АЛТЫН

Ермек Аманшаевқа

Алыстан мұнартып көрініп, арса-арса сілемдерінің өзі жеткізбей сілеңді қатыратын Мұғалжар тауы ғой бұл жарықтық. Жазда жаңбыр еркелеп төбесінен төгіп өтетін, қыс түсе ұлпа қарды жамылып бұйығы ұйқыға бататын момақан алыпты уақыттың өзі мүжи-мүжи қажытқандай. Көрместі көре-көре кеміріліп, шау тартып, шаршап жатты. Ара-тұра күрсініп ап «Баяғы батыр сұлу «Қызданайдың қырғынындай» қызық қайда? Намысқа пісіп арпалысқан ерлер ат тұяғына от өргізіп көз көрмеске өтіп кетті. Сол дәуренді көрген соң ендігі шөп пен шөлкемді қайтейін? Бәлду-бәлду, бәрі өтірік…» дейтіндей. Десін-ақ!

Атағы мен шатағы қатар жарысып, талайдың құлағына қоңырау тақтырған сол Қызданайдың қырғыны өткен жазықтық та таусылмас тау сілемдерінен басталып, сағым суарған сары далаға жалғасады.

Мұғалжардың күнгей жақ беткейінде иықтасып бәкене үш үй отыр. Ауыз тобадан, қол жағадан кетпеген қазіргі пәруана кезеңде таудан өзге пана таппай қалған сынды. Шеткері үйден шағаладай жаулығын шарта байлап қара кемпір шықты. Сыры кетіп, сыны қалған жүзінде өшпей жеткен бір өрлік тұр. Жоқ іздегендей айналасына қарағыштап:

– Құтаяқ, кә, Құтаяқ! – деп салды.

Осы кезде жапсарлас көрші үйдің ауласынан да:

– Кутаяк, кә, Кутаяк! – деген еркек даусы естілді.

– Жетпегір, қой дейм! Жаңылыстырасың. – Сыры кетіп, сыны қалған қара кемпір ылғи да өзімен әзіл жарыстыратын шалдау қайнысын зілсіз жекіп тастады. – Құтыруын. Қыздай қосылған қосағын жалмады. Тамағы тоқ қой.

– Кутаяк!

Үй көлеңкесінде отырған ұзын бойлы, тебін мұрт бозбала әжесінің сөзіне мырс етіп күліп жіберді. Жаңылыстырасың дейді. Жалғыз иттің атында жаңылысатын не бар? Әжесінің қалжыңқұмар шалдау қайнысы кеше үйге кіріп шыққан.

– Оу, Көтібар көкемнің ұрпағы, қалаңда не жаңалық? – дейді әдетінше тық-тық жөтеліп. – Біз де аманбыз. Құдай қарасып тұр. Алжыған кемпір, қақбас шал, сосын әлгі іргедегі бүкір қатын, шүкір, шүкір, үш шаңырақты жықпай отырмыз.

– Бүкірді айтқанда шүкірің көбейіп кетті ғой, – дейді әжесі қолындағы зыр айналған ұршығының шуда жібін әуелете созып. Тырна мойын, тырли арық қайнысының мұны естігенде тық-тық жөтелі күшейіп барып тынды…

– Сенің әлгі оқудан қуылып, базарда тәшкі айдағаныңды әке-шешең біле ме өзі?

Әжесі әдетінше қолына ұршығын қыстырып кеп мұның жанына жайғасты.

– Мына ит қаңғыбас боп бітті. Құйып қойған жуындыңа мойын бұрмайды. Көзіме түссін осыдан…

– Айтқан жоқпын.

– Қағынды келгір өңшең!

Сыры кетіп, сыны қалған қара кемпір аузын ашса ақша дәмететін институт оқытушыларын да, қалаға кетіп күнелтісін тауып жүрген келін-баласын да қозы көш жерге апарып тастады.

– Олар мына Ақтөбеде. Менің оқуым Алматыда.

Тәшкіні «Көк базарда» айдадым. Қайдан білсін?

Жалғыз немересінің даусы жасып шықты.

Тық-тық жөтеліп әжесінің шалдау қайнысы да жетті.

– Таң алды түс көрдім. Алла-ау, құдды түс емес, өңім дерсің.

– Айт, жориық.

Тырна мойын, тырли арық қайнысы алакөзденіп әжесіне бір қарап алды.

– Түсті түнде жорытпа. Сосын әйелге, қайын жұртың мен жездеңе жорытпа деуші еді. – Әжесі мырс етіп астыңғы ернін біраз қайқайтып бақты. – Мына Көтекемнің ұрпағына айтқалы отырмын.

– Тыңдайын, аға…

– Құдды түс емес, өңім дерсің. Баяғы «Қызданайдың қырғыны» өткен тұс екен дейм. Сенің бай атаң, и, жарықтық, тап-таза әулие еді ғой, астында күрең тұлпары, бес қаруы бойында, дүбірлетіп жетті дейсің. Келе «Әй, Тамшыбай! – деп айқайды салды. – Бұл не жатыс? Қызданайды тартып әкететін түрі бар. Кір соғысқа! Тар қолтығымнан оқ тиді. Жарақат алғанымды білсе, түрікпендер бел алып кетеді. Жанжағымнан сүйеп шабыңдар!»

Қарасам, сол қолтықтан аққан қан бұрқырап, күреңнің жалын жуып тұр. Бала күнде көре қалдық, жарықтық өзі де қаумет сақал, қайратты, көзінен ұшқан отқа пілте тұтанғандай жанып тұратын. Өткірлігі сондай. Көтекемнен қалған десетін ел.

– Содан?

– Көйлек-дамбалшаң ойбайлап шауып әлгі жаман қойторымды іздейін. Иттің малы қапелімде таптыра ма?

– Сені қара көріп жүрген… Бай атам да… Ойбай, тоба, тоба, не деп кеттім?! Қағынды келгір, қарап отырмай аруаққа тіл тигізе жаздағанын қарашы.

Ұзын бойлы, тебін мұрт бозбаланың көзі маздап бара жатты.

– Сосын, аға?

– Қарасам, тау етегіндегі жазықтықта қанды қырғын жүріп жатыр. Көтерілген ұран, күннің көзін, жердің жүзін жапқан ала шаң… Азынаған ат, андағайлаған дауыс… Шошып ояндым.

Сыры кетіп, сыны қалған қара кемпір қолындағы зыр айналған ұршығының шуда жібін әуелете созып отыра берді.

– Сөйткен, аспанға қараса аузына құс ілінген бай атам да сексен жасында кәмпескеленіп, Итжеккенге айдалды. Одан – соғысқа аттанып, Сталинград түбінде хабарсыз кеткен Үдербай көкең. Одан – қартайғанда әупіріммен қатын алып, сені зорға таптырған әкең Жеткерген. Демек, Жеткергеннен сен тудың. Ылғи жалғыздан қалған жалғыз. Құданың құдіреті дерсің.

Сындырмалап санап отырған бес саусақтың кішкене балаң үйрегі бүгусіз қалды.

– Үдербайдың ызғындай он апасын қайда қоясың?

– Шежіреге кірмес қызды қойшы сол. Сайда саны, құмда ізі қалған жоқ.

Соғыста хабарсыз кетті дейтін Үдербай көкесінің аты аталғанда әжесінің өңіне қызыл рең теуіп, ұршығы тіпті зыр қағып кетеді.

Қалжыңқұмар қайнысы да қарап қалмайды:

– Хабарсыз кетті дегендердің көбін байды соғысқа берген немістің күйітті қатындары иемденіп алыпты деседі. Аман болса жүрген шығар прау-прау, құрауқұрау деп.

– Бақберген айтып келді ғой «Жауған бомбаның астында қалдық. Қайтып Үдербайды көрмедім» деп…

Мұның көкесін әжесі бомбаға қиса да немістің күйітті қатындарына қиғысы жоқ.

Қайнысы жеңгесін шымшып сөйлеткеніне мәз.

– Өлді деген баяғы Құспан барып-барып Америкадан шықпады ма? Ал не дейсің?

– Мейлі, алса алсын. Сол неміс тоқалдың сап-сары мұрнын іститіп көзіме көрсетпейді-ау бір.

– Ал көрдің?

– Енесін ұрып, езуін тіліп жұмысқа салатын.

– Ай, айналайын жеңеше-ай, – деп қайнысының осы тұста көз жиегі қызарып, даусы құмығып үйіне беттейді. – Сүйегің асыл ғой сенің…

– Әже, – деді Алмат оңаша қалған сәтті бағып. – Бай атам Итжеккенге айдаларда ат басындай алтын жасырған деседі. Рас па?

Сыры кетіп, сыны қалған қара кемпір қапелімде абдырап, шуда жібін үзіп алды.

– Жәй аңыз да.. Тайлақтың жүні еді… Қағынды келгір…

– Әже, жасырып қайтесіз? Алматыдағы сыған қызға дейін атамның алтынын біліп тұр.

– Не дейд?!

– Иә, бал аштырғам…

– Бай атамды түстеп тани ма екен? Алмат жарқ етіп күліп жіберді.

– Қайдан танысын?! Сыған қыз алақаныма ұзақ үңілді де, бүй деді: «Атаң асқан бай бопты. Алыс сапардың алдында алтынын көміп кетіпті. Іздесең – табасың…»

– Апырым-ай, ә?

– Соны естіген соң айдап жүрген тәшкімді лақтырып кеттім. Жасырған жерін айт! Іздеймін, әже.

– Әжең шамасын біледі деген ғой?

– Иә.

– Қағынды келгір өңшең!

Қызылды-жасылды көйлегі тобық қаққан сыған сұлуы белі майысып тұрып «Алмат, сенің әжең барлық құпияға қанық» деген жоқ, әрине. Бірақ алтынды таба қалса, төніп келер қауіп-қатердің аз емесін жасырмаған.

– Ертеректе қолына күрек-сүйменін алып әкең де біраз қопаңдаған… Қой дедім. Көлеңкесін көріп ерсініп жүрген немеге… шалабыңды босқа шайқама дедім.

Әжесінің өңіне кәнігі қызыл рең тепті. Қатты қобалжығандағы әдеті.

– Атамнан қалған алтын екені рас болса, ендігі иесі – мен. Мына мен!

Пейіште нұры шалқығыр бай атасы ақ-қызыл боп жағаласқан қашты-қудыны ерте сезіп, ат басындай алтынын осы Мұғалжардың сілеміне көмген деседі. Орнын он қыздың ортасындағы жалғыз тұяғы Үдербайға меңзеп қана көрсетіпті.

Нәті жуас еді жарының. Майданға аттанар күні таңғы тілек үстінде өз-өзінен жасып: «Ішіңдегі шарана ұл болса, атын Жеткерген қоярсың. Несібесі тау етегінде өскен жалғыз түп қарағайдың түбінде. Аузыңа сақ бол! Бай тұқымы деген қаңқудан қашсақ құтылар болмадық қой», – деген. Оралмасын білген де…

Шүкір, жалғыз қарғасын тістелей-тістелей ел шетіне жеткізді. Сол жалғыз киіктің матауындай өріп жүрген көп қыздың біріне бұғалық салмай… Бұлғақтап жүріп алған.

Жеті мүшеме деп жеті қатын алған бай атамның басқан ізінен садаға кеткірлеп жүріп үйлендірген.

Онысы келе-келе атамның алтынын алам деп білек сыбансын. Ыңғай бермеді. Аяды дейсің бе? Кешегі Кеңес кезінде інге тыққан дәулетім бар деп таудың тасын үгіп, топырағын бұрқылдатып жатқанды кім көрген?.. Қызыл жағалылар алдарына салып ысқыртып айдап кетсін дейді ғой. Сосын алтыны бар жерге жын-шайтан, пері әуес деуші еді бұрынғылар. Ордалы жылан қорғап, қоршап жатады десетін көнекөздер. Осының бәрін сезіп-біліп отырып Үдербайдың жалғыз қарғасын жар басына қалай жұмсасын?..

Енді кеп әлгі қағынды келгір сыған қыздың жайына жүрмей, немересінің табанын қыздырып қойғанын қарашы.

– Құлыным, бай болып көргеніміз жоқ, кедей боп өлгеніміз жоқ, сол алтыны түскірді… – деп еді, жанындағы ұзын бойлы, тебін мұрт бозбаланың көзі маздап бара жатты. Қалжыңбас қайнысы айтатын бай атасының жанарындағы ұшқан отқа пілте тұтатқандай жалынды анық көрді.

– Қой, болмас, – деді сосын сыры кетіп, сыны қалған қара кемпір өзінің де өрлігі ұстап, – атасының байлығын ботасынан қызғанғаным не? Жат біреудің ырысына қол сұғып, ұрлап-жырлап жатқан жоқ. Алса – тұқымға тиесілі қазына. Тапса – тапты. Таппаса… Бір өкініш іштерінде кетпесін. Тығып төркініме берген жерім жоқ қой. Тәуекел!..

Алмат ерте салқынмен қолына күрек-сүйменін алып, тау бөктерлеп біткен жалғыз түп қарағайға келді. Ол да қартайыпты. Бұтақтары аша-аша боп қурап, екі адамның құшағы еркін жетпес діңі батыс бетке жамбастай бастапты. Ұшар басынан бір ақтиін жылт етіп құйрығымен алдап жоғалды. Мамырдың майда самалы желпігенімен кәрі ағаштан жас жапырақ туар емес. Тұттай жалаңаш. Кірш еткізіп күректі салып еді, жүзі дың етіп қураған тамырға тиді.

– Ат басындай алтын, – деп күбірледі жүрегі атқақтап. – Қолыма түссе… Алматының шалқайма төрінен пәтер сатып алып… Әжемнің екі қолын бірдей жылы суға малып… Аузын ашса ақша дәмететін әлгі кісәпір оқытушыларын да… «Әкел, – дейді ғой дипломды қолын созып, – әкел!..» Әке-шешесіне де Ақтөбеден оңды үй еншілетіп… Сосын осы Мұғалжар тауының етегіне махаббаттың шоғына пісіп шейіт кеткен Төремұрат пен батыр сұлу Қызданайды құшақтастырып зәулім ескерткіш соқтырар. Аспанға шапшыған күрең тұлпарына бай атасын қолтықтап қайтадан мінгізер. Бес қаруын жарқыратып бойына ілер. Тәу ете келгендерге жалды Құрманғазының «Төремұрат» күйін тыңдатар. Тыңдағандардың өкініштен өзегі өртенер… Әне! Ат басындай алтынның қуаты!

Түс ауа кәрі ағашты айнала қазып алқынып отырғанында тық-тық жөтеліп Тамшыбай да көрінді.

– Көтекемнің ұрпағы, күш көп болсын! – дейді сығырая қарап. Қудың бір көзі қысыңқы деуші еді. – Жалғыз қарағайдың не жазығы бар?

– Тамыры қажет. Емдік қасиеті бар.

– Жеңешем белінің құяңына жағайын деген ғой. Жөн, жөн, – дейді телпегі мыжырайып. Сенбей тұрғаны анық. – Әлгі жаман қойторымды іздеп шығып ем. Иттің малы қапелімде таптыра ма?..

Жүгенін сылдырлатып кетіп бара жатып қайтақайта бас шайқайды.

Ертеңіне қазылған ор белуарға жеткенде қолтығында қабы бар бүкір қатын да ентелеп басып келді.

– И, зекетің кетейін-ай, қаладағы оқуың жер қазатындікі екен ғой. Шамасы, пірәктикаға жіберген-ау, – дейді екі бүктетіліп. Сұрғылт көзі шыныдай сұп-суық екен.

– Жо-жоқ, апа, дәрі жасаймын ба деп…

– Маған да тамызып берерсің. Тезек тере шығып ем. Шаяқ келгір, өңшең арты бітеу ме, бір оңды жапа жолықсайшы…

Күн екіндіні еншілегенде барып күрек ұшы бір жұмсақ затқа былқ етіп тиді. Жүрелей қалып, қос қолымен жалма-жан бос топырақты аршыған. Құрым киіз ілікті. Ілкідегі өңі ақшулан шығар. Сызды жерде жата-жата қарақошқыл тартыпты. Алматтың жүрегі алып-ұшып аузына тығылған. Жанын беймәлім бір күш келіге сап түйгендей тынысы тарылып, булыққан. Ақыры қолы қалтырап, әжептәуір қомақты орауды ордан алып шықты. Жан-жағына ұрлана қараған, аулақта ұшып бара жатқан қара қарғадан басқа тіршілік иесі көрінбеді. «И, мынау ақтиін ғой, қашып жоламай қойған. Құйрығымен алдап жанына жетіп келгенін қарашы. Тішт! Аулақ! Сенің атаңнан қалған қазына емес».

Құрым киіздің орауын еппен жазған. Парағы сартап боп сарғайып кеткен Құран шықты. Сырты о баста терімен көмкеріліпті. Ыза теуіп, тозып, ойдымойдым боп тесілген. Жанына тастай беріп, орауға қайта жармасты. Құдай-ау, зілдей болған мынау сом алтын ғой. Қаздың жұмыртқасындай ғып дөңгелете құйған. Екіндінің бояқ сәулесіне шағылысып, жарық дүниеге шықтым ба дегендей жарқ етсін. Жаймен айналдырып қараған, бүйіріне ойып таңба салыпты. Тізіліп төрт бірдей тоғыз саны тұр. Ат басындай деп аңыз ғып… Бар-жоғы осы ма? Десе де, нағыз тазасы екен!

Кенет аш өзектен шыққан құп-құрғақ ысқырық естілсін. Жалт қараған. Қорс етіп қазылған орда ала шұбар басын қайқаңдатып абжылан тұр. Мөлттей қара көзі тесірейіп өңменіңнен өткендей. Екі айыр тілі сумаң қағады.

– Әй, Алмат! – деді абжылан. – Таста алтынды!

Жетпіс жыл бойы көз ілмей бақтым. Менікі!

Бойын тез жиып алды. Тізесі дірілдегенімен орнынан шалт көтерілді. Көзбен арбасты.

– Бай атамдікі! – деді сосын даусын ащытып. – Бақсаң қайтем?

Алтынды ала сала еңіске ұмтылған. Соңынан жанын жеген ысқырық қоса шықты.

Төрт таңбасы тізілген қаздың жұмыртқасы күн сәулесіне тағы бір көз қарықтыра шағылысып еді, бесалты үр қызы кернейлетіп-сырнайлатып кеп мұны қаумалай кетсін. Сықылық атып қолына жармасады:

– Құраннан қорқып жолай алмай қойғанбыз. Сенің жолыңды тосып сарғайдық қой әбден! Байлығыңды бер бізге, сұлу жігіт. Кетейік қол ұстасып. Салайық сайранды…

«Жын-шайтанның қыздары, – деп ойлады Алмат әлгілермен арпалысып жатып. – Көркін-ай, шіркін! Буынын алған күлкісі ше? Алматының апортпен ауызданған қыздары бұлардың жанында садаға кетсін!»

Осы кезде «Көк базарда» мұның алақанына ұзақ үңілетін сыған қыз көзді ашып-жұмғанша пайда болды. Қызылды-жасылды көйлегі тобық қағып, белі майысып келді де, бес-алты сұлумен шаштасты. Қолына ілінгенін сүйреп, сабап, өкпесіне тепті. Алқынып жүріп:

– Алматик, бөліс! Жартысы менікі! Маған бай бол!

Сонда бүтін алам, – дейд.

Дәмесін қара. Мықты екенсің, бауырымен жорғалап жер-жаһанды қуырып жетіп қалған мына абжыланды жең! Сосын көрерміз.

Жан дәрмен қалпы баяғы «Қызданайдың қырғыны» өтетін жазықтыққа шығып кеткен екен. Кенет күн күркіреп, Мұғалжар тауы теңселіп кетті. Жамырай шапқан тұяқ дүбірі естілді. Азынаған ат, андағайлаған дауыс…

Мынау Төремұрат қой. Түрікпендерден ғашығын алып қашқан қайран ер ақбозын көсілте шауып, қылышын оңды-солды сермейді. Жалғыз өзі айқасып жүр. Батыр сұлу Қызданай қайда? Қазақтың қалың қолы қайтіп кешіккен? Тар қолтығынан оқ тиетін бай атасы неге жоқ?

Алматтың есін елес билеп, оң көзі шарасынан шыға ақиып, аузынан бүршік-бүршік ақ көбік көрінді.

– Бір түйірін де татырмаспын! – деді айқайлап, алтынды бауырына басқан қалпы. – Ешқайсысыңа да! Өңмеңдеген мынаусы кім тағы? Ей, тырна мойын,

тырли арық Тамшыбай неғып жүр мында?

– Түп тамырымыз бір. Жамылған көрпеміз ортақ. Алтын жайлы аңызды естігенмен тап баса алмай діңкелегем. Әкел, давай! – дейді жаман қойторысымен оң жағын орағыта шауып.

– Шетінен бір сындырып бер, мырза бала. Дертіме шипа етейін. Көрші қақы бар, – деп бүкір қатын сұрғылт көзі шыныдай сұп-суық боп енді сол бүйірден тап-тап берсін. Арқасындағы қабын терген тезегімен қоса лақтырып кетіпті.

Есі кіресілі-шығасылы қалпы жазықтықты қақ жарып қашқан. Соңынан үдере қуған абжылан мен сиқырлы сұлулар, сыған қыз бен Тамшыбай, бүкір қатын бажылдасып, бірінің бірі жағасын жыртам, жағын айырам деп жүріп мұны қапелімде ұстай алмай зар.

Алдынан ғайыптың ақ нұры көтерілген. Жібек перде желпіп өткенде ішінен бай атасы көрінді. Қаумет сақал, қайратты қалпы. Тек әлденеге әбіржіген сыңайлы. Жүргені не ұшқаны білінбей, сырғып кеп мұның алдын кес-кестеді.

– Ботам, көзіңді аш! Бұл әдірем қалғыр жылтырақ темір маған да опа таптырмаған. Ақыры түбіме жеткен. Құтыл тез! Бер ана мүсәпірлерге!

Оң көзі шарасынан шыға ақиып, аузынан бүршікбүршік ақ көбік көрінген Алматтың ата танитын халі жоқ еді. Перінің ең үлкен дуакеш ақсақалы осы екен деп ойлады.

– Аһ, енді сен келдің бе? Қыз-қатының жабылып ала алмап еді. Алдап тұрсың, әзәзіл, ә? Көрсетейін тозақты!

– Атаңмын ғой мен!

– Жоғал! Менде ата жоқ! Ешкім де жоқ!

– Жарық дүниеде алтыннан да қымбат нәрселер бар ғой…

– Ал айт!

– Ар, намыс, иман, қанағат… Соның қадіріне сендер жетіңдер-дағы…

– Оттапсың!

Қапелімде тұра ұмтылып, қаумет сақалына жармасты. Жұлқып тартып, жерге домалата жықты. Алқымын сығып, кеудесіне көсіліп мінді.

– Есің жи, ботам!

Алматтың уысынан босаған қаумет сақалы желмен баяу желбіреп, жанарына үрей шүпілдеп толып, үстінде әзірейілдей төніп отырған бұған жаутаңдап қарай берген. Тағы бірдеңе айтпақ еді, үлгермеді. Сол тапжылтпаған қалпы қақ маңдайдан қаздың жұмыртқасындай алтынмен құлаштап періп кеп жібергені.

– Мә, саған!

Жарық дүниенің құлағын тескен шырқыраған дауыс жазықтықты жайпап өтіп, тау асып жоғалды.

– Енді сен өлтірдің ғой, ботам!

…Алыстан мұнартып көрініп, арса-арса сілемдерінің өзі жеткізбей сілеңді қатыратын Мұғалжар тауы ғой бұл жарықтық! Жазда жаңбыр еркелеп төбесінен төгіп өтетін, қыс түсе ұлпа қарды жамылып бұйығы ұйқыға бататын момақан алыпты уақыттың өзі мүжимүжи қажытқандай. Көрместі көре-көре кеміріліп, шау тартып, шаршап жатты.

Рахымжан Отарбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *