Қой, бұ қазақты қой!
Күні кеше ғана мына қызылды-жасылды дүниені қызыл өкшесімен басып жүрген Жаубас таң сәріде бақиға аттанып кетіпті. Жарықтық ауылдың тойдомалағында нарттай қызарып:
– Әй, мен өлсем де басымда даңғырлатып музыка ойнатып өлермін, – деуші еді. Қарашы енді. Тілі кәлимаға да келмей қалыпты. Періштесі әумин демеген де…
Әрине, алпыс бес жас көп те емес, аз да емес. Қанағат керек. Төтелеп келген ажал. Ағамыздың әлгіндей аспандап сөйлейтін де жөні бар. Астананы төбесімен тіреп тұрған он мықтының бірі – інісі Дәубас.
– Жастай оқуға кетіп, қалаға сіңген бала еді. Несін айтасың, бүгінде үйіне кіре алмайтын көрінесің. Ауласының өзі ат шаптырым, сыртына кісі бойы қол созым қорған соғып тастапты. Келген адаммен түйме басып қана тілдеседі екен. Жүзін көрсетпейді.
– Келініміз қаймағы алынбаған сүтке шомылады дейді.
– Оны айтасың, ініміздің қолын алып сәлемдескен адам ақша төлейді екен, – десіп ауыл-аймақ аңыз етісетін.
Ауылдың шалдарына бәрінен бұрын мына сұм ажалды соған естірту қиынға соқты.
Бір шал бүгежектеп:
Әңгімені со-нау Адам атадан бастайық, – деді. – Соны да алған Аллекем дейік…
Өй, қой, қайдағыны қоқытпай. Адам атадан Жаубасқа дейін аралықта неше ата бар? Соның бәрін түгенде дейсің бе? Оған дейін бұл марқұмның еті іріп, сүйегі шіріп кетер.
Ал, айт?
Одан да Әнес сахабадан бастайық.
Өй, оның бізге қатысы жоқ қожа емес пе?
Ештеңе етпес. Адам атаны қазақ деп кім айтты саған?
Құжынаған халықта есеп жоқ. Үйге иықтасып кіріп, иықтасып шығып жатыр. Ал шалдар осылай ырғасып тұрғанда бұл мәселені Жаубастың немересі демде шешіпті. Қол телефонымен «Аташка умер. Завтра похорон» деп хабар жаза қойыпты. Бітті.
Бар міндеттен оп-оңай сытылып шыққан шал дар күншуаққа құйрық төсеп, енді Жаубастың жақсылықтарын санамалады:
Несін айтасың, жас кезінде ақсары жүзді, әдемі жігіт еді.
Көзі ылғи күлімдеп тұратын.
Іскер еді. Жиналыс десе алдындағы асын ұмытатын.
Өзі соңғы кезде күрт қартайып кетті. Солай, мұрт-сақал қойып алған…
Бесін ауа үйдің бүйірін ойып:
– Дәубас көкем келді! – деген ащы айқай шал біткенді дүр сілкіндірді. Өз-өздерінен опыр-топыр боп, тіпті ебедейсіздеу екі-үшеуі есік алдындағы томарға сүрініп, тоңқаңдап құлап жатты.
Дұрыстап көрісейік! Кәне!..
Көліктен түскен бетте кекірейіп тұра қалған Дәубасқа қаралы жұрт жалғыздап барып төс түйістіріп шықты.
Жесір қалғалы отырған жеңгесі қайнысының келгенін есіткен бетте сәл-пәл талықсып кеткен. Әйтеуір, жанында отырған абысын-ажындары сүйемелдеп зорға басын қалқайтты.
Дәужан-ау, ағаңнан айырылып қалдық қой… Ақсұңқар құстай ұшып кетті ғой қолымнан… Екі дүниеде де саған риза, күнім. Жасамаған жақсылығың жоқ. Бізге Астанадан кезексіз бес бөлмелі пәтер бердің. Бір баламызға тендер дегенді ұстаттың. Ол енді өзіңнің арқаңда министр болам деп жүр. Кенже қызымызға машина мінгіздің. Уһ!..
Қаумалап отырған жұрттың көзі атыздай боп, жұтқыншақтары жүгіріп кетті.
Сұңқылдаған неменің есін жиғызғысы келді ме, жанталасқан Дәубас қолын абайсыз сілтеп қалып еді, онысы қата тиіп, жеңгесінің жағына сарт ете түссін. Абысын-ажынның сүйемелдеуімен әрең отырған, басы кекжең етіп жарға соғылды.
Ойбай-ау, келмей жатып сабайтындай ағаңды мен өлтірдім бе? Білгің келсе, айтайын. Түбіне жеткен – көңілдес қатындары. Соның бәрін құрақ көрпедей қиыстырып, жымын білдірмегенім бе жазығым?!
Дәубас нарттай боп қызарып алды. Тамағын қырнап, галстугін кеңітті. Осы сәтте есіктен ентелей енген бейтаныс екі жігіт Дәубасты өкіріп кеп бас салсын.
Ағатайым-ау, қамқорым-ау!
Көкетайым-ау, көз нұрым-ау, – деп екі жақтан жұлмалап айыру бермеді. Азалы жерде жөн сұрасу ұят. Аты ағайын болар деп ойлаған. Айналаны азан-қазан қып бара жатқан соң Дәубастың өзі шыдай алмай:
Жә! – деп жекіріп тастады. – Жетті!
Соңынан ауылдың жорға шалдарына кезек тиді: Шырағым, өзіңді Астананың бір мықтысы деп ести-
міз, құтты болсын!
– Құтты болсының не, көңіл айтсаңшы.
Жаубас жарықтық өмір бойы кеңшарды биледі.
Еліне пана еді.
Асқар тауымыз құлағандай жетімсіреп қалдық. Тоң жібіп, сәуір келгенде кеткенін айтсаңшы!
Жеңгең әйел заты ғой, қайғыдан не айтып, не қойғанын білмей отыр.
Кешір, шырағым!
Дәубас сол нарттай қалпы басын сәл изеп, бәрін тәнті етті.
– Келін неғып келмеді? – деді бір кемпек кемпір қарап отырмай кемсеңдеп.
– Шетелде. Демалыста.
Абысын-ажындарының сыбырлауымен ес жиған жеңгесі құшағын кең жайып:
– Дәужаным-ау, келсеңші! – деген. Қайнысы қолын бір сілтеп, құйрығын бір сипап сыртқа беттеді.
Ендігі мәселе марқұмды қай қорымға қоямызға ұласты. Ауылдағы үш қорымның екеуі қазақтікі де, бірі – орыстікі.
Мына жақын тұрған қауымда бұлардың арғы аталары Саубас, Маубас жатыр. Аруақ аттамайық, – десіп бір топ шал батысқа қисайды.
Жо-жоқ, анау алыстау қорымда бұлардың Итбас деген жетінші атасы жатыр деп есіттік. Жол сонікі, – десіп бір тобы шығысқа қисайды.
Ол – қате! Итбас қалмақпен соғыста тұтқынға түсіп, таптырмай кеткен.
Шалдар осылай сөзбен шарпысып, кейбір шыдамсызы тіпті сақалдасуға дейін барып қайтты.
Уақыт болса сырғанап барады. Мал сойылып, мүшеленіп болған. Кебін пішіліп, жыртыс алынған. Әлекедей жаланып, бес-алты жігіт күрек-сүймендерін сайлап олар тұр. Ақыры шалдар Дәубастың алдына кеп жүгіністі.
Екеуінің қайсысы дұрыстау? Сол жерден ағама топырақ бұйырады, – деп, көп ойланып жатпай жүріп кетті.
Үй іргесіндегіні Дәубас жаратпай, кіржиіп қайтты. Өңшең жатаған, кедей-кепшіктікі екен. Ылғи мінгестіріп салыпты. Кісі жерленбегеніне де көп болыпты. Қурай өсіп, шөп-шөңге басыпты. Ол жерге ағамның асыл сүйегін қор етпеспін!
Ал алыстау қорымды әрі айналып, бері айналып ұнатты. Тіпті кей жеріне тас жол төселіп, тал тігіліп, гүл егілген. Тіпті шаруа оңтайлана қояйын десе сол ғой, шет жақтағы зәулім мазардың жанында бір кісілік мол орын да тұр.
Бастаңдар! Қазыңдар тездетіп!
Үлкен кісінің үкімі бет қарата ма? Лезде көр қазылып, лақат ойылып дайын болды. Тек ауылдың үркердей атқамінерлері ғана оңаша шығып, түсініксіз күбірлесіп басылған.
Бұл қазақтың сөзі желдей жүйткіп алдыңды орайды да отырады. Дәубастың қай зиратты таңдағанын, кімнің моласының қасынан көр қаздырғанын біреу лезде жеңгесіне жеткізе қойыпты. Сөйтіп, ертеңгі атқарылар шаруаны тындырып келсе, жеңгесі түскір көгеріп-сазарып тағы талып жатыр. Сәлден кейін:
– Әй! – деді басын көпшіктен жұлып алып. – Мына мен осы шаңыраққа келін болып түскенде шопайың шолтаңдап жүрген бала едің. Мана ғой жағымнан ұрып талдырасың. Енді кеп көрді ағаңның былтыр авариядан өлген көңілдес қатынының қасынан қаздырасың. Тірісінде құшақ айқастырып, берекемізді қашырған. Енді өлгенде де қойындасып жатсын дедің бе? Бұл қай масқараң, ойбай?!
Дәубас қаралай сасып, айналасындағы қаумалаған шал-шауқанға, ауылдың үркердей атқамінерлеріне қараған.
Келінжан, бізден аулақ, ол арасын білмейміз… Жоқ жерден куә қылма…
Өзіміз таяққа мініп, тақамыз қисайып әрең жүргенде…
Өрістен мал келетін уақыт болды…
Таңертең жаназа намазында бас қосармыз… – дескен ауылдың жорға шалдарын қайдағы жоқ жөтел қысып, тоңқаңдап қашты.
Әйелдің қара тілдісінің беті оңайлықпен қайта ма? Онда мен айтайын, сол қаншық жастайынан желіккен, – деп жеңгесі тіпті жігерленіп кетті. – Жетектесіп шетел асты. Үндемедім. Бала таптырды. Тілімді тістеп бақтым. Өліп еді, басына зәулім мазар салдырды. Жымын сездірмедім. Оған осы елдің бәрі куә. Айтшы, ертең мен өлгенде қайда көмесің? Бүйтіп ел-жұртқа тірілей қарабет болғанша, сол қаздырған
көріңе өзім барып жатам. Өл де бар!
Етегіне жармасып бажылдаған абысын-ажындарын түйіп тастап, зиратқа қарай тұра жүгірсін…
Жаны қысылған Дәубас қасындағы ауданның дамолласына жалтақтаған. Ол қойнынан кітап суырып алып ұзақ-ұзақ парақтап:
– Шариғат қоспай тұр. Бір мәйітке бір жерден екі көр қазу күпірлік, – деп соңғы үмітті үзіп кетті.
Онда мына орыс моласына қойсақ қайтеді? – деген қолындағы күрегімен жан бағып жүрген жігіттердің бірі.
Өй, иттің ғана баласы! Мұсылманды қайтіп… Осы сендер дін бұзатын, – деп дамолла алып кеп ақилансын. – Ұр, ананы, аяма!
Басына темір сүймен тиген байғұс ұлып барып тынды.
Сендердің араларыңда өмір сүруге болғанмен өлуге болмайды екен, – деді Дәубас меңдуана жегендей сандалып. – Ужас!
Рас!
Дұрысы сол!
Тынышы – шетелге жетіп өлу!
Дәу көке, мен таптым. Ағамызды ауыл сыртындағы ең биік төбенің басына жерлейік. Жаңа қоныс, таза ауа. Ол жерге тіпті түйе де аунамайды, – десін ауыл әкімі жас жігіт жылтың қағып. – Оны ертең бәріміз «Жаубас қыраты» деп атаймыз. Мереке сайын оқушыларды басына апарып тәу еткіземіз. Музыка ойнатамыз.
Міне, табылған ақыл! Қой, бұ қазақты қой!..
Рахымжан Отарбаев