаған. Құйрығын теуіп ойнаған шу асаудай боп құлан таза айығып, Қара Ертіс асып ем. Сол сапарда өзіммен бірге ала кеткен Фатима апам мен жиен қыз үшеуіңіздің фотосуретіңіз әлі күнге Семейдегі Абай мұражайында сақтаулы тұр.

– Әп, бәрекелді! Ұлықпан хакімнің мың жасағанына енді сендім. Менің де бүгін көкейдегі қазынама ордалы дәулет қосылды, – деп Саяқбай әлгінде сіңір создырып кеп құйрық басқан орындығына бір отырып, бір тұрды.

– Бұл бір желіп айтқан әңгіме. Асықпай мақамына келтірсең, ерте күнді кеш қылар. Оған да жетерміз. Ал, Саяқбай, төбеде жұлдыз жанып, қараңғылық етегін жая бастады. Десе де, жазғы лептен жанымызды аяп қайтеміз, сен бізді «Манаспен» сусындатып, жасымызға жас қос, – деп Мұхаң көкшіл сұр костюмін желбегей жамылып отырды.

– Мұха, Саякең өнерін талай мәрте тыңдаған шығарсыз?

– Пәлі, тыңдағанда қандай! Былтыр көктемде Фрунзеге арнайы мәшинемді жіберіп алдырып, «Могиканның соңғы тұяғы осы. Көріп қалыңдар. «Манастай» жыр мұхитынан мейір қандырыңдар» деп Қазақ университетінің студенттерімен кездесу өткіздіргенмін. ХХ ғасырдың мен білетін анық феномені – осы Саяқбай. Мұның ғажайыбы сол, жұмыртқадай басына миллион жолды «Манас» сыйып тұр ғой. Бәс жетпес халықтық асыл мұраны мінін бұзбай бізге жеткізгені үшін иісі түркі баласы мұның алдында қарыздар.

Мұхаң бір көңілі құлаған адамын көкелетіп мақтайтын әдетімен небір ауызға ілінбей жүрген теңеулерді жарқылдатып, тереңнен толғап тебіреніп, теңіздей толқып кетті дейсің. Ат басын тартқан бір сәтте түнгі сұхбаттың бәрін үнсіз жадында хаттап отырған Шыңғыс:

– Саяке, эпосты айтпас бұрын, осы жыр сізге қай жасыңызда қонды, қалай бастадыңыз, оған кім түрткі болды, аз-кем мәлімет бере кетсеңіз. Біз білгенмен, бұл сырды Мұхаң естімеген шығар, – деп қалды.

Жаратылысында аңқау да ақкөңіл Саяқбайда іркіп қалу бар ма, болғанын болғандай, төкпей-шашпай ортаға салды.

– Ал айтайын! Өткен жолы мына Шыңғыс та бір қауым шетелдікті үйіме алып келіп осы хикаяны айттырған.

Шеткері тұрған Айтматов болса ұяң жүзіне әдемі күлкі үйіріліп, Мұхаңдай ұстазына қарағыштай берген.

– Тау етегінде қой жайып жүрген жеті-сегіз жас шамасындағы бала кезім, – деді ол сосын екі иығын қомдап. – Далада сағым ойнаған шаңқай түстің кезінде бір жағы шөл, бір жағы ұйқы қысып үлкен бәйтерекке арқа сүйеген күйі қалғып кетіппін. Әлден уақытта алыстан дүбір естілді. Жай дүбір емес, қара жерді дауылпаз қақтырып керуен-керуен жын көшіп келе жатқандай. Дереу көзімді ашып алсам, Құдай басқа салмасын, алыстан, жібек перделі сағымның арасынан қара қасқа атты біреу маған қарай тура тартып келеді. Екпіні тау жыққандай, жай адам емес, құдды ертегіден шыққан батыр дерсің. Басында үшкір дулыға, кеудесінде торғайкөз сауыт, қолында найза мен жарқыл қаққан қылыш, қараша үйдің керегесіндей дәу қалқан, иманым мұндай ұшпас. Арқа сүйеп отырған бәйтеректің басына өрмелеп қашайын десем, қол-аяғымда жан жоқ, былқ-сылқ етеді. Сөйткенше болмай, маңдай тұсыма келіп қара қасқа тұлпардың тізгінін бір-ақ тартты. Аттың сауыры ақкөбіктеніп, оқыранып, ауыздығын қарш-қарш шайнайды.

«Әй, бала, не істеп отырсың?» деді күндей күркіреген дауыс.

«Қой жайып… Ұйықтап қалыппын…»

«Аш аузыңды! Құдай сенің таңдайыңа берген. Бұдан былай «Манасты» айтасың».

Аузымды ашқаным сол еді, шаптырып кеп жіберсін. Ілкіде аты екен десем, жоқ, ер үстінде шіреніп отырған батырдың өзі. Ақ көбік аузыма сыймай ақтарылып, өңіріме төгілсін. Тұншығып қала жаздадым. Қайтып тіл қатыспадық. Қара қасқа аттының келуі қандай тез болса, кетуі де сондай, лезде көзден ғайып ұшты. Аң-таң қалпы отырып қалдым. Ал ертеңіне орнымнан «Манасты» айтып ояндым.

– Бұл қыдыр боп келген әулие Манастың өзі, – деген Мұхаңның саңқ ете түскен даусынан айнала мүлгіген таудың өзі дүр сілкінгендей болды.– Бәріміз де фольклордың мейірімді құшағынан шықтық. Бірақ мынандай ғажапты бұрын-соңды естіген емеспін.

– Мұха, әлгі тұсын шетелдіктерге әрең аударып бердім. Түсінбей жүре ме деп қаймыққам. Жоқ, қайта таң-тамаша қалысып, таңдай қағысып кетті. Енді олар осы хикаяны өзің жазып берші деп, өтініш айтып қояр емес.

Шыңғыс нұрланып келіп Әуезовтің қолтығынан демеген.

– Жаз, інім, – деді Әуезов әлгі әсерден айыға алмай бас шайқаған қалпы. – Өзің, біздегі Тахауи мен Әбдіжәміл, Сафуан мен Зейнолла бар, болашақ сендермен бірге көшіп барады…

Әлден уақытта Саяқбай көзді шарт жұмып, қолды оңды-солды сермеп, жеті жасында бастаған жырды жетпісінде де сәйгүліктей баптап:

Манас, Манас болғалы,

Манас атқа қонғалы, –

деп таудан құлаған тоқтау білмес бұлақтай сарқыратып, екпінге екпін қоса түсті.

Түкеңнің есіне 1951 жылғы тамыз айында Фрунзеде өткен «Манас» эпосы халыққа қажет пе, жоқ па?» деген тақырыптағы әшкере талас оралды. А. Боровков бастаған ғалымсымақтар:

– Бұл – буржуазиялық дәуірдің сойылын соққан жат, ұлтшыл шығарма. Коммунизм рухында тәрбиеленуші жас ұрпаққа залалдан басқа әкелері жоқ, – деп табан тіресіп тұрып алған. Оны қырғыздың кейбір қаламгерлері hәм оқымыстылары да қуаттап кетті. Ең соңғы кесімді сөз айтылар ғылыми жиында республиканың бірінші басшысы Исқақ Раззақов осы Мұхаңды қолқа салып алдырып, әділқазылықтың тізгінін қолына берген. Айтысушы екі жақтың таразы басы тең түсіп, жығыса алмай тұрғанда ай маңдайы жарқырап мінберге маң-маң басып көтерілген Әуезов не деп еді:

– «Манасты» он ғасырдан бері ауыздан-ауызға, санадан-санаға көшіріп алып келген басқа ешкім емес, осы қырғыз халқы. Ендеше, халықтың мұрасына қол сұғудан өткен қараулық жоқ, – деген.

– «Манастың» кейбір варианттарында бай-манапты әспеттейтін тұстар баршылық. Оны келесі басылымында бір ізге түсірген абзал, – деген.

– «Манас» – мәңгілік, біз ғана уақытшалықпыз. Мәңгіліктің шаужайына жармасатындар қай заманда да табылған, – деген.

– «Манасты» қолдан тұқырту емес, оның 1000 жылдық тойын жасап, ұлы эпоспен әлем жұртшылығына мақтануымыз керек, – деген.

«Манас ақталды! Ақсарбас!» деген қуанышты айқай сонда қырғыз аспанын жарып жібере жаздаған. Жаса, жаса, қайран ұлылық!

Таң торғайы шырылдағанда барып Саяқбай тізгін тартты. Мұхаң терең ой құшағынан сонда ғана босанғандай селт етіп, көзі жасаурап, мұрнын әдеттегідей саумалап: «Пәлі, пәлі!» – дей берді…

Саяжайға қайтар жолда Әуезов сәл кібіртіктеп келіп Сыдықбековтің қолтығынан алды.

– Әй, Түкем, әлгі Мәскеудегі менің аламанда тайды оздырған қылығыма көңілің суып қалмады ма?

– Ертеңгі жер құйрықтан бүгінгі өкпені тәтті көріп маған не көрініпті, Мұха?

– Сөз-ақ қой! – деп Әуезов иығынан тау түскендей терең күрсініп жіберді.

Ағаның ішкі қиналысын, інінің өзімсінген аздаған назын осы екі ауыз лебіз шайып жіберді.

– Түкем, Құдай алдындағы шындығым, Лениндік сыйлыққа сенің дилогияң әбден татықты. Бірақ екеуміздің де жасымыз жер ортасынан асып, базарымыз тарқап барады ғой. Қара ормандай қалың ортада менің жалғыз жүргенімді өзің жақсы білесің. Көзім тірісінде Орта Азия мен Қазақстаннан бір жас тұлпарды баптап кетсем деп едім, бәйгесін еншілеп, қанатты қақпайтындай, тұмсықты шоқымайтындай етсем деп едім. Кейінгі көгенкөздерге осы-ақ паналық етер…

Ұлы ұстаздың осы сөзін естігенде Айтматов ерекше тебіреніп, көзіне сақиналанып жас келді. Жедел басып кеп Түгелбайдай кең пішілген тұлғаның алдында еңкейіп басын иді. Қайтарымсыз ағалыққа, ақдариға азаматтыққа бас иген қалпы тұрып қалды.

«Кемеңгердің теңдесі бар да, теңі жоқ деген осы», – деп Түгелбай сонда Әуезовтің көрегендігін қапысыз мойындаған. Ғұмыр бойы мойындаумен өтті.


– Содан бір жыл өткен соң ұлы тұлғадан қапияда көз жазып қалдық. Бірақ сол бір айлы түндегі армансыз ақтарылған сыр-сұхбат әлі күнге көкірегімде хаттаулы. Әр жазда Ыстықкөлге барған сайын Мұхаңның саяжайына бас бағып, су көмкерген жағалаудан өкшесі батыңқырап түскен ізін іздейтін едім… Сағынышы түскір ғой шыдатпай жүрген. Жырдай қып жазар ем, әттең, қолым қалтылдап өзіме бағынбай қойды.

– Сіздің қолыңыз емес, дүниенің өзі ырғағынан жаңылып қалтылдап тұр. Сол қалтылдап тұрған дүниені аман сақтап қаламын деп дирижерлік жасап отырған сіз ұлы адамсыз, – дедік қоштасарда.

Кең креслода еркін жайғасқан Түкем бұл жолы еш қарсылықсыз сәбидей шаттанып күлген.

– Кеше кешкілік Шыңғыс ағаң сәлем беріп шықты. Брюссельден келген беті екен. «Патриарх, амансыз ба?» деп қаусыра құшақтайды. Қағылайын сол!

«Шетелге сапарға шыққанда Манас пен Әуезов қос қолтығымнан демеп жүреді» деп жазды ғой. Бәрекелді деймін. Көргені жақсы ғой. Көш бастамай қайтсін?

Араға ай салып ақ қалпақты қырғыз елінің рухани пірі атанған Түгелбай Сыдықбеков те бақи көшті.

Аспан асты, жер үстіндегі фәни жалған кімнің ізін өшірмей жатыр? Мәңгілікке түскен таңба болмаса…

Рахымжан Отарбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *