ШАШТАРАЗ
Шашын қидыру керек дегенді естісе болды, Гутуцэні қолға түсіру қиын. Қараңғы түсіп, қас қарайғанша үй көрмейді. Ал бірде түнде шаш қиямын деп біреудің құлағын кесіп алып аузы күйген шаштараз осы күні іңір түскесін патшаның өзі келсе де қолына қайшы алмайды.
Куні бойы шаруадан қолы тимеген ауыл адамдарының бірі кешкісін шаштараздың есігін қаға қалса:
— Мен бұл жердің адамы емеспін ғой, қайырымды жандар,— деп терезеден айқайлайтын ол.— Құлақсыз жүргілерің келіп, мазамды ала берсеңдер, қалаға кетіп қаламын.
Шаштараздың өзі айына бір рет үстіндегі халатын шешіп, аудан орталығына шашын қидыруға барады. Түс әлетінде кайтып оралады да, айнаның алдында отырып алып, аудан орталығындағылар шашын қалай қиғанын көреді. Осыдан кейін ауылдағы адамдардың бәрінің басы шаштараздың басынан аумай қалатын әдеті.
Ал Гугуцэнің басы шаштараздың басына да ұқсамайды. Себебі шаштараз оның шашын түп-түгел сыпырып тастайды да, басынан шертіп көріп, қарбыз әлі піспеген екен деп үйіне қоя береді.
Сол кезде дәл Гугуцэдей ызаланған адамды бүкіл жер бетінен іздеп табу қиын. Оның үстіне жолшыбай кездескен адамның бәрі «қарбыз, қарбыз» деп оның шекесінен түртіп қоймайды, сол кезде Гугуцэнің өзі шынымен-ақ басым қарбыз болып кетіп, үйге жеткенше сиыр жеп қоймаса игі еді деп ойлайды. Сондықтан осы жолы да ол шашын алдыратынын естігенде, терезе алдындағы биік ағаштың басына шығып алды.
Анасы ағашты айналып әрі жүрді, бері жүрді, жұдырығын түйді, сосын басқыш алып келем деді, — бәрібір Гугуцэ қыңқ етпеді. Сол жерде құс болып кеткен екенмін деп жарты күн қозғалмастан отырды. Бірақ жерге түскенде, бұрынғысынша адам екенін білді. Ал шашы тіпті өсіп кеткен екен, мұны көрген анасы әбден ашуланды.
— Мен саған шаштаразды шетелден әкелуім керек пе?
— Апа, ашуланбашы, шашымды көрсетпеу үшін қалпағымды киіп алайын,— деп, Гугуцэ қалпағын киді. Бірақ түскі ас кезінде қалпағын шешсе, шашы бұрынғыдан да өсіп қалған екен. Қырсық дегенің осы! Сенбі күні анасы пирог пісіріп, оны шаштаразға беріп жіберді, Гугуцэ пирогты шаштараздың есігінің алдына тастады да, өзі шашын қидырмастан үйге қайтып келді. Шаштараз пирогты жеп отырып, пайда түсуден қалды, адамдар шаш қидыруға келмейді деп қынжылды. Шынында да ауыл адамының бәрі жұмыста, шаш туралы ойлауға мұршалары жоқ.
Сөйтіп жүргенде шаштараздың әйелі бір әдіс ойлап тапты. Ол ауыл адамдарының тізімін жасап, кімнің қай күні шаш қидырғанын белгіледі. Шашы өсті-ау деген шамада ол адам келмесе, үйіне барып, қақпасын кағады.
Үй иесі сонда ғана шашын есіне алып, қалпағын шешіп қа-рағанда әйелдің айтып түрғанының растығына көзі жетеді:
— Міне, ғажап! Тіпті қалпақтың астында өсіп жатқанын да көріп қойыпсыз, мүмкін, сіздің бинокліңіз бар шығар?
— Неге болмасын, — деп күлімдейді шаштараздың әйелі. Тек бір адам ғана әлгі тізімге іліккісі келмеді. Ол кісі шашы демалып тұру үшін қалпағының тебесін тесіп алды да, өз ісімен айналыса берді. Шаштараздың әйелі оны «түтін шығатын адам» деп күлкі етті.
— Менің шашым осы қалпында-ақ сенің күйеуіңнің қиға-нынан жақсырақ, — деп жауап берді оған шаруа.
Тізім жасалғаннан бастап іс оңға басты. Шаштараздың аудан орталығына барып шаш қидыруға да мұршасы болмады. Өзінің шашының өскендігі сондай, тіпті құлағы көрінбей қалды.
Бір күні Гугуцэ шаштаразға тағы да пирог алып келіп, үндеместен үйіне қарай аяңдай беріп еді.
Есігінде кішкене саңылау бар шаштараз пирогтың иісін бірден сезді де, оны кімнің әкелгенін біле қойды. Қуанып кеткен ол терезесін ашып жіберіп, шашыңды қимаймын, қорықпа деп, Гугуцэні қасына шақырды.
Бала қайтып келді.
— Үйге кіруіңді өтінем, Гугуцэ, — деп, шаштараз пирогты жеп жүріп есік ашты. — елгенің жақсы болды. Бүгін менің шашымды қиып бермесең болмас. Тек желке тұсын… Өзің маған қарашы, нағыз аю секілдімін. Жұрттың қиғызған шашының бәрі менің басыма шығып алған ғой деймін.
— Қиюды ұмытып қалмасам, қиып көрейін, шаштараз аға,— деп батылдана сөйледі Гугуцэ.
Оның көптен бері күткені де осы еді. Сол бойда үстіне ақ халат киіп алып, машинканы шаштараздың желкесіне былай да былай сүңгітті-ай келіп!
Денесі топ-толық шаштараз бірте-бірте кішірейіп бара жатқандай.
— Шымши ма?
— Иә… Кішкене демалуға рұқсат етші, — деп қара тер болған шаштараз қып-қызыл желкесін сипады. — Құлағымды байқа!
Гугуцэ тағы да машинканы ойнақтатты.
— Әлі көп пе? — деп сұрады шаштараз.
— Аз қалды, — деп терін сүртті Гугуцэ.
Шаштараз бір кезде басын сипап көріп еді…
— Әй басымды не жасап қойдың сен! — деп орнынан атып тұрды.
Гугуцэ машинканы лақтырып тастап, терезеден карғи жөнелді.
Шаштараз бір қолымен басын ұстап, екінші қолымен шаш қиғанда балаларды отырғызатын орындығын алып, Гугуцэнің соңынан жіберді.
Сол күні шашынан айрылған шаштараз көшеге бас киіммен шықты. Ал күн әуе айналып жерге тускендей ыстық болатын. Кісілер шаштаразға қыста тиген салқын әлі шықпай жүр-ау деп ойлап, оның ден саулығын сұрап жатты.
Қас қылғандай дәл осы кезде коңырау соғылды да, ауыл ортасындағы мектептен балалар жүгіріп шықты. Бәрі жан-жақтан келіп шаштаразға сәлем беріп жатыр. Ол біресе оңға, біресе солға бұрылды. Бірақ бәрімен қалай амандасуға болады? Ол басындағы бөркін ала беріп, сол бойда қайтадан кие қойды. Бәрібір ол кешігіп қалған еді: балалар ауыздарын ашып қалыпты. Олар үйлеріне жеткенше мектепте не оқыған-дарын да ұмытып қалды. Білгендері бір-ақ нәрсе: біреу шаштараздың шашын сыпырып алыпты! Балалар шаштараздың бұларға жасағанын өзінің алдына келтірген бір адамның табылып, олардың қайғысын бөліскеніне қатты қуанды.
Гугуцэнің ауылдастары шаштараздың шашы сыпырылғанын, оны көрсетпейін деп бөрік киіп жүргенін естігенде: «Е-е, бұның шашын аудан орталығында осылай қиған болар, енді бұрынғы әдеті бойынша біздің де басымызды тақырлайды екен», — деп ойлады. Сол күннен бастап шаштараздың үйіне адам жоламайтын болды.
Біреулер шашын көрші ауылдарға барып қиғызып келіп жүрді. Қалпағын тесіп, шашын қиғызбаған кісі жаңа машинка сатьш алғанша, ауыл адамдары шаштараз көрмей жүре берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *