Бұл мəселенің де күмəнді, көлеңкелі тұстары жоқ емес. Осыған дейінгі зерттеу еңбектерде біріне-бірі кереғар пікірлер, дəлелсіз «тон пішушілер» кездеспей қалмайды. Ол өз кезегінде көпшілік қауымды шатастырып, теріс тұжырым туғызбай тұрмайтыны айдан анық. Сондықтан бұл мəселеге де айрықша назар аударып, мəн-маңызына қарай арнайы тоқталуды жөн санадық.
Кешегі кеңес заманындағы кейбір зерттеушілер еңбектерінде «Қазақ» – байлардың, байшыл оқығандардың баспасөзі» деп кінəланып, сыналып-мінеліп келгеніне еңбектің алдыңғы бөлімінде дəлелді деректер келтірдік. Оның негізсіз айыптау екендігінен сыр тарқаттық. Өйткені бұл газет таптық күрестің қаруы болған жоқ. Ол ұлттық біртұтастық бағытында, ел бостандығы, теңдігі, тəуелсіздігі жолында отаршыл күшке қарсы бітіспес күрес жүргізді. Сол майданда жұртты жікке бөлмей, керісінше, бір тудың астына «Алаш» ұранымен біріктіріп, елдікті сақтап қалуға, өркениетке ұмтылуға жұмылдыра білді. Сол үшін патшалық əкімшілік тарапынан қатаң бақылауда болып, бір емес, бірнеше мəрте таяқ та жеді. Кейіннен ит салып айтақтаушылардың жөнжосықсыз жазғырып, беталды қаралауынан ұзақ уақыт «қызыл су» тасқынының тозақ отына қарылып келді. Алайда, ақырында ақиқат хақтығын істеді, «өтіріктің арты – бір тұтам» екендігі тағы да дəлелденді. Шындық салтанат құрды. Дей тұрсақ та, «Қазақ» туралы шындық толық та сарқа айтылды, ол түрлі қырынан жан-жақты зерттеліп, зерделенді, тиесілі бағасын алды деуге əлі ертерек. Тұманды мəселенің бірі – газеттің шығарушылары туралы түрлі пікірлердің етек алуы.
Бүгінде қазаққа «Қазақ» газетін мақтайтын күн емес, онымен мақтанатын уақыт келіп жетті. Осының тамырын ұстап, мəнісін дəл басып аңғарған қайсыбір зерттеушілер оны өзінің əулетінің, қала берді өзінің зерттеу объектісіне айналып отырған автордың жеке еңбегінің жемісі əрі жеңісіне айналдырғысы келетіндігі қылаң беріп қалатындығы жасырын емес. Біздіңше, ол ғылымда жат құбылысқа саналуға тиіс. Олай десек, бұл мəселенің де ақ-қарасын ашып, ортақ бір пікірге келетін кез келді ғой деген ой туады.
Жоғарыда «Қазақ» газетін шығару идеясы Ахмет Оразаевтікі болғанын, сол Ахмет Оразаев ауылына Міржақып Дулатов барғанда осы кісі тарапынан идеяның мақұл тапқанын жəне Оразаев Ахметтің газетті шығаруға қаржы бөліп, құрылтайшылық еткенін» ауызға алған автордың мақаласын тілге тиек еткен едік. Енді осында айтылған ойдың оң-солын анықтауға көңіл қоймасқа амалымыз қалмайды. Өйткені мұның дұрыс-бұрысын айқындап алмай, басылымның болмыс-бітімін танып, оның мақсат-мұратын анықтауда жəне бағасын беруде қателікке ұрынуымыз ғажап емес.
Əуелі, газетті шығару идеясына тоқталайық. Жоғарыдағы автордың айтуынша, «мұндай идея Ахмет Оразаевтікі» болып шығады. Ал осыған тарихи деректер не дейді? Қолымыздағы мəліметтерге қарағанда, «халықтың көзі, құлағы һəм тілі» боларлық газет шығару идеясы тым əріден басталады. Бұл орайда, белгілі тарихшы М.Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» деген еңбегіндегі: «Ə.Бөкейханов жəне А.Байтұрсынов бастаған белсенді топ жалпыұлттық газет шығару ісін 1905 жылдан бастады (144-бет)», – деген пікірін толық қолдаймыз. Оны тарихи деректер растайды. 1905 жылы Семей облысы Қарқаралы уезіндегі Қоянды жəрмеңкесінде 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясында бейресми газет шығару идеясы да болғандығы баршамызға белгілі. Сол петицияны ұйымдастыруда, қолымыздағы мəлімет бойынша Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев жəне басқа сол кездегі белсенді қазақ интеллигенттері жетекшілік рөл атқарған. Демек, газет шығару идеясының авторлары да солар деуімізге толық негіз бар.
Осыны мына деректер де қуаттай түседі. «Семипалатинский листок» газеті 1905 жылғы 8-желтоқсандағы санында: «Ə.Бөкейханов 17-қазан (1905 жылғы Қазан манифесі туралы айтылып отыр – С.Қ.) жəне одан кейінгі уақытта қазақ тілінде газет шығармақ болып жəне өз жерлестерімен келе жатқан сайлау, сондай-ақ, басқа да өзекті мəселелер жөнінде пікір алысу үшін далаға кетті», – деп жазды. Осы мазмұндағы мəліметті архив материалдарынан да кездестіреміз. Мəселен, далалық облыстардың генерал-губернаторы міндетін атқарушы генерал Тихоменов 1910 жылғы 4-ақпанда ішкі істер министрлігіне жолдаған хатында А.Байтұрсыновтың «Кент болысының басқарушысы Кəрібай Матаевқа үкімет саясатына қарсы мазмұндағы газет шығару үшін Ə.Бөкейхановтың атына ақша аударуды тапсырғандығы» туралы ақпар береді. Осыған қарап та, газет шығару ісінің қашан жəне кімдердің басшылығымен бастау алатынына көз жеткізу қиын емес.
Осы орайда, газеттің алғашқы санынан 41-нөміріне дейін «бастырушысы» ретінде қол қойып отырған Мұстафа Оразаевтың бұл басылымға сіңірген еңбегі, қосқан үлесі қанша деген заңды сауал туады. Бұған кесіп жауап беру қиын. Осы қызметке, яғни газеттің «бастырушысы» болып, ол 1913 жылдың 5-қаңтарында Ахмет Байтұрсыновпен бірге тағайындалған екен. Оның дəлелі – Санкт-Петербург қаласындағы орталық мемлекеттік тарихи архив қорында сақталған Жоғарғы Баспасөз Басқармасының мəліметі. Құжаттың құнсыз еместігін ескеріп, оны аудармай қаз-қалпында жариялағанды жөн көрдік: «Согласно цикулярному распоряжению от 9 декабря 1905 года за №14508 уведомляю Главное Управление, что одновременно с этим разрешаю киргизу №8 аула Кзылжингильской волости Тургайской области Мустафе Ахметовичу Уразаеву под ответственным в полном объеме, редакторством киргиза №5 аула Тусупской волости Тургайского уезда Ахмета Байтурсунова в г.Оренбурге еженедельного газету на киргизском языке, под названием «Казах» ( Киргиз»)».
Осы мəліметке қарап, мынадай ой түюге болатын секілді. «Қазақ» жарық көретін кездің қарсаңында А.Байтұрсынов, Ə.Бөкейханов, М.Дулатов үшеуі де патша жендеттерінің сенімсіздігіне ұшырап, бірі абақтыда, қалған екеуі жер аударылуда жүргендігі белгілі. Бұл олардың газет шығару ісіне кедергі келтірмегені түсінікті. Осы қиындықтан шығу үшін олар жергілікті əкімшіліктің сеніміне ие, оқыған-тоқығаны бар, азды-көпті өздерімен пікірлес М.Оразаевпен бірігіп іс жүргізу жөнінде келісімге келген болуы мүмкін деген ой туады. Мұнан басқа, сол кезең жағдайында, тығырықтан шығатын дұрыс жолды көріп те отырғанымыз жоқ. Осының өзі олардың саясат ауылынан мол тəжірибе жинақтап, сол кездің өзінде ысылған, тісқақты саясаткерлер дəрежесіне дейін көтерілгендіктерін дəлелдей түссе керек. Ал мұндай жағдай орыс баспасөзінің тарихында кездесетінін ескерсек, сөзіміз жансыз еместігі аңғарылады.
Рас, М.Оразаевтың «Қазаққа» қосқан қызметін, əсіресе, жоғарыдағы себептермен оның жарық көруіне тигізген игі əсерін жоққа шығара алмаймыз. Оның осы рөлінің өзі – жоғары бағалануға лайық еңбек. Мұны мойындау керек. Сонымен бірге əсіре қызығушылықпен оның қызметін жоғарылатып көрсетіп, «газет шығару идеясының авторы, «Қазақтың» қаражат шығынын көтерген құрылтайшысы» деген пікір қалыптастыру қамындағы зерттеушілердің ой-толғамдарымен келісу де қиын. Бұл – тарихи шындықты бұрмалағандық. Егер тарихқа ешкімнің өктемдігі жүрмейтіндігі рас болса, онда мұны біз көзден таса қалдырғанмен де, келер ұрпақ оған кешіріммен қарамайтындығын осы арада айта кеткен лəзім. Өйткені, «Қазақ» – бүгіннің ғана емес, атадан қалған тəбəрік секілді ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қалдырылып отыратын халқымыздың мəңгілік мұрасы. Осы жерде мынадай ой туады. Шын мəнінде халықтың көзі, құлағы һəм тілі қызметін атқарған «Қазақтың» құны есепсіз жоғары. Ол – тарихи қымбат қазына ғана емес, бүгінгі əрі ертеңгі ұрпақты атабабаларымыздың өр рухымен жалғастырып тұрар аспалы алтын көпір. Оның бағасы күн өткен сайын еселеп арта бермесе, бір мысқал да кемімейтініне көзіміз айқын жетеді. Осы себепті де бұл басылымды өз пайдасына қарай бұра тартып, өз есебін түгендегісі келетін зерттеушілер кеше де табылып еді, бүгін де баршылық, ертең де болмай қалмаса керек. Олай десек, осынау болмысымен зерттеушілердің ынтаықыласын туғызып, айналасына үйіре түскен басылымның тарихынан бастап, арқалаған жүгі, көтерген мəселелеріне дейін анықтауға мүмкіншілік беретін, арнайы бір ғылыми конференция ұйымдастырылып, ғалымдардың ортақ бір пікірге келуі уақыт қажеттілігінен туындайды. Ондай жиын ұйымдастырыла қалса, «Қазаққа» қатысты талқыға салатын даулы мəселелер жетіп артылады. Соның бірі – газеттің шығарушылары туралы мəселе. Бұл турасында біз былайша ой қорытқымыз келеді. Басылымды жарыққа шығару дайындығының бар ауыртпалығын арқалаған жəне оның мерзімді əрі мазмұнды шығып тұруына қаржысымен де, қаламымен де қызмет еткен азаматтар – ең əуелі, жоғарыдағы үш арыс – халқымыздың біртуар перзенттері Əлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов. Бұл үшеуінің қай-қайсысының да «Қазаққа» қосқан үлестері қомақты, сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Олардың бұл қызметтерінің бірін жоғары, екіншісін төмен қоя қарастыруға мүлде болмайды.
Əрине, бұдан «Қазақ» тек аталған үш арыстың күшімен ғана, басқа ешкімнің көмек-қолғабысынсыз жарық көріп тұрыпты деген ой тумаса керек. Мұндай пікірмен сол азаматтардың өздері де келіспес еді. Олар осынау игілікті істерінің шын жанашыры халық екенін, ел-жұртқа арқа сүйеп, іс тізгінін қолдарына алуға тəуекел еткендіктерін ешқашанда естерінен шығарған емес. Оны əркез естеріне алып, оқырман назарына ұсына, жұрт талқысына салып отырған. Мəселен, газеттің 1915 жылғы 101-нөмірінде жарияланған «2-февраль» деген бас мақала – соның бір ғана дəлелі. Мұнда газеттің екіден үшке аяқ басқан құтты қадамы қалың оқырмандарының ортақ қуанышы екендігі айтылып, ол ел азаматтарының қолдау көрсеткен іс-əрекеттерінің жемісі екендігі баян етіледі: «Тəңірі асыраған тоқтыны бөрі жемес» деген. Тəңірден соңғы күшті халық қой. Халық қолдаған іс анау-мынаудың қастығымен өшпейтінін көзбен көріп, қолмен ұстағандай болдық. Соған көзі жетіп, «Күштіге сыйынсаң Құдайға сыйын» деген, əуелі, Құдайға сыйынып, екінші, Құдайдан соңғы күшті халыққа сүйеніп, «Қазақ» алдағы жасына аяқ басты», – деген жолдардан соны айқын аңғарамыз. Осы ой апталықтың 1914 жылғы 49-санында жарық көрген бас мақалада былайша нақтылана түседі: «… («Қазақты» шығаруды – Қ.С.) бастауға себепкер біздер болсақ та, жүргізуге себепкер болған – жұртқа кірген саңылау, яғни жұрт ішіндегі саңылаулы, саналы адамдар».
Осы орайда, сол айтылып отырған «саңылаулы, саналы адамдар» кімдер жəне олар газетке қандай көмек көрсетіпті деген заңды сауалдар туады. Оған жауапты газет тігінділерінің өзінен іздеген жөн болар. Өйткені, ұлтымыздың ұлы жазушысы М.Əуезов «Істеген ісімен өзіне тұрғызған ескерткіш – мəңгілік ескерткіш» деп бағалаған басылымның өз тарихын өзі жазып қалдырғанын ұмытуға болмайды.
Апталықтың 1914 жылғы 45-нөмірінде жарияланған «Оренбург, 9-январь» деген бас мақаладан мынадай мəлімет кездестіре аласыз. Алғашқы бір жылында «Қазақта» қаламымен қызмет еткен «Алашқа аты білінген білімді азаматтарға тəңірі жарылқасын айта» отырып, басылым басқармасы мақала соңында олардың аты-жөнін тізуді де ұмыт қалдырмапты. Олар: «Ахмет Байтұрсынов, Əлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, доктор Əубəкір Алдияр, доктор Арғынғазы Поштаев, доктор Халел Досмұхамедов, доктор Дəулетше Күсебағалиев, доктор Банкеевич, присяжный поверенный Райымжан Марсеков, инженер Мұхаметжан Тынышбаев, қазақшыл Қасенғали (Тоқберлинов – С.Қ.), студент Есенғали Қасаболатов, шежіреші Шəкəрім Құдайбердин, Ғабдулғазиз Мосы, Ғұмар Қарашев, Жұмағали Тілеулин һəм басқалар» екенін оқып білеміз.
Бұл газеттің алғашқы бір жылындағы қалам қайраткерлерінің, яғни хат-хабар, мақала жазып тұрған тұрақты авторларының тізімі. Ал олардың қатары кейінгі бес жылында үсті-үстіне толығып, еселеп артып отырғаны ешқандай күмəн келтірмесе керек. Оған газеттің алты жылдық тігінділерінің материалдарын көзден көшіріп, арнайы жинақ етіп құрастыру барысында көзіміз айқын жеткен. Атап айтқанда, жоғарыдағы тізімді Жүсіпбек Аймауытов, Сəбит Дөнентаев, Жиһанша Досмұхамбетов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыров жəне Мұстафа Шоқай сынды халқымыздың маңдайалды біртуар ұлдарының есімдері толықтыра түсуге тиіс.
Бұлардан басқа да есімдерін əлі ел танып біле бермейтін, кезінде алдыңғы көшке ілесе қаламымен халқына қызмет еткен қаламгерлер қаншама. Іріктеп айтар болсақ, Жүсіпбек Басығарин, Мырзағазы Есболов, Жанұзақ Жəнібеков, Ыспандияр Кенжин, Смағұл Найманқожаұлы, Уəлихан Омаров жəне Жиенғали Тілепбергенов секілді Алаштың ардақты ұлдарының газетке сіңірген еңбектері де арнайы зерттеуді қажет етеді.
Сонымен бірге, жер-жерден хабар-ошар жазып тұрған тұрақты тілшілерінің болуы да газеттің Қазан төңкерісіне дейінгі басқа басылымдардан артықшылығын айқындай түседі. Көбіне олардың аттары аталмай, газет редакциясына жолдаған материалдары «Тілшілерден» деген тұрақты айдары арқылы топтастырылып беріліп отырған. Дегенмен, апталықтың алты жылдық тігінділерін ақтарып отырып, олардың бірқатарының есімдерін анықтауға мүмкіншілік туды. Атап айтқанда, Ақмолада К.Қарсақбаев, Ақтөбе уезінде Уəлихан Омарұлы, Жетісуда Кеңесбай Үмбетбаев, Қызылжарда Жиенғали Тілепбергенов, Қытай жерінде Қасенбай Қожамияров, Қостанай уезінде Асылбек Ташбайұлы, Павлодарда Шəріп Ақпаев, Омбыда Х.Бекжанов, Темір уезінде Спандияр Кенжин, Торғайда Жүсіп Темірбеков жəне Шымкентте Сүлеймен Қорғанбаев секілді тілшілері болғандығын газет материалдары растайды. Бұл да – алғаш рет зерттеу жүзін көріп отырған мəселенің бірі.
Жалпы, қорыта айтқанда, артында өшпес те өлмес, мол мұра қалдырған «Қазақ» газетінің «пікір тайқазанында» сол кездегі саңылаулы, саналы Алаш азаматтарының үн қатпай қалғаны некен-саяқ. Бұл қырынан келгенде де апталықтың құндылығы еселеп арта түсетіні талас туғызбаса керек. Сол себептен де оны Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ зиялыларының мінбері, ұлттық азат ойдың ұясы деп бағаласақ артық айтқандық болмайды. Оған киіз туырлықты қазақтың қамқоршысы, отаршылыққа қарсы күресте көшбастаушысы болған, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Алаш туын тік ұстап елдіктің ұйытқысына айналған «Қазақтың» қалам қайраткерлерінің басылымдағы бай шығармашылық мұраларынан сыр тарқата, талдай отырып көз жеткізу көп қиындық келтірмейді.
Бұлай дегенде, ең алдымен, газеттің идеялық жетекшілері Əлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың есімдері ауызға алынуы керектігі – басы ашық мəселе. Алайда, бұл арада олар жөнінде сөз қозғаудың ретін көріп отырғанымыз жоқ. Өйткені зерттеу еңбегіміздің кіріспе бөлімінде тілімізге тиек еткен М.Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» деген зерттеу еңбегі мен Ө.Əбдімановтың «Қазақ» газеті» атты кітабында олардың «Қазақтағы» қызметі мейлінше кең қамтылып, толық айтылған. Сондықтан оларды қайталаудан гөрі, аталмыш еңбектерде шет қалған «Қазақтың» басқа көрнекті қаламгерлерінің басылымдағы басшылық жəне шығармашылық қызметтеріне талдау жасағанды жөн көріп отырмыз.
Қайрат Сақ