Медеу Сәрсеке
Жетінші толқын
(Хикаят)
I
Жолбасшың бiлiктi кiсi болса – жол тауқыметiн сезiнбейсiң, ерте ме, кеш пе, дiттеген жерiңе аман-есен жеткiзетiнiне шүбәсiз сенiп, соңынан ере бересiң. Ақыр аяғында «жүрген аяққа жөргем iлiнедiнiң» керi болады да шығады…
Вацлав атайға кездескелi бiз де сөйттiк.
Қарт Балқанның неше алуан ағаш түрi мәуелеп өсiп, әсiресе балқарағай сыңсыған көкжасыл баурайына «Жан саясы» атты лагерь iрге тепкенiне бiраз жыл болыпты. Жан бағуға жаралған құтты қоныс, жер жәннаты осындай-ақ болар. Қысы-жазы тоқсан тоғыз елдiң жұрағаты одан-бұдан ағылып, сауық-сайран құратын думанды жер. Студент жастар қоғамының жолдамасымен күндердiң күнiнде сол жұмаққа бiз де тап болғанбыз. Бiз деп отырғаным – Мәскеу университетi өткен қыста жариялаған шығармашылық бәйгеде жеңiмпаз атанған 10 студентке сыйақымен қоса осы лагерьге жолдама берiлген, бақыттылардың жуан ортасында менiң де есiмiм аталып, жаз ортасында ту қияндағы Балқан тауы қайдасың деп сапарға аттанғамын. Жолаушыға үйiнен күншiлiк жер ұзау қып-қызыл бейнет деседi. Мен болсам, Азия құрлығының ту қияндағы түкпiрiнен шалғайдағы Еуропаның шеткергi төрiне келген сирек өкiлдерiнiң бiрiмiн.
«Ендеше, – деп осы жаққа табаным тиген сағатта-ақ шексiз қиялға берiлейiн, – кәрi Балқанның құланжонданған сiлемiне бойлай кiрiп, бейтаныс өңiрдi емiн-еркiн аралап, неге жер танымасқа?!..»
Ақыры, солай болды. Мен сияқты саяхат тiлеушi ниеттестер ортамыздан көптеп табылды. Әмбе бiз лагерьдiң жолбасшы гидтерi шиырлаған ескi сүрлеу емес, қауiп-қатерi мол қиын асулар мен терең шатқалдарды ғана көруге құштарланып, оны ендi жастық желеңге ерiк берген есерлiк дейiк, соқтықпалысоқпақсыз қиынға бастар кәнiгi жолбасшы iздеп, лагерь жайғасқан тараң қойнаудың етегiндегi хорват деревнясына барғамыз. Жер жөнiн бiлгенiмен орысша жөндем сөйлейтiн адам табу қиын болды бiрақ.
– Бiлмейдi тiл, – деп бас шайқады көбi.
Сөйтсе де алған беттен қайтпадық. Өңкей бiр көк қақпалы, шатыры да көк төбел үйлердi жағалай адақтап iздеу салдық.
– Мирзеге барғын. Көңiлiн тауып, елiктiре алсаңдар – жолбасшы болудан бас тартпас. Жастармен серуен құруға ол шал ерекше құмар… – десті бiз тiлдескен жұрттың кейбiрi.
Жазықты құлда шаршау болмайды, оның да көк шатырлы жөндем үйiн тауып, iшiнен бекiтiлген есiгiн тасырлата қағып, қақпа алдында бiрқанша уақыт телмiрдiк. Әлден уақытта жатаған есiк сықырлай ашылып, дембелше бойлы, бiтiк көз, кеңкiш мұрын қарт табалдырықтан берi аттады. Жетпiске еркiн кiрген бәкене кiсi екен. Егде әлпетi көңiлдi қомсынтып, көрер көзге де тым қораш көрiндi. Ал Балқандай ақар-шақар тау күш-қуаты өлшеулi әлжуаз қартты шыдатпайды…
– Естiдiм тауға апаратын жолбасшы iздеп жүргендерiңдi, – дедi қарт сығырайған қысыңқы көзiмен бiр-бiрiмiзге жаутаңдап қараған бiздiң бас-аяғымызды тiнте шолып өтiп, – Жолбасшы табылады. Осы жерде тосыңдар!..
Ризалығымызды жамырай бiлдiрiп, есiк алдындағы ескi сәкiге жайғасамыз. Тақта тас төселген жiңiшке жол үйге, баубақша қаулап өскен аула iшiне де тарапты. Ескi-жаңасы аралас жемiс ағаштарының алуан түрi әр жерден зорая өсiп, биiк дуалды жиектей бой түзеген. Шаруа қыбын бiлетiн қожайын екенi көңiлге дәт болды.
– Жолбасшыларың әзiр!..
Белiн жалпақ қайыс белбеумен шарт буып, мырыш қалбыр мен қалайы құтыны соған iлген, басында асқабақтай қалпақ, мойнына құс мылтық асынып, қолына ырғайдан жуан таяқ ұстаған бәкене қарт тұр алдымызда.
– Вацлав Мирзе деген хорват шалы мен боламын, – деп қутыңдап таяғымен қара жердi түйгiштей нұқыды. – Немене, қораш ұсқынымды қомсынып тұрсыңдар ма? Для вас, юноши, сойду, не первый раз в горах!.. * Ал жүрелiк!..
Вацлав атаймен бiз осылай танысқан едiк.
Жүрген жол көп болды ма, әлде соны Вацлав атайдың әңгiмесi ұзартты ма? Айырмасын, сiрә, онымен қош айтысып, бiржола ажырасқанша аңғармадық.
– Вацлавтың бала кезiнде Кишканың суы, iшсең – төбеңнен шыққандай суық едi, шомылуға түссең – сүйреп ала жөнелетiн адуын болатын. Бұл шiркiн әлi де сол қалпында. Ал менiң сақалым аппақ боп қуарғалы қашан!.. Айтыңдаршы, жастар, қайсымыз мықтымыз?
– Кишка!
– Таппадыңдар, – деп Вацлав атай басын шайқайды, – Кишкадан мен әлi күнге дейiн малтып өтемiн. Суық демей суына да емiн-еркiн қойып кетемiн. Ал, қане, мықты кiм?
– Вацлав атай!
– Тағы да шатастыңдар. – Жолбасшымыз бiздi әжуалап рақаттана күледi, самбырлаған даусы тау-тасты жаңғыртқандай зор. – Атайың қазiр жасыды. Жас күнiнде ол Кишканы кез келген жерден кешiп өтетiн. Ерте-кеш демей терең тұсына қойып кетушi едi. Ендi өткел iздейтiн болды. Мына жерден, айталық, бүгiн өте алмаймыз…
Өзендi жағалап жоғары өрлеймiз. Өрлеймiз деу – айтуға оңай, қия жартасты жиектеп келе жатып жазатайым тайып кетсең – тасша домалатып ала жөнелуден тайынбас тентек өзенге күмп бересiң, о да бiр сәрi-ау, төбеңнен төнген асқар шыңдар – неше түрлi қауiптiң қордалы ордасындай қатерлi. Одан да төменге тас домалайды, кейде аумағы үйдей жарықшақ оппаларға кездесеміз. Өкiнiш бiлдiру кеш, өзiмiз тiлеп тартқан тауқымет. Кишка – тау өзенi. Арнасы тар, ағысы қатты. Табаны – қызылшақа тас, жағасы жағалай – сом жартас, не болмаса ит тұмсығы өтпес ну орман. Ылдиға жөңкілген суынан да гөрi, сабынша көпiрiп, ақ көбiк атып, күнi-түнi гүрiлдеген сарыны өктемірек сияқты.
– Қартаймаған Вацлав емес, Вацлав шалдың ақылы болар-ау, – деп түйедi әзiлiн егде жолбасшымыз, – Мiне, ақылмен ойлап, оңтайлы өткелдi таптық…
- Шошымаңдар, жастар, тауға жаңа шығып жүргем жоқ!
Терең шатқалдан амалдап өткен соң шағын алаңға тап болғамыз. Кишка бұл арада төмендегi жойқын екпiнiнен аз-кем баяулап, көп жүгiрiстен ентiккен кiсiдей солғын тарта ағады. Жолбасшымыз жағадағы жартастың бiр қуысынан қайыққа ұқсаған астауша дөңбектi суырып алды. Соны суға түсiрдi де, үстiне екi адамнан жайғасуымызды өтiндi. Қалтылдаған астаушамен тау өзенiн кесiп өту – қауiптi әрекет. Бiрақ қолына құрықтай сырық ұстап, астаушаның бiр басына Вацлав атайдың өзi тұрған соң амалсыз мойынсұндық.
Өзеннiң арғы бетi ну – орман. Саясы мол көлеңкеге де сол жерде кезiктiк. Әлде су үстiнен көтерiлген, бәлкiм, шырша орманы желпiген самал бойымызды демде сергiтiп, қу жанымызға қуат дарытқандай әсер етті. Күнi бойы маңдайдан шақырайған өтiмдi күн сәулесi желкемiзге шығып, зәулiм бәйтеректердiң жанжаққа қанатын кең жайған бұтақтары арасынан ғана сығалайды. Күн қызуы қазiр бәсең. Соны да сеп көрiп, көңіліміз жай тапты. Бұл ендi кешелi-бүгiнде бастан кешкен бейнетiмiздiң төлеуi дестiк. Көкорай шалғынның үстiне аяқты соза құлай кетiп, емiнеркiн дамылдауды ойлағанбыз.
Вацлав атайдың кенет бұзылған ауа райындай құбылып, жолшыбайғы ойнақы қылығынан жаңылып қалғанын аңғарамыз.
– Неге түнердiң, атай? Күн жауа ма? Әлде бiз көңiл хошыңды бұздық па?
Жолбасшымыз демде жауап қатпады. Әлден соң маған тесiле қарап:
– Сенiң ұлтың кiм? Орыс емессiң, қай халықтың перзентiсiң? – дейдi.
– Қазақпын, ата.
– Қазағың қайда тұратын жұрт?
– Орта Азия, Байқоңыр, Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстан Республикасы. Бiздiң жерiмiз ұлан-байтақ кең, көптiгi сонша, оған бес Франция сияды, демек, сiздiң Югословакия федерациясының жер көлемiнен де он есе артық… – деймiн аздап желпiне сөйлеп. – Мына Балқаннан әлдеқайда биiк те зор Алатау атты ғаламат үлкен тауымыз бар! Сiздiң Кишка сияқты арынды, тентек өзендерiмiз де әлденеше!..
– Бiлдiм жөніңді, демек, Қазақстан азаматы болдың. Яки маңғол емес, қазақсың. Түркi тiлдi халықтың өкiлiсiң. Ал өң-түсiң – маңғол…
Бетiме тағы да ожырая қарады. Әлденеге қамығып, iшiнде жатқан мұң, иә сырды естiртер-естiртпесiне ойланып тұрғандай. Неге сонша қиналды? Қандай себептен?..
Күмiстей ақ сақалына қарттың жаңа көргендей қызыға қараймын, тек күптенген оймен. Ақтығы жаңа жауған қардан аумаған. Әжiм айғыздаған қушық бетiне ол жарасымды рең берiп, бiршама жасартып көрсетедi. Мұрты да аппақ. Ал ұйпаланған қасы мәңгiлiк мұздақтың сан ғасыр сүрленiп әбден сарғайған түрiне ұқсап, көптi көрген егделігіне ерiксiз мойындатқандай. Одан әрi мұз айдынындай жалтыраған кең маңдайы шашы сиреген жалтыр төбесiне қосылған. Кәдуiлгi сайын даланың ұшықиырсыз қайқаң бел, жатаған жотасын қайталағандай қызық бiтiм – бiр бунақ, екi бунақ, үш бунақ боп созыла бередi… Көкшiл көзi де сүртiлген әйнектей мөлдiреген көк күмбезiне ұқсайды. Кейде сол күмбездi тоқымдай-тоқымдай алашабыр бұлттар торлаушы едi ғой. Жолбасшымыздың көзiне нақ сондай шағырмақ перде түскен, сол өрнек өмiрiнiң қара күзi жеткенiн әйгiлеп тұрса – не дейсiң, уақыттың күннен түнге ауысқандай өткiншi екендiгiн мойындағаннан өзгеге шамаң қайда?!.
– Жә, қазақ болсаң, сендерде Чингиз деген кiсi есiмi бар ма?
Яки сондай кiсi аты?
– Чингиз, әлде Чингис?.. Бәлкiм, Шыңғыс?
– Мен саған Чингиз деп тұрмын. Ну, Чингис болсын, айырмасы аз…
– Е, сiз атақты жаһангер, ел жаулаушы Шыңғысты сұрап тұрсыз ғой. Оны кiм бiлмейдi? Шыңғыс ханның жер қайысқан қалың қолы сiздiң ата мекенiңiз Балқан түбегiне де жетiп, Адриатика теңiзiнен ат суарған. Маңғолдар оны құрлықтың қиыр шетi осы екен деп «Соңғы теңiз» атандырған. Бәлкiм, олар сiз жайлаған Кишканың да суын iшкен, – деймiн орта ғасыр тарихының қатпарлы жыңғылынан өзiм бiлетiн деректердi шұбырта атап.
– Қой, шырағым! Мен бiлетiн Чингис одан мүлдем бөлек жан.
Осы ғасырдың түлегi, менiмен заманы бiр жан…
Вацлав атайдың қас-қабағы дүрдиiп, көкшiл көзi маған бiржосын ызбармен түйiле қарайды. Шоқ басқандай тiксiнiп қалғанын да ұқтым.
– Маңғолдардың Чингис ханында менiң шатағым жоқ, шырақ, ол жаһанкез өзiмен кетсiн! Ескi тарихқа меңзеп бекерге менi шатастырма. Кешегi сұрапыл соғыста өзiммен бiрге жүрiп, осы өңiрде Гитлердiң қанішерлерiмен шайқасқан ер Чингис менiң айтып тұрғаным. Ұқтың ба, өзiмнiң партизан досым!..
Жолбасшымыздың қолындағы ырғай сабау жағрапия мұғалiмiнiң таяғындай шолтаң етiп, күнбатысты нұсқайды. Сол жаққа жалт қарағанда көзiме ең алдымен қол созым ұрымтал жерде тұрған жақпар тасты тау сiлемi, одан да бұрын соның бергi төскейiнен оқшауланған биiк құз шалынады.
– Әне, анау шатқалда бiз, жас серiгiм Чингис ер де бар, тоғыз тәулiк қоршауда жаттық. Шығар ауызда – немiс әскері, түбін де – біз. Ойлаңдаршы, тоғыз күн, тоғыз түн берiспей атысып, бiр-бiрiмiздi тышқан мен мысықша аңдып аянбай жұлқыстық!.. Есiме сол күндер түссе, бүгiнге дейiн тұла бойым қалшылдайды. Оңай ма сол, айтыңдаршы, мұндар жас? Бүгiнде тоқтыққа әбден семiрген, рақат өмiрден өзге ештеңе көрмеген, шетiңнен сауыққой, биқұмар, еркетотай жастар, сендер оны бiлмейсiңдер, сол күндердiң қисапсыз көп михнатынан ештеңе сезбейсiңдер?! Бiлмек түгiлi, ұқпайсың. Оны Вацлав бiледi. Оны басынан кешкен Вацлав Мирзе ғана ұғады…
Сергек жолбасшымыздың бiздi әжуалап тұрып, қиял-қоспасы мол суайт сөзге түсiп кететiнiне тәнтiмiз. Әңгiменi ол қиыннан қиыстырып шебер айтатын едi, соған тек көңiл күйi болғай. Бұл жолы желiкпе ойдан жолбастаушымыз ада сияқты. Жұмбақтап сөйлеп, тыңдаушысын қызықтыру машығынан айнымағанымен, өзi үшiн аса мәндi бiр оқиғаны айтқысы келгендей рай аңғартты. Онысы алабұртқан жүзiнен де айқын сезiледі.
– Қырық төртiншi жылдың қысы едi, жылдың бас кезi. Үскiрiк аязымен, дүлей боранымен, табиғаттың долы құбылысымен де есiмде қалған жоқ сол мезет. Басқа, мүлдем тосын оқиғалармен жадымда мәңгi сақталды. Құлықтарың ауса, айтайын, тек ынта қойып тыңдағын… Сол уақытта мен егде тартқан шамадамын, иә-иә, елудiң төрiне шығып, Батя атанған кексемiн. Бiрақ күшқуатым қайтпаған, бойым да, ойым да сергек. Өз қатарымнан, әлде мiнезiм асып, иә шаруаның қыбын бiлетiн ширақтығым арқасында өңкей ерлер бас қосқан партизан отрядының командирiмiн. «Хорваттың сайыпқырандары» туралы, сiрә, естiген боларсыңдар?..
Вацлав атаймен серуенге шыққанымызға бүгiн үшiншi тәулiк. Сiрә, әлі де үш күн жүрсек – бұл кiсiнiң сыры мен қырын жете ұғыну қиын болар-ау деп, шүбә бiлдiрер күмәндi тыңдаушысының бiрi мен. Әне, Вацлав көкеміз бытыр-бытыр жанып жатқан қу шөмшектi әредiк қағыстырып қойып, қазандық қасында самбырлай сөйлеп отыр, әңгiмесi жас қауымды әбден ығыр еткен – кешегi соғыс тақырыбы, бiздi де соған құмар қылуға жанын салып, қайткен күнде қым-қуыт жұмбақ оқиғаға қатысушы еткiсi келгендей өзеуреуi бiржосын…
Ту төменнен Кишканың жұдырықтай тастарды жаңғақтай домалатып төменге қуалаған тасыр-тұсыры талықсып естiледi. Құбыладан түскен күн сәулесi өзеннiң алаңға жайылған төсiнде жалтылдап мың сан шұғыла шашады. Су бетiнде зорайып көрiнген, ал тереңнен көлбей майысып, одан әрман ұзара түскен ағаш сұлбасына тесiле қарасаң – жан бiткендей қыбырлап, беймәлiм әуенге елiгiп тербелiске түскен таңғажайып келбетті көресің. Жел мен шырша, шырша мен жел кезектесе ырғалып, жайсаң табиғаттың мамыражай суретіне таң қаласың. Шырқау биiктен құстар шырылдап, осы тауға ғана тән әуездi ән шырқап, тас төбемiзде дамылсыз қалықтап жүр.
– Соғыстың аты – соғыс, жастар, күтпеген сәтте неше түрлі тығырыққа тап боласың. Адам баласы егер болып өзара арбасқан соң, бiр-бiрiне не iстемейдi? Е, не дерсiң, жау да өзiңдей айлалы, сен де сондай ығай мен сығай дегендей. Кiмдi кiм аяпты? Сен өлтiрмесең, сенi ол өлтiредi. Қысқасы, аянған жоқпыз. Ретiн тауып қас дұшпанның талайын сұлаттық… Ержүрек хорваттың туған жерiне баса-көктеп кiрген немiс-фашист басқыншыларына қалайша тойтарыс бергенi туралы естіген шығарсыңдар?..
Бұл жайында «Жан саясы» лагерiне келген күнi-ақ жергiлiктi бiр насихатшы сағат жарымдай уақыт бiзге майын тамыза дәрiс оқып, саяси «сауатымызды» ашқан. Айтуынша, Югославия халқы фашистiк Германияны талқандауға айтарлықтай зор үлес қосқан (соғысқа қатысқан әскерiнiң қарамы мен шығыны жөнiнен бұл елдiң үш ұлы алпауыт мемлекет – КСРО, АҚШ, Англиядан және Польшадан ғана аз-кем болғанын есiмiзге салып), сол күресте екi миллионға жуық жауынгерi шейiт болыпты, яки соғысқа дейiнгi әрбiр он адамының бiреуiнен айырылған; ал партизандық қозғалыстың қызу жүргені сонша, таулы аймақтағы елдiң барлық түкпiрiнде төрт жыл бойы толассыз майдан ашып, соғыстың соңғы кезеңiнде Балқан түбегiнде үш жүз елу мың адам жау тылында күнi-түнi әрекет етiптi; нәтижесiнде, басқыншылардың бұл елде емiн-еркiн жүрiп-тұруына мүмкiндiк бермеген; сол себептен де Германияның әскери Бас штабы бұл елде әуелде он екi, ең аяғында он бес дивизияны тұрақты ұстауға мәжбүр болған…
Сiрә, зұлым жаудың зәре-құтын қашырған, «түн ұйқысын бөлген» мазасыз топтың бiрi – хорват граничарларынан* құралған Вацлав Мирзенiң отряды болыпты.
– Амал қанша, бiрде сәтсiздiкке тап болдық, – деп сыр шерткен-дi Вацлав атай. – Орталық штабтың кезектi тапсырма сын ойдағыдай орындап олжалы келе жатқанымызда, сiрә, өз iшiмiздегi бiр жансыздың қастандық әрекетiмен аса күштi тосқауылға тап болдық. Серіктеріме сенiмдi едiм, алайда күшi басым жаумен бетпе-бет шайқаспа, адамдарыңды сақта деген бұйрыққа бойсұнып, қашқақтай соғыстық. Жау да бiздi маңдайға ұрып, түп-түгел жусатып салмай, даңғыл жолға шығаратын жасырын соқпақтарға бізді жібермей, осы тауға қарай тықсырып бақты. Қысқасы, үш тәулiкке созылған қуғын-сүргiннен соң шегiне-шегiне келiп, бой тасалаған жерiмiз – анау шатқалдың төрi болды. О да бiрақ қорған бола алмады. Ақыры, тектентекке берілмеуді ойлап, тау үңгiрiне бекiнуге мәжбүр болдық. Ойлағанбыз, соның бiр қалтарысы бiзге қорған болар деп. Оңбай алданғанымызды, қайтейiк, кеш, тым кеш бiлдiк, амал не?!..
– Қалайша?
– Қалайша дерiң бар ма, шырақ, құдай шатастырған соң. Тау үңгiрi пана болу қайда, бiз үшiн молаға айналды. Шығар ауыз тас қапаста жалғыз екен, не керек, тар қуысқа қамалғанымызды кеш білдік… Жә, күн екiнтiге ауды. Одан әрi не болғанын жолжөнекей айтамын, жүрелiк, жас достар!..
– Үңгiр аузын күнi-түнi аңдып дұшпан жатыр. Иттей сақ. Бiр адым жақындатпайды. Өзi де бас сұқпайды… Алғашқы сәтте баса-көктей кiрмек болып өршелене ұмтылған. Бiр кiсi әрең сыятын тараң ауыз бірақ құрулы тұзақтай болды. Берi аттағанын бiздiң қарауылшы топ маңдайдан көздеп атып жайрата бердi.
- XVI ғасырда осы өңiрге баса-көктеп кiрген Осман түрiктерiнен қорғауға шекаралық жерлерге әдейi қоныстандырылған жауынгер хорват өкiлдерiн – граничарлар, яки әскери шекарашылар деп атаған.
Қайсыбiрiн берiрек өткiзiп жiберiп сұлатады да, қаруын олжалап, қорамсақтағы санаулы оғын молайтып алады. Дұшпанға да жан керек, кейiннен опық жеудi доғарды, – деп ұзақ сонар хикаятын үздiк-создық әңгiме еткен жолбасшымыз бiздi жетелеп, ақыр аяғында жұлдыз жамырай өрдегi шатқалдың етегiне әкелдi. Осы жерде аяқ суытып, күнi бойғы тынымсыз жүрiстен қалжыраған денемiзге тыным берудi жөн көрдiк. Шаршадық десек те бiрден жата қалып ұйқы құшағына енуге, әсiлi, құлықсыздау болдым. Вацлав атай да бастаған әңгiмесiн бiтiрмей ұйықтатпауға бекiнген тәрiздi.
– Бiр-бiрiмiздi аңдумен үш тәулiк өттi. Төртiншi күнi ертеңгiлiкте үңгiр аузындағы қарауылға жақындап келiп, дұшпан әрекетiн мұқият бақыладым. Немiстер кешеден берi гу-гу үгiтқағаз тастап, мазамызды алған. Ал бүгiн басқа бiрдеме ойластырған тәрiздi. Аумағы сандықтай жәшiктердi үңгiр аузына жақындатып қойып, әлдебiр әрекетке қам жасап жанталасып жүр. Сыртта сақылдаған саршұнақ аяз. Уақыттың қырық төртiншi жылдың басы екенiн айтып па едiм? Айтсам, қысы да жылымық боп жанға жайлы тиетiн түбектiң ауа райы құдауанда сол жылы күрт өзгерiп, қар да мол жауып, оның арты қақаған үскiрiкке ұласқан. Бұл, тегi, бiзге де, мұз жастанып, қар төсенiп үш жыл ұдайы бейнет тартқан күллi партизан құрамасына, аса қолайлы бола қойған жоқ, амал қанша, табиғаттың бұл қыспағына да төздiк… Жә, негiзгi әңгiмеге тура түсейiн. Сол күнi аспан ашық болды, үңгiр аузынан көрiнген аядай көкте шөкiмдей бұлт болмағанын анық бiлемiн. Ауыздағы тас аңғарды күзеткен немiс солдаттары бiр орында пайыздап тұра алмай, бүрсең қағып, әлсiнәлсiн жер теуiп, үсiген қарғадай қалбалақтап, кейде жын қаққан кiсiдей бiр аяғымен секеңдеп қояды. Соның бәрi – бiржола қатып қалмаудың амалы. Ертеңгiлiкте басталған әбiгердiң сыры түске жақын мәлiм болды. Ұзын сырыққа байлаулы репродуктор берi өткiзiлдi. Сол-ақ екен, тас қапас күмбiрлеген у-шуға толсын…
– Өз еркiмен үңгiрден шыққан барша партизанға бостандық
беремiз! Бәрiңе де, бос…тан…дық! Бос…тан…дық! – деп даурыға қайталайды жаңғырыққан жартастар.
Бiраздан соң жаудың әзәзiл үгiтiнiң сарыны кiлт өзгердi.
– Сендердiң орталарыңда тұтқын лагерiнен қашқан кеңес жауынгерi, қылмысы ауыр азиат бар. Соны шығарып берсеңдер – өзгелерiңе бостандық беремiз, бәрiңе, бәрiңе бос…тан…дық! – деп неше мәрте қайталап, дамылсыз қақсайды жалдамшы тiлмаш. Әмбе ол осы үгiтiн хорват тiлiнде ғана емес, орысша да сан мәрте қайталады.
– «Естимiсiң, Батя?!» деген дауыстан селк етiп, артыма бұрылсам – жау қосыны қадала сұраған «қылмыскер» азиат, қасыма сыбдырсыз қалай келгенiн аңғармаппын. Басын шайқап мұңая қарады. Бадырайған қара көзi жүдеген қазiргi ауыр халiн айқын аңғартқандай, уыс толғандай толымды мұрны атжақты сидиған бетiнен бөлектенiп, жұлынып түсердей боп бұрынғы келбеттi жүзiн танымастай өзгерткен. Адам өңi небәрi үш-төрт тәулiкте соншама азады деп кiм ойлаған?.. «Түсiн менi, жолдас командир, бiреу үшiн жүздi құрбан ету – ауыр жаза!» Ашып айтпаса да мұңайған көзқарасы соны ап-айқын сездiргендей.
– Болмайды, жолдас, бекерге қинама! – Топ жетекшiсi әлдекiмдi қосақтай балағаттап, соңғы сөзiне боқтау қосып тұздықтап айтты, сiрә, жауынгер әрiптесiн әлгi ниетiнен бiржола түңiлдiргiсi келгені анық. – Әй, қайсың барсың, өшiр мына итше үрген әзәзiлдiң үнiн!..
Iле өзi де үңгiрдiң түбiне бет алды. Соңынан ерген серiгiне қайта бұрылып қараған жоқ. Таспен атып ұрып даңғырлаған репродукторды әп-сәтте тұншықтырған серiктерi әрекетiн де елең қылмай, қараңғы қуысты сипалай жүрiп алға адымдай бердi тек. Содан үңгiр түбiндегi өз тұрағына жеткенде ғана қыр соңынан қалмай келе жатқан серiгiне:
– Ал тағы не дейсiң? – деген-дi қытымыр үнмен қыдия сөйлеп.
– Бұл тығырықтан құтылар өзгедей жол жоқ, Батя!
– Жә, сонда не iсте дейсiң? Жалғыз амал – сенi ұстап беру ме?
Ұрдым енесiн!..
Сөйтсе де азиялық өз дегенiне илiктiру ойынан айнитын емес.
Вацлав Мирзенiң қасынан ұзап кетпей, қыбыжықтап тұр.
Әлден уақытта топ жетекшiсi үңгiрдiң түкпiрiнен металл сыңғырын естiдi. Темiрге тық-тық тиген балғаның тарсылына әлдененi күштеп бұрағандай кiлт шиқылы қосылды. Сiрә, әрекетсiз бос жатудан жалыққан жауынгер серiгi өзiнiң машық iсiне нешiншi мәрте қайыра кiрiскен.
Вацлав дыбыс естiлген түкпiрге жақындап келiп:
– Немене, достым, ештеңе шыға ма? – дедi ақырын ғана.
– Не деуге болады? Қуат көзi тым қашықта, ал онсыз қайран жоқ, Батя!
Кенет үңгiр iшi азан-қазан боп, әр тұстан тау-тас жаңғырығып, одан-бұдан даурыға естiлген у-шуға толды.
– Бәрiңе бостандық, бәрiңе бостандық! Бос…тан…дық жариялаймыз!
– Бос…бос…бос…тан…дық! – деп даурығады жаңғырған таутас.
– А…а…а…а…з…и…а…т, а…а…з…и…а…т! – деп күңiренедi тас қабырғалар.
– Азығың қанша, Батя?
– Ертеңдiк қана, оның өзi мардымсыз талғажау…
Мирзе де бұдан әрi қазбаламай үнсiз тұрып қалды. Сыры бейтаныс азиаттың үнемі әлденеге жабырқап жүретін қалыбын ол алғаш кездескен күннен аңғарған. Бiлгенiн iшiнде сақтайтын бұйығы жан, көңiлiнде айықпас кiрбең бар ма әлде? Оған қоса асып-таспайтын сабырға ие жан. Қазiр де жайбарақат қана өксiдi. Жиырманың орта шенiне ендi ғана iлiккен, күш-қайраты тасыған жас адамға мынадай тас қамаудан жарық дүниеге шығу – арман емес деп кiм айтады, кiм өзiн оққа байлайды? Бұл да, тегiнде, жазмыштың маңдайдан оңдырмай соққан қатал жазасы! Қайран, мұндар жас десеңшi! Бақ iшiнде, түн құшағында қыздармен қыдырып жүрiп таң атырар бұла шағыңда дүлей соғысқа душар болып, дырду-думанды жастығыңды соның тойымсыз жемсауына шалу оңай ма? Көзiңдi аша көргенiң – аққан қан мен тамшылаған ащы тер, сор бейнет пен зарлы өксiк! Амал не, түзетерге соны дәрмен жоқ! Зығырданың қайнайды, астанкестенi шығып төңкерiлген ғажап дүние өзгереді деуге ешқандай үміт жоқ!..
Ауыр ойлар шылауына түскен топ жетекшiсi орынбасарын шақырып, жау әскерi қайта-қайта дiгiрлеп сұраған азиаттан көз жазбай бақылауды айрықша тапсырды.
Алайда дұшпан да қарап жатқан жоқ-ты: қақсауық репродукторын қалпына келтiрiп екiншi мәрте қойғанда, радиотабақты iшке кiргiзбей, шығар ауыздағы маңдайшаға бекiтiп, бәз-баяғы жалаң үгiтiн қайыра өршiттi. Хорват граничарлары бiрақ осал жандар емес. Әйтсе де қашанға шыдайды? Олар да ет пен сүйектен жаралған жанкештілер. Төзiмi тақа түгесiлiп, жан азабы жiгерiн мұқалтар қиын сәт туса қайтпек?
…Жетiншi күн. Жарым түйiр ас ауызға түспегелi бiрнеше тәулiк болды. Шөл қысқан соң тас төбеден салбыраған мұз сүңгілерді талшық көрiп таңдайына басқандардың өңешi қабынып, жұтқыншағы тас бiтелiп, күп боп iсiнген кесапатқа шалынды. Көпшiлiк жұрт бас көтерiп жүруден қалды. Титтей қимыл, артық қозғалыс кiмге болсын қазiрде ауыр азап. Күш-қайратыңды шақтап, барынша шамалап жұмсау да әдiс-айлаға саяр қаракетке айналды. Өйткенi жантәсiлiм етер ақырғы сәт туар болса, аянбай айқасып, өлiм жастығын молырақ қамтуды қай-қайсысы болсын жүрек дiлiмен түсiнген.
Ақырғы майдан, шешушi сәттiң жақындап келе жатқанын жау жағы да жете бiлгендей. Әзәзiл үгiтiн бұрынғыдан бетер күшейтiп, әрi түрлендiрiп бақсын: сырықтай ағаш басына iлiп шұжық көрсетедi; ас туралы, ас iшудiң пайдасы жайлы неше түрлi қызықты әңгiмелер шертедi; күнi-түнi пластинка ойнатып ән шырқайды, күмбiрлетiп сазды әуендер төгiлтедi; бәр-бәрiнiң аяғын жұмбақ азиатты байлап беруге тiрейдi.
Немiс үгiтшiлерi соншама ынтық болған жан партизан тобының жетекшiсiне келiп, нешiншi мәрте бәз-баяғы тiлегiн қайталаған.
– Батя, ұғын менi. Түсiн жайыма. Мың рақмет сiзге!.. Ризамын, қасыңа ерген жауынгер серіктеріңе де шексiз тәнтiмiн шын көңiлден. Шыдамның да шегi болады… – дедi қырылдаған әлсiз үнмен, оның өкпесi де қабынған сияқты, бiр мезгiл күрк-күрк жөтелiп те алды.
– Болды, тоқтат! – деп Мирзе жекiп тастап едi, азиялық жiгiт қайта сөйледi.
– Бiлемiн не дерiңдi, Батя. Мен бәрiн де ойладым. Бiр күн емес, бiрнеше күн толғандым. Ендi менi қорғасаң да, қорғамасаң да – бiр өлiм және бәрiмiз бiрдей ажал құшамыз. Сондықтан мына жаужүрек серiктерiңдi бекерге жусатпа. Маған да рұқсат ет, өзiм шығайын. Пiсiрiп жесе де бер менi жаудың қолына!
– Болмайды! Орталық штабтан сенi жауға ұстап бер деген бұйрық алғамын жоқ әзiрше, қайтсең де қорғайсың деген қатаң әмiрден өзге мен ештеңе бiлмеймiн. Ал сен?.. Жо-жоқ, жаным. Соңғы жауынгерiм қалғанша сенi қорғаймын!..
– Қасарыспа, Батя. Әйтпесе…
– Жалынба, әуре де болма, көнбеймiн бәрiбiр, – деп Мирзе одан әрi тыңдағысы келмегенiн аңғартып терiс қарап кеттi.
– Жасырын кетер едiм, көңiлiңдi қимадым.
– Кете алмайсың ешқайда. Сен ойлағанды мен бұдан бес күн бұрын болжап, соңыңа аңдушы қойғамын.
– Солай ма?!
Азиат атанған жiгiт басын шайқады, түрiк ернi болар-болмас езу тартып жымиғандай болды. Сiрә, пәс көңiлi жылып, мерейi өскендей. «Неткен асыл жандар! Қаншама бейнет шегiп, ажал аузында тұрса да менi құрбандыққа шалудан бас тартқан?! Неткен асыл қасиет! Қандай ер ел, ержүрек жандар! Сiрә, тектентекке граничар атанбаған?» Олай болса өзiнiң жаңағы қолқасы әншейiн сөз. Сөйтсе де осынша мархабатты, ер көңiл жандарды түп-түгел жер жастандыруға дәтi қалай барады?..
– Батя, ойлаңыз. Менiңше, бекерге опат боласыздар.
– Сен өзi сөз түсiнбейтiн жан екенсiң, – деп командир кенет қарулас серiгiне түйiле қарады. – Ал өзiңдi оққа байлап, жас жаныңды қидың делiк.
– Сенiңiз, мен оларға ешқашанда қызмет етпеймiн…
– Жауды да айласыз деме, шырақ. Әуелi сенi сұрайды. Сенен кейiн менi… Осылайша суыртпақтай тартып бәрiмiздi алмақ, нәлеттер! Бұған да дауың бар ма?
– Бар, – дейдi қайсар жас елiге сөйлеп, – оларға мен керекпiн… Кiмнен болды, бiлмеймiн. Қалайда бiр жансыздың iсi екенiне шүбәм жоқ. Бiз жасаған бүлдiрулердiң мән-жайы оларға мәлiм болған. Иә, иә, сол үшiн де олар сiздiң отрядты өкшелей қуды. Байқадыңыз ба, ә дегеннен бiздi қырып тастауға тырысқан жоқ. Мен тiптi солар оқты басымыздан асыра атты деген ойға да жеңсiк беремiн. Әйтпесе бiздi бiржола құртып жiберудiң орайы сан рет келдi емес пе? Неге сөйттi? Өйткенi оларға мен керекпiн. Менен де гөрi құпия жарағым керек. Ақыры, кiмдi қалайтынын жасырмай ашық айтып отыр. Мейлi, сұраған екен, барайын. Тiрiдей кескiлесiн, ештеңе айтпаймын, жақ ашпаймын…
Вацлав Мирзе жас серiгiне ожырая қарады. Анау да әлденеге қату, ширыға сөйлеп отыр. Сiрә, әр сөзiн, о жақтағы әрбiр қадамын егжей-тегжей ойланып келген.
– Әуелi үңгiрдiң аузындағы күзетті алыңдар, қарулас серiктерiмдi қақпаннан құтқару үшiн өзiмдi жанпида етуге бел будым деймiн… Сiздер бiр бел асқанша есекдәме үмiтке дәмексiтiп ұстаймын! Ал одан соң кімді-кім жеңерін?!.
III
Бiр нәрсеге алаңдасам, менде маза болмайды. Әркiм өзiне қолайлы деген жерге киiмшең қисая кеткенде-ақ ұйқы құшағына берiлуге еңсем ауған. Бiрақ болмады. Қайдағы-жайдағы ойға түсiп, әрлi-берлi дөңбекшiп жатырмын. Тас төбемнен жыпырлаған жұлдыздарға емiне қарап, жұмбақ азиаттың аты-жөнiн, ата тегiн… тағы неменесiн сұрағандай сан алуан қиялға түсемiн. Кiм ол? Нендей кереметiмен жау қотанын өзiне дiлгер еттi? Қараңғыда шамадан тыс зорайып көрiнген заңғар жартасқа тесiле қараймын, тұс-тұстан қарауытқан орман шоғырына да iңкәр көңiлмен ауық-ауық көз тастаймын. Бiрде-бiрiнен бiрақ қым-қуыт ойымды сергiтер жауап таппаймын. Ал қиял жетегiне ерген шексiз ой одан әрман алысқа самғайды…
Сөйтiп жатып, сiрә, күндiзгi ұзақ жүрiс меңдеткен болар, ұйықтапкетiппiн. Қаншасағатжанымадамылберiп, қалжыраған бойымды сергiттiм – бiлмеймiн, әлден уақытта таңғажайып бiр түс көремiн: Вацлав атайдың бастауымен тау үңгiрiне кiрiппiз; оның iшi пойыз еркiн жүргендей кең екен, түпсiз дерлiк терең де болып шықты; әзер дегенде тас қапастың түбiне жетсек, бiр қалтарыстан «Здраствуй, дорогой Батя!» – деп добалдай бiреу шыға келедi де, жолбасшымызды құшақтай алады; бiздiң шалдың да есi шығып, «Ой, сен, қымбаттым, қайдан жүрсiң, тiрi екенсiң ғой, қайран ерiм!..» – деп қауқалақтап әлгi бейбақты бас салады… Бiз, әрине, аң-таңбыз, не дерiмiздi бiлмей сiлейiп тұрмыз. «Мен осы үңгiрде тұрамын, өздерiңнен ажырағаннан берi осындамын», – дейдi де, ол ту сыртынан қарс айырылған жартас сызатына сып берiп, үштi-күйлi жоқ болады. «Апырау, сiз Шыңғыс ағай екенсiз ғой? Манадан берi бұл кiм деп тұрсам…» – дегендi айттым ба, айтпадым ба, нақты бiлмеймiн, әйтеуiр, даусым жеткенше айқай салып, әлгі дәудің соңына еремін…
Таң атқалы бiршама уақыт өткен сияқты. Жұлдыздар сөнiп, түнде қиялымды тербеп, әсершiл көңiлдi әрнеге желiктiрген қараңғылық көрпесi әлдеқашан түрiлiп, төңiрек күндiзгi тiршiлiк әуенiне көшкен. Терең шатқал жарық әсерімен ұзара түскендей, табан астымнан сұстана қарауытады. Көк күмбезi шайдай ашық. Алдымыздағы биiк тау жотасынан қызара көрiнген күннiң ақсары шапағы жанып жатқан өрттей алау шашып биiктеп келедi. Жолсерiктерiм түгел оянған, кейбiрi өзен арнасына белуардан кiрiп алып жуынып жатыр. Қасымда тұрғандар маған состия қарайды, шошып оянғанымнан секем алған күдiктен де құралақан емес тәрiздi. Әжуалап тұрғандар да бар.
– Түсiмде сiз айтқан жұмбақ а…зи…ат…ты көрдiм, – деймiн тұтыға сөйлеп, жолбасшымыздан демеу күткендей бетiне жұтына қараймын. – Өздерiңiз қамалған үңгiрде кездестiк, сiзбен де сонда…
– Жуын, Қайсар шырақ. Ынтық болсаң оған да жетемiз… – дейдi Вацлав атай жайбарақат шыраймен.
– Бал ашып отырсыз ба, атай? – деймiн бiр қолтық шөмшектi тас қазандыққа жайғастырған соң қасына келiп.
– Солай десең де болады. Өткен түнде мен де сен құсап елегiзiп ұйықтай алмай шықтым. – Вацлав атай тұнжыраған қалпы ырғай таяғымен жер шұқиды. – Сендерге қияли хикаят, әлде ертегi сияқты көрiнгенмен, бұл жер мен үшін – тiрi қалу үшiн арыстанша алысқан күлестің жұрты! Оны сендер, еркетотай жастар, түсiнбейсiңдер.
– Атай, бiр сұрақ, рұқсат етсеңiз? – деймiн. – Өзiңiз әңгiмелеген азиялық азаматтың түр-келбетiнде маған ұқсаған белгi бар ма? Әр халықтың бет-жүзiнде, жүрiс-тұрысында бесенеден белгiлi ерекшелiктерi болады. Тек соны айыра бiлу керек.
Жолбасшымыз кәдiмгiдей елiгiп, мені енді ғана көргендей бетiме тесiрейе қарайды.
– Ұқсайсың, – дейдi кенет желпiне сөйлеп, – бет-пiшiнiң аздап келедi. Маңғол өңдi дегендерге, сiрә, көзi қысыңқы, бет сүйегі шығыңқы, дөңгелек жүзді, маңдайы дөңестенiп шал қақ бiткен адамдарды ұқсатпай ма?.. Бiздің отрядта болған азиаттың келбетiнде нақ сондай нәсiлдiк ерекшелiктер көзге түртiп тұратын. Сенi, шырақ, соған ұқсатып, кеше iш тар та сөйлегенiм есiңде ме? Ал Чингистiң айрықша белгiсiне мен ең әуелi қалыптан тыс зор танауын айтар едiм. Бетiнiң қақ жартысын алғандай салбыраңқы бiткен, нақ сондай ғаламат мұрынды еркектi одан кейiн кездестiрген емеспiн десем, сiрә, өтiрiк емес. Көзi аса қысыңқы емес, қарақаттай қап-қара боп мөлдiреп, кiсiге бадырая қарап тұратын. Шашы мен қабағы көмiрдей қара. Маңдайы жойқын қасқа. Бойы ертегi-аңыздарда дәрiптелетiн алпамсаның нақ өзi, жауырыны жалпақ, иығы да екi кiсi мiнгендей қарамды. Дене бiтiмi сондай зор болған соң құдай тағала оған күш-қуатты да мол дарытқан, бiрер еркекке алдырмайтын әлуетi барлығын жарақ салған зiлмауыр жәшiктi жерден еш қиналмай көтергенiнен аңдағанмын. Тоқетерiн айтсам, азиаттың соншама кесек жаратылған сырықтай бойын, алпамса денесiн, адамға парасатпен қарайтын нұрлы келбетiн, ойлы көзiн ұмыту мүмкiн емес. Иә, иә, ол сондай, бiр көрген жан есiнде мәңгi сақтағандай тұлғалы жан едi, әгерәки жүз адам қатар тұра қалса – көзiңе бiрден түсер дара қасиет, биiк тұрпат бар-ды онда!.. Сол пақырдың бет-пiшiнiн азиялық, нәсiлi маңғол деп даралауымның себебiн де айтайын: кәнiгi славян, иә араб жұртының бiрiнен болса, келбетiн жадымда сақтауым екiталай едi; ал бiздiң Еуропа халықтарынан айрықша бөлек жаратылған кейпiн – бүйректенiп шығыңқы бiткен бетін, әр талы үрпиген қалың шашын, қалқандай үлкен құлағын, қарашығы мойылдай қара бадана көзiн қанша жыл өтсе де ұмыту мүмкiн бе, жаным? Жоқ! Сiрә, өл-өлгенше ұмытпаймын…
– Өзiн ол кiммiн деп таныстырды? Ұлтын, туған елiн айтпады ма?
– Алғаш танысқанда есiмiн Чингис деген. Басқасын бiлмеймiн. Шын есiмi солай ма, әлде бүркеншiк аты ма? Бәлкiм, шын есiмi басқаша шығар. Соғыс уақыты, ол кезде көпшiлiк жұрт өзiн құпиялап ұстауға әуес болатын, әсiресе астыртын жұмысқа жегiлген адамдар. Тәртiп те солай. Мысалы, менi Батя дейтiн. Батя. Бар болғаны сол. Кiм ол? Вацлав Мирзе ме, жоқ әлде, басқа бiреу ме? Онда ешкiмнiң шаруасы жоқ. Партизандық құраманың орталығы ғана бiледi нақты кiм екенiн. Ал басқалар сенi осы атпен таниды. Точка! Чингистi де бiз солай қабылдадық, танысқанда артық-ауыс сөзге бармадық. Туған елiн, ұлтын да, басқадай да жөн-жосығын сұрамадық. Уақыт сондай қатаң кез, сұратпайтын…
Жолбасшымыз шоғы сөнуге айналған шөмшек қалдығын қағыстырып, үстiне ағаш бұтақтарын тастайды. Iле-ақ гу еткен от лапылдап жана жөнеледi. Әр жерге бытырап кеткен тобымыз қазандық басына қайыра ошарылған, солар ендi таңғы астың кешiккенiне мазасы кетiп, содан ба, Вацлав атай екеумiздiң оңаша сұхбатымызға мезi болғандай, сүлесоқ шыраймен алма-кезек қыдия қарап қояды.
– Кешегi әңгiменiң аяғын қашан тыңдаймыз? – Азербайжандық әрiптесiм Асхад мәселенi тұтқиылдан қойып сөзге араласты кенет.
Вацлав атай тоқпақтай жуан ағашты қабықтауын тоқтатып, қолындағы кездiгiн жерге шаншып:
– Айтпаймын әзiрге, – дедi жайлап қана, – Айтпайтыным – оның аяғы сыпыра жұмбақ… сiрә, сенбейсiңдер. Құдай қаласа, үңгiрдiң iшiне кiрген соң бәр-бәрiн қолмен нұсқап көрсетемiн. Ерлiктiң шыңын, кереметтiң көкесiн сонда бiлесiңдер…
– Ой, атасы, қазiр сенбесек, көзге шұқып көрсеткен кезде сенемiз ғой. Ақыры соның немен бiттi, анау азиат азаматын ұстап берiп құтылып кеттiңiздер ме? Солай ма, сiрә, әңгiменiң аяғын бұлдыратып, соншама созып айтпауыңызға қарағанда? – деп қасақана тиiсе сөйлейдi жастардың бiрi.
Жолбасшымыз саяхатшы жастың жорамал оспағын шыбын шаққан ғұрлы көрмейдi. Бәлкiм, өзiне сенiмдi, әлде шатақтасуды қаламады?
– Бекерге күнә артпаңдар, – дейдi әңгiменi шорт үзiп.
Вацлав атай айтты екен, егер сөзбен дегенiңе оны илiктiре алмайсың. Абзалы, ығына жығыла сөйлеп, әңгiмесiн тыңдау. Тас ошақта маздаған отқа жүзiмдi бере етпеттей жатып, қиял жетегiне еремiн. Көңiл күңгiрт, ой шалыс. Көкейiмде жұмбақ азиаттың қилы тағдыры: кiм деуге болады, маған ол өзiмiздiң қазақ тумасы сияқты боп елестейдi; осы таудың құз-қиясы одырайған шатқалына тағдыр жазуымен кездейсоқ тап болып, зұлым жау қотанында ерекше бүлдiрулер жасаған жан дейдi; бәлкiм, ол Кеңестер одағынан арнайы жiберiлген барлаушы-диверсант шығар? Ондай ержүрек жандар кешегi Ұлы Отан соғысында бiздiң халықтан да көптеп шыққан. Шынында да, ол қазақ болса, Чингис емес, Шыңғыс екендiгi даусыз. Әлдебiр себептен азиат атаныпты. Маңғол түстес деген жорамалға қарағанда, Азия құрлығының перзентi екендiгi шүбәсiз. Бәлкiм, ол қазақ тумасы болар? Жазмыштың жазуымен қайда жүрмеген сорлы қазақ? Аспан асты кең деп бiр қиырдан бiр қиырға көше берген ел машығы оған дарымады деп кiм айтар, кiм соны бекер дейді?.. Шарқ ұрған дарқан көңiл неше түрлi қиялға түсiп, әншейiнде есiңе алмайтын жайттарды ойлатады: әсiлi, мен жетi атаңды жатқа бiл, тiлiң де, дiлiң де, жаның да, қаның да – қазақ, ұлтшыл болма, бiрақ өзiн елсiз, жерсiз жанмын деп кеуде қағатын ұлтсыздыққа ұрынба, қазақ елi атанған тарихыңды жадыңда сақтап, мақтан ет… деген уәждi бесiктен шықпай жатып, туған ұямда санама құйып өскен балғын жан едiм; бәлкiм, соның әсерi… Қалайда Балқан атырабында әрекет еткен партизан тобында құпия жұмыстар атқарған Чингис, әлде Чингиз есiмдi жұмбақ жанның өзiме қандас болуын тiлеп, ерекше құмартуым, әсiресе сөзуар жолбасшымыздың маған ұқсатып, кешегi ежiктеуiнен кейiн соған тiптi сене түскем-дi…
Кiм болса да ол – менiң отандасым! Жә, сонда, қай елдiң тумасы? Отансыз ер – ұясынан ажыраған құстай жетiм. Әлдеқандай бiр ғажайып жарақпен ол адам айтқысыз бүлдiру жасаған. Соны фашист әскерi де бiлiп өкшелей қуған… Партизан атанған топтың iшiнен тек қана соны ұстауды қалапты? Не үшiн? Әрине, құпия өнерiн иемдену үшiн…
Аспандағы жұлдыз көп пе, көкейiмдi тескен сұрау көп пе? Бiлмеймiн, соларды бiлуге тек ерекше ынтықпын. Күптi көңiл алабұртқан жаныма тыным бермей, алыс қияндарға шарықтайды.
– Вацлав ағай, – деймiн жолбасшыға қарап. – Азиялық жiгiтпен ту баста қалайша таныстыңыз?
– О, бұл – көкейге қонымды сөз!..
Жақындай түсiп, қарттың тiзесiн баса жайғасамын. Вацлав атай қабығын сыдырған таяғының бiр басын қалбырға сүңгiтiп, көженi араластырады, екiншi басымен қазандық астындағы отты қағыстырады. Сонсоң түзелiп отырып, қан тамырлары бiлеуленiп сыртқа теуiп тұрған быртиған саусақтарымен сақалын тарамдайды.
– Қырық төртiншi жылдың бас кезiнде партизан құрамасының Орталық штабынан бiзге байланысшы келiп, төтенше бұйрық жеткiздi: «Қарауыңа жауапты тапсырма жүктелген маман жiберемiз, соны қорғау – сенің отрядыңа жүктеледі. Тек оны көзіңнің қарашығындай сақтайсың!..» – деген. Байланысшы нұсқаған жерден қонақты қарсы алдық. Чингиспен мен сол күні таныстым. Мiнезi солай ма, әлде үндемеу де мiндетi ме – шүйiркелесiп сөйлесуге құлықсыз жан екен. Менiң жайымды бiлесiңдер: сөйлеп отырмасам – iшкен асым тарқамайтын әдетке үйiр беймазаның чемпионымын…
– Жә, құпия агентті отрядқа әкелдiңiз….
Вацлав атай темекi орайды. Қазандық астынан шала жанған шыбық алып оны тұтатты да, құмарлана бiрер сорып:
– Асықпа, – дедi жайбарақат шыраймен, – Иә, содан келесi күнi ол маған өзгеше мiндет артып: «Биртадағы көпiр маңына барлаушы топ жiберiңiз, тек қатаң ескертiңiз, адамдарыңыздың бiрде-бiрi өткелге жуықтап бармасын!» – деп ескерту жасап, өзiмен бiрге келген екi-үш темiр қорапты шанаға тиеттi. Көпiрдi бетке алып, тартып бердiк… Өткелге бес-алты жүз қадам жетпей тоқтадық. Кiсiлерiмдi бөлiп, көпiрдi жағалай күзетке қойдым. Өзiм де солармен бiрге кеткемiн. Сол себептi шанада отырып, оның не iстегенiн нақтылы бiлмеймiн. Кереметiн көзiммен көрдiм деп күпiр болып, қартайған шағымда несiне өтiрiк айтайын… Ештеңесiн көргем де, бiлгем де жоқ. Бес-он минут уақыт өттi-ау деймiн. Көпiрге жақындап келе жатқан электрпойыздың дүрсiлiн естiдік. Іле-шала көпiр үстiнде найзағай ойнап, аспалы ток сымының әуелi жарқ-жұрқ етіп, соңынан шарт-шұрт үзiлiп, жарылысқа оранғанын көрдiк. Не болғанын аңдап, ес жиғанша Чингис: «Бiттi жұмыс, тезiрек кетелiк!» – деді. Дереу келген iзiмiзбен тауға тарттық. Не дейсiңдер бұл кереметке? Мен өзiм шала сауатты адаммын. Сендердей жылды-жылға жалғап, құныға оқығамын жоқ. Чингистiң сол жолы не iстеп, не қойғанын әлi күнге дейiн түсiнген емеспiн. Алыста отырып, электрпойызды аспалы сымымен қоса быт-шытын шығарғанын әлдеқалай әулиелiкке жору – ақылға сыймайтын iс. Ал сонда бұл не? Бiлгiш болсаңдар, айтыңдаршы, нендей күштiң әсерi?
– Техника құдiретi!
– Әрине, солай дейсiңдер. Әлбетте, мен де сондай ойдамын, – деп Вацлав атай дереу қостау бiлдiредi. – Қалайда, таңғаларлық керемет өнер!..
– Өзi не дедi?
– Сұрамадым. Жау оғынан қызғыштай қорғап, алаңсыз бүлдіруіне қолғабыс етсем де, «Әй, шырақ, мұның не керемет?» демедiм…
– Қазiр де соның не екенiн бiлмейсiз бе? – деймiн, осы әңгiмеге соншама қызығып отырып, аяғы соның жұмбақ боп қалады деп ойласамшы.
– Кінәлімін, күнi бүгiнге дейiн ештеңе бiлмеймiн. Ештеңе! Өкiнемiн, әрине. Ең қиыны, сол кереметтi көзiмен көрмеген жан сенбейдi сөзiме… Өздерiңдей көкөрiм жастарға айтсам – кейбiрi қияли шал, ендi бiрi шалық мінезді адам деп мазақ қылады… – «Сендер де сенбейсiңдер ме?» дегендей Вацлав атай бәрiмiзге жағалай қарап, басын шайқайды. Шынтуайтын айтқанда, күмәндi ғаламат емес пе: темiр жолдың табанына мина қоймаған; тас төбеден түйгiштер бомба тастамаған; ұрымтал жерден снарядпен де атқызбаған… Сөйте тұра электрпойыз нендей дүмпудiң күшiмен құлатылған? Көпiрдi де алыста отырып, қалайша тасталқан еттi? «Бүлдiру көзi – шанамен апарған құпия жәшiкте» дейдi Вацлав атай… Жә, сонда, зымырап келе жатқан электрпойызды үрдiс тоқтатқан нендей керемет күш?
Иә, бұған сену қиын. Сенер едiм, бұл туралы бұрын-соңды әлдеқандай бiр қауесет естiсем. Жоқ, баспасөз бетiнен мұндай ғажайып iстi ешқашанда оқыған емеспiн.
– Мейлi, неғылсаңда сеніңдер деп жалынбаймын. Сөйтсе де тағы бiр әңгiме айтайын, – дейдi жолбасшымыз көңiл күдігін дөп басып, – Келесi жолы Блесс зауытын бұзуға бардық. Бармас бұрын, Чингис маған мынандай шарт қойды: «Зауытқа бiрер шақырым жақын апарасыз, содан кейiнгiнi маған тапсырыңыз. Бес минуттан соң керi қайтамыз, сол жерден iле-шала ұзап кетудi өзiңiз ойластырасыз…» Әрi ойлап, берi ойлап, шөп тиеген шаруа боп баруды жөн көрдiк. Бес шанаға шөп тиетiп, ортаңғысына Чингистi орналастырдым. Отрядымды атқа қондырып, өкпе тұсқа жақын қойдым. Кереметтi көзiммен көргiм келдi бiлем, Чингис отырған шананың атын өзiм айдадым. Шаруаша киiнiп, қару-жарақ атаулыны шөп арасына жасырып қойып, зауыттың жайдақ сыртын алып өте бердiк. Межелi жерге жеткен соң алдыңғы шанадағы айдаушы шанадан түсiп, атын қайта жеге бастасын… Сол сәтте әлдене тарс еттi. Жалт қарасам, зауыт үстi көк жалынға оранып қалыпты. Иә, иә, көкпеңбек от жалыны. Тағы да жарқ-жұрқ ойнаған найзағай жарқылын көрдiк. Әмбе сол қақаған қыс iшiнде болып отыр, ал қыстың күнi найзағай ойнағанын кiм көрiптi?.. Табан астым дүңк еттi кенет. Бишiгiмдi төбеге көтердім, ат айдаушы да өз шанасына ырғыды. Қоян бүлкекке салып, ұзап кеттiк…
Естiгенiме таң қалып, сенбей, қарсы алдымда самбырлап сөйлеп отырған хорват шалына жымия қарадым. Қарттың қуақы өңi нарттай боп албырап, әңгiме қызығына берiлгенi сонша – ешбiр күптену жоқ, қайта соған шүбәсiз сенген әлпетпен күмәнсiз жосып отыр. Сенейiн десем – қисынсыз оқиға. Сірә, бұл жолғы әңгімесін де шәлкем-шалыс iс деп жадымнан өшiргенім жөн болар?.. Ойым он тарам. Сенгім келеді-ақ. Тек ғылыми кілтипанын білмей қалайша иланамын? Өзіме де беймәлім марғау күйде отырып, ас iшемiн. Вацлав атай қияли әңгiмесiн одан әрман үдете соғып отыр. Айтуынша, Шыңғыс, иә Чингис есiмдi өнерпаз мына шатқалдағы тас қамауға түскенше, немiс әскерi жаулап алып, уақытша иелiк еткен хорват жерiнде неше түрлi бүлдiру жасапты: электр стансаларын үлкен-кiшi демей жаппай қиратыпты; дивизияның күштi күзеттегi штаб үйiн өртеген; түзетiлген электрпойыз жолын қайыра бұзған; теңiз жағасындағы элеваторды өртеп, Германияға жөнелтiлмек қыруар астықты күлге айналдырған; танк жөндеу зауытына қуат жеткiзетiн электр бағандарын да бiрнеше жерден құлатып, жау монтерлерi бiрiн жөндесе, екiншiсiн сұлатқан… Соның бәрi әлгі өнерпаздың ұрымтал жерге келiп, бұғынып отырып жасаған жарылыстарымен ойран-топаны шыққан. Кiм ол, соның бәрін қандай керемет өнерiмен жүзеге асырды?
Көкейдi тескен ұшы-қиырсыз ой түбiне кiм жеткен? Жетсе де
соның тоқтар шегi бола ма? Вацлав атай кенет:
– Ал, жарандар, тұрыңдар, тынығуды үңгiрден әрi өткен соң жасаймыз, – дейді.
– Не дейсiз, үңгiрде екiншi ауыз болған ба?
Қызық адам едi-ау, жарықтық бастаушымыз! Ештеңенi ежiктеп түсiндiрген жоқ. Дүниемiздi жинап, соңынан еруiмiздi күтiп тұрды да, бөйтеңдеп алдымызға түстi. Жарым сағаттай уақыт құз-қиялы жартасқа өрмелеп, үңгiр аузына жеттiк.
Үңгiрде
I
Вацлав атайдың айтуынша, тоғызыншы күнi үңгiр алдындағы тас алаңда тағы да қарбалас әрекет басталған: елең-алаңнан тау iшi салдыр-гүлдiр мотор гүжiлiне толып, шынжыр табанды трактор сүйреген жатаған темiр шана пайда болады; соларға iлесе келген солдаттар дабыры да көбейе түседi.
Өзгеше қимылдың жай-жапсары топ жетекшiсiне дереу хабарланған. Iле-шала үңгiр аузына келсе, шана үстiндегi дәу жәшiктер алаңға түсiрiлiп, iшiндегi қазынасын анық көреді: темiр арқан оралған барабан, шағын движок пен ықшам бұрғылау қондырғысы, жiңiшке-жуанды болат арқандар, электр сым орамдары, тағы сондай заттар әлдебiр үлкен iске әзiрлiктiң қамы екенiн аңғартқандай…
Ойына күдiк ұялаған командир азиат серiгiн үңгiр аузына алдырады. Ол болса тас алаңдағы қарбаласты көрген бетте-ақ, Вацлав Мирзеге беймәлiм тiлде қатты дауыстап, алақанын бірбіріне соға қуаныш бiлдiрiп, қату жүзi де жайраң қағып, әп-сәтте өзгерiп шыға келедi.
Топ жетекшiсi де ойына оралған күдiгiнiң расқа айналғанына тәнтi болады. Қуғыншылар үңгiр аузын кеңейтуге бел байлаған. Тек қалай? Жарылғыш дәрi қойып құлата салу – соның ең оңайы едi, ал олар қиынын таңдаған. Неге? Сiрә, соның бiрден-бiр себебi сен боларсың деген шүбәмен Вацлав жас серiгiне масаттана қарайды.
– Батя, жағдай оңалатын сияқты, – деген Чингис отряд жетекшiсiнiң жеңiнен тартып, қапсыра құшады. – Әне, қараңыз, сойқан немiс қашанғы әскездiгiне сайып, дизель движогын жеткiзiптi. Бiздi қайткен күнде құтқаруды ойлап, әсiресе тас ұңғитын қондырғы әкелгенiн айтсаңшы! Бек тамаша қызық ендi болады. Қызықтың көкесiн кешке таман көресiз…
– Түсiнбедiм мұныңды, шырақ. Қызық емес, былық болмағай?
– Батя, көремiз кiмдi-кiм құтқарарын, – деп Чингис командирге мiндет арта сөйлейдi. – Немiсше түсiнетiн бiреудi үңгiр аузына қарауылға қойыңыз. Қолына дүрбi алып, бұлардың барлық қаракет-қимылын көз алмай бақылап отырсын, құлағын да түрiк ұстасын. Жаудың ой-жоспарын алдын ала бiлуден бiзге зиян жоқ. Бiршама бүгежектеп тұрып, түпкi ойын да жайып салады.
Онысы өздерi тап болған таудың көлем-тұрқы туралы сауалдар едi, әгерәки үңгiр түбiнен сыртқа шығарар қуыс iздесе – тас қабырғаның қай тұсынан өздеріне жол аршу тиiмдi болатынын айрықша тәптiштеп сұраған. Бұл маңаймен жас күнiнен жақ сы таныс Вацлав өз бiлгенiн жауынгер серiгiне қалтқысыз түсiндiрiп, ақырында соны табан астында шашылып жатқан тас кесектерiнен үйме жасап та көрсетедi. Содан бір мезетте екеуiнiң ойы бiр арнаға тоғысады: бостандыққа шығарар жолды, тегiнде, үңгiрдiң жоғарыға көлбей өрлеген жүлгесiн қуып, тек қана төбеден iздеу жөн дегенге саяды. Осыдан соң екеуi үңгiр түбiне барып, әр қуысты әрлi-берлi сығалап ұзақ жүрiп, маңдайы тiрелген бiр жерден өздерiнiң болжамдарының дұрыстығына айғақ та тапқан. Онысы тас қабырғаның су тамшылаған тұсынан көрген иненiң жасуындай сызат едi…
Пәтуаға келген соң-ақ Мирзенiң көкiрегiнде үмiт оты тұтанып, өнерпаз серiгiнiң талап-тiлегiн бұлжытпай орындап, отряд мүшелерiн де соның ырқына икемделіп әрекет етуге жегедi. Қалайда сол сәттен бастап ол тас қамаудан алып шығар үмiт сәулесi әлдеқайдан жылт еткенiне бекем сенiптi.
Ал Чингис кешелi-бүгiн әр жерге тыққыштап, бұзып тастаған аспабын қайта құраудың қамына кiрiседi…
II
Вацлав атай ту алда. Үңгiрге кiргелi бiршама уақыт өтсе де түбiне жете алмай қойдық. Табан астымыз кедiр-бұдыр тас, аяғыңды аңдап баспасаң – жазатайым мұрттай ұшырар қауiптер аз емес. Төбеден, қос бүйiрден жарыса тұтасып, ұзаған сайын енi тарыла түскен тас қабырғалардың суық сұсы-ақ құтымызды қашырып келедi.
– Шырақтарыңды жағыңдар, – деп бұйырды бiр сәтте бастаушымыз.
Шырағы – шыршаның қол тоқпақтай жуан бұтағы. Бiр басына шүберек байланған таяқшаларға от қоямыз. Сол-ақ екен, қараңғылық тұмшалап тұрған тас қабырғалар құбыжық болудан қалып, бүркеулi құпиясын аз-кем аша бастайды… Десек те алдыартымыздан көргенiмiз – бәз-баяғы сұрғылт тас кемер, ғасырлар керуенi түзген тар қалыбынан жазбай, төрiне ентелеген саяхатшыларды бiресе аяқтан шалып, бiресе төбесiнен қағып адымын аштырмай дiңкелетiп бақсын. Кей уақ маңдай тұсымыздан салбыраған мұз тiлдердi аңғарамыз, бұл болса тас заңғарынан жарықшақ тауып, өзiне жол ашқан жаңбыр, иә қар суының сарқыншағы – сол ғана аспан аясының қашық еместiгiн сездiрiп, пәс көңiлiңе дәт дарытқандай. Шала жанған шыршаның қою түтiнi де тынысымызды тарылтып әрi көңiлдi «босатып», екi көзге жас үйiрiп, зықымызды шығарып, жүрiсiмiздi қиындата түскен-дi. Әйтсе де жолбасшымыздан қалмадық, бiр-бiрiмiздi жетектеп, сүрiнгенiмiздi демеп, зор бейнетпен алға қарай жылжып келемiз. Бiр мезетте ентiктi басу үшiн бе, сәл аялдағандай болдық.
– Өшiрiңдер!
Тосын естiлген әмiрге балаша қуанып, шырша бұтағын табанға басамыз. Шоғын таптап өш алғандай мыжғылаймыз.
– Қараңдардаршы төбеге, ештеңе көресiңдер ме? – деген Вацлав атайдың самбырлаған үнi тас заңғарлардан шағылып, жер астынан шыққандай дүмбірлеп естiледi.
Сөйтсек, қолдағы шырақ сәулесi көлегейлеп тұрыпты, ту жоғарыдағы аядай тесiктен құйылған жарық шоғырын көремiз. Кәдуiлгi алтын шашақты, жер-жаһанды ақ нұрға бөлейтiн күн сәулесi! Қазiр де сол иен жарығын аямай төгiп, тас қапастың мәңгi түнегiн сыпыра түрiп, бізді күншуаққа шомылдырғандай әсерге бөлейді.
Жарыққа кенелген соң-ақ қауiптi ұмытып, түйетайланып ту жоғарыға өрлеген тараң қуысты бойлап алға ұмтыламыз.
– Жә, осы жерде сәл аялдайық, жарандар. Чингис хикаятының соңын айтамын…
III
– Чингис сұраған екi-үш жауынгердi көмекке қалдырып, өзге кiсiлерiмдi қасыма ертiп, үңгiр аузына кеттiм. Ал Чингис сабаз осы жерде қалды, тап осы арада. – Мирзе ақсақал кешегi әңгiмесiн қайта жалғастырған-ды. – Шығар ауызға ұрымтал жерге келiп жасырын бақыласақ – немiстер айбақ-сайбақ бұрғылау қондырғысын құрауды аяқтапты. Бүтiндей электростанса әкелген десем, сiрә, жалған емес. Сенесiңдер ме, жарандар, тас алаңның бiр бұрышынан аумағы үстелдей компрессор көремiн, оның қасында төрт-бес тас ұңғыма жарағы – перфоратор жатыр. Вацлав атайларың жасаң кезiнде бiраз жыл шахтыда iстеген. Содан шығар, тас шабатын таныс құралдар көзiме оттай басылды. Одан да гөрi анау таудай болып теңкиген құрама станок – бұрғылау қондырғысын айтсаңшы. Осының бәрiн iске қосып, заңғар тас қабырғаны бордай ұңғу үшiн – анау-мынау движок жарамайтыны бесенеден белгiлi… Бұл үшiн кiшiгiрiм электр стансасы қажет. Сонымен, не керек, бiзге қалған ермек – тағдыр талайына бас иiп, тап болған сергелдеңнiң ақырын күту. Неше күннен берi ашпыз. Сөйтсе де жарық дүниеден күткен үкiлi үмiт дәтке қуат болып, сiрә, бiржола құлап қалудан әзiрше бiздi сақтап тұрғаны анық. Тегiнде, жастар, шайтан ғана үмiтсiз деген рас. Кенет әлдене аяқ астымыздан гүр еттi. Сол гүрiлдi сарғая күтiп отырсақ та, тау-тасты жаңғырықтырып кенеттен дүр еткен жойқын зарылға селк етiп үңгiр алдына жалт қарасақ, немiс мамандары iштен жанатын дизель двигателiн iске қосыпты. Ол да бiр зарлап тұрған пәлекет екен, қалшылдап, дiрiлдеп, алапат зор гүрiлiмен құлақ тұндыра дүрсiлдеп жүрiп берсiн!.. Бiрқанша уақыт көз алмай, бақылауға алдым. Әне, резина түтiктерiн ораудан тарқатып әкеп компрессорға қосты. Одан кейiн бұрғылау қондырғысына да ток жеткiздi. Iле-шала болат бұрғының шақар тасқа шақ-шұқ тиген салдыры жеттi құлағыма. Көңiл шiркiн бiрдеме сездi ме, бiлмеймiн, әйтеуiр, ту артыма, үңгiр түбiне әлдеқалай үмiтпен емiне қараймын. Не көрдiң дейсiңдер ғой? Әй, айналып кетейiн, көкетайлар, не көрдiң деп сұрасаңдаршы менен?..
– Иә, соны айтыңызшы.
– Не көрдiңiз үңгiр түбiнен?
– Керемет! Таңғажайып iс көрдiм, жарандар!
Вацлав атай сол сәтте көзi көрген кереметтi бiзге түсiндiрмек болып, иығымыздан қағады, қолын ербеңдетiп әрлi-берлi сiлтейдi. Бәр-бәрiмiздi құшақтап құшырлана қысады, еркiмiзге қоймай жапа-тармағай сүйедi.
– Әуелi көргенiм – қараңғы түкпiрде жалт-жұлт ойнақтаған жалын жарқылы болатын. Көз қаратпайтын күштi жарқыл, темiрдi электрмен пiсiру ше? Иә, иә, соның тап өзi! Тек темiр пiсiргендей от шашпай, бiр-ақ жерге, бiр ғана нүктеге шаншыла қадалып, сом жартастың қойны-қонышын тiлгiлеп жатқанын алыстан болса да ойша сезiп тұрмын. Тыныш тұра алмай, «Иә, сәт!» – деймiн қасымдағыларды жұлқылап. Оның не екенiн бәрiмiз де түсiндiк. Сонсоң да тiлек қосып, «Бер бiзге осы тiлегiмiздi, жаратушы хақ!?» – десемiз жамырай қуаныштап. Қауiп ойлап, үңгiр аузына да жалтақтай қараймын. Қондырғы қалыпты түрде жұмыс iстеп тұр. Мейлi, iстей берсiн. Ертелi-кеш заңғар жартасты ұңғудан жаңылмасын тiптi! Тек анау электр қуатын құйып тұрған дизелiн тоқтатпаса екен?!.. Оның неге керек болғанын сездiңдер ме? Чингистiң қолында жарқылдаған жалын аспаннан түскен жоқ, тек содан, анау құпия әбзелiмен алынғанын сол сәтте-ақ бiз айқын сезгемiз. Иә, иә, нақ солай. Бұған менiң тап бүгiнде де ешқандай күмәнiм жоқ, жарандар! Өйткенi сегiз күн ұдайы түк бiтiрмей бос жаттық. Ал тоғызыншы күнi немiстер әлдеқайдан жанталаса сүйретiп, дизель двигателiн, түрлi әбзелдер жеткiзедi. Соларды едел-жедел құрастырып ток өндiре бастайды. Сол-ақ екен, бiздiң сабаз жансыз тұрған өз жарағын тiрiлтiп, тас түкпiрде от шашып, жетi қабат құрыш сауыт дерлiк сом жартасты олай-былай тiлгiлеуге кiрiседi. Бұл ендi бiздiң шерменде топты тас қамаудан кең дүниеге алып шығар бiрден-бiр амал! Сол тек сәттi болғай! Заңғар жартастың ұрымтал тұсын кезiктiрiп, жолымызды құдай оңғарса десеңшi… Осылайша тiлеу тiлеп текке тұрмай, Чингис қарекетiн жау жағына сездiрмеудi ойлап, әрқилы амал жасап бақтық. Соның бiрi – қарулас серiктерiмдi үңгiр iшiне таратып, бiрнеше жерден от жаққызу болды. Бұл ендi үңгiрден будақтап шыққан түтiн мен будың неден түзiлгенiн сездiрмеудiң айласы. Онымыз, сiрә, ойдағыдай болып шықты-ау деймiн, дес бергенде немiс қосыны ештеңе сезген жоқ, өз жұмыстарымен әбiгер болып, үңгiр аузын тезiрек кеңейтудi олар ұзақты күн тоқтаусыз жүргiздi. Ең тамашасы, тас қашауды жау тобы түнде де тоқтатпады, тiптi өздерi жобалаған межеге жеткенше тыным алмай iстейтiн тәрiздi. Әрине, бiздiң граничарлар да, өжеттiк пен өлермендiк қанына дарыған ұлттық дара қасиетi емес пе, қажыдық деп жатып қалған жоқ, бiрде-бiрi демалыс сұрамай, үлесiне тиген ауыр мiндеттi мүлтiксiз атқарудан жаңылмады. Чингис тобы, әрине, соның бәрiне мұрындық болып, тас кенеуiне сағат сайын бойлай берген-дi…
Вацлав атай баяғыда сөнiп қалған темекiсiн тұтатып, құшырлана сорды да, кенет орнынан тұра берiп:
– Айта берсем сөз көп, жас өрендер. Сiрә, сендерге ендi осы әңгiменiң тоқетерiн естiрткен жөн шығар, – дедi. – Шаңқай түс жақын сияқты. Төбеден түскен сәуле, байқайсыңдар ма, едәуiр қысқарған.
Мезгiл шамасын кiм бiлген, төбеден құйылған жарық нұрының әлсiреп, өзiмiз тұрған тас қуыстың алакөлеңкеленiп, табан астымыздың да қарауыта бастағанын сонда ғана аңғарамыз. Бiр ғажабы, сол жердегi тастың бедерi ғана емес, түр-түсi де өзгеше екенiн байқаймыз. Тас бетi қоқыс төккендей кедiр-бұдыр боп бiткен, әлдекiм бетон ертiндiсiн әр жерге бей-берекет төге салғандай құдды. Оның жартас тәнiнен жойқын қызу күшiмен суша аққан тас бұлақ қайыра қатқанда пайда болған жасанды құйма екенiн бiз, әрине, кейiн, бiршама кейiн бiлдiк…
– Бiр мезетте үңгiр түбiндегi жалын жалп етiп сөнiп қалды. Әлгiнде ғана от құйындай лапылдап, қызара бөрткен тас бетi де қаракүрең тартып суый бастады. О да бiр сәрi едi, бiраздан соң қара түнек қараңғылыққа қайыра тап болдық. Күнi бойы зор үмiтпен алабұртқан көңiл шiркiн бұл емес, басқа, мүлдем басқа жәйттi күткен-дi. Әсiлi, ол жақсы хабар едi. Амал қанша, соны күте-күте көз талып, жүйкемiз де әбден жұқарған соң, қасыма екi-үш көмекшi алып, үңгiр түбiне тарттым. Алға қарай қадам басқан сайын ыстық леп күшейе түстi. Қапырық жалын бетiме соғады. Тамақ қырған ащы түтiн қолқамды кернеп, бүкiл тыныс жолын тас қып бiтегендей. Сөйтсе де алға қарай адымдай бердiм… Әлден уақытта, соңымда келе жатқан серiктерiмнiң бiрi:
«Батя, ананы қара!» деп қатты дауыстап иығымнан қағып қалды. Қалт тұра қалып, әлгi байғұс нұсқаған жоғарыға қараймын… Уа, не көрдiм, нендей керемет десеңшi?! Бiлгiш болсаңдар, ал айтыңдаршы!..
– Өзiңiз айтыңыз, Вацлав атай, – деймiз ұзақ сонар әңгiменiң шырқау шегiне таянғанын сезiп тұрмыз. Соны жерiне жеткiзем деп жолбасшымыздың қаншама артық-ауыс сөз шығындап, бiздiң төзiмдi сынға салғанын, сiрә, көпке дейiн ұмыта қоймаспыз.
– Жоғарыдан сол сәтте мен оймақтай аспан қиығын көрдiм. Төңкерiлген қазанның шұрқ-шұрқ тесiгiнен құйылғандай жарық шоғырын, бейнелеп айтқанда, жылт-жылт етiп алқаракөк аспаннан жымыңдаған жұлдыздар сәулесiн көргендей боп, қас қағым сәт соған сенбей, есiм шығып, аңырған қалыпта селтиiп тұрып қалыппын… Сонсоң жығылған-сүрiнгенiме қарамай, жұлдыз нөпiрi сығалаған әлгi ойыққа қарай жанталаса ұмтылсам керек. Iле-шала былқылдаған бiрдемеге сүрiнiп мұрттай ұштым. Ыңыранған әлсiз дауыс та сол сәтте құлағыма шалынды. Ендi ес жиып, жан-жағымды сипалап қарасақ – сүлдерi құрып дiңкелей құлап жатқан өзiмiздiң жолашар нояндарымыз екен. Бас ноян Чингистi де сол жерден, өздерi ойған ойықтың түбiнен таптық. Тонымды шешiп үстiне жауып, құтыдағы судың қалғанын аузына тамыздым. Бiрақ, шара қанша, тiл қатуға сабаздың шамасы келмедi…
– Апырай, жұмысты бiржола тындырған кезде, әлi бiтiп есiнен танған ба? Әлде басқа бiрдеме… – деп ойымды дүдәмал еткен сұраққа тезiрек жауап есту ниетiмен.
– Жобасы солай-ау деймiн. Кiм бiлсiн, қайткен күнде заңғар тасты жарып шығуды ғана бiлiп үрдiс қимылдаған соң – не деуге болады, – деп жорамал айтқан жолбасшымыз, ақыры әңгiмесiн түйдi. – Чингистiң тасты тiлген жарағын бұзып бөлшектедiк те, шығар тесiкке сыйғанын сыртқа алып өттiк, сыймағанын тас үңгiрдiң қуыс-қуысына тығып кеттiк. Сiрә, немiстер соншама ынтық болған негiзгi тетiктерiн әкеттiк бiлем, ал қалған бөлегiнен мәндi ештеңе ұқпасы түсiнiктi… Сонымен не керек, сол түнi, таң бозармай тұрып, күллi отряд тас қапастан құтылып, жау құрығы жете алмас жерге ұзап кеттiк. Дұшпан тобының ертеңiнде не iстеп, не қойғанын бiлмеймiн. Ал бiз қосалқы лагерьге жетiп, ес жидық… Болдым, жарандар. Бiттi ұзақ сонар хикаят. Сенiңдер, сенбеңдер. Тiптi соған қайтсең де илан деп, ешқайсыңа да жалынбаймын. Бiр ғана тiлегiм: маған ерiп, мына ойықтан әрi өтiңдер, сонау қырық төртiншi жылдың ақпан айында өзiмдi қосқанда сексен бiр хорват граничарының жанқияр өлермендiкпен тас қамауды бұзып-жарып өтiп, бұл сөздi мен дәл мағынасында айтып тұрмын, жарандар, Чингис есiмдi өнертапқыштың кемеңгер ақылымен жау торынан құтылып кеткен тайғақ кешудi көздерiңмен көрiңдер!
Қалың киiмiн қолтығына қысқан Вацлав атай тас қияға өрмелей жөнеледi. Соңынан қалмай бiз де өкшелеп келемiз. Бiр кiсi әрең сыйғандай тас ұңғыманың келтелiгi сеп болды. Еңбектеген жолымыздың бәрi қорытылған болаттың боқатын жапсырып қойғандай тiлiм-тiлiм. Шынтаққа, арқаға батып, тiзенi де тырмалап қояды. Шығар ауыз ғана қатарлап жиған жүктей текше тас екен. Онша биiк емес, секiрiп кетсең – қалың бұта өскен өзекшеге тап боласың. Төменде – терең сай. Оның өне бойы көз тұндырған қалың орман. Құдды бiр жау көзiнен бой тасалауға әдейi жаралғандай. Бiзге дейiн талай саяхатшы шиырлаған сүрлеуге түсiп, терең сайды қуалай отырып, алдағы жотаға жетiп бiр-ақ тоқтадық.
Сонда ғана артымызға бұрылып, ту сыртымызда жолбарыстың жонындай күдiрейiп тұрған заңғар жартасқа қарағанбыз. Әсiлi, бiздiкi керенау ойдың салдары, одан гөрi өзiмiзге бiрталай бейнет болып, көп әурелеген құзардан аман-есен құтылдық па дегендей қуаныштың әсерi. Ал Вацлав атайдың қоштасуы мүлдем бөлек, қимағандай ынтық сезiммен артына телмiре қарауы, ши қалпағын қолына алып, тас құзартқа тәжiм еткендей сан мәрте басын иiп, көз тастауы – зер салып ойлаған кiсiге көп жәйттi аңғартқандай…
Онысын бiз кексе жанның сонау бiр қиямет-қайым күндерде осы тауда зұлым жаумен арыстанша алысқан бiр топ ерлерге, өзiнiң майдандас серiктерiне бiлдiрген құрметiне сайғанбыз. Сол себептi қайтар жолда аяғын iлби басып, неше күннен берi құлақ құрышын қандырған көл-көсiр әңгiмеден де сап тыйылып, бұйығы енжарлықта келе жатқан жолбасшымызға түсiнiкпен қарап, өзiмен-өзi болып, мұңлы естелiкке берiлген қамкөңiл күйiн егер сөзбен бұзбауға тырысып бақтық…
Тапсырма
I
Кiмнiң болсын ғұмыр жолы түрлi-түрлi асу-белестерден құралғандығы – өмiр заңы. Айталық, уақыт керуенi бiрыңғай сүреңсiз қалыпта белгi-бедерсiз өтiп жатады, дүйiм ел белсене қатысқан дүрмектiң жуан ортасында жүргенiңе мәз болып ғұмыр сүресiң. Айларға жылдар қосылып, ағын судай өте шыққанын ақыр аяғында бiр-ақ бiлесiң.
Кеше ғана мектеп оқушысы едiм, қазiрде Қазақстандағы жалғыз университеттiң бесiншi курсының шәкiртiмiн. Құрдастарымның айтуынша, сақал-мұрты баяғыда тебiндеген кiтап кемiргiш бiлiмпаздың бiрiмiн. Арманым – қаламы жүйрiк жорналшы болу. Әрине, қолдан келсе – сол өнердiң хас шеберi атану. Тәжірибе сынағын терiскейдегi облыстық газет редакциясында өткiздiм. Бiрнеше мақалам жарық көрдi. Көлемi әр түрлi, мәндi-мәнсiзi де бар дегендей. Соның бәрiн ой елегiнен өткiзiп, сын көзбен қарасаңыз – ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе бiтiрмегенiм өзiме мәлiм.
Бүгiнге дейiнгi бар бiлгенiм – «Оқу, оқу және оқу!» Соған аттай он бес жылым шығын бопты, яки он бес жыл ұдайы оқулық кiтаптарды қолдан түсiрмей үйрену мен жаттаудан жаңылмаппын. Не деген мезi тiрлiк десеңшi. Иә, содан соң қол жетпес шексiз арманға берiлгiш, қай-қайдағы қиял жетегiне елiккiш, көкжиектегi сағымды қуған желөкпе… деген оңғақ атақты иеленiппiн. Сiрә, сол – әжуа емес, маған берiлген әдiл баға: жатсам-тұрсам көкейiмдi тосын ой, әлдебiр желiк билейдi де тұрады; Балқан тауына барған саяхатта естiгенім, яки белгiсiз өнертапқыштың қилы тағдыры тынышымды алып, ұйқымды бұзып маза бермегенiне, мiне, қанша уақыт болды.
Шынымды айтсам, сол сапардан мен бiржосын өзгерiп қайттым. Бәлкiм, жер көрiп, ел танудың салдары. Әлде өмiрге көзқарасым есейдi, рухани байыдым? Дауласпаймын, солай да шығар. Сөйтсе де ой қозғап, көңiлдi әлем-жәлем алабұртқан басты жайт – хорват шалы, жолбасшымыз Вацлав Мирзе айтқан таңғажайып хикаят. Өзгелердi бiлмеймiн, өз басым сол кiсi майын тамыза, өзi де елiге әңгiмелеген оқиғаны мен өзгеше қабылдадым. Тiптi соны өзге қырынан ұққан сияқтымын. Неге? Соның себебiн түсiндiру маған бүгiн де қиын, әлеумет. Беймәлiм жанның туып-өскен ортасы, ұлты мен тегi туралы қиял жетегіне күп етіп, ғажап өнерiне ден қойып қызыға қарағаным айдай анық.
Әлбетте сол күнi-ақ Вацлав атайды сөзге тартып, Чингис иә Шыңғыс туралы қазбалай сұрағам. Бұрынғы естiгенiме бірақ тыңнан қосқаным – шамалы деректер.
– Лагерьге келiсiмен оны орталық лазаретке жөнелттiк, – деген-дi ол біржосын егіле сөйлеп. – Содан кейiн оны кездестiрген де, естiген де емеспiн. Сұрастырсам да ешкiм маған ештеңе айтпады, ту бастан оның жүрiс-тұрысы құпия болғанын ескерткенмін… Сөйтсе де үмiтiмдi үзбедiм. Мұндай таңғажайып оқиға белгi-бедерсiз қалмас, «Ел құлағы елу» деген, өзгеше өнер иесi қалайша жым-жылас жоқ болады деген далбаса үмiт те баяғы. Әрине, тауға саяхаттан қайтып келiсiмен туристер лагерiндегi қызметшiлерден ол туралы сұрау салғамын. Айтарлықтай мәндi ештеңе таба алмадым. Ал естiгенiм – қисынсыз қауесет. Тiптi тау үңгiрiн түп жағынан бұзып шығудың өзi түрлiше айтылады екен: әулие азиат дұға оқып, тас арасынан жол ашыпты-мыс; қайсыбiрiнде гипноз арқылы үңгiр аузындағы немiстердi түптүгел ұйықтатып тастаған деседi; бiрақ соның бәр-бәрiнде тас қамауда қалған Мирзе отрядының әулие азиаттың көмегiмен ешбiр шығынсыз құтылып кеткенi – даусыз ақиқат; ең ғажабы, шатқалдағы жұмбақ қуысты жергiлiктi тұрғындардың «Азиат үңгiрi» деп атауы.
Қысқасы, күллi аңыздар осы сарынды. Көптiгi де көңiлге дәт. Осыншама қауесет тектен-текке өрбiмес, негiзiнде әлдеқандай оқиға болуға тиiс деген ойға жеңсiк берiп, iзденiс жасауға бекiндiм.
Үмiт жетелеп, қайтар жолда хорват елiнiң бас қаласы, ерте заманнан осы жұртты билеп-төстеген князьдер мен корольдер сарайы орныққан көне Загреб шаһарындағы «Азаттық» мұражайына бардым. Мұражайдың ғылыми қызметкерi менi мархабатпен қабылдап, өзiмдi күптi еткен бiраз мәселеге хал-қадерiнше түсiнiк бердi. «Екiншi дүниежүзiлiк соғыс» бөлiмiндегi түрліше құжаттармен де таныстырды. Алайда көңiлiмдi көншiткендей мәндi дерек таба алмадым.
– Iзденiңiз, жалықпай iздеңiз, – деп ақыл айтты қоштасарда жаңа танысым игi тiлек қосып. – Жаңылмасам, «Еркiншiлiк» газетiнiң редакциясында партизан қозғалысы жайлы деректi кiтап жазған журналист қызмет iстейдi…
Сол күні-ақ «Еркіншілік» газетінің редакциясына бардым.
– Яромир Намек. Партизандар күресi жайлы кiтап жазған бейнетқор пақыр мен боламын, – деген сөзi әңгiмемiздiң шу дегеннен жарасты жүруiне мұрындық болды.
Намек жолдас үстел басынан жайлап тұрып босағадағы биiк шкафқа барды да, астыңғы суырмадан жұқалтаң бiр кiтапшаны алып алдыма қойды. Жүрегiм атша тулап, кiтапты қолыма тебiрене алдым. «Көңiл жүйрiк пе, көк дөнен жүйрiк пе?» деген сөз рас, тегiнде, шыдамсызданғаным сонша, жұқалтаң кiтапша парақтарын тез-тез ақтара бастаймын, оның бетiндегi жыпырлаған әрiптердiң маған беймәлiм хорват тiлiнде жазылғанын тiптi ойламаппын. Соны аңғарған кабинет иесi үстел тартпасынан бiрнеше парақ таза қағаз суырып, алдыма тастады. Көкейiңдегiнi сұратпай айыратын мейiрбан жандар аз емес дүниеде! Автомат қаламымды көлденең ұстап, Яромир Намектiң аузынан шыққан әр сөздi қақас жiбермеуге әзiрленiп, тым-тырыс тосып отырмын.
– Шамам келгенше орысшалап көрейiн. Сiз сұраған жұмбақ азиат хикаятын мен де емiс-емiс естiгемiн. Сол адам жайында аз-маз қалам да түрткенмiн… Ал, қане, бiр жалғызға сиынып басталық.
Намек жолдас кiтапшаның керек жерiн тауып алды да, жолма-жол аудара бастады. Университетте стенография үйрететiн үйiрмеге қатысып, қазақша да, орысша да тез жазуға бiршама жаттыққамын. Соның пайдасын осы жолы көрдiм. Мiне, сол сапарда қағазға түскен жазбалар.
«…Жау тылында әрекет еткен партизан топтарының iшiнде қарапайым шаруа Вацлав Мирзенiң (бүркеншiк аты «Батя») кiлең хорват граничарларынан құралған шағын отряды көрнектi орын алады. Бұл отрядтың жауынгерлерiнiң саны ешуақытта жүзден аспаған, кейде жағдайға қарай бiрнеше есе кемiп те отырған. Орталық штабтың ресми анықтамасына қарағанда, Батяның отряды тұтқиылдан тез қимылдап, жаумен бетпе-бет әрекеттен тайқып кетуге дағдыланған. Негiзiнен олар қысқа мерзiмде iрi диверсиялық жұмыстар жүргiзген. Сiрә, мұндайжауаптыiспенотрядпартизандықсоғыстыңсоңғы кезеңiнде, әсiресе 1944 жылдың бас кезiнде көбiрек шұғылданған. Осы ретте отрядқа кейiннен қосылған бiр маман жайлы ерекше сөз етуге тура келедi. Ол өзi концлагерьден қашқан Совет Армиясының жауынгерi деседi. Бiрақ қашан, нақты қай уақытта, бiздiң елдегi партизан құрамасына қалайша тап болғаны туралы нақты дерек беймағлұм. Вацлав Мирзенiң және өзге де куәгерлердiң айтуына қарағанда, ол өзiн құпия ұстаған, сол себептен де оның ұлты, туған жылы, соғыстан бұрынғы мамандығы мен қызметi мүлдем белгiсiз. Жұрт оны бiр ғана есiммен, Чингис, әлде Чингиз деп атаған. Иә, сонсоң азиат деген лақап аты және бар. Ол туралы әлi күнге дейiн реттелмеген әскери мұрағаттарда нақты дерек сақталмаған, болса да әзiрше бiзге мәлiм емес.
Қасдұшпанменшайқастаоладамайтқысызерлiккөрсеткен, таңғажайып бүлдiрулер жасаған. «Белгiсiз азиат үңгiрi» деген жұмбақ атымен жұртшылыққа мәлiм атақты тау гроты жайлы аңыз да – құпия кеңес жауынгерiнiң қисапсыз ерлiгiне байланысты туған қауесет. Расында да, бұл – жұмбағы мол үңгiр. Мен оның iшiне кiрiп бiршама зерттедiм. Тау гротының ұзындығы екi шақырымдай, кiрер аузы бiр кiсi әрең сыйғандай тар болғанмен, iшiне бойлаған сайын кеңи бередi. Тас коридорды тауысқан соң құзар биiкте диаметрi жарым құлаш дерлiк өте тараң қуысқа кез боласыз. Қуыстың тақыр бетi – жоғары температура әсерiне ұшыраған магмадан түзiлген тау жынысы. Яғни соның да әлдебiр құпия аспаппен тiлгiленiп, аса жоғары қызу, күштi физикалық әсерге ұшырағанына сенесiз. Соған дәлел құйма үлгiлерi шығар ауызда бықып жатыр.
Алайда ел iшiне лақап болып кең тараған осы тұжырымның нанымсыз жақтары да аз емес. Мысалы, қандай да бiр қатты затты, иә металл, иә тау жынысын оп-оңай тiлiп, жол ашу үшiн – ең кемi екi-үш мың градус мөлшерiнде температура керек. Осынша жылуды жұмбақ өнертапқыш қайдан алды? Тау үңгiрiне ерiксiз паналаған партизан отрядында жанармай қоры, жылжымалы электр стансасы болмағаны айдан анық. Рас, бұл жайындағы аңызда азиаттың жау қосыны жеткiзген iштен жанатын дизель өндiрген қуатты пайдаланғаны айтылады. Жә, солай дейiк. Ал осы заманғы энергетика iлiмi арнаулы өткiзгiш болмаса, яки сым тартылмаса – электр тогын тасымалдау мүмкiн еместiгiне шүбәсiз иландырады. Олай десек, құпия өнерпаз үңгiр аузындағы қуатты пайдаланды деген сөз әншейiн қауесетке айналмақ.
Осы жолдардың авторы сол өнертапқыш жайлы әр жерге сұрау салып бiрталай iздендi. Еңбегi сәттi болды деп айта алмайды бiрақ. Ең қиыны, оның iс-әрекетi туралы ел аузындағы аңыз-қауесеттен өзге қағаз жүзiнде ешбiр дерек сақталмаған. Өкiнiштi жайт – партизан қозғалысының Орталық штабының барлық iс қағазы соңғы ұрыстар кезiнде өртенiп кеткен. Бiлетiндердiң айтуынша, соған мүдделi адамдар болған-мыс… Iздеуге тұрарлық мәндi гәп – азиат атанған әлгi адамның соғыстың аяқталар кезiнде ауыр жарақат алып, партизандық лазареттен одақтас елдiң әскери емханасына жөнелтiлгендiгi. Бұл қауесеттi де бiз едәуiр тексердiк. Амал қанша, партизан лазаретi сол қарсаңда күштi бомбалауға ұшыраған. Әлгi адам лазаретте жатып мерт болды ма, әлде шетелдiк госпитальға ауысты ма? Осы жолдардың авторы Югословакияда әскери миссия атқарған Совет Армиясының барлық бөлiмшелерiне сұрау жолдап хат жазған едi, екi ел арасында соңғы кезде болған салқын қабақ саяси жағдай да тиiстi дәрежеде әсер еттi бiлем, солардың бiрде-бiрiнен ешқандай жауап ала алмады. Сол себептi бұл жұмбақтың ақырғы шешуiн саяси ахуал оңалар алдағы жақсы күндерден күткеннен өзге шарамыз жоқ.
Партизан тобында өзгеше өнерiмен әрекет еткен совет жауынгерi, асқан өнерпаз Чингиз, иә Чингис туралы қауесет хикаяттың мен бiлетiн жөн-жосығы осындай. Бұл хикаят өте-мөте қызғылықты және бiр-бiрiне қайшы келетiн тосын оқиғаларға толы. Қалайда, бұл құпиямен шұғылданғысы келген талапкерге жұмыс шаш етектен дер едiм. Рас, бұл үшiн Артур Конан Дойлдың атақты геройы Шерлок Холмстан да асқан сәуегей болу қажет. Мен өзiм мұншама қиын мiндеттi арқалауға батылым бармады. Алайда осы жұмбақты ерiнбейжалықпай iздегiсi келген батылға әрқашанда қолғабыс етуге әзiр екенiмдi ескертудi қаламгерлiк парызым деп бiлемiн…»
Намек әріптесім кiтапшаны жапты да, «Сол жан сенбiсiң?» дегендей, маған күлiмсiрей қарады. Ал мен өз қолыммен қағазға түскен тәржiмадан туған алғашқы әсерден арыла алмай, соның бүге-шiгесiн түсінбек болып ақыл түгескен қалыпта есеңгiреп отырғамын: өнерпаз туралы бұрынғы бiлгенiме қосқаным азғана мағлұмат, тiптi сол хикаяттың үзiлген жерiнен бiр адым да алға ұзағам жоқ; күптi көңiлге сүйенiш жалғыз тiрек – таңғажайып оқиғаның ел аузында аңыз боп қалмай, баспасөз бетiне түскендiгi. Жақсы кiсiмен жарым сағат бiрге болу – жас адамға үлкен ұлағат. Намек жолдаспен сұхбат менің көңілімде игi әсер қалдырды. Ақыры, ол кiсiмен қоштасатын сәтте ескi таныстай бiр-бiрiмiзге қиыла қарап орнымыздан тұрдық.
– Бетiң түзу, жас дос. Бұл мәселенi сен жалықпай iзден. Бәлкiм, жолың оңғарылып, жетерсiң соңына. Тек шындықтан тайма, әсiре мадақтан қашық бол. Жаныңнан ештеңе қоспа. Жә, қазақстандық әрiптес, қош! Жолың оңғарылсын!..
II
Екi-үш ай өттi. Жаз қызығы бiтiп, соңғы жылдың дәрістері басталған. Жауапкершiлiктi сезiнгендiктен бе, әлде бiз тыңдаған пәндер көбейiп кеттi ме, әйтеуiр, сiңбiруге қол тимейдi дерлiк әбiгершiлікке тап болдым: ертеңгiлiкте оқу ғимаратына кетемiн, төрт-бес дәрiстi тәмамдап жатақханаға қайтқанша екiндi туады; содан кейiн асхананың кезегi келедi; асқазан тiлеуi тояттаған соң не жатақханада, не жататын бөлмеңде кезекшi екенiң есiңе түседi; одан әрi ертеңгi семинарда қызармаудың амалын ойлап, оқу залына бет аласың…
Осы сияқты күйбең тiрлiкке толы күндер зымырап өтiп жатыр. Қоңыр күз де көшуге тақау. Алматының жайма-шуақ күзi басқа жердiң жазына бергiсiз рақат десем, еш қатесi жоқ. Әсiресе күндiзi өзгеше жайлы. Жаздағыдай шыжғырған ыстық сезiлмейдi, күзгi қара суық та оқта-текте болмаса – Алатау бау-
райына сирек соғатын құбылыс. Бiркелкi ашық нұр тас төбеңнен төнедi де тұрады.
Өзгенi бiлмеймiн, мен өзiм жастық шағым өткен әсем қаланың күзiн ерекше ұнатамын. Биылғы күзге де үмiтiм зор еді. Амал не, емiн-еркiн қызықтаудың сәтi келмедi.
Оған да кiнәлi – өзiм, дәлiрек айтқанда, желiкпе көңiлiм. Балқан түбегiне саяхаттан оралған соң-ақ әрi-сәрi ойланып, Шыңғыс ердiң (көкейiмде ол тек қана осы атаумен берiк қалыптасқан, неге сөйткенiмдi бiлмеймiн, Чингис, иә Чингиз деуге көңiл-хошым болмаған-ды) iзiн шалып, жөн-жосығын қайткен күнде бiлмекке бел байлағам. Шынын айтқанда, тiрiлер қатарына өнерпаз сабазды ту бастан қоспағамын. Тiрi болса осы күнге дейiн ол туралы қандайда бiр қауесет естiр едiк. Тасты нанша тiлген жойқын құрал туралы да бiлсек керек-тi. Тау-кен жұмыстары жайындағы аз-маз түсiнiгiм бойынша, адамзат қолына мұндай құрал әзiрше тиген емес. Қай елде болсын, шахтыдағы кен өндiру жұмысын бұрғылау қондырғылары атқарады, шахтерлер қолынан да ауа қысымымен жұмыс iстейтiн перфораторлар әзiрше түсе қойған жоқ. Ал әсем ғимараттарды көркемдейтiн гранит иә мәрмар тақталарын бәз-баяғыдай қолшапқымен өңдейтiнiн күн сайын Алматының жаңа құрылыстарынан көрiп жүрмiз. Егер Шыңғыс қолданған құрал адамзатқа белгiлi болса, тау-кен жұмыстарында төңкерiс туар едi…
Рас, Шыңғыстай өнерпазды жоққа жору қиын-ақ, сөйтуге тiптi де қимаймын. Ал шындықтан ауып не iстейсiң?.. Иә, солай, ол тiрiлердiң санатында жоқ адам. Ал ерлiк iсi, ғажап өнерi? Адам адам болғалы, ел шежiресi жазылып, адамзат тарихы қағаз бетiне түскелi қандай игi iс, жасампаз игiлiк жұрт жадынан ұмытылып, iз қалдырмай бiржола өшкен емес. Сонау көне дүниеден жарық жұлдыздай жарқырап, данышпан Аристотельдiң, ақылгөй Гомердiң, бергi заманда Галилей, Ньютон, Эйнштейндердiң, тағы басқа ақыл иелерiнiң, ұлы өнерпаздардың есiмi өшпей, еңбегi өлмей жеттi емес пе бiздiң заманға?! Аты жетпегеннiң алуан өнерi сақталды. Сынбайтын, оқ өтпейтiн берiк әйнек жасаған өнертапқыштың қарақан басы сараң да қызғаншақ корольдің құрбаны болғанмен, мәңгiлiк ескерткiш боп соңында ұлы өнерi қалған. Ендi атом ядросын ыдыратып, адамзат қызметіне жеккен ғаламат жаңалықтар дәуiрiнде, техника мен ғылымның қарыштап өркендеген шағында, жазу-сызу кемелiне келген кезiнде Шыңғыстай өнерлi замандасымның ойлап тапқан ғажап құралы бiржола ұмыт болады дегенге қалайша сенесiң?! Жә, сенбесең – қайда сол өнер? Кiм айтады оның сырын?
Тым болмаса Шыңғыстың туған облысын, қала, не ауданын бiлсем – сұрау салып iздер едiм, арнайы барып, жаяу кезсем де ерiнбей-жалықпай жүрер едiм өмiрден кешкен iз-соқпағымен. Амал қанша, қолымдағы болмашы дерек оған да мүмкiндiк берер емес. Бар бiлетiнiм – Шыңғыс деген аты ғана. Мемлекеттiк немесе Кеңес әскерiнiң Орталық мұрағатынан сұрау салып хат жазар едiм, бiр ғана есiмi бойынша ешкiм де мен iздеген жанды миллиондаған жауынгер тiзбесiнен қарамайтындығы, әлденеше қабатта иiн тiресiп тұрған, әлденеше пойызға жүк болар қойма сөресiн ақтармайтыны маған қарадай мәлiм. Соны бiлген соң да құр далбаса үмiттi ұмытуға тура келдi.
Дегенмен жүйкенi тоздырған қияли ойдың күрмеуi шешiлер сәтi бiр күнi өз-өзiнен орайласа қалсын. Сол тiптi кездейсоқта оп-оңай табылды десем де рауа. Әлбетте ту баста ойласамшы! Қаншама уақытты бас қатырып зая өткiзiппiн. Сірә, тәжiрибе жоқтығынан, кәнiгi қаламгер болсам, әуелден-ақ солай iстемеймiн бе. Алайда ештен кеш жақсы…
Бiр сенбiде университеттi ертеде бiтiрген журналистермен кездесу кешi болды. Жазушы, очеркист, фельетонист… Кiм жоқ дейсiз? Бәрi де бар. Есiмдерiн газет-журнал бетiнен күнде көрiп, қызыға оқитын қаламгер саңлақтардың қалғаны жоқ деуге болады.
Кешке шақырылған қонақтардың бiразы мiнбеге шығып, көл-көсiр сөз сөйледi. Тәжiрибелерiн айтып, алғашқы мақалаларын қалай жазғандықтары жайлы неше алуан сыр шерттi. Өзгенi бiлмеймiн, солардың iшiнен жастар газетiнiң редакторы, қырықтар шамасындағы, бұйра бас, дөңгелек бет, қызылсары өңдi Сәттаровтың сөзi қатты ұнады.
– Жасқанбаңдар, жастар, бiздiң газетке мақала әкеп тұрыңдар. Кемшiлiгi болса түзетемiз. Ақыл-кеңес айтамыз. Жұмыс iстеуге келiңдер. Журналистiк қадамды жастар газетiнен бастау – өте-мөте пайдалы тәжiрибе, – деп аяқтаған-ды ол сөзiн.
Сол сәтте-ақ менiң есiме Шыңғыс жайлы жұмбақ хикаят оралды: «Мына кiсi қандай жақсы адам! Тұп-тура көкейiмдегi сөздi айтып тұр», – деп бiржосын қуанып, дереу үстел басына отыра қалып, Шыңғыс хикаятын бұрқырата жазғым келген-дi. Сөйтiп, iшiмде байланған түйткiлдi емiн-еркiн тарқатсам деймiн. Жержердегi замандастарыммен, жастар газетiнiң жүздеген мың оқушысымен сырымды бөлiсiп, Шыңғыстай өнертапқышты көп болып iздесек – ол туралы қандайда бiр деректi сөзсiз табар едiк деп ойлағамын. Бәлкiм, аты-жөнiн ғана емес, тасты тiлген құпия аспабының жай-жапсарын бiлер ме едiк, кiм бiлсiн? Қиял шiркiнде шек болсайшы! Көңiл құсы шарықтап ұшып, көк жүзiнде қалықтайды. Бiр сәт газеттiң екiншi иә үшiншi бетiнен (ешуақытта да ондай мәндi материал төртiншi бетке басылмайды) Шыңғыс жайлы көлемдi очеркiмдi көремiн. Атын да бiрден таптым: «Өнер құдыретi». Басқаша болуы мүмкiн емес. Шыңғыстай абзал жанның дарыны, өнерпаздығы жайлы жазбаға тек осындай көтерiңкi атау лайық. Әншейiндегi «Ерлiк» иә «Көзсiз ерлiк» деген сияқты сөздер жадағай теңеу болмақ. Иә, Шыңғыстың сол iсi – шынайы ерлiк, ал ғажап өнерi ерлiгiнен де басым. Өйткенi ол өнертапқыштың асқақ қиялынан туындап отыр. Сонымен очеркiм газетке басылады. Әрине, оның жоғарғы тұсына Қайсар Қайнарұлы деген аты-жөнiм бадырайта жазылады. Бәлкiм, аяғына жазылуы да мүмкiн. Мейлi, мен үшiн бәрiбiр, Шыңғыс есiмiн жұртшылыққа жеткiзу – түпкілікті мақсатым!..
Ал очерктiң соңына, бәлкiм, ортасына көрнектi әрiптермен терiлген мынадай сөздердiң тұруы хақ: «Құрметтi оқушы! КазМУ-дiң студентi Қайсар Қайнарұлы кешегi соғыстың аласапыран кезiнде ерлiгi де, есiмi де ұмыт болған өнертапқыш Шыңғыс есiмiн жарыққа қайта шығарып отыр. Қайнарұлының iзденiсi – қуанарлық, құптарлық талап. Редакция алқасы газет оқырмандарынан осы өнертапқыш туралы қандай болсын қосымша дерек, мағлұмат бiлетiн адамдардың бiзге хабарласуын өтiнедi…»
Апыр-ай десеңшi, Шыңғыс жайында iздеу салған алғашқы хабардың нақ осындай редакциялық арнаумен берiлетiнiне өз басым титтей де шүбәланғам жоқ. Мұны мен газеттiң сол күнгi бетiн қолыма ұстап тұрғандай айна-қатесiз болжаған едiм. Әлбетте газет оқырмандары бұл хабарға бейтарап қалмайды. Қайткен күнде жер-жерден телефон соғып, хат жазып, iзденiсiме қолғабыс етедi. Ақырында бiз көп болып… Ендеше, бұдан әрi кiбiртiктеп бөгелуге болмайды. Көрген-бiлгенiмдi қағазға тездетiп түсiру қажет!
Егде жорналшылармен кездесу кешiнен мен жатақханаға осындай бекем пiкiрмен оралғам-ды. Алайда ауызбен егiн егiп, оны жайқалтып бiтiк өсiрiп, ысырапсыз жиып алудың қиын екенiн бiлсемшi, сiрә? Кездесу кешiнде айтылған бiр ауыз лебiзге көңiлденiп, аяқ астынан очерк жазып, соны республикалық газетке қолма-қол жариялағанымды еске алсам – күнi бүгiнге дейiн бетiм шиқан шыққандай қызарып шыға келедi. Бәрiнен де қиял шiркiннiң Алатаудың қарлы шыңынан әрi асып кетуiн айтсаңшы!
Ал әңгiменiң шындығын естiртер болсам, қиялдағы очерктi бiрден отыра қалып, бiр түнде жаза алмағанымды мойындауға тиiспiн. Рас, жатақханаға келген соң қағаз бен қаламымды сайлап, үстiңгi қабаттағы оқу залына көтерiлгемiн. Оқшау бiр үстелдi иемденiп, «Өнер құдыретi» деген атауды ақ параққа бадырайта жазайын. Сонсоң үстел шамын өзiме жақын қойдым да, басымды сәл қисайта ұстап, әлгi сөздiң шекесiне ірі әрiптермен очерк деген жанр анықтамасын қондырдым. Тайға таңба басқандай боп әдемi шықты. Содан кейiн?.. Жағымды таянып, көзiмдi тарс жұмып әрi ойландым, берi ойландым. Оқиғаны неден бастауым керек? Вацлав атаймен кездесуден бе; әлде тұп-тура соғыс күндерiне түсiп, жау тылында әрекет еткен партизан отрядының бүлдiру қимылдары туралы әңгiме шертемiн бе; ең аяғында Балқан тауындағы үңгiр оқиғасын баяндауға кірісейін…
Жарым сағат өттi. Әлi бiр сөз жазғам жоқ. Жаздым, жарым беттi оп-оңай толтырғамын. Бiрақ содан не пайда? Бәр-бәрiн сызып тастадым. Өйткенi Шыңғыстай өнерпаздың ерлiгiн әспеттеп жазуға ерекше жiгерлi сөздер iздегенмiн. Оқушыны бiрден елiктiрiп әкететiн, қолынан жетелеп, қашан оқып бiткенше жалықтырмайтын әуен табуды жөн көргенмiн. Әлгiнде ғана көкейiмде сайрап тұрған, маза бермей, тынышымды алған көп ойлар, әсiре теңеулер қайда кеткенiн бiлмеймiн. Үстел басына отырғанда соның бәрi әлдеқайда бытырап кетiптi.
Сөйтiп отырып түннiң бiрталай уақыты өтедi. Бiр сәтте даладай кең залда жалғыз қалғанымды аңғарамын. Амал қанша, жалғыз ауыз сөз жазбаған қалпымда аяғымды iлби басып, жатын бөлмеме қайтамын.
Сол түндi ұйқысыз өткiздiм. Қаламы жүйрік жорналшы болудың бейнетi мол қаракетке душар ететiнiн, кейiпкерiң жайлы тебiрене ойлау өзiңдi дертке ұрынғандай мәңгiртiп, есiңдi алатынын сол түнi тұңғыш рет түсiнген шығармын, сірә.
Осылайша бiрнеше күн әбiгерге түстiм. Ақыры, бiр күнi бiтiрдiм-ау. Артық-кемi жоқ, тұп-тура сегiз парақ болды. Және сол тышқанның iзiндей ұсақ әрiптермен жазғанда. Қайта-қайта оқимын. Көп-көрім дүние туған. Тiлi көркем. Бәрiнен де бұрын оқиғасы ғажап, қызықты желiспен берiлген (өзi де жан тебiрентер сұмдық оқиға ғой). Қандай сақ, қытымыр редакторға жасқанбай көрсетуге жарап тұр.
Сонымен, не керек, бiрнеше күннен соң жiбi түзу костюмiмдi киiп, туфлиiмдi жылтырағанша майлап алып, редакцияға келейін.
– Сәттаров жолдас өзiнде ме? – деп хатшы қызға сәлемдесудің мезіретін жасап, төрдегі есiктiң тұтқасына қолым тигенi сол едi.
– Әй, жігіт, қайда барасың? – Тұлымын шорт кескен, даусы шiңкiлдеген ақсары қыз шап берiп жеңiмнен ұстай алды, – Бас бар ма өзiңде?..
Лепiрген көңiлiм су сепкендей басылды. Хатшы қызға состия қараймын.
– Шаруаңды маған айт, – дедi қыз, кiр суындай кiлкиген боз көзiнiң ағын алайта төңкерiп.
– Сәттаров ағайға көрсететiн материалым бар, – деймiн, ентiге сөйлеп (редакция төртiншi қабатта едi, жүгiрiп шықсам керек, әрi бұған көңiл өрекпуiн қосыңыз).
– Сперва маған тіркетесің. Қанекей, берi әкелгин, давай сюда!
«Қап, мына қыздың кісімсінуіне не деймін? Хат тiркеушi байғұс бұдан не түсiнеді? Менi Сәттаров жолдастың өзi шақырған десем бе екен, әлде…» Қайтейiн, неше күн, неше түн толғатқан дүниемдi секпiл бет, шикiлсары қызға ұсынамын. Ол шiркiн тым болмаса бас-аяғын шолып оқыған да жоқ, бiрiншi беттiң сол жақ бұрышына баттитып тұрып, төрт таңбалы санды қонжитты да, очерктi өзiме қайтарып бердi.
– Әдебиет бөлiмiне апарыңыз. Короткий коридор, прямо, екiншi есiк. Бастығы Құралаев, зовут его Қасымтай!
Ұнжырғам түскен қалыпта iлби басып, әдебиет бөлiмiне келдiм. Құралаев шот маңдай, бадырақ көз, шой қара кiсi екен. Жазғанымды ұсындым.
– Отырыңыс…
Құралаевтың үні суық тиiп қарлыққандай көмескi естiлдi. Сөйлеу мәнерi солай ма, «з» әрпiн «с» деп айтады екен. Қимылы да сылбыр, бүктеулi парақтарды ашып, маған ожырая бiр қарады да оқи бастады. Қытымыр кiсi сияқты. Сәлемiме жауап қатпады. Кiм екенiмдi де сұраған жоқ.
Тыныш отыра алмай қозғалдым бiлем, астымдағы ескi орындық шиқ-шиқ етiп сықырлады. Көкейімде сайрап тұрған сөздерiме ұрлана қараймын. Бұрын да дегбiр дегеннен мақрұм жан едiм, ал қазiр содан бiржола айырылғандай халдемiн. Менiң тынышсызданған жайымда Құралаевтың жұмысы болған жоқ, асығар емес. Қолжазбамды сыдырта бiр шолып шығып, қолына қызыл қарындаш алды. Мен үшiн ендi азапты минуттар басталды. Сұмдық! Екiншi бетке баттитып тұрып екi жерден сұрау қойды. Үшiншi беттiң де қақ жартысының астын қызылдап тастады. Көпе-көрiнеу жасалған мына зорлыққа не деуiм керек? «Нашар жазылған. Түкке тұрмайды!» деп қуып шықса, не iстеймiн? «Апырай, аяғына дейiн оқыса жарар едi. Оқиғасы соншама қызықты әрi ерекше жағдаят. Соған елiгiп тiл кемшiлiгiн кешiрер едi. Бiрақ әне бiр құрып қалғыр бүйiрi бұлтиған сұраулар белгiсi тым көбейiп кеттi. Ә, мейлi! Ақырына дейiн шыдадым. Шыңғыстай ер азаматтың биiк рухы үшiн бәр-бәрiне көндiм…»
Бiр мезгiлде оқып бiттi. Шашырап жатқан қағаз парақтарын үстелдiң шетiне қарай ысырды да, Құралаев маған бажырая қарады. Бадырақ көз – қашаннан да көркемдiкпен сыйыспайтын белгi. Мына кiсiнiң көзi соның ең зоры. Шарасынан шығардай боп кiсiге қадала қарағанда жүзiң шыдамайды, тура өңменiңнен өтердей сұсты.
– Ым…м, – деп ыңырана дыбыс қатты бiр сәтте.
«Оу, ұрысар болсаңыз соны үздiктiрмей тезiрек айтсаңшы. Жетiсiп отырғам жоқ. Болыңыз ендi, қандай үкiм естiртсеңiз де» деймiн iштей.
– Солай де, Қайнаров шырақ. То есть, Қайсар бауыр… Құралаев кенет мырс етiп, қызыл қарындаш мейiлiнше ай-
ғыздаған қолжазбамды қолына қайыра алды.
– Жап-жақсы екен!
– Уһ!…
Құралаев кенет iшек-шiлесi қатып рақаттана күлдi.
– Сiрә, алғашқың болар?
– Иә, солай деуге болады. Облыстық газетте жарияланған мақалаларымды айтпағанда… – деймiн күмiлжiп.
– Алғашқың болса, жа..ман е…мес, ей!.. – дедi Құралаев даусын соза сөйлеп, – Құдай бiледi дейiн, тәп-тәуiр. Қиналған боларсың, ә?
Басымды изедiм. Әлгiндегi кiбiртiктеген, қалай боладымен қатты толқыған жайымды ұмытып кеттiм. Көңiлiм әп-сәтте жадырап, бұл хикаятқа қалай кездесiп, оны баяндауға ерекше қиналғаным жайында бастан-аяқ айтып бердiм.
– Дұрыс. Очерк те көркем шығарма. Оны әрдайым тап осылай қиналып жазу керек. Сонда ғана нағыз дүние туады. Ал, бауырым…
Соңғы сөзiнен секем алып, бетiне жаутаңдай қараймын. Шынында да, бекерге сезiктенбеппiн, бөлiм меңгерушiсi iле-шала очерктiң кемшiлiгiн тiзген сынға көштi. Бақсам, Шыңғыстың ерен ерлiгiн мен лепiрме сөздермен әспеттеп, негiзгi оқиғаның түйткiлдi түйiнiн шешiлмеген қалпында қалдырғамын. Ол қолданған жарақ қандай ғылыми заңдылыққа сүйенген? Сондай зерттеу қазiрде бар ма, болса ол не дейдi? Ең негiзгi мәселе – Шыңғыс кiм? Бұл сұрауларға очеркiңде жауап жоқ. Сол себептi мына жазғаным шындықтан гөрi қиялға көбiрек ұқсаған.
– Сенбейсiң. Тiптi илану қиын. Түсiндiң бе? Шыңғыс есiмдi өнертапқыштың сонау Балқан тауында ғажап өнер көрсетiп, жауынгер серiктерiн ажалдан құтқарғанына мен сенгем жоқ, – дедi Құралаев ең соңғы үкiмiн риясыз естiртiп. – Турасын айтсам, шығармаң бұл қалпында газетте жариялауға жарамай ды. Есiңде болсын, баспасөз бетінде – газетте тек қана шындық жазылуға тиiс. Ал сенiң Шыңғысың, ғапу ет, әзiрше қиялдан туған фантастикалық шығарманың кейiпкерiне айналып кеткен. Сен әуелi оны жер бетiне түсiр, бiздiң ортамызда өмiр сүргенiн нақты айғақтармен дәлелде…
Ұнжырғам түсiп орнымнан сөлбiрейiп тұрсам керек.
– Асықпа, отыр, – дедi Құралаев зiлдi үнмен, – Шыңғысты архивтен iздеп таппайсың, сiрә. Менiңше, оны ел арасынан iздеу керек. Жақсының атағы елеусiз қалмайды, ондай адам ешқашанда ұмытылмайды. Шыңғыс өнертапқыш екенiн соғыста ғана емес, елде де көрсеткен болар-ау. Соғыс болса тұтқиылдан келiп, кiмдi болсын, күнбе-күнгi машық iсiнен айырып, ел қорғау жолына ерiксiз жектi. Ел iшiнде, халық аузында он дай өнертапқыштар туралы, аса дарынды шеберлер жайында қандайда бiр аңыз-әңгiме қалмады дейсiң бе? Әрине, қалды. Демек, сен сондай қауесеттерге құлағыңды түрiк ұстап жүруге тиiссiң. Бәлкiм, сәтi түссе, кiм бiлсiн? Сөйткiн, бауырым!
Құралаевпен қоштасып кабинеттен шықтым. Таңнан берi бұлыңғыр тартып тұрған ауа райы мүлдем қарауытып, қарақошқыл бұлттар құрсауына түсiптi. Сiркiреп жаңбыр жауып тұр. Асфальт үстi шылқыған су. Тас төселмеген ашық жер былжырап жатыр. Көңiл күйiмнiң де жай-жапсары соған ұқсас. Әлем-жәлем көңiлмен iлби басып, трамвай тоқтайтын аялдамаға бет алдым.
III
Сенбi. Өзгенi бiлмеймiн, мен үшiн аптаның сенбiсiнен артық күн жоқ. Неге десеңiз, сенбiде мен арқам кеңiп, мойным ауыр жүктен босағандай сезiнемiн. Сауық кештерi, театр, кино, бақ, би алаңы… Осының бәрi – сенбiнiң еншiсiндегi думандар. Ендеше, мұндай шат-шадыман күндi оқу залында отырып, мезi ермекпен өткiзетiн бейшара шәкiрт мен бе екен сонда?
Алдағы сенбiнi де асыға күткенмiн. Ретi келсе драма театрының жаңа қойылымын тамашалап, соңынан би кешiне соғуды ойластырып қойғамын. Өйткенi мойныма жүктелген айтарлықтай жұмыс жоқ-ты. Жұмбақ өнертапқыш туралы очерктi чемоданым түбiндегi газеттiң астына тығып қойғамын. Оған деген бастапқы құмарым суыған. Әншейiн iс екенiне көзiм жеткен. Алматыда жүрiп қайдағы бiр өнертапқыш жайында кiмнен және не деп сұраймын? Әуелi оқуымды тәмамдап, диплом алайын. Қызметке орналасқаннан соң, бәлкiм, сұрау салармын. Сол кезде, Құралаев айтқандай, құлағымды түрiк ұстармын. Сәтi түссе, табармын Шыңғыстың ауылын. Ал таппасам?.. Жалғыз маған керек пе ол, ел жадынан ұмыт болған өнерлiлер бiр сол ғана ма… деген уәжге сайып, iзденiстi бiржола тоқтатқамын.
Жаңылмасам, бейсенбi күнi болса керек, журналистика кафедрасының қартаң меңгерушiсi Отаров Маңғаз ағай кабинетiне шақырып:
– Шырағым, мына бiр мақаланы Құралаевқа апарып берсең қайтедi, – дегенi.
Үлкен кiсiнiң, оның үстiне бiр қауым жұртқа сыйлы ұстаздың тапсырмасын тәрк етуге бола ма, жастар газетiнiң редакциясы қайдасың деп, делбең қағып жетiп келейiн. Құралаев күтiп отыр екен. Маңғаз ағайдың мақаласын менiң очеркiм құсап бояу қарындашпен әрлі-берлі сызбақ түгiлi, көз салып оқыған да жоқ, машинисткаға бiрден жөнелттi. Сөйткеніне тiптi риза болдым. Жорналшыларды тәрбиелейтiн Отаровтай профессордың мақаласы күзеуге түссе, басқалардың көрер күнi не болмақ?
– Ал, бауырым, хал-күйiң нешiк? Шыңғысты таптың ба?
– Жоқ.
– Сұрау салдың ба?
– Жоқ.
– Қазiр нендей тiрлiк iстеп жүрсiң?
– Бiржола жауып қойдым, – деп турасын айтайын. Құралаевтың сол жақ көзiнiң көк етi жыбыр еттi.
– Б…б…берi кел, жа…жақынырақ!
Қытығына тигенiмдi сездім. Амал бар ма, бiрер қадам жақындай түстiм. Құралаев маған зейiн қойып қараған да жоқ. Телефон трубкасын көтерiп, әлдекiмдi iздедi.
– Мақа, мен ғой… Құралаев, жастар газетiнен.
Не дерiн бiлмесем де, сезiп тұрмын, кафедра меңгерушiсiнен әлдене сұрамақ.
– Мақа, соңғы курстағылардың диплом жұмыстарын бекітіп қойдыңыздар ма?
«Апырау-ау, Құралаевқа мұның керегi қанша? Өзiнiң дипломы қалтасында, жұмысы мынау – республикалық газеттiң бөлiм меңгерушiсi. Жазушы атаулы жиi келiп сәлем берiп тұрады, апта сайын телефон шалып, денсаулығын, үй-iшiнiң амандығын тәптiштеп сұрайтындар қаншама! Ал жұмыртқадан жаңа шыққан балапан iспеттi менде бұл кiсiнiң жұмысы қанша? Өзiм-ақ айтайын сұрағанын: диплом жұмысын күз басында алғамыз. Маған
«Ұлы Отан соғысы алдындағы баспасөзде стахановшы еңбек озаттарын насихаттау» деген тақырып тиген. Қиын емес. Қай газеттi алсаңыз, номер сайын стахановшылар жайлы аста-төк материал бар, ең ғажабы, солар күн сайын мақталған. Соларды пайдаланып диплом жұмысын жазамын. Оның жөн-жобасын әлдеқашан ойластырып қойғамын. Мен үшiн бұл – көп дегенде бiр айлық жұмыс. Керектi материалдарды жиыстырып жүрмiн…»
– Қайнаровқа берген тақырып есiңiзде ме, Мақа?
«Қап, мына кiсi бiр нәрсенi бүлдiргелi отыр шамасы. Апыр-ау, менiң диплом жұмысымда не шаруасы бар?»
– Мақа, Қайнаровтың диплом тақырыбын өзгертсеңiз қайтедi? – деп Құралаев төтесiнен бiр-ақ түстi кенет.
«Мәссаған, безгелдек! Сорлатты-ау менi әбден» деймiн iштей, ашық түрде қарсылық бiлдiруге шама қайда.
– Не-неге дейсiз бе? Үлкен себебi бар, кейiн айтармын. Бұл өзi жалқау жiгiт көрiнедi. Бiздiң редакция бұл шәкiртiңiзге сенiм артып тапсырма берген едi, өз еркiмен орындайтын емес, ал соны диплом жұмысына байлап қойсақ – қайда барады, орындауға мәжбүр болар едi, иә, солай.
«Үлкен кiсi, әсiресе беделдi газеттiң дардай қызметкерi де көпе-көрiнеу өтiрiк айтады екен-ау. Қандай тапсырма? Қашан берiп едiңiз?»
– Солай ма? Қағілез, тiлалғыш, оқуы да үздiк дейсiз бе? Әй, бiлмеймiн, сенбеймiн сол жiгiтке, – деп Құралаев әлгi сөзiн қайталады. – Жә, келiстiңiз ғой? Тiптi жақсы. Көп рақмет! Қандай тақырып дейсiз бе? Қазiр айтайын…
Құралаев жаз дегендей алдыма ақ қағаз тастады.
– «Ұлы Отан соғысы алдындағы баспасөз бетiнде жарияланған өнертапқыштар туралы очерктерге сипаттама және олардың басты кейiпкерлерi». Иә, иә, дәп солай. Жаздыңыз ба? Қайнаровтың өзi де келiстi, әне, менiң сөзiмдi ықыласпен тыңдап отыр. Рақмет, Мақа, қош болыңыз! – Құралаев трубканы тегершiкке қойды да, маған қарап күлiмсiрей сөйлесiн. – Ал, бәлем! Жазаңды алдың ба?! Жектiм бi…бi…лем? Ендi i…iс…iс…денбей көр. Жиыр ма жыл бұрынғы газет-журналдың шаңын жұтып, сарғайған тiкпелердi ақтарасың!
Мен жауап қатқам жоқ. Ызадан жарылардай боп үн-түнсiз сiлейiп тұрмын. Мұндай зорлыққа қалайша төзуге болады?
– Ал, бауырым, жолың болсын! – дедi Құралаев, күректей жалпақ еттi алақанын менiң кiшкене қолыма сарт еткiзiп. – Әсiлi, сен шошыма! Сәл-пәл күрделi тақырып. Зато, бар ғой, екi қоянды бiр оқпен атып алуың ғажап емес. Рас-ау, ә! – Бөлiм меңгерушiсi шынымен сол iзденiске қызыққандай кенет жайраң қақты. Сояудай iрi тiстерi аузын ашқан сайын жылт-жылт етiп көрiнiп қалады. – Дипломыңды қалтаңа саласың әрi iздеген геройыңды табасың. Қандай тамаша iс! Жас журналист үшiн бұдан артық сәттiлiк болмайды! Өзiмiс бұлай бастаған жоқпыс. Құдай бiледi, имандай шыным. Сен болсаң оқу бiтiрмей жатып, үлкен тақырыпқа бiрден кенелдiң. Ал жөнел! Шыңғысты iздеу жалғыз өз iсiм деп санама. Бұл – саған біздің редакциядан жауапты тапсырма!..
Жан-дүнием қарсы болып, iшiм қазандай қайнап тұрса да ештеңе демедім. Жөнел деген соң бiр минут та бөгелгем жоқ, аяғым-аяғыма тимей зытып келемiн. Шынтуайтын айтқанда, бұл – менiң қайтадан шарқ ұрған есер көңiлiмнiң сол сәттегi әуейi. Құралаевтың әуелi менi шошындырып, артынан оп-оңай көңiлдендiрiп жiбергенiн айтамын. Ойлап қарасам, жалғыз мен емес, Шыңғыс хикаятына Құралаев та сенедi екен. Ал менiмен салыстырғанда Қасымтай ағай журналистиканың нағыз тарланы емес пе?! Ендеше, ел жадынан ұмытылған өнертапқышты iздеу – өзiм ойлағандай үмiтсiз болмағаны. Диплом тақырыбының қиындағанынан онша сасқамын жоқ. Мейлi, қиындай берсiн. Қайта тiптi жақсы. Шыңдаламын, жас қаламымды ұштаймын, тәжiрибеммолығады. Еңғажабы, iздептабуарманболған Шыңғыс сынды тамаша өнерпаздың тағдырына, бәлкiм, жолығамын…
Жатақханаға келiсiмен бұрынғы iс жоспарымды бұзып, диплом жұмысын жазуға әзiрлiк кестесiне түбегейлi өзгерту енгiздiм. Қысқа мерзiмде толып жатқан газет-журналдарды ақтарып, қажет-ау деген мақала, ақпар, түрлiше жарияланымдарды iрiктеуiм қажет. Кейбiр iрi жаңалықтар жайлы тиiстi мамандармен кездесiп, жазылған материалдың дұрыс-бұрысын тексермей тағы болмайды.
Қысқасы, сенбi сайынғы серуен, мәдени саяхат, би кештерi жайына қалмақ. Мен ендi уақыт пен жылдар керуенi сарғайтқан газет-журналдар тiкпесiн ертелi-кеш мұжыған зерттеушi болуға тиiспiн. Тек сол уақытша болғай…